Қазақ ертегілері суретімен


Түлкі мен жолбарыс

 Бұрынғы уақытта түлкі мен жолбарыс жолдас болыпты. Екеуі бір жардың басына келіп қоныпты. Жолбарыс айтыпты:

  •  Мен мына жардан құлап кетермін, сен түлкі, менен төмен жат, – депті.

 Сөйтіп, түлкі жолбарыстың аяқ жағына жатыпты. Жолбарыс ұйықтап қалғанда, түлкі жолбарыстың үстіңгі жағына шығып жатып:

  •  Әй, жолбарыс, мені басып кеттің, арырақ жат! – депті. Жолбарыс жылжи бере, жардан құлап кетіпті. Құлап барып, өліп қалыпты.

Қотыр торғай

 Бір қотыр торғай шеңгелге қонып отырғанда, жарасының қара қотырланған аузын шеңгелдің тікенегі сыдырып кетіпті. Торғай ашуланып:

  • Қап бәлем, сені ешкіге айтпасам ба! – деп, ешкіге келіп:
  • Ешкі-ешкі, ана шеңгелдің сылдырмағын неге жемейсің?Ешкі:
  • Оны жемек түгіл өзім лақтай алмай жатырмын. Торғай:
  • Қап бәлем, сені қасқырға айтпасам ба!
  • Қасқыр-қасқыр, ана ешкіні неге жемейсің? Қасқыр:
  •  Оны жемек түгіл байдың жабағысын жеп тауыса алмай отырмын. Торғай:
  • Қап бәлем, сені жылқышыға айтпасам ба!
  • Жылқышы-жылқышы, ана қасқырды неге ұрып алмайсың?

Жылқышы:

  • Оны ұрып алмақ түгіл өзім ұйқым қанбай жүр. Торғай:
  • Қап бәлем, сені байға айтпасам ба?
  • Байеке-байеке, ана жылқышыңды неге ұрмайсың? Бай:
  • Оны ұрмақ түгіл өзім қоспамды тауыса алмай отырмын. Торғай:
  • Қап бәлем, сені тышқанға айтпасам ба!
  • Тышқан-тышқан, байдың қоспасын неге жемейсің?

Тышқан:

  • Оны жемек түгіл өзім інімді қаза алмай жатырмын. Торғай:
  • Қап бәлем, сені балаларға айтпасам ба!
  • Балалар-балалар, ана тышқанды неге ұрып алмайсыңдар?

Балалар:

  •  Оны ұрып алмақ түгіл өзіміз асығымызды ойнай алмай жатырмыз. Торғай:
  • Қап бәлем, сендерді кемпірге айтпасам ба!
  • Кемпір-кемпір, ана балаларды неге ұрмайсың? Кемпір:
  • Оларды ұрмақ түгіл өзім жүнімді сабай алмай жатырмын.

Торғай:

  • Қап бәлем, сені құйынға айтпасам ба!
  • Құйын-құйын, кемпірдің жүнін неге ұшырмайсың?

 Құйын соғып кемпірдің жүнін ұшырды, кемпір келіп балаларды ұрды, балалар тышқанды ұрып алды, тышқан байдың қоспасын тесті, бай жылқышыны ұрды, жылқышы қасқырды ұрып алды.

Қасқыр ешкіні жеді, ешкі шеңгелдің сылдырмағын жеп, қотыр торғай шеңгелден өшін алған екен дейді.

Кім күшті?

Ерте, ерте, ерте екен, Ешкі жүні бөрте екен, Қырғауылы қызыл екен. Құйрық жүні ұзын екен. Қырғауылы қарқылдап, Жалтыр мұзға сыртылдап, Алшая келіп қоныпты.

Шаты айрылып қалыпты, Қисая жатып қырғауыл Сонда мұздан сұрапты:

  • Мұз-мұз, сен неден күшті болдың?
  • Мен күшті болсам, бауырымды жаңбырға тестірмес едім.
  • Жаңбыр-жаңбыр, сен неден күшті болдың?
  • Мен күшті болсам, жерге жұтқызар ма едім.
  • Жер-жер, сен неден күшті болдың?
  • Мен күшті болсм, көк шөпке бауырымды жардырмас едім.
  • Көк шөп-көк шөп, сен неден күшті болдың?
  • Мен күшті болсам, көк тоқты мойнымнан жұлқымас еді.
  • Көк тоқты, сен неден күшті болдың?
  •  Мен күшті болсам, көк шұнаққа (қасқыр) құйрығымды жұлқытпас едім.
  • Қасқыр-қасқыр, сен неден күшті болдың?
  •  Мен күшті болсам, көк мылтыққа құйрығымды ойдырмас едім.
  • Көк мылтық, сен неден күшті болдың?
  •  Мен күшті болсам, қоңыр шолақ тышқанға білтемді қидырмас едім.
  • Тышқан, тышқан сен неден күшті болдың?
  • Мен күшті болсам, құмырсқаға ін салдырмас едім.
  • Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?
  •  Алты батпан ауырды арқалаған күштімін, жеті батпан ауырды желкелеген күштімін, – деген екен.

Арыстан мен түлкі

 Арыстан қартайды. Аңдарды бұрынғысындай аулай алмайтын болды. Енді аңдарды айламен аулағысы келді. Өзі үңгірде жатты да:

  • Аурумын, жүруге әлім жоқ, – деп барлық аңдарға хабар таратты.

 Аңдар бір-бірлеп арыстанның халін білуге келді. Арыстан аңдардың біреуін де қайтармады. Бәрі де арыстанға жем болды.

Бір күні түлкі келді. Ол үңгірден алысырақ тұрды да:

  • Халіңіз қалай, тақсыр? – деп көңілін сұрады.
  •  Халім нашар. Неге жақынырақ келмейсің? Берірек кел, түлкіжан, бір азырақ сөйлесейік? – деді арыстан.

Түлкі:

  •  Мен саған жақын барар едім-ау, бірақ саған кірген із бар да, шыққан із жоқ! – деп жүріп кетіпті.

Жыл басына таласқан

хайуандар

Бұрын ерте заманда хайуандар жыл басы болуға таласыпты.

Сонда жылқы айтыпты:

  •  Мен алысты жақын қыламын. Күшімді болса көреді, сүтімді болса ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі. Адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл басы мен боламын, – дейді. Түйе айтты:
  •  Сен адамның жұмысын қылсаң, сұлы, шөп асайтын тамағың үшін құл болдың, міне, мен сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айшылық алыс жерлерге барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын. Көде болса көде, жусан болса жусан, не кез келсе, соны қорек етіп, табылса су ішіп, табылмаса шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық, – деді. Сиыр айтты:
  •  Адам егін ексе менімен егеді, сүтімді ішеді, құрт-май істейді, жыл басы болу маған лайық, – деді. Қой айтады:
  •  Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді, жүнімді алып киіз басады, жабағымнан киім тігеді, арқан, жіп еседі. Сүтімнен құрт- май алады, шаруаға менен пайдалыларың жоқ, – деді. Ит айтты:
  •  Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Мен сендердің баршаларыңның бақташыңмын, дұшпан көрінсе үріп, абалап, иеме хабар беремін, – деді. Тауық айтты:
  •  Мен болмасам, кісі ерте жұмысына бармай ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып, таң атты деп шақырып, хабар айтамын. Кеш болса, жатар мезгіл болды деп, тағы шақырамын, – деді. Тышқан не айтарын білмей тұрды да, бір түрлі қулық ойлап, жиылған көпке айтты:
  •  Бұл таластан ешнәрсе өнбес, жылды қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын, – деді. Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің бойына сеніп: – «Менен бұрын кім көреді» деп, тышқанның сөзін қостап бәрі қарасып тұрды. Біраздан соң тышқан жорғалап,

түйенің үстіне шығып, өркешінің басына мінді де отырды. Көп хайуан таласып, біз көреміз, біз көреміз деп тұрғанда, ең биікте отырған тышқанды көріп, ешнәрсе демепті.

 Сонан соң жылды бәрінен бұрын тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болыпты. Түйе бойына сеніп құр қалыпты.

Ешкі мен қасқыр

 Тасты таудың басында ешкі оттап жүр еді; таудың төменгі жағында тамақ іздеп, аш қасқыр жүр екен. Тау басындағы ешкіні көріп, қасқыр айтты:

  •  Тау басында сен оттағандай шөп жоқ қой, онанда төмен түсіп, жердегі тәтті, шырынды шөпті жесейші!

Ешкі қасқырға айтты:

  •  Әй, шырағым, тау етегіндегі тәтті шөпті өзің үшін сақтарсың, ал маған тау басында да жақсы, – деді.

Ақ тиын мен қасқыр

 Ақ тиын бұтақтан-бұтаққа қарғып жүріп, ұйықтап жатқан қасқырдың үстіне құлайды. Қасқыр қарғып тұрып, оны жегісі келеді.

Ақ тиын жалынып:

  • Мені жеме, жібер? – дейді.
  •  Жарайды, жіберейін, бірақ сен маған айт: неліктен сендер әр уақытта шат болып жүресіңдер?

Сонда ақ тиын:

  •  Мені жіберіңіз, сонан соң айтайын, әйтпесе жүрегім дірілдеп сөйлей алатын емеспін, – дейді. Қасқыр ақ тиынды босатады. Ақ тиын ағаш басына шығып алып:
  •  Сен, қасқыр, залымсың, залымдық ішіңді жандырады, сондықтан әрқашан қапалы жүресің. Біз ешкімге жауыздық істемейміз, сол үшін де әр уақытта шат болып жүреміз, – депті.

Түлкі мен қырғауыл

 Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де, жақындап келіп:

  • Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халың қалай? – дейді. Қырғауыл:
  • Жақсы, өзің қалай тұрасың? – дейді. Түлкі:
  •  Жерге түсіп, сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді. Қырғауыл:
  •  Жерге түсуге қорқамын, жерде әр түрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді. Түлкі:
  •  Әй, достым, биылғы заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді.

Қырғауыл:

  •  Жақсы хабарыңыз бар екен, рахмет, достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, есітсін, – дейді. Ит деген сөзді есіткен соң, түлкі алды-артына қарамастан қаша жөнеледі. Қырғауыл:
  • Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді.

Түлкі:

  • Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.

 Арыстан, қасқыр һәм түлкі

 Арыстан ауырып, бір апанда жатады, барлық аңдар оның халін сұрап келіп жүреді. Бірақ түлкі келмеген еді. Қасқыр түлкіге наразы болады да, соның үшін арыстанға келіп, түлкіні жамандайды:

  •  Түлкі сені құрмет етіп, тым болмаса халіңізді сұрамады ғой, – дейді. Арыстан ашуланып, түлкіні шақырып алады. Түлкі қасқырдың жамандағанын сезеді де арыстанға айтады:
  •  Маған бекер ашуланасыз, мен сіздің ауруыңызды есіткен соң, бір тыным тапқаным жоқ, сізге ауруыңызды жазатын дәрі іздеп мазам кетті, міне жаңа ғана тауып келе жатқаным еді, – дейді. Сонда арыстан қуанып кетіп:
  • Ол не дәрі? – дейді. Түлкі айтады:
  •  Егер де тірі қасқырдың терісін сыпырып алып, жылыдай жамылсаңыз дегенде, арыстан сөздің аяғын тыңдамастан, қасында тұрған қасқырдың терісін бассалып сыдыра бастағанда, түлкі сөзін айтып болмастан күліп, шығып жүре береді.

Түлкіден

де қу бір қаз

 Түлкі бір күні оттап жүрген бір қазды ұстап алып, алдыңғы екі аяғымен басып тұрып, мазақ қылып, қазды біраз азаптайын деп мұртынан күліп айтыпты:

  • Ә, қаз, сенің қолыңа мен түссем, сен не қылар едің? – депті. Қаз сәл ойланып тұрып:
  •  Не қылар едім? Белгілі емес пе, сені тісіммен тістеп тұрып, екі аяғыңды кеудеме қойып, көзімді жұмып:
  •  Ә, құдай, бергеніңе мың шүкір! – дер едім де, – сені жеп қояр едім, – депті.

Түлкі:

  •  Мынауың дұрыс екен. Мен де сені өзің айтқандай қылып жейін депті де, қазды тістеп, өзі шоңқиып отырып, алдыңғы екі аяғын кеудесіне алып, молдадай көзін жұмып:
  •  Ә, құдай… – дей бергенде, қаз қанатын қағып қалып, қаңқылдап ұшып кете беріпті.

Түлкі:

  • Ә, құдай… – деген күйінде аузы аңқиып, шоңқиып қала беріпті.

Қасқыр мен қозы

 Қасқыр судың жоғарғы жағында, қозы төменгі жағында тұрып су ішеді. Қасқыр қозыны жегісі келіп, бір айла іздей бастайды.

Қасқыр қозыға айғайлап:

  • Мен ішетін суды неге былғадың! – деді. Қозы:
  •  Қасеке, мен қалай сен ішетін суды былғаймын. Сен судың жоғарғы жағында, мен төменгі жағындамын, мен ішкен су саған бармайды ғой, – деді.

Қасқыр тағы айғайлап:

  • Сен өткен жылы менің әкемді қорлағансың, – деді.
  •  Қасеке, мен қалайша сенің әкеңді қорлаймын, өткен жылы тумаған да едім. Қасқыр ашуланып:
  •  Әдепсіз, неге қарсы сөйлейсің! – деп, қозыны сол қалпында жеп қояды.

Түлкі мен тырна

 Түлкі мен тырна достасып, бірге тұрмақ болыпты. Екеуі бір балалап бір жерден орын тауыпты. Ішіп-жемегі ортақ. Бірі жем іздеп саяхатқа кеткенде, біреуі балапандар мен күшіктердің жанында қалады. Бір күндердің күнінде, тырнаның таз балапандарына жүн шығып, жорғалайтын болады. Түлкінің күшіктері қара пұшпақ болып құлпырады. Аналары балаларын ауық-ауық жатақтың жанындағы жайдаққа серуенге алып шығып жүреді. Бір күні тырна саяхатқа кетіп, түлкі балаларды бағып-қағып қалады. Бәрін серуенге алып шығады. Балапандар мен күшіктер апыр-топыр алысып, ойнап жатады. Оны көріп отырған түлкіге ой түседі: – Осы, менің мұным не, мына тырнаның тұқымдарының мекені аспан, жайшылықта бұл секіргендерді құдайдан тілеп ала алмайтын тамақ қой. Бұл әрі-беріден соң ұшады да кетеді. Санды соғып біз қаламыз. Достасатын, бұлар менің екі туып бір қалғаным ба, ал тағы мына күшіктер де құс ұстауға үйренуі керек. Қой, кісі баласы кісіге бала болмайды. Оданда, деп тырнаның бір балапанын тыртитып алып ұрып, күшіктеріне қалай ұстап, қалай өлтіріп, қалай жеуді көрсетеді. Сөйте-сөйте күшіктер анасының баулуымен бар балапандардың басына жетеді. Өлтірген

балапандарын аулаққа апарып, тығып тастайды да, қайтып жатаққа жайласады. Кешінде тырна қайтады. Түлкі тырнаның алдынан шығып жыламсырайды. Тырна:

  • Ей, не болды! – дейді. Түлкі:
  •  Әу, білмеймін. Балалардың саны аз көрінеді, – дейді. Тырна, апалақтап сасып:
  • Жоғы сенікі ме, менікі ме? – деп сұрады. Түлкі тырнаны қыжырта кекетіп:
  •  Әй, байғұс-ай, ойыңның арамы-ай, қанша бауырға тартсам да, бөлектенген сөзіңнің ұшқыны шығады да тұрады. Балапандарды сенікі, менікі деуші ме едік, – депті қу түлкі.

Қоянның зары

 Бір қоян жылап отырып сөйлейді: – Дүниеде мендей сорлы жоқ. Бәрі де менің соңымда – аңшы да, ит те, қасқыр да, түлкі де, қаршыға да, бадырақ көз жапалақ та, ақымақ қарға да менің балаларымды тасиды. Қорғанарға қаруым жоқ. Тиынша ағашқа шыға алмаймын. Тышқанша ін де қаза алмаймын. Тісім өткір, бірақ тістеуге батылым жетпейді. Қорқақтық болмаса, дүниеде жүгіруге де болар еді. Бір дыбыс есітсем құлағым тікірейіп, жүрегім лүпілдеп, шапшаң жүгіре бастаймын, мені тез қуып жете алмайды, құйрығымның қысқалығы да жақсы. Итке ұстауға болмайды. Бұлардан да пайда жоқ, бір жыл болмай мені ұстап өлтіреді. Терімді сойып алады, етімді жейді, сүйегімді итке тастайды.

Түлкі мен құмыра

 Бір әйел далаға егін ора келіп, құмырасын сүтімен шөптің арасына тығып қояды, бұны түлкі көреді де жасырынып келіп, құмыраның ішіне басын тығып, сүтті ішіп қояды. Енді түлкі құмырадан басын шығара алмай әлек болады.

 Түлкі: – Әу, құмыра! Біраз ойнадың жетер, жібер менің басымды? – дейді.

 Қалай жұлқынса да басын шығара алмады. Түлкі ашуланып, қап бәлем, тұра тұр, жақсылықпен қалмасаң, сені суға батырармын деп жүгіріп келіп, өзенге құмырамен өзі де бірге батып кетіпті.

Арыстан мен кісі

 Бір адам жасынан аң аулап күн көреді екен. Бір кезде ауын бір ағаштың түбіне құрып қойып жүрсе, қапыда арыстанға кездеседі. Арыстан:

  •  Ей, адам! Кездеспей жүр едің, бері кел, құлақ сал сөзіме, сенің істегеніңнің бәрі қиянат көрінеді, маған сырттан қайрат ететін көрінесің, күшің артық болса құтыл менен, аузыма бір-ақ салайын ба?

Адам айтады:

  •  Сенен күшім артық болмаса да сенімен айтысамын, егер күшті болсаң анау жерде менің құрып қойған бір нәрсем бар, содан өт, егер де өтіп кетсең мені жеп-ақ қой, арыстаным, – дейді.

Арыстан:

  •  Айлаңды көріп тұрмын, әуелі өзің өтші, – дейді. Адам аудың астынан өте шығады. Арыстан өтемін деп бар пәрменімен секіргенде торға барып оралады. Сөйтіп, адам айласымен арыстанды торға түсіреді.

Қасқыр мен кісі

 Бір қасқыр тамақ іздеп жатып, құрулы тұрған қақпанға түсіп қалады. Олай жұлқынып, бұлай жұлқынып зорға құтылады. Қашып бара жатқан қасқырды аңшылар көріп артынан қуа жөнеледі. Қасқыр сасқалақтап бір егіншіге келіп жайын айтады:

  •  Қайтсеңде мені жасыр, ұмытпаспын жақсылығыңды, мені қабыңа салып арқалап жүре бер, – дейді. Қасқыр жылап тұрған соң, егінші адам қабына салып алып, арқалап жүре береді. Кешікпей, аңшылар мылтық, қылышын жырқылдатып жетіп келеді. Кісіден сұрайды:
  • Қашып бара жатқан қасқыр көрмедің бе? – деп. Кісі:
  •  Жаңа бір қасқыр анау шоқыдан қашып өтті, тезірек ұмтылыңдар, – дейді. Аңшылар асып кеткеннен кейін, егінші қаптың аузын шешіп, қасқырға жөніңе бар, маған да бір жақсылық етерсің дейді. Қасқыр қуанып секіріп шығып, егіншіге «мен сені жеймін, қарным ашты» – деп тап-тап береді. Егінші байғұс сасқалақтап:

 Жамандық неден болады?

 Ертеде орман арасында бір жалғыз кісі тұрыпты, бұл кісіден аң, құстар қорықпай, адамша сөйлесіп жүреді екен. Бір күні әлгі кісі талдың түбінде жатқанда, барлық құстар жиылып, сол жерге түнемек болыпты. Аң, құстар өзара әңгімелесіп: «Осы дүниеде жамандық не себептен болады?» – деп бірінен бірі сұрайды.

Сонда қарға айтыпты:

  •  Дүниедегі жамандық аштықтан болады, жүрегің қарайған соң, не болса соған ұрынасың, ешкімді тыңдамайсың. Осы ашаршылықтан біздің қанша жақын туысымыз өлді. Сондықтан аш болмаудың қамын ойлау керек, – деді.

Көгершін айтты:

  • Менің ойлауымша, жаманшылық аштықтан емес.

Сүйіспеншіліктен болады. Егер де біз жалғыз болсақ, біздің жұмысымыз аз болар еді. Біз екеу-екеуден тұрамыз. Өзіңнің жар жолдасыңды жақсы көрген соң, саған тыныштық жоқ. Оның тамағын тоқ, көйлегін көк етуді ойлайсың. Және де ол бір жаққа ұшып кетсе,

аман-есен келгенше тыныштығың кетіп, қайғы жепболасың. Келмей қалса, іздеймін деп, өзің бір нәрсеге ұшырап өлесің. Сондықтан жаманшылықтың бәрі осы сүйіспеншіліктен болады, – деді.

Жылан айтты:

  •  Меніңше, жамандық ызақорлықтан болады. Егерде біз тату тұрсақ ызаланбас едік. Сонда бізге бәрі де жақсы көрінер еді.

Егерде бір нәрсең көңілдегідей болмаса, бек қатты ашуланасың. Ашу кезінде ешкімді аямайсың. Біреуді шақсам екен деп жорғалай бересің. Ақырында біреуді шаққаннан кейін өзіңді өлтіреді. Міне, жамандық ызақорлықтан болады, – деді.

Бұғы айтты:

  •  Меніңше, дүниедегі жамандық қорқақтықтан болады. Егерде біз еш нәрседен қорықпайтын болсақ, бәрі де жақсы болар еді.

Мен жүйрікпін, күшім көп, кішкентай аңдарды мүйізіммен сүзіп құлатамын, үлкен аңнан қашып құтылам. Бірақ нашарлық, қорқақтық ағаштың бұтағы сыбдырласа, жапырағы суылдаса, қорыққаныңнан есің кетіп қаша бастайсың. Қашып келе жатып жардан құлап өлесің, не, ит-құсқа жем боласың. Сондықтан қорықпау керек, батыр болу керек, – деді. Сонда баяғы тыңдап отырған кісі айтты:

  •  Сіздер бәрің де жамандықтың не себептен болатынын дұрыс айтыңдар. Біз адам баласы оны жақсы білеміз, неге десеңдер, біз жамандықты да, жақсылықты да көп істейміз.

 Аштық, сүйіспеншілік, ызақорлық, қорқақтық – бәрі де біздің тәнімізді сақтау үшін керек. Бірақ біз тәнімізбен тіршілік етпейміз, көбінесе жанымызбен тіршілік етеміз. Егерде біз бәрінен бұрын тәнімізге қызмет қылмай, жан күйіне қызмет етуді тілесек, онда біз аман болар едік, – деді.

Түлкі мен тауық

 Бір түлкі жортақтап тамақ іздеп келе жатып, биік ағаш басында тұрған тауықты көреді де бұл тауықты алдап қапқаныма түсірейін деп ойлайды. Түлкі:

  •  Тауығым, неге отырсың биікте? Жерге түс, тілімді алсаң, дос болайық, осы жерде намаз оқып алайық, ойнап-күлейік, – дейді.

Тауық:

  •  Рас айтасың, түлкім, бесін намазының мезгілі болып қалды, анау жерде имам жатыр, оята ғой, – дейді.

 Түлкі қуанып кетіп, биіктегі тауықты жей алмасам да жердегі тауықты жеймін ғой, – деп жүгіріп барса, бір тазы ұйықтап жатыр екен, тұра түлкіні қуады. Түлкі қаша жөнеледі, тауық оны намазға шақырады: «Байтал түгіл бас қайғы». Тазы түлкіні қуып жетіп, алқымынан алады. «Біреуге ор қазба, өз басыңа келер» деген.

Япырмай, тауық қандай, түлкі қандай, түлкіні тауық па еді алдағандай.

Қарға мен баласы

 Қарға баласына: «Адам баласы біздің дұшпанымыз, сақ болыңдар, екі шоқып бір қараңдар», – деген. Сонда баласы: «Екі шоқып бір қарамай, бір шоқып екі қарағанда аштан өлеміз бе», – деген.

Қарға: «Адам баласы ұратын тасын қойнына тығып жүреді» –

деген, сонда баласы айтқан:

  •  «Тасты қойны мен қонышына салғанша, қолына ұстап жүрсе болмай ма?» – деген.

Қасқыр мен түлкі

 Қасқыр мен түлкі келе жатып бір жартастың үстіне шығады, қасқыр бір қой жеп тойынып алған, түлкі аш. Түлкі жемеген, біраз қайғыланып тұрып, ішін тартады. Қасқыр:

  • Түлкім-ау, неге ішің тартасың? – дейді. Түлкі:
  •  Бір нәрсеге қайран қалып тұрмын. Бұл жартасқа екі рет келдім. Сенің әкеңнің ерлігіне сондай сүйсіндім, осы жартастан әкең баяғыда секіріп еді, баласы әкесіндей секіре алады дейсіз бе, – дейді. Қасқыр оған сеніп «мені де сынап көрші, секірейін», – деп жартасқа үш келіп, үш рет қайтады. Түлкі сақылдап күледі. Қасқыр сұрайды:
  • Неге күлдің? – деп. Түлкі:
  •  Атаңа тартқаныңа күлемін, дәл сен сияқты үш келіп, үш кетіп, төртіншіде секіріп еді, – дейді. Түлкіге сеніп, төртіншіде жартастан секіргенде қасқыр байғұстың құлап түсіп, белі сынады. Досының құлағанын көріп, түлкі артынан келіп, көтеншегін суырып алып, мырс етіп күледі. Қасқыр:
  • Неге күлдің, түлкім? – дейді. Түлкі:
  •  О, ақымақ! Баяғыда әкеңді де мақтап-мақтап секіртіп, көтеншегін суырып жепем, – дейді.

Бес ешкі

 Ертеде бір кедей болыпты. Оның бес ешкі, бір қара тоқтысы және бір құла аты болыпты. Кедей ешкілері мен тоқтысын байдың қойына, атын байдың жылқысына қосады екен.

 Бір күні азынап тұрған боранда бай бес ешкі мен қара тоқтыны, құла атты өз малынан бөліп, елсіз-күнсіз айдалаға айдап жібереді.

 Ұли соққан боран, үскірік аяздан бүрсең қаққан бес ешкі бір тасқа келіп ықтайды да, тасжарғының бүршігін күрт-күрт шайнап, тұра береді. Қара тоқты бишара оларға ере алмай, «Енді өлдім- ау» деп, маңырап тұрғанда, тап қасында бір түп көкпек көрініпті. Көкпектің түбіне келіп, теуіп-теуіп кеңейтіп, бүрлерін жалмап, жем етіп, бырт-бырт шайнап, ол жата беріпті.

Жал құйрығына қар қатқан, Қабағын қалың мұз жапқан, Әрлі берлі көп шапқан.

 Құла ат қамыстың арасындағы бетін көбік қар жауып қалған бір құдыққа күмп етіп, түсіп кетіпті. Оқыранып, осқыранып, қайшылап тігіп құлағын, жұлып жеп ернеу құрағын, күрт-күрт шайнап, о да тұра беріпті.

 Сөйтіп кедейдің бар малы ақ боранның астында, қараңғы түнде айдалада қалыпты.

 Боранмен бірге құтырып, араны ашылған аш қасқыр жем іздеп келе жатып, қара тоқтының дәл үстінен түсіпті:

  • Қара тоқты, қара тоқты, сені жеймін! – депті қасқыр.
  • Ағатай, ағатай, мені жеме, ана жерде бес ешкі тұр, соны же, –

депті тоқты.

  •  Жарайды, – депті де қасқыр аузын ақсита түсіп, бес ешкіге жетіп келіпті.
  • Бес ешкі, бес ешкі, мен сендерді жеймін!
  •  Қасеке, қасеке, бізді жеме, ана жерде жалы құлағынан асқан құла ат құдыққа түсіп жатыр, соны же, – депті бес ешкі.
  •  Жарайды, – депті де, қасқыр құлағын тікірейтіп, арқа жүнін сыртқа теуіп, құла атқа келіпті.
  • Құла ат, құла ат, мен сені жеймін! – депті қасқыр.
  •  Сен қасқыр едің, мен ат едім. Ең болмаса мені мына құдықтан шығарып ал, батпағымды тазарт, артыма шығып отыр да, бір аят оқы, сонан соң же. Онсыз да өлгелі жатырмын ғой, – депті құла ат.
  •  Жарайды, – деп, қасқыр құла атқа құйрығынан мықтап тістетеді де, құдықтан шығарып алады. Аяғымен тырналап, батпағын тазалайды.
  •  Енді әрі қарап тұр да, иманыңды айта бер. Мен құранды келістіріп оқимын да, келістіріп тұрып сені жеймін, – депті қасқыр.

 Құла ат құлағын жымырып, артқы аяғын баурына алыңқырап, тұра беріпті.

 Иен дала, айсыз түн, азынаған боранда өзімнен басқа батыр жоқ деп, даңғойсыған бөрі құла аттың артына шығып, шоқиып отырады да, молдаларға ұқсап, екі көзін шарт жұмып, өзінше әндетіп, ұли бастайды.

 Аңдып тұрған құла ат қырындай түсіп, көз тастап, артқы аяғымен дәлдеп тұрып қасқырдың шықшытынан теуіп кеп қалады.

 Шықшыты сынып, екі көзі алдына ағып түскен қасқыр қылжиып жатып ұлиды:

Қара тоқтыны жемеген Қобылан басым-ау у… у… Бес ешкіні жемеген

Бегпен басым-ау у… у…

Құла атты құдықтан суырып алған Палуан басым-ау у… у…

Артына шығып, құран оқып, Көз жұмар, молда ма едім?

Ау… у…

депті де қылжиып жатып, өліпті.

* * *

 Ертеңіне таң атып, боран басылған соң кедей бір төбенің басына келіп, былай деп, малдарын шақырыпты.

Қой баласы қоңырым, Ұя бұзбас момыным, Шопан ата түлігі

Қошақаным, қайдасың? Пұшайт, Пұшайт, Жүнін жұлса бақырған,

Ешкі атасын шақырған, Өрісте өскен жануар -

Шөкетайым, қайдасың? Шөре! Шөре! Жолға шықсам көлігім,

Жапанда жүрсем серігім, Қамбар ата өсірген

Құла атым менің, қайдасың? Құрау! Құрау!

 Бұл дауысты естіген соң, құла аты қар бұзып, бес ешкі шұбап жол салып, қара тоқтыны соңдарынан ертіп, аман-есен иелерін тауыпты. Кедей малдарын әкеп, жылы қораға кіргізіп, астарына жайлап көң төсеп, пішен мен жемге тойғызып, олардың көрген-білгендерін сұрапты да, әңгімеге әбден қанып алған соң:

  •  Сен неге басыңды сауғалап, бес ешкіні саудаға салдың? – деп, қара тоқтыға кінә қойыпты.
  •  Мүйізім болса өскен жоқ, буыным болса қатқан жоқ, өзім жалғыз, әрі әлім келмейтін болған соң, солардан бір зауал болар деп, бес ешкіге жіберіп едім, – деп жауап беріпті қара тоқты.
  •  Сендер неге өз бастарыңды сауғалап, құла аттың басын саудаладыңдар? – депті бес ешкіге.
  •  Сіздің құла атпен талай рет қасқыр соққаныңызды білеміз, сондықтан ер қанаты ат еді ғой, бір зауал содан болар деп едік. Онымыз дәл келді, әйтпегенде аш қасқыр бәрімізді де жеп қоятын еді, – депті ешкілер.

Адам өмірі

 Дүниені тегіс жаратып болған соң, жер мен көкті Жаратушы – адамды, басқа мақұлықты өзінің алдына шақырыпты. Сондағы ойы олардың әрбіріне бір түрлі мінез, дүниеде тұруына белгілі өмір беру екен. Ең алдымен барған адам екен, оған айтыпты:

  •  Сен адам, жаратушылардың ішінде сенің түр-сипатың артық. Саған сөйлеуге сөз, ойлауға ақыл бердім. Басқа мақлұқтардың бәрі сенен төмен болып, олардың бәрі сенің әміріңде болады, олардың баршасына сен үкім қыларсың. Қырдағы шөп, ағаштардың жемісі, телегей теңіздер, таулы қияндар – бәрі саған қарайды және өзің жер үстінде отыз жыл өмір сүресің, – депті:

 Сонда адам бұған разы болмай, бір жағынан бұрылып кетіп, өзі өзіне айтыпты: «Егер мен дүниенің патшасы болсам маған бар дүниеде жоқ сипат тиісті болса, бір отыз жыл өмір сүргеннің не пайдасы бар», – деп кейбір көп өмір алған хайуандарды көре алмай, қарап тұрыпты.

Сонда кезек есекке келіпті. Есекке айтты:

  •  Сен, жазаны көп көріп, мехнатты көп шегесің, сен ылғи ауыр жүк тасып, таяқтан әбден өлгенше шаршап болдырып жүрерсің.

Тыныштығың аз болып, жейтін жемің дәмсіз, ішетін суың лай болар. Сондықтан сенің өмірің 50 жыл болсын, – дейді.

Есек тізесінен жығылып басын жерге ұрып тұрыпты:

  •  Егер мен дүниеде сонша азаппен жүретін болғанда, менің өмірімді 20 жылдай азайтса тәуір болар еді, – деді.

Сол уақытта адам жақындап тәуір болар еді, – деді.

  •  Есектің тастап тұрған 20 жасын маған қоссаңыз екен, – деді. Онысы қабыл алынады. Одан кейін кезек итке келеді. Итке айтты:
  •  Сенің міндетті жұмысың үй күзету, нәрселерге көз болу. Жат біреу келсе – сен үруге міндеттісің және көлеңкеде жатып өзің сүйек кеміретін боларсың. Сенің жасың 40 жыл, – депті.

 Ит сонда бас ұрып арыз қылыпты: «Егер мен дүниеде сондай қорлықпен тұрып адамның үйін, мүлкін күзетіп сүйек кеміріп күнелтетін болғанда менің жасымды 20 жылдай азайтса жақсы болар еді, – депті. Ол уақытта адам қайта келіп сұрай бастайды.

  • Иттің алмай тұрған 20 жасын маған қосыңыз, – деп. Ол арыз да қабыл алынады.

Ең соңында кезек маймылға келіпті. Оған айтылған сөз мынау:

  •  Сенің сыртқы сипатың адамға ұқсар, бірақ сол уақытта бала рауышты ақымақ боларсың. Балаларға ермек боларсың. Үлкен кісіге де ойын болып дүниеде 60 жыл жүрерсің, – дейді.

Маймыл сорлы тізесінен тұра қалып арыз қылады.

  •  Егер мен тек сыртым адамға ұқсап, өзім ақымақ, балаларға ермек қана болсам, менің жасымды 30 жылдай қысқартса тәуір болар еді, – деп тұрғанда, бір жағынан адам тағы жетіп келіп:
  • Сол маймылдың тастайын деп тұрған 30 жасын маған берсеңіз, –

дейді. Бұл жолы да ерінбей жүрген адамның арызы қабыл болыпты.

 Сонан соң барша мақлұқтар өз жұмыстарын біліп, бет-бетімен тарапты. Сонда адам да барып өзіне әуел берген 30 жылдың ішінде жақсы дәурен сүріп еш уайымсыз жас жігіт болып тұрыпты. Одан соң 30-дан асып 50-ге шейін ауыр жұмыстар істеп көп мехнатпен жүріпті. Тіршілік қылуға әр түрлі шаруа қылып көп қиналыпты. Бұл қиналған 20 жастары баяғы есектен алған 20 жыл екен.

 Одан соң адам 50-ден аса – енді 70 жасына шейін өзінің үй- ішіндегі оны-мұныларын көздейді (күзетеді), не болса соны кәдік көргіш келеді. Сол кезде кім болса соған айғайлап, сүйекке таласудан да таймайды. Бұл адамның иттен алған жасы болады. 70-тен асқан соң адам аз-аздап ақылынан айрылады, бала тәрізді болады. Ол уақытта белі бүкірейіп, денесі иіліп те кетеді. Балаларға әңгіме, ермек, ойын болады. Бұл жас та өз еркімен маймылдан алған жасы екен.

Торғай мен адам

Өткен заманда бір саятшы тор құрып қойса, торына кішкене

бір торғай түсіп қалыпты. Торғайды адам қолына ұстап үйіне апара жатса, торғай тілге келіп былай депті:

  •  Мен кішкене торғаймын, союға жарамаймын, қапасқа салсаң құсастықпен өлемін. Онан да еркіме қоя бер, еркін кең дүниеге жібер, мен сізге екі ауыз өсиет айтайын, – депті.
  • Кәне, әңгімеңді айт, – депті адам.
  •  Жарайды, бір ауызын қолыңда, бір ауызын жерге түскен соң айтайын. Өйткені қос қолдап қысып тұрғанда өкпем қысылып ештеңе айта алмаймын, – депті торғай. Аңшы босатыпты.
  • Бірінші – өткен іске өкінбе; екінші көзбен көрмей сенбе! – депті.

Торғай анадай жерге қонып отырып:

  •  Сен ештеңені білмедің, менің бөтегемде жұдырықтай гауһар бар еді, – дейді. Адам қонып отырған торғайды ұстауға тұра ұмтылыпты. Торғай әр жерге ұшып-қонып ұстатпайды. Адам қуып қоймаған соң адамға былай дейді: «Менің жаңа айтқан өсиетіме түсінбепсің, өзің ақылыңа салшы, менің өзім жұдырықтай жоқпын, менің бөтегеме ондай зат қалай сияды? Бұл бір. Екінші – мен саған ұстатпаймын, қанатым бар. Сондықтан өткен іске өкінбе», – деп ұшып кетіпті.

Ақыл, ғылым, бақыт

 Ақыл, ғылым, бақыт – үшеуі бір-бірінен артықшылығын салыстырып таласып сарапқа түсіпті. Сарапшылар оларға былай депті:

 Бірінші – бақытқа: сен, тұрақсыз, опасызсың, орныңды таңдамай қонасың, қонғаныңды ісінтесің, тасытасың, ақырында бір күні лақтырып тастап кетесің. Ақылмен байланыс, сонда көп жасайсың,

  • депті.

 Екінші – ғылымға: дүниеде сенен күшті нәрсе жоқ, қара тасты қайнатасың, дүние жүзін жайнатасың, сақауды сайратасың, жоқты бар, бардан жоқ жасайсың, бірақ та бар ғаламды өзіңе бағындырғың келеді, бағынбағанды демде әлек қыласың. Түзеу де, бұзу да сенен шығады. Ақылмен байланыс, сонда абыроймен ұзақ жасайсың,

  • депті;

 Үшінші – ақылға: дүниеде адамзатқа сенен артық дос жоқ, бірақ та ашу үстіңе кіріп келгенде, орныңды беріп шығасың да кетесің.

Ашу бүлдіріп-бүлдіріп кеткен соң кіресің де ашудың бүлдіргенін оңдайсың. Әуелден орныңнан тұрмай отырсаң, ашу сенің үстіңе кірмеген болар еді.

 Барыңдар, ақыл, сен адам бол, ғылым, сен ат бол, бақыт, сен қамшы бол. Үшеуің біріксең ешбір мұң-мұқтаждарың болмайды,

  • депті.

Қыз бен шал

 Өткен заманда 18-ге келген бір ақын қыз ауыл-аймақ ішіндегі бозбала, жігіт-желеңге өлеңмен ұпай салып азар-ақырет берсе керек. Ел жігіттері алыс жердегі атақты ақын шалды ат-шапанын беріп қызбен айтыстырмақ болып алып келеді, қыз мұнан хабарсыз болады. Екеуіне арнайы қызойнақ істейді. Көпшілік жиналған соң, шал қызға: «айтысалық» деп өлең айтады. Қыз: «Сізді шал демейін, айтысайын, бірақ та бір жұмбағым бар, соны жасыруға ұлықсат беріңіз» дейді, шал ұлықсат береді. Қыз: «5 күшік, 10 ит, 20 бөрі, 30арыстан, 40 қабылан, 50 өгіз, 60 арқан, 70 тұсау, 80 шідер, 90торғай, 100 жұмыртқа» депті. Шал «адамның жасы мен күш- халін жасырып отырсыз», деп шешімін өлеңмен қайырады; 5 жаста адамзат күшік мінезді, 10 да иттей, 20 да бөрідей, 30 да арыстандай болады, 40 та қабыландай болады. 50 де күші көп момын өгіздей, 60 та аттай арқандалады, 70 те оның үстіне тұсауланады, 80 де арқан, тұсау үстіне шідер түседі, 90 да торғайдай халы болады, 100 де шертіп қалсаң жарылатын бір жұмыртқадай қауқары қалады», – деп шешкен екен. Қыз, шалдан «өзің қайсысың?» дегенде, шал жасым

  • те, арқандалғаныма біраз болып еді, осы күнде жұлқына беремін, тұсау салып қойыңдаршы дегенді есітіп жүрмін» депті.
    •  Ата, бұрын қыран болсаңыз да балақ бауланып тұғырыңызға отырған екенсіз. Тұлпар болсаңыз да арқандалған екенсіз. Арқанның ең ұзыны жортуылшының арқаны –40 құлаш, мен қызыл алтайымын, сіз алатын 40 құлаш жерді баспаймын, – депті қыз.
    •  Менің ендігәрі қатар емес жасқа қағылмағаным болсын, – деп шал қызға батасын беріпті, қыз қолынан суырып алтын балдағы мен қалтасынан алып жібек орамалын шалға тастапты.

 Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс

 Бұрынғы өткен заманда бір кедейдің үш ұлы болыпты. Бүкіл өмірі байлардың есігінде өткен кедей өлерінде үш ұлын қасына алып отырып өсиет айтады: «Үйдің шығыс жағында бір жалмауыз бай бар, соған өлсеңдер де жалданбаңдар», – дейді.

Әкесі дүниеден қайтқан соң үш баласы қызмет істеуге кіріседі.

 Ең әуелі қызмет іздеп, ең үлкен ағасы үйінен кетеді. Ол көп уақыт жүріп, қызмет таба алмай әкесі «барма» деген байға барады. Бай бұны көрген соң «хош келдің» деп қарсы алады. Бай бұған:

    •  Саған бір қызмет берем, соны орындасаң жалшылыққа алам. Ал, орындай алмасаң басыңды алам, бәрі бір басқа байларда жұмыс жоқ, – дейді. Кедейдің үлкен ұлы:
    • Жарайды, жұмысыңды істеймін, – дейді.

Бай жұмысының түрімен таныстырмақ болып кедей ұлына:

    •  Бір қара нарым бар, күніне 40 бөшке су ішеді, қырық арба құмалақ шығарады, 40 арба пішен жейді, осыны баға алсаң қызметке аламын, егер бұны атқара алмасаң, басың алынады, – дейді. Жарлының үлкен ұлы жұмыстарды амалсыздан орындауға кіріседі. Алғашқы күннен-ақ үлгере алмайды. Бай 4–5 күннен кейін келіп қараса шөп те, су да жетіспей қара нар арықтап қалған екен.

Бай ашуланып кедейдің үлкен ұлының басын алады. Жұмыс сұрап келген адамдарға бай осындай қолдан келмейтін жұмыс тапсырып өлтіре беретін болыпты. Бұдан соң ортаншы ұлы да осы жолмен қаза табады.

Ендігі үйде қалған кіші інісі ағаларын іздеп шығады. Оны жұрт

«бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» деп атайды екен.

Бірқарыс ағаларын іздеп, көп қиындықтарды басынан өткізеді.

Ақырында Бірқарыс зұлым байдың аулына келеді.

Бай бұны көріп қуанып, қарқылдап:

    • Ал, саған жұмыс әзір, – дейді.
    • Қандай жұмыс? – дейді Бірқарыс.
    •  Бір қара нарым бар, күніне 40 бөшке су ішеді, 40 арба құмалақ шығарады, 40 арба пішен жейді. Соны күтуің керек, егер күте алмасаң, басың алынады, – дейді. Бірқарыс күлімдеп:
    • Мақұл, нар деген менің көп баққан малым, бабын табармын, –

дейді.

 Бірқарыс нарды күтуге кіріседі. Бай үйіне барып: «Қолыма қалай түспей кетер екенсің бәлекетім», – деп масаттанады.

 Бірқарыс нарға барып, нарды пішен жейтін орнынан кейінірек, басын пішенге жетпестей етіп байлайды. Одан кейін төрт аяғын төрт қазыққа байлайды. Нар әрі ұмтылады, бері ұмтылады шөп жеп, су іше алмайды.

 Бай бір күні келіп көрсе нар ашығып қалған сияқты көрінеді, бірақ алдында пішен, су дегендер толып тұрады. Бай Бірқарысқа:

    • Бірқарыс, ана нарды отқа жібер, – дейді де үйіне кетеді.

Бірқарыс:

    •  Құп, қожа! – деп қала береді. Бай кетісімен Бірқарыс нарды пішенімен қосып, отқа өртеп жібереді.

Бай бұны көріп, ашуланып, Бірқарысқа келіп:

    • Нарды өртегенің не? – дейді. Бірқарыс:
    •  Бай-еке, ана нарды отқа жібер, – деп өзіңіз бұйырған соң, сізге асылы нардың керегі болмай қалған ғой, – деп отқа жібердім, – дейді. Бай Бірқарыстан жай құтыла алмайтынын сезіп, оны бір қиын жұмысқа жұмсағысы келеді.

 Бай бір күні Бірқарысты шақырып алып, алыстағы Ақсақ темірханның жүйрік қара арғымағын қалайда әкеліп беруін талап етеді.

 Бірқарыс разы болып, қара арғымақты әкелген соң, барлық мүлкіңнің тең жартысын бересің, – дейді байға. Бай ішінен «Бәрі- бір қара арғымақты әкеле алмас» деп ойлап, мүлкінің тең жартысын беруге келіседі.

 Бірқарыс байдың бір жүйрік атын мініп жолға шығады. Бірнеше күндер, апталар жүріп, Ақсақ темірдің еліне де жетеді.

 Келсе Ақсақ темір ханның елінде бір үлкен той болып, ат шабысына әзірленіп жатыр екен дейді. Көптеген жерлерден келген аттарды, Ақсақ темірдің еліндегі аттарды және Ақсақ темірдің қара арғымағын бәйгіге қосады.

 Бірқарыс та астына үлкен құс жастық салып, бұ да өз атымен бәйгіге қосылады. Аттылар бәйгі төріне барып, аттарды қоя бергенде Бірқарыс алдынан оза отырып, құс жастықты жарып жіберіп жүнін бәйгіге қосылғандар алдына қарай бората береді. Жастықтың жүні дауылдай борап, бәйгі атындағылардың көзін бітей береді. Бәйгішілер көздері бұлдырап, ештеңе көрмей аттарының басын басқа жаққа бұра жөнеледі. Қалғандары лағып шығып кетеді.

 Бәйгіден тек Бірқарыс бұрын келеді, одан соң Ақсақ темірдің қара арғымағы келеді.

 Ақсақ темір бұны көріп, табанда ашуланып қара арғымаққа мінген адамын табанда өлтіреді де, Бірқарысты шақырып алып:

    • Қонақ! Мал ал, алтын ал, не алсаң да атыңды бер, – дейді.

Бірқарыс:

    •  Хан тақсыр, алыңыз, бірақ маған қара арғымағыңды беріңіз, елге мініп қайтайын, көлігім жоқ және де бір мың діллә алтын беріңіз, – дейді. Есінен танып қалған Ақсақ темір:
    • Ал… ал…, ал! – деп Бірқарыстың атының басынан ұстай береді.

 Бірқарыс Ақсақ темір елінде қонақ болып жатып, ханның қара арғымағын және бір мың діллә алтынын алып, еліне қайтады. Жолда бірнеше күндер жүріп, байдың еліне келеді. Байға қара арғымақты беріп, уәделі мүлкін сұрай бастайды. Бай Бірқарысқа:

    •  Мүлкімнің тең жартысын аласың ғой, бірақ менің үйімдегі барлық жұмысты істейтін боласың, – дейді. Бірқарыс оған да көнеді.

 Бірқарыс байдың барлық жұмыстарын мүлтіксіз орындап, қайткенде айтқан уәдесін орындатуды ойлайды. Бай Бірқарыстан қорқып қашпақшы болады. Бұны Бірқарыс сезеді де байдың жол азық салған сандығының түбіне тығылып жатып алады.

 Бір күні түнде бай әйелімен екеуі түн ортасында сандықты арбаға салып қашады. Жолға шығып, ұзаған соң бай «Уһ» енді құтылмасақ, Бірқарыс бізге күн бермес деп қояды. Бірқарыс сандық ішінде жатып: «Я, құтылдың!» – дейді. Бай әйеліне:

    •  Апырай, даусының құлаққа естіліп тұрғанын-ай! – дейді. Тағы біраз уақыттар жүріп, елден әбден ұзаған соң: «Құтылдым- құтылдым!» – дейді бай. Бірқарыс қатты дауыстап: «Я, құтылдың! – дейді. Бай ашуланып:
    • Құтылдым, құрғырдың даусы қайдан естіліп тұр? – дейді.

Бірқарыс тағы да:

    •  Құтылдың, бәсе құтылдың! – дейді. Бай мен әйел құрғырға не болды деп құлақтарын баса қояды.

 Екінші күні кешке таман Бірқарыс сандықтың ішінен шыға келеді. Бай мен әйелде үрей қалмайды.

 Кешке құдық басына қонады. Бірқарыс та баймен бірге отырып алады. Бай ішінен Бірқарысты түнде құдыққа тастап жіберуді ойлайды.

 Түн ортасы ауғанда бай мен әйелі ұйқыға мас болып жатқанда, Бірқарыс байдың әйелін өз орнына салып, өзі байдың қасына жатып алады. Бай бір уақытта оянып, Бірқарыстың орнындағы өз әйелін сүйреп апарып құдыққа салып жіберіп, орнына келіп жата қояды.

Ертең ерте бай әйелін оятайын десе қасында жатқан Бірқарыс.

Бай жалмажан атын жегіп, қаша жөнеледі.

Бірқарыс артынан қуып береді. Бай қалың тоғайға тығылады.

Бірқарыс тоғайға өрт жібереді. Бай тоғаймен өртеніп кетеді.

 Бірқарыс байдың аулына келіп, барлық малдарын айдап еліне келеді.

Бақыт іздеушілер

 Ертеде бір бай болыпты, байдың үш баласы болыпты. Бір заманда бұл байдың шаруасы кеміп азая бастайды. Күннен-күнге күн көрісі қиындап бара жатқан соң, байдың үш баласы ақылдасып кәсіп етуге шығады. Үлкен баласы айтады: «Мен Астраханға барып балық кәсібін етемін», – дейді. Ортаншы баласы айтады: «Тұзда кәсіп көп, мен сонда барамын», – дейді. Сонда тұрып ең кіші баласы айтыпты:

«Қайда барса да бақытсыз болмайды, мен бақыт іздеймін», – дейді. Айтқандарындай: үлкен баласы Астраханға, ортаншы тұзға кетеді. Кіші баласы бақыт іздеп шықса: алдынан бір піл тап болып, баладан қайда барасың деп сұрайды. Сонда тұрып жігіт: «Мен бақыт іздеп жүрген жанмын» – дейді. «Егерде сен бақытты тапсаң менің басым қатты ауырады, соның емі не екен, соны сұрай келші», – дейді піл. Жігіт «жарайды» деп жүріп кетеді. Келе жатса оған бір теректің түбінде жылап отырған шал тап болады. Жігіт:

    •  О, не қылған жансың, неге жылайсың? – дейді. Сонда шал ыайтады:
    •  Мен не заманнан бері бұл терекпен күн көріп келе жатыредім, қазірде терегім қуарып, жапырағы түсіп, жеміс беруден қалды. Мен соған жылап отырмын, ал өзің қайда барасың? – дейді жігітке. Жігіт:
    • Бақыт іздеп барамын, – дейді. Сонда шал жігітке айтады:
    •  Егерде сен бақытты тапсаң: не себептен менің бұл терегім жеміс бермей қалды екен, соны сұрашы, – дейді. «Жарайды сұрайын», – деп жігіт шалдан шығып, бір патшаның үйіне келеді. Амандасып болған соң, патша ол жігіттен: «Не қылып жүрген адамсың, қайда барасың?» – деп сұрайды. Жігіт: «Мен бір бақыт іздеп жүрген жанмын» – дейді. Сонда жігітке патша: «Егерде, сен бақытты тапсаң, не себепті мен осынша бай болсам да, қаншама әскерім болса да соғысқан патшаларымнан жеңіліп қала беремін, соны сұрашы», – дейді. Жігіт патшаның үйінен шығып, көп жүріп шаршап-шалдығып бір таудың түбіне келіп деп алайын деп жатып ұйықтап қалады. Бір уақытта жігіт басын көтеріп қараса: бір ақ киімді, ақ шалмалы кісі оятып тұр екен. Жігіт кісіден: «Не қылған жансың, саған не керек?», – дейді. Сонда ақ шалмалы кісі жігітке:
    •  Мен сені іздеп жүрген бақытпын, үйіңе қайт, барған соң тілегіңді беремін, – дейді. Жігіт:
    •  Қайтайын, бірақ біреулердің маған тапсырған аманаттары бар еді, оны қайтемін? – дейді. «Ол қандай аманат еді?» – дейді кісі.- Мен сізді іздеп келе жатқанда, маған бір піл тап болып: «Басым қатты ауырады, соған не ем екен, соны сізден сұрай кел деп еді. Бір шал бір теректің жемісіменен күн көреді екен, қазірде сол шалдың ағашы жеміс беруден қалыпты, сол не себептен екен, соны сұрап біл деп еді. Олардан басқа бір патша: күшті, бай, көп әскерім бола тұрып, соғысқан патшалардан жеңіле беремін, соның себебін сұра деп еді», – дейді жігіт. Сонда тұрып ақ киімді, ақ шалмалы кісі жігітке айтады:
    •  Пілдің емі сол; елдегі ең тентек кісінің миын жесін, сонан жазылар. Шалдың ағашының емі: ол ағаштың түбінде бір өгіз тұлып алтын бар, сол алтынды алып орнына топырақ толтырсын, сонда ағашы жеміс береді. Енді патшаның емі: ол патша өзі асыл патша екен, бірақ сондай бай, әрі күшті болса да ол еркек патшалармен соғысқанда әйелдігі себепті жеңіліп қалады екен: ол байға тисе, жер үстінде онан күшті патша болмайды дейді. Бұл аманаттарының бәрін

біліп жігіт үйіне қайтады. Жолда ол жігіт патшаға келеді. Патша жігітті тіпті ұмытып кеткен екен: – Сен кімсің? – дейді үйіне кіріп келгенде. Сонда жігіт айтады:

    •  Мен бақыт іздеп бара жатқанымда сіздің үйде болып едім; сонда сіздің маған тапсырған бір аманатыңыз бар еді. Соны айтуға келіп едім дейді. Тек сонда ғана патшаның ойына түсіп жігіттен сұрайды:
    • Жә, маған не хабар айтасыз? – дейді. Жігіт патшаға айтады:
    •  Сізге бақыт байға тисін, тағын күйеуіне берсін,– деді.- Егерде сіз сол айтқандарды істесеңіз бұл дүниеде сізден күшті патша болмайды деді, – дейді. Сонда патша жігітке мен саған тиейін, тағымды да берейін, сен маған бай бол, – дейді.
    •  Жоқ, мен аулыма қайтам, маған бақыт үйге қайтуға қосты, – дейді жігіт. Сөйтіп, жігіт патшалықты алмай келе жатса, жолда баяғы шалға тап болады. Шал жігітті көргеннен-ақ танып:
    •  Жә, бақытты таптың ба? Менің ағашыма не себепті жеміс шықпайды екен? – дейді. Сонда жігіт айтады:
    •  Бақытты таптым, ол саған айтты: ағаштың түбінде бір өгіз тұлып алтын бар екен, соны алып, орнына топырақ салса ағашың жеміс береді деді, – дейді. Бұны естігенде шал қуанып жігітке:

«Шырақ, кел, сен, маған сол алтынды алуға болыс» дейді. Жігіт шалға болысып, екеуі өгіз тұлып алтынды қазып алып, орнына топырақ салғанда ағаш гүлдеп, дереу жеміс сала бастайды. Жігіт кеткелі жатқанда шал оған айтады:

    •  Қайда барасың, осында қал, бұл өгіз тұлып алтын екеумізге де жетеді, екеуміз осы ағаштың түбінде тұралық, – дейді. Жігіт шалға:
    •  Бақыт үйіме баруға қосты, – дейді. Сөйтіп, жігіт патшалықты алмай, өгіз тұлыпты алтынды алмай, үйіне қайтып келе жатса, оған баяғы піл тап болды. Піл жігітті танып:
    •  Жә, бақытты көрдің бе? Ол менің басымның ауруына не ем жасауға қосты? – дейді. Жігіт пілге айтады:
    •  Сенің басыңның ауруы, елдегі ең тентек кісінің миын жесең жазылады деді, – дейді. Сонда піл біраз ойлап тұрып жігіттен:
    • Жә, сенің өзіңе не деді? – дейді. Жігіт пілге:
    •  Маған бақыт үйіңе қайт, барғасын не тілесең де берермін деді, – дейді; сол себепті жолда патша болмай, өгіз тұлып алтынды алмай келе жатырмын дейді. Сонда тұрып піл жігітке:
    •  Ә, түсіндім, сені бақыт сынау үшін жіберген екен. Сен сорлы оған түсінбей келе жатыр екенсің:
    •  Неге патша болмадың? Неге өгіз тұлып алтынды алмадың? Мен, сірә, елден сенен тентекті таба алмаспын, – деп, сол жігіттің миын алып жеп жазылып, піл бай болып, барша мұратына жеткен екен.

Білгір адам

 Ертеде бір ақылды адам болыпты. Күндердің күнінде баласын шақырып алып, бар ақылын үйретіпті. Ақылында:

    •  «Балам! Біріншіден – қатыныңа сырыңды айтпа, екінші – ақымақпен дос болма. Үшінші – жаңа байығаннан қарыздар болма!» – депті.

 Баласы әкесінің бұл айтқан сөздерін мақұлдап, көнген. Бірақ, неге айтқанын білмей, талайға дейін түсіне алмай жүріпті. Ойлай- ойлай, ойының түбіне жете алмапты. Бір күндері болғанда, әкесінің айтқандарының бәрін қолымен істеп, көзімен көрмекші болып, бір байдан қасақана қарыз алады. Бір ақымақпен дос болады. Сөйтіп, үйіне келіп бір қойды бауыздап өлтіріп, қолын қандап, үйінің артынан жер қазып көме салып, қатынына келіп:

    •  Қатын, мынау менің қолымдағы қанды көрдің бе? Мен бір кісі өлтіріп едім, сен ешкімге айта көрме, – дейді.

Қатыны: «Ой тәңір-ай, кімге айтайын, ешкімге айтпаймын», –

дейді.Сонымен біраз күн өтеді. Бір күні түнде қатынымен ұрсысып

қалады. Қатыны, азанмен тұра салып, ханға барып арыз береді.

«Байым анада бір кісінің қанын ішіп еді, енді мені де сүйтпекші болды. Мені түнімен сабап шықты», – дейді. Хан естісімен-ақ жендетін жіберіп, жігітті шақыртады, жендет байдың баласын айдап келе жатқанда, куәлікке досымды ерте жүрейін деп досына келсе,

«қолым тимей жатыр» – деп бармайды. Қоштасып бұдан өте бергенде, баяғы қарыздары ұшырасады. Олай-бұлай деуіне қоймайды, ақшасын сұрайды. Жабысып жағадан алады да қалмайды. Жанын тықсырып бара жатқан соң, бұрынғы ақшасын жанынан суырып бере салады.

Бұдан өтіп ханға келеді. Хан: «Не үшін қанішерлік қыласың?

Қатының анада бір адам өлтіріп еді, енді мені өлтірмекші болды деп арыз беріп отыр, рас па?» – дейді. Бала: «Жоқ, тақсыр, олай еткен емеспін…» – деп шынын бастан-аяқ айтып береді. Хан сенбестен адам жіберіп тексертіп, істің анығына жетіп, сенеді. Бірақ хан, мұның әкесінің ақылдылығынан қорқып бағыма бөгет бола ма дегендей мақсатпенен баланың көзін жоймақшы болады. Бір терең зындан қаздырып, соған әкесі мен баласын салып көмдіріп тастады. Екі- үш жыл өтеді. Оған шейін дихандар да қарап жатпастан егінін егіп, оғып-бұғып зындандарының үстіне таптауға жақындатады.

 Бір күні ханның тамағына шөп кетіп ауырады. Дүниеде бақсы- балгер, тәуіптердің ешқайсысын қоймай қаратса да жазылмайды. Бір күні бұрынғы білгір адамның қадірін білетін бір адам ханға келіп:

«Ол жақсы адам еді, сіздің ауруыңызды қалай да болса жазатын еді, алтынның қолда барда қадірі жоқ дегендей, сіз оның қадірін білмедіңіз, жазасын тартқаныңыз осы», – дейді.

 Хан жұртын жиып: «Ол адам шын білгір болса, әлі күнге шейін өлген жоқ» деп, білінбей қалған зынданның маңдайынан үңгірлеп қаздырып жатқанда бір сүйек шығады. Бұл қайсысынікі екенін ажырата алмастан, одан да ары қаздырғанда, ақылдының өзін тауып алады. Баяғыда көмерлерінде өзімен бірге бір дорба тоқаш көмілген екен. Білгір содан күніне жеп күнелтіп, тірі жатыр екен. Бірақ қансыз, сөлсіз, өлудің аз алдында екен. Жұрт: «Ханымыз ауырып жатыр еді, сені жазады деген соң, саған жіберіп еді. Біз алып кеткелі келдік, соған жүр» – дейді.

 Білгір: «Жоқ, бармаймын, хан мені бір өлтіріп, енді өзіне ке-рек болғанда ғана шақырды ма! Бар, айтыңдар», – дейді. Жұрт ханға қайта барып, келмейтінін білдіргенде:

 «Ендеше, егер мені жазса, күллі бақ-дәулетімнің бәрін берем деп жатыр деңдер», – дейді. Жұрт білгірге қайта барып, ханның сөзін айтыпты. Білгір: «Олай болса қырық қыз әкеліңдер, бір саты тауып, соған зынданның аузына жеткенше қыздарды жағалата қойыңдар», – деген. Айтқанының бәрін істетеді. Сатыдан жоғары өрлеп келе жатып жолдағы жағалай тұрған қырық қыздың бетінен шопылдатып қырық сүйіп, үстіге шығады. Беті сөлденіп, қызыл кіріп қалады.

 Әбден айығып, ханға келсе, тамағына шөп қадалып, азаптанып өлудің аз-ақ алдында жатқанын көреді. «Сен жазыла алмайсың.

Бірақ, менің бір шартым бар, соны орындасаң ғана жазылуың мүмкін», – дейді. Сонда халқы да, хан да: «Егер, жазатын болсаң, орындармыз» дейді. «Ендеше ханның жалғыз баласы бар екен, соны әкеліңдер. Алдыңа бауыздаймын, содан жазылар», – дейді білгір. Хан мұнысына: «Балам өлгеннен өзім өлгенім артық», – деп көнбепті.

Сонда қарт: «Жоқ, сенің өлгеніңнен балаңның өлгені артық, жас балаң өсіп бізді билегенше, біздің тұқымымыз құриды» деген соң,

«ылажсыз» баласын бауыздауға қияды.

 Баланы алып келіп, алдына аяғын буып бауыздамақшы болып тұрып: «Қой, көзіне көрсете бауыздамайық, ханымыз талып қалар», – дейді де алдына ши тартып, ханның көзінше баланы шиге кіргізіп, басқа бір қойды аяғын буып әкеліп, «Қор еткізіп шалып жібереді.

Хан, жалғыз баламнан айырылдым-ау дегендей қылып «аһ… уһ…» деп күрсінгенде тамағында қадалып көлденең тұрған шөп сызылып көлбеп түсе қалады, һәм ханның өзі де, баласы да аман қалады.

Жаңа мизандран

 Өткен замандарда Әбдіхамит деген патшаның уақытында бір адам екінші бір адамнан жер сатып алыпты. Әлгі жер сатып алған адам жерін айдап жатса, айдаған жерінен бір құмыра алтын тауып алыпты. Жер сатып алған адам жер сатқан адамға барып: «Сенің сатқан жеріңнен бір құмыра қызыл алтын шықты, ол алтын сенің есіңнен шығып кеткен екен, соны барып алып кетерсің», – дейді, сонда жер сатқан адам айтады: «Мен саған жердің бәрін сатқанмын. Ол менің алтыным болса, неше рет айдап жүргенде шықпас па еді? Ол алтын сенің несібең, өзің ала бер дейді. Жер алған кісі айтады: «Мен сенің жеріңді алғанмын, алтыныңды алмаймын» деп, Әбдіхамит патшаның алдына келіпті. Сонда патша екеуінен де сұрап, бұл екеуі де алтынды алмаса, жерден шыққан алтынды кім алады деп уәзірлерінен сұрайды. Сонда бір уәзірі тұрып айтты:

«Бұл жерден шыққан алтын патшаның несібесі болса керек», – дейді. Сонда патша айтады: «Құдайдан қорықпаған ақымақ екенсің, жер сатқан алмайды, жер алған алмайды, мен алып менің қай ата-бабам көміп қойып еді», – деп, әлгі уәзірді қуып жібереді. Және де бір уәзірі айтқан: «Жер сатқан мен жер алғанынан сұраңыз? Ұлы, қызы болса бірін-біріне некелеп қосып, алтынды ұл мен қызға берсін»,

  • дейді. Сонда патша сұрапты, қайсыңда ұл бар, қайсыңда қыз бар? деп. Жер сатқан ұлым бар, жер алған қызым бар дейді. Екеуінің

де баласын шақыртып алып, қызды ұлға неке қылды. Ұлдың аты Нарон, қыздың аты Сәлима екен. Әлгі алтынды ұл мен қызға береді. Сонда тұрып Сәлима айтады: «әй, Нарон, менің саған айтатын сөзім бар». Нарон:

    • Айт, – дейді.
    •  Мен айтсам, екеуіміздің аталарымыз алмаған дүниені біздер қалай аламыз, кімнен қалған дүние, біз алсақ мұны ішіп-жеп ақырында қандай жауап береміз, біздер патшаға барып арыз қылайық, бізден алып басқа біреуге берсеңіз екен, біз бұл бәледен құтылсақ тәңірі тағалам біздің несібемізді әзелде маңдайымызға жазып қойған болар, сол несібеміз таусылғанда өлерміз дейді.

Нарон мен Сәлима патшаға арыз қылды. «Бұл пәлені бізден алып, басқа біреуге берсеңіз екен, біздің аталарымыз алмаған алтынды біз қайтіп аламыз. Бізге құдайдың берген несібесі бар, соны несібе етсек те болады» – депті.

 Патша бұларға таңғалып, ынсаптарына «бәрекелді» деп. Нарон менен Сәлимадан алтынды алып, өзінің жанынан көп дүние беріп қайтарады. Патша уәзіріне бұл алтынды не қыласыңдар деді. Бір уәзірі: «Бұл алтынды бұрынғы шыққан жеріне шұқыр қазып көму керек», – деді. Тағы бір Әбдиәлім деген уәзірі: «Құдайдың берген дүниесін жерге көму керек емес. Бұл дүниені қайырлы іске жұмсау керек. Кімде кім бір жеміс ағашын тамырыменен алып келсе, сол ағашты осы алтынға сатып алып жақсы жерге егіп, сол ағашты бау қылып, бағушыларға беріп, жеміс салған уақытта бейшараларға ішіп-жеуге ықтияр беріп қойса, жақсы-ақ болар еді, – деді. Бұл сөз патша мен уәзірлеріне мақұл көрінді. Әбдіхамит патша әлгі Әбдиәлім уәзіріне айтыпты: «Жақсы, өзің сол ізгі жеріне жұмсарсың», – дейді. Сонда Әбдиәлім уәзір халыққа хабар беріп таудың бағынан жеміс ағаштарын тоқсан мың алтынға сатып алды. Бұл ағаштарды жақсы жерге егіп, қалған алтындарды отыз адамға бөліп беріп,

осы бақшада бақшашы боласыңдар, – дейді. Бұлар үш жылға уәде қылып, үш жылға шейін отыз адам әлгі ағаштарды күтті, бұл ағаштар өсіп жеміс салыпты. Бұл ағаштардың бәрі қалың өсіп, қараңғы болып кеткен соң, құдайдың құдіретімен он мың түп гәуһәр шам пайда болыпты. Бұл гәуһар шамның жарығы күндіз-түні бірдей

Өнердің күші

 Бұрынғы өткен заманда Хасен деген патшаның жалғыз ұлы болыпты. Баласы Ыдырыс ел аралап жүріп, Сәтбай деген бір диханшының сұлу қызына ғашық болған екен. Қыздың аты Дүрия екен. Бір күні Ыдырыс қыздың әкесіне сөз салып, кісі жіберіпті.

Сәтбай:

    •  Қызым барса да, бармаса да өзі біледі депті. Сонан соң Ыдырыс Сәтбай қарттың үйіне өзі келіп, Дүрия қызға өзінің ойын айтыпты. Сонда Дүрия:
    •  Сен болсаң патшаның ұлысың, мен болсам диханшының қызымын, оны ойладың ба? – депті.
    •  Неге ойланбайын, – Дүрия, ойландым, он ойланып, жүз толғанып келіп отырмын алдыңа, – дейді Ыдырыс. Дүрия ойланып:
    • Қандай өнерің бар еді? – деп сұрайды.
    • Ешқандай өнерім жоқ, – дейді Ыдырыс.
    • Өнерсізге үміт арту қиын, үмітіңді үз де, жолыңды тап, жігітім!

Сонда Ыдырыс тұрып:

    •  Дүрияжан, неге олай дейсің, мен жақында патша боламын ғой, патша болған адамға өнердің қанша керегі бар.
    •  Жоқ, жігітім, олай деме, бүгін патшасы, ертең кім боларына көзің жетеаме? Өнерсіздің өкініші көп, өнерлі өрмелеп өрге шығады, өнерсіздік ойға опық, бойға қорлық емес пе?

 Қыз сөзіне намыстанған Ыдырыс патша сарайына келіп, әкесіне болған жайды айтады. Хасен патша қол астындағы барлық шеберлерді шақыртып алып, осы балама бір өнер үйретіп бергендеріңе шақыртып алып, осы балама бір өнер үйретіп бергендеріңе қанша уақыт керек? – деп сұрапты. Өнершілердің әрқайсысы әр түрлі жауап беріпті. Біреулері бір жыл керек, енді біреулері алты ай керек,

үш ай керек деп шуласып тұрғанда, басына жүннен қалпақ киген Тоқтыбай деген бір өнерші шал:

    • Балаға он бес күнде өнер үйретіп шығаруға болады, – дейді.

Патша баласын Тоқтыбайға тапсырады. Он бес күннің ішінде Ыдырыс Тоқтыбайдан қалпақ басуын үйреніп шығады. Хасен патша баласына:

    •  Қасыңа бірнеше кісі ертіп, Сәтбай қарттың үйіне барып, құда түсіп, қызға өнеріңді көрсетіп қайт, көңіл қош болсын, – дейді.

Ыдырыс диханшы Сәтбай қартқа барып, келісіп, қызы Дүрияны алып, үлкен той жасайды. Дүрия сұлу да, зейінді де еді. Патшаның үйіне келін болып түскен соң, Ыдырысқа Дүрия:

    •  Енді өнеріңді көрсет?-дейді. Ыдырыс сайман-әбзелдерін тауып алып, жүннен бір жақсы қалпақ басып, Дүрияға әкеп көрсетеді.
    •  Мұның да жақсы өнер екен, енді осыған екеуіміз ешкім білмейтін қосымша бір өнер табайық. Сонда Ыдырыс:
    • Ол не өнер? – деп сұрайды.
    •  Қалпақты басқанда жиегіне басқа жүннен әріпке ұқсас өрнектер шегеміз, бір әріп бір сөздің балауы болсын, оны екеумізден басқа ешбір хан білмейтін болсын, сақтықта қорлық жоқ деген, түбі – бұл бізге керек оқу, – дейді Дүрия. Сөйтіп олар екеуіне ортақ өнер тапты.

 Үш ай ауырғаннан кейін, Хасен патша дүние салды. Ыдырыс әкесінің орнына таққа отырды. Ата-енесін бала-шағасымен қасына көшіріп алды. Ол халыққа тыныш, жағымды патша болыпты.

Күндерде бір күн халықтың хал-жағдайын білмек болып, патша үстіне жаман киім киіп, ел аралапты. Бір қаланы аралап келе жатса, түтін шыққан шеткі үйден бір қоңырсы иіс мұрнына келе беріпті. Тәуір тамақ пісіріп жатса керек, неде болса кірейін деп, сол үйге

қарай бұрылған екен. Үйге кіріп келсе, белдемше киінген төрт адам отыр. Ыдырыс сәлем бергеннен кейін төртеуі бір-біріне қарады да оның көзінше қырын тұрған бір адамды зынданға салып, сыртынан тарс бекітіпті. Байқаса, адамды сойып, етінен түрлі тамақ жасап, базарға сатады екен. Жаңағы төртеуі қайта келіп, өзара сөйлеседі де зынданға қарай Ыдырысты сүйрей ала жөнеледі. Зынданға кірсе өзінен басқа екі адам отыр екен, оларда зәре жоқ.

    •  Бұл не пәле? – деп сұрап еді Ыдырыс, отырған адамның бірі жылайды, бірі күледі. Бұларға таңғажайып қалған Ыдырыс:
    •  Сен неге жылайсың, сен неге күлесің? – дейді. Жылаған адам айтады:
    •  Мені бүгін түнде соймақшы еді, ажал сағатым тақаған сайын жүрек дір-дір етеді, соған қорыққанымнан жылаймын, – депті.

Күлген адам айтады:

    •  Менің аз болса да бір күндік өмірім бар, соған қуанғанымнан күлемін. Бізден гөрі семіздеу екенсің, мүмкін, бізді тағы бір күн қоя тұрып, сені сояр, – дейді. Мұны естіген Ыдырыста зәре-құт қалмайды. Үрейленген Ыдырыс бұл пәледен қалай құтылудың амалын таба алмай көп ойланып, дал болады. Сол мезетте оның ойына Дүрияның үйреткен өнері түседі. Сөйтіп тұрғанда, төрт аспазшы келіп, Ыдырысты зынданнан шығарып алып:
    • Сені бүгін соямыз, – дейді. Жүрегі ұшып дірілдеген Ыдырыс:
    • Сендер мені соймаңдар, мен сендерге көп пайда келтіремін.
    • Не пайда келтіресің, айт!
    •  Менің айтқанымды істеп, керекті әбзелдерімді кешіктірмей тауып бересіңдер, сонан соң менің шебер қолымнан өрнектеліп тігілген әдемі бөрікті патшаның әйеліне ұсынасыңдар, ол сөзге келмей екі мың ділдә береді. Аспазшылар Ыдырыстың айтқанын қылып, жүн мен әбзелдерін түгел тауып, әкеп береді. Үш-төрт күн өткеннен кейін бөрік те дайын болады. Бөріктің жиегіне Ыдырыс Дүрия үйреткен әріптерден өрнек салған еді. Қалыпқа басқан әдемі бөрікті қуана-қуана алған екі аспазшы атқа мініп, патшаның сарайына барды. Сарайға аттарын байлап, уәзірлерден рұқсат алып, патшаның әйеліне бөрікті ұсынады. Дүрия бөрікті қолына алып, айналдыра қарап, өрнектелген әріптерін ішінен оқып шықты да:
    • Бұл бөріктің бағасына не сұрайсыңдар? – дейді.
    • Екі мың ділдә, – дейді аспазшының біреуі.
    •  Жарайды, мен ділдә алып келгенше кідіре тұрыңыздар, – дейді де Дүрия далаға шығып:
    •  40 нөкер қару-жарағымен дайын тұрсын! – деп жарлық етеді уәзірлеріне. Дүрия екі мың ділдәні алып, үйге кіріп, екі адамның қолына береді. Олар ділдәні алып, бек қуанып, аттарына мініп, үйлеріне қайтады. Дүрия да атқа мініп, нөкерлерімен кеткен екі адамның соңынан қарасын үзбей жүріп отырады. Екі адам қораға келіп кірісімен, нөкерлер қораны айнала қоршап алады. Дүрия бірнеше адамдарымен ішке кіріп: «Бұл үйде тірі жан болса, түгел шықсын!» – деп айғай салады. Ішіндегілердің бәрі де тысқа шығады. Қора маңына жиналған қала адамдары да тамашалап қарап тұрады. Аспазшының екеуі сол арада өзіне өзі пышақ салып өледі, қалған екеуін нөкерлер тірідей қолға түсіреді. Ыдырыс шықпаған соң, Дүрия зынданның кілтін тауып алып, бір-екі нөкерін ертіп, зынданда жатқан Ыдырысты аман-есен шығарып алады. Есін жиған Ыдырыс патша Дүрияны көріп қуанып, аяғына бас иеді. Сонда Дүрия күліп, Ыдырысқа: «Өнердің күші деген міне, осы, бұл өнерді үйренбесең, осы үйде өлімге тап болатын едің», – дейді.

 Үйдің ішін түгел аралап, тінтіп шыққан нөкерлер сойылған адамдардың киімдері мен аспазшылардың тыққан ақшаларын тауып алды. Жиналған жұрттың тілегі бойынша, Ыдырыс патша тірі қалған екі аспазшыны көп алдында дарға асқызып өлтіртті. Табылған нәрселерді жұртқа үлестіріп, Ыдырыс патша, Дүрия нөкерлерімен аман-есен үйіне қайтқан екен.

Айлакер бала

 Ертеде бір жесір әйелдің бір ұл, бір қызы болыпты. Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымапты олар. Күндердің бір күні баласы шешесінен:

«Бақыт деген не?» – деп сұрапты.

    •  Е, балам, кімде-кімнің тамағы тоқ, көйлегі көк, уайымы жоқ болса, басында панасы, ақыл айтар данасы болса, бақ деген сол емес пе, таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін деген осы, құдай сонысын бізден аяп тұр ғой, – депті шешесі.

 –«Талапты ерге нұр жауар» деген нақыл сөз бар халықта, осының мәнісі қалай? – деп сұрапты баласы тағы да.

 –«Талаптанса нұр жауады» деген рас, балам, бірақ бізден икем кетіп тұр ғой, мен болсам қартайдым, сен болсаң әлі жассың, – депті шешесі.

    •  Талап, жігер болса, бақытты көктен емес, жерден табуға болады екен ғой, олай болса, ол бақытты бөгде біреуден емес мен өзім тауып алуым керек екен ғой, – деп бала шешесімен қош айтысып, бақыт іздеп, жолға шығады.

 Шешесі жол азыққа майға жанышқан талқан дайындап беріп, баласын аттандырады.

Бірнеше күн ұзақ жол жүріп, қарны ашып шаршаған бала ит

мұрыны өтпейтін қалың орманға келеді. Орман ішін дию-перілер мекендейді екен.

    •  Ей, адамзат баласы, қайда барасың, ажал айдап келді ме сені бұл жерге? – деп ақырады дию-перілер.
    •  Қайда барарымды қайтесің, күшті болсаң, күш сынасуға мен дайынмын, кел бері! – дейді бала.
    •  Е, сынассақ сынасайық, өзің де қан түртіп тұрған бала екенсің, келсең кел! – дейді олар.
    •  Кімде-кім мынау жатқан үлкен қара тасты қысып майын шығарса, сонымызға қалғанымыз бағынышты болайық.
    •  Жарайды! – Дию-перілер алма-кезек тасты қысып, тастан май шығара алмаған соң, кезекті балаға береді. Бала қолын уқалаған болып, қойнындағы майға жанышқан талқанды сығып-сығып майын алақанына жұқтырып алады да дәу қара тасты қысып-қысып, міне мен тастан май шығардым, енді сендер маған бағыныштысыңдар, – дейді бала. Мұны көрген дию-перілер баланың күші басым екен деп ойлайды. Олар баланы үйлеріне қонаққа алып барып, үлкен сый-құрмет көрсетеді. Дию-перілер баладан қауіптенеді.

 Қонақ асын берген соң, баланы жеке үйге жатқызады. Олардың жүріс-тұрысынан сезіктенген бала үйдің ортасына жатпай, пештің ішіне кіріп жатады. Өзінің орнына басқа ұзынша бір затты жатқызып, үстіне шапанын жауып қояды. Дию-перілер баланы өлтірмек болып, түн ортасы ауған кезде үйдің төбесінен дәу қара тасты тастап жібереді. Бала өлген шығар деп, ертеңгісін үйге кіріп келсе, бала тірі екен. Сасқандарынан: «Е, қонағым, қалай, тыныш ұйықтап тұрдың ба?» – дейді.

    • Аздап бүрге шаққаны болмаса, тыныш ұйықтадым ғой, – дейді.

Үрейленген дию-перілер баладан құтылғанша асық болады. Көп алтын, қымбат сыйлықтар беріп, оларын диюларға артып, баланы шығарып салады. Бірнеше күн жол жүріп, ауыр жүк көтерген перілердің есі әбден шығады. Жолдан жатқан жуан бөренені көріп:

«Мынау менің шешеме ұршыққа лайықты бөрене екен», деп оны бір періге арқалатады. Ондағы ойы шешесін де батыр етіп көрсетпек болғаны еді. Бала көп заттармен шешесіне аман-есен келіп қосылады. Дию-перілер баланы үйіне әкеліп өздері жөн-жөнімен кетеді. Сөйтіп, талапкер бала өзінің ептілігінің, айлакер, тапқырлығының арқасында мұратына жеткен екен.

Зерделі

 Баяғыда Зерделі дейтін шешен, білгір адам болыпты. Бір күні Зерделі бір топ жолдасымен жиһан кезіп келе жатып, бір қарияға кездесіпті. Сәлемдесіп, жөн біліскеннен кейін қария Зерделіге:

    •  Әкең Қазақбайды білуші едім. Үш түрлі бала туады: бір бала әкесінен өте туады, бір бала әкесіне жете туады, енді бір бала бар, ол кері кете туады. Сен соның қайсысы боласың? – деп сұрапты.

Зерделі:

    •  Ата, өте туған бала боларымды алдағы өнерім білер, кері кете тудым деу сізге де, сіздің алдыңызда мына жолдастарыма да өкінішті, реніш болар еді, әзірше, өз ойым, жете тудым ғой деп білем, – депті. Қария тағы бір сұрақ беріпті.
    • Балам, өтірік пен шындықтың арасын өлшедің бе? – депті.
    • Өлшедім, өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, – деп, бала

оң қолының төрт саусағымен көз бен құлақтың аралығын басыпты.

Қария:

    •  Балам, ақыл кімнен шығады, асыл неден шығады, қанат неден шығады, жанат неден шығады, санат неден шығады, оғат неден шығады, оны білдің бе? – депті.
    • Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады, тату болсаағайын

бірі құйрық, бірі жал, қанат содан шығады, қой терісін қорлама жанат содан шығады, халқы үшін қарттар қам жесе, санат сонан шығады, өнерсіз болса бозбала – оғат содан шығады, – депті. Қария Зерделіге риза болып, үйге түсіп, дәм татуға шақырады. Қымыз ішіп отырып, Зерделі:

    • Ата, екеуіңіз қалай? – деп сұрапты. Қария:
    • Екеуім үшеу болады, – депті.
    • Алысыңызбен қалайсыз? Жақыныңызбен қалайсыз?
    • Жақыныммен жауша жағаласып, жамандарша найзаласамын.

Алысым араздасты.

    • Тәттіңізбен қалайсыз?
    • Балам-ай, тәттінің де дәмі азая бастады ғой, – депті.
    • Несиеңіз тие ме, ата? – депті, Зерделі тағы да. Сонда қария:
    •  Жасымда берген несием, қартайғандағы несібем екен, үй тігіп, қымыз сапырып отырғаным соның арқасы, – депті.

 Қариямен қош айтысып, атқа қонған соң, былай шыға, Зерделінің жолдастары:

    •  Қариямен екеуіңнің соңғы сөздеріңді біз ұқпадық, соны түсіндірші, – деп өтініпті.
    •  Екеуіңіз қалай дегенім, екі аяғыңыз қалай, өздігіңізбен жүре аласыз ба дегенім еді. Қария: Екі аяққа бір таяқ қосылып, үшеу болды, – деді. Алысыңызбен қалайсыз дегенім – алыстағыны көре аласыз ба? – дегенім еді, қария алысты көрмейтін болдым деді.

Жақыныңызбен қалайсыз дегенім – тамақ ішіп жеуіңіз қалай дегенім еді, қария әр жерде бірден ғана тісім қалды, сонымен арпалысып күн көрем деді. Мен тәттіңізбен қалай дегенім – ұйқыңыз қалай дегенім еді, қария – ұйқым азайды деп жауап берді. Несиең тиеме дегенім – балаларың күте ме, жасында сіз оларды бағып-қағып өсіріп едіңіз, енді олар сол еңбегіңізді өтей ме дегенім еді. Қария: дұрыс тәрбиелеп, жақсы өсірген бала адамға қартайғанда бақыт екен. Балаларымның қызығын көріп отырмын, деді.

Зерделінің жолдастары бұған өте риза болыпты да:

    •  Сен өзің бізбен құрдассың, екі жастың біріне келмей жатып, қариядан асыра білім көрсеткеніңе таң қаламыз, – депті.

Сонда Зерделі:

    •  Мен өзім жас болсам да, әкем Қазакең көп жасады ғой, – деген екен.

Ырыс кімде?

 Ерте заманда Сырлыбек дейтіннің бір бөлек аулы Қызылқұмның бір алқабына келіп қонып жатады. Әркім өздерінің баспаналарын тігіп, азды-көпті азықтарын пісірісіп, кешкі астарын даярлайды.

 Сырлыбек басшының өз үйі осы топтың дәл орталығында болады екен. Кешкі тамақтарын алдарына ала бергенде, Сырлыбек үйінің сыртынан біреу дауыстап үй иесінің шығып жолығуын сұрайды.

Сырлыбек шықса, жалғыз атты жолаушы екен, қонуға ұлықсат сұрайды. Үй иесі қарсылық етпейді, қош алады.

 Жолаушы өзінің ұзақ уақыт қоныс іздер қаңғырғанын, соның өзінде де жәйлі орын таппағанын әңгіме етеді, «енді осы маңды шолмақпын, әлі де іздестіре бермекпін» дейді. Ұзақ күнгі көші- қоңнан шаршап-шалдыққан ауыл да, жол соққан қонақ та қалың ұйқыға енеді. Бір уақыт қонақ оянса, ауыл маңында шулап ұлыған қасқырдың даусын естиді, оған қосылып Сырлыбектің иттері ұлып азан-қазан болып тұр екен. Қонақ тегі ғалым адам болса керек, қасқыр мен иттің ұлысында бір терең сыр барын ұғады.

 Қасқыр: «Үйіңдегі қонағыңның атын жеймін. Сен шабаланбай тыныш жат», – дейді екен итке.

Ит: «Қонағымның» атына тисең», мен қазір хабарлаймын», –

дейді екен.

 Қасқыр итке: «Осы түнде, таң біліне аулыңды жау шабады. Сонда сен жұртта қаласың, хабарласаң, өзіңді жейміз, егер үндемесең саған тимейміз», – деп ұлиды екен.

 Мұның мағынасына түсінген қонақ үй иесін оятып, дереу ауылды көшіріп басқа бір орынға ауып қонудың керектігін ескертеді.

 Сырлыбек қонағының айтқанын мақұл тауып, бүтін ауылды түн ішінде көшіріп алысқа, аулаққа қондырады.

 Ертеңгісін ауылды түгендегенде екі үй көшкен жұртта қалып қойғаны анықталады да, іздеп барса қалған үйлерді қарақшылар тонап кеткен екен.

Сырлыбек қонағының жәй адам еместігін енді ғана түсінеді.

    •  Сіз, біздің аулымызды жаудан арашалап аман алып қалдыңыз, сондықтан мен қарыздармын. Не бұйымтайыңыз бар, қалауыңызды қайтармаймын, айтыңыз ойға алғаныңызды, – дейді Сырлыбек қонағына.

 Қонақ «итін алармын», деп ойлайды да, «кетерде айтармын не қалайтынымды», – дей салады.

Ит жүгіріп келіп үйдің туырлығын иіскелейді.

 Қонақ ойлайды: «Ырыс итте еді, енді туырлыққа ауысты, туырлығын алармын», – дейді ішінен. Сол мезетте туырлықтың ит иіскеген жерін бір тоқты келіп жалайды.

Қонақ үй иесін шақырып алып былай дейді:

    •  Мен сенен басы артық қаларым жоқ. Мына бір тоқтыңды сой да етін түгел қазанға сал, соның басын мүжіп аттанайын. Бір

айтарым – осы еттен менен бұрын еш адам жемейтін болсын, – дейді. Сырлыбек тоқтыны сояды да етін қазанға түгел салдырып әйеліне:

    •  Піскесін еш адамға ауыз тигізбей түгелімен қонақтың алдына әкеп қой, – деп тапсырады. Сырлыбектің әйелі былқытып тұрып пісіреді де табаққа салып үйге алып кіре бергенде, Сырлыбектің кенже ұлы жүгіріп келіп бастың құйқасынан бір жұлып алып аузына салып жұтып жібереді. Шешесі бажылдайды да қалады.

 Асты әкеп қонақтың алдына, дастарқан үстіне қойғасын қонақ Сырлыбекке айтады:

    •  Сенің мына итіңде зор ырыс бар екенін біліп едім. Өйткені жаудың шабарын да осы ит арқылы біліп едім. Мен сенен итіңді

қалармын деп ойлап едім, ит туырлығыңды иіскеді де қасиетін соған берді. Туырлығыңды алармын деп едім, оны мына сойған тоқты жалап бойына тартып алды. Содан соң тоқтыны сойғыздым. Соның басын елден бұрын мен жеген болсам ырыс маған ауған болар еді. Енді маған болмады, жаңа мына балаң бастың құйқасынан бір жұлып алып қойды. Енді ырыс осы балада қалды, – деп, қонақ Сырлыбектің кенже ұлының маңдайынан сипап: «Өмір жасың ұзақ болсын», – деген екен.

Етікші

 Ерте заманда бір кедей етікші болған екен дейді. Бала-шағасы көп-көп болыпты, кедейліктен тұрмысы да ауыр болыпты. Күнелтіп, бала-шағаларын асырау үшін, ол ел аралап, қобдиын құшақтап жүріп етік тігіпті. Сөйтіп, етіктер тігіп, аз ғана табысымен бала-шағаларын асырап күн көріпті.

 Күндердің бір күні етікші қобдиын қолтықтап таныс емес бір ауылға етік тігуге аттанады. Бұрын жүрмеген жолы болған соң, етікші адасып кетеді. Түн де болады. Ақырында етікші далада жалғыз тұрған иесіз үйге кездеседі. Иесіз қыстаудың ішіне кіріп, етікші пешінің үстіне шығып, қобдиын басына төсеп жата кетеді.

 Бір уақытта салдыр-гүлдір бір нәрсенің даусы шығады. Етікші есікке қараса маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар бір еңгезердей дәу кіріп келе жатыр екен.

 Дәу кірісімен: «Пеш үстінде жатқан қандай адам?» –дейді. Етікші: «Бұл етікші», – дейді. Дәу: «А, бізге керек шебер ғой», – дейді. Дәу бұйырып: «Кәне, бері кел, шебер, мына үйге кір, ертең етік тігерсің, бүгін ұйықта», – дейді де бір бөлмеге кіргізеді. Дәудің өзі есіктің алдына жатып ұйқыға кіріседі.

 Етікші ішінен: «Енді өмірім жойылды, өліп кетсем бала-шағамды кім асырар екен», – деп үрейленеді. Одан кейін етікші, дәу қолынан өлгенше, дәуді өлтіріп өлейін деп, өткір пышағын алып әзірлейді. Дәу ұйқыға кетті-ау деген кезде, етікші пышағымен дәудің жалғыз көзін түйреп алады. Дәу бақырып: «Ер болсаң екі соқ» дейді, етікші бір де жетер деп, дәудің үстінен аттап өтіп, есікті ашып сыртқа шығады. Дәу табанда өлген екен дейді. Етікші сыртқа шығып, иесіз үйдің төбесіне шығып түнейді. Таң атқан соң дәудің үйін аралп қараса бір қараңғы жерінде сандық тұр екен. Етікші темір сандықты азар дегенде ашады. Оның іші толған алтын-күміс болады. Бұдан кейін етікші көтергенінше алтын алып, кері ізімен үйіне қайтады.

 Үйіне келіп, бұл алтындардан керегін алып, барша мұратына жеткен екен дейді.

Етікшіні балалары өскесін асыраған екен дейді.

 ҚОЖАНАСЫР ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР

 Жұлдыз қалай жасалды?

Қожанасырдан біреу:

    •  Қожеке, осы жаңа ай туғанда, ескі айды не қылады? – деп сұрайды.

Қожанасыр сонда:

    •  Жаңа ай туғанда, ескі айды майдалап жұлдыз қылады да шырағым, – депті.

Қазір досымның есебі жоқ

Қожекең қазы болып тұрған кезде:

    • Қожеке, сіздің қанша досыңыз бар? – деп сұрайды біреу.
    •  Қазылықтан түскен соң айтпасам, қазір досымның есебі жоқ, – дейді Қожекең.

Бір пұт мақта ауыр ма, темір ауыр ма?

Қожанасыр бір күні шәкіртінен:

    • Бір пұт мақта ауыр ма, немесе темір ауыр ма? – деп сұрапты. Шәкірті ұстазының мұндай сұрауына ойланып:
    • Әрине, екеуінің салмағы бір болса керек, – депті.
    •  Балам, сенің жауабың да дұрысқа ұқсайды, бірақ та бұл туралы әйелімнен сұрағанымда ол «темір ауыр» деп мені жеңген еді, – депті Қожекең.

Қожанасыр мен оқытушы

Қожанасыр мектепте оқып жүрген кезінде оқытушысы:

    • Қожанасыр, күн неше сағат? – деп сұрапты.
    • Бүгін күн жиырма бес сағат болса керек, – депті Қожа.
    • Жиырма төрт сағат емес пе? – деп жекіріпті оқытушы сонда.
    • Кеше «күн енді бір сағатқа ұзарады» дегеніңіз қайда, тақсыр!
  • депті оған Қожа.

Теңіздің суы неге

ащы?

Теңіздің суы неге ащы? – деп сұрапты біреу Қожанасырдан.

    •  Теңіздің суы қозғалыссыз бір жерде тұрады, сондықтан ашып кеткен ғой, – депті Қожанасыр.

Бетпе-бет келген өзінен көрсін

 Қожанасыр көшеде келе жатқанда бір ит қауып алады. Қожекең қолындағы балтамен басына салып қалса, ит өліп қалады. Иттің иесі жанжалдасып Қожаны қазыға алып барады.

    • Балтаңыздың сабымен ұрсаңыз да болмас па еді? – дейді қазы.
    •  Ит мені аузымен қапты. Сондықтан мен де оған балтаның жүзін жұмсадым. Егер ит мені аяғымен тепкенде мен де оны балтаның сабымен ұрар едім. Бетпе-бет келген өзінен көрсін, қазыеке! – депті Қожа.

Ағамның көңілін

аулап…

 Қожанасыр бір күні сабаққа келмей қалады. Ертеңіне оқытушысы Қожекеңді сұраққа алады.

    • Кеше мектепке неге келмедің?
    • Іс болып қалды.
    • Қандай іс?
    •  Ағам тісін суыртқалы дәрігерге барған еді, соған бірге барған едім.
    • Тіс суыртатын ағаң екен, сен неге бардың?
    •  Тісін суырып ауыртып жатқанда, есік алдында бақырып, ағамның көңілін аулап тұрдым, – депті Қожа.

Төрттен төртті алса не қалады?

Қожанасырдан мектепте оқытушы:

    • Қожанасыр, төрттен төртті алса не қалады? – деп сұрапты.

Қожа жауап бере алмайды.

    •  Мысалы, қалтаңда төрт теңгең бар еді, сол теңгелер қалтаңнан түсіп қалды, сонда не қалады? – депті оқытушы пысықтап.
    • Не қалсын, теңге түсіп кеткен тесік қалады да, – депті Қожа.

 Қожанасырдың қарыз беріп, қарыз

алуы

 Қожанасырдың бір кісіде алашақ 5 теңгесі бар екен. Екі жылға толғанда алашағы есіне түсіп, берген кісісінен ақшасын алыпты да қарызға 5 теңге қосып алыпты. Бірақ ол кісі 5 теңгені қарызға берерінде: «Ертең тауып бер ақшамды, бермесең күніне 1 сомнан өсіп отырады» – депті. Қожанасыр «құп» – деп ертеңінде есінен шығып, айлар бойы қарызын бермей жүре беріпті. Ал ана кісі, бір күн өтсе «бір сом» – деп, он күн өтсе «он сом» – деп қарызының

өсіп келе жатқанына қуанып, «100 теңгеге толғасын алайын», – деп жүре беріпті. Ақыры қарызының берген күніне 100 күн болғанда Қожанасырға келіп: «Қожеке, қарыз алғаныңа бүгін 100 күн, келісім бойынша 5 теңгеме 100 теңге қосып бересің», – депті. Қожекеңнің есіне қарызы жаңа ғана түсіп: «Құп, тілегің болсын, бірақ қарызың мен өсіміңді бидің алдына барып беремін», – депті. Бұл сөзді естіген ана кісі қуанып, Қожанасырды жер-көкке сыйғызбай мақтай беріпті. Сонымен ақшасын 105 теңгеге толтырған Қожанасыр кісісін ертіп биге жүгініпті де, 105 сом ақшасын тосып «Мына кісіге беріңіз»– деп жайын айтыпты. Би тілегін орындап, «Тағы қандай арыздарың

бар» – дегенде, Қожанасыр: «Тақсыр, енді менің алашағым бар, бұл кісіде. Бұдан екі жыл бұрын 5 теңге қарыз алып еді, содан 100 күн бұдан бұрын берді. Күніне 1 теңгеден өсіп отырғанда, мен қанша аламын, соны төрелеп алып беріңіз», – депті. Ана кісі: «Ойбай, біз олай келіскеміз жоқ-ты» – деп безектеп қоя беріпті. Төреші: «Жоқ, заңды шығарып жүрген өздерің, «өсім» дегенді шығарып. Сондықтан Қожекеңнің өсімін сен де бересің. Бір жылда 360 күн, екі жылда 720 күн, 720 күннен 100 күн шығарғанда 620 күн қалады, – Қожекеңе 620 сом бер. Бермесең зынданға 620 күнге салдырып қоямын», – деп үкім беріпті. «Зындан» – десе зәресі кететін кісі «құп», – деп Қожанасырға 620 теңге беріпті.

КҮЛДІРГІ ЕРТЕГІЛЕР

Үш қу

 Бұрын бір таз, біреуі жалақ, бір көзі ауырған үш адам жолдас болған екен. Әрқайсысының кеселі бар, таздың басы қышып, көзі ауырған көзі қышып, жалақтың ерні тырысып, әрқайсысы басымен әлек болып келеді, сонда бұлар ақылдасып, бүйтіп қор болғанша уәде етелік, басты қасымасқа, көзді сипамасқа, ерінді жаламасқа деп бәйгі қояды. Қайсымыз уәде бұзсақ, ат-тонымыз олжа болсын дейді. «Мақұл» десіп жүріп кетеді. Бір жерге келгенде көзі ауырған шыдамайды, бір қулық ойлайды. Жолдастарына айтады: «Мен жасымнан мерген едім, оң жағымнан келсе де, сол жағымнан келсе де атып түсіруші ем», – деп бір қолын кезеп, бір қолымен көзін сипап- сипап алыпты. Мұны көріп таз айтады: «Мен де жас шағымда әбден мырза едім, ауылдың мына жағына келсем бөркімді былай киюші ем, ана жағына келсем былай киюші ем», – деп еркінше басын екі қайта қасып алыпты. Сонда тұрып жалақ айтады: «Екеуіңдікі де өтірік», – деп ернін еркінше жалап алыпты. Бірінікін-бірі білмейді, өздерінің қулықтарын өздері біліп кете берген екен дейді.

Аңқау мен ұры

 Баяғыда бір аңқау есегіне мініп жолаушы шығады. Келе жатып тауға шығарда есегін аяп жетектеп өтпекші болады. Бұны екі ұры көріп есекті ұрламақшы болады. Екі ұры аңқауға білдірмей келіп, біреуі есектің ноқтасын сыпырып жіберіп өзі киіп, аңқаудың артынан жүріп отырады. Екіншісі есекті алып кетеді, аңқау білмейді, өлең айтып жүре береді. Біраздан кейін әлгі ұры тартынып жүрмейді, аңқау артына қараса есектің орнына адамды көреді.- Бұл қалай, сен қайдан келдің? – деп, таң қалады.

Ұры:

    •  Сенің есегің болып жүрген мен кісі едім, бала кезімде тентек болдым, шешем есек бол деп қарғаған еді, мен есек болдым, мені сен базардан сатып алдың. Бүгін шешем жалбарынып құдайдан сұраса керек, қайта адам болдым, – дейді.

Аңқау сеніп ұрыны босатып жібереді.

Әкесі мен баласы

Бір кісі өмірінде өтірікке ешкімді алдына салмаған суайт екен.

Бұл кісі баласын баулып, өзіндей өтірікші қылыпты. Баласы әкесінен де өтірікке астам болыпты. Әкесі баласының асқандығын барлайын деп бір күні дөңге тұрғызып баласына жорта:

    •  Балам, көзім жетіңкіремей тұр, анау қабақтағы бұлдыраған киік пе, немене, десе, баласы:
    •  Е, ананы айтасың ба? Ол арқар емес пе, баурында егіз қозысы еміп тұрған, – депті.

Әкесі тағы:

    •  Шырағым, сол арқарға қай жағынан барсақ, жақындап көргендейміз? – десе, баласы:
    •  Ай, әке-ай! әбден-ақ көзіңіздің жанары кеткен екен. Осы тұрған арыстандай арқарды көре алмадыңыз ба? Арғы қырқаның берісінен, бергі қырқаның арысынан бас баға барсақ, қақ желкесінен сығалаймыз, – депті де, әкесін жіберіпті. Әкесі шын нанып, айтқан жерімен барып қараса, арқар түгіл түк те жоқ екен. Артынан келген баласына әкесі:
    • Қане, балам, арқарың? – десе, баласы:
    •  Арбаңдап қашқанын да көрмей қалған екенсіз, көзіңіз әбден бұлдыраған екен, – депті.

Сонда әкесі:

    •  Балам, өтірікке баулуым әбден жеткен екен, өзімнен асқан екенсің, – деп батасын беріпті.

Бұқабай мерген

 Бұқабай деген кісі де өтірікке келгенде, ешкімге есесін жібермейтін кісі екен. Лепіре сөйлегенде, елді аузына қаратып, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып, шімірікпестен соғып отырады екен.

    •  Қаңтар туысымен қарсақ тонымды бастыра киіп, қара жолақ өгізіме мініп, тобылғыдан түлкі түртіп, қия тастан қасқыр қағып келе жатып, арыстанның алты жұмыртқасын омбы қардан ұрып алдым да, ойдан қашқан отыз түлкіні алты жұмыртқамен жіберіп ұрып, түлкінің бәрін жау жапырақтай түсіріп, сайды әкеме ас бергендей қан сасыттым.

 Шыбық садағым, ши оғыммен құралайды кез атамын. Сеңгірде селтиіп тұрған кер құланды тартып қалғанымда, оғым атқан құланның оң танауынан кіріп, сол құлағынан шығып, алдыңғы оң аяқтың тұяғын жұлып, артқы сол аяқтың башпайын түсіріп, сан етті аралап өрлей шығып, құйрықты қуып отырып үстіне шығып кетіпті.

 Аңғал сайдың алшасына салып тастаған қақпаныма күнде отыз орман, тоқсан түлкі түсетін болды. Күнде бір қақпаннан бір ауыр көген аң аламын. Біреуінің кірпігінен, біреуінің мұртынан, біреуінің мүйізінен, бірінің құлағынан, көбінің аяғынан, азы тұяғынан түседі де жатады, түседі де жатады дейді екен.

Қостаушы табылса, өтірік айтушы да

табылады

 Екі өтірікші бірі бастап, бірі қостап ел аралап, өтірік айтпақшы болыпты. Біреуі бір күн ілгері жүріп, ел аралап, қонған, түстенген жеріне, жолыққан адамына өтірік айта бермекші болыпты. Екіншісі бір күн кейін жүріп, сол жөнмен алдыңғы өтірікшінің айтқанын қостап, растап отырмақшы болыпты.

Өтірікті бастаушы бір ауылға келіп қоныпты. Ауыл адамдары:

    • Жарқыным, жақсы-жаманнан не тіл бар? – десе, өтірікші:
    •  Ел аман, жұрт тыныш, жалғыз-ақ көкті көбелей, аспанды аралай көшіп бара жатқан ел көрдім, – депті. Ел нанбапты.

Енді келесі кешке сол ауылға қостаушы өтірікші келіп қоныпты.

Ауыл адамдары тағы да:

    •  Жарқыным, жақсы-жаманнан не тіл бар, кеше келіп, бір қонақ көкті көбелей, аспанды аралай ел көшіп бара жатыр екен деді, онан не білесің? – дейді.

Қостаушы:

    •  Болса болар, үйткені аспаннан анда-санда керегенің сағанағы түсіп бара жатқанын көрдім, – депті. Бұл өтірік сонан кейін елге лақап болып таралып кетіпті.

Мазмұны

Хайуанаттар туралы ертегілер



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу