Өлеңдер ✍️

  24.05.2023
  62


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Қазақты мойындасын

(Олимпиадаға қатысушыларға...)
Ерлерім, тақым қысып ел сеңгенім,
Тағы да көтерілсін еңсем менің.
Бөрілі байрағыңды көкке көтер,
Көрмейік,
Шарасыздан теңселгенін.
Жүрсе екен білекте күш, ойыңда сын,
Өзге ел екпініңнен уайымдасын.
Қазақтың қандай халық екендігін,
Тік тұрып төрткіл дүние мойындасын.
Көкейге көрінгенмен тұнық бәрі,
Намысым, ұятым үшін шынық кәні.
Халқыңнын атын шығар әуелетіп,
Бекзаттардың асыл ердің сынықтары.
Сен жеңсең, семген тамыр тіріледі,
Алға ұмтыл! Қалдыр қалыс, бірін елі.
Қаңтардың қары ойнасын қанжығаңда,
Жақсылық, Жазираның інілері.
Болмасын күшім қалыс, әнім жаттан,
Тік назар түссін елге Тәңір жақтан.
Қырғидай Қансонардан қызыл көрсе,
Қайнайтын қанымда бар, әлімсақтан!
Текті елдің тең келмейтін тұсын көрсет!
Ұл-қыздың бірлігі бір, ісін көрсет!
Даурыққан «допинг» деп көкелерге,
Қымыздың қыздыратын күшін көрсет!
Жат көзден жасырынба,.қорғанып тұр.
«Сендер» деп, ел үмітін қолға алып тұр.
Көк байрақ көк бұлтты кеп сүйер-ау деп,
Аспаны Алматының толғанып тұр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу