Өлеңдер ✍️

  13.10.2022
  104


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Тағдырлас досы Зәуреге

 


Білмеймін, досым, білмеймін,
Тағдырға мен де күлмеймін.
Шаршасам қара түндеймін,
Шаттансам жарық күндеймін!
Тағдырыма ренжіп,
Зарлы хатты үндеймін.
Өмір деген жұмбақ қой,
Не боларын білмеймін!


Серіксіз өмір бекер ед,
Көрейік жүкті жетелеп.
Тағдыр деген дұшпанды,
Жырменен алайық төпелеп.


Алдағы күнді, я АЛЛА!
Удай етпей, шекер ет!


Сорлы жүрек шаршады,


Қашанғы зілді көтеред?
Аластама, досым-ау, аластама,


Мен де жалғыз отырмын, қапастана.
Өзіңді мықта, досым, жықпа көшің,
Нала мұңды қайтарады талас қана!


Суға батқан мықты-мықты талай кеме,


Ащы зарды тым артық жалай берме,


Бақ қонады басыңа бір-ақ сәтте,
Өтінемін, шырағым, олай деме!


Сүрінсең, үзілмейтін талдан ұста,


Араның сүрген күні балдан қысқа.
Шабамыз шамамызбен алданышта,
Тұлпарымыз тізгінсіз, жалдан ұста.


Менде де уайым көп, назым толы,


Құрбанымыз әйтеуір жазым соны.
Жүзің айна жан дүниең көрінетін,


Ақырында басады екен әжім оны.


Сонда мен қасқырмын ба, жыланмын ба,
Жемтігін жерден аңдыр қыранмын ба?
Тұла бойым түгел ілә тұрағымда,
Әділдік болу тиіс ұранымда.
Күйіктен, өлең шықса терең шығад,
Зәурежан сенен шығад, менен шығад.
Жақындардан жара жырды жасырамыз,
Кей өлең керең шығад, желең шығад.
Өлеңің өнерімді өрлеткендей,


Қатты айтсаң тиеді зіл кетпендей.
Табиғатқа жырыңды теңер болсам,


Қураған қара өрікті гүлдеткендей.


Шабытымды қамшылап қоздырасың,


Құлагердің шабысын үдеткендей.
Түңілсем, тоз терідей тесілермін,


Ер жігітпін, есер болсаң есілермін.


Қатты кетпе, досым-ау, өтінемін,


Биік болсаң егерде төсіме мін.


Қинай берсең шірік тұстан кесілемін,
Жанымды ұқсаң, жібек жіптей шешілемін.


Қыздарды қиялыммен сүйіп шолдым,


Махаббаттың дертіне күйіп тоңдым.
Өзімді тым аласа санап жүрсем,


Бір жан үшін алынбастай биік болдым!


Екеуміз біраз тұсты басып өттік,


Бұйырғанын бардай қылып нәсіп еттік.
Жанымызды жырымыз жақындатты,


Бірімізді біріміз ғашық еттік.


Сен де мені сағынып сүймегейсің,
Жүрегіңе ғашық жырды үймегейсің.


Сүттей ақ сезіміңді ақтау қиын,


Мен үшін отқа түсіп күймегейсің.


Маған деген махаббатты сезінемін,


Қиялменен күн сайын көз ілемін.
Тағдыр бізді қоспады, қинап қойды,


Бұл өмірге мен мәңгі кіжінемін.


Бұл махаббат екеумізді жүдеткен,


Ұстауға да дәрменім жоқ білектен.
Таусылмайтын сынақ өмір бұл неткен,


Екеумізді күтіп алсын гүл көктем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу