Өлеңдер ✍️

  28.05.2023
  118


Автор: Серікбай Оспанов

Қара тасты жағаны

Қара тасты жағаны


Қара теңіз ұрады.


Қара шашты бұлағы


Қара тасқа қамалып,


Қарап маған жылады...


 


Қара тасты тұр аңғар,


Қара тасты дуалдар...


Қадап көзін өтеді


Қара қасты туғандар.


 


Қара тасты тыңдамас,


Өрмелейді қырға ағаш.


Кипаристер бұп-бұйра,


Қарағайлар – бұйрабас.


 


Қараған күн қоймайды,


Қарайтуға тоймайды.


Қара көзде жылтылдап,


Қара тасты алтындап,


Қара шашта ойнайды,


Қара таста ойнайды.


 


Таудын, басын жолақтап,


Алты ай жаздай тойлайды.


Жалтыр жарға қонақтап,


Балтырларда ойнайды.


 


Қара теңіз шалқиды,


Қара жолдар балқиды.


Қара бұлтқа оранып,


Қара құздар қалқиды.


 


Қызыл, сары...


Әр қилы


Гүлдер жұпар аңқиды.


Қара бура – қара жел


Қара суды тарпиды.


 


Күні-түні аунайды,


Жанды неге баурайды?


Қара теңіз алыстан


Қара көзден аумайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу