Әңгімелер ✍️
Табақ бет, таңқы танау
Жиырма алты жасқа толған күні таңертең дел-сал күйде шаршап ояндым. Оянсам, үй ішіне мол жарық тарап, ауа сәл салқын тартыпты. Маңдай алдымда тұрған қабырға сағат төрт жарымды көрсетіп қатып қалған. Басым сынып кетердей мең-зең, таң атқанша шым-шытырық түс көрдім, енді бірі де есімде жоқ. Бетімді уқалап, мойнымды айналдырып, керіліп, бойымды жинауға тырыстым.
Бұрылып әйеліме қарасам, өңі сарғайған секілді, маңдайына білінер-білінбес таяз сызық түсіпті, көзінің асты аздап ісінген. Кеше ғана таңдап сүйген сұлу да балғын қыз еді ғой, әттең-ау…
Кешігіп қалмайын деп асығыс жуынып-шайындым да жұмысқа тарттым. Көшеге шықсам, дала әжептәуір жарқырапты, күн көкжиектен толық көрініп тұр. Дегенмен сәл бұлыңғырлық бар секілді. Сағатыма қарадым, таңғы төрт жарымды көрсетіп тұр. Телфоныма қарадым, ол да солай. Бұл сәйкестікке таңдана бастадым. Сағатпен бірге уақыт та тоқтап қалғандай, үп еткен жел жоқ, тіпті ешнәрсе қозғалмайтын секілді…
Аялдамада бойы ортадан төмен, ықшам денелі, мектеп оқушысының киімін киіп, кішкентай сөмке асынған, көзінің асты мен екі езуі сәл дүрдиіп, салбыраған, таңқы танау, табақ бет сары шал тұрды. Өңі таныс секілді көрініп, екінші жағынан кәрі адамның жас балаша киінгеніне таңданып еріксіз назарым түсе берді. Қарай бергеніме ыңғайсызданды ма, жымиып күлді. Таныс кісі болмасын деп: «Ассалаумағалейкум!» деп тартына сәлем бердім. Шал тағы да күліп қойды да, сәлем алғанның орнына етігінің ұшымен қар теуіп тұқыжыңдап қалды.
Бір кезде аялдамада ұзын бойлы, ірі денелі, өңі мына шалдан аумайтын екінші бір шал пайда болды. Кейіп-кеспірлері бірінен-бірі аумайтыны сонша, бір қалыппен құйылған ұқсас екі басты екі түрлі денеге қондыра салған секілді. Екеуінің тұрысына қарап «ағайынды шалдар-ау» деген ойым бұлыңғыр тарта берді. Бірін-бірі танымайтын адамдай, тым бейсауат қалып танытады.
Өстіп таңданып тұрғанымда аяз қарыған ақ қарды сықырлатып, мен күткен автобус та келіп жетті. Жылдамдатып ішке кіріп келдім де, есіктен ары ұзай алмай тұрып қалдым. Қарсы алдымда таңқы танау, табақ бет сары шал тұр. Үстінде — кондуктордың ақ көйлек, қызыл галстугы. Таңданып сыртқа қарадым, екі шал басқа көлікті күтіп тұрса керек, орындарынан қозғалмапты. Тұрған орнымда не кері кетерімді, не алға жүрерімді білмей, аңтарылдым да қалдым.
«Ортаға қарай өтіңіз, ортаға қарай», — деп жаңағы кондуктор шал автобустың орта тұсын нұсқады. Автобус қозғалып та кетті. Енді айналама қарап, бос орын іздей бастаған едім, бұл жолы талып түсуге аз ғана қалдым. Бір аяғым бүгіліп кетсе керек, кондуктор шал ұстай алды.
«Орын беріңдер, орын! Ауырып тұрмын деп айтпайсыз ба?» — деп қолтықтап ала жөнелді. Айналама алақ-жұлақ қарап, есім шығып, дәрменім құрып бара жатыр. Автобус толы таңқы танау, табақ бет шалдар мен тура сол бет-пішіндегі кемпірлер. Өңіне қарап бірінен-бірін ажырату мүмкін емес. Киген киімдері ғана әртүрлі, бірі жас жігіттердей, бірі кәрілерше, бірі балаша киінген…
Біреуі тұрып маған орын босатты, кондуктор қолтықтап келіп отырғызды. Отыруын отырсам да, екі көзім алақтап, айналама қарай бердім, өзгеше бет пішін іздеп әуреге түстім. Жүрегім атқақтап, қорқыныш тұла бойымды кернеп барады. Иен аралда жалғыз қалған, әлде адам жегіш жыртқыштардың ортасына жалғыз түскен жан мендей күй кешер… Сәлден соң ғана бұлардың тым жайбарақат бейнелері аз да болсын сабама түсіргендей болды.
Ішкі арпалысымды жасырып, автобус толы адамдарға барлай қарадым. Бірі құнысқан, бірі қақпақтай, бірі сүйір, нәзік жауырындарға үміттене ұзақ қараймын, бірақ жалт етіп бұрылса болды, жүрегім зу ете қалады. Ақыры мұндағы адамдардың бірде-бірінің өзгеше бет-бейнесі жоқ екенін түсіндім. Бір кезде көлік қатты бір толқып кетіп, іркіліп қайта қозғалды. Сол сәтте-ақ көлік толы адам саңқ етіп бірдей дауыспен айғай салды:
— Байқап жүрмейсің бе! Мал әкетіп барасың ба, не мынау?!
Селк ете қалдым. Бірдей тембр, бірдей екпінмен бәрі мұрнынан сөйлейді, бірақ ащы естіледі. Көлік толы адам саңқылдап шуласа жөнелгенде, екі тізем дірілдеп, ақырын тұрып, есікке беттедім. Сыр бермей, шулап барып басылған адамдарға мән бермеуге тырысып, көше жаққа көз салып тұрмын. Көшенің әр тұсында күнде көріп жүрген депутаттар мен әртістердің фотолары ілінген үлкен-үлкен плакаттар болушы еді, соған көзім түсті. Бәрінде бірдей таңқы танау, табақ бет сары шалдың суреті ілініп тұр. Тек әр плакаттағы есімдер мен безендірілуі әртүрлі. Жалма-жан автобус есігінде жабыстырылған қалтаға түскіш ұрылардың фотосына қарадым. Барлығы 16 адам, бірақ бір бейне. Жалғыз адамның суретін он алтыға көбейтіп жабыстыра салғандай. Бас жағына үлкен қара әріптермен «Абайлаңыз, ұрылар!» — деп жазылған.
Келесі аялдамадан асығып түсіп кеттім. Жүрегімнің тұсын қолыммен басып, таза ауа жұтып сәл кідірдім де, әлі де алыстау жұмыс орныма қарай жітірмелете адымдадым. Ойымда — әріптестерім. Жұмыс орным бір шағын білім беретін бюджеттік мекеме болатын. Аяғымның ұшына ғана қарап, алқынып әрең жеттім де, сыртқы үлкен есіктен ішке кірдім.
Күнде көріп жүрген күзетшілерім жоқ. Күзеттік форма киген таңқы танау, табақ бет сары шалдар үсті-басымды түк қоймай тексеріп әрең кіргізді. Тез-тез басып, бесінші қабатқа көтерілдім. Кабинетке кіріп келсем, бүкіл әріптестерім ұзын үстел басына жиналып асқа отырыпты. «Түскі асқа дейін кешіккен болдым-ау, шамасы» деп ойладым. Ұзын үстелдің екі жағына жарыла отырған әріптестерімнің түріне жасқана қарай бердім. Таңқы танау, табақ бет сары шалдар мен кемпірлер. Үстелдің қақ басында — таңқы танау, табақ бет сары кемпір. Бұл бастықтың орны болатын. Дабырласып әлденелерді айтып, жайбарақат отыр. Не болса да өң бермеуге тырыстым.
— Кел, дастарқанға кел, — деді бірі.
— Тамақ іш, кел,— деп екіншісі тәрелке толы әлденені қолыма ұстата салды.
— Бұл не? — дедім батылсыздау.
— Бұл екі жасар баланың жілігі мен 13 жасар қыздың миы, — деп саңқ ете қалды жаңағы тәрелке ұстатқан таңқы танау, табақ бет сары кемпір.
Айғай салғандай болдым, қолымдағы тәрелкені лақтырып жібердім. Қызыл ала қан мен ақ ми араласып, ботқадай былыққан бір нәрсе еденге шашылып кетті. Тәрелкенің шалдыр еткен дауысымен үстел басындағылар бірдей бұрылып маған қарады. Қарады да ақсиып күлді. Күлген сәтте аппақ тістердің арасынан қою қызыл-күрең қан бұлықсып, ақ дастархан бетіне баяу тамшылады.
Шалқамнан түстім бе, әлде бұрыла беріп жығылдым ба, есім кіресілі-шығасылы есікке қарай тұра жүгірдім. Бес қабаттың баспалдағынан сүріне-жығыла ұмар-жұмар боп төменге түстім де ытқи қаштым.
Көшеге шығып айналама алақ-жұлақ қарап үйге қарай зытып келемін. Көше бойы таңқы танау, табақ бет сары шалдар мен кемпірлер. Бәрінің езуінде болмашы қызарған қан дағы бар. Біреулер қарнын сипап рестораннан шығып келеді, мұртына жабысқан қызыл қан дағын саусақ ұштарымен баяу сүртіп қояды. Әлденелерді айтысып күледі, саңқылдап мұрындарынан сөйлеп ұрсысады. Кейбірі маған таңдана қарасады…
Автобусқа да, таксиге де отырғым келмеді. Көлік атаулыда таңқы танау, табақ бет сары шалдар, таңқы танау, табақ бет сары кемпірлер. Жүгіре бердім, жүгіре бердім…
Ыстықтап, тер моншақтап ақты. Желтоқсанның ызғарлы күні бойымдағы ыстықты баса алмады. Сыртқы киімдерімді бір-бірден шеше бердім, сонда да ызғар сезінбедім.
«Бала деген болашақ қой! Қалай жейді, Құдай-ау! Өңім бе, түсім бе? Әлде бастырылып жатырмын ба? Оянсам керек еді ғой… Оянсам…»
Бірақ оянбадым. Жүгіре-жүгіре үйге де жеттім. Ауладан кіргенде байқадым, үстімде майкым, бұтымда дамбалым ғана қалыпты, қалғанын түгел сыпырып тастаппын.
Ентігіп үйге кіріп келсем, теледидар алдында әлдене тоқып таңқы танау, табақ бет сары кемпір отыр. Маған қарады да, аң-таң болған кейіпте:
— Саған не болған? — деді. Дауысына қарап әйелім екенін аңғардым. Көзімді уқалап, бетімді шымшыладым. Сары кемпір әлі тұр таңданып, ал бетім ауырып кетті. Теледидарда тура сондай сары кемпір жаңалықтар айтып жатыр:
— Биылғы жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі былтырғыдан 20 пайызға өсті…
Енді қарап тұра алмадым, қайта далаға қарай жүгірдім. Артымнан жаңағы сары кемпір айғай салды, бұл жолы дауысы саңқ етіп анау алдыңғылардай қатты шықты және олардан ешбір айырмашылық болған жоқ:
— Тағы ішкен бе мынау?
Мен ішуді қойғалы қашан… Жүгіріп сыртқа шықтым, қайда барарымды білмесем де жүгіре жөнелдім. Көршілер көшіп жатқан секілді, өңкей таңқы танау, табақ бет сары шалдар әлдебір жиһаздарды ары-бері көтеріп, тасып жатыр. Жүгіріп өте беріп, шкаф бетіндегі үлкен айнаға көзім түсті. Айнада екі көзі алақ-жұлақ еткен, үстінде майкы мен дамбалдан басқа лыпасы жоқ, таңқы танау, табақ бет сары шал маған қарап тұр. Ақырын жақын келдім, ол да жақындады. Оң қолымды көтеріп, бетімді сипадым. Шал сол қолын көтеріп бетін сипады. Езуінде болмашы қан дағы бар екен…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter