ӘЛСЕЙІТ ОСПАН әңгімелері
ӘЛСЕЙІТ ОСПАН
ШЫРАҒЫМ МЕНІҢ
ӘҢГІМЕЛЕР
Алматы 2014
УДК 821. 512. 122
ББК 84 (5 Қаз)-44
О 78
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді.
О 78 ОСПАН Ә.
ШЫРАҒЫМ МЕНІҢ – Алматы: Айғаным баспа үйі, 2014. –
208 бет.
ISBN 978-601-03-0202-0
ISBN 978-601-03-0295-2
Жазушы Әлсейіт Оспанның бұл жинағына махаббат, достық, адамгершілік тақырыбына жазылған әңгімелері еніп отыр.
Автор кейіпкерлерінің жан-дүниесіне терең үңіліп, сезім иірімдерін сырлы сөзбен суреттей білген.
УДК 821. 512. 122
ББК 84 (5 Қаз)-44
ISBN 978-601-03-0295-2
ISBN 978-601-03-0202-0© «Айғаным баспа үйі», 2014
БАҚЫТ
Әңгіме
Жер шарын мекендеген жұмыр басты пенденің қай- қайсысының да бақытты болғысы келеді. Бақытсыз жандардан гөрі бақытты жандар әлдеқайда көп. Олай болмағанда, өмірдің мәні де, сәні де болмас еді. Тек бақытқа жетер жол әртүрлі, бақыт туралы түсінік те әрқалай. Бақыт – ауқымы да, мағынасы да кең ұғым. Тіпті, бақытты қала да болады екен. Оны осы жақында естідім. Оны анықтау үшін, өмір сүрудің әл-ауқат, білім, денсаулық сияқты салаларының көрсеткіш деңгейі есепке алынатын көрінеді. Бақытты әркім өзінше ұғынады. Біреу үшін ол сәулетті, салтанатты үй, біреу үшін ақша, дүние- мүлік, тағысын-тағылар. Ол үшін пендені кінәлауға да болмайды. Адам, жеке тұлға қайтсе бақытқа қол жеткізеді деген сұрақ – мәңгілік сұрақ. Оған әр дәуірдің, әр заманның ойшылдары өздерінше жауап іздеген. Бірақ, әзірге оған дәл жауап тапқан ешкім жоқ. Зәуде табыла қалса, жер бетінде әлдеқашан мамыржай заман орнап, барша жұрт бақытқа кенелген болар еді. Теңіздің тамшылардан құралатыны сияқты, жалпы сол бақыт та кішкентай жеңістерден, табыстардан құралатын шығар. Бақыт қолмен ұстап, исін, дәмін сезіп көретін нәрсе де емес. Бақыт жайлы сөз қозғалса болды, менің есіме өзім куә болған, Бақыт атты бір бойжеткеннің басынан кешкен жай түсе береді. Бойжеткен деп отырғаным, сол кезде ол шынында бар- жоғы он сегіз- он тоғыздағы қыз болатын. Ал, өзім болсам, мектепті жаңа бітірген, мұрты енді тебіндей бастаған бозбаламын. Содан бері арада отыз жылдай уақыт өтіп
кетіпті. Мен Бақытты ешқашан ұмытқан емеспін, ұмыта да алмаймын. Бәрі де кешегідей көз алдымда. Біреулер ойлап қалар әңгіме ғашығы, сүйген қызы жайлы екен деп. Жоқ, мүлдем олай емес. Бәрін ретімен айтайын. Ол кезде көңілі аспанда, алабұртқан албырт жаспын. Арман қуып, үлкен қалаға барып, сәті келіп жоғары оқу орнына түстік. Өмір табалдырығын жаңа аттаған біздерге сол кезде оқуға түсіп студент атанғаннан артық бақыт жоқтай боп көрінетін. Ол кездегі оқу мен қазіргі оқудың арасы жер мен көктей ғой. Біздегі талпыныс та, құлшыныс та өзгеше еді. Қазір осы күнгі жастар оқымайды деп бар кінәні соларға аудара салу басым, ал, жөнді оқыта алмай жатырмыз дегенді әзірге ешкімнің аузынан естімедім. Қазір кейбіреулер бес жыл оқыса да, кітапханаға, оқу залына бас сұқпай-ақ оқу бітіріп жатыр. Мектепте бір сыныпта оқитындардың жас шамаларында айтарлықтай алшақтық жоқ болса, жоғары оқу орнындағы жағдай басқашалау екен. Бір топта оқитын студенттердің жас деңгейлері ала-құла. Кім жоқ мұнда?! Кешегі мектеп оқушысынан бастап әскерден келгендер, техникум бітіргендер, алды екі-үш жыл, соңы жеті-сегіз жыл еңбек майданынан өткендер бар арамызда. Ал, старостамыздың жасы отызды алқымдаған. Қысқасы – сырттай қарағанда, бір ата-анадан туылған жас мөлшері әртүрлі ұл-қыздар сияқтымыз. Міне, осылай қызығы мен шыжығы мол студенттік дәурен басталды. Студент болу
- оқу оқып, білім алу ғана емес екенін біртіндеп түсіне бастағандаймыз. Бұл, жастық пен махаббат, достық пен жолдастық, опасыздық пен адалдық, сүйініш пен күйініш сезімдері сапырылыса араласқан, тасып қайнаған бір ғажайып, сырлы дәурен екен. Әсіресе, бұрын үйден аттап басып шықпаған біздерге бәрі таңсық, жұмбақ, құпия. Мектептегіміз – жай балалық болып шықты. Өмірдің аз да болса ащы-тұщысын татып, ыстық-суығын көріп қалған жасы үлкендеу жігіттердің, қыздардың бастарынан
кешкен талай жағдаяттардың куәсі болып жүріп, өзіміз де оң-солымызды танып, пісіп-жетілдік. Жасы кіші, біздер, қызды биге шақырудың өзіне жүрексінсек, ересектеу жігіттер көңілі қалаған қызбен баяғыдан таныс-біліс жандай емін-еркін сөйлесіп, керісінше қыздарды ұялтады. Оларға қызыға да қызғана да қараймыз: «Қашан, біздер де осылардай боламыз», – деп.
Бір бөлмеде төрт жігіт боп тұрамыз. Мектепті бітіре салып оқуға түскен ең жасы кішісі – мен. Ересектеу екі жігіт – әскерден кейін дайындық бөлімінде оқып, содан соң оқуға түскендер. Бірінің есімі – Қайрат, екіншісінің есімі – Қанатқали. Төртіншімізді бүкіл жатақхана «Шал» дейді. Шын атын да біле бермейді көп жұрт. Оқуға түскен соң жастықтың желігімен тәртіп бұзып университеттен шыға жаздап, әскерге кетіп әупірімдеп әрең қалған көрінеді. Келгеннен кейін әрі қарай оқуды жалғастыруға мүмкіндік алған. Оның өзінде де екі жыл жұмыс істеп, оңды мінездеме алған соң ғана қайта қабылданған. Бетегеден биік, жусаннан аласа боп жүретіні де сондықтан болуы керек. Қашанда, дау-жанжалдан, қақ соқтан аулақ жүргені. Бірақ, бәрімізден жағдайы жақсы сол ма деп қалдым. Әрдайым төр сонікі, төрмен бірге жылы-жұмсақ, сый-сыбаға да. Жұмсаса, біреу бетіне келмейді «ләббай, тақсыр» деп ұша жөнелді. Қайрат – Ақтөбелік. Штангист жігіт, қазірше айтқанда зілтемірші. Күнде кешкісін жаттығуға кетеді. Ылғи темір көтере бергеннен бе, мінезі темірдей салмақты, ауыр. Аузынан сөз шығуы қиын. Оның өзін де әрең сұрап аласың. Берер жауабы – ыржияды да қояды, бар болғаны. Ауылында сөз байласып жүрген қызы бар көрінеді. Мамандығы – медбике, ауруханада қызмет істейді екен. Той-томалақты, ішімдікті Қайраттың су-қаны сүймейді. Қылмыңдаған қыз-қырқынға да бой алдырмайды, тас қамал дерсің. Содан болар, туған күн кештеріне шақырусыз қалып жүретіні. Оған қиналатын
ол жоқ, өзімен-өзі бейтарап. «Шалдың» азан шақырып қойған ныспысы – Ақылбек. Ақыл тоқтататын жасқа жетіп қалғандықтан болар, салмақты, сабырлы, маңғаз. Шешектен қалған із болар, қара бұжыр бетті, мұрты едірейген, күрек тістерінің бәрі алтынмен қапталған. Ішіміздегі ең белсендіміз Қанатқали оралдық жігіт. Біреуге риза болса: «Ой, жарайсың қасқа», – дейді. Сол «қасқа» сөзі ақырында оның жанама есіміне айналды. Қанатқали есімі былай қалып «Қасқа» атанды. Алғашында ренжісіп жүретін. Келе-келе еті үйреніп «қасқа» десең, күліп мәз болатын дәрежеге жетті. Қыздармен оңай танысып, тіл табысудың қас шебері. Бейтаныс бойжеткендермен көзді ашып-жұмғанша білісіп, әзіл-қалжың айтып, ішек-сілесін қатырады. Кештің, ойын-тойдың көрігін қыздырады. Өзі сымбатты, бойшаң келген. Бір көргенге сыпаайы, биязы, инабатты болып көрінеді. Сөйлесе қалғанның іші- бауырына кіріп, лезде баурап алады. Гитара тартып ән салғанда алдына жан салмайды. Қыздарға өтімді болуы да сондықтан. Бүгін бір қызбен көрсең, ертең басқа қызбен көресің. Ол соны өзінше мәртебе, мақтаныш санайды. Жаспыз ғой, біздерге Қанатқали ерте заманның сал-серілеріндей болып елестейді. Қыздарға жақындауға бата алмай жүрген жасы кішілерді оның жүріс-тұрысы, батылдығы, сөз тапқыштығы таң қалдыратын. «Оңдай болу қайда» деп тамсанамыз да қоямыз. Ерте көктемде бір ана гүлге, бір мына гүлге қонған көбелектей, ол түннің әлден уағына дейін қыдырып, содан сілесі қатып құлайтын. Бір күні ол: «Ертең жесенбі күні бір қызды қонаққа алып келемін. Бөлмені жинастырып дайындалыңдар», – деді.
- Үйленейін деп жүрген қызың ба? – деппін аңқау басым.
- Әй, жүгермек! Сен де қайдағыны айтады екенсің, басқа сөз таппағандай. Маған әлі үйленуге ерте. Қыз өзі қыр соңымнан қалмай жүр. Жай сендермен таныстырайын
дегенім ғой, – деп ала-тонын ала қашты.
Таңертең бәріміз ертерек тұрып бөлмені ретке келтіріп, дүкеннен оны-мұны алып студенттік дастарқан жасадық. Сәске тұста есікті біреу тықылдатты. Біреу бұйрық бергендей бәріміз орындарымыздан атып-атып тұрдық. Отырған орындықтар, керуеттер шықылдап, сықырлап кетті. Іле есік ашылып, орта бойлы, реңді, әдемі бейтаныс бойжеткенді ертіп Қанатқали кірді.
- Сәлеметсіздер ме, – деп не отырарын, не тұрарын білмей дағдырып қалған қызға не айтарымызды білмей аңтарылып, сасып қалдық.
Соны сезген Қанатқали: – Сендерге не болды?! Атам қазақ үйге келген қонаққа төрге шық демеуші ме еді, – деді мысқылдай күліп. Бәріміз бір кісідей төмен қарай ысырылдық. Бойжеткен біз сасатындай, таң қалатындай ажарлы да көрікті екен. Қап-қара бота көздері айна көлдей мөлдір, тұнық. Қыр мұрынды, аққұбаша жүзді. Маңдай тұсындағы сәнді кесілген кекілі де өзіне әдемі жарасып тұр. Бізбен бұрыннан етене-таныс жандай күлімсіреп:
- Есімім Бақыт, – деді маржандай тістері жарқырап. Мінезі ашық-жарқын екен, әп-сәтте әзіліміз жарасып, қыздың сыңғырлаған күлкісі шағын бөлмемізді шаттыққа бөлегендей болды. Өңшең жігіттер тұратын жатақханамызға бір сәт те болса шуақты көктем орнағандай, жанымыз жадырап сала берді. Әйел баласының біз біле бермейтін сиқырлы құпиясы көп екен ғой.
Арудың «Бақыт» деген есімі де әдемі екен. Құдды бар бақытты болу үшін, бақыт үшін жаратылғандай. «Осындай сұлудың жанында жүрген Қанатқалида не арман бар екен»
- деймін іштей, анда-сонда қызға көз қиығым түсіп кеткен кезде.
Сыртқы келбетінде, киім киісінде, өзін-өзі ұстауында, сөз саптауында артық-ауыс ештеңе жоқ. Жинақы, тап-
тұйнақтай, ұқыпты екендігі байқалады. Көңілі кіршіксіз таза, ақжарқын, адам жатырқауды білмейді.
Көп ұзамай-ақ, Бақытпен күнде көрісіп жүрген жандардай емін- еркін шүйіркелесіп отырып шай іштік. Сөз арасында әзіл де айтылды, ән де айтылды.
Бірер сағаттан соң, Қанатқали мен Бақыт киноға кетті. Бойжеткен кетерінде бәрімізбен жылы жүзбен қоштасып, жылы қабылдау үшін алғыс айтып ризашылығын білдірді. Олар кеткен соң үлкеніміз боп саналатын Ақылбек ағамыз:
- Ай десе аузы, күн десе көзі бар, өзі де мінезі де сұлу, жақсы қыз екен. Тек Қанатқали қадіріне жетпей, обалына қалмаса игі еді, – деді күрсініп. «Обалына қалғаны несі, ол әлі Бақытқа үйленген жоқ қой», – дедім аң-таң болып.
- Ол «Қасқаны» мен жақсы білемін ғой.Даярлық бөлімінде бір жыл бірге оқыдым.., – деді де сөзінің аяғын жұтып қойды. Ақаңның күмәнданатындай да жөні бар екен. Оған соңыра көзім жетті. «Десе де, Бақыт жақсы қыз, кіммен бас қосса да бақытты болуға тиісті.Әттең,неге осыдан төрт-бес жыл бұрын дүниеге ертерек келмедім екен. “Бақытқа Қанатқали үйленбесе,мен үйленіп алар едім”, – деп кәдімгідей шын ойға кеттім.
Бақыт Қанатқалиды іздеп апта құрғатпай келетін болды. Біз бара-бара жақсы таныстарға,керек десең,достарға айналып кеттік. «Өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар» дегендей, бір-бірімізден ештеңе жасырмаймыз. Қуанышымыз да, мұңымыз да, сырымыз да, шынымыз да бірге. Бір келгенде Бақыт күн кешкіріп кеткендіктен қонып қалатын болды. Қанатқали мен Ақылбектің күбір-күбір, сыбыр-сыбыр әңгімесі көбейді. Менің ойымда дәнеме жоқ: «Қонса қонады да, онда тұрған не бар?!» – деймін. Тоқетерін айтқанда, біздер бөлініп көрші бөлмелерге барып жайғасатын болдық. Бақыт пен Қанатқали оңаша қалды. Ауылда туып, ауылда өскен маған осы жағдай тосындау, ерсілеу көрінді. «Апыр-ау, қыз бен жігіт үйленіп,
некесі қиылған соң ғана барып, ақ төсекке бірге жатпаушы ма еді. Бұлардікі не сонда?! Қанатқали Бақытты шын сүйетін болса, үйленетін ойы болса бұлай істемесе керек еді ғой», – деп басым қатты. Ертеңіне неге екені белгісіз біз Бақыттың, Бақыт біздің бетімізге тіктей қарай алмай тайсақтай бердік. Тек Қанатқали ғана ештеңе болмағандай мәз-мейрам болып жымың-жымың етеді. Қалған үшеуміз бір ұятты нәрсе істеп қойғандай өз-өзімізден қуыстана бердік. Бақыт кеткен соң:
- Әй, «Қасқа»! Сен ана қызбен былай абайлап жүр. Сүймесең, шын ойың болмаса босқа көз жасына қалма. Обал, сауап деген бар. Ол да біреудің үкілеп әлпештеген баласы ғой ,– деді Ақылбек үлкендігіне салып.
- Онда сенің шаруаң қанша?! Не істесем де, өзім білем,
- деп Қанатқали тарс кетті.
- Біз сенімен бірге оқимыз, бір бөлмеде тұрамыз, дос-жолдаспыз түсінсең, қай-қайсымыздың да бір теріс қылығымыз бәрімізге көлеңке түсіреді, бетімізге шіркеу болады.
- Ақылбек дегенге, ақылсына бермеші! Менде шаруаларың болмасын...
- Әй, қойшы сені! Айттың не, айтпадың не?! – деп Ақылбек қолын бір-ақ сілтеді.
Арамыздағы Қайраттың ғана ешкімде де, ештеңе де де шаруасы жоқ. Біреу үшін жаны ауыратын кісі ол емес. Маған бәрі түсініксіз. «Сонда қалай, Қанатқали Бақытты жай ермек етіп жүр ме. Бәріміздің де әпке- қарындастарымыз бар. Оның өзінің де әпке-қарындастары бар шығар. Қызға қиянат жасауға бола ма», – деймін іштей күіп-пісіп.
Екі-үш айдан кейін Бақыттың келуі сап тыйылды. Оның өзінде де кінә одан емес. Қанатқали: «Бұдан былай Бақыт келсе, мені бөлмеде жоқ деп айтыңдар», – дейтін болды. Демалыс болса болды, жатақханадан қашып, қала
аралап кетеді. «Не боп қалды» десек, жақ ашпайды.
Бірақ, Бақыт келгенде қалай есік ашпаймыз. Бір нәрсеге ренжісіп, сөзге келіскен жоқпыз. Титтей де кінәсі жоқ, кіршіксіз, таза, пәк жан. Жүзінде бұрынғы күлкінің болар-болмас ізі ғана қалған. Көздері мұңды, қабағы түсіңікті. Қанатқалиды іздеп келіп тұрғанын сезіп , бірде анда кетті, берде мұнда кетті деп амалсыз өтірік айтуға тура келеді. Бірақ, қашанғы алдайсың. Бала емес қой. Екі оттың ортасында қалғандай боламыз. Қанатқалидың қылығына кіжініп, ашу-ызамыз келеді. Бақыт жаутаң- жаутаң етіп, бізді де түсінгендей сыңай танытып, ләм-мим демей, көзіне келіп тұрған жасын көрсетпеуге тырысып, бөлмеден асығыс шыға жөнелді. Сондайда: «Қанатқали сенің бір тамшы көз жасыңа тұратын жан емес қой, несіне соңынан жүгіресің, намыс қайда?! Қаласаң, одан мың есе артық адамды табасың ғой», – дегім келеді Бақытты аяп.
Қанатқалиды шын сүйіп қалған шығар. Сүйген жүрекке әмір жүре қойсын ба. Ол үшін қалай жазғырасың. Сөйтсек, Бақыттың көз жасының астарында көп сыр бар екен. Оны кейін білдік. Бір күні Қанатқали: – Ойбай, жігіттер, құритын болдым, көмектесе гөріңдер, – деп жыларман болды. Не болғанын ашып айтпайды.
- Әй, әкесі өлгенді де естіртеді ғой. Айтсаңшы не болғанын, – деді Ақылбек ашуланып.
- Маған отыз сомдай ақша керек. Әйтпесе, оқудан да шығып қалуым мүмкін, – деді Қанатқали үрейі қашып.
Ол кезде ол аз ақша емес. Жанымыз ашыған соң, өзіміз қалт-құлт етіп әрең күн кешіп жүрсек те, жолдасымыздың мүшкіл халін көріп, айтқан ақшаны әркімнен жылу сұрағандай амалсыз жинап қолына ұстаттық. Қайдан білейік, не пәлеге ұрынып жүргенін. Білгенде, отыз сом түгілі отыз тиын да бермес едік қой. Білгенде не болды дейсіз ғой?! Қанатқали дегеніне жеткенше: «Сені сүйемін, үйленемін», – деп Бақыттың басын айналдырып, алдап
бағады. Ақкөңіл, аңғал қыз оның әдемі, жылтыр сөздеріне иланып қалған ғой. Аяғы ауыр боп қалғанын білген кезде Қанатқали тағы бір қулыққа басады: «Оқу бітіргенше бізге бала керек емес, дәрігерге алдыртып тастайық. Диплом қолға тиген соң, той жасап, саған міндетті түрде үйленемін», – деп ант-су ішеді. Жасырын түсік тастататын дәрігер тауып, ақшаны сол үшін жинаған болып шықты. Дегеніне жеткен соң: – Мен сені сүймеймін, үйленетін ойым жоқ, – депті беті шімірікпестен. Бақыттың қолынан не келсін?! Кімге барып мұңын шағады, болар іс болды. Опық жегенін білген соң,бармағын тістеп көз жасын төгеді.
Біз оның бәрінен хабарсызбыз. Ақша жинап бермесек, Бақыт түсік жасатпас еді. Жарық дүниеге келмей жатып құрбан болған нәрестенің обалына қалыппыз, байқасақ. Бәріміз де, қылмысқақатысушылар болып шыққанымызды сонда бір-ақ білдік. Білген соң ұят қысып,жер болдық. Ойнақтап жүріп от басқан ботадай болып Бақыт қалды. Қанатқалидың түгі кеткен жоқ. Ештеңе болмағандай, ештеңе көрмегендей тас керең, көрсоқыр жандай кердең басып жүргені.Бақытқа опасыздық жасап,көз жасына қалғаны, ұятын бізге арқалатқаны ойына кіріп-шықпайды да. Бақытпен ойда жоқта ұшыраса қалсақ, ұяттан өртене жаздап, жолығудан қашқақтаймыз, құдды бір кінәлі жандардай. Қанша жазғырсақ та, нәзік жанды әйел баласы емес пе. Әккі, залым Қанатқали құрған торға түсіп қалып, масқара күйге түсті. Қайбір жетісіп жүр дейсің.Бір күні көшеде келе жатып, кездейсоқ Бақытпен бетпе-бет жолығып қалдым. Бұрылып қаша жөнелуге дәтім шыдамады, еріксіз кідірдім. Соны білді ме,ол қолымнан шап беріп ұстап алды да: – Сендер неге менен қашқақтайсыңдар, ренжіскен жеріміз жоқ еді ғой, – деді зорлана күлімсіреп.
- Жо-жоқ, о не дегенің, байқамаған шығармын, – деп
қипақтай бердім аузыма жөнді сөз түспей.
- Рас айтам. Өткенде бір-екі рет мені көре салып, басқа жаққа қарай бұрыла жөнелдің...Даусыңда реніш барын аңғарып:
- Шынымды айтсам... Бақыт, сен біздерді кешірші, – дедім өн-бойым дуылдап,қара терге түсіп.
- Не үшін, – деді ол аң-таң қалып.
- Анау, анау Қанатқали оңбаған үшін...
- Қойшы, сол опасызды. Атын аузыма да алғым келмейді, – деді даусы дірілдеп. Қап-қара мөлдір көздерінен жас тамшылары үзіліп түскенін де байқап қалдым.
- Бақыт, қойшы, жыламашы! Сен әлі-ақ өз бақытыңды табасың. Ата-анаң сені тегіннен-тегін «Бақыт» деп атамаған болар. Сен бақыт үшін, бақытты болу үшін жаратылған жансың. Мен сенімен алғаш танысқанымда- ақ солай ойлағам. Шын сөзім, сенесің бе, – дедім көңілім босап. Бұл сөзді жай ғана жұбату деп түсінбей, шын жүректен айтып тұрғаныма сонді ғой деймін: – Қойшы, рас па, – деді көз жасын сүртіп жатып. Әп-сәтте жүзіне күлкі жүгіріп, көңілденіп сала берді.
- Сендердің менен кешірім сұрайтын жөндерің жоқ. Қайта мен туралы жаман ойлап қалдыңдар ма деп қатты ойланып, күйзеліп, ұяттан өртене жаздап жүр едім. Қайтейін, басқа түскенді көремін де. Мені түсінгендеріңе рахмет. Жігіт біткеннің бәрі Қанатқали сияқты деп ойлаушы едім, қателескен екем. Оның кім екеніне көздерің жеткен шығар. Қыз деген бір мұңлық қой. Алдап кетерін қайдан білейін...
- Иә, біз сен туралы әрқашанда жақсы ойдамыз. Титтей де кінәң жоқ, – деп достық көңілмен құшағыма тартып, жауырынынан жай ғана қақтым.
- Рахмет, сау боп тұр. Жігіттерге сәлем айт, – деп Бақыт аяңдай басып кетті.
Жиырмаға толар-толмаста тағдырдың ауыр соққысына тап болса да, ертеңінен үміт үзбеген арудың сыртынан бақыт тілеп қала бердім.
Арада жыл өтер-өтпесте көшеде ой үстінде келе жатып, бір келіншек сүйреп келе жатқан балалар арбашасына соқтығыса жаздап тоқтадым.
- Ой, кешіріңіз! Байқамай қалыппын, – дедім жол жиегіне шыға беріп.
- Оқасы жоқ, сүйген қызыңды ойлап, келе жатқансың- ау, шамасы, – деп әлгі келіншек сыңғырлап күліп қоя берді. Таныс дауыс, таныс күлкі. Қарсы алдымда Бақыт тұр. Әдеміленіп, сұлуланып кетіпті.
- Апыр-ау, Бақыт сенсің бе?! Сенейін бе, сенбейін бе, – деп қуана құшақтай алдым.
- Иә, менмін. Қателескен жоқсың, – деді жүзінде нұр ойнап.
- Ал, мына кішкентай сәби...
- Ол, менің ұлым.
- Қойшы,распа?!Құттықтаймын,сенүшін қуаныштымын.
- Рахмет, рахмет! Тұрмысқа шыққаныма бір жылдан асты.
- Мен саған айттым емес пе, баяғыда. Сен міндетті түрде өз бақытыңды табасың деп. Айтқаным келді әнеки.
- Расында, сенің айтқаның келді.
Маған да көріпкел, сәуегей керек болып тұр. Өз бақытымды әлі таба алмай жүрмін, көмектессеңші, – дедім сөзімнің соңын әзілге бұрып.
- Сенің де өз бақытыңды табарыңа сенемін Көмек керек болса, әрқашанда даярмын. Қыздармен таныс- тырған кезде ұялып қашып кетіп жүрмесең болды, – әзіліме әзілмен жауап қайырды да, қоштасып жүріп кетті. Бақыттың бақытты келбетін көріп, өзім де бір сәтке болса да бақытқа кенелгендей күй кештім.
БЫЛҒАРЫ КҮРТЕ
Әңгіме
Кешкі апақ-сапақ шақ. Аялдамаға жиналған жұрт мінер автобусы келе қалса болды, жапа-тармағай қоғадай жапырылып есік ашылар ашылмастан ішке лап береді. Ал күткен автобустары кешіккендер аналарға біртүрлі қызғанышпен қарайтындай. Қаумаласқан көппен бірге Шолпан дп кимелесіп жаға жыртысқандай болып, әупірімдеп мінді-ау автобусына. Екі кісілік орындықтың шетінде отырған бойжеткен қыз сөзге келтірместен орнын ұсына берді. «Енді үйге жететін болдым ғой», – деп ол орнына жайғаса бере көршісінің түріне көз жүгірте берді де:
- Ау, Айман, сенбісің,– деп қасында отырған әйелді есін жиғызбай құшақтай алып шөп еткізіп бетінен сүйіп алды.
- Кірген беттен мен де сені шырамытып едім. Сені де көретін күн бар екен-ау! Түк өзгермепсің, – деді құрбысы.
- Қойшы, қайдағыны айтпай! Елуден астық қой, қартайдық. Институтта бірге оқыған күндер, қайран жастық шақ келмеске кетті ғой.
- Жо-жоқ, шыным, сол күйіңдесің.
- Апыр-ай, бір қалада тұрсақ та, үш-төрт жылдың жүзі бопты-ау, көріспегенімізге де.
- Соны айтам ғой, жұмыс, үй, бала-шаға дегендей...
Екеуара амандық-саулықтан соң әңгіме қалыпты арнаға түскен.
- Қазір «пробка» ғой, жеткенше біраз жер бар. Біраз сөйлесетін болдық, – деді қуанышты жүзбен Шолпан.
- Иә, жөн-жөн. Қу тірлік біте ме. Бәрін айт та бірін айт, үй-іші, бала-шаға аман ба, алды қаншаға келді? – деді Айман.
- Бәрі орныңша. Аман-есен жүріп жатырмыз. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей....
Шолпанның даусы біртүрлі көңілсіз, салқындау шықты.
- Апыр-ай, амаңшылық па әйтеуір. Күйеуің, бала- шағаң қалай? Көңіл-күйің жоқ қой. Бір жерің ауырып жүрген жоқ па өзі?!
Ақкөңіл Шолпанның жанашырлық танытуы Айманның көңілін босатты. Ол ешнәрсе бүгіп қала алмады. Бар сырын жайып салды.
- Бәрі аман. Тек мына жерім ауырып жүр, – деп жүрек тұсын көрсетті. Ойында ештеңе жоқ Шолпан:
- Жүрегің ауырып жүрсе дәрігерге каралмадың ба, – деп қойды.
- Емі жоқ дерт. Күйеуім тал түсте тақырға отырғызып кетті, – деді терең күрсінген Айман.
- Сонда не, кепілге қойып үйіңді сатып жіберді ме. Әлде банктен несие алып жоқ қылды ма. Не өзі сонда айтсаңшы, – деді Шолпан шыдамсыздана.
- Ол ештеңе емес. Одан да сорақы, – деді ол Шолпанның төзімін сынағысы келгендей.
- Сонда не кісі өтірді ме?
- Ол мені тірідей өлтірді. Құр сүлдерім ғана қалды....
- Мен ештеңе түсінбедім.
- Түсінбейтін несі бар?! Ол мені үш баласымен тастап, ажырасып басқа әйел алып кетті.
Шолпан не дерін білмей сасып қалды да: – Күйеуің мен білетін Бәкен болса, момын, жуас еді ғой, – деді.
- «Жуастан жуан шығады» деген ғой. Қазір жас әйел алып есіріп жатқандар аз емес. Оның есіне таңданасың, – деді Айман.
- Өмірде не болмайды?! Ең бастысы, денің сау, бала- шағаң аман болсын, – деп Шолпан басу айтты.
- Әңгімені аяғына дейін жеткізейін, – деді Айман ашынғанын жасырмай. – Ащы да болса шынымды айтайын. өзімнен де кінә бар. Сол байғұсқа күйеуге шығуын шығып алып, адам деп қарамаппын ғой. Оның қой аузынан шөп алмас момын екені де рас. Үш бала тауып бергенімді бетіне салық қылып, үйде де, түзде де жақ аштырмадым. Айтқаным заң орнына жүрді. Үстіне қандай киім киіп жүр, қандай ас ішіп жүр. Онда шаруам шамалы. Тапқанын түгел сыпырып аламын да, жолы мен түскі асына тиын-тебен беріп қоя беремін. Аузын ашса, айлығы аздығын, жөнді киім-кешегім жоғын, айтып дау шығарамын. Ол не десін! Үндемей құтылады. Жұмысқа кетерде таңғы шайын да өзі дайындап ішеді. Көйлек- шалбарын да өтектейтін – өзі. Кешкі асын алдына қоям да, сериалдан сериал көруге көшеін. Жұмысың қалай, жағдайың қалай деп шүйіркелесіп, сырласуға да жоқпын. Ол мені тастап кетеді-ау деген ой өңім түгіл түсіме де кірмепті. Анда-санда басы бос таныс әйелдерім: «Үйде отырып қартаятын болдың ғой», – деп қоярда-қоймай алып кетеді. Кей-кейде солармен ішімдік ішіп келемін. Ондайда күйеуім сөйлей бастаса.
- Жұрттың әйелдері шет ел асып Дубайда, Анталияда демалады. Мен болсам төрт қабырғаға қарап, өмірімді өткіз деймін. Анау Атыраудағы туыстарыма да алты жылда бір рет барсам бардым, бармасам ол да жоқ. Сен маған не қызық, не рахат көрсеттің? – деп дүрсе қоя берем. Сөйтсем, менікінің бәрі пендешілік екен ғой. Соны ойласам, өзегім өртенеді. Әрине, бәрі аяқ астынан болған жоқ қой. Осыдан бір-екі жыл бұрын күйеуім өзгеріп сала берді. Әр ісіме көңілі толмай мін тағатынды шығарды. Ондайда:
- Ұнатпасаң басқа жас қатын алып ал. Басымды
қатырма, – деп бет бақтырмаймын.
Шыдамның да шегі бар емес пе, менен көңілі суып жүргенде, өзге біреудің көзі түскен болуы керек. Ол сақал-мұртын түзеп, сылаңдап киімін түзеуге көшті. Баяғыдай емес, көңіл-күйі көтеріңкі келеді. «Жұмыс көп»,
- деп сылтауратып екі күннің бірінде кешігіп оралады. Таныстарым «Апырм-ай, күйеуің өзгеріп, құлпырып кетіпті. Мұның біреуі бар болмасын, абайла», – десе де, оған құлақ асатын жан мен емеспін. Біреуді қаңсығы, біреудің таңсығы боларын қайдан білейін?!
Содан бір күні күйеуім кешкі ас үстінде бірдеңе айтатындай күмілжи берді, күмілжи берді. Жыным келіп кетті де:
- Жүрегім жарылып кетер деймісің?! Айтатын сөзің болса айтсаңшы былжырамай. «Әкесі өлгенді де естіртеді ғой», – деп бастырмалата жөнелдім баяғы әдетіммен. Менің сол сөзім қамшы болды ма қайдам. Ол: – Мен сенімен ажырасамын, – деп айтарын айтып салды. Өмірімде маған бірінші рет қарсы келгені де – осы.Төбемнен жай түскендей сылқ түсіп отырып қалдым. Онда мені тастап кетеді-ау деген ой жоқ, жай ашу үстінде айтылған сөз ғой деп ұқтым.
Баяғы әуеніммен ашу шақырып, киім-кешегін бір сөмкеге салып ұрдым де үйден қуып шықтым. «Әлі-ақ, жалынып-жалбаранып аяғыма жығылып қайтып келесің»,
- дедім. Ол сол кеткеннен мол кетті.Бірақ балаларымен хабарласып, кездесіп тұрады.Қайтейін, тағдырдың жазуы солай шығар, басқа түскенді көремін де, – деп Айман көзіне келген жасты сүрте берді.
- Әлі де кеш емес.Ойланып қайтып келер, – деп оны жұбатқандай болды. Осынау бір қолайсыз жағдайдан Шолпанды өз аялдамасына келіп қалғаны ғана құтқарды. Айманмен қоштасып автобустан түсіп қалды. Айманмен кездескені, оның басындағы жағдай оған да көп ой
салғандай. Үйіне жеткенше күйеуі мен өзінің арасындағы қарым-қатынасқа сын көзімен қарап, түземесе болмайтын кінәрат жоқ емес екенін аңғарды. Бұл мәселеде қателесуге болмайтынын ұғынды. Шолпан осы бір қиялдың жетегінде үйге жеткенін аңғармай қалды. Күйеуі жаңа келген екен, қалбалаңдап есікті ашып, қолындағы сөмкесін алуға икемделе берді. Ылғи осылай қарсы алып жүрсе де, бұл жолы күйеуіне алғаш рет зер сала зор ілтипатпен назар аударды. Ол да бұл көзқарасты сезіп қалғаны болуы керек, не боп қалды дегендей иығын қушитып үнсіз қарап тұр.
- Не болды, мені жаңа көргендейсің ғой. Тез жуынып- шайып ал, оны-мұны алып келдім. Шай ішейік, – деді Шолпан бұйыра. Үнінде бұйырудан гөрі наз, еркелік басым. Не әрі, не бері жүрерін білмей дағдырып тұрып қалған күйеуін иығынан құшақтап, жуынатын бөлмеге кіргізіп жіберді. Дастархан жасап, ас мәзірлерін қойып, баппен шай құйды. Сөз арасында күйеуінен жұмыс барысы туралы, шаршағанын-шаршамағанын сұрап, әңгімеге тартты. Әйелінің мінез-құлқындағы осы бір өзгерістің сырын түсінбей қалған күйеуі:
- Бәрі дұрыс, дұрыс. Тек... – деп сөзінің аяғын жұтып қойды. Шолпан секем алып қалды.
- Саған бірдеңе айтайын десем айта алмай отырмын. Ұрсасың ба, – деп қорқамын, – деді ол күмілжіп. Ішінен:
«Е-е, бұл да Айманның күйеуі секілді бірдеңе бүлдірген сияқты ма, құдай-ау! Соны айта алмай отыр екен ғой», – деп байбаламға басып:
- Айта алмай отырғаның – менімен ажырасып екінші әйел алмақсың ғой. Саған бала туып, ас әзірлеп, кіріңді жуғаннан басқа не жазығым бар еді, – деп зар еңіреп қоя берді. Күйеуі абыржып қалды. Сасқанынан:
- О не дегенің?! Оны қайдан шығарып отырсың, – деді зәресі ұшып.
- Жоқ, сен мүләйімсіме. Мен бәрін білемін, сенің басқа
біреуің бар, – деп Шолпан жеңістік бермей жылауды үдетті.
- Қай-қайдағыны айтпашы! Сөзіме құлақ салшы әуелі,
- деді күйеуі жалынғандай болып.
- Иә, құлағым сенде, – деді Шолпан өксігін әрең басып.
- Сен өткенде маған шетелдік қымбат былғары күрте әперіп едің ғой...
- Иә, не болды, жоғалттың ба, – деді Шолпан күйеуіне сөзін аяқтатпай.
- Жоқ, әне ілулі тұр.
- Енді не дейсің?!
- Мен сол күртемді абайсызда автобустың теміріне іліп алып етегін жыртып алдым.... Шолпан күйеуінің кінәлі болып қалған баладай түрін көріп күліп жіберді де:
- Бағанадан бері айта алмай отырғаның сол ма?!
- Иә, – деді басы салбыраған күйеуі желкесін қасып.
- О, құдай-ай! Киім деген табылады ғой! Мен саған бір емес, екі күрте әперейін, қоңырын, қарасын, – деді Шолпан күйеуін құшақтай алып. Күйеуі аңтарылып қалды. Ештеңеге түсінбей: – Рас па?! – деді сеніңкіремей.
- Рас болғанда қандай. Уәде де тұрғаным тұрған. Күйеуі:
- Шолпан, сен алтынсың ғой, – деп әйелін құшағына алып бетінен сүйіп-сүйіп алды.
- Қойшы, әрі! Балалар көрсе ұят-ты, – деп ол қызараңдап шегіншектей берді.
Әншейінде болмашыдан ілік іздеп, түймедейді түйедей ететін келіншегіне не болғанын түсінбей қалған күйеуі ертеңінде де жұмыста күні бойы соны ойлап бас қатырумен болды.
ЕСКІ ТАНЫСТАР
Жан жарым Айгүлге
Айбаланың жанұясымен Алматыға келгендеріне он жылдан асып қалды. Ол кезде Алматының аты қазақ болғанымен, заты қазақ емес еді. Қаймана қазаққа қаладан үй алмақ түгілі, тіркелуідің өзі қиын екен.
Әртүрлі әкімшілік кедергілер, бұйрық-нұсқаулар жай қазақтар үшін Алматыны жабық қалаға айналдырған. Айбала күйеуі екеуі басқа қалада оқу бітіріп, жұмыс бабымен осында келген-ді. Бірақ, тұрғын үй мәселесі жатақханаға бірден шешілмей уақытша тіркелуге тұрды. Одан екі жылдан кейін тұрақты тіркеуге алынып, содан соң ғана пәтер кезегіне тұруға рұқсат алды. Осындай ережелерді қандай адамдардың ойлап тапқанына ақылы жетпейді. Не деген сұрқия, зымиян саясат! Жай қазақ өмір бойы малдың соңында жүре берсін, оқымасын, санасы оянбасын, өзінше ойлап, өзінше өмір сүрем деп бас қатырмасын деген арам ниет. Алматыға келгендеріне де әне-міне дегенше, бес-алты жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Осы мерзім ішінде қанша пәтер ауыстырғандарын санаса адам жаңылатындай. Кімнің үйінде пәтер жалдап тұрмады бұлар!? Біресе ұйғыр шалдың, біресе орыс кемпірдің, біресе дүнген әйелдің дегендей. «Қонақ көп келеді, туыстарың үзілмейді, балаларың мазамызды алады», – деп көп шыдатпайды. Көшуге де әбден еттері үйреніп алды. Өз елінде, өз жерінде емес, құдды бөтен елде жүргендейсің. Қайсысы болса да дікең-дікең етіп, қит етсе қуып шығам дейді. Өз үйіңе аяғыңның ұшымен кіріп, башпайыңмен байқатпай шығасың. Айбала күйеуі екеуі пәтерден пәтерге көшіп жүріп жатақхананың бір
бөлмесіне де қол жеткізді-ау, әйтеуір. Баяғыда Жиренше шешеннің: «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім»
- деген сөзінің мән-мағынасын енді түсінгендей. Қалада дүниеге келген тұңғыш қызы екі жасқа аяқ басқан. Көп пәтерлі үй сияқты жобамен салынған екен. Жатақхана бес қабатты, сәулетті, анадайдан көзге шалынады. Бөлмелері кең, даңғырап тұр. Сол жалғыз бөлменің өзі, Жиренше шешен айтқан кең сарайдай болып көрінеді. Өзің би, өзің қожасың. Күйеуі екеуі бақыт деген осы шығар деп ойлаған. Көпке дейін қуаныштары басылмай жүрді. Көршілері де өздері сияқты жаңадан үйленген өңкей өрім жастар. Атыраудан, Алтайдан, Көкшетаудан, Шымкенттен дегендей, жан-жақтан келіп осы жерде бастары қосылған. Қазан-ошақтары да, той-томалақтары да бірге. Ынтымақтары жарасқан тату-тәтті көршілер. Балалардың арасындағы жарастық, достық қандай. Кез келген бөлмеге кіріп кетеді де, қызықты ойынға басады. Ойыншықтары аралас. Сенікі, менікі деп керілдесу жоқ. Сол бір бөлмеде әрі демалады, әрі қонақ күтеді, әрі ұйықтайды. Ал, адамдардың ықылас пейілдерін айтсайшы! Аядай бөлмеден ертелі-кеш адам аяғы үзілмейді. Алматыға қыдырып келген туған-туыстары, оқитын, жұмыс істейтін іні-қарындастары бірінен соң бірі ағылып келіп жатады. Көңіл сыйса, адамда сыйысады екен-ау. Сол бір өмірді, сол бір кездерді қатты сағынады. Қандай жақсы, балдай тәтті шақтар еді. «Адамның күні адаммен» деген. Осы күні оңаша пәтер, оңаша үйі болғанмен, сол бір тілектес, мүңдас, сырлас достарға айналып кеткен көршілері жетіспей-ақ тұрады. Арнайы іздеп бармасаң, не шақырмасаң, қайдан жолығасың!?
Дәл осы мезгілде коммунизмге жетеміз деп жүрген алып ел қас пен көздің арасында тас-талқан болып тарап кетті. Тарихтың дөңгелегі неткен жылдам, егемендік алғаннан кейінгі екі-үш жылда қоғам да, адам да, сана да мүлдем
өзгеріп кетті. Бұрынғы дұрысын бұрысқа, бұрысын дұрысқа айнала бастады. Еркіндік, бостандықпен бірге жұмыссыздық, жетіспеушілік, кедейшілік құрығын сүйрете келді. Мейлі, жалғыз бөлме болса да, баспанаң болғанға не жетсін?! Осыған да қолы жетпей жүргендер қаншама!
Кәсіпорын жабылған соң, әркім өз қамын өзі жасауға кірісті. Жеке кәсіпкерлік, сауда-саттық дегендей.
Бұлар екінші қыздары туылған соң, бұрынғы бөлмесіне тағы бір бөлме қосып алған болатын. Енді жекеменшікке айналдырып алған соң, әжептәуір үй болып қалды. «Әр баланың өз несібесі болады» – деп ойлаған өздерінше. Жұмыр басты пендеде арман деген біте ме. Сол жатақхананың екі бөлмесін реттеп, жөндеп, сатты да, туған-туыстарының көмегімен үш бөлмелі кәдімгі жайлы пәтер сатып алған. Төбелері көкке жетіп қуанды. Үш қызы мәз. Телефон, газ, ыстық су, суық су – бәрі бар. Жұмақ дерсің. Мүлік дейтін бұларда қайбір мүлік бар дейсің?! Ескі диван, темір керует, тоңазытқыш, телевизор ғана бар. Әйтсе де «Кедей болсаң, көшіп көр» демекші, зат-мүліктері үлкен жүк машинасына әзер сыйды. Жаңа пәтердің бөлмелері үлкен-үлкен. Қойған заттары көрінбей қалды. Терезелері кең де жарық. Құр қабырғалары қалқиды да қалды.
«Басымызда баспанамыз бар. Несіне уайымдайық. Елмен бірге көреміз», – деді әншейінде күйгелектеніп жүретін күйеуі осы жолы сабыр танытып. Жатақханадағы көңілді у-шуға үйреніп қалған бастары мұндай үйге үйрене алмай жүрді алғашында. Адамдардың түстері суық, бөтен, жат көрінеді көздеріне. Амандассаң, әзер амандасады. Тілдесейін десең тосырқай қарайды.
Бір күні Айбала балаларының киім-кешегін жуып, есік алдына жаюға шыққан болатын. Керілген жіпке жуылған киімдерді бір-бірлеп іліп жатқан.
- Апай, сәлеметсіз бе, – деді бір дауыс желке тұсынан. Жалт бұрылып қарап еді, көнетоздау киінген, өңі жүдеулеу, бетінің аздаған секпілі бар қара торы жүзді жас
келіншек имене қарап тұр екен.
- Амансың ба, сіңлім. Кел, кел, – деді ол жылы қабақ танытып.
- Ту-у, бұл жерде де қазақтар бар екен-ау. Жаңа бір жерде әлдебір қазақтар орысша сөйлеп, жерден алып жерге салып еді. «Ауылдан келген қаңғыбастар жүргізбейтін болды»,
«надоели» деп дүрсе қоя берді. Бірдеңе бер дегенім жоқ пәтер іздеп жүргенімді ғана айттым. Тым құрыса бір ауыз жылы сөзін айтса да болады ғой. Содан сізді көріп қуанып тұрғаным ғой, – деді жақын бір туысын тапқандай.
– Біз бұл үйге жақында көшіп келдік, бұрын жатақханада тұратынбыз, – деді. Айбала. – Үйбай, далада неге тұрмыз, жүр үйге кіріп сөйлесейік.
- Үйге кіргенім ыңғайсыз шығар, бейтаныс адаммын ғой, – деді келіншек тартыншақтап.
- Неге кірмейсің, қазақ емеспіз бе. Босағада тұрғаның жөн болмас. Бір-екі кесе шай ішесең, – деп Айбала қоярда- қоймай оны ішке кіргізді. – Айтпақшы, есімің кім, – деді Айбала дастарқан жайып жатып.
- Айжан.
- Жақсы ат екен. Отыр, қысылма, – деді шай құя бере. Адамдыайтқызбай-ақтүсінетіндігі,дастарқан жасардағы қолғабысы қатты ұнап қалған... Мұндай қасиет нағыз ауылда өскен қыздарда ғана болады ғой. Бір-екі
кесе шайдан соң, Айжанның мандайы тершіп қоя берді.
- Апай, рахаттанып қалдым ғой. Бүгін күні бойы тізе бүккем жоқ. Жөнді шай іше алмап едім. Сізге үлкен рахмет, – деді Айжан риза кейіппен.
- Қысылма, айналайын, Қанып іш!, – деді Айбала жаны ашып. Айжанның қиналып жүрген жайы барын ұққандай болды да: – Иә, Айжан шаруанды айта отыр, – деді сөз
арасында.
- Мен осы төңіректен пәтер іздеп жүр едім. Мынау іргедегі базардағы асханада істеймін. Тұратын жердің ыңғайын таппадым, туыстардың, таныстардың үйінде дегендей, анда бір, мұнда қона жатып, жағдайым болмай жүр. Қазір жалғызбастымын. Алты жасар қызым бар. Аға-жеңгемнің қолында қалды. Әке-шешем ерте қайтыс болып кеткен. Ауылда жұмыс жоқ, – деп Айжан бар сырын жайып салды.
- Бәсе, өзім де солай ойлап едім. Пәтер жалдап тұру дегенді біз де бастан өткердік қой. Мұнда жаңадан көшіп келдік. Әзірге ешкімді де танымаймын. Пәтерге жіберетіндер болса сұрастырып көрейін. Кейінірек хабарласарын, – деді Айбала қолдан келер басқа шара жоғын білдіріп.
- Апай, пәтер табуын таптым ғой. Бірақ, ақшасын бір айға алдын ала бер дейді. Ондай ақша менде қайдан болсын. Бөліп-бөліп төлеуге көнбей қойды. Не істерімді білмей басым әбден қатты. Екі-үш ай жұмыс істеп, жалақы алсам аяққа тұрып кетер ем. Қызымды да қолыма алып, осы жердегі мектепке оқуға берер едім, – деді Айжан жылармандай болып.
Айбала ойланып қалды.
- Біз де үйде бес-алты жанбыз.Қатты қиналып жүр екенсің,не істесем екен, – деп дағдарып тұрды да:
- Мүмкін, бізбен бірге тұрарсың,бірер ай жағдайың түзелгенше, – деді.
- Апай, шын айтып тұрсыз ба? –деп жас келіншек Айбаланы құшақтай алды.Өз құлағына өзі сенбегендей.
- Шын айтып тұрмын. Кешкісін сенің жағдайыңды ағаңа айтып көрейін. Түсінетін шығар. Ертең хабарлас.
- Апай, сізге рақмет. Жақсылығыңыз құдайдан қайтсын, – деп қуанышы қойнына сыймаған Айжан үйден шығып кетті. Кешкісін Айбала болған жайтты күйеуіне
жеткізген. Ол да қарсы болмады, өзің білерсің дегендей сынай танытты.
Айжан ертеңіне тым ертелетіп келіпті. Айбаланың есікті күлімдей ашқанын жақсылыққа жорыған болуы керек:
- Апай, ағай рұқсат берді ме?! Не шештіңіздер? – деді апыл-ғұпыл.Үміт пен күдік араласа тұнған көздері жәутең қағады.
- Заттарыңды алып, көшіп келе берсең болады.Бірақ әуелі шай ішіп ал, – деді Айбала оған.
- Рахмет, рахмет, – деп қуанған Айжан шайға қарамастан асыға басып кетті. Айжан жұмыстан кеш қайтады. Құрқол келмей, балаларға оны-мұны алады. Айбала: – Жоқтан өзгеге ақшаңды шаша бермей, өзіңе жина. Балаларға ештеңе алушы болма, – деді қатаң тапсырып. Айжан қолды-аяққа тұрмайтын пысық, ширақ, тындырымды екен. Үй ішін жиысып, ас-су қамдауға көмектеседі қолы қалт етсе..
- Қой, саған жұмыс істеткенім ұят болар. Онан да дем алсаңшы, – деп Айбала қанша айтса да болмайды. Бар шаруа біткен соң апалы-сіңлі жандардай шүйіркелесіп шай ішеді.
- Бұл төңіректе сырласып, әңгімелесетін ешкім жоқ. Сенің келгенің маған жақсы болды ғой, – деп Айбала ағынан жарылған.
- Апай, сізді маған құдай жолықтырған шығар. Бұл жақсылығыңызды өмір бойы ұмытпаспын, – деді.Айжан көзі суланып.
- Айжан, бұл туралы айта бермеші. Әйтпесе ренжіп қаламын, – деді Айбала.
- Әке-шешемнің кенжесі едім. Өзім ұнатқан жігітке тұрмысқа шыққам. Кездейсоқ жол апатынан қайтыс болды. Қатты қайғырдым. Кішкентай қызыммен жесір қалдым. Аға-жеңгем ауылда жұмыс болмаған соң: «Қалаға
бар. Мүмкін жұмыс табарсың, болмаса сауда-саттықпен айналыс. Қызыңа алаңдама. Үйдегі үш-төрт баланың бірі болып жүреді», – деп мені көндірді. Бір жағынан, әлі жас қой, теңін табар деп те ойлаған болулары керек. Ол емеурінді айтпай-ақ түсіндім. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген, тірі адам тіршілігін жасайды. Кім біледі, бәлкім, теңімді тауып қалармын деп те үміттенем, – деді Айжан сөзін жалғастырып.
- Саған жар, қызына әке болатын мейірімді жан табылып қалар. Әлі жассың ғой, – деп Айбала оны жұбатып қойды. Бірер айдан соң-ақ Айжанның тірлігі оңға басқан. Азын-аулақ ақша жинап, базардан орын алып, саудаға кірісіп те кетті. Өз ісіне пысық, жинақы, ұқыпты болғандықтан ісі алға жүре бастады.
- Сіздер мен үшін қысылып-қымтырылдыңыздар. Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын! Мен жеке пәтер таптым, – деп Айбаладан рұқсат сұрады.
Бір күні Айжан:
- Тағы да біраз тұра тұрсаң да болар еді ғой. Несіне асықтың. Мейлің, солай шешсең бопты. Бірақ үйдің есігі сен үшін әрқашан ашық. Ұмытпай келіп тұр, – деді Айбала Айжанды шығарып салып жатып.
Екеуі бірін-бірі қимай көздеріне жас алысып, сүйісіп қоштасты.
Айжан Айбаланікіне реті келгенде соғып тұрады. Екеуі әңгімелесіп, шай ішеді, сырларын айтысады.
- Өзің әдеміленіп, тым сұлуланып кетіпсің. Киімдерің де жарасып тұр. Менен ещтеңе жасыра алмайсың. Көздерің бәрін айтып тұрған сияқты, – деді Айбала оған тағы бір келгенінде.
- Ту-у, апай! Не деген сезімтал едіңіз. Бәрін қайдан біліп қойдыңыз, – деп Айжан қызараңдап қалды.
- Бұған дейін де сөз салған кісілер болған. Бірақ кішкентай қызым бар екенін білсе болды, ат-тондарын
ала қашады. Кейбіреулері уақытша ермек еткілері келеді. Бұл еркек дегендерді қойсаңшы. Әйелі, бала-шағасы барлар да айналдырады. Ұят-жоқ қой оларда, – деп Айжан мұңын шақты. – Жақында өзімнен біраз үлкен бір кісімен таныстым. Жібі түзу жан сияқты. Үйленейік деп ұсыныс жасады. Не істерімді білмей басым қатып жүр.
- Саған не ақыл берейін. Өзің де бала емессің. Оң- солынды танып қалдың. Әйтеуір бәрін ақылмен шеш.
«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген. Алданып қалып жүрме. Қазіргі адамдар қиын болып барады ғой, – деп Айбала білген ақылын айтқан. Арада үш-төрт ай өтті. Айбала үйге оны-мұны , майда-шүйде алғалы базарға барған болатын. Кездейсоқ Айжанға ұшырасқан. Хал- жағдай сұрасып, қуансып қалды.
- Апай, мен әнеукүні айтқан кісіге тұрмысқа шықтым,
- деді ол жүзі бал-бұл жайнап.
- Айналайын, бақытты бол. Ұзағынан сүйіндірсін. Қосағыңмен қоса ағар, – деп Айбала ыстық ықылас білдірді. – Қап, білмей қалдым. Сыйлығымды сонан кейін реті келгендде берейін.
- Апай, ештеңенің керегі жоқ. Сіздің жақсылығыңызды өмір бойы ұмытпаспын, – деді ол қоштасып.
Сонан соң арада тағы да біраз уақыт өтті. Ойда жоқта Айжанға жолығып қалды. Бес-алты жас шамасындағы қыз баланы жетектеп алыпты.
- Мынау менің қызым. Аты – Жұлдыз, – деді Айжан.
- Е-е, айналайын, Жұлдыз десе жұлдыздай әдемі екен. Бақытты болсын, – деп Айбала кішкентай қыздың маңдайынан сүйді.
- Өзің қалайсың. Ай-күнің жақындап қалған сияқты. Қыз ба, ұл ма күткендерің? – деді Айбала мейірлене жымиып. – Аман-есен босанып, қол-аяғынды бауырына алуына тілектеспін.
- Рахмет, рахмет, – деді Айжан. Даусы біртүрлі
көңілсіздеу шығып.
- Не болды, көңіл-күйің жоқ қой. Әлді бір жерін ауыра ма? – деді Айбала күдіктеніп. Осыны күткендей:
- Апай, мен масқара болып қалдым ғой, – деп Айжан еңіреп жылап қоя берді.
- Қой, даусыңды шығара берме, қызың қорқып қалар. Сабыр қыл, не жағдай, – деді Айбала оны құшағына алып, маңдайынан сипап басу айтты.
- Мен алданып қалыппын. Әлгі кісі әйелі, бала-шағасы бар біреу болып шықты. Мені алдаған екен. Енді не істерімді білмей дал болып жүрмін.
- Болар іс болды. Сен көп нәрсе ойлай берме. Ішінде бала барын ұмытпа. Қалғанының бір мәнісі болар. Айтпақшы, қайда тұрып жатырсың өзің?
- Таныс құрбымның пәтерінде. Сіздерден алыс емес.
- Е-е, онда жақсы екен. Көп уайымдай берме. Бірдеңе қажет болса, мына Жұлдызды жіберерсің. Әйтпесе, телефон соғарсың, – деп Айбала Айжанды жұбатып, қош айтысты.
Бір күні Айжанның қызы Жұлдыз асығыс жүгіріп келді. Өңі бозарып кеткен. Сөйлей алмайды. Бар болғаны:
- Мама, мамам, – дей берді екі көзі жасқа толып. Айбала Жұлдызды жетектеп асығып-үсігіп жеткен.
Сөйтсе, Айжан үйде босаныпты. Жедел жәрдем шақырып үлгермепті. Сәбидің кіндігін де өзі кескен. Айбала тез дәрігер шақыртты да, Айжанды шақалағымен перзентханаға жөнелтті. Екі күннен соң перзентханаға Айжанды іздеп барған. Ана мен нәрестенің де жағдайлары жақсы болғандықтан, ертерек шығарып жіберіпті. Үйдің де, пәтердің де нөмірін ұмытып қалыпты, әрең тапты. Жөргек, киім-кешек тағы да басқа заттар алып Айжанға келді. Оның қазір ақшасы жоғын білетін. Жұмыс істемесе ақша қайдан болсын!? Біраз азық-түлік апарды, азғантай ақша берді.
- Апай, сіз болмасаңыз мен не істер едім. Өмір бойы қарыздармын, – деп көзіне жас алды Айжан.
- Сен жылама, мықты бол. Енді балаң біреу емес, екеу. Өзің үшін емес, осылар үшін өмір сүресің, бекем бол,
- деді Айбала. – Бірдеңе қажет болса, Жұлдызды үйге жібер...
Үш-төрт күннен кейін Жұлдыз келіп тұр. Қолында тілдей қағазы бар. Айжан беріп жіберіпті.«Апай, тіпті нанға да ақшамыз қалмады. Сізден ұялып қанша шыдасам да болар емес. Өзіме емес, балаларыма қиын тиіп тұр. Шамаңыз келгенше азық-түлік, қаржы жағынан қарассаңыз», – депті.
Үйдегі бес-алты жан азын-аулақ жалақыға қарап отыр. Қайтеді, қол ұшын, бермесе болмас. Айбала қолына ұн, қант, майға қоса шамалы ақша берді де Жұлдызды шығарып салды.
Одан соң да шамасы жеткенше Айжанға қол ұшын беріп тұрды. Сәбиі жасына толысымен Айжан қайтадан базарға сауда жасауға шығып кетті. Түске дейін үлкен қызы балаға қарайды. Түстен кейін күтуші әйел қарайды ақысын алып. Анда-санда қыздарын ертіп Айбаланікінде болып кетеді. Бірде: «Апай, «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, жасы үлкендеу болса да біреуді тауып берсеңізші. Мына екеуін асырап-бағу жалғыз өзіме оңайға соғып жүрген жоқ. Осылар үшін бәріне шыдап өзімді құрбандыққа шалуға әзірмін. Алатын адам болса оты мен кіріп, күлімен шығар едім», – деп мұңын шақты.
Айбала үндемеді. Үндемегені– ойында оған көздеп жүрген адамы да бар еді. Бірақ, әзірге Айжанды алдын- ала дәмелендіргісі келмеді. Әуелі сол адаммен сөйлесіп көруді жөн санады. Жақында көрші үйге Талдықорғаннан бір кісілер көшіп келген болатын. Ауылдың қарапайым адамдары. Сөйлесіп, танысып қалған. Сөз арасында әжей үлкен ұлының жасы елуге келіп қалғанын, бірақ
жалғызбасты екенін, соны үйлендірмей жаны тынбай айтқан болатын. Ұлы ақылды, жуас, момын екен. Алдында біреуге үйленіп, ажырасып кетіпті. Анау әйел үлде мен бүлдеге оранып алып, ақшасын, дүние-мүлкін жинап, бір түнде тайып отырыпты. Оның үстіне қалаға да үйрене жүргендіктен бе, анда-санда ұрттап қоятыны көрінеді. Бірақ салынып ішкен емес, ешкімге зияны жоқ. Айбалаға: «Ұлыма реті келсе біреуді таныстырсай қарағым, сауабына қаларсың» – деген. Әжейдің ұлының аты –Асан. Айбаламен сырттай таныс, амандасып жүреді. Бұл әңгімеден кейін ол Айжанға осы жайдың шет-
жағасын жеткізген.
- Апай, сіз айтсаңыз болды. Жөні дұрыс кісі болса, етегінен ұстайын, – деді ол бірден көне кетіп.– Тіпті қыздарымды атына жаздыртайын.
Сөйтіп Айбала Айжанды ретін тауып Асанмен таныстырған.
- Жас бала емессіздер.Ар жағын өзара шеше жатарсыздар, – деді ол. Содан кейін Айбала Айжаннан жеті-сегіз ай көз жазып қалды. Бірде Асан кепті, Айжаннан дерек білейін деп.
- Аға-ау! Сізді таныстырдым, жолықтырдым. Енді кеп оның жөнін менен сұрағаныңыз қалай? Өзім де біраз болды, Айжанды көрмедім, – деді аң-таң болып.
- Әйелден жүрегім шайлығып қалған басым. Ары ойланып, бері ойланып, ырғалып-жырғалып жүргенде таппай қалдым ғой. Іздемеген жерім жоқ.
- Аға-ау, ұнатсаңыз сол кезде-ақ шаужайына жабысатын адам едіңіз ғой. Қыздарынын фамилиясын сіздің атыңызға аударатын болып шешкен. Сізге одан артық қандай дәлел керек, оның кет әрі еместігіне, – деп Айбала күйіп-пісті.
- Кешір, айналайын. Менен білместік бопты. Ақымақ басым соны енді түсіндім, – деп Асан басын шайқап өкінішін білдірді.
Арада үш-төрт жыл уақыт өтті. Бірде Айбала кенже қызын ертіп киім-кешек сататын базарды аралап жүрген болатын.
- Апай, сәлеметсіз бе, – деп бір келіншек құшақтай алды да, бетінен сүйді.
- Апыр-ау! Қайдан көріп едім. Жүзің таныс сияқты ғой, – деп есіне түсіре алмай қиналды.
- Танымай қалдыңыз ба, мен Айжанмын ғой, – дегенде барып сасқанынан:
- Амансың ба, қыздарың өсіп жатыр ма, дені-бастары сау ма? – деді үстемелетіп. – Өзің әдемі болып кетіпсің. Тіпті, танымай да қалдым ғой.
Шынында да Айжан сұлу, көрікті келіншекке айналыпты. Шаштарын келтелеу қылып қидырып, сәнді киініпті. Бәрі өзіне жарасып тұр. «Әйтеуір, жағдайы жаман емес сияқты», – деп ойлады Айбала.
Жанында өзі қатарлы, орта бойлы, қара торы, жылы жүзді, қияқ мұртты жігіт бар. Бұл кім екен деп ойлап үлгергенше, Айжан: – Мынау күйеу балаңыз болады, – деді соны білгендей.
- Бақытты болыңдар! Дұрыс болған екен. Не тұрыс?! Үйге жүріңдер, қонақ боласыңдар, – деді Айбала шын көңілмен.
- Рахмет, Айбала апай! Біз қазір Талдықорғанда тұрамыз. Сауда-саттықпен айналысамыз. Тауарға келген бетіміз. Сау болыңыз, – деді бетінен сүйіп қоштасып. Айбала қол ұстасып кетіп бара жатқан Айжан мен оның күйеуінің соңынан сүйсіне қарап, ұзақ тұрып қалды...
КЕРБЕЗ КЕЛІНШЕК ІЗДЕП ЖҮРМІН
Әзіл-шыны аралас
Ертең жол жүретін болғандықтан, кешкісін суға шайынып алғам. «Осы сен үйде жұмыс түк істемейтін болдың. Тым болмаса қоқысты төге салсаң не етеді», – деп келіншегім қабағын шытқан соң,сыртқа шығып айтқанын орындауға тура келді. Қыс ауасы. Далада әжептеуір ызғар бар. «Әй-й суық тигізіп алмасам жарар еді деп ойлап ем. Сол ойдан бойым тіксініп жаурағандай болдым. Шынымен-ақ таңертең ерте оянсам, сол иығым шаншып, мойыным бұрғызбай қалыпты. Енді не істеймін?!
«Мойның бұрылмай қалса, кербез келіншектің артынан сәлем салу керек», – деген ырымды бала кезімнен есітіп өскем. Бірді-екілі рет оны жасап та көргем. Сол әдетпен жұмысқа келе жатып кеңсеге жақындай бере жан-жаққа көз тігіп әрлі-берлі өткендердің арасынан кербез келіншек іздеймін көзбен.Көпшілігі қыздар, кәрі-құртаңдар.Бірге жұмыс істейтін бір-екі қыз өтті.
- Аға, саламатсыз ба, ішке кірмейсіз бе?
- Қазір кіремін ғой. Кербез келіншек іздеп жүрмін.Олар аңтарылып бетіме қарайды. Мойным бұрылмай қалғанын қайдан білсін! Ешкім кездеспеген соң, амалсыз кеңсеге кірдім. Келсем жиналыс басталып кеткен екен.
- Қайда жүрсіз кешігіп?
- Жолда мінтірескен көлік.
- Ойбай-ау, сіз мені алдап тұрсыз ғой. Жаңа ғана кербез келіншек іздеп жүр, – деп естідім. Оныңыз не таң атпай,
кешкісін де кездесуге болады ғой. Оның үстіне әйелі бар, бала-шағасы бар емес пе, – деп бастық бастырмалатып кетті. Мойным бұрылмай қалды деп қайдан ғана айта қойып едім. Қызметтегі қыз-келіншектер жымың-жымың етеді. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей кеңседегі кешке дейінгі әңгіме мен туралы болыпты.
Ол ол ма, түс кезінде келіншегім мен жоқта іздейді телефон соғып. Әйелім екенін қайдан білсін, ойында ештеңе жоқ бір қызметкер:
- Ол кісі сізді таңертеңнен бері тосып жүр деп естіп ем, – дейді
Келіншегім:
- Мен оған барам деген жоқ едім ғой, – дейді таңданып.
Ол:
- Қайдан білейін. Өзі айтыпты ғой бір кербез келіншекті тосып жүрмін деп, – дейді. Ашуланған келіншегім телефон тұтқасын тарс еткізіп орнына тастай салады.
Одан хабарым жоқ мен кешкісін үйге келдім. Үйге кірер-кірместен келіншегім тарпа бас салып, бұрқан- тарқан ашуға мінді.
–.. Сен өзі жұмыста отырмайды екенсің ғой. Кербез келіншегім іздеп кетті деп естідім, оның не, – деді жүзі түтігіп.
- Қайдағы келіншек?! Сен не айтып тұрсың өзі...
- Жұмысқа телефон соққам. Өзің сөйтіп айтыпсың ғой!
Әйелімнің сөзіне не жыларымды, не күлерімді білмедім.
- Кеше кешкісін суға түскен едім.
- Иә, сонан соң.
- Сонан соң желең күйде далаға шықтым. Әйелім әлі де сеніңкіремейді.
- Дала тым салқын екен. Содан мойныма суық тиіп. Таңертең тұрсам мойным бұрылмай қалыпты. Сәл
қимылдасам жаным көзіме көрінеді. Сол үшін сені оятып айтуым керек пе еді. Тек ауылда «Мойның бұрылмай қалса кербез келіншектің артынан сәлем сал» деп жататын. Жазылғандарды көргем, сондықтан ғой далаға шығып кербез келіншек іздеп жүргенім....
- Келіншегім ішек-сілесі қатып жатып леп күлсін. Тоқтай алмайды ғой. Мен байғұста ұрысу түгілі, дауыс көтерер шама жоқ, мойным қозғалмайды. Жақ ашуға дәрменсізбін.
- Е-е, бәсе, солай ма еді?! Мен қайдан білейін. Сені бір кербез келіншек күтіп сыртта жүр деп естідім ғой, – деді сөзіме енді сенгендей.
- Уһ-һ, – дедім. Шынында да сөзді абайлап айтпаса болмайды екен.
МИНИСТРДІҢ ҚҰДАСЫ
Әңгіме
Вокзалға жеткенім сол еді, поезд келіп тұр екен. Өз вагонымды тауып алып ішке кірдім. Әуелі вагонға кірген кезде бөтен біреудің үйіне кіріп кеткендей тосырқап тұрасың. “Кемедегінің жаны бір” дегендей келе-келе оған да үйренесің. Жан-жағыма бажайлап қарап, қандай адамдар бар екен деп аңдайсың. Бұл күй жалғыз менің ғана басымдағы емес. Әрбір жолаушының басындағы жай. Көршім қателеспесем өзімнен төрт-бес жас үлкен, қияқ мұртты, толықша келген, жылы жүзді жігіт ағасы екен.
- Ассалаумағалейкүм, – дедім қолымды ұсынып
- Уағалейкүмассалам, – жол болсын!
- Арысқа бара жатырмын.
- Мен де Арысқа барамын. Жолымыз бірге екен, жақсы болды. Екеуміз де қуанысып қалдық, жолсерік табылды.
- Қайда тұрасың?
- Алматыда. Негізі – сол Арыста туып-өскем.
- Е-е өзіміздің ауылдың баласы екенсің ғой!
- Иә, ауылға жайша бара жатырсың ба?
- Бір үлкен кісі туралы естелік кітапқа материал жинауға бара жатырмын.
- Ол ауылдың бәрін танимын ғой. Ол кісі кім,құпия болмаса?! Мен ол кісінің аты-жөнін айттым. Қайын атам екенін жасырмадым.
- Ой-й, ол кісіні білемін ғой,кім білмейді ол кісіні. Жақсы адам еді жарықтық. Бұл істерің өте орынды болған.
Істерің сәтті, қайырлы болсын.
Кітап жазу жайлы жоспарым бар. Бірақ бірде-бір жолы жазылмаған.Сонда да алғашқы жолыққан кісімнің жылы лебізін жақсылыққа жорыдым. “Жолым болады екен” деп түйдім іштей. Содан соң жол-жөнекей бірге шай іштік. Әңгіме одан әрі өрби түсті.
- Өзіңізге жол болсын? – дедім ол кісіні сөзге тартып.
- Алматыдан министр құдам бар еді, сол үйдегі құдағи сырқаттанып қалған ғой.Сол кісінің көңілін сұрауға бардым. «Қымызды кім ішпейді, қызға сөзді кім айтпайды», – дегендей «министр құда» дегенге елең ете түстім.
- Құдаңыз шынымен министр ме? – дедім аң-таң қалып.
- Ия, шынымен, – деп ол кісінің яғни министрдің аты- жөнін атады.
- Министр адам пенде ғой, оның несіне таңғаласың, інім?! Өкініштісі, «Құдайдың көзі жақсыға түседі» дегендей ол кісі жақында бақилық болып кетті.
- Сонда қалай құда болып жүрсіздер. Қыз бердіңіз бе, әлде келін алдыңыз ба?
- Е-е, ол ұзақ әңгіме, – деп ол сөзін бастап кетті. Әрі қарай мен тек тыңдаушымын.
- Біз ол кісінің қызын келін етіп алдық. Менің қайын жұртым Арыстың өзінде тұрады. Қайын ағам кісі өмір бойы темір жолда қызмет істеген қарапайым теміржолшы. Ол үйдің тұңғыш қызы – біздің үйдегі жеңгең. Қайын атамның ортаншы ұлы жаңағы министрдің қызына үйленген.Қалай құда болғанымызды айтсам, әңгіме қызық. Сол қайным Алматыға КазГУ-ге түсті, қазір
«КазМУ» – деп жүр ғой. Біздің тіліміз әлі үйренбей жатыр. Мен өзім қызмет бабымен Алматыға жиі баратынмын. Әр жолы қайын енем баласына құрт-май, ірімшік, талқан дайындап беріп жіберетін. Сол қайным төртінші
курсты аяқтаған кезде барып қалдым. Алматыда өзіміз де студент болғанда қайбір жарытып тамақ ішіп жүрдік, – бір тойдырайын деп ресторанға апардым. Сөзге тартсам көңілсіз, жүні жығылып қалыпты. «Бір жерің ауырып жүр ме», – десем, жоқ дейді. Енді не десем басын қасып күмілжиді. Мен сенен сабақты емес. Мектепті жақсы бітірдің. Өз күшіңмен оқуға түстің, не болуы керек. Бала, бала деп жүрсем. Бұл неменің жігіт болып қалғаны тарс есімнен шығып кетіпті.
- Не болды, сүйген қызың бар ма еді, үйленейін, деп пе едің, – деп мәселені тікелей қойдым.
Ол басын изеп, «иә» дегендей болды,
- Онда не тұрыс, әке-шешеңе хабар берейік, – дедім.
- Айтпақшы кімнің қызы, қай жақтан. Ол кімнің қызы екенін айтқанда шалқамнан түсе жаздадым.
- Кімнің?! Әлгі анау министрдің бе?! Шын айтып тұрмысың?!
- Ол өзі министр болса қызын мынау саған, қарапайым темір жолшының баласына жетектете салады деп тұрсын ба. Қыз өзі көніп тұр ма?
Ол қыз өзіммен қай жаққа болса да баруға дайын екенің айтты. Кілтипан шешесінде болып тұр екен.
- Өй, сен де. Ауылда басқа қыз құрып қалғандай, – деп қынжылдым.
- Амал жоқ. Қыздың шешесімен кездесуге бел будым.
Қайнымды жіберіп ресторанға шақырдық. Қыз бен шешесі екеуі де келді. Қыз қаланың қызы сияқты емес ибалы екен. Әжесінің бауырында өскен екен.
Ата-ана емес пе.
- Балаларын қалай тәрбиелеген? Қаршадай басымен әбден айналдырып алыпты, қызымды арман жүрсін деп,
- дүрсе қоя берді.
–.... Ойбай, менің көріп есітіп тұрғаным осы. Бұларың балалық, – деп әрең бастым.Қыз болса егіліп отыр.Біраз
ұрыс болып әзер басылды.
- “Теңін тапса тегін бер” деген бар.Қай ел қыз бен бала бірін-бірі ұнатса не істейміз деп... құдағи ләм-мим демеді.Ертеңіне қайным қонақ үйге жетіп келді.Бізді үйге шақырып жатыр.
- Кім?
- Ана кісілер.Құдаларыңыз.
- Қайдағы құдалар.Әлі ештеңе шешкеніміз жоқ, – дедім ашуланып.
Мен ауылдың қарапайым адамымын. Бар болғаны бір кеңшардың инженерімін. Ауылда абыройсыз да емеспін, ел-жұрт сыйлайды.
Ал енді анау министрмен не деп сөйлеспекпін. Соны ойлап қатты састым. Тәуекел деп тәуір деген киімдерімді киіп алып, баланы жетелеп айтқан мекен-жайға жетіп келдік. Келіп жүрген жері емес пе. Бала лезде алып келді. Құдағимен көз таныс болып қалдық қой. Құда қандай кісі екен деген оймыен келе жатып үйге де келіп кірді. Есікті болашақ келініміз ашты. Ар жағынан ашық жүзді, ұзын бойлы жігіт күлімсіреп қолын ұсынды. Аты-жөнін айтып айта бастап еді:
- Ойбай, аға-ау, басқаны білмесек те сізді білеміз ғой, – деп сасқалақтадым.
- Өзіңізді көріп, қол алысып кездесеміз деген нәрсе ойыма кірмепті де.
- Ойбай-ау, бізде де жұмыр бас пендеміз ғой. Бәріміз де емес қызмет етіп жүрген адамдармыз ғой, – деді қысылып- қымтырылып тұрғанын аңғардым.
- Мына баланың аса аңғырттық жасап қоймағаны ғой. Қайтеміз енді?! Бірін-бірі ұнатып қалған сияқты ғой, – деп ақталып жатырмын.
Сонымен төрге шығып үстел басына жайғастық. Бекерге үркіппін. Министр құда өте қарапайым адам болып шықты «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөз
осындай кісілерге арнап айтылғандай. Ол еліміз, жеріміз, шаруашылық жайлы көп сұрады.
- Сізден көп мәлімет алдым ғой. Елдегі жағдай туралы өте құнды мұндай мәліметті менің көмекшілерім де тауып бере алмайды. Біз іс басындағы қарапайым адамдардың арасында көп болып, солардың мұң-мұқтажын жақсы білуіміз керек, – деді.
Ас-су ішіп болған соң негізгі шаруаға көштік. Министр құда қызын шақырып алып, жігітті шын ұнатасың ба? – деп сұрап алды. Қыз байғұс не десін. Төмен қарап тұрып: Иә, – деп басын изеді.
Сонымен той қамын жасайтын болып келістік. – Дос- жарандар, туған-туыстары бар дегендей – Қызымызды өз қолымыздан ұзатып той жасаймыз. Ар жағын өздеріңіз біле жатарсыздар. Күнін белгілейік. Сіздерге хабар береміз деп, – ойын ашық кесіп айтты.
Бұл мәселенің оп-оңай шешілп кеткеніне аң-таң қалған басым адамға қызмет дәрежесіне қарай сөйлеп қалған басым, ол кісіні аты жөнін ресми түрде аузыма ала берген ем: – Жарайды, кеңседе отырған жоқпыз ғой. Оның үстіне құдай қосқан құда боп жатырмыз, – деп жылы ұшырай орнынан тұрып.
- Құда десең де, өзің біл. Аға десең де өзің біл, – деп жатыр.
Қапелімде аузыма сөз түспей сасқалақтап:
- Рахмет, рахмет, – дей беріппін.
Үйден төбем көкке жеткендей болып, аяғым жерге тимей шықтым.
- Әй, өзің мықтысың. Анау-мынау емес министрдің қызына үйленгелі жатырсың, – деп қайнымды арқасынан қақтым.
Бұл шешілген мәселе. Енді ауылға қайын жұртқа хабар беру керек. Қайын енемнің мінезін білемін:
- Ой-бай, баламның басын айландырып алған. Күшік
күйеу болып кіреді. Үйленер болса ауылда да қыз жетеді. Министрмен құда болған немізді алған, – деп байбаламға басарын білемін. Сол ойлармен поезға отырып, Арысқа да жеттім. «Арыс» деп отырғаным сол өзен жағасы, Арыс қаласының станциясы.
Әуелі өз үйіме келіп, жағдайды келіншегіме айттым.
«Министрмен құда болғалы жатырмын» деп ем:
- Апыр-ау, өтірігің бе, шының ба? – деп сенбей қойды.
- Әй өзім шаршап келдім. Өтірік сенсең не сенсең деп ашуландым. – Бар оданда әке-шешеңе барып жағдайды айт. Айтқанда бірден қойып қалмай жайлап қана жеткіз.
Мен айтқандай енеміз біраз «бала асырадық», – байбалама салыпты. Көпбай қайда барсың, әкесінің құлағына жеткен соң. Сонымен құдаларынан хабар келеді. Артынып-тартынып Арыстың жүзімін, алмасын, қауын-қарбызын, әдемі бұйымдар, киімдерді алып тартып кеттік. «Әй тойда, өңшең министрлер болады жөндеп ішіңдер» – деп қоям әзілдеп.
Шынында тойда үлкен кісілер, жауапты қызметкерлер болды. Той үлкен ресторанда өтті. Қызмет дәрежеге қарамай бәрі құдалар құтты болсын, балалар бақытты болсын деп жатыр.
Қалай қабылдар екен деп бәрібір жүрексініп қобалжығаным рас. Алайда бәрі ойдағыдай болды. Құдалар арасындағы сый-сыяпат жасалды. Құйрық-бауыр жесіп құдай қосқан құдалар болдық. Қыз ұзатылды.
Ауылға келген соң көп ұзамай қайын-жұрт балаларының үйлену тойын шама-шарқынша күтті. Алматыдан бір топ кәрі жас, құда-құдағи келді. Ал министр құда қызмет бабымен келе алмаймын деп кешірім сұрады. Реті келгенде соғатынын айтты. Ол кісі тек мені ғана құда деп сұрастырып телефон соғып тұрады. Ауылдағылар «Әй, министр құдаң хабарласып тұра ма» – деп сөзбен қағытып жатыр. Ауыл басшылары, шаруашылық басшылары:
«Шынымен министр ме?» – деп сенбестік сыңаймен қайта-қайта сұрайды. Оңдайда ашуланып: – сенбесендер қарандар да тұрындар. Сонда келген соң көрерсіңдер деймін. Құдай аузыма салды ма? Бір күні министр құдамыз телефон соғып: Хал-жағдайды сұрасып Шымкентте үлкен жиын өтетінің, біраз кісілермен реті келсе бірер сағатқа келетінің айтты. Қатты әбіржіп әуреленбеулерін тапсырды. Ауыл Арыстың жағасында екенің
- Әлгі Шәмшінің әніндегі Арысым ба, – деді.
- Иә, дәл өзі, – деді.
- Онда міндетті түрде барам, – деді көңілденіп.
- Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады деген бар емес пе. Әуелгіде сасып қалдым, бірақ сасатын ретім жоқ екен. Құдаға соятын малым, қымыз, шұбат жетеді оны-мұны Шымкенттен әкелермін деп шештім.
Сөйткенімше болмай ауыл басшылары жетіп келіпті. Аудан әкімдігіне құлақтаныпты. Содан қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Әшейін мирзаяқ талабын қоймақ шаруашылық басшылары. Киіз үй тігіп сонда күтіп алғылары клген екен. Құда әуелі өзімнің құдама кіремін, сонан соң көреміз депті.
Үйдің айналасын тазалап, адам танымастай болып қалды. Арыстан Қараспанға жете бере кілт Оңтүстікке бұрылып бұрандай ағып теміржолға жақындай түсіп жарлауыт жағаға сүйкене қайтадан доғадай иіліп қайтадан оңтүстікке бұрылып, қаланың іргесінен өтеді. Шымкенттен шыққан тасжол Арысқа жеткенше өзенді екі жерден кесіп өтеді. Екі жерде көпір салынған. Арыс өзені сол бірінші көпірге жете орта тұста пайда болған. Аралшық айнала қақ бөлініп ағып 40-50 метрдей жерде қайт қосылады. Аралшықтың ені де 40-50 метрдей. Өзеннің қос қапталы ешкітал, жыңғыл, қамысқұрақ. Су тасып қайтқанда жоғарғы жыңғыл тал батпақта араласып содан пайда болған шамасы. Жайқалып өскен шөп, 3СӨЗ
етегі құм. Міне сол жерге шығып, шатыр тігіліп жергілікті басшылар министрді күтуге дайындалуда. Бұл жерде қымыз, шұбат, қазы-қарта, кәуәп, жеміс-жидек дегендей. Әйтеуір дастарқанға керектің бәрі бар. Әні-міні дегенше үлкен шет елдік Мария автобусы келіп жетті. Апырау мына кісі тым қарапайым екен. Не вертолетпен, не алды- арты күзеткен арнайы машинамен жүру керек еді, – деп ел таң қалысты. Жай кезде қабылдауыма кісі кіре алмай шаршайтын жергілікті әкім қаралар құрдай жорғалап қызмет жасап зыр жүгіріп жүр. Не де болса көзге түсіп қалайын. Зәруде бірде болмаса бірде пайдасы тиіп қалар деп үміті барын жасырар емес қой. Құда қоймай қайта- қайта қасына шақырды. Өз үйімде өзім қонақ болам ба деп қипақтаймын. Ауылдың әнші, күйшілері қалысар емес. Кезек ән мен күйде. Бірер сағат өткен соң: – Әлгі Арыстың жағасына барып бір-бір суға сүңгиік деді. Қолпаштаған көп:
- Барамыз, барамыз дуылдасты – Қалай жылдамсындар. Қашан үлгергенсіңдер деп жатыр. Шатырдың жанындағы дайындықты көріп.
- Апыр-ай, Арыс десе, Арыс екен-ау, талай өзен көріп едім, бірақ мынандай әдемі сұлу өзен екен. Шәмшінің әні не деген сұлу, десем Арыс жағасында әнге қосқан өзен екен-ау деп қалдым. Құда ақкөңіл, ақылды, сенгіш.
- Құдеке, Шәмші әні тап осы жерде туған, – дедім.
- Апыр-ай, шынымен бе, – деді.
- Ал, құда ән үшін, Шәмші үшін алып қояйық.
- Бұл Арыста әр қарыс, әр сүйем қасиетті, киелі екен. Оған көзім жетіп отыр. Келген қонақтар қайта-қайта суға сүнгіп, құмға ойнап, дәмінен ауыз тиіп, күн бата жолға жиналды.
- Ал, құда ықылас-ниеттеріңізге рахмет.Қазақтың да көркем, көрікті жерлері бар екен. Дәм-тұз тартса тағы келуге жазсын, – деді министр құда қоштасарда. Орамал
тойға жолға азды-көпті кәделерді істеп аттандырып салдық. Содан Алматыға соқсам хабарласпай кетсем ренжимін. Сондықтан тым болмаса сәлем беруге барамын. Бірақ қонақ қылмай, қондырмай жібермейді. «Құданы күтеді жақсыға түседі» деген рас-ау. Нағыз бабында жүрген кезде науқастан қайтыс болды. Тек құдаммен ақкөңіл, ашық жарқын, жақсы бір ағамнан айрылғандай боламын. Осы күні Алматыға соқсаң міндетті түрде құдамның үйіне құран, дұға оқып кетемін құдағидың көзі тірі. Қаным осы Алматыда қызметте келін екеуі балалы- шағалы.
–. Міне осы жолы да соқтым, – деді көршім. Әңгімесін аяқтап.
- Рас, алғашында министрдің құдасымын дегенге онша сене қоймағанмын, біздің Қазекең бір нәрсе айтып, жасырар емес. Ал, бұл жолы әңгіменің растығына көзім жеткендей болды.
СЕЗІМ
Әңгіме
Әбсеметтің жасы алпысты алқымдап қалған. Орта бойлы тәпелтек келген, тығыншықтай қара торы кісі. Бұл жастағылардың көбісінің шашы бурыл тартса, Әбсеметтің басында бір тал ақ қылау жоқ. Жүріс-тұрысы, қимылы ширақ. Сонау Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударып келгеніне оншақты жылдың жүзі болған. Ата- бабалары кешегі Кеңестік дүрбелең кезінде сол жаққа қоныс аударған. Сол Кеңес Одағы тарап әр ел өз алдына отау тіккенде замана желінің ауанын аңғарған үлкен ақсақалдар: «Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Өлсек сүйегіміз осы жерде қалады. Қартайғанда қайда барамыз?! «Есің барда, елің тап» дегендей туған жерге қоныс аударғандарың дұрыс болар», – деп ақыл айтқан. Рас, өзбектерге ешқандай өкпелері жоқ. Қиын- қыстау кезеңдерде қанаттарының астына алып қол ұшын берді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды, ұмытпайды да. Міне сол алғашқы қоныс аударушылардың легімен Әбсемет те ежелгі ата-баба қонысына табан тіреген. Бұған дейін Ташкентте жол қүрылысшы инженерлері институтын бітірді. Біршама уакыт жол салатын мекемеде еңбек етті. Мұнда келген соң да Қазақстанның әр өңірінде мамандығы бойынша қызмет жасады. Жас келген сайын жиі іссапарға шығу, вахталық әдіспен жұмыс істеу ауыр тиді. Жиған аздаған тиын-тебеніне қала іргесінен бұрын саяжай болған кішкентай үйді сатып алып, жамап-жасқап, жөндеп әп-әдемі құттыханаға айналдырған. Оған да
шүкіршілік. Алматыда үйің болса екі қолға бір жұмыс табылады ғой. Үй-жайын реттеп алған соң, Алматыдағы жеке компаниялардың біріне қарауылдық жұмысқа тұрды. Екі кісі кезектесіп істейді. Екі күн жұмыста болса, екі күн үйде. Бел ауырып, мұрын қанайтын жұмыс жоқ. Кірген- шыққан кісілерді қадағалайды. Одан қалса жұмыс аяғында ауланы тап-тұйнақтай етіп тазалап қояды. Бұл компанияда еңбек еткендердің бірлі-жарымы болмаса, қалғандарының дені – жастар.Көпшілігі қыз-келіншектер. Жастары отыздың о жақ, бұ жағында болса керек. Компания қай салада қызмет жасайды о жағында Әбсеметтің шаруасы шамалы. Қызметі – күзет болғандықтан тек соны ғана біледі. Айтқанды қалт еткізбейтін елгезек, артық-ауыс сөзі жоқ Әбсеметті басшылық та, қызметкерлер де ұнатты, үлкенге де, кішіге де «сіз» деп тұратын сыпайылығы баршаға үлгі десе де болғандай. Шылым шегу, арақ ішу сияқты теріс әдеттерден бойын аулақ ұстайды. Жақсы адамға тән қасиеттер бір басына жетіп артылады.Тек жеке өміріне қатысты сәл ғана кемшілік бар. Біраз жасқа келсе де әлі жалғызбасты. Жас болса білінбес еді, ересек адамның осы уақытқа соқа басы сопайып жалғыз жүргені оғаштау көрінетіндей. Онысынан өзі де ыңғайсызданады. Әйел, бала-шаға туралы әңгімеден қашқақтап жүреді. Жоқ, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы. Табиғатынан біткен жуастығы, ұяңдығы, ұялшақтығы, момындығы осы мәселеде аяғына ылғи тұсау болып келеді. Жас кезінде қаншама қыздарға ғашық болып хат жазды,өлең арнады. Бірақ солармен жеме-жемге келгенде айтар сөзін айта алмай талай рет опық жеді. Өзін қанша қайраса да батылы жетпей салы суға кетіп, қайраңдап қалатын. Кейін сол қыздардың көпшілігі «Сен батылдау болып сөз айтқаныңда саған ойланбай тұрмысқа шығар едік, өзіңнен көр», – деп шындарын айтқанда Әбсеметтің өкініштен өзегі өртенетін. Ата-анасы: «Қой, мұның өз
бетімен үйленетін түрі жоқ. Онан да бірдеңесін жасайық»,
- деп көрші ауылдағы бір қызға құда түсіп аяқтандырған болатын. Ұнатса да, ұнатпаса да әйтеуір үйлену керек болған соң сол қызбен бас қосқан. Қызды көріксіз деп айта алмайды. Әжептеуір көркі бар. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» дегендей, келе-келе басында жуас көрінгенімен әртүрлі жаман мінез көрсете бастады. Араларында бір жарықшақ пайда болып, бір- бірінен бара-бара суи берді. Оның үстіне балалары болса бір-біріне үйренісіп кетер ме еді, ол да жоқ.Ұсақ-түйек кикілжіңнің, түсінбеушіліктің аяғы ақыры ажырасуға әкеп тынды. Ол да, бұл да титімдей де өкінген жоқ. Сүймеген жүрекке әмір жүрмейді екен. Бірін-бірі жақсы көрмесе де көптің көзінше жақсы көргенсіп, мүләйімсіп бір шаңырақтың астында өмір сүруден асқан азап жоқ екен. Екеуі де бір азаптан құтылғандай жеңілдеп қалды. Содан бері Әбсеметтің әйел баласынан жүрегі қайтып қалды. Тағы да үйленуге көңілі соқпады.Аға-жеңгелерінің, құрбы-құрдастарының жандары ашып қатты батырып айтқан сөздерін де елемеді. «Бұл менің өз шаруам, жұмыстарың болмасын», – деп беттерін қайтарған. Осы бір сәтсіз некеден кейін Әбсеметтің көкірегіне түйгені мынау-үйленер адамыңды от боп жанып сүймесең де көкірегіңде оған деген тым болмаса бір ұшқын болмаса, оның бойынан көңіл сүйсінтер бір жақсы қасиет көре алмасаң, өзіңнің де өзгенің де бағын байлап қалған өміріңді ит қорлықпен өткізгеннен гөрі жалғыз басты болу әлдеқайда артық. Бұл – өз ойы, өз байламы.Басқалар не десе о десін. Әбсеметтің бар тірлігі – жұмысқа барады, жұмыстан қайтады. Ертелі –кеш етер ермегі кітап, газет оқу, теледидар көру. Туған-туыспен қарым-қатынасын үзбейді. Той-томалақтан қалмайды Мұндайда жалғыздығы есінен шығып кетеді. Тек ұйқыға жатарда ғана өткен өмірін көз алдынан қайта-қайта өткізіп мазасыз ойлар жан-жақтан
андыздап көз ілдірмейді. Кей түндерді әрі дөңбекшумен бері дөңбекшумен өткізеді. Жөні түзу біреу кездессе үйленуге де қарсы емес.Бірақ,сондай адам кезікпей жүр
«Аузы күйген үрлеп ішеді»дегендей бір үйленіп жүрегі шайлығып қалғаны тағы бар. Бірді-екілі әйелдермен өзгелердің ара түсуімен танысып та көрді. Көпшілігін қызықтыратыны, үй-жай, ақша, машина тағысын-тағылар. Мұның қоңырқай тірлігін көргендері «Ойланып көрейін»
- деп сыпайылық жасап жібін үзіп кетеді. Жақсы көру, сыйласу жөніндегі әңгіме мүлдем ұмыт қалады. «Әй, осы мен біреуді, біреу мені ұнататындай жастан өттім, бәрін де қояйыншы» – деп кейде өзін алдарқатады.Бірақ, жалғыздық бір құдайға ғана жарасады емес пе. Әйтпесе көңілі ұнатқан бір ақ жаулықтымен бас қосып ғұмырдың ащы-тұщысын бірге татып, кешкісін бір шәйнек шайды бөліп ішіп шүйіркелесіп отырғанға не жетсін.
«Басқа түскен баспақшыл» дегендей осы бір жағдайға көндіккендей, мойын ұсынғандай еді.Алайда, аяқ астынан өмірі күрт өзгеріп шыға келді, Ол тіпті не болғанына есеп беріп те үлгермеді. Тағдыры астан-кестен аласапыран күйге түсті. Әрине, жақсы мағынасында. Құдай-ау, бәрі неден басталып еді?! Есіме түсіріп көрейінші деп біраз қиналысқа түсіп көрді. Иә, иә енді есіне түсті. Бәрі – күні кешегідей. Бір күні таңертең жұмыста отырған кезі. Ойында ештеңе жоқ. Мекемеде істейтін қызметкерлердің алды келе бастады.
Бір мезетте жас шамасы отызға жете қоймаған бойжеткен кіріп келе жатты. Бұрын көрмеген адамы. Соны байқады ма ол: – Сәлеметсіз бе, – деп жылыұшырай амандасты.
- Сіз кімге келіп едіңіз ?
- Мен, мен бүгіннен бастап осында қызметке тұрдым,
- деді қыз. –Есімім Алтынай.
- Ә, ә,жарайды, жарайды кіріңіз. Біздегі тәртіп солай
қарындасым. Бөгде жандарға мұнда кіруге рұқсат жоқ. Айып етпе.
- Оқасы жоқ, аға, – деп ол ішке еніп кетті. Қызға назар аударғанда байқағаны – ол керемет көрікті екен. Тіптен қарауға да бата алмаған ол. «Адамның да оның ішінде әйел адамның да осындай сұлуы болады екен- ау» – деп ойлады. Сол ойдан өн бойы шымырлап бетіне қаны ду ете түсті. Бір ыстық леп тамыр-тамырын қуалап басына тепкендей. Ойпыр-ай, жаңа өзі көрген бойжеткен адамның баласы ма, жоқ әлде періште ме өзі. Өң мен түстің арасында жүргендей, есі ауған жандай өз-өзіне әрең келді. Есімі – Алтын, Алтын..., Ә-ә, Алтынай, – иә-иә, Алтынай, – деді-ау! Расында да алтынға да бергісіз ғазиз жан екен. Халық әндеріндегі «Анаңнан айналайын сені тапқан» деп бәлкім осындай арулар турасында айтылған болар. Көз алдына жаңа көрген түстей болған бейнені біртіндеп елестете бастады. Толған айдай толықсыған ақ дидары, қияқтай қап-қара қастары, әсем күлкісі, биязы үні, маржандай жарқыраған тістері кімді де болса естен тандырғандай. Қыздың жүзіне қадала қарап қалғаны есіне түсіп, әбестік жасағанын түсінді де: «Менікі ұят болған екен-ау қаршадай қызға соншама сұқтана қарап» – деді өзін-өзі іштей кінәлап. «Дидарын тағы бір рет көрсем ғой»деген ой көкейін билеп алды.Өз ойынан өзі ұялды.
Күн өткен сайын, Алтынай әрбір кіріп-шыққан сайын қуаныш теңізін кешіп бойында оған деген ынтызарлық күшейген үстіне күшейе түсті. «Сәлеметсіз бе ағай» – деп Алтынай сызыла сәлем бергенде тіл-ауызы байланып жүрегі құрғыр кеудеге сыймай тулайды.Қыздың мөлдіреген қап-қара көздері, наурыздың ақша қарындай аққұба жүзі құдды бір сурет дерсің. Оны әр көрген сайын қара торы жүзі біресе сұрланып, біресе қызарып ішкі жан толқынысын сыртқа айғақтай түскендей.Қарадай қара терге түседі. Ойында дәнеме жоқ ештеңеден хабарсыз
қыздың: «Ағай сізге не болды,ауырып қалған жоқпысыз?»
- деген жанашыр дауысын естігенде ғана ұйқыдан жаңа әзерде оянғандай бет-жүзін, қасы-көзін уқалап өз-өзіне келеді.
- Жо-жоқ о не дегенің! Мен жай…нетіп. ойланып
кетіппін.
- Бәсе. Сіз мені қорқыттыңыз ғой?
Қыздың сыңғырлай шыққан әуезді дауысы жүрегін одан сайын баурай жөнеледі. Әбсемет қарауылдараға арналған арнайы бөлмеге кіріп әрең есін жиды: «Әйел баласының осындай да әдемі, ажарлысы болады екен- ау! Осы ой оны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды, тәбетін қашырды. Ол ішпей-жемей тоқ болып байлыққа белшеден батып, бақытқа молынан кенеліп жүргендей күйде жүрді.
Таңертең жұмысқа түссе болды. Алтынайды асығып тағатсыздана тосады. Сағат тілі байланып қалғандай бір жылжымайды ғой, жылжымайды! Қақпадан сыртқа шығып қайта-қайта жолға қарайлайды. Алыстан Алтынайдың қарасы көрінгеннен-ақ жүрегі дүрсілдеп қоя береді. Қуанышы қойнына сыймай, баяны беймәлім бақыттың бодауында жүргені.
Алтынайдың аяғына келген биік өкшелі туфлиінің тық- тық еткен дыбысы жақын естілген сайын, оның жүрек соғысы да жиілей түседі. Міне, міне тіпті жақын қалды. Әбсемет орнынан кілт тұрып қақпаның кіретін кішкене есігін аша берді. Күлімдеп келе жатқан Алтынайды көрді. Жаңа ғана атып келе жатқан таңның арайы, шығып келе жатқан күннің алтын шапағы қарсы жүріп келе жатқан сұлудың жүзіне сәулесін аямай шашып одан сайын нұрландыра, одан сайын көріктендіре түскендей.
«Мынау атып келе жатқан таң сұлу ма, жоқ, әлде мынау келе жатқан жан сұлу ма», – деп ойлайды.
Табиғат пен адам сұлулығының, оның ішінде әйел
сұлулығының бірімен-бірі осылай жарасып үйлесім табуы ғажайып бір көрініс тудырады екен. Осыны тамашалап тұрған Әбсеметтің жан сарайы ашылып керемет бір нұр құйылғандай күй кешеді. Мұның бәрінен бейхабар қыз бас изеп күлімсіреген күйде кеңсеге кіріп кетеді. Жаңағы сезімдерден әлі де арыла алмаған Әбсемет қимылсыз тұрып қалды. Осы бір балдай тәтті сәттің Әбсемет үшін бір ғұмырға белгісіз қадір-қасиеті, құдіреті, бағасы бар- ды.
Әбсемет Алтынайды таңертең екі рет көреді. Жұмысқа келгенде және қайтқанда. Оның бар өмірі тек осы екі ғана сәттен тұратындай. Қалған уақыттың ол үшін мәні де, мағынасы да жоқ. Алтынай мен екеуінің арасы жер мен көктей екенін де біледі. Онымен бас қосудың мүлдем мүмкін еместігін де түсінеді. «Үмітсіз – шайтан» демекші, қанша дәмелденгенімен де ол қол жетпес арман екендігін де ұғады. Әйтсе де сұлуға қол созбайтын еркек жоқ. Мейлі қолына қонбаса да көз алдында жүрсе, көріп жүрсе ол да өзі бақыт үшін. Әйел баласын жақсы көруді, ұнатуды, сүю сезімін сыйлағаны үшін Алтынайға мың да бір рахмет айтады.
«Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосындар», – деген Абай сөзінің мәнін енді ұққандай Әбсемет. Ендігі бар арманы «Осы бір қыз бақытты болса екен, теңін тауып қосылса деген тілектің үстінде. Қабағын мұң шалмаса, жүзіне кірбің түспесе қадірін білер қолға түссе», – деп тілейді ертелі-кеш. Осы бір қызға қолынан келгенінше титтей бір жақсылық жасаса, қуантса өзіне өзі бек риза болар еді. Бірақ не істей алады. Киноға, театрға шақыра алмайды. Ақын емес жыр арнайтын, суретші емес бейнесін салатын, мүсінші емес мүсінін сомдайтын. Бар болғаны – іштей тілеуін тілеу ғана қолдан келері.
Әбсемет екі күн істеп екі күн дем алады. Сол екі күн демалысты үйде әрең өткізеді. Осы екі күннен ұзақ, осы
екі күннен ауыр ешнәрсе жоқ ол үшін өмірде. Өзі үйде жүрсе, көңілі – жұмыста. Алтынайды көрмей қалған екі күні екі жылға татитындай, жұмысқа келгенше жұмысқа жеткенше асық. Бір күні таңертең ертелеу келіп еді, Алтынай да ертелеу жеткен екен Әбсемет қуанышын жасыра алмай жас баладай елпеңдеп қалбалақтай берді. Қыз: – Ту-у, аға күн ысып кетті ғой, – деді шөлдеп тұрғанын білдіргендей. Сөзінде, қимылында еш жасандылық жоқ. Ағаға еркелеген қарындастай назданады. Әбсемет «Шай ішесің бе», – дей жаздап барып жастардың «Кола»,
«Фанта» сияқты сусындар ішетіні есіне түсіп: – Қазір мен саған сусын әкеп берейін, – деп қыздың қажеті жоқ дегеніне қарамай жақын маңдағы дүкенге қарай құстай ұшты. Құстай ұшқаны емей немене?! Аяғы әр жерден бір тиеді, қолтығына қос қанат біткендей. Сырт көз мына кісіге не болған өзі, жынданған ба др еді. Әбсемет бір
«Кола» мен бір «Сникерс» шоколадын алып көзді ашып- жұмғанша жетіп келді.
- Ой, ағай! Сізден ұят болды ғой несіне әуре болдыңыз,
- деді қыз қызарыңдап.
- Жо-жоқ, ұялма. Арзымайтын нәрсе ғой, іш айналайын, іш, – деп қолындағысын ұсына берді.
- Аға, бұдан былай әпермеңіз. Әйтпесе жаман үйреніп кетермін, – деді. Алтынай сөзінің соңын әзілге бұрып.
«Қалқам-ай, сен қаласаң аспандағы ай мен жұлдызды да әперер ем, әттең», – деді іштей Әбсемет.
Алтынай жұмысқа жаңадан орналасқандықтан, тапсырылған жұмыстарын орындап үлгермегендіктен кейде екі-үш сағат кідіреді.
Ондайда Әбсемет ыстық шай қайнатып, дүкеннен тәтті күлше, тоқаш әкеледі.
- Ағай, ақшаңызды босқа жұмсай бермесеңізші, – дейді Алтынай ыңғайсызданып.
- Қалқам-ау, болмайтын тиын-тебен тұратын зат қой.
Қарның ашып қалмасын, шай ішіп бойынды жылытып ал,
- деп бәйек болады Әбсемет.
Қыз бала сезімтал ғой. Әбсеметтің өзіне деген көзқарасын, ықыласын, көңілін байқамай жүрген жоқ. Ол кісінің жалғызбасты екенін де, өзін ұнатып жүргенін де іштей сезеді. Мейлі ұнатса ұнатсын, сыйласа сыйласын, оның ешқандай сөкеттігі жоқ. Біреуді жақсы көру, біреуге ғашық болу – қылмыс емес. Одан қорқып-үркудің қажеті шамалы. Әйел баласын жақсы көрмейтін, әйелге ғашық болып көрмеген, әйелді көңіл құмарын қандыратын затесебіндесанайтындүниеніңкілт-ақшадеп есептейтіндерден қорқу керек қорықсаң. Мына кісіден бір теріс пиғыл, арам ой аңғармаған соң ғой үндемей жүргені. Бір күні Алтынай жұмыстан соң бірер сағатқа қалып қойды. Өйткені, мекеменің тоқсандық есебін тығыз дайындау керек болды. Оның үстіне қатты суықтап, қызуы көтеріліп, көзі жасаурап ауырып отырды. Жұмыстың аты
- жұмыс. Амалсыз кідірген.
- Қарындасым, ауырып қалыпсың ғой. Сұранып қайта бермедің бе, – деді Әбсемет жаны ашып.
- Жо-жоқ. О не дегеніңіз, қалайда есепті бітіруім керек, – деді Алтынай.
- Қой, сені емдеп жазбасам болмады дәріханадан дәрі дәрмек әкелейін, – деп ай-шайға қарамай шығып кетті. Жолай дүкенге соғып, тез пісетін кеспесінің ащылауын алды. Келе шай қайнайтын ыстық кеспеге бұрыш салып Алтынайдың алдына әкеп қойды.
- Ой ағай! Сіз алтын адамсыз ғой! Рахмет өтеуіш немен қайтарарымды білмеймін. Қамқорлығыңызға ризамын, – деді мәз болып.
«Сен үшін отқа да суға да түсер едім. Сен ауырғанша, мен ауырсамшы», – деді іштей.
Ертеңіне: – Сіздің сорпаңыз бен шайыңыз ем болды ма деймін. Құлан-таза сауығып кеттім, – деді ол жайнаң
қағып. Әбсемет: – Оқасы жоқ. Бәріміз бір жерде қызмет жасаймыз.Керек жерінде қол ұшымызды беріп қамқорлық, жанашырлық танытқанда тұрған не бар, – деді. Осы бір сәтте бүкіл жер бетінде одан бақытты жан жоқ еді. Бұл жалғанда біреуді шын сүйіп, сол сүйген адамына титімдей де болса жақсылық істесең көңілді содан артық марқайтатын ештеңе жоқ екен-ау. Сүю деген – өзіңді ұмытып өзгені ойлау. Осы бір сезімді бастан кешірмесең, ғашықтық отына күйіп-жаңбасаң өміріңнің босқа өткен дей бер. Міне, Әбсемет Алтынайды көргелі бері осылай ойланады осылай, толғанады.
Жақсы ойлар, ізгі ойлар, әдемі ойлар. Жұмысқа келген сайын Алтынайдың келерін тағатсыздана тосады. Тәтті сусын, шоколад алып қояды алдын-ала.
- Аға сізге қаншама рет айттым. Шоколад, сусын ала бермеңізші, – дейді ол. Дауысында зіл жоқ, өзімсіну басым.
- Алмасам ренжіп қаламыз ғой, – дейді тағы жанары жарқ-жұрқ етіп. Алтынай Әбсеметтің өмірінің сәніне де мәніне де айналғандай еді. Әйел баласының сұлулығынан құдіретті еш нәрсе жоқ екен бұл дүниеде. Алтынайды кездестірген тағдырына дән риза. Онымен басы қосылмайтынын біледі. Бірақ оның жер басып күнде көз алдында жүргені де, сыңғырлай күлгені де өзі үшін баға жеткісіз бақыт еді. Тағдыр сол азғантай қуанышты, азғантай бақытты Әбсеметке көп көріпті. Олай болады деген ой оның ойына үш ұйқтаса да кірмепті. Әдеттегідей жұмысқа келіп өзінің Алтынайын, жүрегінің Алтынайын, сүйетінін, ешкім білмейтін Алтынайын күтіп отырған. Бір сағат өтті, екі сағат өтті көрінбейді. Мазасыздана, дегбірі қашып, «Ауырып қалған жоқ па екен», – деп әбігерге түсті. Ол сол күні мүлдем келмеді. Біреулерден сұрау ыңғайсыз. Ертең келер деп үміттенді. Келер күні де көрінбеді.
Содан шыдамы таусылып, өзімен сөзі түзу бір кісіден:
- Анау Алтынай деген қыз көрінбейді ғой, – деп жай сұраған болып еді, анау:
- Сіз естімеген бе едіңіз. Алтынай өз еркімен жұма күні жұмыстан шығып кетті ғой, – деді ол жайбарақат.
- А-а, не дейсіз, не айтып тұрсыз! Жұмыстан шыққаны несі. Не боп қалды, – деп абдырап тура маңдайдан біреу қойып қалғандай. шалқасынан түсе жаздады.
Сұраған кісісі таң қалған кейіппен:
- Ол сізге жақын қарындасыңыз ба еді, – деді. Әбсемет сасқанынан: – Иә, иә, – дей салды. Анау иығын қиқаңдатты: «Қарындасы жұмыстан шығып жатса оны қалай білмеген», – дегендей Алтынайдың не үшін жұмыстан шыққанын қайдан біледі?! Бірақ білгенде не істейді? Ол мұның алдында есеп беретіндей бұл кім еді. Тағдыр тым болмаса көзбен көріп жүрген қуанышынан да айырды. Оның асыл бейнесі көзден де, көңілден де кетпейді.
Алтынайдың толған айдай толықсыған бейнесінің жүрегінің төрінде мәңгіге қалары хақ. Тағдырдың дауылдары да, жауындары да, оны ешқашанда жүрегінен өшіре алмайды. Алтынайды көріп жүрген бір күні бір айға, бір айы бір жылға, бір жылы бір ғасырға пара-пар еді-ау. Әбсемет содан бері Алтынайды кездестірмеді. Аялдамадан, автобустан, көшеден оған ұқсас біреуді көріп қалса жүрегі дүрсілдей жөнеледі. Бұл сезім дегенді қойсаңшы.
ШЫРАҒЫМ МЕНІҢ
Новелла
Алаулап батып бара жатқан күннің қызғылт сәулесі бөлме ішінде ойнайды. Шұғылаға малынған шыны атаулы жалт-жұлт етіп көздің жауын алады. Ол бүгін демалыс күні екенін пайдаланып, көшеге шығып серуендеп қайтқан. Содан келіп дем алып жатқан беті. Төсекке қисая кетіп еді, содан көзі ілініп кетіпті, Жатақхана емес пе, дәліздегі абыр-дабырдан оянды.
Күннің сәулесі қарсы қабырғаға ілінген төрт бұрышты жұқа мыс қаңылтырға түсіп тұр. Оған сондай бір нәзік шеберлікпен шырақ ұстап тұрған қыздың бейнесі бедерленіпті. Ол осы бейнеден еріксіз көз айыра алмай қалды.
Шұғылаға малынған қыз бейнесі бұрынғысынан әдемі көрінді. Ұзын қара шаштары иығын жауып кеткен. Қыз шыраққа қадала қарап қалыпты.
Ол осы бір бейнені қанша рет көріп жүрсе де мынадай көрініске бірінші рет тап болды.
- Шырақ ұстаған қыз, – деп қалды ол өз дауысының қалай шығып кеткенін аңғармай.
Қайта көз салып еді осы бейнеге жан бітіп кеткендей көрінді. Ол шырақ ұстаған қыздың жүзін біреуге ұқсатты. Көп ойланған жоқ. Тапты кім екенін. Салыстыра бастады. Керемет бір ұқсастық бардай.
«Маусым, Маусымға ұқсайды?» – деді іштей. Сұлулық атаулыны Маусыммен салыстыратын әдеті.
Жанды, жансыздағы сұлулыққа көзі түссе Маусым сұлулығына теңей бастайды. Бәрібір Маусымды сұлу
деп шешеді. Бар сұлулық атаулы тек Маусым жүзіне жинақталғандай.
Маусыммен қалай танысқанын ой елегінен өткізе бастады.
Өзімен бірге оқитын Айманның туған күнінде ғой! Туған күннің аты – туған күн. Әзіл-қалжың, күлкі, ән дегендей. Оны бір сәтке телефон шылдыры үзіп жіберген. Айман трубканы көтеріп сөйлесе бастады. Әңгімеге қарағанда – құрбы қыздарының бірі болды шамасы. Сол жолы бойына қайдан батылдық біте қойғанын! Ойында дәнеме жоқ. Қалжындап:
- Айман, мүмкін мені құрбыңмен таныстырасың, – деген.
Қыздардың әдеті емес пе. Ол:
- Мінезі көркіне сай жақсы қыз, таныссаң өкінбейсің, бірақ сендей үндеместен не шығар дейсің, – деп сыңғырлай күлді.
Осы жолы бойына қайдан батырлық біткенін өзі де байқамады.
Құрбы назына онша назар аудармастан. Телефон тұтқасын қолына ұстай берді. Сәлемдесті, есімін сұрады.
- Кешіріңіз, бар мәселе онда емес шығар. Тым асығыс екенсіз, уақытысында біле жатарсыз. Осы жігіттердің қыз көрсе «Қарындас, есіміңіз кім, есіміңіз кім» деп тықақтай жөнелетінін ұнатпаймын. Тек көңіліңізге ала көрмеңіз, бірде болмаса, бірде білісе жатармыз, – деді сыпайы ғана.
Дауысы жұмсақ, әсерлі екен. Бойындағы алғашқы батылдықтан ештеңе қалмаған, лезде сабасына түскен.
- Қатты кеттім ғой деймін. Жалпы телефон соғып тұруға болады, – деді қыз дауысын жұмсартып..
Ол телефон нөмірін жазып алған. Бір екі-аптадан кейін ойланып-толғанып телефон соққан. Онда да жүрегі дүрс- дүрс соғып телефон тұтқасын қолында көп ұстап тұрды. Кездесуге шақырсам ба екен деп қатты ойланды. Бір кезде:
«Менікі не осы, тонымды шешіп алар деймісің, шақырсам шақырайын», – деп өзін-өзі қайрап алған.
Қыз алғашқыдағыдай емес, ашық-жарқын. Қарсылық білдірген жоқ, кездесуге келісе кетті.
- Қорықпасаңыз, кездесейік. Тек кездесер жер мен уақытты анықтап алайық, – деді.
Ол асып-сасып айтып шыққан. Есінде қалғаны: «Драма театрының алдындағы аялдама, кешкі сағат алты». Келісуін келіскенмен соңынан ойланып қалды. Жүзін көрмеген бейтаныс қыз. Қалай болар деп толқыған.
Тәуірлеу-ау деген киімдерін киіп, уәделескен жерге келген. Келіскенде қыз қандай киіммен болатынын айтқан еді. Жадында қалғаны тек биік өкшелі қара туфли ғана. Толқудың әсері ме, басқадай белгілерін ұмытып қалыпты. Ал, мынау үлкен қалада қара туфли киген қанша қыз болатыны қаперіне кіріп шықпаған.
Театр алдындағы аялдамада тұрды тосып. Автобусқа мініп-түсіп жатқан жұртта да есеп жоқ. Оның үстіне қара туфли киген қыздар да аз болмай шықты. Сағат тілі алтыдан едәуір асып кеткен. Күн жаңбырлы. Мүмкін етік киіп алған болар деген оймен аяғына күздік қара етік киген аққұба қызға назар аударды. Тілдесіп көруге батылы жетпеді. Қыздың өзі де алаңсыз, бейғам. Азғанадан кейін ол қыз тұрған орнында жоқ болып шықты. «Барар жағына кеткен ғой» деп түйді ішінен. Күн батуға таяу, шыдамы таусылып барады. «Қой, қалжындаған болар», – деп кетуге бел байлады. Тек бір алдамашы үміт: «сабыр, сабыр» дегендей көкейінен кетпей қойды. Сөйтіп тұрғанда бір автобус тоқтады да, бойжеткен қыз бен келіншек түсті. Келіншек көп ұзамай басқа автобусқа мініп кетті де, қыз қалып қойды. Сәкіге келіп отырды.
Аққұба жүзді, мөп-мөлдір қара көздері ұшқын шашады. Қара шашын иығына төгіп жіберген. Жанына жақындап келді де, бата алмай тұрып қалды. Алдынан әрлі-бері екі-
үш рет өтті.
Ол он-он бес адымдай жерге барып тұрды да сыртынан бақылай бастады. Қыз да байқамаған болып көз қиығын салып отыр екен. Сөйтіп бір-бірінің қимылын бағып тұрғанда жарты сағаттай уақыт өтті. Сол қыз екеніне көз жеткізсе де, бөгде біреу болып шықпаса екен деген ойдан арыла алмай қойды. Сәкіде бос орын жоқ, жағалай кісілер жайғасқан. «Жанындағы орын босағанша күте тұрайын»,
- деп ойлады ол.
Кісілер тұрып, орын босаған соң қыздың жанына тартыншақтап келіп отырды. Бұл ойынның барысына шыдамаған қыз күліп жіберді.
- Жоқ іздеп жүрсіз-ау деймін, жоғыңыз табылсын, – деді күлімсіреп.
Ол:
- Жаңылыспасам іздеген жоғым сіз сияқтысыз, – деді.
- Жарайды, жасырынбақты дағарайық. Мені іздеген жоғыңызға ұқсатсаңыз, мен сізді іздеушіге ұқсаттым. Онан да танысайық, – деп қолын ұсынды.
Қыздан мұндай батылдықты күтпеген ол:
- Иә,иә, сол жөн болар, – деді.
- Маусым!
- Арман!
Қол берісіп танысып алғаннан кейін екеуі көшені бойлай жүріп кетті. Қалай танысқандарына екеуі біраз күлісіпалды.Алғашқыдағыдайемесбойыүйрене бастады. Жылы жүзді, мінезі ашық-жарқын екен.Екеуі әрі қарай еркін әңгімелесіп кетті. Содан бері кездесіп тұрады. Өмір деген қызық екен-ау. Кеше ғана ауылдан келген, шала-пұла орысша білетін ұяң бала еді, әйтеуір оқуды аман-есен бітіріп, ауылға қайтсам болды деп ойлайтын. Жүрер жолы бұрылыссыз, оқтай түзу сияқты болатын.
Маусыммен танысуы – сол жолдағы үлкен өзгеріс еді.
... Көзі тағы да мыс қаңылтырдағы қыз бейнесіне түсіп
кетті. Ай сәулесіне шомылып жалт-жұлт етеді. Бөлме іші нұрға бөленгендей.
Шырақ ұстаған қызды Маусымға ұқсатты.
Қолына шырақ ұстап келе жатқан маусым. Сол күйі жан дүниесіне еніп кеткен. Бұрын кеудесін кештің меңіреу тыныштығы, күңгірт қараңғылығы баурап алғандай болып тұратын үнемі. Сол қараңғылық сейіліп, кеудесінде бір шырақ алау шашып тұрғандай. Жанын бір ән сазы тербегендей.
ЫМЫРТ
Әңгіме
Жетпісбайдыңжасыбиылалпысқатолыпзейнеткерлікке шықты. Жай қарапайым қатардағы жұмысшы болса да абыройсыз емес екен. Кеңшардың ұжымы, басшылары, бірге істеген дос-жолдастары ат мінгізіп, шапан жауып, зор құрмет көрсетті. Шынында да, табан ет маңдай теріңді аямай адал еңбек етсең, еленбей қалмайды екенсің. Оған осы жолы көзі жетті де әрі қуанды әрі шаттанды. Расында да, ешуақытта қиындықтан қашып көрген емес. Басшылар қандай жұмыс тапсырса да тыңғылықты, тиянақты етіп орындайтын. Еңбегі үшін алған мақтау қағаздары, алғыс хаттары, заттай сыйлықтары өз алдына бір төбе. Аудан басшылары үш дөңгелекті «Урал» мотоциклін де, жеңіл «Жигули» мәшинесін де мінгізді әр кезде. Бұдан асқан қандай сый-құрмет керек. Шал дейтіндей әзірге қарайтып тұрған жері жоқ. Әлі тың, бойында бір адамға күш-қайраты бар. Кемпірі атын атамайтын болған соң: Отағасы-ау, отағасы – дейді екі сөзінің бірінде. Тумысынан қол қусырып бос отырғанды жек көретін. Үйдегі шаруа
да бастан асады. Ерте көктемнен үй іргесіндегі он соттық жерді трактормен жыртқызып бақша егеді. Қауын-қарбыз, картоп, қияр, қызанақ, сәбіз дегендей. Бұрын кеңшарда арпа, бидай, жүгері өсірумен айналысқан . Енді көкөністі баптап өсіруді үйренуіне тура келді. Асып бара жатқан қиындығы жоқ екен. Әйтеуір, қауын-қарбызы елдің алдымен ерте пісіп жатады. Таң алагеуімнен, кешкі күн батқанша Жетпісбайдың иығынан кетпені түспейді. Суғарады, арам шөбін отайды, шабықтан өткізеді. Қысқасы, ала жаздай тыным жоқ. Бақшамен қоса қорада жиырма-отыз тұяқ ұсақ мал мен үш-төрт ірі қара тағы бар. Оның да шаруасы аз емес. Жаз бойы жоңышқа орып жантақ шабады, сабан жинайды. Ұл-қыздары да еңбекке жастайынан үйренген. Кемпірі екеуі ештеңелерін аямай барлығын оқытты. Екі-үшеуі университет, инстөт бітірді. Қалғандары техникум бітірді. Бәрі үйлі–баранды қызметте. Бірақ, үйге келсе қызметкермін деп шіреніп тұрмай қайсысы болса да үй шаруасына айтқызбай-ақ араласып кетеді. «Осы біздің үйдің шаруасына шындап келгенде отыз кісі де аздық етеді», – деп күледі кейде Жетпісбай. «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» – демекші, құдайға шүкір тұрмыстары жаман емес. Елдің алды болмаса да, көштен қалып көрген жайық. Құдай берген оншақты ұл-қызды осы тынымсыз еңбектің, қам-қарекеттің арқасында оқытты, тоқытты. Жетпісбай отыздан аса намазға жығылған. Отыз күн оразасын да үзген емес. Бес уақыт намазын оқып, осы тіршілігіне шүкіршілік қылатын. Кемпірімен отасқанына да қырық жылдың жүзі болып қалыпты. Өтірік айтып не керек, осы күнге дейін әй-шәй десіп көрмепті. Кемпірі келін жұмсап отырса да, ене екенмін деп шалқаймай әлі келгенше тырбаңдап кей-кейде үй ішінің тірлігіне кірісіп те кетеді.
Әй-й, заман-ай! Үйленгендері де қызық, әкесі ертерек кеткен соң, Жетпісбай шешенің қолына қарап қалған.
Жалғыз болған соң анасы қанаттыға қақтырмай тұм- сықтыға шоқтырмай дегендей аялап, әлпештеді. Өзі ұяң, бұйығылау болып өсті. Қатарластарымен ашылып онша араласа бермейтіні – құдай берген мінез шығар. Ауылдағы той-томалаққа шешесі қоярда-қоймай сүйрелегендей ғып ертіп барады. «Қашанғы соқа басың сопиып жалғыз жүре бересің. Қыз-қырқынға көз салатын жасқа келдің ғой. Ертерек қолымды ұзартпаймысың»,
- деп кеиді. Табиғатынан момын. Қыздарға сөйлемек түгілі жақындауға батылы бармайды. «Қой, мына жүрісімен бұ неменің қырыққа дейін жүретін түрі бар ғой», – деп шешесі қалыңдықты өзі іздеуге кірісті. Көп ұзамай тапты да. «Сізге ұнаса бопты», – деп Жетпісбай ойланып толғанбастан ешқандай ырғалу-жырғалусыз бір-ақ күнде үйленген. Қалындығы денесі шағын келген, көздері дөңгелектенген қара торы қыз екен. Ұнағандай болды. Ұнату, күю, сүю сияқты нәрселерді бастан кешпек түгілі, ойына алып көрмепті. Мұның бәрі ертегі-жыр, аңыз-әңгімедерде ғана болады ғой деп ұғатын. Балалы- шағалы болған соң араларында әдемі сыйластық, шынайы түсіністік, жылы ықылас пайда болған. Бірін-бірі өліп- өшіп, күйіп-жанып жақсы көрмесе де, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Осы күні кемпірінің бар ықылас-пейілі балаларына, немерелеріне ауған. Қашан көрсең оны бәрі ортаға алып қаумалап жатқаны. Осындайда Жетпісбай олардың сыртынан қарап біртүрлі жалғызсырап қалады. Мейлі ғой, балалар да, немерелері де бөтен емес, өзінікі. Бұл көңіл дегенді қойсаңшы! Осындай ықылас-ниетті өзі де аңсайды пенде болған соң. Кемпірінің бұған құлақ қоятын шамасы жоқ. Мұның бары-жоғы бәрібір сияқты. Енді бірдеңе сұрауға оңтала берсе болды: «Қоя тұршы»,
- деп бетінен қаққандай болады. Ондайда жаны құлазып сала береді, ешкімге керегі жоқ сияқты. Иманды жанның мұндай ойларға берілуі күпірлік шығар. Әйтсе де бұл
да жұмыр басты пенде емес пе. Бірауық жақын деген адамдармен әңгімелескісі, шүйіркелескісі, ой бөліскісі келеді. Сақал-шашына ақ кіргенде осындай ойларға барып қалатынына өзі де аң-таң. Бұл адам дегенді түсіну – қиынның-қиыны екен ғой. Пенденің көңіл қалтарысында, жүрек тереңінде не жататын пенденің өзіне ғана аян нәрсе. Дана Абай да «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла», – деп бекер айтпаса керек. Бұл өмірге неге келдің, не бітірдің, не із қалдырасың, нені сүйесің, нені қимайсың деген сықылды ойлар мазаламайтын жан жоқ шығар жер бетінде. Жетпісбай анау айтқан үлкен оқу оқымаса да, көзі ашық, көкірегі ояу жан. Жасы келгендіктен бе, көбірек ойға берілетін болып жүр. Бала кезде онша ойынқұмар болмады. Кішкене кезінен ертелі-кеш шал-кемпірдің әңгімесін тыңдап дағдыланған. Қаршадайынан көкірегіне көп нәрсе тоқып өсті. Естігенін құр тыңдап қана қоймай ар жағына ақыл жүгіртіп өзінше байлам,түйін жасайтын. Әсіресе, кейінгі кездері ер адам мен әйел арасындағы сүйіспеншілік, махаббат жайы көкейінде көп сауал тудырып жүр. Алғаш үйленгенде жары ыстық ықылас танытып ынтығып тұрушы еді. Бара- бара сол сезім отының ошағы өшіп қалмаса да баяғы қызу, баяғы жалын, баяғы жылу жоқ. Кемпірін қалыңдық кезінде алғаш көргеннен-ақ бірден ұнатып сүйіп қалдым десе онысы әбестік болар. Қатарынан қалмай үйлену, бала сүю керек болды. Тұрмыстың баяғыдан қалыптасқан заңы. Келе-келе үйренісіп бір-біріне көндіккен. Алғашында жастық жалын, ыстық сезім лап ете түскенмен жылдар өте келе одан болар-болмас ұшқын ғана қалған. Оның өзі де әупіріммен сөне жаздап әрең жүр. Қарбалас тірлік үстінде бала-шаға қамы деп жүргенде бір-бірінің жан дүниесіне үңіліп сүйіспеншілік, махаббат туралы ойланып көруге мұршалары да болмапты-ау, енді ойлап қараса. Жетпісбайдың көзі бір ғана нәрсеге анық жетті.
Ер адам мен әйелдің арасындағы жай жұбайлық қарым- қатынастан да жоғары, биік, ұлы, асқақ құдіретті, күшті сезімнің бар екендігі. Олай болмаса, Қыз Жібек пен Төлегенді, Қозы мен Баянды, Ләйлі мен Мәжнүнді қайда қоясың. Олардың есімдерінің ғасырлардан ғасырларға аты өшпей, ел аузында сақталып келе жатқандығы жайдан жай емес қой. «Жас болса келді, ондайды бастан кешіріп көрмепті. Бәлкім, ол кез-келгеннің басына қона бермейтін бақыт шығар», – деп Жетпісбай оған аса қинала қоймаған. Мүмкін, қалған ғұмыры да сол ескі сүрлеумен, ескі сарынмен өте берген болар ма еді, бәрі аяқ астынан түс көргендей болды ғой. Құдай-ау, бәрі неден басталып еді?!
- Е,-е, әлгі, Алматыда оқитын ортаншы қыздың Көкшетау жағына тұрмысқа шыққан кезінен ғой.Алдында шешесі қаншама рет айтты: «Шықсаң, мынау жақын жердегі Жамбылға не Шымкентке шық, Павлодар мен Петрпаулыңды ауызға ала гөрме» деп. Құдай аузына салды ма екен, сол қыз сүйген жігітімен қолтықтасып Көкшетаудан бір-ақ шығыпты. Бұйрық қой, оған не істейсің. «Қыз – жат жұрттық» деген осы.Өткенде Алматыда үйлену тойын жасаған. Бұлар жасауын, оны- мұнысын алып барған. Құдалары өздері сияқты ет пен сүйектен жаралған қарапайым жандар екен. Той үлкен ресторанда өтті. У-шу, абыр-сабырда естерінде құда мен құдағи ғана қалыпты. Басқалары.жадында сақталмапты. Апыр-ай, уақыт неткен жылдам, тез. Араға алты ай салып, сол қызы күйеу бала екеуі ауылға қыдырып келе жатқан көрінеді. «Екеуін жалғыздан-жалғыз жібергеніміз ұят болар» – деп үлкен құдашаны қосып жіберіпті. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» дегендей, абыр- сабыр дайындық басталды. Қонақтарды кіші ұл вокзалдан жеңіл машинасымен барып өзі күтіп алды. Қызы көзінен жас шығарып: «Көке» – деп мойнына асыла кетті. Өзінің де көңілі босап қоя берді. Одан күйеу баламен
амандасты. Оның ар жағында тұрған күйеу баланың апайы – құдаша сол болар деп түйген. Отыздарға жетіп қалған келіншек күлімсіреп: – Аға, амансыз ба», – деп қол алысып амандасты. Алақаны мамықтай жұмсақ, әрі нәзік, әрі ыстық екен. Күс-күс алақандарымен осындай қолды ұстағанына өзі де ұялып кетті. Жүзі ақша қардай аппақ.Бота көздері қарақаттай мөлдіреп тұр. Құдды бір ертегі-жырларда айтылатын ай десе аузы бар, күн десе көзі бар арудың нақ өзі. Бірақ, неге екенін жанарында мұң бар сияқты. Жетпісбай «Әйелдің де осындай сұлуы болады екен-ау», – деп ойлады да сол ойынан қысылып қалды. Құдашаның жүзіне қайта көз салып еді, көзіне көзі ұшырасып қалғанда тұла бойын алапат бір отты жалын шарпып өткендей естен тана жаздады.Онысын ешкімге сездірмейін деген кісідей қызараңдап, қысылып сасқанынан:
- Үйге кірсеңдерші, үйге... – деп өзі сырт айналып кетті. Әлден уақытқа дейін жүрегі дүрсілдеп, қаны басына теуіп өз-өзіне әрең дегенде келді, Ұлына құдалары арнап қойған қойды сойғызды. Қызы үй-ішін сағынған ба, қайта-қайта үйге бір кіріп, бір шығып мауқын баса алмай жүр. Өзі болса мал қора жаққа барып: «Құдай-ау маған не болды»?!, – деп алақанымен екі бетін ұстап еді, дуылдап тұр екен. Қызуы көтеріліп кеткен сияқты, бірақ еш жері ауырмайды. Жаңа ғана жан дүниесін жайпап өткен алапат дауылдан кейін қатты қиналып қара терге түскен.
«Ел аман, жұрт тынышта маған не болды», – деп өзіне- өзі аң-таң қалған. Кең ауланың ішін кезіп жүр бірдеңе іздеген кісідей. Бірақ не іздеп жүргенін өзі де білмейді. Ойы мүлдем басқа жақта. Ес-түсінен айырылған кісідей әрлі-берлі сенделумен болды. «Әке, болсаңызшы» – деген кенже ұлының даусынан селк ете түсті де, ес жиды. Екі айдан бері байлап отырған қойы семіз шықты. Жетпісбай сойылған қойдың етін мүше-мүшеге бөліп, осып дайындап
берді. Әлі сыртта жүр, үйге кіруге жүрегі дауаламайды.
«Бала-шағаның үстіне кіріп ұялтпай-ақ қояйын, өздері емін-еркін отырсын», – деп ойлаған. Жуынып-шайынып үй алдында өскен үлкен қарағаштың түбіндегі сәкіге отырып ентігін басты. О, тоба-ай! Бағана не болды осы?! Көзіне не көрінді, соншалықты аласапыран күй кешетіндей. Бір белгісіз сезім құйындай ұйтқып жан дүниесінің астан- кестеңін шығарды ғой. Е-е, енді есіне түсті. Құдашаның көзіне көзі түсіп кеткенде басталған-ды бәрі. Бұл өмірде соншалықты сұлу жан болады-ау деп ойламапты да. Сонау бала кезде көп оқыған ертегі, жырдың ішінен шыға келгендей әдемі, кербез, сұлу, көркем жан екен-ау құдаша. Ұят-ай, есімін де білмейді тым болмаса. Жөндеп таныспапты да ғой. Көңілінде қуаныш та бар, қорқыныш та бар. Қылмыс істеп қойған кісідей өз-өзінен қуыстанып, өз-өзінен сезіктенді. Қуанатыны – өмірінде құлақ естіп, көз көрмеген ғаламат, ғажайып, керемет сұлулықты көрді, көрмегенжақсылығынкөргендей, таппай жүргенбақытына кезіккендей. Жан сарайы Наурыздың аспанындай шайдай ашылып, шұғылалы шуаққа шомылып нұрланып сала берді. Ғұмырында мұндай қуанышқа кенеліп көрмеген. Көңілі асып-тасып қос қолтығына қос қанат біткендей аяғы жерге бірде тисе, бірде тимейді. Бұл не нәрсе өзі, әлі толық түсініп, ұғып болар емес. Бірақ, әйтеуір жақсылық, ізгілік екені даусыз. Ойлана-ойлана: «Бұл не сонда, махаббат па», – деп өз ойынан өзі шошып кетті. Апыр- ай, алпыстан асқанда алжасқаным ба бұл. Тым ұят, ерсі нәрсе ғой. Бала-шаға, ел-жұрт, білсе масқара болғаным»,
- ғой деп өзін-өзі жазғырды. Әрине, жан баласына тіс жарып ештеңе айтпаса да, мынадай қуаныш жүрекке, тар кеудеге қалай сыяды. Осылай өрттей қаулаған, қаумалаған ойлар жан-жақтан андыздап ортаға алғанда жанын қоярға жер таппайды. Ертең біреу-міреу бірдеңе біліп сезіп қалса, досқа күлкі, дұшпанға таба болады-ау. «Ата
сақалың аузыңа түскенде мұның не, алжыған қақпас», – деп кемпірі шығар бір жағынан. Бұл сырым өле-өлгенше өзіммен бірге о дүниеге кететін болады ғой деп шешкен Жетпісбай. Бұл ауылдың әдеті – бір үйге алыстан біреу ат басын тіресе болды, шақыру – шақырусыз сол үйге жинала бастайды. Оны ешкім ерсі көрмейді, соған әбден еттері үйренген. Кешқұрым көрші-қолаңдар: «Қыздарың, күйеу балаларың келіп көзайым болып жатыр екенсіздер. Айтпақшы, құдаша да келген екен», – деп үйге бас сұққан. Күйеу баланы, құдашаны бір-біріне көрсетіп көрімдік сұрасып, әзілдесіп, қалжыңдасып жатты. Әзіл-қалжыңның аяғы танысып-білісуге ұласып қызды-қыздымен ән мен биге айналып кете барды. Осы ауылдың әншісі атанған Қаламқас деген келіншек ауылдың алты аузын шырқап қоя берді. «Ойбай-ау, әнді өзіміз айта береміз бе, құдащаға да кезек берелік», – десті бір кез көпшілік дуылдасып.
- Е-е, бәсе, бәсе. Сөйтсеңдер сөйтсеңдерші, – деп үлкендер жағы қостай жөнелді.
- Қане, әнді енді Торғын айтсын. Көкшетау ән мен күйдің ордасы. Ақан сері мен Біржан салдың елі ғой. Құдаша да қаражаяу болмаса керек, – деп шуылдасқан көп әрең басылды. Жетпісбай: «Қап, әттеген-ай, азаннан бері жүріп құдашаның аты-жөнін дұрыстап сұрап алмаппын да ғой», – деп іштей ыңғайсызданды.
Торғын десе торғындай, үлбіреген нәзік, періштедей жан екен. Жұрттың көзі өзіне түскеніне сәл қысылыңқырап қалды да:
- Асып бара жатқан әншілігім де жоқ еді. Жарайды, қолқа салған екенсіздер, – деп Сәкеннің атақты
«Көкшетауын» шырқай жөнелді. Даусы әуезді де назды екен. Жұрт дән риза болды. Жетпісбайдың да ән мен күйден аз-кем хабары бар еді. Анда-санда көңіл күйі келгенде қара домбырасын қолына алып бірауық шертіп қоятыны бар-ды. Қоңыр даусына салып біраз әннің басын
қайыратын. Ел соны білмейді дейсің бе, әрине біледі. Білгеннен соң да жұрттың ән айт деп Торғыннан соң өзіне жабысқаны. Көрші-қолаң: «Жәке-ау, өзіңнің де әу дейтінің бар еді ғой. Қызың, күйеу балаң, құдашаң келгенде қарап қалғаның болмас», – деп кеу-кеулей жөнелді.
- Қойсаңдаршы, біздікі қай әншілік, жәй ауыл арасының әгугайы да, – деп ат-тонын ала қашқан. Торғын құдаша да:
- Аға, айтсаңызшы, – деп қиылып қоймады.
- Қап, болмадыңдар, ғой, – деп Жетпісбай еріксіз қара домбырасының құлақ күйін біраз келтіріп отырды да,
«Бір келіншекті» бастап кетті. Басында сәл кібіртіктеп еді, қайырмасына келгенде даусы ашылып ән өз арнасына түскендей болды. Ән салып отырып Торғын жаққа көз қиығы түсіп кетіп еді, ол бар ынта-шынтасымен селт етпей тыңдап отыр екен. Жанарында сүйсіну, ризашылық басым. Екінші қайырғанда өзіне-өзі қайран қалды. Онан сайын тынысы кеңейіп, әнді зор шабытпен, іңкәрлікпен шырқады. Әнді сирек айтсаң ән сені, сен әнді жатырқап қаласың. Шіркін, халық әндерінің құдіретін-ай! Тек қана әннің ғана ғұмыры мәңгілік екен-ау, уақыт та, жел де, күн де, жаңбыр да оның алдында қауқарсыз. Асыл ән халықпен бірге мәңгі жасайды. Жетпісбай бұл әнді бұрын да айтатын. Бірақ, дәл бүгінгідей шырқап көрмеген. Көпшілік те «Жарайсың Жәке», – десті. – Аға, сізге рахмет. Әнді жақсы айттыңыз, – деді Торғын сүйсінгенін жасыра алмай. – Қайдағы әншілік, біздікі жай ермек қой, – деп қызараңдаған ол орнынан тұрып: – Ал, енді отырыстарыңды өздерің жалғастыра беріңдер, – деді Жетпісбай.
Ән айтамын деп қысылғаннан маңдайынан бұршақ- бұршақ тер шығып, қысылып кетті. Кешкі ауа салқын екен. Майда самал есіп тұр. Жаны жадырап рахаттанып қалды. Кемпірі сыртта жүр екен: – Шал-ау, қартайғанда да бала- шағаның ортасында барқырап ән айтқаныңа жол болсын,
ұят емес пе, өзің осы бір-екі күннің ішінде біртүрлі болып кеттің ғой, – деді сұраулы жүзбен астарлай сөйлеп.
Кемпірінің әйтеуір Жетпісбай бір іс бастаса не бірдеңе жасаса сөйлеп қалатын әдеті бар. Жаңағы әннен соң да бірдеңе айтарын өзі де білген.
- Біртүрлі болып кеткенім қайсы?! Екі қолым, екі аяғым бар, баяғы Жетпісбаймын ғой, әлде өзгердім бе. Сен өзі ән дегенің не екенін білемісің, – деп ашуланған күйі қолын бір-ақ сілтеп жүре берді.
- Уа, ақсақал, басыл, басыл. Саған сөйлеуге болмай ма сонда, қызыңнан келген қонақтардан ұят болар, – деді кемпірі өзінің артық кеткенін сезгендей.
- Енді өздерің ғой! Қарап жүрген адамға соқтыққан. Ән айтсам не бопты. Жұрт өздері қолпаштап болмады ғой, – деп Жетпісбай да ақталған болды.
Бұл әйел баласы деген, сезімтал қырағы ғой. Еркектің көңіліндегі сәл-пәл өзгерісті тез аңғарады. Өтірік айта алмайсың. Құдашаға әйел баласы ретінде қарап сүйсініп еді. Соны сезіп қалғаны ма, әйтеуір кемпірінің сөзі де, көзі де өзгеріп қалыпты.
- Құдашамыз әрі көрікті, әрі сұлу екен. Тұрмысқа шыққан келіншек болса да, мына біздің ауылдың еркектерінің аузының суы құрыды ғой, – деді сөзді басқадарға арнап айтса да Жетпісбайға сынай қарап.
–... Әй, сен де не болса соны айтады екенсің. Қойшы өзің де, сөзің де бар болсын, – деді ол. «Ой, мына кемпірдің пәлесін-ай. Білмейтіні жер астында мұның. Жанды жерінен басуын қара өзінің», – деп Жетпісбай аң-таң.
Екі-үш күннен кейін, қыз бен күйеу бала, құдаша қайтатын болды. Пойыз түнде жүреді екен. Ұлы машинамен апарып салады.
- Күн қараңғыланып кетті. Серік боп өзің де барсаңшы,
- деп кемпірі қоймаған соң шығарып салуға Жетпісбай да кетті. Құдашаның мінезі ашық-жарқын екен. «Қолдарыңыз
тисе, Көкшетауға қыдырып келіңіздер», – деп жатыр. Өткен жолы құдашаға сонша сұқтана қарағанынан ұялып жүр еді, өзі сөзге тартқан соң:
- Құдаша-ау, күйеу баланы да ерте келгенің де дұрыс болар еді. Енді жалғыз келме, әйтпесе біздің ауылдың жігіттері өзіңізді ұрлап алып қашып кетер, – деп әзілдеп қойды.
- Ой, аға, сіз де қайдағыны айтады екенсіз. Жігіттер қызығатындай жас бойжеткен емеспін ғой. Күйеу баланың мінезі қиындау. Бір келетін болды, бір келмейтін болды. Әйтеуір реті келмеді,– деді сөзін салқындау аяқтап.
Пойыз уақтылы келді. Жетпісбай әуелі қызын сонан соң күйеу баласын құшағына қысып беттерінен сүйіп қоштасты.
- Ал, айналайын алтын құдаша аман боп тұр, – деп құдашаның қолын қос алақанына қысып қоштаспақ болып еді, ол бетін тоса берді Жетпісбай бетін оның бетіне амалсыз тигізіп еді, беті мамықтай жұмсақ екен.
- Аға, аман боп тұрыңыз. Бәріңізге сый-кұрметтеріңіз үшін үлкен рахмет. Әніңізді де, өзіңізді де сағынатын болдық, – деді ол наздана қоштасып.
- Амандық болса көрісерміз. Жақсы, айналайын, жолдарың болсын, – деді Жетпісбай қоштасып жатып.
Құдашаға айтары көп еді, бірақ ештеңе айта алмады. Қалай айтады, ұят қой. Құдаша салған ән құлақтан кіріп, бойын алып, жүрегіне ұялап қалған. Поезд жүріп барады. Құдаша маржан тістері жарқырап күлімдеп қол бұлғайды. Жетпісбайдың жүрек тұсы сыздап қоя берді, осы пойыз жүрегінің жартысын алып кетіп бара жатқандай. «Қандай сұлу, көңілің таза жан едің. Қайда жүрсең де аман-есен, бақытты болшы, айналайын», – деп іштей қайталай берді. Құдашаның қасын, көзін, жүзін көз алдына елестете берді. Пойыздың соңғы вагоны көз ұшынан ғайып болғанда, көздері суланып қоя берді.Торғынды енді көре ме, жоқ
көрмей ме. Ғашық болып қалғаныма құдай-ау. Өз ойынан өзі үркіді. Кеудесін қимастық, сағыныш сезімі кернеді. Япырай, қазір ғана шығарып салған жоқ па. Ал, мынау не нәрсе өзі. Өмірінде ешкімді дәл бұлай күйіп-жанып, сүйіп көрмеген екен. Күю, сүю, махаббат дегенің осы ма еді. Біресе қуанды, біресе қорықты. Қойшы, бәрін ұмытайын, басымды несіне босқа қатырам десе де, жүрегі құрғыр болмайды. Көз алдына Торғынның нұрлы бейнесі келе береді. Барлық бітім-болмысы, бет-бейнесі, әр сөзі, күлгені бәрі-бәрі санасында жатталып қалыпты. Жетпісбай бозбаладай күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Сау басына сақина тілеп алған адамдай қиналды, азаптанды. Бірақ сол қиналыстың, сол азаптың өзі бақытқа бергісіз еді еді. Өмірде сүюден асқан қуаныш, ләззат, рахат жоқ екен ғой.
Кемпірінің ойында дәнеңе жоқ. Тірлігі басынан асады. Жетпісбайдың басындағы жайдан хабарсыз. Бірақ, ерте ме, кеш пе бәрібір біледі ғой. Қырық жыл отасқан қосағының жай-күйін айтпай-ақ сезіп ұғады. Шалының бас-аяғына көз жүгіртіп: « – Е-е, бәтшағар боларың бопты ғой», – деп бетін бір-ақ шымшыр. Жетпісбай жерден кірерге тесік таппай тұрар. Әй, бірақ оған жеткізе қоймас жанын берсе де.
Арада ек-үш айдай уақыт өтті. Жетпісбайдың жан дүниесі аласапыран күй кешті. Ештеңеге зауқы жоқ, бойы дел-сал. Шаруаға да, асқа да ықылассыз. Кемпірі байғұс бәйек болып жүр:
- Ауырып қалған жоқпысың – деп бір о жағына, бір бұ жағына шығып әбігерленді де қалды. Обалы, не керек кемпірінің өзі дегенде шығарға жаны жоқ. Ықылас-ниеті, қамқор көңілі шексіз. Жетпісбай:
- Еш жерім ауырмайды. Мазалай бермеңдерші, – деп шыж-быж болады. Кемпірі, ұл-қыздары ештеңе түсінбей әлек. Оның ұяттан өртене жаздап жүргенін қайдан білсін.
Құдайға шүкір, төрт құбыласы түгел, үйлі-баранды, балалы-шағалы. Біраз дәулеті, қолында күш-құдіреті бар, ешкімнен кем емес. Сонда да болса көңілі құлазып бірдеңе жетіспей тұрғандай сияқтанады да тұрады. Жүрек, көңіл құрғырға дауа бар ма, бір нәрсені іздейді, аңсайды. Байқап қараса, осыған дейінгі өмірінде ауызға ала қоярлықтай алабөтен өзгеріс, көңіліне үлкен ой салып жан дүниесін қопара қозғаған ештеңе болмапты. Дағдылы күнделікті күйбең тіршілік, бала-шаға, шаруа дегендей бірінің артынан бірі тізбектеліп өтіп жатқан ешқандай айырмашылығы жоқ ұқсас күндер. Жанын жегідей жеген ой да жиі мазалайтын болды осы кейінгі кездері. Бұрын уайым-қайғының не екенін білмейтін. Аһлап-уһлеп күрсінеді. Кей-кезде не үшін екенін өзі де түсінбейді. Дерт дейін десе, алып бара жатқан ештеңе жоқ. Ұйқысы тыныш, тамағы сау. Сөйтсе де, көңілде бір алаң бар. Бәрінің неден басталғанын ойлап-ойлап түбіне жеткендей болды да, бірдеңе түсінгендей күй кешті. Түсінгені – айтуға болмайтын ұят нәрсе. Масқара болды. Әнеукүні қызы, күйеу баласы, құдашасы келіп кеткеннен кейін басталды ғой бәрі. Абайсызда құдашамен көздері түйісіп қалған. Құдай-ай, өзіне де обал жоқ. Көзіне қарап несі бар еді, тыныш отырмай. Онымен жарысып ән айтқаны несін алған. Сонда-ақ қақпанға түсіп, сезім құрығына ілінген екен. Бәсе-е, Торғын құдаша есіне түсе береді қайта- қайта. Екі-үш рет түсіне де кірді. «Торғын, Торғын», – деп дауыстап шошып оянды. Абырой болғанда, жанында кемпірі болмай қалды. Әйтпесе, таза масқара болатын еді. Бірдеңе шаруа істейін десе, Торғын есіне түссе болды ойы сан-саққа бөлінеді, жанын қоярға жер таппай кетеді. Кейінгі кездері ұмытшақтық деген әдет жабысты. Біресе айырды, біресе күректі жоқтап «қайдалап» жүргені.
- Не болды саған. Бәрі өзің қойған жерде тұрған жоқ па, – деп кемпірі зекиді.
Кешкісін қолына қара домбырасын алып, бірде жаяулатып, бірде баяулатып біраз әннің басын қайырады. Торғындай қимасын, қымбатын аңсап кеудесін сағыныш кернейді. Тәтті қиялға беріліп үміт жетегіне ерген күйі төбеге тесіле қарап терең ой құшағына батады. Оның үстіне жас келген сайын адамның денсаулығы да сыр беріп, әлдене жабыса береді емес пе. Біресе ана жері, біресе мына жері ауырып маза бермейді. Сол тән азабына жан азабы қосылып, қинаған үстіне қинай түседі. Торғынды кездестірмесе, көрмесе сол баяғы моп-момақан қоңыр тірліктің жетегінде жүре берген болар еді. Ойламайын деген сайын ойлай береді, ұмытайын деген сайын есіне түсе береді. Кеудесінде Торғынға деген махаббат сезімі қайта күнбе-күн үдеп барады. Апыр-ай, не істесе екен, бойын билеген ала құйын сезімдермен алыса-алыса шаршады. Көрмей, жолықпай кетсе ұмытылар ма еді. Қайдан, араға жыл аралатып олар үш-төрт рет келіп кетті. Оның ойында ештеңе жоқ қой, Жетпісбайдың жайынан мүлде хабарсыз. Кінәлап жазғыратын жөні бар ма. Қазақтың қазақ болғалы барыс-келісі, алыс-берісі біткен бе. Той-томалақ болған соң құда-құдағиларды шақырасың. Торғынды көрген сайын көңілі бұзылып сала береді. Әзірге тіл қатып, сыр білдірген емес. Көрген сайын шексіз бақытқа бөленеді. Торғынның өзі де әр кездескен сайын: « – Аға, қалайсыз?»
- деп жанын мейірім мен шуағы мол қап-қара көздерінің сәулесіне шомылдырып, жүрегіндегі аласұрған ыстық сезімдердің отына май құя түскендей болады.
Анау бір жылы құдалары қоярда қоймай Көкшетауға қонаққа шақырған. Кемпірі ұзақ жол жүргенді көтере алмайды. Қанша үгіттесе де, алыссынып бармай қалды. Бірақ, құдаларға арнап мол сый-сияпат сәлемдеме жасап дайындап берді. Жетпісбай бір-екі ағайынын ертіп жолға шыққан. Екі күн дегенде пойызбен әрең жеткен. Қартайған адамға ұзақ жол оңай тие ме. Жасы да жетпіске таяп қалды.
Көзден де қалып барады. Құдалар өкпелейтін болған соң амалсыз жолға шыққан. Олар құшақ жая қарсы алды. Әсіресе, қызы қатты қуанды. «Келгендеріңіз өтірік пе, рас па», – деп есі шығып жүр. Анасының келмегеніне онша ренжіген жоқ, ұзақ жолды көтере алмайтынын біледі ғой. Ата-ананы, туған үйді, бірге өскен бауырларды қыздай жақсы көретін, қыздай сағынатын, қыздай бауырмал, қыздай мейірбан, қыздай қамқор кім бар бұл өмірде?! Біз, еркектер ата-ананың, туған үйдің, бауырлардың қадіріне қыздай жете бермейміз ғой, жасыратын несі бар. Жетпісбай да қызын онша сағынбаған сияқты еді, бірақ көрген сәтте көзінен шыққан жасты ірки алмай қалды. Қанша дегенмен де қыз болса да бауыр еті емес пе. Қаумалап күтіп алған топтың арасынан көзімен Торғынды да іздеген. Көрді, жүзі бұл-бұл жайнап, жұмсақ қана жымиып шетте тұр екен. Ең жақын, ең ыстық, ең қымбат танысын көргендей қуанып кетті. Өзі де үлкендерге жақындап кеп:
- Аға, қалайсыз. Ат-көлік аман жеттіңіздер ме, – деп қолын ұсынды.
- Амансыңдар ма, жақсы жеттік, – деп Жетпісбай оның қолын біраз ұстап тұрды, ол да тартып ала қоймады.
- Сіздер де біз жаққа ат ізін салады екенсіздер ғой,
- деді қуанышын жасыра алмай. Келгендеріңіз жақсы болды. Атақты Бурабайды, Оқжетпесті, Жұмбақтасты көресіздер...
Ертеңіне Торғын өзі бастап келген қонақтарына жер аралатты. Жер шоқтығы, жер жәннаты десе де болғандай екен Көкшетауды, жер де осындай сұлу, керемет, көрікті болады екен-ау. Айнала-төңірек сыңсыған орман, басына бұлт қонақтаған найза шыңдар, айдыншалқар көлдер. Қарасаң, көз тойғысыз.
- Апыр-ай, бұл жақтың адамдары мен ән-жырлары неге сұлу болады десем, өзен, көлге, орман, тауға тартып сұлу болады екен ғой, – деп Жетпісбай Торғынға көз
қиығын тастап әзілдеп қойды. Торғынның жүзіне қызыл жүгіріп, бұ сөздің кімге арналғанын түсінгендей болды. Бірақ көңілі пәс, жүзі солғын, қабағында бір кірбің бар. Бір реті келгенде:
- Қарағым, бір жерің ауырып жүрген жоқ па, көңілсізсің ғой, – деді Жетпісбай шын жанашыр қабақ танытып.
- Дені-басым сау. Еш жерім ауырмайды. Себебін кейінірек айтайын, – деді мұңайып.
- Торғынжан, кешіре гөр. Орынсыз болды-ау, – деп Жетпісбай ақталып жатыр.
- Оқасы жоқ. Хал-күйімді сұрағаныңызға рахмет. Біз бөтен адамдар емеспіз ғой, – деп күлімсіреді.Тағы бірде:
- Аға, мен бәрін көріп біліп, сезіп жүрмін. Бірнәрсені жоғалтып іздеп жүрген жан сияқтанасыз. Жетпісбай:
«Іздегенім де, жоғым да аңсарым да, аңсағаным да сен»,
- дей жаздап барып өзін-өзі әрең тежеп қалды. Не деген сезімтал, дәп ойының үстінен түсті.
- Торғынжан, іздеген, жоғалтқан ештеңем жоқ. Оны қайдан көріп тұрсың, – деді ештеңе білмегенсіп.
- Аға, шыныңызды айтыңыз. Бірнәрсе айтуға батылыңыз жетпей жүр ғой сіздің, – деп тікесіне көшті.
- Өткенде неге көңілсізсің дегенім бар еді ғой, ұмытпасаң. Себебін кейін айтам деген болатынсың, – деді Жетпісбай.
- Е-е, соны айтасыз ба. Өзім де айтқалы жүр едім. Күйеуіммен біраз жыл отастық. Бірақ тірлігімізде береке болмады. Күнде ұрыс-керіс, дау-жанжал. Не кінәм барын білмеймін. Қанша шыдап бақсам да болмады. Сөйтсем, жас біреуді тауып алған көрінеді. Сыныққа сылтау іздеп жүрген екен, соған үйленіп кетті, – деп ол көзіне жас алып.
- Қой, қалқам, жылама. Мен бекер сұраған екенмін ғой кешіре гөр, – деді Жетпісбай ыңғайсызданып.
- Аға, ғафу етіңіз. Мұңымды сізге шаққаным ұят болды- ау, деді Торғын көзінен шыққан жасын сүртіп жатып.
- Күйеу бала ақылсыз екен. Сендей асыл жанның қадіріне жетпеген.Бұл адам дегенді қойсаңшы, қолына қонған бақыт құсын қайдағы бір тұрымтайға, күйкелтайға айырбастай салады да соңынан бармағын шайнайды, – деді Жетпісбай ашынып.
- Мен оны жанымдай сүйген едім. Тіпті өзімнен де артық сүйдім. Опасыздық жасап бір күні өзге біреумен кетіп қалды-ау деген ойыма да кірмепті. Оны өзімдей көріп өзімдей сеніп жүрсем. Жанымды орны жазылмастай етіп жаралады...
- Торғын, сен жүрегі кең, басқаларға ылғи жақсылық тілеп тұратын ақкөңіл адал жансың. Сен бақытты боласың да, бақытты болуға тиіссің, – деп ол басу айтты. Оны қалай жұбатқысы келуді білмей әбден састы.
Ертеңіне Жетпісбайлар қайтуға жиналды. Құда- құдағилар бір-бірін қимай ұзақ қоштасты. Жетпісбай Торғыннан көзін алмай көп қарады. Енді қайтып көре ме, көрмей ме – сол ғана жанға бататыны.
- Ал, құда-құдағилар аман болыңыздар. Сый- құрметтеріңізге, ықылас-пейілдеріңізге үлкен рахмет. Айналайын қарақтарым, сендер де аман-есен жүріңдер, – деп әуелі Торғынның, онан соң қызы мен күйеу баланың маңдайларынан сүйді
- Кім біледі, енді көрісеміз бе, көріспейміз бе. Артық- ауыс кеткен жеріміз болса айыпқа бұйырмассыздар.
Жетпісбайдың бұл сөзі сол жерде тұрғандардың көңілін босатты. Бірлі-жарым кісідер көздеріне жас алысты. Торғын мен күйеу бала қоярда-қоймай вокзалға бірге келді. Жол-жөнекей:
- Торғын қалқам, не болса соны ойлап босқа өзіңді-өзің қажай берме. Жассың ғой, бар өмірің алда. Сары уайымға батқаннан не пайда. Онан да қолдарың тисе ауылға келіп қайтыңдар. Біруақ сапарға шығып сейіл-серуен құрған да жақсы, – деді. Дәл осы сәтте тәңірі Жетпісбайға құдірет-
күш берсе ол осы бір жүзіктің көзінен өткендей алтын асықтай келіншекке бар әлемнің бақытын сыйдар еді. Әттең, қолдан келер қайран жоқ. Торғынның жабыққан жанын жүректен шыққан жылы сөзбен ғана жұбатуға жетеді шамасы. Торғын жас болса да ақылды жан екен. Жетпісбайдың көзінен де, сөзінен де көп сырды айтқызбай- ақ ұққан. Жүректен туындаған ынтызарлық, іңкәрлік сезілмей қала ма. Баяғыда Жетпісбайдың ауылында кездейсоқ абайсызда түйісіп қалған көздер күндер, айлар, жылдар өте бірте-бірте бір-біріне үйренісіп, бірін-бірі ұғысып, бірін-бірі іздейтін де болған. Көздер әлдеқашан- ақ ештеңе айтпай-ақ сөйлесіп тілдесетін күйге жеткен. Жүрекпен біліп жүрекпен сезген жандарға сөздің қажеті қанша?!
Қоштасарда Жетпісбай осылардың шет-жағасын сездірмек болған. Кім біледі, жас емес. Төрінен көрі жақын. Жан сырын өзімен бірге ала кеткеннен гөрі осы арада айтып қалса көп жеңілдеп қалатындай. Аһлап-уһлеп әрлі-берлі қозғалақтай берді ретін таппай.
Торғын мұңая күлімсіреп:
- Аға, менбәрінбілемін ғой. Ештеңеайтпай-аққойыңыз. Жан сырымды, жай-күйімді көзімнен, қас-қабағынан ұғып, ылғи ниеттес, тілектес болып көңіліме демеу боласыз. Сізге рахмет. Мені жақсы көріп қалғаныңызды баяғыда-ақ сезгем. Түсінігі таяз басқа біреулерге бұл ерсі, сөкет көрінуі мүмкін. Әйтсе де мен олай ойламаймын. Бұл жақсы көруіңіз еркектің әйелді жай ғана ұнатып қалуынан биіктеу, жоғарылау, тереңдеу нәрсе сияқты. Соған көзім анық жетті. Сезімтал, жаны нәзік асыл жансыз ғой. Мен сізді ешқашан ұмытпаймын. Ауырмай аман-сау жүріңіз, – деп көзіне жас алып вагоннан тез түсіп кетті. Жетпісбай ұяттан өртене жаздап отырған орнында отырып қалды. Ойпырм-ай, әйел жаны не деген сезімтал, сұңғыла еді. Бұл баяғыдан бері Торғын ештеңе білмейді деп жүрсе.
Түп ортасы болған. Поезд жүйткіп келеді. Әлден уақытқа дейін оның көзі ілінбей қойды. Көкірек тұсы сыздай ма, мазасыз күй кешті. Ауылға келген соң да сол күй, сол көңіл жетегінде көп жүрді. Көзі де көруден қалып барады. Басқа ескі сырқаттары да қозып жанына батады. Өлімнен қорықпайды, асарын асады жасарын жасады. Қимайтыны
- тек Торғын ғана. Кеш көрді, ымыртта кезіктірді. Әйтсе де сол азғантай сәттің өзін сыйлаған тағдырына бек риза. Ауру деген алмай қоя ма. Қыс аяғы төсек тартып жатып қалды. Алыс-жақындағы туған-туыс, құда-жекжаттары көңілін сұрап келіп жатты. Жетпісбайды бір ғана тілек, бір ғана арман – Торғынды тым болмаса бір рет көрсе екен. Дертті болғаны туралы хабар қызына да жетсе керек. Бұл оны білмейді. Не дейсің, Көкшетаудағы қызы келе жатқан көрінеді Торғын құдаша екеуі. Мұны естігенде Жетпісбай бар дертінен айығып кеткендей болды.
Қыстан шыға көктемге де ілінді-ау. Оған да шүкір. Даладағы абыр-сабырды, жүріс-тұрысты естіп үйге біреулердің кіргенін сезді көзі көрмесе де.
Дегбірсізденіп қасында отырған немере інісіне:
- Кім келді, кім? – деді.
- Көкшетаудағы қыздар-ау шамасы, – деді ол. Жетпісбайдың жүрегі тулап кетті. Торғынды көзі көрмесе де жақындағанын жүрегімен, көңілімен сезді.
- Аға, қалайсыз. Жақсымысыз, – деді даусы сыңғыр етіп.
- Жақсымын, өздерің қалайсыңдар, – деп даусы дірілдеп кетті.
Осы кез жер бетінде Жетпісбайдан бақытты жан жоқ еді. Торғынды көрмей кететін болдым ғой деп ойлаған. Енді өлімнен қорықпайды.
«Енді арманым жоқ, армансызбын. Рахмет саған. Сенің барыңа ризамын», – деп күбірлей берді. Оны Торғыннан басқа ешкім естімеді де, түсінбеді де.
Содан бір айға жетер-жетпесте Жетпісбай көз жұмды. Жантәсілім етерде: «Торғын, Торғын қайдасың?! Ән айтшы, ән,ән» – деп жатты. Көз алдында көк көйлек Торғынның бейнесі. Орамалын бұлғап шақыра берді де көк сағымға сіңіп жоқ болып кетті.
Байғұс кемпірі: «Мына жазған не деп сандырақтап кетті өзі» дегендей иығын қиқаңдатты да қойды.
БОЛЫС АТА
Сарыпбек атама
Ес білгеннен бері білетінім – ол кісіні біздің ауылдың үлкені-кішісі Болыс ата дейтін. Жаңа түскен келіндер:
«Болыс ата» десе, әйелдер жағы «болыс қайнаға» деп жататын.
Сол кезде Болыс атаның жасы сексенді алқымдап қалса керек. «Шын аты – Нұрмұхамбет болса да, ол кісіні неге бәрі «Болыс ата» дейді? Сол туралы ойланып көрмеппіз. Ол кісінің бітім тұлғасы да, жаратылысы да ерекшелеу еді. Нағашылары Арқа жағынан деп есітетінбіз. Ұзын бойлы, ақсары жүзді, көзі көкшілдеу, ат жақты кісі еді. Біздің Оңтүстіктің қараторы, қоңырқай жүзді адамдарына онша ұқсай бермейді. Қатарластарының көбі кетіп қалған соң, Болыс ата ауылымыздың жасы үлкен қариясы болып қалған.
Әңгіме айтса, еңбек армиясында болған кезін жыр ғып айтып беретін. Соғыс кезінде еңбекке жарамды азаматтар еңбек армиясына шақырылған, халық шаруашылығы үшін үлкен маңызы бар құрылыс нысандарын салу үшін. Сондай үлкен құрылыс нысандарының бірі –
Мырзашөл аймағындағы Киров каналы еді. Ол шөл және шөлейт аймақтағы жердерді игеруге, суландыруға арналған болатын. Болыс ата сол каналды салуға бастан- аяқ ат салысқан. Канал құрылысы соғыстың алдында басталғанда, соғыс кезінде жалғасқан.
Ауылдастарыоләңгіменіжатқа біледідеседеболғандай. Білсе де: «Жас үлкен кісі ғой, айтса айта берсін», – деп иба сақтап, бас изесіп отыра беретін. Ал, біздер баламыз ғой, ұйып тыңдаймыз. Ол кезде Болыс атамыз тепсе темір үзетіндей күшті, нар тұлғалы жігіт болса керек. Қайратты, қарулы азамат канал құрылысындағы озаттардың бірі болған. Сол еңбегі үшін Қызыл байрақ ордені өз айтуы бойынша, яғни Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Онша мақтау сүймейтін, еңбегін бұлдағанды жек көретін жан. Сол ордені құрғырды да жөндеп тағып көрмепті. Тағып көрмек түгілі, дұрыс сақтамапты да. Ордені де, куәлігі де жоғалып кетіпті құнттамаған соң. Зейнеткерлікке шығарда райсобездегілер еңбек кітапшасын ақтарғанда ордені бар екенін біліпті. Білген соң куәлік кітапшасын сұраған. Ол қайдан болсын. Жатқан жерін бір құдайдың өзі білер. «Мүмкін сұрастырып, іздестіріп көрерсіз. Зейнетақыңыз көптеу болады», – деген ондағыларға:
«Өткенім өтті, кетті. Қайта қазбалап енесіне әуреленемін», – деп Болыс ата қолын бір-ақ сілтеген.
- Құдайға шүкір, ешкімнің қолына қарап қалған жайым жоқ.
Қорасында екі-үш сиыры, отыз шақты ұқсақ малы, бау- бақшалық жері бар, бір мәнісі болар.
Ауылдағы он шақты үй ұсақ малдарын кезектесіп бағатын. Қой-ешкіні, бала да, шаға да, қыз да, келін де бағады. Әсіресе, балалар азарда-безер. Сабақтан қалуға тура келеді ол үшін.
Болыс ата зейнеткерлікке шығысымен ауылдастары:
«Ақысын төлейік, малымызды бақсаңыз», – деп қолқа
салқан.
- Бақсам бағайын. Үйде де алып бара жатқан шаруам жоқ қой, – деп келісе кеткен.
Болыс ата затында ақша ұстап, тиын санағанды жек көретін. Бар тапқанын кемпірінің алақанына салып, тыныш отыратын, малды бағуын бақса да, ақшасын сұрауға жоқ- тын. Кейбір қулары берер ақысын келесі айларға шегере- шегере ақырында ұмыттырып та жіберетін. Кемпірі байғұс айғай-шу көтеріп жүріп, ақшасын жинап алатын.
Ауыл үйде – мал сойылса болды, біздер «Болыс атаны кешкі асқа шақырайық та», – деп тұрамыз әке-шешемізге. Өйткені, ол кісі ауылдың үлкені. Ас үстінде алдына қойылған бастың құлағын бізге кесіп береді, соңынан өлген кісілердің рухтарына бағыштап құран оқиды.
Үйге кісі келсе алдымен бала қуанбайды ма. Шешеміз сандықты ақтарып кәмпит-сәмпитін, өрік-мейізін шығарады. Жеп-тойынған соң кетуге асығамыз. «Болыс аталарыңның әңгімесін тыңдаңдар», – деп шешеміз ұрсып, отырғызып қояды.
- Апыр-ау, «трудармияның» әңгімесін жатқа білеміз ғой, – дейміз жыларман болып.
- Әй, сендер адам болмайсыңдар, үлкен кісіні сыйламайсыңдар! – деп шешеміз кіжінетін. Есейген соң ойлап қарасам шынында да Болыс ата біздің ауылдың ешқандай сайлаусыз сайлап қойған болысы болған екен. Соданекен ғой олкісінібәрінің Болыс атадейтіні. Ауылдағы көп тірліктің түйінін сол кісінің алдында шешімін тауып жататын. Бұзық та, тентек те, кесір келін де, шайпау әйел де Болыс ата десе аяқтарын тартатын. Ол кісі қатал болса да әрбір істі әділ, шын шешетін. Келін мен бала арасында кикілжін туа қалса, болыстың әңгімесінен соң татуласып, табысып кететін. Баппен, байыппен ұзақ сөйлесіп, шайқала жаздаған талай шаңырақты аман сақтап қалды. Тентек бала, маскүнем күйеу, ұрлық-қарлық істегендер
ешқандай милиция, сотсыз-ақ болыс атанып «жазасын» алып жататын. Кімнің не істеп жүргенін, ақыры немен тынарын біліп отыратын. Ақылын айтып сақтандыратын. Әттең, оқымай қалғаны болмаса. Оқымаса да өмірден көріп-түйгені мол, табиғат берген пайымы бар, ақылгөй, сұңғыла адам еді. Қандай дәрежедегі адам болсын ортақ тіл табысып, сөйлесіп кететін.
- Болыс ата, Америкада, Қытайда не болып жатыр екен?
- десең, газет-журнал оқып, радиодан құлақ алмайтын біздерден асып түседі, біз білмегенді біліп отырады. Соның бәрін қайдан біліп алғанына таң қаласың.
Кемпірі марқұм өмірден ерте кетті. Қатарластары үйленіп ал деп қаншама үгіттеген.
- Жасым алпыстан асты, жас емеспін ғой желкілдеген. Біреудің әйелі біреуге әйел болып оңушы ма еді, – деп көнбеген-ді. Оның үстіне қандай жан кез боларын бір құдай біледі. Ертең үйге кіруін кіріп алып, ұл-қызын жекіп, нұқып күн көрсетпей отырса, олардың көңіліне қылау түсе ме, – деп ойлайды.
Міне, осы Болыс ата үлкен дәрежелі бастық, ас та төк дүние жинаған бай болмаса да, өзінің асыл адамгершілік болмысымен бүкіл ауылымыздың қадірлі, сыйлы Болыс атасы күйінде өмірден өтті. Жақсы қария аспандағы күндей баршаға жақсылық сәулесін шашып, көңілдерге ізгілік нұрын құяды. «Ақылды қария – ағып жатқан дария» деген рас екен-ау. Ол кісінің жаназасына қарақұрым жұрт жиналды. Үлкен аулаға сыймаған көп адам сыртта тұрды. Болыс атаның қазасы ауылдастардың қабырғасын қатты қайыстырды. Қандай адамды жоғалтқандарын олар енді білгендей еді. Болыс атаның орны бөлек екен. Күн де батты. Қариясынан айырылған Арыс жағасындағы кішкентай ауыл жетімсіреп қалғандай болды.
САПАРБЕК АТАНЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Сапарбек ата – бізбен көрші тұратын Ерлан деген баланың атасы. Ол кісі қалаға анда-санда келіп-кетіп тұрады. Әр келген сайын аулада тұратын балалар ол кісіні ортаға алып әңгімесін тыңдаймыз. Сапарбек ата керемет әңгімешіл кісі. Әңгіме айтқанда құдды бір сол оқиғалардың ортасында жұргендей сезінесін өзіңді.
- Ата, сіз де біз сияқты бала болдыңыз ба осы? – дейміз біреуіміз.
- Е-е-ей, қарақтарым-ай. Осы шал күйімде аспаннан түсе қалды деймісіңдер мені. Мен де өздерің сияқты бала болғам. Бірақ бізде балалық шақ болды ма. Қу соғыс әкемізді де, балалық шағымызды да жалмап кетті ғой, – деп күрсініп қойып Сапарбек ата әңгімесін бастап кетті. Әкем бес ағайынды еді. Әкем мен төрт ағам соғыстан оралмады. Бір ағамыз аман келіп еді. Соғыстан алған жарақатының әсерінен көп ұзамай қайтыс болды. Соғыс басталған да бес-алты жастағы бала едім. Кішкентай болсақ та, сонау батыста басталған алапат дауылдың легін сезгендей болдық. Ер-азаматтар соғысқа аттанып жатты. Ауылда жұмыс істейтін адам қалмады. Олардың орнын қарттар, әйелдер, балалар басты. Көктемде егін егу, шөп орудан қол босаса мектепке де барамыз. Суық бөлмеде киіммен отырамыз. Жағатын отын қайдан болсын. Кітап бірлі-жарым. Дәптеріміз газет беті. Табылмаса ол да жоқ. Соған қарамастан жақсы оқуға тырысамыз. Жаман оқысақ соғыста жүрген кісілеріміз ренжитіндей. Бірінші кластың соңына таман мені мектептен шығарып жіберді. Бір
күні мектепке келсем, маған мұғалім: «Үйіңе қайта бер, сен енді оқымайсың!» – деді. «Неге?», – деп едім, «Оны білудің қажеті жоқ», – деді. Содан шығып шешеме келдім. Шешем бәрін айтып түсіндірді. Менің үлкен атам би болған кісі екен. Ол кезде би, болыс, бай дегендердің үрім- бұтақтарын оқуға алмайтын. Болмайды дегенге қарамай мектепке күнде келемін. Кейде жалынып-жалбарынып отырып алам. Мұғалім – шал кісі еді, көңілімді қимай, кейде, сабаққа кіргізеді. Бір күні былғары күрте киген біреу келіп:
- Мынаны неге оқытып жатырсың? – деп мені көрсетіп мұғалімге дүрсе қоя берді. – Жоқ, әлде сен Сталиннің, коммунистік партияның шешіміне қарсысың ба? Мұғалімнің түрі бұзылып сала берді. Мен ертеңіне сабаққа келуді мүлдем қойдым. Сол кезде атамның би болғанына қатты өкіндім. Ызам келіп биік жардан секіріп өлсем бе деп ойладым. Бірақ шешемді аядым. Содан жұмысқа кірісіп кеттім. Атшы да болдым, өгізге арба жегіп те айдадым. Жұмысқа алданып бәрін ұмытқандай болдым. Бір күні ауылда кеңеске шақыртып жатыр дегенді естідік. Шешемнің үрейі ұшып кетті. Келсем, сол былғары күрте киген отыр түксиіп. Сәлем алмастан қабағын шытып.
- Сен ФЗО-ға барасың, – деді.
ФЗО-ның не екенін мен қайдан білейін. «Е-е, ФЗО деген соғыс болып жатқан жер шығар, мүмкін әкемді көріп қалармын» – деген оймен:
- Барамын, барамын, – дедім қуанып. Былғары күрте киген: «мынаның есі дұрыс па? Жұрттың баласы бармаймын деп қиғылық салып жатқанда, – деді кекете күліп. Соңынан білдім. ФЗО деген фабрика, заводта жұмысқа дайындап оқыту екен. Барамын дегеніме қатты өкіндім. Амал қанша, шешем жылап-сықтап жүріп, мені жолға дайындады. Мойныма алақандай тұмар тағып берді. Содан ауылдан бес-алты ұл-қызды машинаға
мінгізіп алып кетті. Машинаға бірінші рет мінгеміз ғой. Алғашында қорқып едік, кейін етіміз үйренді. Екі езуіміз құлағымызда. Ауылдан алыстап бара жатқанымыз ойымызға кіріп-шықпайды. Бес-алты сағат жүріп, бір жерге келіп тоқтадық. Үлкен төбенің асты үңгір сияқты қазылған екен. Үңгірден шыққан адамдардың касы-көзі, кірпігі, кап-кара. Біз таңданып қалдық.
- Бұлар шахтерлер. Жердің астынан көмір қазады, – деді бізге біреу түсіндіріп.
Бір жігіт менен жөн сұрады. Маған:
- Жұмыс бөлгенде ат айдаушы боламын деп сұра, –деп сыбырлады. Оған ішім жылып қалды. Бәріміз бір бөлмеге кірдік. Ескі киімдерімізді шешіп алып,отқа тастады. Су жаңа киімдер берді. Сабын ұстатып, моншаға кіргізді. Моншаны бұрын көрген емеспін. Шыққан соң, асханаға апарып тамақ берді. Үстел үсті самсап тұр. Содан төсекке жаттық. Таң бозара бере «Подъем!» – деген шаңқ еткен дауыстан оянып кеттім. Көзімді уқалап, жүре киініп, асханаға беттей беріп ем:
- Сен не, жуынбайсың ба? – деп біреу білегімнен ұстай алды. Таңғы асты ішіп болған соң жанағы біреудің бригадир екенін білдім. Кімнің қай жұмысқа қабілеті бар екенін сұрастырып жаттық.
Ал, мен:
- Атқа міне аламын. Ауылда өгіз арба айдадым, – дедім.
- Аттан қорықпайсың ба?
- Жоға, қорықпаймын.
«Шахтада ат не істеуші еді, тағы да барып кел, шауып кел боламын ғой деп ойладым. Сөйтсем, нағыз жұмысты аттар атқарады екен. Аттарды көріп аң-таң қалдым, құдды бір ертегідегі Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары сияқты алғашқы да жақындауға қорықтым, сөйтсем нағыз жүк тартатын жылқылар екен. Ресей жақтан әкелінген. Бригадир: – Сен олардан қорықпа, өте
ақылды. Барып-қайтуды, бұрылысты өздері біледі. Сен тек жетектеп отырсаң болды. Жемін, суын беріп күтімге аласың, – деді. Түскі ас болған кезде қоңырау соғылады. Аттар да іле тоқтайды, мен оларды босатып алып, арнайы жемдерді суға шылап, араластырып беремін. Бір-екі күннен кейін үйреніп кеттім. Бір ай өтер-өтпестен жұмысымызға ақша бере бастады. Бізге жатқан, ішкен-жегенімізден не артылады деп ойлағам. Бізді де шақырады. Бір жерге келіп терлеп-тепшіп памилемізді әрең жаздық. Маған бір бума ақша берді. Осының бәрі маған ба дегендей шошынып кеттім. Өмірімде мұндай ақша ұстап көрмегенмін. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Келдім де шапанымның астарын тіліп, арасына ақшаны салып, қайтадан тігіп тастадым. Екі-үш айда әжептеуір ақша жиналып қалды. Әйтсе де қарын тоқ болғанмен, ауылдан шығып көрмеген басымыз, туған үйімізді сағына бастадық. Алғашында жұмысымыз, жатар орнымыз, ішер тамағымызға дейін қызық сияқты көрінген. Дегенмен, туған жеріңе, туған ауылыңа ештеңе жетпейді екен. Соны түсінгендей болдық. Сағынышымыз ұлғая түскендей жиналып әңгіме айтамыз. Ауылды айтқан сайын, онсыз да шыдамымыз таусылып жүрген біздер
«Ал, қайтыңдар!» десе, құс болып ұша жөнелердей күйде едік. Бірақ біздерді кім жібере қойсын.
–.. Жібермесе, қашып кетейік, – деп шештік. Үш- төрт күн бойы берген тамақты жеместен дорбаға салып жинай бердік. Таң ата ерте жолға шықтық. Ешкім ештеңе сезбейді. Бәрі ұйқыда.
Жолды жөнді білмейміз де. Әйтеуір жобалап жүріп келеміз, жүріп келеміз. Жететін түріміз жоқ. Ымырт түсіп, күн қараңғылана бастады. Тауда түн суық болады емес пе, тоңазып, жаурай бастадық. Шақпақ алғанымыз қандай жақсы болған. Отын жинап от бастық. Бұл жерлерде аю да, қасқыр да бар деп естігенбіз. Қорықанымыздан отты айнала отырып алдық. Содан таң атқанша міз бақпастан
отырдық. Күн көтеріле бере алдымыздағы кең жазықтан тігулі тұрған киіз үйді көрдік. Қойшылардың қосы сияқты. Төңіректе сиыр, қойы жайылып жүр. Қарнымыз аш, шегіміз шұрылдап барады. Әуелі біріміз барып мән- жайды біліп келмек болдық. Имене басып киіз үйге жақындап келдім де:
- Ассалаумағалейкүм! – деп ішке ендім. Алдымда қарт кісі отырғанын байқадым. Ой құшағында отырған болуы керек. мені алғашында байқамады. Мен жөткірініп қалдым. Ол кісі аң-таң күйімен:
– Қайдан жүрген баласың, бұл төңіректегіге ұқсамайсың ғой, – деді.
- Иә, мен Қызылтаңнанмын. ФЗО-да оқып жүрмін. Әрі шахтада жұмыс істеймін, – дедім күмілжіп.
- ФЗО-да оқитын болсаң, айдалада неғып қаңғып жүрсің, әлде қашып кеттіңдер ме? – деді жүзін суытып.
Мен үндемей қалдым лажсыздан.
- Сен әуелі тамақ ішіп ал, сонан соң сөйлесеміз, – деді. Мен тамақты не ішерімді, не ішпесімді білмей дағдарып қалдым. Аналар аш отырғанда маған қалай тамақ батсың.
- Неге тамақ алмайсың? Әлде тоқпысың. Мен шынымды айттым:
- Жалғыз емеспін, қасымда екі бала бар, – дедім.
- Қайда оларың?
- Анау қырқаның астында.
- Енді неге отырсың, шақырмайсың ба? Бар ертіп кел,
- деді.
Мен орнымнан атып тұрып, жүгіре жөнелдім. Ет жеп, айран ішіп әл жиған соң ол кісі:
- Ауылды сағынғандарың дұрыс. Бірақ қасқырға жем бола жаздапсыңдар. Қызылтас алыс емес. Жаяуға бір-екі сағаттық жер. Мен сендерге жолды түсіндіремін, – деді. Дорбамызға жолда жейтін оны-мұны салып берді.
Сонымен күн бата ауылға да жеттік. Шешем сырттағы
ошаққа от жағып жатыр екен.
- Апа-ау, – деп кемсеңдеп жылап жібердім де, құшақтай алдым.
- Құлыным-ау, қайдан жүрсің? Оқуыңды бітіріп келдің бе? – деп ол кісі де жылап қоя берді.
Апам екеуміз шайды ішіп бола берген кезде қуғыншылар да кіріп келді.
Апам әлі ештеңе білмейтін. Қуғыншыларды көргенде зәре құты қалмады. Қашып келгенімді естіп, жерден алып, жерге салды. Іздеп келген кісілер ұрысқан жоқ. Қайта бізді аман-есен тапқандарына қуанды.
- Біз сендер үшін басымызбен жауап береміз. Онсызда жақын арада каникулға жібергелі жатқан едік, – деді мосқалдау бір кісі. Шешеме шапанымды тастап кеттім. Абайлап сөк, ішінде ақша бар, – дедім қоштасып жатып.
Шешем байғұс көз жасын сығып қала берді. Бізді қайта алып кетті. Барған соң ФЗО директоры бізбен әңгімелесті. Татар кісі екен. Қазақшаға судай. Ұрыспай-ақ, жаймен сөйлесті. Бізді қатты ұялтты. Екі-үш күннен кейін жанағы кісі мені шақырып алып:
- Маған бала боласың ба? – деді күлімсіреп. Жылы жүзді кісі болған соң ба:
–. Болсам болайын, – дедім шын көңілімнен. Ол кісі күліп жіберді де:
- Біздің шынымен баламыз жоқ. Әрі үйге қарайлайтын адам керек. Мен де, апайың да күні бойы жұмыстамыз. Біреулер телефон соққанда жауап бересің. Әрі ФЗО-дағы оқуыңды да оқи бересің, – деді. «Әйелі бар болса неге баласы жоқ, еркек пен әйел үйленген соң неге баласы болмайды», – деп ойладым. Балалық қой, кейіннен білдім әлдеқандай себептермен балалы бола алмай жүр екен.
Содан директордың әрі «баласы», әрі қызметшісі болып шыға келдім. Ертемен тұрып алып, ауланы тап- таза ғып сыпырып қоямын. Онан кейін апай жазып берген
тізіммен базардан, дүкеннен керекті нәрселерді сатып алып келемін. Күнделікті, ай сайын ақша беріп тұрады. Тамақты осы үйден ішемін. Тағы да шапанға ақша жинай бастадым.
Бәрі жақсы-ау, бірақ шешем есіме түсе береді. Жалғыз басты ғой. Оның үстіне күз түсе бастады. Отын жиып алды ма, әлде алмады ма деп қоям. Қиналып жүргені есіме түсіп кетсе, көзімнен жас та шығып кетеді. Ұнжұрғам түскенін байқаған болу керек:
- Сен не, ауырып қалған жоқпысың? – деді директор аға. Мен ол кісіні директор аға, ал әйелін Мәриям апай дейтінмін.
- Күн суытып кетті. Шешемнің отыны жоқ еді. Өзінің әлі келмейді, – дедім жыларман болып.
- Сол ма уайымың. Бір-екі күннен кейін отынды машинамен өзің апарып келесің, – деді ол кісі жымиып. Мен қуанып кетіп:
- Шын ба? – дедім өз құлағыма өзім сенбей.
Содан ертеңіне жолға жиналдық. Мариям апай бір сөмкеге апама арнап неше түрлі кәмпит, шай, көйлектік мата салды.
Көмір мен ағашты жүк машинасына тиедік те, Мариям апай екеуміз директор ағаның қызмет машинасына мініп, жолға шықтық. Ауылға жеткенше шыдамым таусылып, дегбірім қалмады. Іңір болмай жеттік-ау әйтеуір. Екі машина біздің үйдің алдына келіп тоқтай қалғанда ел- жұрт лезде жиналып қалды. Шешем байғұстың есі шығып кетті. Үйге не кірерін, не шығарын білмейді. Ол кезде біздің ауылда көмір болмайтын. Бәрі көмірді ұстап көріп аң-таң қалды. Пешке салып едік, пеш дұрыс болмағандықтан ба от жанбады. Ертеңіне Мариям апай екеуміз қайтатын болдық. Менің қайтқым келмейді. «Пеш жөндейтін кісіні қасыңа қосып жіберем, өзің бірге келіп кетесің», – дегенде мәз болып қалдым.
«Қайта келесің» дегеніне шешем де қуанып қалды. Шешеме директор аға, Мариям апай туралы айттым.
«Иманды кісілер екен, жақсылықтары құдайдан қайтсын. Айтам ғой жер беті жақсы адамдардан кенде емес» деп ол кісі одан сайын риза боп қалды.
Мариям апай қайтар кезде шешем қатты састы: – Қап, ұят болды-ау, келінді қалай құр қол жеберем, – деп. Ақырында төрдегі сандығын ашып:
- Әжеңнен қалған көз еді, – деп алтын білезікті алып шығып, Мариям апайға ұсынды. Ондай салтты біле бермейтін болуы керек, әуелі шошып кетті. «Орамал тон болмайды, жол болады, алмасаңыз ренжимін», – деп шешем қоярда-қоймай алғызды.
- Менің жалғызыма бас-көз боп жүр екенсің, өмір жасың ұзақ болсын, – деп батасын да берді.
- Әгәрда бұзықтық жасап, тыңдамаса сабап алсаңыз да рұқсат.
- О, не дегеніңіз, балаңыз жақсы бала. Тыңдырымды, ұқыпты, – деп жатыр Мариям апай.
Бір аптадан кейін, Мариям апай айтқандай пеш жөндейтін кісіні алып келіп пешті жөндеттік. От жағып едік, үй іші жылып қоя берді. Пеш үстіндегі шәугім түні бойы сақылдап қайнаумен болды. шешем біресе жылайды, біресе күледі.
- Апа, осы кісілермен бірге үлкен қалаға барып, оқу оқысам қайтеді, – деп ақылдасып ем.
- Жо-жоқ, атай көрме. Маған сенің көз алдымда жүргенің керек, – деп бой бермеді.
Бара салысымен директор аға бірер айдан кейін үлкен қызметке ауысты. Маған: «Барсаң жүр, бірге ала кетейін, оқу оқисың», – деді.
Мен бар ризашылығымды айтып, шешемнің ойын білдірдім.
- Мейлі, өзің біл, – деп ол кісі мені аса қинамады.
Ертеңіне бар сәлем-сауқатымен директор аға мен Мариям апай мені машиналарымен ауылға шығарып салды.
Одан бері қаншама жаз, қыс, көктем, күз өтті. Шешем өле-өлгенше сол кісілерді аузынан тастамай кетті...
Біз құдды бір ертегі тыңдап отырғандаймыз. Сапарбек атаның сөздеріне не сенерімізді, не сенбесімізді білмейміз.
ЕСКІ ТАНДЫР
Әңгіме
Жазғы демалысым аяқталуға жақын. Азғантай қауын- қарбызды суғарып түс әлетінде үйге оралдым. Кіре бергенім сол еді, радиодан ән айтылып жатыр екен.
«Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған, Сағынышым – сары ормандай самсаған...»
Мен аяқ киімімді шешпестен, тыңдап тұра қалдым.
Апам:
- Қауын қалай екен? – деп еді, мен саусағымды ерніме тақап тоқтай тұрыңыз дегендей ишарат білдірдім. Неге екенін білмеймін, осы бір ән ылғи мені баурап алады. Шынында да: «Менің әжем қандай кісі болған екен»
- деп ойланам. Әйтеуір, тек мейірімді жан ғана болып елестейді. Бар білетінім, мен екі жасқа толар-толмаста қайтыс болған.
Апам үн-түнсіз дастархан жайды. Шай үстінде: – Әжем туралы әңгіме айтыңызшы, – деп қиылдым. Бұл менің көкейімде көптен жүрген болатын. Апам: «Сен де қай- қайдағыны сұрайды екенсің?» – деп қояды. Онысында зіл жоқ.
- Иә, жарықтық жақсы кісі еді ғой, – деді апам бір түрлі мұңайып. Мен одан әрі қазбалай қойған жоқпын. Тек апам: «Балам, бүгін ескі жұртқа барып қайтайықшы», – дегенде елең ете түстім. Ескі жұрт бұрын біздің ауылдың отырған жері. Ол жерге сонау алпысыншы жылдары Өзбекстаннан көшіп келгенбіз. Алғашқы кезде жергілікті адамдар біздің ауылды «өзбек ауылы» дейтін. Өйткені олар өзбекше мен қазақша шатастырып сөйлейтін. Ауыл Арыстың жағасында. Көктемде тасыған су кей үйдің табалдырығына дейін келетін. Кей үйді алып та кететін. Кейін совхоз өзеннен жырақтау жерге жаңа үйлер салды да, ауыл түгелдей сол жаққа көшті. Ал әжем сол ескі жұртта қайтыс болған. Бала кезде сол ескі жұртқа барып ойнайтынбыз. Оған да жиырма жылдың жүзі болып қалыпты. Апамның: «Барып қайтайық» деген тілегіне қуана қосылдым. Балалық шақтың ескі іздерімен қайта жүрудің өзі ғанибет қой. Қамдана бастадық. Апам орталау табаққа ұн салды. Шай ішетін бір-екі кесе, тұз алды. Оның бәрін өзі бір жаққа қыдырғанда ғана алатын қызыл сөмкесіне салды. Мен іштей: «Ұнды не қылады?»
- дедім де үндемедім. Сонан соң ескі сандықты ашып, ішінен ораулы бірдеңе алып шықты. Оның не нәрсе екенін білемін. Сыртының күйесі екі елідей күйелеш-күйелеш қара құман. Апам: «Әжелеріңнің шай қайнатып ішетін құманы», 0 деп қастерлейтін.
Апам екеуміз ескі жұртқа қарай бет алдық. Мен жеткенше асығып келемін. Күн ыстық екен, оны елеп келе жатқан біз жоқ. Жаңбыр әбден мүжіген ескі дуалдар көзге шалынысымен-ақ жүрегім дүрс-дүрс соқты. Апам да қалың ойдың құшағында. Бір кезде апам:
- Анау шеткісі біздің үй, – деді. Танымағанда ше, осы үйде дүниеге келіп, ес білгем, жылағам, ойнағам, күлгем, қиялданғам. Біз жақындай бергенде дуалдардың арасынан пыр етіп жабайы кептерлер ұша жөнелді. Үйдің
тек қауқиған қабырғалары ғана қалыпты. Менің назарым сол қабырғаларда. Ал апам естілер-естілместей:
- Со бойы тұр екен ғой, – деді. Мен:
- Не, не, – дедім.
- Мына тандырды айтам, нан пісіретін...
Тандыр сол қалпы екен. Айналасын шөп басып кеткені болмаса. Мен ескі кетпен тауып алдым. Апам төрт-бес тал жусан сындырып әкелді.
.– Сен шөбін тазала да, өзеннен су алып кел. Мен сыпырып шығайын, – деді апам көңілді үнмен. Мен асқан ыждақаттылықпен тандырдың айналасында бір тал шөп қалдырмай қырнап шықтым да, суға кеттім. Келсем, апам дуалдың көлеңкесіне кішкене алаша төсепті. Тандырдың маңына біраз тезек, жыңғыл жинап қойыпты. Мен аң-таң қалып тұрмын: «Апам тандырға нан пісірейін бе?» – деп. Соны сезгендей апам:
- Қазір нан пісіреміз, – деді көйлегінің жеңін түріп жатып.
- О, апа, пісіріңізші тандырдың нанын сағындым, – дедім. Апам ұнды табаққа салып қамыр илеуге кірісті. Мен жерден кішкентай шұңқыр қазып су құйылған қара құманды қойдым да, айнала тезек қалап от жақтым. – Тандырға да от жаға сал, – деді апам қамыр илеп жатып. Әбден қурап кепкен тезек пен жыңғыл лап етіп жана жөнелді. Қызған тандырдың ішкі беті біртіндеп ағара бастады. Осы кезде шай да қайнап қалды.
- Сен шай демдей бер, мен нан жапсырайын, – деді апам. Осы бір кәсібін сағынып қалғандай құлшына кірісті. Тандырдан бетке ұрған ыстық лепті елер емес. Қимылы ширақ. Нанды жапсырып болысымен: – Қазір піседі, – деді маңдайының терін сүртіп жатып. Мен шайды дайындап қойғам. Біраздан кейін апам тандырдан біркелкі қызарған қызыл күрең күлшелерді алып жатты.
Маған біреуін ұсынып:
- Сен жей бер, қарның ашқан шығар, – деді.
Менде тандыр нанға деген тәбеттен гөрі әуестік, сағыныш басым еді.
- Апа, тамаша пісіпті, дәмді екен, – дедім. Апам тандырдағы бар нанды алды да шайға отырды. Наннан
«бісмиллә» деп бір үзіп алды да: – Бұл наннан қол үзгелі де біраз уақыт болыпты-ау, – деді. Менің сүйсіне жеп отырғанымды көріп, қуана күлімдеп қойды. Шайдан ұрттап қойып әңгіме айтып отыр.
- Мына тандырды жасаған әжең еді.
- Қалай сонда, одан бері біраз уақыт өтсе де бұзылмай сақталған, – дедім таңдана.
Апам әңгімесін ары қарай жалғастырды.
- Мен келін болып түскенде бұл ауылдың әйелдерінің бәрі нанды тандырға пісіреді екен. Ал, біздің ауылда табаға жабатын. Алғашқы кезде нанды көрші үйдің тандырына пісіріп жүрдім. Бұрын тандырға нан пісіріп көрмегенмін, әбден әбігерге түстім. Оның үстіне көрші әйел нан пісіріп алғанша тосып отыратынмын. Бұл қиналысымды сезген әжең бір күні азанғы шай үстінде:
- Келін, жинал, бүгін суы тартылған ескі көлдің табанынан тандырға саз әкелеміз, – деді.
- Ене-ау, неғыласыз әуре болып, табаға пісіре бермеймін бе, – дедім.
- Қой, шырағым, қашанғы біреудің тандырына пісіресің. Бәрібір керек болады, – деді менің сөзіме құлақ аспай.
Ол кезде аздап ауырып жүрген болатын. Қайратты кісі еді, онысын сездірмейтін. Содан саз алып келдік. Бір-екі күн суда тұрып жұмсарған соң, үлкен тулақтың үстіне салып әжеңнің өзі балақ-жеңін түріп алып иелеуге кірісті.
- Ене-ау, үсті-басыңызды былғап қайтесіз, ауырып қаларсыз, – дедім.
- Мені ауру-мауру дегендерді қойыңдар, – деп кейіп тастады. Ешкінің қылын қосты ма, тағы бірдемелер қосты. Оларының не екенін білмей қалдым. Қуаныштан көз алдыма жаңадан тұрғызылған тандыр елестей береді. Түс әлетінде жұмыстан оралған әкеме тандырдың аумағындай шұңқыр қаздырды. Әжем сазды илеуді сәске түсте бастап намаздігерде аяқтады. Мен жәрдемдесейін десем жолатпайды. «Онан да байқап тұр, ұнамаса кейін өзің жасап аларсың», – деп жымиып қояды, шаршағанын білдірмейін дегендей. Содан соң илеуі қанған саз балшықты тандырға шақтап қазылған шұңқырдың табаны мен қабырғаларына жұқартып жапсырып шықты. Ішкі бетіне қайта-қайта су сеуіп, теп-тегіс етіп алақанымен сылады.
- Міне, құдай қаласа, бір аптадан кейін дайын болады,
- деді маңдай терін сүртіп. Шілденің күні қойсын ба, тандыр әп-сәтте даңғырап кеуіп шыға келді. Оған дейін қоятын орын дайындап қойғанбыз. Әжең қояр кезде де басы-қасында жүрді. Дайын болғанда:
- Ал, шырағым, бүгін нан пісіріп көр қалай болар екен, – деді. Нан піскенше жанымнан шықпады. Онша жақсы шықпағанын сезсем де ол кісі:
- Жақсы пісіпті. Әлі-ақ үйреніп кетесің, – деп жұбатып қояды.
Содан көп ұзамай-ақ үйреніп кеттім. Анда-санда:
- Табаға жауып қиналып жүр едің мына тандыр жақсы болды-ау, – деп қояды көңілденіп.
- Шіркін, жыңғылдың шоғына піскен тандыр нанға не жетеді.
–. Ал, мен болсам іштей риза болып жүрдім. Содан күзге салым әжең төсек тартып жатып қалды да көп ұзамай көз жұмды. Ол кезде сен екі жасқа толып қалған едің, – деді апам. Алғашында шай ішкеннен терлеп отыра ма десем, көзіне жас алып отыр екен.
- Апа, қойыңызшы, мұнда мүлде бекер келген екенбіз,
- дедім әдейі.
Ал өзім мұнда келгеніме қуаныштымын.
- Жоқ, балам, келгеніміз дұрыс болды. Әжеңді ұмыта бастаған екенбіз аруағы кешіре гөрсін, – деді апам. Жарықтық мені өз қызындай көруші еді, ал мен ол кісіні өз анама балаушы едім. Мен анамның жастайынан жетім қалып, аға-жеңгесінің қолында өскенін білуші едім. Кейде апам сол жеңгесінен көрген қорлығын есіне алып, жылап алатын.
- Келін боп түсердің алдында, әжеңнін мінезінен шошып қалғанмын, – деді апам әңгімесін жалғастырып.
Әкеңмен біздің ауылда болған бір тойда таныстым. Ұнатып қалсам да, көп кездесе алмай жүрдім. Отырсам опақ, тұрсам сопақ дейтін қаһарлы жеңгем үйден бір қадам шығармайтын. Не істерімді білмей дал болдым. Жеңгеме сездірсем, бұрынғы күніме зар боларымды түсіндім. Қол ұстасып қашып кетуге қорықтық. Бұл әңгіме әкең арқылы әжеңе жетіпті. Бір күні кешкі асқа отыра қалғанымыз сол еді, жол үстінде аттылы арба, атқа мінген әйел көрінді. Жақындап келе бергенде байқадық, атта отырған кемпір екен.
Жеңгем:
- Ана кемпірдің атқа отырысының мығымын-ай, – деді. Сөй дегенше болмады, біздің үйдің алдынан бір-ақ шықты. Арбадан бір жігіт, бір-екі шал түсті. Ағам әжеңді аттан түсіріп, атын байламақшы болып еді, ол аттаң шапшаң түсіп:
- Өзім, өзім, – деді жолатпай. Шәуілдеп үрген итке назар аудармастан ширақ басып үйге беттеді.
Дастархан жайылып, шай жасалды. Осы кезде әжең келген шаруасын айтты:
- Екі бала бірін-бірі ұнатып қалған екен. Оған қалай қарайсыңдар? – деді бірден.
Жеңгем: – Үй-бай құдағи-ау, қызымыз әлі жас қой, –
деді мүләйімсініп.
Әжең:
- Тәйт, әрі. Он сезіздегі қыз жас бола ма өзі. Ұнатса бетін қайтарма.
Ағам тумысында бос болатын.
- Қайдам, – деді ештеңе білмей.
Әжең осы үнсіздікті пайдаланып, бұрышқа тығылып отырған мені шақырып, мейірлі үнмен:
- Кел, шырағым, – деді. Мен имене, тартыншақтана қасына келдім. – Ұялма, қалқам, келе ғой, – деді. Мұндай жылы сөз естімеген менің көңілім босап кетті. Мұнымды байқап қалған болуы керек әжең:
- Онда сөзді несіне көбейтеміз. Іс бітті, – деді.
- Сен қарсы болмасаң, шырағым, – деді әжең маған күлімсірей қарап. – Өзіңді қазір алып кетеміз. Несіне ырғалып-жырғаламыз. Алыс-беріс, киіт-пиіттеріңді ел қатарлы береміз, – деді аға-жеңгеме қарап.
Мен таң болып отырмын. Аға-жеңгем бірдеңе деп міңгірлеген болып еді, оны ол кісі құлағына да ілген жоқ. Жеңгем мені қимаған боп жылап жүріп киімдерімді жинап жүр. Мен қай киім бар дейсің, бар болғаны бір түйіншек қана болатын. Үйден шыға бере ауыл қыздарының әдетінше сыңси жөнелдім. Бірақ ауылдан шыға бере көзіме бәрі ыстық көрініп кетті. Тіпті жеңгемді де аяп кеттім. Әжең екеуміз арбада отырмыз. Кіп-кішкентаймын ғой. Әжең бауырына қысып алды. Ағыл-тегіл жылап келем. – Қарағым қоя қойшы, қоя қойшы, – деп емірене кеп маңдайымнан иіскейді. Осыншама мейірімге бөленген мен қуаныштан жылап келемін. Содан келін боп түстім. Ауылда алғашында келінге бәрі сын көзбен қарайды емес пе? Сөзің де оғаш, қылығың да – әңгіме. Ондай әңгімелерді әже құлағына да ілген жоқ. Мен де ол кісінің көңілінен шығуға тырыстым. Көзі тірісінде маған бірде- бір рет дауыс көтерген жоқ. Көз жұмарында маңдайымнан
иіскеп: «Ризамын, келінжан, ризамын», – деді.
- Ол кісінің жоқтығына көпке дейін үйрене алмай, тандырға жақындасам болды көзіме жас келетін, – деді апам мұңды жүзбен.
Осы тандырды әжеңнің көзіндей көруші ем. Орталыққа көшерде әкеңе тандырды өзімізбен бірге ала кетемін деп ем:
- Онда нанды дүкеннен аламыз ғой, қажеті не, – деді. Абысындарым да: «Үйбай-ау, оның не?» – десті. Менің бұл ойымды олар түсінбеді, мен бәрін айта алмадым.
- Әжеңнің көзіндей болған бұл тандыр осы ескі жұртта қала берді. Оған да біраз уақыт болыпты-ау, – деді апам әңгімесін аяқтады. Біз шай ішіп болғанша, күн батуға таяп қалды. Апам жинала бастады. Жиналып болысымен қайтадан су сеуіп тандырды, айнала сыпырып шықты.
«Таза болып тұрса, періштелер келеді», – деп қояды.
Содан соң: – Ал, қайтайық, – деді.
Менің біртүрлі кеткім келмей тұрды. Апам екеуміз ауылға қарай аяңдап келеміз. Мен ескі жұртқа қарайлай, қарайлай берем. Қимастық сезім аяғымды тұсаулап тастағандай, жүрісім өнбей кібіртіктеніп келем. Апам тандырды толтыра тезек салып, от жаққан:
- Әжеңнің әруағы келіп жылынады, – дейді.
Ауылға жақындап қалдық. Ескі жұрттағы, ескі тандыр шоқиып отырған әжем сияқтанады. Бықсыған жыңғылдың түтіні тандырды айналып көлбең-көлбең етеді әжемнің жаулығына ұқсап. «Қош, қош. Ұмытпай тағы да келіп тұрыңдар» – деген бір үн еміс-еміс құлағыма шалынғандай болды.
АҚТӨС
(Әңгіме)
Алты айлық оқудан кейін демалысқа шығып ауылға келе жатырмын. Көктемнің нағыз құлпырған шағы. Автобустан түн ішінде түстім. Ауыл ұйқыда. Күйреуік пен жусан исі мұрын жарады. Далаға біреу әтір шашып тастағандай. Ауылға барар жолдағы төбеден түсіп келем. Сағыныштың әсері ме, төбе бұрынғысынан пәсейіп кеткендей көрінеді. Қуаныштан адамға қанат бітеді екен ғой. Аяғым жерге тиер-тиместей болып келеді.
Көзге түрткісіз қараңғы түн. Күн шығыс жаққа енді. Ағараңдай бастаған. Жүріп келем. Кейде жолға тұрып қалған қақтың суын байқамай кешіп кетемін. Бір кезде қарсы алдымнан біреудің ентіге суды шалпылдатып келе жатқанын естідім. «Бұл кім екен, бейсауыт жүрген? Үйдегілер меніңбүгінкелетінімдібілмеушіеді ғой», – дедім іштей. Жаңағы өзімді еліткен тәтті сезімнен айырылып қалдым. Жақындап қалған кезде анықтап қарадым. Ит екен. Қауып алмасын деген оймен бойымды жинап алдым. Жаныма да келіп қалды. Тіпті еркін. Таныдым, өзіміздің
- Ақтөс! Құйрығын бұлғаңдатып келіп, қыңсылайды. Танығаны ғой мені. Желкесі күжірейіп, дәу ит болып: «Ау, Ақтөс, мені қарсы алуға келгенсің бе?» – деп басынан сипадым. «Сен өзің ақылдысың, ей», – деймін. Бір озып, бір қайтып келіп шапқылап жүр. Менімен кездескеніне қуанғандай. Мен де қуанып қалдым. Мені Ақтөс қарсы алады деп ойламаппын да. Арқасын жерге беріп, бауырын жата жазып, жата қалып еркелей қыңсылайды. Өзім
жолдан шаршап келе жатырмын. Үйге тезірек жетсем деп келемін. Үйге де жеттім. Ақтөс жаңағы әдетін қайталай берді. Апам сыртта жүр екен. Мені көріп қалып, үйдегілерге естірте:
- Үйбай-ау, баламыз келіп қапты ғой, – деді де бетімнен шөп еткізіп сүйді. Басқалар ұйқыда екен. Біртіндеп ояна бастады.
Сол кезде арт жағымнан Ақтөстің ұмтылғанын сезіп қалдым.
Апам: «Кет, әй, кет!» – дегенше болмады, күрткемнің етегін алып түсті.
Әкем: – Мына ит немене, құтырған ба өзі, – деп Ақтөске сес білдірді. Сонда барып Ақтөстің мына қылығын енді түсінгендей болып:
- Қой тиіспеңдер, мені сағынып қалған ғой, ұмытып кетіппін, – дедім де сөмкемді қарындасыма беріп:
– Ақтөс, Ақтөс, келе ғой, келе ғой, – дедім. Құйрығын бұлғандатып алдыма кеп бауырын жазып жата қалды. Сипалап біраз отырдым. Ашуы тарқаған сияқты. Жаңағы ашуланған себебі, осы екен. Ал, бұған үйреткен де өзім едім. Біздің үйде ит жоқ болатын. Сегізіншіде оқып жүргенде, көрші ауылдағы Амангелдінің иті күшіктепті дегенді естіп, сабақтан келген бойы солай қарай тарттым. Ауласында жүр екен. Мені көріп: «Неге келдің?» – деді.
- Маған күшік беріңізші, – дедім.
–Бұл қуларға дауа бар ма? Итіңнің күшіктегенін өзіңнен бұрын біліп қояды, – деп күліп қораға қарай беттеді. Күшікті алып шықты да:
- Әкең ақша берді ме? – деді қуланып.
- Жо-жоқ, әкеліп берем, – дедім бермей қояды ма деп қауіптеніп.
- Әшейін айтамын, ақшаңның керегі жоқ. Бұл қаншық жылда күшіктейді. Қайтып құтылсам екен мұнан? – деп ол мұңын шағып кетті.
Ал менің назарым күшікте. Қолмен ұстағанша асығып тұрмын. Пальтомның өңірін ашып жіберіп, қойныма сүңгітіп жібердім. Бір-екі рет қыңсылады да, бұйығып ұйықтап кетті. Атын не қойсам екен деп ойланып келемін. Құттыаяқ қойсам ба деп едім, ауылдың екі итінің бірі
«Құттыаяқ». Өзім білетін ит аттарын есіме түсірдім. Жолбарыс, Қабылан, Көксерек...
«Ақтөс» дедім, төсіндегі ақ жүнін байқап қалып. Есімің
- Ақтөс, Ақтөс деп басынан сипалап қойдым. Апам:
- Бұл бәлені неменеге әкелдің, түні бойы қыңсылап мазаны алады ғой, – деді. Қуанғаннан адам оған мән береді ме?
- Ештеңе етпейді, үйреніп кетеді, – дедім. Қыс ортасы. Күн суық. Ескі киізге орап, ағаш жәшікке орап қойдым. Бір-екі күн қыңсылады да, қойып кетті. Күнде есік алдына алып шығып, бауырынан сипалаймын. Үйден жылы- жұмсақты ұрлап шығамын. Біліп қалған апам: – Тағы да итке апара жатсың ба? – деп дауыстайды. Мен үндемей құтыламын.
Ақтөс тез өсіп кетті. Көктем шығысымен далаға жібердім. Жанымда салпақтап шауып жүреді. Бауырынан сипалағанға әбден үйреніпті. Кез-келген жерде аяғыңа оратылып бауырын жазып жата қалады, сипала дегендей. Тағы да кім екен демейді, үй-ішінің бәріне сөйтеді.
- Мына бәле жүргізе ме, жүргзбейді ме? – дейді әкем кіжініп.
Күзде апам тауық асыраймын деп, базардан төрт- бес тауықтың балапынын сатып әкелді. Апам келісімен бәріміз шайға отырғанбыз. Кішкентай інім жүгіріп келіп:
- Ақтөс бір балапанды жеп қойды, – деді ентіге.
Үй алдына жүгіріп шықтық. Қораның түбінде балапан жатыр. Жан-тәсілім қылыпты. Тамақтан бір-ақ салған ғой ауызды.
- Бұл бәле тауықты көрмеген, – деп ақтап жатырмын
Ақтөсті.
Расында солай, қайдан білсін мұның тауық екенін, оның бізге керек екенін. Әкем Ақтөсті ұстап алды да, байлап қойды. Қыңсылағаны жүрегіңді шымырлатады.
Сол байлаулы күйінде үш күн тұрды. Түні бойы қыңсылап шығады. Тамақ та ішпейді. Жақындасаң ырылдап өзіңе айбат шегеді. Босатайын десем, әкемнен қорқамын. Көрші ауылдағы үлкен атамның келе қалмасы бар ма? Қыңсылап жатқан Ақтөсті көріп:
- Ой, бұларың не? Босатыңдар! Ит болған соң ұмтылғанда. Иттің аты ит қой. Иттік қасиетін жоғалтқан ит, ит болушы ма еді. Енді өзі де тимейтін шығар, – деді.
Әңгіменің өзі жайында болып жатқанын түсінгендей, Ақтөс қыңсылағанын қоя қойыпты. Бардым да босатып жібердім. Содан кейін ол тауықтарға тимейтін болып кетті. Тауықтар енді Ақтөстің жанында тіпті еркін жүретінді шығарды. Жалпы, Ақтөстің ақылдылығына сенуші едім. Ал кішкентай екі інімнің Ақтөсті есек қылып мініп алатынын қайтесің, тіпті құлағынан тартса да маңқиып жата береді. Келесі күзде оныншы бітірдім де, оқуға түсіп кеттім. Ауылдан шығып көрмеген бозбала ауылдың ит екеш итінде сағынады екен. Мен де Ақтөсті сағындым. Бұлардың бәрі жаңа – Ақтөс мені қауып ала жаздағаннан кейін есіме келіп отырған нәрселер ғой. Шай ішіп, бәріміз ұйқыға жаттық. Таңертең тұрсам, Ақтөс есік алдындағы төбенің үстінде жатыр екен.
- Ақтөс, Ақтөс, – деп шақырып ем, жүгіріп келді. Тағы да бауырын жазып жата қалды.
Апам: – Үсті батпақ қой, киіміңді былғар, – деді. Мен:
......... – Ештеңе етпес, – дедім де бауырынан сипаладым. Ауылда екі-үш күндей болдым. Қойға барсам да, тойға барсам да, Ақтөс жанымнан бір елі қалмайды. Салпақтап ереді де жүреді. Тек алдыңнан бір мезет шыға
қалғанда: «Ой, мынау қай уақытта келіп қалған?» – деп таңданасың. Кішкентай кезінде жаныма еремін деп көрші ауыл иттерінің тісі батқаны бар бір-екі рет. Мені пана тұтып жаныма тығылатын. Ал қазір иттер Ақтөске бата алмайтын болыпты. Ол қазір желкесі күжірейген үлкен ит. Біреуі қыңқ демейді. Ал өзінің көрінген итке ұмтылатын әдеті жоқ.
Бүгін менің қайтатын күнім. Соны білгендей Ақтөс те түн ұзақ үйдің алдындағы сәкінің астынан шықпай жатып алды, мені аңсағандай. Міне күн де батты. Үй-ішімен қоштасып, Арысқа апаратын сүрлеумен жүріп келем. Ақтөс жанымда арсалаңдап келе жатыр. Біресе оң жағыма, біресе сол жағыма шығады. Ал жолға жақындағанда алдымды кес-кестеп жүргізбей қойды.
- Кет, Ақтөс, кет! – десем, онан сайын өршелене түседі. Сірә менің алысқа көп уақытқа кетіп бара жатқанымды сезеді. Жолға да жеттім. Қырсыққанда машина де келмей қойды. Бір сағат уақыт өтті. Ал, Ақтөс болса жолдың қарсы жақ бетіндегі үйілген тастың үстінде шоқиып отырды да қойды. Кететін ойы жоқ. «Мені шығарып салып бір-ақ кетейін дегені ме?!» – деп ойландым. Міне, автобус та келіп жетті. «Қош, қош» дегендей, бір-екі рет еркелей қыңсылап қойды.
- Ал, Ақтөс қош бол! – дедім де автобусқа мініп кеттім. Ашық есіктен дауысымды естіген бе, алдыңғы қатардағы бір-екі кісі итпен сөйлескені несі дегендей таң қалған сыңай танытты. Біраз жер жүргеннен кейін, терезеден Ақтөс әлі тұр ма екен деген оймен арт жаққа көз салған едім, әлі тұр екен. «Қош, Ақтөс!» – дедім күбірлеп. Көзіме жас келіп, көңілім босап кетті.
АСЫРАНДЫ ҰЛ
Өзіңнен тумай ұл болмас Әңгіме
Біздің ауылда екі ағайынды кісі болды. Үлкені – Ерман, жетпістің үстінде, кішісі – Құрман одан екі жас кіші. Құрманның үбірлі-шүбірлі қызы, ұлын қосқанда жеті перзенті бар. Шынына келгенде, оның перзенттерінің саны – сегіз. Бір ұлын ағасы Ерман ертеректе асырап алған. Ерманның әйелі келін боп түскеннен етегі қанап құрсақ көтермеді. Олар алғашында жастықтың қызумен жүріп, бала жоқтығына онша мән бермеген. Әне-міне дегенше екеуі де қырықтың о жақ, бұ жағына шықты. Қатарластарының алды немере сүйгенде өздерінің қу тізелерін құшақтап отырғандары жандарына қатты бататын. Ерманға ештеңе емес, совхоздың жылқысын бағатын. Күні бойы ат үстінде. Зерігуге уақыт жоқ. Ал, әйеліне өте қиын. Таң алакеуімнен тұрып күйеуінің шайын береді де, сонан соң үй шаруасын жайғайды. Шаруа дегенде не шаруа бар дейсің, бір-екі сиырды сауып қоя береді де, бұзауын арқандайды. Бес-алты ұсақ тұяқты өріске айдап жібереді. Бір күбі айранды піскен соң, отыра ғап шайға кіріседі. Жалғыздық деген жаман ғой, ас та батпайды. Тіпті өзін қоярға жер таппай күйбеңдеп кетеді. Алданыш болатын бір «жаман неме» де жоқ. Ерлі-зайыптылардың перзенті болмаса, қазақ санасына сіңген әдет емес пе, көбіне-көп бар кінәнің әйел жағына артылатыны. Соның әсері болар. Ерманның әйелі күйеуінің алдында өзін үнемі кінәлі сезінетін. Кей-кейде
тағдырына көкірегі қарс айырыла күрсініп, күйінетін. Ерман өзін қамшы астына алып жатса да, қыңқ етпейді. Онысы қорыққандықтан емес. «Перзенті болмаған соң көңілі жарымжан ғой», – деп үндемейтін. Былай алғанда, күйеуі жаман адам емес. Осы күні тойға, жиынға бара қалса, өздерін жұрт біртүрлі аяйтын сияқты көрінеді. Тіпті олар жылы-жылы амандасқан болып, сонысын білдіріп те қоятын. Ондайда Ерман мен әйелі ертерек үйге қайтуға асығатын. Бір күні орталықта тұратын Құрманның әйелі босанып, ұл туыпты деген хабарды ести салысымен Ерман күрт шешімге келіп, атқа қонған. «Онсыз да үш ұлы бар, жалғыз бауырына бір ұлын қимас дейсің бе. Барып қолқа салып көрейін» – деген.
Шынында да Құрман бірауыз сөзге келмеген. Әйелі аздап қыңқылдап еді. «Бөтен біреу емес, өз бауырым ғой, берелік» – деген. Қуанышы қойнына сыймаған Ерман жөргекке оралған сәбиді құшағына алып үйіне жеткенше асыққан. Сәбидің іңгәлаған үні өне бойын елжіретіп, тумасында балажан Ерманның ішкі дүниесін сары майдай ерітіп жүре берген. Дүниеге жаңа келген сәбидің жұпар исі мұрнын қытықтап, ыстық сезімдер алпыс екі тамырын қуалап әкелік махаббатын оятып жіберді. Әйелінің киіз үйдің керегесінен сығалап тұрғанын білсе де:
. – Уа, қатын! Баланы ал! – деп айғай салған. Күйеуінің дауысын ести сала, үйден атып шыға келген әйелі, қалбалақтап баланы қолына ала берді.
Ерлі-зайыпты екеуінің қуанышында шек жоқ. Мәре- сәре болды да қалды. Сәбидің іңгәлаған үні шаңырақтарын құдды бір әнге бөлегендей. Ерман іле бір қойды сойып тастап, айнала-төңіректегі біраз үлкендердің басын қосып, батасын алып балаға Жалғас деп ат қойғызған. Күндіз- түні ермек еткендері – сол болды. Жасқа толғанда, Ерман үлкен той жасап көкпар берді. Әйелі екеуі бойларын тың күш билегендей, қайта жасарғандай күй кешті. Жалғасы
не ішем, не кием демеді. Ерман: «Жалғыздан аяғанымды ит жесін», – деп қоятын. Жалғас орталықта интернатта жатып оқыды. Алғашында: «Жалғасжан, аман ба екен?»
- деп екеуі күндіз-түні уайымдаумен болды. Ерман күн- ара ат терлетіп, қоржынын сүтпен, маймен, қаймақпен толтырып, барып қайтатын. Бірте-бірте үйреніп кетті. Әне-міне дегенше Жалғас мектеп бітірді, жігіт болды. Бір күні:
- Алматыға оқуға барам! – деді. – Айналып қана кетейін, Алматы түгіл, Мәскеуге барам десең де, қалауың білсін! Кеудемде жаным барда ештеңеден қам жеме. Сені оқытуға шамам келмесе, жер басып жүрмей-ақ қойдым, – деген Ерман қуанып.
Жалғасы Алматыға оқуға кеткелі, әйелі екеуі бір- түрлі жабырқап қалды. «Бес жыл ештеңе емес. Демде өтіп кетеді» – деп өздерін жұбатып қояды. Жалғастан хат келсе қайта-қайта оқып, мәз-мейрам болып қалады. Алғаш хат келгенде пошташының мотоциклінің қорабына бір тоқтысын салып жіберген. Кейін де хат келген сайын бес, он сомды қалтасына зорлағандай болып салып жіберетін. Бес жыл дегенде, көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қыста жазған хатында Жалғас: «Әке жақын арада үйленіп қалармын», – деп жазған. Есі шыққан Ерман тойға қамдана бастаған. Қиналатын, ойланатын несі бар, құдайға шүкір, жиған-тергені бір той емес, екі той жасаса да жетеді. Қақаған қыста, ызғарлы суық желдің өтінде тұрып Жалғасының үйленетіні есіне түссе, өн бойы жылып қоя береді. Ақ сәукеле киген келіншегін қолтықтап Жалғастың табалдырықтан аттаған сәтін көз алдына елестетіп, тәтті ойларға берілетін.
Осы жаз Ерман мен әйелін әбден күттірді. Кемпірі екеуі қараша үйдің іргесінен өтетін қара жолға көздерін тігіп елеңдеумен болды. Бір күні інісі, Құрманның кіші ұлы, Полат атпен шауып келіп, Жалғастың келінді өз үйлеріне
түсіргенін айтып сүйінші сұрап келеді.
- Мұнда қашан келді? – деп Ерманның өңі бозарып сала берді. Келіншегі Алматыдағы үлкен бастықтың қызы көрінеді. «Әкем өкпелемесін, қонақтарды қара жолдың шаңына көмілдіруге ұялдым. Тойды да орталықтағы үйде жасайық», – депті. Мына хабардан кейін Ерманның алабұртқан көңілі су сепкендей басылды. «Қызталақтың онысы несі-ей» – деп күн батқанша үйге бір кіріп, бір шығумен болды. – Өсірдім бе, жеткіздім бе, қызығын көрем бе деп отырғанда сыртқа тепкені несі?! Тіпті болмағанда, келінді осы үйдің босағасынан бір аттатып, одан Алматысы бар ма, басқасы бар ма, қалаған жағына кетем десе, бетінен қақпас едім ғой. Ерте бастан құлақтанып қалған ел-жұртқа не бетін айтады. «Өзіңнен тумай ұл болмас» деген осы екен ғой, деп әбден күйінді. Тойға да бармады. Кемпірі байғұс әрең дегенде рұқсат алып, тойға барып қайтқан.
Содан Ерман іш-құса болып, төсек тартып жатып қалыпты да, көп ұзамай-ақ жарық дүниемен қош айтысып, көз жұмды.
ТАҒДЫР
Дәуренбек көкемді көрмегеніме он үш-он төрт жылдың жүзі болған. Қызмет бабымен не болмаса, оқу-білім іздеп ауылдан алысқа ұзап кеткен жандарды тоқайластыратын да, табыстыратын да ауыл емес пе. Тіршілік болған соң, бәрі де болады. Ол кісі болса, сонау жас кезінен жоғарғы оқу орнын бітіре салып, жолдамамен тым шетке, сонау өзбек жеріне қызметке кеткен. Кеңес өкіметі бар кез ғой. Ауылға кейде араға жыл салып, кейде екі-үш жыл салып, келіп-кетіп тұратын. Оның өзінде де жақын туыстардың той-томалағына, қаза-қайғысына ортақтасу үшін келеді.
Қызметі үлкен болса да, тым кішіпейіл, қарапайым, өте балажан кісі. Содан ба, ол кісі келгенде бәріміз қуанып қалатынбыз. Әрқайсымызбен амандасып, жағдайымызды сұрайтын. Маңдайымызды иіскеп, бетімізден сүйеді. Бала шіркін, мақтау сүймей ме. «Дәу жігіт болыпсың ғой» – дегенге төбеміз көкке жеткендей болады. Мектеп бітіріп, одан жоғары білім алып, дәм-тұз айдап, Алматыға орныққанмын. Жақын туыстардың ұлы үйленіп, тойға шақырған екен. «Сыныққа сылтау» дегендей ауыл жаққа ат ізін салмағалы да біраз болған. Елге тартып кеттім. Барсаң, ағайын-туыс құшағына алады. Мәре-сәре боп жатқанда:
- Е, мынау Әбілжан ба? – деген дауысты естідім де, жан-жағыма көз жүгірттім. Қарасам, қарсы алдымда құшағын жайып Дәуренбек көкем күле қарап тұр.
- О, көке, сіз де келгенсіз бе тойға? – дедім қуанып. Көкем мені құшағына алып, қатты қысып бетімнен сүйді. Тым бауырмашыл кісі ғой. Көзінен жас та шығып кетті. Менің де көңілім босады.
- Әбілжан, өзіңді көрмегеніме он бес жылдай болыпты ғой. Қалай, келін, бала-шаға аман ба? Алматың жайнап тұрған шығар, – деді.
- Иә, көке. Бәрі аман-есен. Өзіңіз қалайсыз, денсаулығыңыз жақсы ма? – дедім толқып.
- Зейнетке шықтым ғой. Қол бос, туған-туыстарды аралап жүрмін, әбден сағындым. Мауқым басылар емес. Айналайын туған жерге, туған елге ешнәрсе жетпейді ғой. Дәуренбек көкемнің шаштары бурыл тартып, маңдай тұсындағы әжімдері тереңдей түсіп, бойы еңкіш тартыпты.
«Сырлы қасықтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, жас кезінде сымбатты, сұлу, кербез болғандықтан ба әлі де қайратты, қартайып тұрған ештеңесі жоқ.
- Сен, Әбілжан, қасымда жүр осы тойда. Басқаларды ғой, жиі көремін. Ал өзіңді көптен көрмедім, – деп мені
қолтықтап алды. Көкемнің құдай қосқан қосағы осының алдында ғана дүние салған болатын. Көңіл айтуға мұршамды келтірмеді емес пе. Әңгімеден әңгімеге көшіп барады, сөзін бөлген тағы ыңғайсыз. Жеңгемізде көкемізге сай кербез, сұлу кісі болатын. Қасы қияқтай, шаштарын ортасынан бөліп, бұрым ғып өріп қоятын. Маңдайы жарқыраған жылы жүзді, биязы кісі болатын. Ол кісі де институт бітіріп, жолдамамен жұмысқа барып, көкеммен сонда танысыпты. Қаншама жыл отасып, әй-шәй дескен кісілер емес, біз білгелі. Тек бір өкініштісі – жеңгеміз бала көтермеген еді. Тағдырдың салғанына не істейсің? Алла тағала біреуге қанша тілесе де бермейді, ал біреуге тілемесе де үйіп-төгіп береді. Бірақ көкем мен жеңгем осы үшін уайым-қайғыға батып, ренжіспеген. Туған-туыстың қанша баласын бөле жармай бауырына тартып, құшағына алып оқытты, тәрбиелеп өсірді. Көкемді көргеннен кейін көңіліме келген көп ойлар осындай еді. Көкем той біткенше көңілді жүрді. Кейде біреулерге бұйыра сөйледі, жеңгелеріне әзілдеп, жасы кішілерді еркелетеді. Ертеңіне той біткен соң, көкем қайтатын болды.
- Әбілжан, қолың босаса, сен мені үлкен жолға дейін шығарып сал. Автобустың келуіне әлі бір-екі сағаттай уақыт бар екен, – деді.
- Жарайды, көке, боспын ғой, – дедім.
Ол кісі туған-туыстарымен қимай қоштасты. Содан үлкен жолға қарай аяңдап кеттік.
Жолай келе жатып көкем:
- Айтпақшы, мен ұлымды таптым ғой, – деді қуанышты үнмен.
- Көке-ау, тойдан да үлкен қуаныш сіз де екен ғой, – деп көкемді құшақтай алдым.
- Неге ертерек айтпағансыз?
- Иә, иә. Рас айтам, бәрі біледі, сен естімеген екенсің ғой.
Ол кісінің өзге бір әйелден ұлы бар деген әңгімені естігенмін, бірақ анық-қанығын білмейтінмін.
- Көке-ау, сіздің мына жаңалығыңыз үлкен жаңалық қой. Қандай жақсы болған. Ағамызды көретін күн де алыс емес шығар, – дедім.
- Жақында ғана табыстық, араға ұзақ уақыт салып.
Оның өзі үлкен бір хикая, тыңдар болсаң.
- Көке, құлағым сізде, автобус келгенше біраз уақыт бар ғой, – дедім.
- Өмір деген ұзын екен ғой. Ол кезде жас едік, – деп әңгімесін бастап кетті.
- Мен мектепті бітірген кез қиын кез еді ғой. Соғыс енді аяқталған. Ата-анам, туған-туыстарым менің оқығанымды қалады. Мектепті үздік бітірдім. Біреу шалбарын, біреу көйлегін, біреу тарысын, біреу талқанын беріп жабылып оқуға шығарып салды.
Абырой болғанда, оқуға түсіп кеттім. Алғашында ештеңеге алаңдамай бар ынтаммен оқуға кірістім. Екінші курсты бітірерде кітапханада бір қызбен танысып қалдым. Онда да ол өзі сөзге тартты:
- Сіз осы кітапханадан шықпайды екенсіз ылғи, – деді күлімдеп.
- Өзгелер сияқты киноға, паркке де бармайсыз. Орысша сөйлегеніне қарап орыс қыз екен деп ойлағам.
Соны сезді ме ұлтының татар екенін айтты.
Мен сасып қалдым: «Мен алыстан, ауылдан келдім, оқуым керек», – дедім қызараңдап.
- Сіз несіне ұяласыз. Оқыған жақсы ғой, – деді жымиып. Сөйтіп екеуміз танысып алдық. Есімі – Марина екен. Кітапханада күнде кездесіп қаламыз. Тап сол кезде махаббат, сезім туралы ештеңе ойлап көрмеппін. Расында Марина да тап солай ойлайтын сияқты. Баяғыдан таныс, жақсы достар сияқтымыз. Әңгімелесеміз, пікірлесеміз. Кейде киноға барамыз, паркке барамыз серуендеп. Осылай
жүргенде оқудың соңғы курсын аяқтауға жақындап қалдым. Мемлекеттік емтиханға дайындық, дипломдық жұмыс жазу сияқты қарбалас тірліктер басталып та кетті. Бір күні ол мені үйіне шайға шақырды. Мен ат-тонымды ала қаштым.
- Дәуренбек, несіне ұяласың? Ата-анам қонаққа кетті. Шай ішіп музыка тыңдаймыз, – деді. Өзі бір ақкөңіл бала сияқты. Бармайын десем, арамыздағы сыйластық жібі үзілердей көрінді. Амалсыз келістім. Айтқан уақытында үйіне келдім. Шай жасап қойыпты.
- Институт бітіргелі отырсың, ересек азаматсың, – деп маған кішкене коньяк құйды. Бұрын іішіп көрмеген ем деуге ұялдым. Өзіне шамалы шампан құйды. Коньяк бірден басыма шықты. Қысқасы, сонда қонып қалдым. Таңертең ер-әйел боп ұйқыдан ояндық. Киініп алдым да, ұялғанымнан кетіп қалдым. Марина ренжитін болды-ау, – деп өзімді-өзім жерлеумен болдым.
Екі-үш күннен кейін кездесіп қалдық. Ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым. Марина өзі шақырып:
- Дәуренбек, сен мені ұмытып кеттін бе? –деп әзілдеп күлді, ештеңе болмағандай. «Ренжімеген екен ғой» – деп иығымнан жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Қайтадан баяғы сырлас достардай боп жүре бердік. Ол жақында практикаға жүретінін айтты. Мен диплом жұмысымды қорғап, жолдамамен жұмысқа жүріп кеттім. Маринамен жөндеп қоштаса да алмай қалдым. Оны шын сүйдім десем, оным бекер болар. Бірақ қатты сыйластық жақсы дос ретінде. Өзіңмен пікірлес, сырлас жан болғанға не жетсін? Содан, сонау қиыр шетке, жаңадан игеріліп жатқан тың жерге жұмысқа кеттім. Демалыс деген жоқ, арада үш- төрт жыл өтті. Маринаға бір-екі рет хат жазып, жауап ала алмадым. Ол да басқа жаққа жолдамамен кеткен болар деп түсіндім. Қашанғы салт жүрем. Бір-екі жылдан кейін үйленіп алдым. Марқұм жеңгеңді шын ұнаттым. Көрік
десең көркі, мінез десең мінезі бар еді ғой. Өмір солай өтіп жатты. Арамызда бала болмады. Емделдік, көріндік. Тек әйтеуір бір-бірімізге мін тақпадық, шын сүйген адамдар бірін-бірі түсінеді ғой. Қай уақытта болсын, бала-шағадан үйіміз босамайтын. Өзің білесің, туыс, балалардың оқуға түсетіндерді оқуға түсіп, үйде жатып оқыды. Жұмыс істейтіндер жұмыс істеді. Содан бес-алты жыл уақыт өткенде, адам сенбестей бір хабар естідім. Қалаға мамандықты жетілдіру курсына барғанбыз. Содан тұратын курстас досым кездесіп қалды.
- Дәуренбек сен білесің бе, баяғыда сен бір қызбен дос боп жүруші едің ғой. Сол қызды көрдім. Бір ұл баланы жетектеп алыпты, түрі сенен айнымайды, – дегені.
Сасқанымнан: – Арада ештеңе болған жоқ, – дедім бар сырды бүгіп. Ал өзім болсам әрі-сәрі күйге түстім. «Олай болса, Марина неге маған хабар бермеген, не істесем екен?» – деп. Көзбе-көз жолығуға дәтім шыдамады.
Бір жағынан әке болғаным ба деп қуанам. Әрі жүкті етіп тағдыр тәлкегіне тастап кеттің деп сөге ме деймін. Менің не кінәм бар. Егер жағдайды айтса, бәлкім бәрі басқаша болар ма еді. Содан бір күні Маринаның баланы қай балабақшаға апарарын біліп алайын деп бақыладым. Баланың түрі тура менен айнымайды екен. Не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Әкелік сезім деген керемет болады екен. Жүрегім атша тулап кеткендей. Не де болса, Маринаға жолығайын деп кездесуге бел будым. Үйін білем ғой. Барсам үйінде екен. Әй жерден алып, жерге салар деп қорқып келгем. Сол баяғыдай өзгермеген. Күлімдеп қарсы алды:
- Міне, папамыз келді, – деді.
- Марина, сен неге күлесің? Бұл адам тағдыры ғой, – дедім ашуланып.
- Аяғым ауыр болып қалғанын мен қайдан білейін.
Онан соң сені таппай қалдым, – деді ол.
- Егер мұны білгенімде саған үйленетін едім. Ал қазір басқаға үйлендім, – дедім ақтала.
- Қосағыңмен қоса ағар. Бақытты бол, сені кінәламаймын, – деді ол.
Қаладан әрең кеткенім-ай. Үйге келген соң дел- сал күйге түстім, не ас батпайды, не ұйқым келмейді. Жеңешең: «Ауырып жүрген жоқсың ба?» деп бәйек болады. Содан бір күні жеңешеңе болған жайды айттым. Алғашында қатты ашуланды. Әйелдің аты – әйел ғой. Құс екеш құс та ұясын қызғыштай қориды. Ешкімді жолатпайды. Отыз жыл отасқан жарының әлдебіреуден баласы бар екенін белгенде, қандай күйге түсті десеңші. Бәріміз де жұмыс басты пенде емеспіз бе? Мен де өзімді бір кінәлі жандай сезіндім. Жастықта кім жаңылмайды, кім қателеспейді. Балам мектеп бітіріп, мені іздеп те келеді. Одан соң әскери училищеде оқып жүргенде екі- үш рет жолықтық. Бірақ жеңгең салқын қабақ танытқан соң ба, келмей қалды. Жүрегім екіге бөлінгендей болды. Ұлым оқуын бітір алды. Әскери қызметші болып кетті.
Тек аман жүрсе болды деген тілекпен мен де жүре бердім.
Сөйтіп жүргенде жеңгең қайтты. Көп ауырған жоқ. Көз жұмар алдында:
- Дәуренбек, сен мені кешір, – деді.
- Ойбай, не үшін? – дедім жаным қалмай.
- Сені әке ете алмадым – бір. Ол Алладан шығар. Екіншіден, ұлыңменде жөндеп қатыстырмадым. Бекер істеген екенмін. Сені бақытсыз еттім. Мен өлсем, сен ұлыңды тауып ал, мен үшін кешірім сұра, – деді әлсіреп жатып.
Жеңгеңнің осы сөздері сай-сүйегімді сырқыратты.
- Қойшы, қайдағыны айтпашы. Сен өлмейсің әлі-ақ жазылып кетесің, – деп жұбатамын. Амал қанша жеңгең көп ұзамай көз жұмды. Қаншама жыл отасқан, құдай
қосқан қосағым емес пе, қатты қайғырдым. Қанша биікке шықсаң да, әйелсіз күнің қараң екен. Жетім бала сияқты жәутеңдедім де қалдым. Алла жолымен жетісін, қырқын, жылын өткізіп, әруағын күзеттім. «Қой, бүйтіп қайғыға батып отыра бергеннен дертке ұшырармын», – деп туған- туыстарды аралап кеттім. Олардың ішінде өзіммен әрі құрдас, әрі немере болып келетін Тұрманбек деген досым:
- Дәуренбек, сенің балаң бар деп естуші едік, іздеп тауып алмайсың ба? Уайым түбі – қайғы, батасың да кетесің. Өлер әйел өлді. «Өлген артынан өлмек жоқ»
- деді. «Ұлым бар екенін, көрісіп табысқанымды жан баласына тіс жарып айтқан емес сияқты едім ғой, қайдан білген?» – деп ойладым.
- Жеңешеңнің қайғысынан кейін ұмытшақ күйге түскем. Тұрманбектің сөзінен кейін «Құдай-ау, мен жалғыз емес екенмін ғой, ұлым бар емес пе? Неге іздеп тауып алмаймын? Жаманды-жақсылы әкесі емеспін бе, бар жағдайды айтып берейін. Азамат болып қалды емес пе, түсінер», – деп ойладым. Маринаның бұрынғы тұрған үйін білемін. Іздеп келдім. Қыла тым қатты өзгеріпті. Қалалар да адамдар сияқты өзгереді екен-ау. Әрең таптым. Барсам есігі жабық. Жас кезімдегідей жүрегім дүрсілдеп, өн-бойым ысып қоя берді. Ешкім дыбыс бермейді. Көршісі шығып, мұнда ешкім тұрмайтынын айтты.
- Қайда кетті? – десем, – Марина жақында қайтыс болды. Баласы алыста, әскер қызметте, – деді.
- Марина қашан, қалай қайтыс болды? – деп дауысым дірілдеп кетті.
- Сіз кім едіңіз? – деді көрші кемпір.
Мен жылда аптығып: – Ал, ұлы ше, ұлы қайда? – дедім.
- Мұнда келіп тұра ма?
- Келіп тұрады, сирек болса да.
- Келсе менімен хабарлассыншы, – дедім. Қағазға өзім тұратын мекен-жайды жазып бердім. Іздеп келу-келмеуі
екіталай екенін біліп тұрсам да.
Үйге келіп жатсам-тұрсам ойымнан ұлым кетпейді. Сарылып күтумен болдым. Хат-хабар келіп қалар деп пошташыны аңдимын күні-түні. Бір күні ерте мезетте әскер киім киген біреу есікті қағып кіріп келді. Қарасам, ұлым! «Ойбай, хабар айтпай келгенің не?» – деп естен тана жаздадым. «Хабар айтып келетіндей біз бөтен адамдар емеспіз ғой» – деп мені құшақтай алды. Әкелі-балалы екеуміздің құшағымыз көпке дейін жазылмай тұрды.
Қуаныш ортақ болсын деп, бір қойды сойып тастап, көрші-қолаңды түгел шақырдым.
Бәрі: – Ұлыңыз табылыпты, құтты болсын, көзайым болуыңызбен! – деп жатыр. – Қаншама жыл ұлыңыз бар екенін қалай айтпай жүргенсіз, – деп ренжіп жатқандары бар.
Кейін ұлыммен жеке сөйлесіп ақталмақ болғам. Ұлымның есі бар екен: «Сіздің еш жазығыңыз жоқ. Мамам марқұм бәрін түсіндірген», – деп қойды. «Айналайын, Маринажан-ай, әйелдің асылы екенсің ғой, топырағың торқа болсын. Мен бейбақты кешіре алсаң кеш», – деймін көзіме келген жасты ұлыма көрсетпей.
- Мен де сендерді іздеумен болдым. Қаншама рет хат жаздым. Ешбір дерек болмады. Бұл қу тағдырды қойсаңшы. Сенің дегенің емес, оның дегені болды ғой. Қонақтар кеткен соң ұлым екеуміз жеке қалдық. Таңға дейін көз ілмей сырластық, әңгімелестік. Ұлым үйленген, екі ұлы бар екен. Құдай-ау, сонда немерелі ата екенмін ғой. Қуанғанымнан көзімнен шып-шып етіп жас шыға береді. Ұлым үйде екі-үш күн аунап-қунап жатты. Әкелі- балалы екеуміздің арамызда айтылмаған сыр қалмады. Үйге кіріп-шығып жүрген ұлымның сыртынан сүйсіне қарап: «Жаратқан-ау, осы өңім бе, жоқ түсім бе?» – деп өз көзіме өзім сенбеймін. Уақытында бере алмаған әкелік махаббатымды бірден үйе-төге салып, айналып,
толғанғым-ақ келеді. Бірақ алпамсадай азаматты қалай еркелетесің. Қуаныштан қол-аяғым жерге тимей есім кетіп жүр. – Жақында күзге қарай келініңізді, немерелеріңізді алып келіп, өзіңізбен таныстырамын, – дейді сөз орамында ұлым. Мұны естігенде көзім суланып қоя берді қартайғаннан ғой.
...«Әке, қойыңызшы!» деп ұлым құшағына алады. «Қойдым, қойдым! Менің бұл қуанғаным ғой» деймін. Ылғи шетте, жырақта жалғыз жүрдім. Туған- туыстарымды, туған жерімді сағынатынмын. Содан ба, көңілшекпін. Қуанышым қойныма сыймай, бақыттан басым айналғандай.
- «Сен де ауылға келіп жүр, бармасаң, келмесең жат боласың», – деп Дәуренбек көкем әңгімесін аяқтай бергенде, автобус келіп қалды.
ҚАЙТАДАН БАСТАУ
Оның есімі – Мұхтар болатын. Алғаш көргенімде ол қызулау еді. Орта бойлы, шегір көзді, бұйра шашты жігіт екен. Ауылда естігенмін «ішкіш» деп. Ол кезде мен институтқа емтихан тапсырып жүргем. Көшеде кездейсоқ танысқанмын. Бұрыннан араласып жүрген жандай:
«Братишка, қалай нешеуін тапсырдың, жумаймыз ба?»
- деді еркінси. Өзім ішпесем де: «Жусақ, жуамыз!»дей салдым, мас адамның көңілін аулайын деген оймен. Қай жағына ішеді өзі аяғында әзер тұрғанда.
- «Жай айтамын, давай жақсы, сен түскен соң міндетті түрде «кабакқа» барамыз, сен емес біз жуамыз», – деп ол иығымнан қағып қойды да қисалаңдаған күйі аяңдап кете барды.
- «Е, е, Мұхтар деген осы жігіт екен ғой», – дедім
іштей өзіме-өзім. Сол кезде институттың дайындық бөлімін бітіріп, мен емтихан тапсырып жүрген институтқа түсіп қойыпты. Соны жуып жүрген кезі екен. Бағым жаным мен де институтқа түсіп кеттім. Мұхтарға анда- санда кезіге қалсам: «Братишка, оқуға түскеніңді қашан жуасың?!» – дейді ұмытпай. Күн құрғатпай ішетіндіктен, көздері қанталап, қызарып, шаштары ұйпа-тұйпа болып жүреді. Қашан көрсең аузынан шарап исі бұрқырап тұрады. Сабаққа қай уақытта барып, қай уақытта ішіп үлгеретінін білмейсің. Оның үстіне, жүрген жерінің бәрі айқай-шу, ду-думан. Қалтасы ақшадан босамайды, өзі орыс мектебін бітірген – сөзуар. Орысша, қазақша бірдей сөйлейді. Ойнамайтын аспабы жоқ. Туған күн, бірдеңені жуу бәрін ұйымдастырғыш. Ол кезде шарап дегенің арзан, әрі сатылуға деген шек жоқ. Мұндай кештердің көбісінің төбелеспен аяқталуы таңсық емес- тін. Ақылды да, сабырды да арақ жеңіп тынатын. Небір білімді, мәдениетті жігіттер езуіне «жүз грамм» тиісімен адам танымастай өзгеріп шыға келетін. Біреулері күледі, біреулері жылайды. Себеп не? Алғашқы махаббаттың сәтсіздігі, не басқа бір жағдай. Кеше ғана жаныңда жүрген сырбаз жігіттер емес, құдды бір басқа дүниеден келген адамдар сияқты. Таңырқап қарай қаласың, оныңды байқап қалса көздері ежірейіп: «Әй, сен неге ішпейсің? Әлде бізді сыйламайсың ба?» – деп стаканды аузыңа тосып: «Давай, давай» деп өзеуреп қоймайды. Кеш соңына таман өзің де жылыстай бастайсың. Жылыстамай қайтесің, «азаптай» бастаса.
Міне, жайшылықта қарапайым, ақкөңіл, дос десе жанын аямайтын Мұхтар, ішіп алса осылардың біреуі болып шыға келетін. Гармонды құлаштай тартып, орысша, қазақша әндерді бірінен соң бірін төгіп жібереді. Әжептәуір қоңыр дауысы бар. Ән салса құлпырып, мастығынан айығып кеткендей көрінеді.
Әр ән аяқтала бере қағып тастай берген соң, әннің де, гармонның да, Мұхтардың ба берекесі кетеді. Оның менен бес-алты жас үлкендігі бар. Бірде менің бөлмеме кірді. Тағы да мас екен.
Сіз осы неге іше бересіз? – дедім. «Ім-м», – деп ежірейіп қарады да:
- «Біріншіден, мені сіз демей-ақ қой, «сен» дей бер, замандас құрдаспыз», – деді де ойланып қалды. Бір мезетте:
- Күйік үшін, – деді. Елең ете қалдым.
- Сонда ненің күйігі?
- Братишка, сен әлі жассың, ондайды білмейсің ғой, мені ұнатқан қызым тастап кетті, – деді де: – Әй-й, деп кіжініп столды жұдырығымен қойып қалды.
–. Кім ол, мен танимын ба? – дедім әңгімені жалғастырғым кеп.
- Сендермен параллель группадағы Бақытгүл.
- Сонда ол кіммен кетті?
- Досжанмен.
- Досжан әлгі өзіңнің жолдасың ба?
- Иә, дәл соның өзі.
- Сонда қалай, сен онымен жолдас емессің бе?
- Вот, бар мәселе сонда боп тұр ғой.
- Қысқасы Бақытгүлді ол да, мен де ұнататын болып шықтық. Екеуміз жолдас болған соң, Бақытгүлмен ашық сөйлестік. Әңгімені созбай тікесінен қойдық. Ол да осы әңгімені күтіп жүрген екен, екі ойлы боп. Ойланып отырды да: «Досжанды қалаймын», – деді. – Әрине, Досжанды қалады ол. Досжан сымбатты, сұлу жігіт. Мен ше, тәпелтекпін, оның үстіне көріксізбін. Мені не қылсын. Күйіп кеттім. Содан шықтым да іштім, іштім, үш күн бойы. Күйігім басылар емес. Оларға өкпем жоқ, тағдырға өкпелімін.
«Мен бәсе», – дедім іштей оның соңғы кезде ішуінің
жиілеп кеткендігін есіме түсіріп. Ол үн-түнсіз орнынан көтерілді де бөлмесіне кетті. Содан 1-курсты аяқтауға жақын қалдық. Ал, Мұхтардың ішуі үдей түсті. Жатақханада шатақ шығарды, бірнеше рет сабаққа да бармады. Ақырында үлгермеушілер қатарына ілігіп, институттан шығып қалды. Жатақханадан болса да қуылды. Комендант әйел Мұхтар десе азар да безер болған. Бір күні оны көшеде жолықтырып қалдым. Баяғы Мұхтар жоқ, өңі жүдеп, тұнжырап кетіпті.
- Ой, Мұхтар, саған не болды? Оқудан шығып қалғанын қалай? – дедім.
- Е,е солай болды ғой. Енді не істерімді білмеймін. Ауылға барайын десем, әке-шешемнен ұят. Әбден басым қатты.
- Жүр, одан да жүз грамм алып қояйық, – деп мені кафеге сүйреледі. Тіпті ұят болса да, ауылға қайтып кетейін десем, мұнда сүйген қызым бар оны қимаймын. Мен таңырқап қалдым.
- Ия, шынымен, сүйген қызым бар.
- Латыш қызы, аты – Инна, – деді.
- Ой, сен не деп тұрсың! Шынымен сені сүйеді ме?
- Иә, сүйеді. Сүймесе маған үнемі «ішпе» деп ұрсар ма еді. Ішсем тіпті сөйлеспей қояды. Бәрібір сонда да талай ішіп бардым. Енді мүлдем келме дегенде ғана ішпей барамын. Ол кезде, тіпті, көңілді қарсы алады, бұрын арамызда ешқандай реніш болмағандай.
- Мұхтар, сен ішпе! Ішпесең, қандай жақсысың! – дейді еркелей. «Мақұл» деймін де былай шыға достарым кездессе, айнып шыға келемін. Әй, маған да дауа жоқ қой. Мына ішіспен бір күні Иннадан да айырылатын шығармын.
- Онда ішпесей. Жұмысқа тұрмаймысың, бәлкім жұмыс орныңнан жақсы мінездеме алсаң, оқуға қайта қабылдар, – дедім.
- Бәрібір қоя алмаймын. Жігерсіз, босбелбеу жанмын. Біреу «іш» деп ұсынса тартына алмаймын. Өзімді қанша ұстаймын десем де, бәрібір болмайды.
Осы арақ деген пәлені кім ойлап шығарады екен. Ақыр осы пәле жетер түбіме. Әскерден келгенше татып алған емеспін. Әскерден келген соң басталды ғой бәрі. Күнде жиын, күнде кеш. Анау үйде, мынау үйде. «Біраз қыдырып бой жазсын», – деді ме әке-шешем де үндемеді. Ал мен ішкен үстіне іше түстім. Тіпті күнде ішпесем тұра алмайтын күйге жеттім. Бір күні әкем қабағы тұнжырап:
- Осы қыдырғаның жетер! Не оқуды, не жұмысты ойламайсың ба? – деді. Атестатымда екі-ақ «төрт» болатын.
- Оқимын, – дедім.
...Әкем де менен осыны күткен болуы керек. Қуанып:
- Бізден қам жеме, өзің қалаған оқуыңа бар, – деді.
Содан соң институтқа түстім. Мектепте жақсы оқығанымды медеу тұтып, өзіме-өзім сеніп жүре бердім. Сабаққа бірде барсам, бірде бармаймын. Оның үстіне қалтам құр жүрмейді. Қайран әкем, менің ол ақшаны қайда жаратып жүргенімді біледі деймісің. Менің оқудан шығып қалғанымды білмейді ғой. Қандай масқара, – деді үні дірілдеп. Ол аз болғандай Иннамен үйленеміз деген ойымыз бар. Оны үйге апарайын десем, әкем таятап қуып шығатыны сөзсіз. «Қазақтың қызы жетпегендей, қайдағы біреуді әкеліпсің» – деп. Әкем өмірден көп тауқымет көрген. Біреулердің жаласымен түрмеде отырып шыққан. Жүрегі ауырады. Менің осы жағдайымды білсе, өліп кетуі де ғажап емес. Инна екеуміз алды-артымызды ойламаппыз. Ол жүкті болып қалды, екі оттың ортасында жүргендеймін. «Үйлен, үйленбесең жатақханада тұра алмаймын, үйіме кетем, сырттайға ауысам», – дейді. Оны сүйемін, сондықтан қимаймын. Ішіп жүрісім мынау...
Кейін бір жолыққанымда Мұхтар жүк тиеуші болып бір базаға орналасыпты. Ондағылардың ішісі тіпті сойқан көрінеді. Ол жерде де ішіп, көзге түсіп, ақырында жұмыстан қуылыпты. Содан әр жерде тиіп-қашып жүргеніне үш-төрт жылдың жүзі болды. Мұхтар бәрібір ішуін қоймады. Мен соңғы курсқа көштім де, пәтерге шығып кеттім. Диплом жұмысымды жазып жатқанмын. Бір күні біреу есік қақты. Шықсам, Мұхтар тұр.
- Ой, қайдан жүрсің? – деп құшақтай алдым. Ол алғашында не дерін білмей сасып қалды.
- Мен, мен, пәтер іздеп жүрмін.
- Кір, кір ішке, – дедім.
Ішке кірген соң дереу шай қойып жібердім де, жөн сұрай бастадым. – Инна босанды, қыз тапты, – деді жүзі күлімдеп.
- Құтты болсын, бауы берік болсын, – дедім.
- Иә, қалай барып қайттың? Қайын жұртың қалай қарсы алды, – дедім әңгімеге тартып.
- Қайын жұртты сұрамай-ақ қой, таяқ жеп қала жаздадым. Иннаға алдында хат жазғам, оны қуантайын дегем. Әкесі ұрмақ болып ұмтылып еді, ағасы арашалап қалды. Мен болсам ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Иннаны тастап кетем деген ойым болған жоқ, жағдай солай болды, оны сүйемін. Инна сол баяғыдай. Хал- күйімді тәптіштеп сұрап жатыр: – Қызыңды көр. Сенен аумай қалған. Ұстап көр, – деді. Қолыма алғаным сол еді, өн бойым елжіреп сала берді: – Менің қызым, менің қызым! Айнымайтын өзім... Сол сәт өзімді соншалықты жек көріп кеттім. Көзімнен бір тамшы жас ыршып түсті.
Қандай әкемін мен?! Алты айдан соң іздеп келіп тұрған. Қолым тимей жүрсе мақұл ғой, ішуден басқа жұмысым жоқ. Әкелген сыйлығым қайда? Ертең өскен соң не бетімді айтамын. Әке болу үлкен бақыт, үлкен қуаныш екен ғой. Бойымды сөзбен айтып жеткізуге болмайтын бір керемет
құдыретті, ыстық сезім билеп қоя берді. «Бала адамның бауыр еті» деген. Қолыма ұстап тұрған қызым менің жанымның, жүрегімнің бір бөлшегі сияқты. Иннаның үйінде үш-төрт сағаттай болдым. Инна менен қайтар кезде:
- Әлі ішесің бе? – деп сұрады.
- Иә, аздап, – дедім жасырмай.
- Не істесең де, шыныңды айтасың. Сол үшін сүйемін сені. Міне енді әке болдың, ойланбаймысың. Жоқ, бұл менің саған жалынғаным емес, қызымды өзім де асырай аламын. Бірақ мен сені сүйемін ғой. Қызымның әкесіз өсетіні есіме түссе, күйзеліп кетем. Сенімен еріп кете салуға болар еді. Бірақ сенің жүрісің мынау. Бұл менің ұрысқаным емес, шындықты айтқаным, – деді Инна көз жасын мөлтілдетіп.
- Вот, братишка, біздің жағдай осы. Оңып тұрған ештеңе жоқ, – деді Мұхтар түңілген түрмен әңгімесін үзіп.
- Жоқ, түңілетін түгі жоқ, бәрі алда, бәрін қайта бастауға болады, – дедім мен оны жұбатқым келіп. Ол ойланып қалды. Мен шай демдеп әкелдім де, студенттік дастархан жасадым. Ол пәтер таппай жүргенін айтты шай үстінде.
- Ол жағынан қам жеме. Мен енді бір айдан кейін кетемін ғой, оның үстіне жанымда бір орын бос, өзім үй иесі апаймен сөйлесіп көрейін, – дедім. Мұхтар бұл мәселенің оңай шешілгеніне қуанып кетіп:
–Шынымен бе, апта бойы пәтер іздеп аяғымнан тозған едім, – деп жадырап сала берді. Шай ішіп болған соң, мен пәтер мәселесі жөнінде үй иесімен сөйлестім. Үй иесі жетпістерді алқымдап қалған қазақ кемпірі болатын. Ол кісінің оны-мұнысына қол ұшын беріп жүргем. Бір ауыз сөзге келместен келісім берді де:
- Бірақ, байқа өзің сенсең болды, оқуыңа зияны тиіп жүрмесін, – деп жанашырлық танытты.
- Жоқ, о жағынан қам жемеңіз, – дедім.
- Мұхтардың бұрынғы пәтері ескі қала жақта екен. Екеуміз Мұхтардың бар затын алып қайттық. Зат дегенде бір шабадан киімі, бір шабадан кітаптары және ескі гармоны бар, сыры кетсе де сыны кетпеген. Пәтерге оралып оның заттарын жайғастырғаннан кейін:
- Ал, Мұхтар, сенің гармоныңның да, өзіңнің де дауысыңды естімегелі біраз болды ғой. Қане бірдеңе ойнашы, – дедім өтініп.
- Қайдам, ұстамағаныма көп болды, қолым шығып та қалған шығар, – деп гармонын соза берді де: – Не ойнайын,
- деді.
- Өзің ең жақсы көретін нәрсеңді ойна, – дедім.
Ол жайлап «Полонезді» бастай жөнелді. Алғашқыда біраз кібіртіктеп еді, кейін саусақтары түймелерді еркін таба бастады. Түймелер саусақтарды өздері іздеп тауып жатқандай. Әп-сәтте бөлме ішін «Полонездің» мұңлы да жігерлі, асқақ та нәзік әуені кернеп кетті.
«Полонезді» мен де жақсы көретінмін. Мен де деймін, кім жақсы көрмейді бұл әуенді. Ол мені әр тыңдаған сайын жаңа әсерге бөлейтін. «Полонез» тек Отанға деген махаббатың ғана емес, табиғатқа, адамдарға деген ұлы махаббаттың символы сияқты шығарма ғой. «Полонезді» тыңдап түсіне білген адамның өмірге, Отанға, туған жерге деген көзқарасының селқос болуы мүмкін емес. Ол әрдайым көңілге ізгілік, сүйіспеншілік сәулесін шашады. Тіпті, өткен-кеткеніңе қайта көз жүгіртіп, не үшін өмір сүріп жүрсің дейтін сұрақтар тудыратын көкейімде.
Сонау сұм заманның қыпағында дегеніне жете алмай азаттық, бақытты өмірді аңсаған жігіттің арманының, мұң- зарының сарыны сияқты болып естілетін. Қанша мұңды әкені болғанымен одан мұңға бой ұсынушылықтың емес, асқақ азаматтықтың, адамгершіліктің, қайсар, қайтпас жігердің, рухтың лебі есетін. Зұлымдықты, топастықты,
надандықты әшкерелейтіндей.
Өмірді ардақтауға, сүюге, адам деген қастерлі атты абыроймен алып жүруге шақыратындай. «Мұхтар, сен болсаң осыны біле отырып, түсіне отырып, мүлдем керағар өмір сүріп келесің. Оқушы кезімізде альбомға жазатын едік қой. «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі» деп. Сол сөздің мәнін енді түсіндік емес пе? Ал сен болсаң, әлі ештеңе түсінбеген сияқтысың», – деп ойып шартарапқа кетті. Әуен аяқталғанда: – Мұндай күйге түскенің өзіңнің жігерсіздігіңнен, босбелдеулігіңнен ғой. Ренжісең ренжи бер, бетіңе айтқаным үшін, – дедім. Ол басы салбыраған күйі: – Сөзіңнің бәрі рас, несіне ренжимін. Мүмкін маған бәрін қайтадан бастау керек шығар. Мен өмірде көп қателестім. Иә, көп қателестім. Қорытынды шығаратын кез жеткен сияқты. Мен ең бірінші әкеме бар шындықты айтуға тиіспін. Әрине, ол кісіге бұл оңай тимес. Бірақ маған да бұлай жүре беру қиын. Екіншіден, маған осында бөтелкелес «ескі достардан» мүлдем ажырау керек, ол үшін басқа қалаға қоныс аудару қажет шығар. Сөйтіп жұмысқа орналасып, Инна мен қызымды қолыма алу керек, – деді.
- Міне, мұның дұрыс шешім. Бірақ, қайдам, достарыңа қайтадан қосылсаң, мұның бәрі есіңнен шығып кетер, – дедім сенімсіздік білідіріп.
- Жоқ, бұл менің ең соңғы шешімім, – деді ол нық үнмен.
Сонымен Мұхтар ертеңіне әкесіне бар шындықты айтуға ауылына кетті. Сол жақта біраз дем алып, одан әрі не істейтінін шешетін болды. Оны өзім пойызға шығарып салдым. Пойыздың қозғалуына біраз минут қалғанда: – Мұхтар, сен уәдеден айныма, айнып бара жатсаң қолыңа гармоныңды ал да, «Полонезді» тарт, – дедім.
- Жоқ, енді айнымаймын. Ал, братишка, көрісеміз бе, жоқ па, көріскенше хош сау боп тұр, – деп құшақтап
бетімнен сүйді де қозғалып бара жатқан вагонына секіріп мінді.
«Полонезді» тыңдаған сайын есіме Мұхтар түсетін.
«Уәдеңнен айныған жоқсың ба, Мұхтар?» деймін ондай сәтте іштей. Міне, содан бері біраз жылдың жүзі болды. Жуықта Мұхтар барған қалада жұмыс істеп келген бір жігітке жолығып қалдым. Мұхтарды қайдан білесін деп жай сұрай салғанмын.
Ол: – Тәпелтек бойлы ма? – деді.
- Иә, – дедім елеңдеп.
- Арақ іше ме? – дедім күдіктеніп.
- Жоқ, татып алмайды. Өзі керемет гармоншы екен. Кеш болсын, жиын болсын ылғи «Полонезді» тартады,
- деді. Ол екеніне әлі сенгім келмей: – Әйелі бар ма, – дедім. – Иә, әйелі бар, латыш па, әлде эстон ба... Аты Инна. Бір қызы, бір ұлы бар, – деді. – Ой, сол Мұхтардың дәл өзі ғой, – дедім қуанып. – Ал, жігітім, менің неге қуанып тұрғанымды сен түсінбейсің. Ол – ұзақ әңгіме. Бұл хабарыңа рахмет, – деп оны құшақтай алғанымда, ол тіпті аңырап қалды.
БІР СӨМКЕ ҚАТҚАН НАН
Әңгіме
Ұлтуған әжейдің жасы биыл үш кем сексенде. Құдайға шүкір, жасы егде тартса да, қажып отырып қалған жайы жоқ. Ертелі-кеш түртінектеп тыным таппайды. «Әже-ау, демалсаңызшы, несіне әуреленесіз» – деген баланың да, келіннің де сөзіне құлақ аспайды. Жалғыз сиыр мен бес- алты тұяқтың жемі мен шөбін беру, астын тазалау өзінің жұмысы. Бір жаққа шыға қалса да уайымы сол: «Жоғалып кетпеді ме, шөбін уақытылы берді ме екен?» – деп дегбірі қашады. Екі сөзінің бірі – сол. Ол жұмысты өзінен басқа біреу атқарса, оған сірә да көңілі толмайды. Әйтеуір бір кінәрат табады. Содан ба бұл үйдің адамдары қора жаққа беттей бермейді. Ұлтуған әжей ертемен тұра салып, май шайқайды бірер сағат. Содан үлкен бір іс тындырғандай маңызды түрмен пеш түбіне отыра қалып, келіні демдеп берген қызыл шайды сораптайды-ай дейсің. Шайы құрғырға үйір емес еді. Оған да үйренді. Шай шіркін, ерніңе тиісімен бойыңды жіпсітіп, қай-қайдағыны еске түсіреді ғой. Асқа баяғыдай зауқы жоқ. Бір уыс кұрішті суға салып, бір қайнатып не сүт, не айран қатып жіберіп бір тостағаннан ішіп жіберсе, әрі тамақ, әрі сусын. Сүйкімді де, сіңімді ас.
Кейде бір-екі кесек ет тістей қалса, онсыз да әупіріммен жүрген асқазаны бүреді-ай келіп, бүреді. Шаруадан қолы босай қалса ермек етері – немерелері. Ұлтуған әжей ерте шыққаннан кейін жеті рет құрсақ көтереді. Ол кезде қазіргідей дәрігер қайда. Алды бір жасар, арты үш жасар
кезінде бесеуі шетінеп қалды. Екі ұл ғана аман жүр.
«Бұған да шүкір, берген құдай өзі алады» – деп, Ұлтуған әже тәубе етіп отыратын. Екі ұлдан туған немерелерінің саны он бестен асып жығылды. Шөберелерінің саны да біразға келіп қалды. Алғашқыда немерелері ыстықтау сияқты еді. Енді шөберелері де одан да ыстық сияқты көрінеді көзіне. Ұлтуған әжей қазір үлкен ұлдың қолында, үлкен ұлдың тұңғышы – қыз бала, одан кейінгісі ұл. Өзінен туған қыз болмаған соң, сол тұңғыш қызды бауырына басқан. О неме кішкентай кезінде қасынан бір елі аттап баспайтын. Кімнің қызысың десе, «әжемнің қызымын» дейтін. Еркелетіп өсірді. Орта мектепті бітірді, институтқа түсті. Сөйтіп жанынан біртіндеп алыстай берді. Ақырында оқу бітіріп, Алматыда қалып қойды. Енді сонда тұрмыста. Үлкен ұлдың кіші қызы да бар. Оқуын бітіріп, екі-үш жыл жұмыс істеп, көрші ауылға тұрмысқа шықты. «Жақын жерге барды ғой», – деп қуанып қалып еді. Ол да күйеуімен Алматыға тартып кетті. Енді екі қыз да Алматыда. Ұлтуған әжей қыздарына қыс ортасында барып, көктем шыға ауылға қайтатын. Биылғы жыл екеуін бірдей уайымдап, жолға шыққанша тағат таппады. Азды- көпті етін, қазы-қартасын, сүт-майын, сақтап жүрген құрт-ірімшігін алып пойызға отырды. Вокзалдан бәрі құшақ жайып қарсы алды. Ат басын әуелі үлкен қыздың үйіне бұрған. Үйге кіріп, шай ішіп алысымен кіші қызын шақыртқан. Қыздың екеуі қаланың екі шетінде. Содан отыра қап сый-сыбағасын теңдей етіп екіге бөле бастады.
«Апа-ау, өзіміз-ақ реттейміз ғой», – дегенге көнбеді. Оны тыңдар Ұлтуған әже емес. Бәрін өзі жайғастырды. Алғашқы екі-үш күн онша зеріге қоймаған еді, бірақ кейін іші пыса бастады. Таң алагеуімнен қызы да, күйеу бала да өре түрегеліп жұмысқа, немерелері балабақшаға кетеді. Алды сәскеде, арты ымыр түсе оралады. Күнде солай. Кешке ештеңе емес, күндіз қиын. Тілдесер ешкімі жоқ.
Ауыл емес жолыққанмен шүйіркелесе кететін. Содан бір күні ашуланып қалды. Ашуланбас еді, бәрі сол үш-төрт кесек қатқан наннан басталды. Ас ішетін бөлмеде отырған. Үлкен қызы дастархан жинап жүрген. Бір кезде үш-төрт кесек қалған нанды тамақ қалдығын салатын шелекке тастасын. Мұны көрген Ұлтуған әжей айғай салды.
- Әй, қыз, ал ана нанды, обалы қайда, обалы. Бұларың не, тойғандарың ба? – деп.
- Әже-ау, енді не істеймін, шелекке тастамай, қайда тастаймын? Жұрттың бәрі солай етеді. Ауыл дейсіз бе қатырып, кептіріп талқан жасайтын?! – деп ақталып жатыр үлкен қыз.
Ұлтуған әжей үндеместен орнынан тұрып шелектегі нанды теріп алды. «Мен осы үйде неге жатырмын. Әлде жататын жер таппай келдім бе? Апармайсыңдар ма түге анау серіктеріңе, зопәрктеріңе. Жұмыс көп, уақыт жоқ дейсіңдер. Ертең ауылдағы кемпірлерге не айтамын, не көрдің десе? – деп ашуға басты-ай келіп содан.
- Әже-ау, бұл ауыл емес. Жұмысқа уақытылы барып, уақытылы қайту керек. Ертең демалыс.
- Циркке, зоопаркке де апарамыз, – деп қыз да, күйеу балада қалбалақтап қалды. Ұлтуған әжей шын ашуланған жоқ еді.
- Шырақтарым, мен бар да мына шелекке нан тастамаңдаршы. Ауылға ала кетейін, бұл нан ғой, нан, – деді де көзіне жас үйіріле. Ертеңіне Ұлтуған әжей көшеге шығып серуендеді. Көзі жол жиегінде тұрған қоқыс салатын темір жәшік жанында шашылып жатқан нанға көзі түсті.
- Сұмдық қой, мынау, сұмдық қой, – деді зығырданы қайнап.
Дауысы қатта шыңып кеткен Ұлтуған әжей шашылып жатқан нандарды теріп алып, үйге қайта оралды.
Есіне сонау ашаршылық кезіндегі, соғыс уағындағы,
одан кейінгі болған нан тапшылығы түсті. Бір үзім нанға зар болып, көз алдында қанша адам жан берді. Еріксіз көзіне жас алды. Ертеңіне Ұлтуған әжей өзі айтқан серікке де, зопәркке де барды.
Содан қайтуға жинала бастаған. Үйден шығар кезде:
- Әй, шырақтарым, анау қатқан нан салған сөмкені ұмытып кетпеңдер, – деп қайта-қайта тапсырып жатты. Вокзалға келген соң тағы да: – Қатқан нан салынған сөмкені ұмытқан жоқсыңдар ма, – деді дегбірі кетіп. Пойыздан үлкен ұлдың өзі күтіп алды. Үйге келген соң базарлық таратылып біткен соң келіні:
- Апа-ау, әне бір сөмкеңде не бар? – деді.
Ұлтуған әжей: – Қатқан нан ғой, – деді жайбарақат қана. Ұлы:
- Апа-ау, бір түрлі болып кетіпсіз ғой өзіңіз. Сонау Алматыдан қатқан нан жинап келетіндей сізге не болған,
- деді күліп. Оған ілесе немерелері де ду күлді.
- Қалаң құрысын, нан дегенің үйде де, сыртта да аяқасты болып жатады. Тойғандары ма, шіркіндердің! Әй, заман-ай, – деп Ұлтуған әжей басын шайқады да, сыртқа шығып кетті.
СЫРТТАЙ ОҚИТЫН КЕЛІНШЕК
Әңгіме
Сара – сүттей ұйыған тату-тәтті жанұядағы он баланың тұңғышы еді. Анасы тұла бойы тұңғышым деп еркелетсе де, ол еркелікке бой алдырмайтын. Қаршадайынан анасына қолғанат боп өсті. Іске келгенде, қолды-аяққа тұрмайтын елгезек, қимылы шапшаң. Кейде кішкентай бауырлары сөзіне құлақ аспаса, анасы: «Бәріңді бесікке тербетіп, арқалап өсірген Сара емес пе? Оның алдында бәрің де қарыздарсыңдар», – деп өзінен кейінгі іні- сіңлілеріне ескертіп те қоятын.
Сол Сара мектепті жақсы бітіріп шықса да, үйден қол үзіп кете алмады. Өзі болмаса осы үйдің бар ауыртпалығы анасына түсетінін табиғатынан жақынға жанашырлық танытып тұратын сезімтал қыз бірден түсінген. Анасының
«Бізге қарайламай-ақ оқуға кете бер» деген сөзіне: «Оқу қайда қашар дейсіз. Бір-екі жыл жұмыс істеп, сонан соң барармын», – деп қысқа жауап қайтарған. Бірақ, кеудесінде оқысам деген арман жоқ емес еді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ газет, журнал беттерінде мақалалары, өлең- жырлары аракідік жарияланып, ауыл-аймаққа «ақын қыз» атанып үлгерген. Сол кезде журналист болсам деп армандайтын. Кітап оқығанды жақсы көреді. Кеңшардағы кітапханаға кітапханашы болып орналасты.
Мектеп бітіріп, еңбекке араласқаннан кейін де сол арман мазалай берген. Ол арманға қол жеткізу Сара үшін мүлдем мүмкін емес нәрсе сияқты көрінетін. Жұмыстан келіп, үй шаруасын бітірген соң, кітап оқуға кіріседі. Кейде көңілдегі
сырларын жыр жолдарына айналдырады. Өлең жазуға да төселіп қалған. Сөйтіп жүргенде жиырманың о жақ, бұ жағына да шықты. Төңірегіне қараса, құрбыларының біразы оқуға түскен, тұрмысқа шыққаны бір бөлек, еңбек етіп жүргендері өз алдына. Мектеп бітірген кезде жүректегі арман асқар таудай, алда алынбас асу, бағынбас шың жоқтай көрінуші еді. Үйдегі, түздегі тіршілік аяқ- қолын матап, судың иіріміндей икемдеп, тереңіне тарта бастағандай. Оқысам деген ойдан қазір сәл жүрексінетін секілді. Екі-үш жыл өтті, біраз нірсені ұмытып та қалдым ғой деп ойлайды. Не болмаса тұрмысқа шығуы керек шығар. Әйтеуір бір шешімге келуі керек, ерте ме, кеш пе. Оның үстіне ауылда жүрген бойжеткен қыздың артынан алып-қашты әңгіменің де көп болатыны таң қалдырарлық жайт емес. Соңғы жайт Сараны ертерек тұрмысқа шығуға итермелегендей болған. Көп ұзамай көңілі ұнатқан ауылдас жігітпен бас қосқан. Күйеуіне тағар кінәсі жоқ. Обалы не керек, артық-ауыз сөзі жоқ, біртоға момын жан. Отбасылық өмірдің сиқыры мен қызығы оқысам деген ойды көңіліне бір уақ аластатқандай болған. Әйтсе де көңілі жүйрік, сезімі сергек қиялшыл Сара бас-аяғы бес- алты жылдың ішінде үш баланың анасы болып үлгерсе де оқысам деп армандаудан танбады. Арман шіркін сағындырып алыста жүрген кимас, сырлас досындай. Жылы жүзбен құшақ жас қарсы алып, неге мені іздемедің, ұмыттың деп назданатындай. Арманшыл Сара әйтеуір бір баға жеткісіз қымбатын жоғалтқандай күйде жүрді де қойды. Балаларының қолдары ауыздарына жетіп, естерін біліп қалды. Сараны кеудесінде оқысам деген ой қайтадан ояна бастаған. Тек ең қиыны – бұл ойын күйеуіне қалай жеткізеді. Ретін тауып, күйеуіне айтып та көріп еді. Ол алғашында тулап түсті. Қай еркек әйелінің айтқан сөзіне бірден келісім бере қойсын?! Бірақ, күйеуінің алдында қадірі бар әйелдің тілегі орындалмай қоймайды емес пе?
Ертелі-кеш құлағына құя берген соң, күйеуі келісім беріп құтылған.
«Үйбай-ау, бала-шағалы болып алып мұның оқимын дегені несі», – деп беттерін шымшылаған абысындарының қаңқу сөздері де оны алған беттен қайтара алмады. Талай түн, талай күн жүрегін тербеп әлдилеген арман қанат бітіргендей алып-ұшып Алматыға асыққан. Қанша қараса да көз тойғысыз қарлы шыңдар, асқақ Алатаудың бауырайына орналасқан жасыл қала – бәрі-бәрі Сараны кел, кел деп құшақ жая қарсы алғандай. Ол арман қаладан арманын табатынына көз жеткізген.
Тиісті қағаздарын журналистика факультетінің сырттай оқыту бөліміне тапсырмақ болып еді, мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген туындылары керек екен. Сара ондай нәрселерді қаттап жинауды құнттамапты. Уақыт болса тығылтаяң, әбден састы. Емтихан тапсырмақ түгілі құжаттарын өткізе алмаса ел-жұртқа күлкі болады ғой. Енді қайтсем екен деп жүргенде әлдекімдер тіл- әдебиет факультетіне түсуге кеңес берді. «Мейлі, әйтеуір бәрібір әдебиеттің төңірегі ғой», – деп құжаттарын көп ойланбастан соған тапсырған. Әр орынға үш-төрт үміткерден келеді екен. Конкурс күшті болатын сыңайы бар деген әңгімені де құлағы шалып қалды. Мұны естіген біреулер: «Дайындық қайда қашар дейсің, әуелі қаланы жақсылап аралап, түгел қызықтап алайық. Түсіп- түспеуіміз де екіталай ғой», – деп соқты. Сара бұл сөзге құлақ аспастан іле-шала дайындыққа кірісті. Орталық кітапханаға ерте келіп, кеш қайтып жүрді. Қайтсем де оқуға түсемін деген арман кеудесінде намыс отын лаулатып, жігеріне жігер қосып, ширықтыра түскендей. Абырой болғанда, бағы жанып тіл-әдебиет факультетінің сырттай оқыту бөлімінің студенті атанды. Қабылдау комиссиясының төрағасы фамилиясын атағанда төбесі көкке жеткендей болды. «Талпынғанда арман алдамайды
екен ғой», – деп қуанған Сараның көзінен ыстық жас тамшылады. Тиісті тапсырмаларын, қажетті кітаптарын алып ауылға қуанышы қойнына сыймай оралды. Сара жыл бойы қолы қалт еткенде кітапқа үңіліп, бақылау жұмыстарын түгел орындады. Түсінбеген нәрселерін мектепте өзіне дәріс берген ұстаздарына барып сұрап білді. Содан бірінші курстың емтихандарын ойдағыдай тапсырып, келесі курсқа көшкен. Келесі жылы да жақсы дайындалған болатын. Бірақ өкінішке орай екінші курста соңғы емтиханнан «құлап» қалды. Емтихан болғанда анау-мынау емес – қазақ тілінен. Берілген сұрақтарға жауап беріп, сөйлем талдады. Оқытушы қанағаттанбаған сыңай білдіріп:
.– Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғалы жатыр. Өзгелерді қойып, қазақ тілін өзіміз білмесек не болғаны. Оның үстіне сендер ертеңгі тіл маманысыңдар. Емтиханға жүрдім-бардым дайындалғансыңдар, бұларың ұят нәрсе,
- деп қабақ шытқан. Әр сөзінде батпан-батпан зіл жатты.
«Шынында да дайындығым нашар екен ғой», – деп Сара қатты ұялды.
Қазақ тілі пәнінен емтихан алушы Бейсенбаев деген оқытушы. Жасы елулер шамасындағы ұзын бойлы, ат жақты, арықша келген кісі екен. Бетінде шешек дақтары бар. Маңдайын қатпар-қатпар қалың әжім басқан ажары күңгірт, бурыл тартқан шаштары күмістей аққа бой алдыра бастаған. Темекіні тым көп тартатын болғандықтан шығар, жүзі үнемі қарауытып түтігіп тұрғаны. Кейбіреулер оны
«Қызыл көз» деп те атайтын көрінеді. Расында да қашан болмасын Бейсенбаевтың шүңірек көздерінің қанталап, қызарып жүргенін көресің. Сара емтихан тапсыра алмаған күні де көзі қанталап тұрған.
Студенттер қауымы оқытушыларға мін таққыш келеді ғой, сондай біреулердің шығарып жүргені де. Әйтпесе, адамның түрінде тұрған не бар? Білімді, ойлы азамат
сияқты. Ғылым кандидаты деген атағы бар. Онан да өзіміздің емтиханға дұрыстап дайындалғанымыз жөн емес пе? – деп ойлаған. Тағы да біреулерден Бейсенбаев арақты көп ішеді екен дегенді де естіген. «Әй, осы жұрт біреуді әңгіме етпесе жүре алмайды екен-ау. Арақты кім ішпейді дейсің, ішсе бір жағдайы бар шығар», – деп Сара оған да құлақ түре қоймаған.
Келесіде үш-төрт күн бойы бел жазбастан тыңғылықты дайындалған Сара емтиханды тапсырып кетемін деген үмітте еді. Алайда, бәрі басқаша болды. Бейсенбаев оның жауабын тыңдап болмастан-ақ, әй-шайға қарамай аудиториядан шығарып жіберді. Бар болғаны: – Дайын емессің! Қызықсыңдар осы, адамның уақытын босқа зая кетіріп, – деді күйіп-пісіп.
Сара бірдеңе деп оқтала беріп еді.
Емтиханды тапсыра алмаған соң Сараның салы суға кетсін. Бейсенбаев мінезіне түсінбей дал. Ішінен: «Қап, мына «қызыл-көз» пәленің қырсығынай», – деп кіжініп қояды. Былай қарағанда тәуір адам сияқты. Ал емтихан қабылдар кезде күз аспанындай жүз құбылып шыға келеді. Қаншалықты дайындалғанымен Сара келесі жолы да емтиханды тапсыра алмады. «Бейсенбаевтың мұнысы несі екен?» – деп Сара өз ойынан өзі шошып кетті тағы да.
- Кісі осылай оқиды ма? Бұл білім аламын деген кісінің емес, тек диплом алсам болды деп ойлайтын адамның ісі ғой, мұным жарамас», – деп тез райынан қайтты. Сессия аяқталуға жақын. Сараның басы әбден қатты. Дайындыққа зауқы жоқ. Білетін нәрсені қайталап оқи беруден де жалықты бір жағы.
Тұйықтан шығар жол таппай қиналып жүргенде, ойда жоқта өзінен бір курс жоғары оқитын Айтбай деген ауылдас жігітті кездесітіріп қалғаны. Сара ауылдың амандығын, жаңалығын естіп-біліп, шын қуанып қалды. Айтбайдың сессиясы енді басталатын көрінеді.
- Қалай, бәрін тапсырып біттің бе? – деді ауылдас жігіт.
- Тек бір ғана емтихан қалды. Қазақ тілінен Бейсенбаев үш рет «құлатып» жіберді. Билеттегі сұрақтарға да, қосымша сұрақтарға да жауап берсем де қанағат етпейді. Не істерімді білмей жүрмін, – деді Сара шаршаңқы үнмен.
- Е-е, «Қызыл көз бе», одан жай құтылу қиын.
- Сонда не істеуім керек, жолын айтыңызшы.
- Жарайды, мен онымен өзім сөйлесейін. Тек сен бір- екі бөтелке арақ тауып қой.
- Ұят шығар, арағы несі?!
Сараның дауысы еріксіз қатты шығып кетті.
- Оның көкейін тескен арақ қой, ол ұялмағанда сен несіне ұяласың? Келіссең де, келіспесең де өзің біл. Айтбай осыны да айтты да асығыс кетіп қалды.
Сара екі ойлы күйде үнсіз қалып қойған. Ертеңінде күні бойы дүкен кезіп, ащысуды таба алмай табанынан тозған. Ақырында бір алыпсатардан үстеме бағамен сатып алды. Арақты сөмкесіне салып алып, сәске кезінде оқу корпусына жеткен. Өз жүрісінен өзі ыңғайсызданып, қылмыс жасаған кісідей қуыстанды. Қарсы кездескен адамдар ойын оқып қоятындай-ақ жүзін төменге сала берді.
Айтбай шыдамсыздана тосып жүр екен.
- Қалай, айтқан нәрсені таптың ба? – деді сұраулы жүзбен.
- Иә, таптым. Сара селқос қана жауап берді, төмен қарап.
- Арақ өзіңде бола берсін. Мен жеке барып сөйлесіп келейін.
Айтбай көзді ашып-жұмғанша жетіп келді де:
- Сөйлестім, кешке біз тұратын демалыс үйіне келетін болды. Сен тіске басар оны-мұны алып дайындала бер, – деді.
Сырттай оқитын студенттер демалыс үйінде тұратын.
Осы бір әуре-сарсаңнан жүйкесі әбден жұқарған Сара амалсыз Айтбайдың айтқандарын орындаған. Өз еркіңнен тыс, көзқарасыңа, наным-сеніміңе жат әрекетке барғаннан асқан жаман нәрсе бар ма? Мұндай іске барамын деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Қайбір жетіскеннен дейсің, амалсыздықтан да. Сара осылай өзін біресе ақтап, біресе жазғырып отырғанда Айтбай «Қызыл көзді» ертіп жетіп келді. Әжептәуір атағы, абыройы бар адамның тойға келгендей емін-еркін келуі Сараға ерсі көрінді. Бөлменің есігін аша бере абдырап, қипақтап қалды. Ұялғаннан екі беті де ду ете түсті. Дастархандағы тағамды, арақты көргенде «Қызыл көздің» жанары жайнап, жұтынып сала берді.
- Міне, баяғылы бері осылай етуі керек еді, – деді төрге отырған күйі беті шімірікпестен. Сара оның сөздерін іштей жақтырмағанымен онша да сыр бермей, үнсіз қалды. Айтбай екі рюмкаға арақты бөліп құя бастап еді, анау: – Қарындасқа неге құймайсың? – деп одыраңдай зекіп қалды.
- Жо-жоқ, мен ішпеймін. Өздеріңіз ала беріңіздер, ағай, – деп Сара ат-тонын ала қашқан.
- Біріншіден, біз аудиторияда емеспіз, демалыс үйінде қонақта отырмыз. Аға демей-ақ жай аға десеңдер де жетіп жатыр. Екіншіден, так, екіншіден, – деді де сөзінің аяғын жұтып қойған «Қызыл көз» құдды бір аңқасы кеуіп келген кісідей рюмкадағы арақты кірпік қаққанша қағып салды. Көп ұзатпай екінші рюмканы да өңештен өткізіп жіберді. Іле-шала жан қалтасынан темекі алып тұтатты да, әп-сәтте алақандай бөлмені көк тұманға көмді. Сөз арасында:
- Сендер өмірді түсіне бермейсіңдер. Міне, мынау түсінетін жігіт, – деп Айтбайды арқадан қағып қойды. Сара бағаналы бері байқамапты, «Қызыл көз» лезде масайып үлгеріпті. Көздері бұлдырап, әр сөзді сағызша созып, тілі де икемсіз былдырлай бастапты. Бір сәт Айтбайға көзін
қысып, «шыға тұр» дегендей ишарат білдірді. Сараның ойында дәнеңе жоқ. Бағамды оңашада қойып бергелі отыр екен деп шешті іштей. Айтбай шығып кеткеннен кейін
«Қызыл көз» өзін еркіндеу ұстап:
- Ал, қарындас-с, баға қою ешқайда қашпас, қашқақтай бермей жақын отыр. Мен сені жеп қоймаспын. Бұл өзі әрі жақсы отырыс, әрі демалыс болды ғой, – деді жымысқылана күлімсіреп.
Сара оның бұл сөздерінен шошып қалса да, сыр бермей:
- Ертең ертелеп сабаққа баруым керек. Уақытта біраз жерге таяп қалыпты, – деді кетуге ыңғайланып.
- Сабақ, сабақ дей бермеші. О жағынан қам жеме. Амандық болса мен сені өзім оқытып шығарамын. Бір дастарханнан дәм татып, жақсы таныс болып қалдық дегендей, – деді мәймөңкелеп.
- Жо-жоқ, рахмет. Сіз көмектеспей-ақ қойыңыз, өзімнің де шама-шарқым жетеді.
Әңгімелерінің жараспайтынына көзі жетті ме «Қызыл көз» лезде әңгімені басқа арнаға бұрып:
- Ау, сен өзің ішпегенсің бе, қалай өзі, – деп Сараның алдында тұрған рюмканы айналдырып қарай бастады. – Давай, қане алып қой, – деп өзеуреп болар емес.
Сара орнында міз бақпай отыра берді. «Қызыл көз» іле түсін суытып:
- Ішпейді екенсің, онда әңгіме басқаша. Баға қоймаймын, қайда барсаң онда бар. Жолың ашық. Келген ізіңмен кері қайта бер, – деді ашу шақырып.
Ананың өзіне дауыс көтеріп зілденгені Сараның намысына тиіп кетті. Алғашында шығып-ақ кетейін деп еді, осы бәледен тезірек құтылсам деген ой аяғын тұсағандай болды. «Қызыл көз» де осыны сезіп қалғандай:
- Қане, алып жібер, ештеңе етпейді, – деп рюмканы қолына зорлағандай болып ұстатқан. Арақ дегенді, Сара сірә да аузына алып көрмеген. Мүңкіген иісінің өзі
жүрегін айнытып, лоқсып жібере жаздады. Көзін жұмып рюмканы көтере бергені сол еді, қалай жұтып қойғанын өзі де білмей қалды. Тамағына тас тығылғандай тынысы тарылып, тұншыққандай болды. Ішілген арақ өңешін жалындай шарпып өн-бойын ысыта жөнелді. Көп ұзатпай
«Қызыл көз» екінші рюмканы да жұп болсын деп қояр- қоймай ішкізді. Бұл жолы Сара аузын қолымен қалқалап әлсіз ғана қарсылық білдіргендей болған, анау да бетінен қайта қоймады. Содан кейін-ақ көз алды тұманданып, аяқ-қолынан жан кеткендей буын-буыны босап, дел-сал күйге түскен. Қай жерде отырғаны, не істеп, не қойғаны, бәрі-бәрі тіпті есінен шығып кеткендей. Құлық түбінен сөйлеп отырған «Қызыл көздің» сөздері микрофоннан шыққандай күңгірлеп естіледі. Еміс-еміс есінде қалғаны
«Қызыл көз» мұны әуелі қапсыра құшаққа алып, жанталаса қарсыласқанына қарамай төсекке алып ұрды. Қарсылық көрсеткені сол түс көріп жатып жүгірген кісідей тек аяқ-қолын ербеңдетуге ғана дәрмені жетті. Бар болғаны:
«Ағай-ай, мұныңыз не, ұят қой! Күйеуім, бала-шағам бар ғой, – дей берді. Одан әрі не болғанын білмейді. Сәлден соң есін жия бере ұйқыдан шошып оянған кісідей орнынан атып тұрды да, жалма-жан етегін түзей берді. «Қызыл көз» тәлтіректеген күйі шалбарын түймелеп жатыр екен. Не болғанын түсінген Сара жүзі ұяттан өртене тар бөлмеден атып шықты да, қос қолмен бетін басып солқылдап жылап қоя берді. Сыртта Айтбай тұр екен. Ол аң-таң болып: – Саған не болды? Қой, жылама, жылама, – дей берді аузына басқа сөз түспей.
- Ұят-ай, ұят-ай! Жұртқа не бетімді айтамын. Не бұлай істедіңіз, аға?! Сөйлесіп неңіз бар еді, – деді Сара өксігін баса алмай.
- Не болды? Бағаңды қойып берді ме өзі?
- Бүйтіп оқыған оқуы құрысын. Тап қазір тура ауылға қайтамын. Жүзі жасқа малынған Сара Айтбайдың жұбату
айтқан сөздеріне құлақ асқан жоқ.
Жоқ, ол Айтбайға өкпелі емес. Бәріне кінәлі – өзі. Оның ұсынысына да келіспесе болар еді ғой. Тіпті, осы курста қалып қойса да келер жылы басқа біреуге тапсырар еді. Бәрі бітті. Күйеуінің бетіне қалай қарайды?! Өлдім ғой, өлдім ғой!
Ертеңіне Сара сессияның аяқталуын күтпестен ауылына қайтып кетті. Әуелі пойызбен бір түн жол жүріп, сонан соң автобуспен үйіне де жеткен. «Өлімнен ұят күшті» дегендей қонақ үйде «Қызыл көзбен» арада болған жағдайдан кейін ұнжырғасы түсіп, қан-сөлсіз күйде өз босағасын аттай бергені сол еді, күйеуі әзіл-шынын араластырып:
- Сиқыңа не болған, өң жоқ қой өзіңде. Әлде Алматыдан біреуді тауып, қия алмай қайтқандайсың ғой, – деді. Онсыз да қорлық көріп, ішқұса болған Сара:
- Иә, тапсам несі бар. Әлі де қартайып тұрғаным шамалы, – деді ашу қысып.
- Бәсе-е, өзім де бірдеңені сезіп едім. «Оқу, оқу деп елдің басын босқа қатырып жүр екенсің ғой!»
Күйеуі есікті тарс жауып, сыртқа шығып кетті. Ымырт түсе ұйқыға жатқан Сара ертеңіне күн көтеріле бере әзер оянды. Онда да күйеуі оятты.
- Сара-ау, не болды, тұрсаңшы! Балалар да әбден сағынған-ау, шамасы. Сені мазаламасын деп сыртқа шығарып жібердім. Келесі курсқа көшкеніңді жумаймыз ба? – деп кеше өзінің артық кеткенін мойындағандай сөзінің соңын әзілге бұрды.
Күйеуінің қамқорсыған үні көңіліндегі бар мұң- наласын жуып-шайып өткендей. Іштей күйеуін аяп, ет жүрегі елжіреп сала берді. Өзі жоқта балаларға бас-көз боп, осы үйдің бар шаруасын мойнына алғаннан басқа не жазығы бар, бұл байғұстың. Еркек болған соң қызғанады да. Кеше өзі де дұрыс істемеді. Күйеуінің сөзіне «Маған
сенен басқа ешкім де керек емес. Сүйерім де, сенерім де өзіңсің», – деп жауап қайтарса ештеңе де болмас еді. «Ашу
- дұшпан, ақыл – дос» деген рас екен ғой. Ал өзім болсам осы бір ақкөңіл, адал пенденің көзіне шөп салдым емес пе, ел аман, жұрт тынышта. Кеше оған сөз қайтару түгілі, жалынып-жалбарынып аяғына жығылуым керек еді. Енді өмір бойы оның алдында өзімді кінәлі жандай сезініп жүретін болдым ғой. Құдай-ай бұдан асқан азап бар ма? Бұлай масқара болғаннан оқуға түспей-ақ қойғаным артық еді», – деп ойлады Сара әлі де тұнжырап.
Күйеуі шай жасап қойып, мұның төсектен тұруын күтіп отыр екен. Көзіне күйеуі бір айдың ішінде жүдеп, шөгіп кеткендей көрінеді. Кеудесін күйеуіне деген аяныш пен сүйіспеншілік толы сезімдер баурап, осы бір ақкөңіл, адал жараның алдында кешірілмес күнәға батқанын ойлағанда жанарына жас үйіріліп, кемсеңдеп жылап жіберуге шақ қалды. «Сен мені оқуға о баста жібермеуің керек еді», – деді естілер-естілместей үнмен күйеуінің ту сыртынан.
- Сара, не дедің, бірдеңе дедің бе? – деді ол мойнын бұрып.
- Жоқ, жай әшейін. Жол соққаннан ба, әбден шаршаппын, – деді Сара күйеуінің жүзіне тіктеп қарауға бата алмай. Сырттан балалары айқайлап жүгіріп келіп, мойнына асыла кетті... Сара келесі жылы оқуға бармай қалды...
ТУҒАН КҮН
Осыдан он шақты жыл бұрын бір ерекше туған күнде болғаным бар. Студентпін, политехникалық институтта оқитын интернатта бір қазаннан ботқа жескен досым Болатты іздеп жатақханасына барғанмын. Бұрын олар бір бөлмеде үш жігіт тұратын. Біреуі мені іздеп келген Болат, онан кейінгілері Еркін мен Мұхит болатын. Еркін екінші курста қайтыс болып кетті. Мен келсем олар туған күнге жиналып жатыр екен. Болат амандық-саулық сұрасқаннан кейін:
- Келгенің жақсы болды. Бізбен бірге туған күнге барасың, – деді.
- Танымайтын адамдардың арасында ыңғайсыз болар, мен қайтайын, – деп тартыншақтадым.
- Айында-жылында бір келесің. Келген соң қайтам дейсің. Бірге көңіл көтеріп, біраз әңгімелесейік те, – деп ол ренжіген сыңай танытты.
- Сонда кімнің туған күні, – дедім амалсыздан ыңғайына жүгініп.
- Еркіннің туған күні.
- Кімнің?!
- Еркіннің, дедім ғой.
Еркіннің осыдан үш-төрт ай бұрын қайғылы қазаға ұшырағанын естігенмін. Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде Еркін мен Мұхит жазғы сессияның соңғы емтиханын тапсырып, көл жағасына серуендеуге шығады. Біраз жүрген соң екеуі суға шомылмақ болады. Балалығы ұстап кеткен Еркін суда жүзуден жарысайық деп Мұхитқа
ұсыныс жасайды. Ол бірден келісе кетеді. Жарыс шарты – жағадан көл ортасына, одан жағаға дейін жүзіп келу. Екеуі де – өзен жағасында өскен жігіттер. Суда жақсы жүзетін болғандықтан, бірден суға күмп-күмп қойып кетіп жүзе жөнелді. Мұхит жағаға бұрын жетіп, Еркінді күтеді. Бес минут күтеді, он минут күтеді. Еркін жоқ. Мазасызданған Мұхит судан құтқарушыларға тез хабар беріп, олардың келуін күтпестен-ақ өзі іздеуге кіріседі. Үш-төрт сағаттан соң ғана барып судан Еркіннің жансыз денесі табылады. Ыстықтап келіп бірден мұздай суға түскендіктен көл ортасына жете бере аяғының сіңірлері тартылып қалған.
Еркіннің Жамал есімді сүйген қызы бар екенін де білетінмін. Бұл қазаға Еркінді білетіндердің барлығы, әсіресе Жамал қатты қайғырған.
Бейбіт күнде алпамсадай жігіттің осылай аяқасты қайтыс болғаны бәріміздің де қабырғамызға батты. Мен Болатты іздеп келген күні тап Еркіннің туған күні екен.
- Сонда туған күн қалай болады, кім ұйымдастырып жатыр? – дедім таңданыстан арылмаған күйде.
- Жамалдың өзі ұсыныс жасады. Біз қостадық, – деді Болат.
Біздер туған күн басталардан сәл бұрын келдік. Туған күн Жамалдың бөлмесінде өтеді екен. Еркіннің қазасынан бері Жамалды көрмеген болатынмын. Мен көңіл айттым.
- Келгендеріңе рахмет. Сендерді көріп, Еркінді көргендей болдым, – деді Жамал мұңлы көздерінен жас тамшылап.
Туған күн басталып та кетті. Ән де айтылды, күй де тартылды. Бәріміз де Еркінді еске алып, оның жақсы қасиеттерін әңгіме етістік. Еркін шынында да мінезі сыпайы, сабырлы да салмақты жігіт еді. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, темекіге, араққа үйір емес-ті өзі. Бәлкім, Жамалда Еркінді осы мінездері үшін ұнатқан болар. Туған күн аяқталғанша Жамал біресе шай тасып, біресе тамақ
тасып, зыр қақты.
- Еркіннің туған күнінде қызмет жасамағанда, кімнің туған күнінде қызмет жасаймын, – деп бір күліп, бір жылап жүрді.
«Жамалдай қыз сүйген Еркін қандай бақытты жігіт еді. Әттең, арманда кетті, топырағы торқа болсын», – деп қоямын іштей.
Осы туған күнге қатысқандардың барлығы махаббат деген асқақ да ұлы сезімнің қадір-қасиетін шын ұғынғандай болды. Бәріміз де терең ой, зор тебіреніспен тарқастық. Біреулер махаббат тек кітапта, кинода болады деседі. Жоқ, махаббат әрқашанда болған және бола бермек. Әр заманның өз Естайы, өз Хорланы, өз Жамалы, өз Еркіні болады. Ұлы Абай «Махаббатсыз дүние бос» демеп пе еді?! Сол туған күннен бері біраз жыл өтті. Қазір туған күнге барсам болды, есіме Еркін мен Жамал еріксіз түсе береді.
«Жамал, сен қазір қайда жүр екенсің? Еркінді ұмытқан жоқсың ба? Жоқ, сен ұмытқан жоқсың, мен саған сенемін! Еркінге деген махаббатың әжелердің көне сандығының түбінде жатқан асыл қазынадай тереңде жатқан болар» деген ойлар мені ылғи да мазалайды да жүреді.
ХАТ
Әңгіме
Пернегүл оныншы сыныпты бітіре салысымен, Шымкентте тігіншілер даярлайтын бір жылдық училищеге түскен. Мамандық алғаны жөніндегі куәлігі қолына тиместен-ақ Арыстағы киім тігетін ательге жұмысқа орналасты.
Арыс шағын қала болғанымен, тоғыз жолдың торабы, үлкен темір жолдың станциясы. Батысында Мәскеуден, Шығысында Алматыдан, оңтүстігінде Тәшкеннен шыққан темір жол бағыттары дәл осы жерде қиылысады. Сенбі, жексенбі күндері Пернегүл жұмыстан бос, ауылдағы өз үйінде болады. Жасы он тоғызға келсе де үй ішіндегілер мұны әлі бала көреді. Тек көрші жеңгейдің: «Ибай-ау, мына қыз бойжетіп қалыпты-ау», – деп сыртынан ернін сылп еткізгені болмаса. Ондайды естіген күнде де: «Осы мен шынымен бойжетіп қалдым-ау», – деген ой қаперіне кіріп шыққан емес. Оның үстіне жұмысы да өзіне ұнайды, әрі жақсы достары бар, зерігіп көрген емес әлі күнге дейін. Демалыскүндерініңбіріболатын.Досқызы Гүлжауһар сіңлісін жіберіп шақыртыпты. Сәл бұрынырақ Сарыағаштағы техникумда оқитын нағашы ағасы келіпті деп естіген. Бірақ онша мән бермеген. – Жарайды, біраздан кейін барамын, – деді. Көп күттірмей Гүлжауһардың үйіне келді. Сырттан оның өзі қарсы алды. Екі-үш күн көріспесе
сағынысып қалады.
- Кешке нағашы ағам келген, техникумда оқиды, бізден екі жас үлкен, аты – Ермахан, – деді ол асығыс-үсігіс.
«Мұның бәрін маған несіне айтып тұр», – деді де қойды
Пернегүл. Екеуі үйге кіріп, төргі бөлмеге қарай өтті. Есік ашқандары сол еді, төрде отырған жігіт орнынан көтеріле берді де:
- Сәлеметсіз бе, төрлетіңіз, төрлетіңіз, – деді жылы қабақ танытып. Пернегүл оның жүзіне онша назар аудармады. «Тек аяғын сылти басатын сияқты ма, қалай өзі?» – деп ойлап қалды, аяқ басысына қарап.
- Ал, Пернегүл, танысып қой, менің нағашы ағам, – деді Гүлжауһар екеуін таныстырып.
- Ермахан, – деді жігіт. Дауысы бәсеңдеу шықты.
- Мен қазір келемін, – деп Гүлжауһар асығыс шығып кетті бөлмеден. Екеуі біраз үнсіз отырды. Ермаханға көз қиығын салып еді, ол біртүрлі қысылып отырған сияқты көрінді.
- Биыл нешінші курстасыз? – деді Пернегүл Ермаханды сөзге тартып. Шын ұялып отырған болуы керек сірә, жігіт алғашқы сәтте абыржып қалды да:
- Ә-ә, мен бе, мен бе? – дей берді. Пернегүл күліп жібергенмен, іле-шала онысына өзі де ыңғайсызданып қалды. Ермаханның қысылып-қымтырылғаны өзіне біртүрлі қызық көрінді.
- Соңғы курста оқимын. Биыл бітірем ғой, – деді жігіт. Әңгіме етерлік нәрсенің табылғанына қуанған сыңай танытқандай. Сол арада Гүлжауһармен бірге өздерімен құрбы бір-екі қыз кіріп келді.
Гүлжауһар:
- Ал, қыздар шай ішейік, – деп оларды дастарханға шақырды.
- Жо-жоқ, осы қазір ғана шай ішіп келдік. Жаңа әуендер болса, тыңдап көңіл көтерейік, би билейік, – деді олар.
- Дұрыс, дұрыс, – деп Ермахан да орнынан тұра берді. Жеңіл музыка сазы жас көңілдерді бірден баурап алып кетті. Ермахан шеттеу барып, биге зауқы жоқ адамдай тұнжырап тұрып қалды. Пернегүл:
- Көңілсізсіз ғой, неге билемейсіз, – деді жақын келіп.
- Жо-жоқ, билей беріңіздер. Мен кейінірек қосылам, – деді қызараңдап. Араларындағы жеңілтектеу Сағираш:
- Сіз студенсіз ғой, бізге би үйретудің орнына қашқақтағаныңыз қалай, – деп Ермаханды ортаға сүйрей бастап еді, басқалары да Сағирашты қостай жөнелді.
Ермаханның бетінің қызылы сыртқа теуіп, нарттай болып кетті. Аяғын сәл сылти басады. Қыздар бәрін аңдып тұр. Ермахан онысын байқатпауға тырысып, Сағирашпен билеп жүр, әбден қара терге түскен. Әйтеуір би де аяқталды. Ермахан ентігіп қалды. Қалтасынан қол ормалын алып, маңдайын сүртті. Гүлжауһар:
- Қыздар, уақыт біраз жерге барып қалыпты демаламыз ба? – деді қысылыңқырап.
- Демалсақ, демалайық, – деді бәрі бірауыздан кетуге асығып тұрғандай.
- Мен Сағираштарды шығарып салайын, Ермахан, сен Пернегүлді шығарып сал, үйлері жақын, – деді Гүлжауһар киініп жатып. Пернегүл: «Өзім-ақ кете беремін», – демек болып еді, үлгермеді.
- Мақұл, мақұл. Шығарып салайын, – деді Ермахан. Екеуі қатар жүріп келеді. Жігіт аяғының кемістігін сездермейін дегендей бойын тік ұстап, демігіп басады қадамын. Оған бұлай жүру оңайға түспейтіні көрініп тұр. Пернегүлдің кенет ашуы келіп кетті, әшейінде қанша қиналса да қабақ шытпайтын ол:
- Аяғыңызды еркін басыңызшы, онда тұрған не бар? Әйтпесе, тура осы жерден-ақ қайта беріңіз, өзім-ақ кете беремін, – деді. Бірақ Ермаханның намысқойлығын іштей ұнатып қалды.
- Жарайды, түсінгеніңізге рахмет, – деді Ермахан жадырап. – Бала кезімде асау тайды бас білдіремін деп құлап аяғымды сындырғалы осылай болып қалды.
Содан әңгімені өзі одан әрі жалғап әкетті.
- Ауыл деген қандай рахат, әсіресе көктемде. Өзім ауылды бір апта көрмесем сағынып қаламын, – деді Ермахан күле сөйлеп. – Өткен жылғы көктемде, май мерекесінің қарсаңында ауылға барып едім, өзіммен құрдас жігіттер жиналып қалыппыз. Жауған жаңбырды да елемей, бәріміз көк майсаның үстінде доп қудық бала кездегідей. Аяғымның ауырғанын ұмытып, мен де қосылып кеттім. Өткен-кеткен кісілер: «Мыналарға не болған, мас па өздері», – десті. Үсті-басым малмандай су болып, үйге әрең келдім. Апам:
- Немене, бала болып кеткенсің бе, қашан есің кіреді,
- деп кейіп жатыр. Мен ыржалаңдап күле беремін, қуаныштан ғой, әрине. Бала кезімізде бәріміз осылай доп қуушы ек, тап сол бір шақ қайта айналып келгендей болды. Сол бір күнгі ойын көпке дейін есімнен кетпей қойды, – деді Ермахан онан сайын көңілдене түсіп.
- Әңгімені тамаша айтады екенсіз, – деді Пернегүл сүйсінгенін жасыра алмай.
- Қайдам, сізді жалықтырған шығармын-ау, – деді жігіт өзін мақтағанға ыңғайсызданып.
- Міне, біздің үйге де кеп қалдық... сау болыңыз, – деді Пернегүл қолын ұсынып.
- Қалай тез келіп қалдық... Сау болыңыз, сау болыңыз,
- деді Ермахан осы күннің тез аяқталғанына өкінгендей. Бірдеңе айтқысы келіп тұрғандай сыңай танытты. Үйіне асығып, тықыршып тұрған Пернегүл амалсыз тұрып қалды.
- Сіз... сіз-з-ге хат жазып тұруға болады ма, әрине, достық ниетпен, – деді Ермахан діріл аралас үнмен. Пернегүл: «Оның қажеті не?» – дей жаздады да, ізінше үйіне қарай үнсіз бұрылып жүре берді. Ермахан Пернегүлдің үндемегеніне қарап, қарсы болмағаны ғой деп ұққан. Көп ойланып жүріп алғашқы хатын да жазған. Бұл кездесу Пернегүлдің есінен шығып кеткендей
болған-ды, тек кейде әңгіме арасында Гүлжауһар ғана еске алмаса. Әдеттегідей күн сенбі болатын. Пернегүлдің қаладан келгені сол еді, шешесі:
- Саған бір хат бар, – деді Пернегүлдің жүзіне байыппен көз жүгіртіп. Бойжеткен ала-бөтен елең еткен.
- Маған кім хат жазушы еді, – деді аң-таң болып. Хаттың сыртына асығыс үңілген. Ермахан екен. Шешесінің көзінше хатты ашуға бата ламай: «Киімімді ауыстырып келе қояйын», – деп төргі бөлмеге кіріп кетті. Бір-екі рет сыныптас құрбыларының қолынан кластас балалардың жазған хаттарын көргені бар-ды. Ол хаттар «Сүйіктім менің, аяулым», – деп басталып... «Өзіңді мәңгі-бақи сүйіп өтуші» Қ. немесе Ж. болып аяқталатын. Ылғи бір сарынды, жүректен шықпаған жаттанды сөздер. Бұл хатта солай басталатын болар деп жорыған. Хатты ашысымен- ақ өз ойының қате екеніне көз жеткізген. Ермахан жасы жиырманың екеуінен асып қалған жігіт. Аяғының кемістігі жан-дүниесіне қатты әсер ететін. Бала күннен-ақ, өзге балалардай доп қуып, асыр салып, ойын ойнай алмағанына қатты қиналатын. Содан ба, ұяң, тұйықтау болып өсті. Топқа қосылмай, жалғыз жүрді. Бірақ намысқой болатын. Тән кемістігі ештеңе емес, жан кемістігі жаман бәрінен де. Көкірек пен көңіл сайрап тұрғанда өзін кем санауы тіпті орынсыз. Бірақ кеміс екендігі кейде есіне түссе жабырқап, қатты мұңайып қалады. Әсіресе, көп алдында биге түсе алмайтыны жанына қатты батады. Сондықтан ба екен, қыздармен тілдесіп, еркін сөйлесуге тіпті шорқақ. Қыз біткеннің бәрі мұның аяғына қарайтын сияқты. Әлі күнге дейін бойжеткен қызбен сырласып, еркін қыдырып
көрмеген.
Енді, міне, Пернегүлді кездестірді. Оның бұған деген көзқарасы мүлдем басқа секілді. Пернегүлге деген өз көңілі адал, жүрегі ақ. Ендеше неге тартынады?!
Ермахан хатында мұның жай-күйін, жүмыс барысын
сұрапты да: «Сендердің ауылдарыңа барғанда алған әсеріме әлі күнге айыға алмай жүрмін. Бұл хатты шын достық ниетпен жазып отырмын. Бұдан былай да хат жазысып тұрайық. Егер мұны қаламасаң, бұдан былай хат жазбай-ақ қояйын», – депті. Пернегүл хатты екі қайтара оқып шығып, мұқият бүктеп, кішкентай өзінің шабаданының қалтарыс бұрышына салып қойды. Өзінің де хат жазысып тұруға қарсы еместігін айтып хат жазған. Ермаханның жазған хаттары әсерлі де көркем, бірақ
«сүйдім, күйдім» деген бір ауыз сөз жоқ. Бірде: «Сен мынандай жазушылардың, ақындардың шығармаларын оқыдың ба?» – деп біраз жазушы, ақындарды, олардың шығармаларын атапты. Кей тұста сол шығармалардан үзінді келтіріп: «Мына бір жерлері қандай тамаша! Тура өз басыңнан өткендей, көзімізбен көріп жүрген нәрселер болса да, біз онша мән бермейді екенбіз», – депті. Пернегүл солардың кейбіреулерін оқыса да, бұлайша ой түйіп көрмепті. «Құр әшейін оқып шығу бір бөлек екен де, ой түю мүлдем бөлек екен ғой», – деп ойлаған-ды Ермаханның хатын алған соң. Бұрын оқыған кітаптарын тағы да қайталап оқыды. Басқа кітаптарға да қызыға бастады. Қаладан ауылға жаңа кітапсыз келмейтін болды. Шұқшиып, түннің бір уағына дейін кітаптан бас алмай оқиды. Алғашында: «Ермахан мені ештеңе оқымаған, түк білмейтін жан екен» – деп ойламасын деген намыспен үңілетін. Бірақ, алаулап лап ете қалған намыс оты көп ұзамай-ақ сөнген. Пернегүл кітап оқудың біртіндеп өзінің сүйікті әдетіне айналғанын сезбей де қалды. Жан сарайы кеңейіп, қиялына қанат біте бастағандай. Бұл өзгерісті өзінен басқа ешкім де байқамады. Ермаханның хаттарын қаттап жинап жүр еді. Оларды да қолы қалт етсе, қайта- қайта оқиды. Сол хаттардан Ермаханның жан дүниесін түсіне бастағандай. Екі ортада Ермахан да Гүлжауһардың үйіне келіп кеткен бір-екі рет. Екеуі ретін тауып жолықты
да. Бірақ, ол жартымды ештеңе айтпаған. Әңгімесінде хаттардағы сөздердің біреуі болсайшы. Пернегүлге:
«Сонда хатты өзі жазбайды ма?» – деген күдік аралас ойда келіп қалған. Бірақ, кейін келген хаттар бұл күдігін де сейілткен. Өзінен екі жас кіші қушікеш інісі: «Анау Гүлжауһардың ақсақ нағашысы біздің ауылға келгіштеп жүр ғой өзі» – деп қояды. «Не істеп жүргеніңізді де білем» – дегендей Пернегүлге қарап. Пернегүл: «Сені ме», – дегендей сес көрсеткен соң, інісі басылып қалған. Пернегүл Ермаханды ұнатып қалды. Оны көпке дейін мойындауға бата алмай жүріп, ақыры мойындаған. Түнде Ермаханның хаттарын кеудесіне басқан күйі төбеге қарап ойға шоматын: «Сонда ол мені шын сүйелі ме екен? Сүймейтін болса, неге хат жазады, әлде тек достық ниетпен ғана қолына қалам ала ма?» – деп қобалжиды. Кейде көз алдына Ермаханды елестетеді. Қап-қара шашты, күлімдеген аққұба жүзі... Тағы да бірдеңе айтуға бата алмай тұрған сияқтанады. Пернегүлдің күндері осылайша өтіп жатты. Ермаханмен танысқанына да екі жыл болып қалыпты. Кезекті демалыс күні қаладан келіп, есік алдына шығып отырған. Көрші ауылдағы бастауыш мектептің үшінші сыныбында оқитын сіңлісі алыстан Пернегүлді көре салысымен-ақ асығыс бірдеңе айтатын кісідей ентіге жүгіріп келген.
- Әпке, әпке! Сізге бір хат келіпті, ағамдардың үйінде тұр, – деп сықылықтай күлді. Ағасы Мақаш қой, әкесінің інісі, жасы бұлардың әкесінен әжептәуір кіші. Ал, екі үйдің адамдары бір фамилиямен жазылады. Сіңлісінің күлкісіне қарағанда, хат Ермаханнан болса керек. Почтальонның баласы жаңылысып, хатты сол үйге апарып берген ғой»,
- деген оймен Пернегүл ағасының үйіне қарсы жүгіре жөнелді. Келсе, хатты сол үйдегі жеңгесі оқып отыр екен. Жанында екі-үш қыз бар. Хатты бәрі оқып шыққан болуы керек, қолдан қолға көшіріп. «Сүйіктім дей ме, қалай өзі?»
- деп сықылық-сықылық күледі жеңгесі. Ашулы күйде жүгіріп келген Пернегүлдің көріп, бәрі абдырап қалды.
- Әкеліңіз, бері! Біреудің хатында неңіз бар?! Неге аласыз? – деді Пернегүл.
- Оқып болған жоқпыз, өзі қызық хат көрінеді, – деп әзілге бұрды жеңгесі.
- Оқуын оқыпсыздар ғой, бер деген соң беріңіз, – деп ол ұмтылып қалды.
- Әй, мына қыз жынданған ба өзі, таптап кететін түрі бар ғой! – деп сескеніп қалған жеңгесі хатты ұсына берді. Хатты қолына алып, бұрыла бере Пернегүл жылап жіберді де, айдалаға қарай жүгіре жөнелді. Керек десе, бұл сырын шешесі де білмейді. Талай күндер, талай түндер жанына тыныштық бермей талай қуантқан, талай мұңайтқан сырының аяқастынан ашылып қалғанына қатты өкініп келеді. Ал үй іші естісе не дейді? Онда да әңгіме болып жатқан шығар. Өзінің кейінгі кезде тұйықталып, көп ойлана беретін себебін білген шешесі тулап түсер: Бәсе, бәсе, – деп. «Қойшы, не десе о десін!» – деп Пернегүл өзін-өзі іштей қайрап қойды.
Хатты оқи бастады. Сол бұрынғысынша басталыпты.
Соңындағы жазуға көзі түскенде жүрегі тулап кетті.
«Пернегүл, сүйіктім менің! Мен сені сүйемін...» деген жазуларды анық оқыды. Жасы кеппеген көздері қуанғаннан жаңа ғана шыққан күндей сәуле шашты.
- Ермахан, мен де сені сүйемін, – деді хатты кеудесіне басып. Жүзінде күлкі ойнап, қалай жадырап кеткенін өзі де аңғармай қалды.
Әлгінде қолайсыз жай есінен шығып кеткендей. Көңіліне ұялаған реніш-мұңнан ештеңе қалмаған.
«Көріскеніміз жақында ғана емес пе? Хатты несіне жаза қойды екен?» – деді де, іле өзінің де жақында ғана хат жазғаны есіне түсіп, күлімсіреп қойды.
ҰЛЖАН ШЕШЕЙ
«Не дейсің, Ұлжан шешейді ауруханадан шығарып, үйіне алып келіпті. Айтуға болмайтын «жаман ауру» екен – науқасы. Балалары аузына су тамызып отырған көрінеді» – деген суық хабар тау баурайындағы кішкентай ауылға жылдам тарап үлгерді.
Ұлжан шешей ауруханада жатқанда көңілін сұрап бара алмағандар өздерін кінәлі сезінгендей алдымен жетті. Алғашқы келген бес-алты әйел – өз қатарластары, абысын-ажындары еді. Бәрін бастап келген Бибіжан деген абысыны көңілі босап, есіктен кіре бергеннен-ақ жылап қоя берген. «Ес-түссіз, әбден қиналып жатқан шығар»,
- деп ойлаған-ды. «Үйбай-ау, сендер мені «өлтіріп те» қойдыңдар ма? Дауыс салғандарыңа жол болсын!» – деп қинала езу тартып күлімсіреген Ұлжан шешейді көргенде ол да күмілжіп, абдырап-ақ қалды. «Біз қайдан білейік, ел- жұрт солай деген соң», – десті қысыла төмен қарап.
- Қайдан білесіңдер, бәлкім, жазылып, орнымнан тұрып кететін де шығармын. Ондайларда бар көрінеді ғой. Бұл жолы Ұлжан шешейдің дауысы ширақтау естілді.
- Ойбай-ау, шешей! Мұныңыз тіпті рас. Анау Арыста, Шәуілдірде, Созақта жазылып кеткендер бар көрінеді. Өз құлағыммен естідім. Оллаһи, ана жолы қара қайнағаның үлкен баласының қайын енесі жазылып кетіпті, – деп әңгімесін бастай жөнелді Бижамал жейтін әйел. Бижамалдың бір әңгіме бастаса, ешкімге дес бермей, мезі ететін әдетін бәрі білетін.
Ұлжан шешей:
- Ешкім мәңгі өмір сүрмейді. Біреу ерте, біреу кеш дегендей. Дәм-тұз жазылармын, жазылмасам... – деп сөзінің аяғының соңын жұтып қойды. Сөйтті де:
- Шай әкеліңдер, – деп жанында отырған келініне ишарат білдірді.
- Жоқ, шешей, әуре болмасын. Нан ауыз тисек болды,
- деп әйелдер жағы жинала бастады. Ұлжан шешей басын жастыққа қойып еді, көзі ілініп кетіпті. Дәлізден самбырлаған дауыс естілді.
- Есік қайда, құрғыр, неге ашпайсыңдар? – Бұл келген Дәуренбек қария еді. Ұлжан шешей ол кісіні қайнаға дейді. Қазір осы ауылдың жасы үлкен қариясы. Марқұм күйеуінен он екі-он үш жас үлкендігі бар.
–.... Келінжан, амансың ба? – деп кіріп келді. Ұлжан шешей орнынан тұрып, сәлем салмақ ыңғай білдіріп еді:
- Жата ғой, жата ғой. Ниетіңе Алла риза болсын, – деп оң жағын ала жайлап жүрелей отырды.
- Келгеніңді бағана естігем. Біреу есегімді мініп кетіпті, соны тосып-тосып келмеген соң жаяу келдім.
Содан соң сәл үнсіз отырды да:
- Келін шырағым, бекем бол! Осы күні ауру да көбейді, балгер мен тәуіп те көбейді. Кім біледі, бір нәрседен бір нәрсе себеп болып, айығып та кетерсің. Не болса да пешенеге жазғанын көресің. Құдай – керек адамды өзі алып кетеді. Бармаймын деп айта алмайсың. Тірщіліктің мәні – ұзақ-қысқа жасағанда емес, пенденің өзгелерге жасаған жақсылығы мен еткен еңбегінде болса керек. Не дейін, бір шаңырақтың түтінін сөндірмей, анау Айтбайдан қалған төрт-бес жаман немелерді жетілдіремін деумен-ақ өткен жоқ па сенің көп күнің. Сол қайратыңа, еңбегіңе жұрттың бәрі риза. Осы күні қай еркек, жалғыз шаңыраққа да ие бола алмай жүрген жоқ па?! Затың әйел болса да, ер-азаматтық мінез, ерлік таныттың. Бұл еңбегің адам түгілі құдайдың өзіне де аян. Езіліп уайымға
беріле берсең, дертің де дендей береді. Сондықтан басқа салғанды төзімділікпен жеңе біл, – деді де Дәуренбек қария көп сөйлеп кеткен жоқпын ба дегендей жан-жағына қарап алды да:
- Қой, күн кеш болып қалыпты. Намаздың да уақыты болыпты. Ауылдамын ғой, келіп тұрамын, – деп орнынан тұрды.
- Қайнаға, отырмадыңыз ба? Шай ішсеңізші, – деді Ұлжан шешей әлсіз үнмен. Дәуренбек қария мойнын бұрмады, естімей де қалған екен.
- Е-е, бұл кісіде қартайыпты-ау, – деді Ұлжан шешей іштей.
Ұлжан шешей көз шырымын алмақ болып жастыққа қайта қисайып еді, кірпіктері еш айқаспай қойды. Шынында да несіне езіліп, үгіле береді. Қайнағасының сөзінде де жан бар-ау. Өзі тумаса да өзі туғаннан бетерге жақсы көріп, Айтбайдың кіші әйелі туған төрт-бес баланы өсірудің бар бейнетін бірге бөлісіп, ыстық-суығын бірге көргені де рас. Жатырқаған жері жоқ. Олар дегенде ақ пейілін, адал көңілін, ыстық-ықыласын, жүрек жылуын еш аяған жоқ. Ойлап қараса, мұқалып жаси берер жөні жоқ екен-ау.
Өзі бауырына басқан Айтбайдың қыздары мен ұлдары оны да анамыз деп санап, қасынан бір елі қалмайтын. Бала жүрегі сезімтал ғой. Кім мейірім шуағын төгіп, жылы қабақ танытса, сол адамды жақсы көреді. Есейе келе туған шешелерінің кім екендеріне көздері жеткенде Ұлжан шешейді бұрын қалай жақсы көрсе, солай жақсы көрді. Әлі де сол қалыптарынан танған емес. Осы ауылға келін болып түскен кезі есіне түсті. Ел соғыстан ес жиып, қарны тоя бастаған кез еді-ау. Жаны соғыс салған жарадан жазыла бастаған халықтың көңіл-күйі көтеріліп, ән-жыр естіле бастаған. Қанша қырғын болса да, өмір тоқтай ма! Қайтадан ана жерде, мына жерде тойлар өте бастады. Ел
де той-томалақтан қалмайтын. Бір сәт болса да қайғы- мұңды ұмытады. Сол тойлардың бірі – марқұм Айтбай екеуінің тойы еді. Айтбайды екі-үш тойда көріп, тілдесіп қана қалған. Ұзын бойлы, ақ сары жүзді, шегір көзді. Ұяла кұлімсіресе, ақ сары жүзі қызарып кетеді екен. Мінезі де салмақты. Көздерімен тілдесіп, іштей ұғынысып та қалған. Екеуі де өз ойларын әке-шешелеріне білдіргенде екі жақ та қарсы бола қоймады.
Қыз ұзату тойы кезінде қызды ауылдың жеңгелері күйеу баланы түрлі сынаққа салды емес пе? Бір жеңгесі әңгімелесіп, әзілдесіп отырған болып, Айтбайдың шалбарын көрпеге тігіп тастапты. Түрегелген кезде өзімен бірге көрпені көтере тұрған Айтбайды көрген жұрт қыран- топан күлкіге көмілген. Күйеу жолдас жігіт бәкісімен дереу көрпені тіккен жіптерді қиған. «Айтбайдың мұн аңғармағаны – қулық-сұмдықты білмейтін аңғалдығынан ғой», – деп ойлаған сонда Ұлжан.
Марқұм содан көз жұмғанша сол қалпынан айныған жоқ қой. Араларындағы сыйластық, кісі қызығарлықтай еді. Тіпті бір-біріне ренжіп те көрмепті. Тек бір ғана нәрсе жетіспейтін. Ол – перзент еді. Кейде тағдырдың жоқ жерде сараңдық танытып, қытымыр мінез көрсететіні бар емес пе?! Әйтеуір, бұларға келгенде қырсығына басты. Айтбайға жасырып та, жасырмай да барған балгер, көрінбеген тәуіп қалмады. Бірақ үміт үзілмеген. Қанша дегенмен, мейлі еркек, мейлі әйел болсын, балалы болғанды қалайды. «Құс екеш құс та ұя түзеп, балапан ұшырсам» дейді. Ол тілек орындалмаса, өле-өлгенше жаныңа маза бермес. Айтбай соны сөзбен білдірмесе де, оны Ұлжан қабағынан аңғарғандай болған. Жас болса келіп қалды, уақыт бір орнында тұрмайды, ерте ме, кеш пе бір шешімге келетіні анық деп ойлаған. Ұлжан бір күні Айтбайға өз ойын білдірсін. Сондағы айтқаны: «Менен үміт жоқ, сенің жолыңды байламаймын, басқа біреуді
әйел етіп ал», – деді. Айтбай алғашында шоршып түсті.
- Сенде қайдағыны айтады екенсің! Маған өзіңнен басқа ешкімнің керегі жоқ. Оның үстіне маған әйел үстіне кім әйел боп тие салады. Сенен еш уақытта да айырылмаймын, – деді Ұлжанды құшағына ала түсіп. Ұлжанның бұл әңгімені қозғағаны да жайдан-жай емес еді. Айтбайға көздеп жүрген адамы да бар болатын. Өзінің нағашыларына алыс ағайын болып келетін Нұржан дейтін кісінің Сара есімді қызы. Әке-шешесі ерте қайтыс болып, аға-жеңге қолында қалған, соңында тете інісі бар. Жеңгесі жайсыз, қыз бен балаға күн көрсетпейді дегенді еститін. Несі бар, Айтбайға қосылса жаман болмайды. Інісіне де қамқор болар еді. Ал өзіне келетін болса, дәм-тұздары жарасса, бәрі бір шаңырақ астында тұра береді. Болмаса, Айтбайдың бақыты үшін кетуге де тура келеді. Кетер болса, оған да титтей өкінбейді. Айтбайдың жолына байлау болып, кедергі келтірмек пе?! Өзің сүйген адамды бақытты етуден асқан бақыт бар ма? Сонымен өзі араға түсіп Айтбайды Сараға үйлендірген. Ұлжан бұрын қандай күйде жүрсе сол қалпында. Сара да момын бала екен. Кішкентайынан көп тепкі көрген бе, тым жалтақ. «Қарағым» деп жұмсасаң, қолды-аяққа тұрмайды. Араларында ешқандай жасырын сыр жоқ. Шүйіркелесіп шай ішеді, тірлік жайын сөз етіседі. Апалы- сіңілі адамдардай жарасып кетті. Жылға толмай Сара босанып, қыз тапты. «Бұл өзімнің қызым», – деп Ұлжан оны бауырына басты. Артынан ұл, бір қыз, тағы да ұл туды. «Балалы үй – базар» дегендей бәрі мәз-мейрам. Үй іші бала күлкісіне бөленді. Барлығының көңілі шат. Тату- тәтті өмір басталды. Бұл тағдыр Ұлжанның төзімін тағы да сынаған еді. Айтбай аяқасты қайғылы қазаға ұшырады. Марқұм жұмыс десе жанын салып істейтін. Тындырымды, елгезек еді. Ағаш кесетін цехта істейтін, ашық далада дайын тұрған өренелерді кеседі электр арамен. Күн
бұлтты, желкем болатын. Әлі жел көтеріліп, алай-дүлей болып кетеді. Үстіндегі сулығының етегін жел көтеріп, ара тісіне іліп кетеді. Ар жағын айту – тіпті қорқынышты. Сөйтіп есіл азамат осылай мерт болды.
«Ойпыр-ай, Айтбайдың шаңырағы не болады екен?! Екі әйелдің арасында шатақ шықпасын», – деп ел іштей тынған. Сөйтіп жүрген Айтбайдың қырқы да, жылы да өтті. Обалы не керек, Ұлжан да, Сара да, балалары да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып дегендей ауыр қайғыны жеңе білді. Туған-туыстары да қарап қалмай, қол ұшын беріп қолғабыс етті. Бұл үйдің тірлігі бұрынғы бірсыдырғы қалпына түсе бастаған. Бір күні қайнағасы Дәуренбек қария келіп:
- Келін шырағым, Айтбай кеткен соң қайтер екен деп сыртыңнан бағып жүр едім. Жарайсыңдар, татулық, бірлікке не жетсін, лайым осы қалыптан танбаңдар! Мынау Ұлжан осы үйдің үлкені боп қалды, осының айтқанын істеңдер. Сендер тату болсаңдар, балалар қайда барады, – деп Сараға да ақыл айтқан. Одан бері талай уақытта өтіпті. Өзі болса алпыстан асты. Сара да елудің үстінде, тұңғыш қызы Бағила тұрмысқа шыққан. Ұлдың үлкені Әли тіпті Тәшкенге, Алматыдағы профессорларға дейін апарды. Жазылмаса да Ұлжанның көңілі бек риза. Осыларға еткен еңбегі, сүйіспеншілігі еш кетпепті. Өзім тумадым деп қалай айта алады. Адамның ойға берілсе шаршайтын әдеті емес пе?! Керісінше, осы ойлар бойына күш беріп жігерлендіре түскендей. Ауырғаннан бері өзін тұңғыш рет сергек сезінді. Дендеген дерт қойсын ба, Ұлжан шешей күннен-күнге әлсірей берді. Бір күні Сара мен балаларды шақырып алып: «Сендерге ризамын, тату- тәтті болыңдар!» – деп Ұлжан шешей мәңгіге көз жұмды. Әсіресе, балалары «апалап» жылағанда, жиналған жұрт еріксіз көздеріне жас алысты. «Қайтсін-ай, тумаса да өз туғандай бас-көз, қамқор болып еді-ау, марқұм. Соны
білгендері ғой, бұлардың», – деп жатты. Жаны шығып кеткеніне әлденеше сағат өтсе де, осы бір шынашақтай аққұба әйелдің жүзінен қайсарлық, табандылық табы ұзақ тұрып кетпей қалды.
ТАМАРА АПАЙ
Әңгіме
.. Тамара апай ұйқысынан кенет оянып кетті. Таң атып қалған екен. Жұмысқа кешігетін болдым-ау деп ойлап үлгергенше болмады: «Ой, құдай-ай, бүгін күн жексенбі екен ғой», – деді ұмытшақтығына наразы кейіппен. Күйеуіне көз қиығын салып еді, ол алаңсыз ұйқыда екен. Тағы да аздап көз шырымын алмақ болып еді, көзі қайта ілінбеді. Амалсыз орнынан тұрды да сыртқа беттеді. Күндегі әдетімен пошта жәшігін ашып, газеттерді ала бастап еді, арасынан көгілдір телеграмма жерге сусып түсті. Самарқау ғана иіліп, асығыс көз жүгіртті. Күбірлеп оқыған сайын ұйқысы шайдай ашылып, жүрегі өрекпи жөнелді.
«Мама, 1-май күні самолетпен ұшып келеміз». Сәлима. Соңында рейс нөмірі, уақыты, күні көрсетіліпті. Жазуға сенбегендей тағы бірнеше қайтара оқып шықты.
Көңілі елжіреп:
- Қызым, күнім, – деді толқып. Сағынып қалғанын аңғарды. Сол күйде үйге кіріп, күйеуін әрлі-берлі жұлқылап еді, ол ұйқылы-ояу қалпы:
- Е, келсе келеді де, күтіп аламыз ғой, – деді.
- Әй, сенде әкелік мейірім жоқ, – деді Тамара апай күйеуінің қуанышты хабарды сонша селқос қабылдағанына ренжіп. Сәлима – Тамара апайдың
жалғыз перзенті, қысқасын айтқанда, ұлы да, қызы да. Ол Сәлимадан кейін құрсақ көтерген жоқ. Әрине, көп балалы болудан қашқан емес, осы күнгі кейбір әйелдердей. Бірақ денсаулығы көтермеді. Сондықтан бар аналық махаббатын Сәлимаға үйіп-төге салған. Жарық дүниеге келгеннен бастап барынша әлпештеді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай дегендей мәпелеп өсірді. Қызмет бабы солай болғандықтан ба, күйеуі қызының тәрбиесіне онша араласа қойған жоқ. Бірақ, соның өзіне де қызынан бар мейірімін аямайтын. Обалы не керек, қызы теріс қылықсыз, ибалы, көргенді болып өсті. Тамара апай кейде: – Жұрттың еркегі қолы қалт етсе, ұл-қызын мойнына мінгізіп, серуендетеді, ал сен ылғи «жұмыс-жұмыс» дейсің де жүресің, – деп күйеуін қажап қоятын. Тумасынан сабырлы күйеуі: – Сен бар емессің бе, – деп езу тартатын да қоятын. Сәлима оныншы класты аяқтар алдында тағы да сол әуенмен: «Өзге жұрт балаларын жоғары оқу орнына түсіруге әлден қамданып жатыр, ал сенің қаперіңе ол кіріп те шықпайды», – деген. Күйеуі тағы да: «Е-е, өз қалауы біледі де», – деді қысқа қайырып.
Сәлима мектепті жақсы аяқтады. Жеке пәннен үздік оқығаны үшін грамота да алды. Аттестат алған күні:
«Мама, папа, мен пединститутқа барамын. Мұғалім болғым келеді», – деген. Әкесі келіскендей сыңай танытып үндемеді. Тек Тамара апай:
- Мұғалімдігі құрысын! Бүгінде мұғалім болу қиын ғой, қазіргі мектептің балалары бала емес, шеттерінен бұзық, тентек. Жүйкеңді ерте тоздырып қайтесін, – деді қызының қалауына көңілі толмағанын білдіріп.
- Мама, өзім мұғалімдікті ұнатамын. Қазіргі балалар, қазіргі балалар дейсіз, олар да мына мен сияқты емес пе,
- деп қызы еркелей келіп мойнына асылған. Содан оқуға аттанатын күн де келіп жетті.
- Бөтен жер, бөтен қала ғой, оқуға түскенше басы- қасында бол, – деп күйеуі үгіттей бастап еді, Сәлима:
- Ту-у, мама, мен сәби емеспін ғой, оның үстіне қазір науқанның әбден қызған шағы, өзім-ақ бара беремін. Солай емес пе, папа, – деді. «Мейлі, өзің біл» –деген папасы. Тамара апай тағы да:
–....Өзге ел баласын өздері жетектеп барады. Сәлимаш өзі барғанда оқуға түсе алар деймісің, бұл күнде таныс керек. «Құлап» қайтып келер, – деп сенімсіздік білдірген.
«Мама, көреде тұршы, осыдан оқуға түсіп келмесем бар ма» – деген-ді Сәлиманың өжет көздері ұшқын шашып. Көп ұзамай «құлаған» балалардың алды ауылға келіп те үлгерді. Біраз уақыт өткен соң, қызы бір күні көктен түскендей жетіп келді. Тамара апай алғашында абдырап қалған. Сәлиманың жүзі бал-бұл жайнап: – Мама, папа, мен оқуға түстім, – деді екеуін алма-кезек беттен сүйіп. Содан үшеуі қуаныштан таңға дейін көз ілмеген. Қызы екі-үш күн үйде болып, сосын оқуына қайта кетті. Әне- міне дегенше үш курсты аяқтады. Соңғы келгенінде Тамара апай қызының есейіп қалғанын аңғарған. Өзге аналар секілді бойжетіп келе жатқан қызын құтты жеріне қондырсам деп армандап қоятын. Өздері беделді қызметкерлер. Осы күні қай тойға барсаң да «құда пәлен қызметте, құда түген қызметте» деп лауазымды жоғары санайтын болып алды ғой жұрт бәріненде. Соның әсері ме, болашақ құдаларының беделі адамдардың арасынан болғандығын қалай бастаған. Бірақ, онысының құр пендешілік екеніне онша мән бере бермейтін. Уақыт өте келе, бұл ой берік шешімге айнала бастаған. Оған себепкер болған нәрсе – қызының соңғы бір келегенінде айтқан әңгімесі. «Мама, мен саған бірдеңе айтпақ едім» – деген бөгеліңкіреп.
Бұл әңгімені Тамара апай тыңдағысы да келген, тыңдамағысы да келген. Тыңдағысы келген себебі –
перзенті жан сырын анасына айтпағанда кімге айтады! Тыңдағысы келмеген себебі – Сәлиманы жат жұртқа қимайды. Ол кетсе бұл үй қаңырап бос қалатындай, бар қызықты өзімен бірге ала кететіндей. Бірақ ерте ме, кеш пе осылай болатыны даусыз, оған да мойын ұсынған. Оның үстіне қызын сыңайлап жүрген жері бар. Біраз ойланып барып:
- Иә, ол не әңгіме, – деген онша мән бермегендей түр танытып.
- Мама, мен тұрмысқа шықсам қалай болады? Өзіммен бірге оқитын жігітті ұнатамын. Есімі – Қайрат, – деді қызы күмілжіп.
- Қызым-ау, саған әлі ерте емес пе? Жігіт деген осында да жетеді. Сенікі балалық шығар, оныңды қой, жақсылап ойлан, – деді.
- Мама, о не дегенің. Екеуміз бір-бірімізді ұнатамыз. Мен оны келесі де ертіп келіп, папаммен, өзіңмен таныстырамын, – деді Сәлима. Қызының сол жігітті шын ұнататынын, райынан қайтара алмайтынын сезген Тамара апай жігіттің жай-жапсарын сұрай бастады. Соңғы кездері жүрегі оқтын-оқтын шаншып, сыр беріп жүрген. Бір-екі рет қысылып қалғаны да бар-ды. Онсынан күйеуі де, қызы да хабарсыз еді. Әлгі жігіттің балалар үйінде өскендігін, туыстары жоқтығын естігенде:
- А-а, не дейсің, не дейсің! Күнім-ау, не істегенің бұл. Ертеңгі күнің қалай болады. Жо-жоқ, мен мүлдем қарсымын, қарсымын, – деді отырған орнынан тұрып кеткенін байқамай. Сөйтті де жүрек тұсын қолымен басып, столдың тартпасынан қарманған күйі:
- Дәрі, дәрі, – дей берді. Аңтарылып қалған қызы жағдайды тез түсініп, қолтығынан сүйей беріп: – Қазір, қазір, – деді дәрі салған қорапты асығыс ашып.
Тамара апай біраздан кейін ес жиды да:
- Қызым-ау, ертең елдің бетіне қалай қараймын.
Пәленшенің қызы ешкімі жоқ қайдағы бір тұлдыр жетімге тұрмысқа шығыпты десе, өлім ғой, – деді сөзін жалғастырып.
- Мама, неге түсінбейсің? Ол өте жақсы жігіт. Мейірімді, кішіпейіл, мен үшін одан асқан жан жоқ. Жетім қалғанына ол кінәлі емес қой.
- Жо-жоқ, айтпа! Қайталап айтам, мен үзілді-кесілді қарсымын! Мені шын құрметтейтін болсаң, сылайтын болсаң, бұлай ете көрме! – деді дауысы қатқылданып. Қызы мен анасы осылайша мәмілеге келе алмаған. Сол жолы Тамара апай қызын жолға шығарып саларда жылы қабақ танытпады. Онысы «Айтқаным өз күшінде қалады»
- дегені еді. Қызы көз жасы мөлт-мөлт етіп, мойнына асылғанда көңілі сәл босаса да, сыр бермеуге тырысты. Көп ұзамай Сәлима диплом алып, әлгі жігітті ерте келіпті. Одан да жүзі жылымаған. Жігітке назар аудармады да. Бір бөлмеге кіріп, бас көтермей жатып алды. Қызы мен әлгі жігіт әңгімелесіп жүр. Үйдің ішін ретке келтіріп жүрген болуы керек шамасы. Қызы:
–....Мамам кейінгі кездері сырқаттанып жүр. Содан ба, мазасы жоқ. Әйтпесе, жақсы кісі, кейін жақынырақ таныса жатасың ғой, Қайрат, – деп мұның тоң теріс мінезін жуып-шайып қояды. Бұған сәл босаңси қалып еді, бірақ қызының анау ешкімі жоқ жетім жігітке тұрмысқа шығуы мүмкін екені есіне түскенде қайтадан қатайып сала берді.
- Олай болса қалаға апарып, дәрігерге көрсету керек қой, – деді жігіт қамқор үнмен. Мұны естігенде Тамара апайдың көкейіне: «Бәйек бола қалуын. Әп-әдемі қыз, беделді қайын жұрт, дайын жасау. Ол жағымпазданбағанда, кім жағымпазданады» – деген ойлар келе қалды. Бір сәт үйден қуып шықсам ба екен деп те оқталады. Бірақ, оны өзіне лайық көрмеді. Кешке мән-жайды естіп білген күйеуі:
- Бірін-бірі ұнатса бопты да, одан өзге не керек.
Ашуыңды бас, – деп басу айтты. – Одан да той қамын жасайық. Енді ол да өз баламыз емес пе! Мен жұмыстан үш-төрт күнге рұқсат алайын, – деді ештеңе болмағандай. Тамара апай:
- Жоқ, сен оны қалай күйеу бала етпексің. Өз абыройыңды ойладың ба? Қыз менің қызым емес, сенің қызың. Тойды қалай өткізесің солай өткіз, онда менің шаруам шамалы, – деп тас бүркеніп жатып алды. Әйелінің тулап-тулап басылатын мінезіне күйеуі әбден үйренген, үндемей кетіп қалды. Тойдың боларына анық көзі жеткен соң, Тамара апай лажсыз көнген. Әне-міне дегенше, той болатын күнде келіп жетті. Күйеуі екеуі үлкен столдың төрінен орын алған. Тойдың аты той емес пе, жұрт көңілді. Тамара апай бұл тойдағы жалғыз ғана көңілсіз жан. Сөйтті де соған қамықты. «Мен бұларға ылғи жақсылық тілеумен келем. Менің кінәм не? Жоқ, әлде менікі дұрыс емес пе, олай болуы мүмкін емес», – деді қызы мен күйеуін есіне алып. Бірауық тойға келген жұртты көзбен шолып еді, өздерінен сәл төмендеу отырған алыстан келген екі абысынын көзі шалып қалды. Қызу әңгімеге кірісіпті. Осы тойдың басында той басқарушы құдалар жағын той дастарханына шақырғанда ол жаққа тек қыз-жігіттер беттеген. Араларында егде кісілердің неге жоқ екенін білгендер үндемеді, білмегендер: «Немене, құдалар әлі келмеген бе?» дескен. Жаңағы абысындары күйеу баланың жағдайын кейінірек білген болуы керек. Бір-біріне: – Үйбай-ау, күйеу баланың ешкімі жоқ көрінеді, жақсы қыз еді, жігіттің аузының салымы бар екен, – деп жатқандай. Осыны ойлап Тамара апай: «Мұнан асқан қорлық бар ма, жұрттың осылай мазақ етіп күлерін білгенмін» – дегенше болмады, жүрек тұсы шаншып ала жөнелді. Отырған жерінде сылқ ете түсті. Алғашында байқамаған жұрт ошарылып қалды. Біреулер дәрі, біреулер су әкеліп, абыр- сабыр болып жатты. Тамара апай есі кірісілі-шығысылы
күйде әлгі абысындарының: «Қайтсін, байғұс, қанша қарсы болса да, қызы көнбепті ғой», – деп жатқанын еміс- еміс естіген.
Енді ғана қызып келе жатқан тойдың шырқы бұзылды. Жұрт біртіндеп тарай бастады. Күйеуі кейбіреулердің ерте қайтқанына сыпайылықпен өкпе білдіріп жатты. Үш- төрт адам Тамара апайды қолтықтап әкеп, төргі бөлмедегі үлкен кереуетке жатқызған. Жүзін көз жасы жуған қызы бөлмеге кіріп:
- Мама, кешірші. Мен кінәлімін, – деді төсіне басын қойып, аймалап сүйіп жатыр. Тамара апай сонда да жібімеді, жақтырмағандай бір қырына аунап түсті. Ол шарасыз шығып кетті.
Ертеңіне қызы мен күйеу баласы жолдамамен бөлінген жұмыс орнына жүрмек болып жиналды. Қызы:
- Мама, қалайсың, сен жазылғанша күте тұрайық па, әлде кете берейік пе, – деді. Тамара апай оларда шаруасы жоқ кісідей үндемеді. Қоштасарда қызы: – Мама, сау боп тұр. Хат жазып тұрамын. Міндетті түрде келеміз кейін. Емделіп, өзіңізді күтіңіз, – деді. Қызы сол кеткеннен үзбей хат жазып тұрды. «Қайрат сәлем айтып жатыр», – дейді тағы әр хатында. Міне, ойлап қараса содан бері аттай бір жыл өтіпті.
Уақыт қандай жылдам. Қызы кеше ғана сәби еді. Мектепті, институтты бітірді, тұрмысқа шықты. Ал көңілінде сол баяғы сәби қалпында. Тамара апай осы бір жылдың ішінде көп ойланған, көп толғанған. Қызы мен күйеу баласы келер күннің алдында түні бойы ұйықтай алмады. Көз алдынан ақкөңіл, аңқылдаған қызының бейнесі кетпей қойды. Сәби кездегі қылықтары есіне түсе береді. Ерте тұрып қамдана бастады. Бәр сәт сырттан машина гүрілі естілді. Терезеден сыртқа көз тігіп еді, машинадан түсіп жатқан қызы мен күйеу баласын көрді. Көрген бетте іркіліп қалып еді, бір күш сыртқа жетелей
жөнелді. Олар Тамара апайды көрісімен араларында ештеңе болмағандай, «Мама, мама», – деп екеуі бірдей ұмтылып, құшақтап сүйе бастады.
- Қарақтарым, құлындарым! – деп өзі аймалап жатыр.
Екеуі кезек-кезек жай-күйін сұрап бәйек болуда.
- Сендер отыра тұрыңдар, мен қазір-р, – деп сасқалақтап асүйге қарай кетті. Кеудесін қуаныш кернеп кетті.
Ас қамдап жатып күйеу баласын ойлады: «Ол да «мама» деді ме, құдай-ау! Қандай тас жүрек едім, өз баламнан кем бе? Қалайша түсінбей келгенмін. Сәлимаш та талай рет көз жасын төкті-ау. Құлыным-ай, обалыңа қала жаздағам екен-ау», – деді өзегін өртеген өкінішті үнмен.
Үйде болған үш-төрт күн ішінде екеуі үйді ақтап, ретке келтірді.
Тамара апай қызымен болған сонау қолайсыз әңгімені, шырқы бұзылған тойды есіне алып, олардың алдында өзін кінәлі жандай сезініп жүрді. Содан ба шешіліп те әңгімелесе алмады. Ал олардың жүзінде ешқандай реніштің ізі жоқ, қайта «мамалап» төңірегінен шықпай, зыр қағады. Тамара апай осы күндердің қалай зымырап өткенін де білмей қалды. Екеуі қайтуға жинала бастаған. Қызына ананы ал, мынаны ал деп бәйек болып еді. Ол:
- Мама, ештеңенің қажеті жоқ, біз өзіміз-ақ реттейміз,
- деді.
Қоштасарда Тамара апай:
- Ал, құлындарым, аман болыңдар, – деді діріл аралас үнмен беттерін сүйіп.
- Мама, бізге қонаққа келіңіз, әйтпесе өкпелейміз, – деді екеуі қосарланып.
- Барамын, барамын, – деді Тамара апай енді біраз тұрса жылап жіберетінін сезгендей. Қол ұстасқан екеуі ұзап бара жатты. Қызы анда-санда бұрылып, қол бұлғап қояды. Тамара апай екеуінің соңынан көпке дейін көз алмай қарап тұрып қалды. Жанарынан өткенге деген
өкініш пен бүгінгі күнгі қуаныш сезімдері аралас мөлдір тамшылар жерге үзіліп түсіп жатты.
АҚБӨКЕН АУЫП КЕЛГЕН ЖЫЛ
Сол жылдың қысы ерекше мінез танытқан. Әшейінде қысы жұмсақтау келетін біздің Оңтүстікте де қыс өзінің қытымырлығын көрсетіп бақты. Қар үстіне қар жауып, әуелі қар тобықтан келген, біртіндеп белуарға да жетті. Сақырлаған сары аяз күннен-күнге күшейе түсті.
«Япырмай, мына күннің беті жаман ғой. Е-е, құдай, ақырын бере гөр», – деп қарттар жағы баяғы уайымшыл, тәубешіл күйге түскен. Қысқы сессиямды тапсырып, демалысқа шықтым да тіке ауылға тарттым. Жүрдек пойызға отырсам да, жуық арада туған жер қарасын көрсетпей қойды. Аз уақыт өтсе де ауылды сағынып қаласың. Жақындаған сайын, жүрек шіркін лүпілдей жөнеледі. Анау қырқалар, адырлар ирелеңдеп жатқан Арыс өзені, жаңадан салынған көпір, бәрі-бәрі көзіме ыстық көрінеді. Міне, ақыры аңсаған ауылға да жеттім. Ауыл станциядан небәрі үш шақырымдай жерде. Пойыздан түсе сала автобусқа отырдым. Жол көк тайғақ мұз, автобус баяу жүріп келеді. Үйге жеткенше шыдамым жетпей тықыршып отырмын. Сағынған кезде ауылдастарың өзара жай әңгімесі де құлағыңа ыстық естіледі екен. Орысы көптеу ортадан таза қазақи ортаға түскен екеуара жай әңгімені рақаттана тыңдайсың. Құлақ түрсем, ауылдастардың бұл жолғы әңгімелері қыс жайлы екен. «Не дейсіңдер, бір көріпкел айтыпты. Бұл ештеңе емес екен, көресіні алда көреді екенбіз. Қыстың биыл тым ұзаққа созылатын түрі бар»
- дейді бір ауылдас екіншісіне. «Оның бекер, жақында газеттен оқыдым. Келесі аптада күн жылына бастайды екен», – деп екінші біреу әңгімеге қосылды. Неге де болса сенгіш, қарапайым да аңқау, ақкөңіл ауылдастарымның әңгімелері еріксіз езу тартқызды. Жол бойындағы тақтайшаға: «Ақбөкен – ел байлығы. Атқандарға әр ақбөкен үшін 500 сом айып салынады» деген жазу жазылыпты. Бәріміздің назарымызды аударған осы жазу, әңгімемізді басқа арнаға ауыстырды.
«Немене, біздің жаққа ақбөкендер ауып келген бе?» – дегенімше-ақ болмады, әңгіме ақбөкендер жөніне ауып кетті. Біреу кеше бесеуін көрдім десе, біреу он шақтысын көрдім деп жатыр.
- Иә, шынында да биыл қыстың Бетпақта да тым қатты болғаны ғой. Әйтпесе, жануар бекерге жер аумаса керек. Тіске тиер бір тал шөп болмаған соң жандалбасалап келгені де, – деді бір қарттау кісі.
Әңгіме жол қысқартады емес пе, ауылға да кеп қалыппыз. Жолай түсіп қалдым. Ауылдағылардың әңгімесі ақбөкендер жайлы екен. Біреулер тіпті түнделетіп атып та алыпты:
- Е-е, ол бейшарада қазір не қауқар, не ет бар дейсіңдер? Әйтеуір еріккен соң, атып жүргендері де, – деді апам шай үстінде. Кешкі ымырт түсе ауыл алдындағы қырқадан не сиырға, не жылқыға ұқсамайтын екі-үш қарайған жортып түсіп бара жатты. Жүрстеріне көз ілеспейді, бастарын төмен салып зымырап барады. Қарайған нәрсе көрсе абалай жөнелетін ауылдың төбеттері алғашқыда ентелей ұмтылса да, бұл жолы жақындауға бата алмай кері қайтты. Олардың бұрын көрмеген мақұлыққа қалай батылы барып жақындасын.
Мен де аң-таң болып тұрғам. Көршім:
- Шынымен бе, жақындап көрсе ғой, шіркін. Журналдан, теледидардан көргеніміз болмаса, көзбен
көргеніміз жоқ қой, – дедім көруге құмартып тұрғанымды жасыра алмай. Ертесіне ақбөкендерді көруін көрдім-ау. Бірақ мен оларды қанжоса боп жатқандарында көрдім, өкінішке қарай. Сол күні аспан шайдай ашық болатын. Көгілдір аспанда шөкімдей де бұлт жоқ. Аздап бетті ызғар қариды. Аппақ қар ақ күмістей жылт-жылт етіп көзді алады. Әлден уақытта ауылдың теріскей бетіндегі қырқадан бір топ ақбөкендер жорта түсіп келе жатты. Міне, қанды оқиға осыдан басталды. Ауылдың іші жау шапқандай абыр-сабыр болып кетті. Ауылдастарым қанды қырғынға аттанды. Аттылы, жаяу, тракторға, машинаға мінгені бар. Кімде мылтық, кімде таяқ дегендей. Абалап үрген иттер, айқай-шу, азан-қазан сапырылысқан адам. Менің мына сұмдыққа қарап тұруға дәтім шыдамады. Айғайлап кімді тоқтатасың?! Сәлден кейін ауыл жақтан гүрс-гүрс еткен мылтық дауысы естілді. Сол гүрсіл ымырт түскенше басылмады. Оған қоса машинаның, трактордың, адамдардың, иттердің үндері де толастамады.
Шай үстінде інім:
- Аға, әттең үйде мылтық болғанда бізде ақбөкен атуға баратын едік, – деп өкініш білдірді. Онсыз да зығырданым қайнап отырған қалпымда: – Атаңның басына керек пе мылтық саған. Олар панасыз ғой. Пана іздеп келді емес пе, – деп айғай салдым. Шошып кеткен інім мен отырған бөлмеден сыртқа атып шықты да, көпке дейін жаныма жоламай қойды. Ақбөкендер тобы ештеңеден алаңсыз бейғам жортып келе жатты. Мұндай кездесуді күтпеген болулары керек, алғаш не қашарын, не қашпасын білмей кібіртектеніп тұрып қалды. Мылтық үні шыққаннан жан-жаққа бытырай үрке қашып, үш топқа бөлніп кетті. Қалың қарға омбылап, жанталаса қашып құтылуға әрекеттенгенмен көпшілігі жер құшты. Бір жас ақбөкен жазық далада құтылудың мүмкіндігі жоқ екенін түсінгендей тоғайға қарай қиялай тартты. Қауіп-қатер
төнген кезде өзін-өзі аман сақтап қалуға деген табиғат ана берген инстинкті оянған болуы керек. Бір-екі аттылы кісі, иттерімен бірге соның соңынан кетті. Ақбөкен сорлы жан сауғалап зытып келеді. Алда өзен бар болатын. Оны қайдан білсін. Биік жарқабаққа келіп тұрып қалды. Бұрылып қашуға уақыт тар. Атқа мінгендер мен абалаған иттер де келіп қалды. Ойлануға мұрша қайда, нар тәуекел дегендей жарқабақтан қарғып, мұзға түсті. Сол екпінмен мұз бетімен сырғанаған күйі өзеннің ортасындағы мұзы қата қоймаған жылымға түсті де кетті. Бір батып, бір шығып, жанталаса қарманып мұз бетіне шыға алмады. Біртіндеп бойынан әл кете бастады. Ендігі әрекетінен түк шықпасын сезген ақбөкен, кенет тағдырдың салғанына көндім дегендей сылқ ете түсті. Жәрдем күткендей көк аспанға жанары жәудірей соншалықты бір өкінішпен, сағынышпен, жарық дүниені қимағандай қайта-қайта телміре қарады. Көз алдында жасыл бел, жазира дала, желмен бірге жарысатын қатарластары елестей берді. Елес бір мезет бұлыңғырап барып, қараңғы түнекке айналып кетті. Ақбөкен бұл кезде мұз астына батып кеткен еді. Осы мезет «аңшылар» орала бастады. Аттылы біреу алдына өңгеріп алған «олжасымен» ауылға жақындай берді. Өзімнің құрдасым Сартай екен. Ол риза кейіппен екі езуі құлағына жетіп келеді екен. Мен байқамаған болып теріс бұрылып кеттім. Кешке інісін жіберіп мені шақыртыпты: «Ақбөкеннің етінен дәм татсын», – деп. Мен басқа тығыз шаруам барлығын сылтауратып, бармай қалдым. Оған деген достық сезімімді жаңағы ақбөкенге деген жауыздығы шайып өткендей. Қырқаның ар жағында жамбасынан оқ тиген ана бөкен жан тапсыра алмай азапты қиналыста жатты. Бағанағы қуғын кезінде төлдерін ығына алып қашып бара жатқанда оқ тиген-ді. Ауыр жарақат жанына қанша батса да, қансыраған күйі тоқтамастан қаша берді. Бар ойы – төлдерін құтқару. Олардың өзінсіз
ешқайда қаша алмайтыны белгілі еді. Қуғыншылар оларды құтылып кеттіге санап, сондарына түсе қоймаған. Міне, енді ана ақбөкеннің жеткен жері осы. Көз алдында енді ғана жұлдызы көріне бастаған көк аспан шыркөбелек айналды. Төлдері өзін айнала қоршай тұра қапты.
Оларды емірене иіскегісі келіп еді, бірақ басын көтере алмады. Ана – ақбөкен көп ұзамай бұл дүниеден өтіп жүре берді. Төлдері жанынан көп уақытқа дейін кетпей тұрып қалды. Біресе иіскелеп, біресе тұяқтарымен түрткілейді. Аналарының денесінен жылуы әбден кетіп мұздай бастағанда ғана еріксіз аяңдай бастаған. Өлгеніне көздері жетсе де, соңдарына жалтақ-жалтақ қарайды. Көздерінен жас парлап келеді. Терістіктен соққан суық ызғар көздерінен шыққан жасты лезде мұзға айналдырып жатты. Аналарынан қалай айырылып қалғандарына өздері де түсінбей келеді.
Осы бір қанды қырғыннан кейін ақбөкендер зым-зия жоғалып кетті. Одан бері талай күн, талай ай, талай жыл өтті, өзеннен талай су ақты. Ақбөкендер біздің өлкеге содан қайтып оралмады.
ЕРЖАН
(Әңгіме)
Майдың мамыражай жайма-шуақ күні. Төңірек атаулы көк майсаға оранып, қызылды-жасылды гүлдермен өрнектелген кілемдей құлпырады. Бозторғай үнінен тіршілікке деген ризашылық, құштарлық әуені сезілгендей. Көк шөптің жұпар иісі аңқиды. Көктемнің саф ауасына көкірегіңді қанша кере жұтсаң да тоймайсың. Көктем келіп қайта жаңарған дүние – жаңа туған сәбидей, пәк қалыпта. Батыс жақтан жүйрік пойыз жүйткіп
келеді. Асығып келе жатқан жолаушылардың көңіл- күйін сезгендей кезекті станцияға тоқтай қалады да, көп кідірмей қайта зулай жөнеледі. Жолаушы біткеннің қайсысы асығыс болмаушы еді. Бірақ сол жолаушылардың ішіндегі ең асығысы – жиырма жасар балаң жігіт Ержан еді. Асықпағанда ше, сонау Германиядан әскер қатарынан оралып келеді. Оңай ма, екі жыл бойы туған жердің бетін көрген жоқ. Кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан бозбала енді зіңгіттей жігіт болып оралып келе жатыр. Есейіп, өмірге деген көзқарасы мүлдем өзгерген. Қатал іскер тәртібі, алыс жорықтар, түнгі дабылдар бәрі-бәрі артта. Ержан Отан алдында өтелген борыш сезіміне бөленіп, масайрап келеді. Мақтанғаны емес қызметін бір кісідей атқарды. Команда басшылығы тарапынан алған алғысы да бар. Ержан тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс станциясына жеткенше тағат таппай келеді. Ауылы сол станциядан жиырма шақырымдай жерде Сыр бойындағы мал фермасында. Станцияға жетсе түскен бойда сол жиырма шақырымды жүгіріп өтетіндей күйде. Сонау Мәскеуден пойызға отырғанына екі сөтке болып қалды. Уақыт тіпті өтпейді. Ержан шабаданын аршып, үй-ішіндегілерге алған сыйлықтарын қайта-қайта аударыстырып қояды. Әсіресе, анасына алған сыйлығы ерекше. Таза жібектен тоқылған, гүлдері ірі әдемі жібек орамал. Анасын қуантуға асығып келеді.
Шіркін, анасы ғажайып адам ғой. Ғұмырында зекіп, ұрсып көрген жан емес. Ержанның әкесінен гөрі анасына бүйрегі көбірек бұрады. Қазір не күйде екен. Әскерге кетерінде сырқаттанып жүр еді, жазылды ма екен? Соңғы кезде үйден келген хаттарда жалпы амандықтан басқа ештеңе жоқ. Ержан бір кез әкесін ойлады. Әкесі анасындай емес біртоға, тұйық жан. Жұмысына ерте кетіп, кеш келеді. Рас, обалы не керек, әкесі үйіне жайлы. Арақты татып алмайды. Анасына да, балаларына да қамқор жан.
Тұйықтығынан ба Ержан да, бауырлары да, әкелеріне онша іш тарта бермейді жақсы көрсе де. Үй ішіндегі балалардың ересегі болса да Ержан әкесімен ешуақытта шешіле сөйлесіп көрген емес. Бар айтары ананы істей сал, мынаны істей сал, өйт, бүйт дегеннен әрі аспайды. Қазір үйге барған соң әкесін де әй-шайға қарамай қапсыра құшақтайды. Әкесін де анасынан кем сағынған жоқ. Түс ауа пойыз Арысқа да жетті. Ержан түсе сала станцияның сыртынан Сырға қарай өтетін қара жолға тартты. «Әрлі- берлі қатынап жатқан машинаға немесе тракторға мініп, үйіне тезірек жетсем» деген оймен асығып келеді. Ойлағандай жолы болды. Совхоз орталығынан тіркемесі бар трактор фермаға бара жатыр екен. Қуанып кеткен Ержан тракторға жылдам қарғып мінді. Тракторшы жігіт совхозға жаңадан көшіп келіпті. Ержан жөн сұрап еді, жартып ештеңе біле алмады. Ауылға жақындай бере үйлерінің қарасы көрінгеннен жүрегі лүпілдей жөнелді. Әкесімен, анасымен, бауырларымен, достарымен қауышып жүздесер сәт елестетеді көз алдында. Ең алдымен анасын құшаққа алады. Сосын... Тәтті қуанышты сезім бойын балқытып жібергендей болды. Ержан ширақ қадам басып, үйіне келді. Есік алдында ешкім жоқ. Бәрі тым-тырыс.
«Немене бәрі ұйықтап қалған ба?» – деді іштей. Ойында ештеңе жоқ. Тасқындаған көңілі де басылып қалды. «Бәрі қайда кеткен?» – деп ойлағанша болмады, басына орамал байлаған бейтаныс әйел алдынан шыға келді. Ержан басқа үйге адасып келдім бе дегендей тұрып қалды да жан-жағына көз салды. Жоқ, өз үйін. Ал, мынау әйел кім? Жүзі бөтен. Бұрын көрген кісісі емес. Асығып келген Ержанның ауызына алғашқы да сөзі де түспеді. Бар айтқаны:
- Үйдегілер қайда кеткен? Апам қайда? – деді аң-таң қалыппен. Әйел де сасқалақтап:
- Ержан балам, өзіңді күтуде едік. Аман оралғаның құтты болсын, – деді есікті ашып.
–. Үйдегілер орталыққа кетіп еді, келеді ғой. Орала қойған жоқ, ал апаң, апаң..., – дей берді күмілжіп.
- Апам қайда, апам ауруханада ма? – деді Ержан үрейлене шошып.
- Жо-жоқ, ауруханада емес. Ол кісі, ол кісі қайтыс болған. Үш-төрт айдың жүзі болды. Әйел жүзін төмен сала берді.
- Не айтып тұрсыз? Жалған! Апам тірі! Жалған, жалған! – деп Ержан жан ұшыра айғай салды. Тамағына тас кептелгендей, демі жетпей, тынысы тарылып кетті.
- Қайран, анам! Мені сәл күте тұрмадың ба? Қалай, қалайша ерте кеттің бұл өмірден, – деп Ержан еңкілдеп жылап жіберді.
- Ал, сіз кімсіз? – деді бір ауық жылауын тоқтатып.
- Мен бе, мен бе? Әкеңнің әйелімін, әйелімін... Әйелдің дауысы кінәлі шықты. Мынаны естігенде Ержанның үстіне суық су шашып жібергендей, денесі дір ете түсті. Бір сәт есінен танып кеткендей болды, қайтадан есін жиғанда байқады. Әлі босағада тұр екен. Мынау үй де, мынау әйел де, әкесі де мүлде жат болып кеткендей болды жанына.
Табалдырықтанаттауғадәтібармады.Анасы қайтқанына жыл болмай жатып, әкесі әйел алып үлгеріпті. Опасыз! Зығырданы қайнаған Ержан әкесіне арналған сөзді тістеніп айтты. Хабар бермегендері қалай? Үш-төрт ай болыпты. Ержан анасы қайтыс болғанына тіпті сенгісі келмеді. Үйдің айналасын көзімен шолып шықты. Бір
бұрыштан шыға келетіндей. Иә, өлім өтірік болмайды.
Ержан бір сәт осы бір ащы да ауыр шындыққа мойынсұнғандай:
- Қайда жерленді? – деді бәсең дауыспен.
- Атаңның қасына, атаңның, – деді жанағы әйел басын
көтерместен, жүзін төмен салып.
Ержан шамаданын ұстаған күйі ауыл сыртындағы мола басына беттеген. Жүріп келеді, есі бір кіресілі, бір шығасылы. Осы жүрісі не өңі, не түсі ме анығына жете алмады. Атасының қабірінің қасындағы жаңалау қабірді көргенде көзінен еріксіз жас парлап қоя берді. Анасының өліміне әлі де сенбей келе жатқан. Жете бере қабірге үйілген топырақты құшақтай жата қалып өксіп-өксіп жылап қоя берді. Екі жылғы сағынышы бір сәтте көз жасына айналып төгіле берді, төгіле берді. «Анашым, апатайым! Орныңнан тұршы. Бірдеңе деп тіл қатшы маған. Мен саған сыйлыққа орамал, орамал әкелдім»
- деді өксігін баса алмай. Жылай-жылай өзегі өртеніп кеткендей болды. Әбден қалжыраған Ержан анасының қабірінің басында қалғып кетті. Түс көрді. Түсінде анасы тірі екен. Қолынан ұстап: «Мұнда неге жатырсың? Үйге барсайшы, құлыным», – дейді елжіреп. Орнынан атып тұрды. Қолынан ұстап тұрғызған бақташы жігіт екен. Сиырларды ертерек айдап шыққан болуы керек. Ержан есінен айырылғандай біраз мәңгіріп тұрды да, ләм-мим деместен басы ауған жаққа аяңдап кете берді. Әкесіне деген ашу да сәл басылғандай. Амалсыздан үйленген ғой. Кейінгі бауырларына да қарайтын біреу керек қой. Жетіскеннен алды дейсің бе?
Мейлі, бірақ сонда да анасының қайтыс болғанын естіртуге болар еді ғой. Бірақ, әскерде жүрген соң, амалсыздан хабар бере алмаған шығар. Ержан екі- үш айдай ауылда сеңделіп жүрді де қойды. Ешкіммен сөйлеспейді де, тілдеспейді де. Көзін алыс бір нүктеге қадап қойып, ұзақ отырады. Елдің оған да еті үйренгендей болған. Есі ауысты дейтіндей оғаш қылығы да жоқ.
Бір күні аяқастынан қаладан келген кластасына еріп, қалаға тартып кетті. Жұрт Ержанды жынданған екен десіп жүрді. Ержанның жынданған ештеңесі жоқ еді.
Сол жұрт Ержанның жұмысқа тұрып, үйленіп, балалы- шағалы болғанын да естіді. Адам баласы бір қымбатынан, асылынан айырылғанда бірауық естен айырылғандай күй кешеді ғой. Ал, ананың орны бөлек қой. Анаға кім жетеді бұл өмірде! Анадай сезімтал, анадай қамқор, анадай мейірбан, анадан ыстық кім бар жер бетінде?!
ТОРЫ БИЕ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Ауылдағы төрт басқышты мектептің соңғы сыныбын бітіріп, бесінші сыныптан бастап кеңшар орталығындағы орта мектепке қатынап оқи бастадық. Оқушыларды тасымалдауға арнайы бөлінген көлік бар. Бірақ ескі, жүргенінен тұрғаны көп. Жиі бұзылып қала береді. Ондайда амалсыздан шұбырып, жаяу-жалпылап ілінген көлікке мінеміз. Бірде жолай жүретін маршруттық автобусқа, бірде жүк машинасына, болмаса трактордың тіркемесіне мінеміз. Әйтеуір, не тоқтаса соған жапа- тармағай ұмтылып лап береміз.
Сабаққа уақытылы баратын кезіміз аз. Кейде бірінші сабақтың аяғында, кейде екінші сабақтың басы дегендей
- оқуымыздың берекесі кетті. Мектеп пен ауыл арасы – бес-алты шақырымдай жер. Жер қара, күн жылыда ештеңе емес. Ал жауын-шашында, лайсаң кезде қатты қиналасың. Бір сыныпта оқитын бес-алты бала жаяулап қайтқан кезде, шаршасақ жол-жөнекей демаламыз. Сол кезде сөз ететін нәрсеміз – осы жол азабынан құтылу жайы. Әркім әртүрлі ұсыныс айтады. Кәдуілгі ересектердей ақылдасамыз. Біреулер бәріміз бірдей велосипед сатып алайық, бірге барып, бірге қайтамыз дейді. Бірақ, үлкен жолда велосипедпен жүру қауіпсіз де емес. Әрлі-берлі
ағылған машина. Әйтеуір ұсыныс көп, шешім жоқ.
Мен: «Онан да бір-бір тай сатып алайық. Онсыз да тайға мініп үйренгенбіз. Сабаққа мініп барып бір үйге байлап қоямыз, қайтарда мініп қайтамыз», – дедім.
Менің ұсынысым бірден бәрінің көкейіне қона кетті.
«Ой мынауың табылған ақыл болды ғой», – деп балалар қостай жөнелді. Бірақ, тай бір-екі балада ғана бар болып шықты. Бұл жай бізге кедергі бола алмады. Әке- шешеміз сабаққа қатынау үшін керек десек, әрине тай сатып әпереді. Оның үстіне, тай аса қымбат та емес қой үлкен жылқыдай. Мәселенің осылайша оп-оңай шешім тапқанына бәріміз қуанып кеттік.
Ауылға келген соң, үйді-үйімізге тарап кеттік. Үйге жақындай бере көзім есік алдында байлаулы тұрған құйрық-жалы төгілген торы биеге түсе кетті. Қанақтікі дейін десем, үстінде ер-тоқымы жоқ. Құдды осы үйдің жылқысындай алаңсыз ақырдағы шөпті күрт-күрт шайнайды.
«Әкем сатып алды ма екен» деген ойдан жүрегім лүпілдеп, табалдырықтан аттасымен:
- Апа, апа! Ана бие кімдікі? – дедім сыртты нұсқап асығып-аптыққан күйі.
- Кімдікі болушы еді, біздікі, – деді апам ештеңке болмағандай, жайбарақат үнмен. Мұны естігенімде қуанышым қойныма сыймай кетті. Жана ғана балалармен тай туралы сөйлесіп келісіп едік, әкем де соны білгендей бие сатып ала қойыпты. Осы кереметке аң-таң қалдым. Бие болған соң, тай да болады, яғни торы бие құлын табады. Апыл-ғұпыл ас іштім де, далаға атып шықтым. Торы биені айналсоқтап қызықтап біраз жүрдім. Жуас екен, жалынын сипап едім, селт етпеді. Сол мезет жаныма әкем келіп қалды да:
- Балам, қалай, Торы бие ұнады ма? – деді күлімдеп.
- Ұнауын ұнап тұр ғой, бірақ құлыны жоқ екен, – дедім
желкемді қасып, күмілжіп. Әкем менің көкейімде қандай ой жатқанын қайдан білсін.
- Буаз екен, құдай қаласа, көктем шыға құлындайды, – деді әкем.
Бұл сөз менің көңілімді одан сайын тасытты. Бұл арманым – торы бие құлындап еркек құлын тапса, сол құлын өсіп тай болса, сабаққа мініп барсам. Есіл-дертім, арман-тілегім, тәтті үмітім, бәрі-бәрі – сол. Ертелі-кеш торы биені айналдырам. Әлі мал тұяғы тимеген шөбі шүйгін жерге арқандаймын. Екі-үш мезгіл суғарам. Бұрын мал жайғауға онша құлқым болмайтын. Торы биеге неге ықыласым түскені өз-өзінен белгілі ғой. Ертерек еркек құлын тауып берсе, соны тай ғып мінсем. Екі-үш сағат сайын ауыстырып, жаңа жерге арқандаймын. Кешкісін жетектеп үйге алып келемін. Тағы да шөп саламын, су беремін. Ұйқыға жатқанша тыным таппаймын. Әкем дән риза: «Мың балаға не болған өзі! Бұрын мың айтып бұзауға бір бау шөп салдыра алмаушы едік. Ешкім ештеңе айтпаса да, торы биені бағып-күтуді өз мойнына алыпты ғой», – дейді күліп.
Сабақтан келген соң, тамағымды ішіп алам да, қолтығыма кітабымды қысып, торы биенің жанына жетем. Оңашада: «Торы бие, сені мен босқа бағып-қағып жүрген жоқпын. Маған міндетті түрде еркек құлын тауып бере гөр. Басқа балалардың алдында мені масқара қыла көрме», – деп онымен сөйлесіп қоямын. Ақыл-есі жоқ жануар не түсінсін, шөпті күрт-күрт шайнап, маңғазданып тұра берді.
Жатсам да, тұрсам да торы биені, болашақ дүниеге келетін құлынды ойлайтын болдым. Бұрынғыдай балалармен ойнағым да келмейді. Қолым қалт етсе бар ермегім – торы бие. Құйрық-жалын тараймын. Астын тазалаймын, жем-шөбін беремін. Ұйқыға жатсам торы биені ойлап көзім ілінбейді. Көз алдыма ертегі-жырларда
айтылатын Тайбурылдар, Байшұбарлар елестейді. Небір тәтті қиялдарға берілем. Сол ойлардың әсері ме түсіме ылғи жылқылар кіретін болды. Бірде түсімде торы биені көрдім. Құлындаған екен. Құлынының жамбасы, сауыры, жон арқасы түп-түгел алуан түсті қошқар мүйіздес өрнек оюлар. Тұп-тура сырмақтағыдай. Мына кереметке таң қалып айғайлап жібере жаздадым да, оянып кеттім.
Тағы бір түсімде торы бие құлындапты. Қарасам, құлынының қолтығында құстың қанатындай қос қанаты бар. Шапқыласа құс сияқты аспанға көтеріліп кетеді.
«Япырай, бұл не деген ғажап», – деп таң-тамаша қалған күйде көзімді ашсам түсім екен. «Ту-у, торы бие қашан құлындар», – деп әкемнен сұрамаққа бекіндім.
Құлындайтын мезгілінің жобасы наурыздың аяқ тұсы, сәуірдің басы екен. Малшылардың қыстаудан жайлауға көше бастайтын кезі. Бір күні біздің үй де көшті. Үлкен ағам өз атына мініп, торы биені жетекке алды. «Торы биенің құлындап қалуы мүмкін, абайлап қарап жүр» – деп тапсырып жатырмын ағама. Мектепте оқитындар қыстауда қалып қойдық. Күндегі ермегім торы бие еді. Енді сабақтан келген соң үйге сыймайтын болдым. Ертелі- кеш ойлайтыным торы биенің аман-есен құлындағаны, құлындағанда құлын міндетті түрде еркек болуы керек. Екі құлағым жайлау жақта. Жүрегім өрекпіп торы биеден дерек күттім.
Көктемгі каникул басталып, жайлауға кететін болдық. Өзім де әзер шыдап жүргем. Қуанышым да шек жоқ. Көңілім де үміт те бар, күдік те бар. Тезірек торы биені көргім келді.
Бәлкім, құлындап та қалған шығар. Сол ойлар жетегімен үйге жеткенімді де аңғармай қалыппын. Киіз үйдің жанында тұрған торы бие көзіме оттай басылды. Қасында құлдыраң-құлдыраң етіп бір құлын жүр. Жақында құлындағаны болуы керек, төрт аяғын тең баса
алмай тәлтіректейді, қуанып есім шығып кетті. Үйге кірмей жатып әуелі торы биенің жанынан келдім. Еңкейіп құлыншақтың асты-үстіне қараймын. Құлын еркек болмай шықты. Көңілім су сепкендей басылды. Қанша ай, қанша күн зарыға күткен үмітім ақталмады.
Көзімнен жас парлап қоя берді. Солқылдап жылап та жібердім. Жылап жүріп сөйлеп жүрмін: «Торы бие, сені бар ынта-шынтаммен бағып күтсем де, үмітімді ақтамадың ғой», – деймін. Жылағаннан көзім бұлаудай болып кетті. Мұздай бұлақ суына беті-қолымды жудым да, үйге кірдім.
- Неге жылағансың, біреу-міреу тиісті ме? – деп үйдегілер сезіп, біліп қойды.
- Жылағам жоқ, көзім ауырып тұр.
- Е-е, бұл торы биеге өкпелеп жүр. Еркек құлын тумады деп. Адам хайуанға өкпелей ме, – деді ағам күліп. Мен оған бұл туралы ештеңе айтқан жоқ едім, қайдан біліп алғанын.
- Сен де қайдағыны айтады екенсің, бұл әлі бала ғой, – деп анам мені қорғаштай берді.
Мен қайтадан жылап жібердім.
- Қой, жылай берме! Еркек тай керек болса сатып-ақ әперейін, – деді әкем.
- Шынымен бе, – дедім көз жасымды сүртіп.
- Қалжыңдап тұрғаным жоқ. Бірақ ол тайды не істемексің? Соны білгім келеді.
- Балалармен келісіп, бәріміз тайға мініп сабаққа бармақ болғанбыз, – дедім шынына көшіп.
- Баламысың деген. Олай болса баяғыдан бері айтпайсың ба, – деді әкем мейірленіп. – Бірақ тайды әперуін әперем-ау. Соның қажеті шамалы-ау ма деймін.
- Неге, – дедім әкем айнығалы тұр екен деп.
- Неге десең, ауыл басшылары сендерге судай жаңа автобус алдырыпты. Ертеңнен бастап оқушыларды
тасымалдайтын көрінеді, – деді әкем сөзін нықтап.
- Рас па? – дедім әлі де сеніңкіремей. Шынымен солай болып шықты. Ертеңіне көздің жауын алғандай су жаңа автобус бізді күтіп тұрды. Автобус жүргізуші Бейсенбай ағай сонау Ресейдегі Қорған қаласынан өзі «қуып» келіпті. Ол кісінің сөзі солай. Жолмен, өз жүрісімен айдап келген ғой. Жаңаның аты жаңа емес пе, автобустың қызылды- жасылды шамдары жанып, радиоқабылдағышы іске қосылып музыка ойнағанда есіміз шығып кетті. Сабаққа тиіп-қашып баратындар да сабақтан қалмайтын болды, автобусқа қызығып.
Торы бие одан кейін қатарынан үш жыл еркек құлын тапты. Торы биеге өкпелегенім есіме түссе, өз-өзімнен ұялам. Қайран, балалық-ай!
ЖЕЗДЕ
Ол кісінің азан шақырып қойған аты – Ережеп болатын. Ес білгеннен бастап үйлкеніміз де, кішіміз де «Ережеп ата»
- дейтінбіз. Тұратын жері – Түркістан қаласы болатын.
«Шын атамыз болса, неге біздің үйде тұрмайды» – деп бас қатырып жатпайтынбыз. Атамыз барына ризамыз. Ол кісі бізді өте жақсы көреді, біз де ол кісіні жақсы көреміз. Келмесе, сүйтеміз, сағынамыз. Одан басқа не керек?!
Ережеп атамыздың бізге, яғни әкеме жезде боп келетінін сәл есейген соң білдік. Әкемнің үлкен әпкесіне үйленген, демек, біздің ауылға күйеу болып келеді екен. Жезде екенін білсек те, түк те өкінбедік. Әкемізге ағасындай, бізге атамыздай болып кеткен.
Шоқша сақалды, қызыл шырайлы, көздерінен мейірім нұры төгілген, аңқылдаған кісі еді, басында фуражка, үстінде китель, аяғында былғары етік. Үсті-
басы мұнтаздай таза, жүрісі ширақ. Ертелі-кеш аузынан
«айнал-лайын», «құл-лыным» деген сөздер түспейді, не деген мейірбан адам!
Біз өзіміз бір үйде үйемелі-сүйемелі бес-алты баламыз. Әкеміз күні бойы жұмыста, анамыздың шаруасы басынан асады. Қаншама жақсы көрсе де, біздерді айналып- толғануға шамалары жете бермейтін. Баланы кім жақсы көрсе, бала соны жақсы көреді емес пе?! Ережеп атамыз қайта-қайта бетімізден, маңдайымыздан сүйіп айналып- толғанып құшағына алып еркелетеді.
Ол кісі біздің ауылға жазға салым қауын піскен мезгілде келіп, жиырма-жиырма бес күн қона жатып кететін. Біз де оған үйренгенбіз. Қауын піссе болды, жолға қарайлаймыз:
«Ережеп ата қашан келеді екен» деп.
Келгенде ол кісі жай келе ме? Үйге бүкіл Түркістанның базарын көшіріп әкеледі. Кепкен өрік, мейіз, жаңғақ, кәмпит дейсің бе, есебі жоқ зат. Әй, бір қарқ боламыз да қаламыз. Кішігірім той ғой. Әкем мен шешем: «Жезде-ау, несіне әкелдіңіз мұның бәрін?» – деп күйіп-піседі. Оған құлақ асатын Ережеп атам ба? Жанында кемпірі мен немересі. Әпкеміз ертерек қайтыс болып кеткен көрінеді. Содан ол кісі соғыстан қайтпай қалған ағасының жесіріне, яңни жеңгесіне үйленген. Ол кісіні әже дейміз. Жүзінен шуақ төгілген мейірімді жан.
Қайтыс болып кеткен әпкеміздің аты – Наркүл. Ережеп атамыз әкемізді «Наркүлімнен қалған көз» – деп туған інісіндей керемет жақсы көреді. Бір келгенде жиналмалы жұмсақ жаймасы бар жарқыраған кереует алып келді.
- «Ереке-ау, несіне әурелендіңіз», – деп әкем ренжісе:
«Менің пенсиям обком хатшысының айлығымен бірдей, өзімізге жетіп артылады», – дейді күліп. Десе дегендей еді. Ол кісі отыз жылдан астам уақыт теміржолда қызмет жасаған. Паравоз машинисі болған. Тылдан майдан шебіне қару-жарақ, азық-түлік тиелген эшелондарды жеткізіп
отырған. Алған наградаларында, орден, медальдарында қисап жоқ. Кителінің екі өңірінде бос орын жоқ десе де болғандай. Ережеп атам өте мейірімді кісі еді. Балаға ұрысып, жекігенді білмейтін, балажан болатын. Бала емеспіз бе, жарқыраған орден, медальдарды көргенде естен танып қала жаздаймыз ғой. Ұстап сипап көреміз, атамыз ұрыспайды. Тізесін басып отырып әңгімесін тыңдаймыз. Үлкендер ұят болады, кетіндер деп қуса да кетпейміз ол кісінің қасынан. Соғыс туралы, бомба, оқ астында қалған сәттері туралы әңгіме айтса ұйып тыңдаймыз. Ондай кезде пойызда бар жылдамдықпен айдау керек екен, әйтпесе тоқтап тұрған пойыз жау ұшақтарына оңай олжа болады екен. «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлапты» дегендей ауылдағы туыстар үйме-үй кезектесіп мал сойып, ол кісіні қонақ етеді. Қай үй шақырса да Ережеп атамыздан бір елі қалмай шұбырып ереміз де жүреміз. Қайтуына бір-екі күн қалғанда құлағына сыбырлап:
- Ата, маған бір медалыңызды беріп кетіңізші, жоғалтпай сақтап жүремін, – дедім. Ол кісі жүзіме күлімдеп:
- Жарайды берейін, – деді. Қуанғаннан төбем көкке бір елі жетпей қалды. Ережеп атам жолға жинала бастағаннан менен маза кете бастады. Бір медалын маған беретін болған, тек ұмытып кетпесе екен деймін. Тіпті шыдамай кетіп әкемнің көзінше:
- Ата, медаль берем деп едіңіз ғой, бермейсіз бе? – дедім батылданып.
- Орден, медаль ойыншық па екен, бермеңіз, – деп әкем кесіп тастады. Мен жылап жібердім де, далаға атып шықтым. Атам байқап қалған болуы керек, сәлден кейін тысқа шығып мені оңаша шақырып алды. Қолыма қол орамалға оралған қатты бірдеңе ұстата қойды. Мен бірден түсіне кеттім. Ашып қалсам – медаль. Қуанғаным соншалық, атамды құшақтай алдым да:
- Ата, жоғалтпаймын. Келесі жылы қауын піскенде келесіз ғой. Сол кезде қайтарып беремін, – деп уәде бердім. Ол кісі күлімсіреп басымнан сипады да үндемеді. Сол сәтте бүкіл ауылда менен бақытты бала жоқ еді. Атама дән риза болдым.
Арада күз өтті, одан кейін қыс өтті. Қайтадан көктем келді. Тайлы-тұяғымызбен жабылып қауын егетін жерді күрекпен аударып шықтық. Одан соң тырма салдық, мала салдық. «Ережеп атамыз биыл келеді ме?» – дейміз сөз арасында.
- Әрине, келеді, қауынды неғұрлым тезірек пісірсек соғұрлым ерте келеді, – дейді әкем бізді қызықтырып.
- Сондықтан қауынды жақсылап күтіп баптайық.
Әуелі арық, атыз алдық. Сонан соң жердің беті қыза бастаған кезде қауын егуге кірістік. Арақашықтығын үш қарыстай етіп алып, топырақтан ұя қазып, бес- алты шопақтан тастадық. Содан қауын қашан қылтиып шыққанша тосамыз сарылып. Шықса қатты қуанамыз. Арам шөп те шығады жарысып. Әкем: «Арам шөп жердің өз баласы, ал қауын өгей баласы», – дейді. – Оны күтіп қарамасаң өсе береді.
Шыққан қауын әуелі құлақтанады. Одан жапырақтары төртқұлақтанады. Осының бәрі – біз үшін үлкен қуаныш. Одан соң шыққан қауынды жегенелейміз, яғни екі талын ғана қалдырып қалғандарын жұлып тастаймыз. Өйтпесе, бәрі жайқала өскенмен жарытып түйнек байламайды. Бір суғарғаннан кейін топырақта нәр қалмайды. Сондықтан да оны екі атыздың ортасында жатқан жаңа топырақпен алмастыру қажет. Бұл оңай жұмыс емес, бәрі кетпенмен істеледі. Сонан соң, қауын әбден шөлдеген кезде тағы су жіберіледі. Осындай жолмен қауын екінші, үшінші шабақтан өтеді. Әр шабылған сайын қуынның жапырақтары жайқала түседі де, гүлдеп түйней бастайды. Сөйтіп алпыс күннен асып жетпіс күнге жақындағанда
қауын пісе бастайды. Көрші-қолаң «Қауындарын қалай тез піседі?» – десіп жатады.
«Шабықтан өткермесе қауын болама. Суғарғаннан басқа ештеңе білмейсіңдер» деп әкем оларды сөгеді. Бізге қауынның піскеннен гөрі Ережеп атамыздың тезірек келгені керек. Қауынның түрлері көп. «Әміркен» қауын американдық сорт. Оны біз «әшә қызыл қауын» дейміз. Жарсаң, іші қызыл, қызғылт сары. Баспалды қауынның сырты жолақ-жолақ, қабығы жұп-жұқа езіліп тұрады, кәрі кісілердің жегеніне жақсы.
Әсеті қауын «осетин» дегеннен шыққан дейді, сап- сары алтын түстес. Піскені түбінен өз-өзінен үзіліп кетеді. Қырықпа қауын күзде кеш піседі. Құрғақ сабынның ортасына салып қойса, қыс ортасына дейін сақталады. Қауыннан қауынқұрт, қауынқақ жасалады. Ызаның қауыны күзде піседі. Ыза дегеніміз өзеннің екі арнасы. Көктемде өзен тасығанда су сол ескі арнаға шығып кетеді. Сай-саладан аққан су да сол жерге жиналады. Су қайтқанда топырақ араның түбіне шөгеді. Ылғал ұзақ сақталады. Арық, атыз алмай-ақ қауынды еге саласың. Суғармайсың, шаппайсың. Ал, қауыны бал татиды, тіпті аузыңды ойып та жібереді, тәттілігі соншалық. Әбден піскенде ет сыймай қақ айырылып кетеді. Тоғайдағы шибөрі мен түлкі де жеп көруден кет әрі емес. Әкем диқаншылықтың қыр-сырын жақсы біледі. Біз де жанынан қалмай шамамыз келгенше қолғабыс жасаймыз.
Биылғы қауын жақсы болды. Алды пісе бастады. Ережеп атамыз келетін қара жолға көз тігіп елеңдей бастаймыз. Бір апта күттік, екі апта күттік. Жоқ. Кешікті, келмеді. Әкем: – Ауырып жүр деп еді. Мүмкін бәлнісаға жатып қалған болар, – дейді. «Ата-ау, өрік, мейіз, кәмпит керек емес. Тек өзіңіз келсеңіз болғаны. Өзіміз баптап өсірген қауыннан дім татсаңыз ғой, шіркін», – деп жылы сөзін, мақтауын естігенше асықпыз.
Бір күні ағайын-туыстар аяқ астынан жиылып, автобус жалдап Түркістанға жүретін болды. «Ережеп ата қатты қысылып жатыр екен» – деген хабар жетіпті. Мен жылап жібердім. Жүгіріп барып қауындықтың басына бардым да, үлкен қауын әкеліп, әкеме бердім. «Атама беріңіз, дәм татса мүмкін жазылып кетер», – деймін. Екі кұн өткен соң ағайын-туыстар қайтып келді. Әкемнің жүзі пәс,қабағы салыңқы. Ережеп атам қайтыс болыпты. Сарайдың артына тасалау жерге барып, әбден жылап алдым. Қайран, Ережеп атам! Ол кісіні өледі деп кім ойлапты. Үш ұйықтасам түсіме кірген нәрсе. Жылда қауын піскен мезгілде ауылдың желке тұсынан өтетін үлкен қара жолға еріксіз қарайлаймын. Атам келіп қалатын сияқты болады да тұрады. Әй, бірақ келмейді-ау. Өзі сыйлаған медаль, қолда қалған жалғыз ғана ыстық белгі.
АҚША БҰЛТ АСҚАН ТЫРНАЛАР
Қалдыбай таң алдындағы тәтті ұйқы құшағында еді. Түс көріп жатыр екен. Түсіне анасы кіріпті. Қайтыс болғанына жылдың жүзі болған. Сағынғаннан шығар. Анасы тірі екен, соған қуанып кетті. Өлгені бекер екен ғой, анасының өлуі мүмкін емес. Анасы жап-жас, көрікті. Өлсе, кәрілер өлсін. Анасы «Келе ғой, құлыным», – деп қолын созып құшағына шақырады. Ол ұмтыла берді, ұмтыла берді. Бірақ анасы жеткізбей қойды, қанша талпынса да. Бірте- бірте елеске айналып, ақ сағымға сіңіп жоқ болып кетті. Ол: «Апа, апа» – деп еңіреп жылап жіберді... Осы жерде түсі үзіліп кетті.
Біреу жарықты жарқ еткізіп жақты да, үстіндегі көрпесін жұлып алды. Ол ұйқысын бірден аша алмай
қолымен көзін көлегейлей берді. Әлі де болса жаңағы түс әсерінен айырыла алмай, ұйқысыраған күйі қолымен көрпені іздеп қармана берді.
- Аға, сәл жата тұрайыншы, әлі ерте ғой, – деді Қалдыбай жалынышты үнмен.
- Өй, сенің жата тұрайының не? Ерте бармасаң базарда бос орын қалмайды. Тұр, сөзді көбейтпе, – деді туысқан ағасы қатуланып.
- Базарға бармайды екенсің, дәл қазір үйден қуып шығамын. Тентіреп қайда барар екенсің? О, несі-ай. Мен мұны ауылдан не үшін ертіп келдім. Баяғыда-ақ аштан қатар едің, мен болмағанда. Қарның тойып, көзіңнің еті өсейін деген екен. Тұр, деген соң тұр, – деп нұқып-нұқып жіберді.
Қалдыбайдың көзінен жас сорғалап қоя берді. Тастай суық суға бетін шайып алды да, бүрсеңдеп базарға қарай аяңдай жөнелді. Іштей Нұрлан «ағасына» ызаланып келеді. Ағасы болғанда – екі туып бір қалғаны емес, алыс ағайыны. Ақшаға, дүниеге құныққан біреу. Қаланың әр жерінен сауда нүктелерін ашып, сатушылар қойып оны- мұны саттырады. «Дым жоқ», – деп азаннан кешке дейін аузын қу шөппен сүртеді де отырады қашан көрсең. Осында келгелі үй де, машина да алыпты, осы сауданың арқасында. Сонда да тәубе, шүкір дегенді білмейді.
Таңғы таза ауа Қалдыбайдың ұйқысын ашып, бойын сергітіп жіберді. Енді байқады, таң сызат беріп келеді екен. Алдында өзі сияқты біреулер қараңдап кетіп барады. Олардың да көздегені – базардан ертерек барып орын алу. Базар Алматының жоғарырақ жағында әсем Алатаудың бауырына жақындау орналасқан. Содан ба таңертеңгікке кәдімгідей салқын болады, жаурап та кетесің. Базарға жете бергенде найза шындардың ар жағынан күннің де төбесі көрінді. Аспан ашық кезде таудың көркіне қанша қарасаң да көзің тоймайды. Тауды қиялай өскен көк
бұйра шыршалар, әр-әр жерде ақ мамықтай үлпілдеген шөкімдей-шөкімдей ақша бұлттар күнде көріп жүрсең де, қайран қалдырады. Қалдыбай осындайда «Әттең, суретші болсам ғой» – деп армандайды. Өзінің әжептәуір сурет салатыны бар. Суретші болу үшін оқу керек. Ал, Қалдыбай мектепті де бітірмеді. Биыл сегізінші класқа баруы керек еді, бірақ бара алмады. Ауылы Оңтүстікте
- сонау Шәуілдірде. Әке-шеше дегенде анасы марқұм осыдан бір жыл бұрын көз жұмған. Көп ауырған да жоқ. Өлетінін білмептін. Өледі-ау деген ой тіпті қаперіне де кірмеген. Өлерінің алдында далада ойнап жүрген жерінен шақырып алды да: – Құлыным, аман бол. Мен бір алыс сапарға кететін шығармын ұзақ уақытқа. Кешіксем жылама, – деп анасы құшағына алып маңдайынан сүйді де, көз жасын төгіп қоя берді.
Ол:
- Ой, апа, сізге не болған? Мен қазір үлкенмін. Қанша кешіксеңіз де күтемін. Алаңсыз барып келіңіз. Әйтеуір бір келесіз ғой, – деп еркелей ойынға алданып далаға шығып кеткен. Шешесінің өлгенін кешке бір-ақ білді. Ойыннан келсе, үйдің іші-сырты толған кісі. Далада біреулер от жағып жатыр.
«Ойбай, баласы келе жатыр баласы. Қорқып қалмасын. Апаң ауырып жатыр деп алдай салыңдар», – десті біреулер мұны көре салып.
Бала да болса анасына бірдеңе болғанын жүрегі сезеді. Ағыл-тегіл аққан көз жасына ие бола алмады. Апасының таңертеңгі сөздерінің мәнісін енді түсінгендей болды. Өлерін сезіп, қоштасқан екен ғой.
«Байғұс бала-ай, бала болса да есті неме ғой, бәрібір біліп тұр», – деп біреулер аяп мүсіркеп жатыр. Ал, әкесінің
- барынан жоғы. Ес білгелі әкесінің арақ ішпей жүргенін көрмеді десе де болғандай. Әке болып бауырына тартып емеурін танытқанын да білген емес. Ертелі-кеш есіл-дерті
- арақта. Үйіне айында, жылында келсе келеді, келмесе келмейді.
Анасының өлімі үстінде де мас болып жүрді. Өз- өзінен сөйлеп, міңгірлеп бірдеңелерді айтып отырды. «Қу арақ мұның түбіне жетті ғой. Тым болмаса бүгін ішпесе де болар еді ғой. Ішкен адам ұят-аятты білуші ме еді», – деп жұрт әкесін жазғырып жатты.
Ертеңіне ауыл адамдары анасын жерлеуге алып кетті.
Қалдыбай анасының өлгеніне тіпті сенбеді.
Бір жаққа жолаушылап кеткендей. Әлі-ақ қайтып оралатындай болады да тұрады. Анасы қайтқалы елегізіп көпке дейін ұйықтай айлмайтын күйге жетті. Тысыр еткен дыбысқа құлақ түріп, есікке көз тігеді. Тірі кезінде түннің әлден уағына дейін оны-мұны шаруасын істеп тыным таппайтын. Қазір де анасы ауыз үйде жүргендей көрінеді. Ал, әкесі болса ішкенін үдете түсті. Қолдағы бір-екі тұяқты да сатып жіберді. Анасы барда бата алмаушы еді. Мұны баласынып, әй-шайға қараған жоқ. Ол ақша біткен соң, қарызға алып іше бастады. Ішетіні қолдан жасалған
«самопал» арақ. Түн ортасында дірдектетіп бір ана үйге, бір мына үйге жүгіртеді Қалдыбайды. Сатушылар алғашында бере беретін. Кейіннен ешкім бермейтін болды. Кім тегіннен-тегін бере берсін. Қалдыбай ондайда жалынып, жалбарынып: «Әкелмесем, көкем мені өлтіреді ғой», – деп жылап жіберетін. Аналар әкесін емес мұны аяп амалсыз беретін. Үйлерінде ішерге ас, киерге киім болмаған соң, ол бір ана туысының, бір мына туысының үйінде жүретін болды. Обалы не керек, қай үйге барса да, бір табақ көже мен бір тандыр нанын алдына қояды.
Бірақ, біреулерге жалтақтағаннан гөрі өз үйіңде жүргенге не жетсін. Қалдыбай жатса да, тұрса да тезірек есеюді ойлады. Мектепке барып сабақ оқығаны үлкен алданыш еді, одан да айырылды. Әуелі қыс бойы от жағылмай сабақ тоқтады. Келер оқу жылына жетпей,
мектеп жабылып тынды. Шамасы жеткендер орталықтағы мектепке кетті. Бұл қайда барады? Алғашында көшеде селтеңдеп жүруге ұялушы еді. Өйткені, өзі қатарластардың бәрі оқуда, орталықта. Қарап жұрмейді, біреудің малын қайырысады, біреудің шөбін жинасады. Жалпы, жұмыстан қорықпайды. Қайта біреуге қолғабыс жасап, рахметін алса, төбесі көкке жеткендей болады.
Бара-бара ауылдың да күйі кетті. Сатылып-сатылып мал да бітті. Үйлерін сатқандар сатып, сатпағандар тастап кетті. Қырық-отыз үйлі ауылдан бес-алты шаңырақ қана қалды. Шалдар жағы: «Жау шаппай-ақ елдің тоз-тозы шықты ғой, арты не болар екен?» – деп қынжылды. Осындай күндердің бірінде ауылға осы Нұржан келе қалсын. Астында жалт-жұлт еткен «иномәркі» машине.
- Өй, Қалдыбай, зіңгіттей жігіт бопсың ғой. Алматыға алып кетейін барасың ба? – деді бірден Нұржан. – Ауылда мектеп те жоқ екен. Сонда барып оқисың.
Қалдыбай өз құлағына өзі сенбеді. Толқып кетті де:
- Иә, иә, барам, – деді. Үлкендер жағы: – Сөйтсең сөйте ғой, шырағым. Сауабына қаларсың, тірі жетім ғой. Анасы байғұс қайтып кетті. Ал әкесін ауызға алмаса да болады. Жер басып жүргені болмаса хайуан да бір, о да бір», – десті.
Қалдыбайдың көзінен ыстық жас ыршып қоя берді. Оны көйлегінің жеңімен сүртті. Нұржан «кәмірсант» екен. Алматыға жеткенше ананы да, мынаны да әперді. Өмірінде жемеген шоколадтарды жеп, неше түрлі сусындар ішті. Тойдым, қандым дегенге мұршасын келтірмейді. Қалдыбайдың тіпті есі шығып кетті. Нұржанға дән риза болды. Жеткен соң өйтемін, бүйтемін деп уәдені үйіп- төкті.
Содан Алматыға жеткен соң Нұржан күрт айнысын.
- Бала, оқуды не істейсің? Қазір оқудан пайда жоқ. Қайта оқымағандар озып жатыр. Күректей дипломы
барлардың өзі жұмыссыз жүр. Өмірдегі ең басты нәрсе
- ақша. Ақшаға бәрін сатып алуға болады. Есің болса, ақша тап. Короче, саған базардан орын әперем, зат жеткізіп тұрамын. Сен сауда жасайсың. Екі-үш күнде үйреніп кетесің. Саудаға көп ақылдың керегі жоқ. Пәтер жалдамайсың, үйде тұрасың. Тамағың, киімің менің мойнымда. Көнсең көндің, көнбесең өзің біл, – деп кесіп айтты.
Қалдыбай не десін. Амалсыз көнді. Онсызда басар жер, барар тауы жоқ. Содан таңертең елең-алаңнан кешкі қас қарайғанша базарда сауда жасайды. Кейде көздері қарауытып, басы айналып кетеді. Бала емес пе, шаршағанда дем алып, өзі қатарлас балалармен ойнағысы келеді. Кешкісін ас ішуге де шамасы жетпей төсекке құлай кетеді, үстіндегі киімін шешуге де шамасы келместен. Бар түсінгені – Нұржанның өзін бала деп аяйтын түрі көрінбейді. Саудасы жүріп, ақшасы көбейген сайын құныға түседі. Өзін де қанағат та жоқ екен. Қалдыбай кейінгі кездері қалжырап, шаршап кетті. Құр сүлдері ғана қалды. Ауылға қайтайын десе, онда мұны кім күтеді. Қолынан келетіне ешкімге білдірмей көз жасын сығып- сығып алады да, таңертең базарға кетеді. Қалдыбай базарда алыста қалған ауылын, қайтыс болған анасын ойлап мұңайып отырады. Ондайда өне бойы шымырлап, тамағына бірдеңе кептелгендей, тынысы тарылып, жылап жіберуге шақ қалады.
Мезгіл күз. Құс қайта бастаған кез.
Кенет алыстан тыраулаған тырналар үні құлағына жетті. Көкірегін белгісіз бір қуаныш кернеп кетті.
..Көк жүзіндегі тырналар тізбегін көре сала:
- Қараңдар, тырналар ұшып келеді, тырналар! – деп орнынан атып тұрды. Ең бір жақын, ең бір қымбат туысын көргендей мәз-мейрам, екі езуі екі құлағында.
«Әй, мына балаға не болды, есі ауған кісідей. Өмірінде
тырналарды алғаш көріп тұрғандай ғой» –деп көршісі кекесін танытты. Сонау бір биіктегі тырналар көші соншалықты ыстық көрініп, бала жүрегіне сағыныш сазын ұялатты. «Тырналар біздің ауылдың да төбесінен ұшып өткен болар» – деп ойлады. Ондай да ауыл адамдары бар жұмыстарын тастай салып, көздерін көк жүзіне тігіп, тырналар көшін қимай шығарып салушы еді.
Қалдыбай тырналар көші ақ басты Алатаудың басына қонақтаған ақша бұлттардан әрі асып кеткенше көктен көзін алмастан тұра берді. Айнала төңірегі, базар, базардағы адамдар бәрі-бәрі есінен тарс шығып кеткендей. Тырналар көзден ғайып болғанда бір қымбатынан, асылынан айырылғандай күй кешті. Жылағысы да келіп кетті. Тек біреу иығынан түрткенде ғана барып ес жиды.
- Балақай, мұнда не бітіріп жүрсің. Неге мектепте емессің, – деді қарсы алдында тұрған полиция формасын киген әдеміше келіншек. Кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспектор екен.
- Документің бар ма, аты-жөнің кім?
- Документім ауылда қалған.
- Сені мұнда кім жұмысқа салып қойған? Бұл – заңға қайшы нәрсе. Мектеп жасындасың, оқуға баруға тиіссің. Контейнеріңді тез жап та, кілтін көршіңе тастап кет, – деді бұйырып.
- Тастағаны несі «хозяинім» өлтіреді ғой, – деді Қалдыбай жыламсырап.
- Хозяніңмен әңгіме басқа жерде басқаша болар, – деп инспектор келіншек оны әй-шайға қарамай машинаға отырғызып, арнайы орынға алып келді.
Аты-жөнін, мекен-тұрағын жазып алды. Дәрігер тексерген соң, шаштараз шашын алды. Асханаға апарып ыстық тамақ ішкізді. Содан аппақ төсек салынған бөлмеге орналастырды. Қалдыбай түнде ұйықтап жатып, түс көрді. Базарда отыр екен. Көзіне көк жүзіндегі тырналар
көші шалынды. Бір сәт сол көштің ішінен бір тырна бөлініп ұшып шықты да Қалдыбайға тым жақын келіп ақ жаулықты әйелге айналып кетті. Құдды анасынан аумайды. Иә, иә, тура анасы. Бақыттан басы айналып, көзі жұмылып кетті. Бірақ бұл ұзаққа бармады. Көзін ашып қалып еді, анасы қайтадан тырнаға айналып таудан асып бара жатқан тырналар көшіне ілесе берді де, ақ мамықтай ақша бұлтқа сіңіп бірте-бірте көзден ғайып болды.
ҚАЙРАН, АРЫСТЫҢ СУЫ-АЙ
Менің әкемнің жасы сексеннен асып кетсе де әлі тың, көңілі сергек, көкірек көзі ояу. Не әңгіме айтса да қызықты етіп айтады, сөздің майын тамызады. Бала кезімізде ойынға алданып, сөзіне көп құлақ қоя бермейтінбіз. Осы күнде қасынан шыққым келмейді. Тыңдар құлақ болса, айтушы табылады екен ғой. Күні бойы әңгіме айтса да тапжылмай тыңдайтын түрім бар.
Осынша жасқа келген әкемнің естігені, көргені мол, түйгені де көп. Сонау Қазан төңкерісінен кейінгі кәмпескеңді де, ашаршылықты да, соғыс тұсындағы қиындықтарды да, бәрін-бәрін бастан кешіп, көзбен көрген. Бірде әкімнен біздің ауылдағы біраз адамдардың неге өзбек жерінде туылғанын, ол жаққа қалай, қайтіп барғандары туралы сұрадым.
- Е-е, ол ұзақ сонар әңгіме ғой. Олар қай жетіскеннен барды дейсің ол жаққа? – деп күрсініп алды да сөзін бастап кетті.
- Біз ауыл Шәуілдір маңындағы Отырар төбе төңірегінде тұратын. Қыста Қызылдың құмын жайлап, жазда Арыс, Бөген, Шаянды өрлей Қазығұрт жақты
жайлайтын. Ауылдағылардың бар кәсібі – төрт түлік мал. Егін егетіндер кемде-кем. Қазан төңкерісі дегенді кейін естіп, білдім ғой. Жасыратын несі бар, ауылда бай да болды, орташа да болды, кедей де болды. Бірақ аштан өлген ешкімді көрмедім. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» демекші, тырбанып қым-қарекет жасағандардың жаманы болған жоқ. Адамдардың бір- біріне деген ниеті, ықыласы түзу еді, ептесіп-септесіп күн көретін. Менің есімде кәмпеске, ұжымдасу, аштық кездері қалыпты. Сол кезде ұмытпасам, алты-жеті жастамын.
«Байлардың мал-мүлкін кедейлерге бөліп беріп жатыр екен. Байларды Сібірге, Оралға жер аудартып жатыр екен»
- деген қауесет біздің ауылға да жеткен. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, не болса да көппен бірге көреміз десті үлкендер жағы. Ауыл-ауылда сәбеттер құрылып, жаңа өкіметтің белсенділері шыға бастады. Олар әртүрлі еді. Біреулері – шын көңілден, ізгі ниетпен елге қызмет еткісі келгендер. Біреулері – атақ-даңқ, шен, мансап қуғандар. Олар ауыл-ауылды аралауға шыққанда елдің алақанында жүрді. Адам деген – пенде ғой, жаңа өкіметтің адамдарына жағынып жағадайларын күйттегісі келгендер де жоқ емес. Белсенділер түрлі науқандар кезінде жаңа өкіметтің
«сен тұр, мен атайын» дейтін қолшоқпарларына айнала бастады. Олар атақ, даңқ, шен үшін ешкімді де, ештеңені де аямайтын. Туғанын да, туысын да сатып кететін керек кезінде. Ондайларды көзіміз көрді де. «Малды тартып алады екен, бергісі келмегендер жер айдалады екен» деген әңгіме жиі естіле бастады. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, сескенген жұрттың алды малдарын сата бастады. Аласапыран күн туа бастаса, барар жақтарын қамдай бастады.
Осындай аумалы-төкпелі күндердің бірінде ауылға әкемнің бажасы Науқанбай келді. Жаңа өкіметтің біздің ауылға бекітілген уәкілі екен, яғни белсенді. Мұздай боп
киінген, сақал-мұртын тып-тықыр етіп қырынған. Белінде тапаншасы бар. Иығында портфель асынған. Түсі суық, қара сұр адам екен. Біздің үйге келіп түсті. Әкем де, шешем де мәз. Қуанбай ше, Науқанбай шешемнің туған сіңлісінің күйеуі. Жаңа өкіметтің үлкен қызметкері. «Бір ағайын таққа мінсе, он ағайын атқа мінеді» деген емес пе? Бар құрмет те, қошемет те сый-сияпат та бәрі соған арналады. Мал сойылып, дастархан жайылған. Гу-гу әңгіме. Онсыз да не істерлерін білмей басы қатып жүрген жұрттың Науқанбайдан үміті зор, дәмесі мол. Әр сөзін мүлт етпей ұйып тыңдайды. Онша күлмейтін, қабағы қатыңқы, бір сөзі бір қаралық жан екен. Онысын ерсі көріп жатқан ешкім жоқ. «Қызметі үлкен, жауапкершілігі зор қайсыбірімізге жалпақтай қойсын» – дейді. Содан Науқанбайды ауыл адамдары қолдан-қолға түсірмей, он шақты күндей кезек-кезек шақырысып қонақ етті.
«Өкіметте өз адамдарымыз бар» деп ел мәз-мейрам. Бар сырларын, бар шындарын жайып салды оның алдына. Малдарын сатып жатқандарын, олай-бұлай күн туса барар жерлерін белгілеп қойғандарын сөз етіседі. Онда да:
- Науқанбайжан, сен өз адамымыз болған соң өзіңмен ақылдасып кеңескеніміз ғой, – деп қояды шалдар жағы.
- Еш қам жемеңіздер. Мен тұрғанда сіздерге ешкім тиіспейді. Естігендеріңіздің бәрі бос сөз, сенбеңіздер, – дейді Науқанбай жұртты өзіне сендіріп.
- Е-е, бәсе, бәсе, – деп ел риза болысып қалады. Науқанбай барда бізге не қам бар деседі. Қайдан білейік, біздің ауылдағы бар пәле сол Науқанбай келіп кеткеннен кейін басталатынын. Аудан ауылдан күнде біреуді ұстап әкетіп жатты. Жұрт зәресі ұшып, бір-бірімен сөйлесіп, тілдесуден қалды. «Ойбай-ау, әлгі сенген Науқанбайымыз қайда?» – дейді сасқан жұрт. Кейіннен белгілі болды. Науқанбай ГПУ-дың тыңшысы екен. Өткенде ауылға мәлімет жинауға келген болып шықты. Науқанбайдан
қайран болмаған соң жұрт өз қамын өзі жасауға кірісті.
Ел жан сақтау үшін ауыл-ауыл болып, өзбек, тәжік, ауған асып кете барды. Біздің үй қара шаңырақ болатын. Тез арада үйлерді жығып, он шақты түйеге артып жасырын өзбек жағына тарттық. Жол-жөнекей ұры-қарысы бар, шекара күзеткен қызыл әскер солдаттары бар дегендей мал-мүлкімізді, алтын бұйымдарымызды, қымбат жібек маталарымызды соларға тарту-таралғы ретінде беріп, аш- жалаңаш күйімізде өзбек жеріне де жеттік-ау.
- «Мейлі, әйтеуір басымыз аман» – деп ел бұған да тәубе етті. Келгенде аң-таң қалдық. Мұнда мамыражай заман, біреумен біреудің ісі жоқ. Әркім өз қарекетімен. Обалы не керек, өзбек ағайындар жақсы қарсы алды. Біздегі жағдайдан хабардар болса керек, аяп-мүсіркеп жатыр. Басымызға пана, алдымызға егістік жер, шамасы келгендерге жұмыс берді. Ешкімді маңдайдан қақпады. Жаман адам болса да, жаман халық болмайды. Соған көзім анық жетті. Осы күні “ана халық анадай”, “мына халық мынадай” дегенді естіп қаламын. Бірлі-жарым адамға бола тұтас халыққа күйе жағып қаралаған әсте де дұрыс емес. Сол жұртты паналап, бас сауғалап аман қалдық емес пе? Әйтпесе кім біледі, сүйектеріміздің қай сайда шашылып қаларын.
Екі-үш жылда есімізді жиып, ел қатарына қосылдық. Елге қайтуды сөз етпек түгілі, ойлаудың өзінен қорқады жұрт. Содан немістің соғысы басталып кетті. Қыстаққа сонау Қырымнан, Кавказдан қырым татарлары, қарашай, ноғай, құмық сияқты үлкенді-кішілі халықтар жер аударылып келді. Қарапайым бейкүнә жандар үлкен саясаттың құрбандықтары еді. Қаншама ұлттың адамдары тату-тәтті ғұмыр кештік. Жаңа өкіметке деген өкпелері қара қазандай болса да, ортақ жауды жеңу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып аянбай еңбек етті.
Өзбек ағайындарға еш өкпеміз жоқ. Тұз-дәмін таттық.
Әйтсе де, туған жерге, елге деген сағыныш басылады ма?! Ел десе, жұрт елең ете қалатын. Ағайындылар жиналып, бас қосқан кезде ел туралы әңгіме қозғалса, әжелердің еңірегенде етектері жасқа толып, жылап-сықтап тарасатын.
Қаншалықты сыйласа да жат-жұрттың аты – жат-жұрт.
«Есің бар да елің тап» демей ме? Қарттар жағы Шәуілдір, Отырар жаққа екі-үш адам жіберіп мән-жайды білмек болып шешті. Жағдай түзеліп, қуғын-сүргін басылса қайта көшпек болды. Жіберген кісілер көп ұзамай оралды. Ел тынышталыпты, бұрынғы белсенділердің біразы жазаға тартылып, істері сотқа өткен көрінеді. Іштерінде Науқанбай да бар екен. Мұны естіген әкем де, шешем де бармақтарын тістеді:
– Қап, әттеген-ай, жақынымыз деп оған бар шынымызды айтып едік. Түбімізге сол жеткен екен ғой, – деп.
Ел көшуге дайындалды. Қорқып қалған жұрттың бірден Шәуілдірге көшіп баруға жүректері дауаламады. Шәуілдірден елу шақырымдай жердегі Арыс станциясы төңірегіне Арыс өзені жағасына қоныстанатын болды. Арыстың жанашыр азаматтары, жергілікті басшылар көшіп келушілер үшін арнайы машина бөліп, жұрт лек- легімен көшіп келіп жатты. Шәуілдірдегі ағайындар да құлақтанып үлгеріпті. «Көш көлікті болсын, қоныс құтты болсын», – деп ағылып келіп жатты. Ел мәре-сәре, бірін- бірі көп уақыт, көп жыл көрмеген туыстар, ағайындар табысып қауышты. Көп шалдардың сүйегі сол жақта қалды. Жоқтап, жылап-сықтап көрісіп жатқан ел. Онсыз да сырқаттанып жүрген шешеме көші-қон оңай тимеді. Бір күні құр сүлдері қалған Науқанбай келді сүйретіліп. Түр дейтін түр де жоқ өзінде. Әйтеуір құр жан. Басы салбыраған күйі табалдырықтан аттады. Шешем оның келгенін білсе де, мойын бұрмады, сәлемін де алмады, төсекте теріс қарап жатты.
- Кешіре көріңіздер мені, кешіре гөріңіздер, – деп шешемнің аяғын құшақтап, жалынып-жалбарынып, кемсеңдеп жылап қоя берді. Шешем тіл қатпады. Ол үндемей шығып кетті.
Тағдыр тәлкегімен қаншама кісілердің сүйегі өзбек жерінде қалып қойды. Бұл елде отыз жылдай жүрдік.
«Қарғыс атқыр Науқанбай!» деп ел қарғыс айтумен болды. Әкем сонда қайтыс болып кетті.
Шешем байғұс: «Құдай-ай, туған жерді көретін күн болар ма екен. Арыстың суымен жүзімді жуып, мөлдір суынан бір ұрттап өлсем армансыз болар ем» – деуші еді көзіне жас алып. Жарықтық сол арманына да жетті-ау. Көшіп келген күні Арыстың жағасына келіп, екі қолын суға малып, бетін үш рет сипалап: – Қайран, Арыстың суы-ай, – деп төгілген көз жасын жуумен болды. Содан көп ұзамай дүниеден өтті.
Әкемнің көзінен еріксіз жас шығып та кетті.
- Әке, Науқанбайдың арты не болды? – дедім сөзін бөліп.
- Әй, оның арты оңбады ғой! Қаншама кінәсіз жанның обалына қалды. Азғантай ауылдың тоз-тозын шығарды. Көптің қарғысы тиді ме, ұрпақтары тарыдай шашылып, тағдырлары баянсыз болып кетті, – деп әкем әңгімесін аяқтады.
ЖҮГЕРІ СОБАҒЫНЫҢ СҮРГІНІ
Рахман ағаға
Әңгіме
Рахымнның жасы он алтыдан он жетіге аяқ басқан. Мұрты енді ғана тебіндей бастаған бозбала шағы. Әкелері өмірден ертерек өтіп кеткен соң, ағайын төрт-бес бала аналарының қолына қарап қалған. Солардың ішіндегі еті тірісі, пысықтауы – Рахым болатын.
Бар ауыртпалық анасының иығына түскенін бала болса да жүрегі сезді. Сол ауыртпалықты жеңілдеткісі келгендей Рахым тез есейді. Мектепті аяқтар-аяқтамастан еңбекке араласып кетті. Жұмысы мал бағу, яғңи шопанның көмекшісі.
Оның үстіне өзінен екі жас үлкен ағасы жоғары оқу орнына түсіп оқып жатқан болатын. Аз уақыттың ішінде жүмысын дөңгелетіп алып кетті. Қаршадай болса да, жұрт аузына ілікті: «Анасына қолғанат болды, ақылды бала екен» – деген сөздерді естігенде төбесі көкке жеткендей болады. Мақтауды кім жек көреді дейсің?!
Рахым қолы қалт етсе үйіне соғады. Соның өзінде де ас-су ішіп бола салысымен оны-мұныны реттеп, қора- қопсының бұзылған жерін жөндеуге кірісіп кетеді. Анасы:
- Онсызда жұмыстан қалжырап келдің ғой, тынығып дем ал, – деп аяушылық білдіреді.
- Жоқ, шаршағаным жоқ, мұны мен жөндемесем басқа кім жөндейді? – деп Рахым бой бермейді. Анасы осындайда ерте есейіп, өзіне қолғанат болуға жарап қалған ұлының сыртынан сүйсіне қарап: «Тіл-көзім тасқа, ұлым
осы үйдің бас көтерері, тірек-сүйеніші болып қалыпты- ау», – деп шүкіршілік ететін. Әкесі байғұстың ұлының азамат болған кейпін көре алмай кеткені есіне түссе, еріксіз көзіне жас алып жаулығының ұшымен жанарын сүрткілейді.
Бір күні әдеттегідей Рахым үйіне соққан. Үйге жақындай бере мал қора жақта анасының әлденеге әбігерленіп жүргенін байқап қалды да:
- Апа, не болды, жайшылық па? – деді жаны тынбай.
Анасының маңдайы тершіп, басындағы орамалы шешіліп, әбіржіп кетіпті:
- Қызыл тайыншаға не көрінгенін білмеймін. Бағана түсте бір шелек су беріп, алдындағы ақырға бір бау жүгері пая салғанмын. Сәлден кейін сыртқа шықсам, қызыл тайынша қораны шыр айналып, байыз таппай жүр екен. Біресе қораға сүйкенеді, біресе есікті сүзгілейді. Тамағы қырылдап, аузынан көбік ағып, көзі біресе қызарады, біресе аларады. Жақындасам өзіме тап береді. Не істерімді білмеймін дал болып жатқаным. Сасқанымнан аузын ашып көрмек болып едім, саусағымды тістеп алған, – деп қансыраған саусағын көрсете берді.
Рахымның үрейі ұшып кетті:
- Апа-ау, аузын ашып неңіз бар еді, мүмкін қызыл тайынша құтырған шығар, одан да мал дәрігерін шақырайық та, – деді сасқалақтап.
- Сөйткеніміз жөн шығар, мен де соны ойлап тұрмын,
- деді анасы. Ауылдағы Сартай деген кісі жекеменшіктегі малдарға қарайтын мал дәрігері болып бекітілген. Бірақ оны іздеген де табу өте қиын. Ал, тапсаң шақырып үйге келтіру одан да қиын. «Тентек суды» көбірек ұрттайды. Сау жүрегінінен мас болып жүргені көп. Рахым Сартайды әрең тапты. Әке-көкелеп жалына-жалбарына үйге ертіп келді. «Сенген қойым сен болсаң, күйсігіңе болайын», – дегендей Сартайдан қайран болмады.
Бар айтары: «Сонда бұл қалай өзі, не болды?» – деп міңгірлей береді. Айтқан жөні түзу ақылы:
- Бұл тайынша құтырған, тез арада көзін жою керек, ал анаңа тез арада құтырғанға қарсы ваксина салдырмасаң болмайды. Әйтпесе, құтырып кетуі мүмкін, – деген сөз болды.
- Ағатай-ау, сіз әуелі жақындап көрсеңізші, мүмкін басқа ауру шығар, – деді Рахым сеніңкіремей.
- Қап, қоймадыңдар-ау, – деп Сартай қораның есігін аша беріп еді, қызыл тайыншаның оған тап бермесі бар ма?
- Айттым ғой, айттым ғой, – деп мойын бұрмастан кетіп қалды.
Бұзау күнінен қолда өскен қызыл тайыншаны көзі қаншалықты қимаса да, Рахым амалсыздан атып тастады да, өлігін терең шұңқырға апарып көмді. Ол енді біткен шаруа, ал анасының жайы не болмақ? Осы ойдан Рахымның зәресі зәр түбіне кетті. Түні бойы көз ілмеді, ерте оянып алып анасының жанына келді.
- Еш жерім ауырмайды, дәрі іздеп несіне әуреленесің, құдай сақтасын, – деді анасы мұны жұбатып.
–Жоқ. Апа, бұл ойыншық емес, мен тез арада ваксина тауып келемін, – деп Рахым кесіп айтты.
Қиналатында жөні бар еді. Ол дәрісі құрғырды қайдан табады. Отырған жерлері Қызылдың құмында аудан орталығынан жүз шақырымнан аса шалғай қиырда. Мезгіл де жайсыз. Күздің толастаппайтын сылыңғыр, сылбыр жауыны, суық желі өктемдік танытып тұрған кез. Көліктің де реті жоқ. Келісе араға ай салып автодүкен не сексеуіл артқан машина ғана қара көрсетеді. Келмесе о да жоқ. Рахым күні бойы есік алдында сенделумен болды, екі көзі ауылға келетін үлкен қара жолда. «Үмітсіз шайтан» дегендей, бір мезет сонау алыста көз ұшында қарайған ноқат пайда болды. Рахым өз көзіне өзі сенбегендей көзін
қайта-қайта сүрткілей берді.
«Машина, машина!» – деп Рахым өзінің қалай дауыстап жібергенін аңғармай қалды. Қуанышы қойнына сыймай, басындағы қалпағын жоғары көтере бұлғап, қарсы жүгірді.
- Ой, не болды, машина көрмеп пе ен? – деді рульде отырған мұртты төртбақ кісі қабағын шытып.
Рахым да уақытта аз еді. Тез-тез бар жайды тәптіштеп түсіндірді.
- Қасымда онсыз да екі адам бар, кабинада орын жоқ. Күн болса суық, сексеуілдің үстінде отырып жүз шақырым жолға шыдаймысың, – деді жаңағы кісі Рахымға сынай қарап.
- Шыдаймын, тек ала кетсеңіздер болды, – деді ол жыламсырап.
- Жә, жылама! Жігіт емеспісің, – деп тыйып тастады.
- Одан да бізге сексеуіл артыс, – деді жаңағы мұртты кісі дауысын қатайтып.
Бірер сағаттан кейін сексеуіл тиелген машина ыңыранып ауылдан шықты. Рахым сексеуілдің үстінде шоқиып отыр, бұтаға қонған торғайдай болып.
Асығып жүріп жөнді киінбепті, бойы тоңази бастады. Жол қайбір оңған жол дейсің, бұралаңдаған. Оның үстіне лайсаң. Машина дөңгелегі тайған сайын бір олай, бір бұлай түлкі бұлаңға салады. Ондайда Рахым түсіп қалмайын дегендей сексеуілге онан сайын жабыса түседі. Жолдың таусылатын түрі жоқ. Күн қас қарайып, жаңбыр сіркірей бастады. Жел күшейді. Рахым тісі-тісіне тимей сақылдап, денесі дірілдеп, қалтырап қоя берді. Бірақ анасына ваксина ауадай қажет екендігі есіне түскенде бір сәт жаурағанын ұмытып кеткендей болады.
Әйтеуір таң ата аудан орталығына да жетті-ау. Жол азабы бір сәтте есінен шығып кеткендей асығып-үсігіп дәріханаға жетті.
- Маған құтыруға қарсы салатын ваксина беріңізші, – деді тісі-тісіне тимей дір-дір етіп.
- Қап, жаңа ғана соңғысын біреу алып кетіп еді, – деді дәрі сатушы өзін-өзі ақтағандай.
- Ағатай, маған бір-ақ қорап керек. Қанша төле десеңіз де төлеймін, анамды құтқарып қалуым керек, – деді Рахым жалынған үстіне жалына түсіп.
- Қарағым-ау, бар болса аяп тұр дейсің бе, жағдайыңды түсініп тұрмын ғой, мен облысқа тапсырыс беріп қойғанмын, бір-екі күнде келуі керек. Жарайды, саған зәру боп тұр екен. Мен телефон соғайын. Мүмкін ұшақпен беріп жіберер. Сен ертемен хабар ал, – деді дәрі сатушы Рахымды жұбатып.
- Ағатай, сөйтіңізші құлдығыңыз болайын, – деді ол тұйықтан шығар жол табылғанына қуанып кетіп.
Таң да мұндай ұзақ болар ма, әзер атырды-ау. Ұйқыдан тұра сала дәріхана жаққа аяңдай жөнелді.
- Бала, жолың болды, мінеки таңғы рейспен беріп жіберіпті, – деп дәрі сатушы ваксина салынған қорапты Рахымға ұсына берді.
Құдды бір алтын, қазына толы қорап ұстағандай қолы қалтырап кетті. Сол сәтте ваксинаның шын бағасын Рахым ғана білетін еді, Рахым ғана бағалай алатын еді. Таразының бір басында анасының өмірі, ал екінші басында қораптағы ваксина тұрғандай. Дәрі сатушыға тез-тез рахмет айтқан Рахымның есіл-дерті ауылға тезірек жету, анасына ваксина салдыру. Әшейінде жайбарақат өтіп жатқандай болатын уақыттың да алтынға бергісіз баға жетпес сәтті де болады екен-ау. Әттең, қанаты жоқ, әйтпесе құс болып ұщар еді. Осы ойлардың жетегімен Рахым ауылға қалай жеткенін байқамай қалды. Дереу укол салатын мейірбикені тапты. Анасымен хал-жағдай сұрасып үлгерместен, әбден жол соқты болған Рахым төсекке құлай кетті.
Қанша ұйықтағаны есінде жоқ. Ертеңіне кешкісін бір-
ақ оянды.
- Құлыным-ау, көп азапқа түсіп, қиналыпсың ғой, басыңда бекерге әуреге салдым-ау. Қарасан келгір қызыл тайыншаның аузына қолымды салып нем бар ед? – деп жыларман болды анасы.
- Апа-ау, не әуресі бар мұның. Дайын көлікпен бардым да қайттым. Қызыл тайыншаның арқасында бұрын көрмеген аудан орталығын да көрдім, – деді ол сөзін әзілге айналдырып. Анасына жеті күн ваксина салдырғаннан кейін, Рахымның көңілі орнына түсті де жұмысына қайта кетті.
Арада бір жылдай уақыт өтті. Қайта күз келіп жетті. Тұп-тура былтырғы мезгіл – қараша айының ортасы. Ойында дәнеңе жоқ Рахым қуанышы қойнына сыймай келе жатқан. Қуанатын жөні бар, құжаттарын жоғарғы оқу орнының сырттай оқу бөліміне өткізіп, емтихан тапсырған болатын. Оқу орнынан хат келіпті, оқуға қабылданыпты. Еңбек озаты, жалынды жасты оқуға түскен хабары жетісімен аудандық сотқа сот көмекшісі етіп тағайындапты.
Міне, осылайша Рахымның қуанышы қуанышқа ұласқан жайы бар. Сол қуанышын анасына жеткізгенше асығып келе жатқан беті. Үйге жақындай бере мал қора жақта айналшықтап жүрген анасын байқап қалды да, жүрегі су ете түсті. Ширақтау басып, анасының жанына жетіп келді. Анасы мұны көре сала:
- Балам, енді мына қара тайынша құтырған ба деймін, түстен бері осымен әуреленіп жатырмын. Тамағы қырылдап, бірдеңеге қақалып-шашалғандай аузынан көбік ағып, қызарған көздері шатынап, жарылып кете жаздап тұр. Не болды, бұл топалаң тигірлерге, не жазып едік, құдай-ау, – деп анасы жыламсырап қоя берді.
Рахым іштей: «Бұл не нәрсе өзі, жылма-жыл бір мезгілде қайталанатын. Мұнда қандай сыр бар?» – деп
ойланды.
- Апа-ау, оған не беріп едіңіз, – деді аспай-саспай.
- Не берейін, бір бау жүгері паядан басқа ештеңе бергем жоқ, күнде жейтіні сол ғой! «Қой, бұл жұмбақтың шешуін өзім шешпесем болмас», – деп Рахым тәуекелге бел буды:
- Апа, қалыңдау орамал беріңізші, қолымды орап алып, не де болса тайыншаның аузын ашып көрейін, – деді.
- Ойбай, құрысын, жолама! Атып таста ол қарғыс атқырды, – деп анасы шыр-пыр болды.
Рахым анасының айтқанына көнбестен қолын орамалмен бірнеше қабат етіп орап алды да, қара тайыншаның аузына сүңгітіп жіберді. Қолы бірден сырты кедір-бұдыр қатты бір нәрсеге тиді. Тамағына бір зат кептеліп қалған сияқты. Әрлі-берлі қозғап, әрең дегенде суырып алды. Қараса, кәдімгі жүгерінің собығы, дәні түп- түгел.
- Апа, мынаған қақалыпты ғой, – деп Рахым бүтін собықты аяғының астына тастай салды. Қара тайыншаның жаны жай тапқандай болып, көздерінде сәуле ойнады. Құйрығын бұлаңдатқан күйі лып етіп түк болмағандай топ сиырдың ішіне кіріп кетті.
Рахым да аң-таң, анасы да аң-таң. Бар кілтипан жүгері пая да болып шықты. Жүгеріні жинағанда собық аршылмаған күйі паямен бірге қалып қойған да тайыншалар оларды шайнамай бүтіндей жұтқан.
- Балам-ау, қызыл тайыншаны тапа тал түсте атып тастап обалына қалыппыз ғой. Бар кінә өзімізден екен, – деді анасы өкінішті үнмен.
Рахым анасының сөзімен келіскендей үндемеді. Іле-шала:
- Апа, мен оқуға қабылданыппын, бүгін хабар алдым. Екіншіден, аудандық сотқа сот көмекшісі болып тағайындалдым, – деп көңілденіп сала берді.
- Құдай-ау, «өшкенім жаным, өлгенім тірілген күн
болды ғой». Келші бері, құлыным, – деп қуанған анасы көзінен жас шыққан күйі Рахымды құшағына алып бауырына қысты.
Аналы-балалы екеуінің құшақтары жазылмай біраз тұрып қалды.
МАЗМҰНЫ
Әңгімелер
ШЫРАҒЫМ МЕНІҢ
Редакторы МАҚПАЛ ҚҰРМАНБЕК
Қате түзеуші ҚАЗЫНА НҰРМАХАНОВА Беттеуші дизайнер МАҚПАЛ АЙТАҚЫНҚЫЗЫ Техникалық сарапшы Арман КОКОМБАЕВ
ISBN 978-601-03-0295-2
ИБ № 73
Басуға 28. 10. 2014 ж. қол қойылды.
Қалыбы 84 108 1/32. Офсеттік басылым.
Қаріп түрі “Times New Roman”. Көлемі 10,9 баспа табақ.
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №73.
“ҚазАқпарат” баспа корпорациясының баспаханасы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?