Өлеңдер ✍️

  01.06.2023
  61


Автор: Серікбай Оспанов

Көңілдегі күйретіп күдіктерді...

Көңілдегі күйретіп күдіктерді,


Көктем биыл өлкеме күліп келді.


Бетіндегі меңіндей сұлу қыздың


Бүршіктері ағаштың үміт берді.


 


Қыр да, тау да болыпты жасыл етек,


Тіршіліктің тұр күйі нәшіне кеп.


Асылады таң алды алаулы күн


Алатаудың ақ шаңқан басын өртеп.


 


Мейірімді аспаннан нұр тамады,


Тастарға да оң беріп гүл қамады.


Асып-тасып үндесіп сезіміммен,


Өзен суы бурадай бұрқанады.


 


Жадыраса көркейіп қыр қуанып,


Сенім, қуат жерімнен тұрдым алып.


Талдың ұстап белінен жағадағы


Би билейді ақ бұлақ мың бұралып.


 


Қайда барсаң әсем саз ән қамалып,


Көз нұрыңды жап-жасыл тартады алап,


Толғайдай кеп қалған ертегіден,


Қырды сағым барады арқалап ап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу