Тарих | Голощекин және Қазақстан

Соңғы кезеңнің өзекті проблемаларының бірі – ұлттың сақталуы, халықтың саулығы. Бұл мәселенің көтерілуі кездейсоқтық емес. Адамзат тарихында тұтас бір халықтың жойылып кеткен кездері де аз болмаған. Оның басты себептерінің бірі – зорлық-зомбылық. Ол ғылыми тілде «геноцид» деп аталады.Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап қазақ аспанын бір қара бұлт торлай бастады. Ол бірте-бірте түйіле келе отызыншы жылдардың басында ызғарлы дауылға ұласты.
Даланы, қазақ сахарасын үрей биледі. Ұлы үрей! Содан да болар, Алаштың азаматтары басының ауған жағына көшті, босты. Сіңіріне ілінген сорлылардың көбі-ақ ажалдың ащы шеңгеліне ілікті. Демографтардың нақты деректеріне сүйенсек, 20-30-жылдардың бұл ойраны анау «ақтабан шұбырындыңызды» екі орап алардай тым алапат. Демек, қазақтардың тарихта бұрын-соңды өз басына түсіп көрмеген ұлы қырғынға ұшырағаны ғой. Сонда тұтас бір халықтың көз-жасын шығарып, ұлы сүргінге душар еткен кім? Ол ел жадында аса бір сүйкімсіз «Қужақ» деген лақап атпен жатталып қалған, жұрт аузында әлі сан ғасырлар бойы Қужақ аталып кете баратын кәдімгі Филипп Исаевич Голощекин еді.
Голощекин кім еді?
Ф.И.Голощекин (Шая Ицкович) 1876 жылы 26 ақпанда (ескіше 10 наурызда) Витебск губерниясындағы Невель деген шағын қаладағы ұсақ буржуаға жататын отбасында дүниеге келді.
Голощекин 1903 жылы Ригада РСДРП қатарына кірді. Оның бұдан кейінгі Қазан төңкерісіне дейінгі өмірі қуғын-сүргінмен өтеді. Небәрі алты жылдың ішінде жеті рет түрмеге отырып шығады.1918 жылдың ақпанынан бастап Уральск әскери комиссары болады. Сол жылдың шілде айында Екатеринбург ақ казактар мен ақ чехтардың қоршауында қалады. Урал облыстық советінің құрамындағы солшыл ехерлер, анархистер, әсіресе, қызыл революционерлер Романовтарды құртуды талап етті. Олардың қатарында Голощекин де болды. Осы кезде Урал облыстық советінің шешімі бойынша 17 шілдеде Ипатьев үйінде қамалған ІІ Николай патша атылды.Голощекин – 1929 жылдың сәуір-маусым айларында Түркістан әскери-революциялық советінің мүшесі, ал тамыздан бастап Челябі губерниялық ревкомының төрағасы. 1920-22 жылдары Башқұртстанға, Костромада түрлі шаруашылық қызметін атқарды. 1923 жылдың қыркүйегінен Қазанға келгенге дейін Самара губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
Алғашқы әрекеттер
Қазақстанға келе сала Голощекин бірден өзіне тән шапшаңдықпен іске шұғыл кірісті. Ол ең алдымен «1917 жылы қазан мен 1925 жылғы қыркүйек аралығында қазақ сахарасында Совет үкіметі болмады, коммунистік партия ұйымы жоқ» деген шешімге келді. Голощекиннің командалық-әкімшілдік жұмыс әдісі етек алып өрістей бастаған кезде республикалық партия, совет активі оған қарсылық та көрсете бастады. Міне, осы тұста әккі әкімшіл, өктем Ф.Голощекин оппозиция қанатын бірден қырқу үшін жаңа саяси бағытты дәлелдеп Сталинге хат жолдады. Көп ұзамай оның арандатушылық саясатына тоқтаусыз жол ашқан: «Тов. Голощекин. Я думаю, что политика, намеченная в настоящей записке, является в основном единственно правильной политикой. И.Сталин», – деген жауап та келіп жетті. Міне, осы тұста Голощекиннің әкімшілік-әкімгер басшылық әдісіне қарсы шыққандарға неше түрлі жала жабылды. Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Меңдешев, А.Әйтиев сияқты партия, Совет қызметкерлерінің, өнер қайраткерлерінің атына ғайбат сөздер, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және басқалардың соңына шам алып түсушілер көбейді.....
Рефераттар
Толық