Ұстазы жақсының ұстамы жақсы


Әріптес туралы естеліктер

Бектенова Кенжегуль Шашымовна

Бастауыш сынып мұғалімі.

№16 Төлеубай Аманов атындағы

жалпы орта білім беретін мектеп.

ШҚО.Семей қаласы.

Тел:87753915941

zhanargul.77@mail.ru

Жақсының аты өлмейді...

 

 Адамзат тарихтан кемеңгерлікті, поэзиядан шешендікті, ал математикадан зеректікті үйренсе, жаратылыс ғылымдарынан тереңдікті, логика мен көсемсөзден – айтысудың дағдысын меңгереді. Баланың зерек, қабілетті, ұғымтал әрі тапқыр болып қалыптасуына математика пәні мұғалімінің тигізер әсері зор. Талай үздік оқушылардың қанатын қатайтып, биік шыңдарды бағындыруға көмектескен ұстаздың бірегейі – Рахметова Нұркамал Төкенқызы.

Махаббаттың отанына айналған Аягөз қаласында 1950 жылы интеллигенттер отбасында дүниеге келген ұстаз мектепті үздік бітіріп шығады. Оқуына үлкен жауапкершілікпен қараған Нұркамал Төкенқызының студенттік шағы Крупская атындағы Семей педагогикалық институтында өтеді. Математика-физика факультетінде білімін жетілдірген мұғалім 1984-1990 жылдары институттың кафедрасында қызмет атқарып, математиканың практикумы және методикасынан дәріс оқыған. 1990 жылы Семейдегі қара шаңырақтың бірі №16 Төлеубай Аманов атындағы орта мектепке жұмысқа тұрып, зейнет жасына дейін аталмыш білім ордасында математика пәнінен сабақ берген.

Жұмысына деген жауапкершілік пен ісіне деген тиянақтылықтың нәтижесінде бірнеше жылдар оқу ісінің меңгерушісі де болған-ды. «Құрмет грамотасы», «Шығармашылық жетістігі үшін», «Білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі үшін», «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері атанып, өз пәнін жетік меңгерген ұстаз ретінде мектеп тарихында қалған. Ұстаздың өз саласында жеткен жетістіктері мен өзге жеңістері жетерлік. Нұркамал Төкенқызының әріптестерінің ортасында қандай маман болғаны, отбасы туралы, ерекше қасиеттері жайында білу үшін №16 Төлеубай Аманов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің ұстаздарынан сұраған ек.

 -Гулнара Агзановна, армысыз. Өзіңіз ғасыр тарихы бар қара шаңырақтың ұлағатты ұстазысыз. «Абайтану» оқулығының авторы ретінде республикаға танымалсыз. Сізбен бірге қаншама мұғалімдер қызметтес болды. Соның бірі математик Нұркамал Төкенқызы. Математика ұстазы туралы біраз естеліктер айтып берсеңіз.

Иә, білімді ұстаздардың есімі әрқашанда айтылып жүретіні анық. Нұркамал Төкенқызы ең алғаш ғылыми жобамен айналысқан ұстаздардың бірі. Ол кезде жоба туралы білетініміз аз. Соған қарамастан ол кісі математикадан, мен қазақ тілі мен әдебиеттен және Кәмшат Тлегенова информатика пәнінен оқушыларды дайындап, жүлделі орын алып келгенбіз. Бұл дегеніміз ұстаздың үнемі жаңалыққа жаны құмар екенін көрсетеді. Сондай-ақ, қазір әр пәнде әдістемелік бірлестік құрам бар екені мәлім. Оны басқаратын ұстаз – бірлестік жетекшісі ретінде белгілі. Осы ұғым қалыптасқаннан бастап, оның ережесін құрастырып, міндетін анықтап, талаптарын ескерген де Нұркамал Төкенқызы болатын. Аталмыш ережені педагогикалық кеңесте ұсынып, ары қарай қалалық жиналыстарда талқыланып, бекітілген еді. Барлығымызға бағыт беріп, әріптестерінің білмегенін үнемі үйретіп жүретін шебер ұстаз болған. Мұғалімдікпен қатар қолынан түрлі іс келетін Нұркамал Рахметова өте белсенді болды.

Қазіргі бар дүниелердің енді-енді қалыптасып келе жатқан уақытында жұмыс жасадық қой. Сол кезде ең алғаш «Өзін-өзі басқару» ұйымы құрылып, мектептің президенті сияқты түрлі өкілдері пайда болған кез болатын. Сонда мектеп қабырғасында құрылған ең алғашқы аталмыш ұйымның көшбасшысы Нұркамал Төкенқызының сыныбынан Құнанбаев Бауыржан есімді ұл бала тағайындалған болатын. Сыныбындағы оқушыларды шапшаңдыққа үйретіп, еңбекқор болуға баулыған ұстаздың кәсібилігі көрініп тұратын. Қандай жарыс болсын, олимпиада болсын алдымен Нұркамал Төкенқызы оқушыларымен жүретін. Тек жүрмей, қанжығалары жүлделі орындармен майланып келетін. Өзінің қос қызы да аналарының жолын қуып, мұғалімдікке түсіп, ары қарай еңбек жолдарын қалыптастырған.

 -Төлеуғайша Әуелханқызы, сіз қазіргі кезде мектептің оқу ісі меңгерушісі болып қызмет атқарып отырсыз. Ертеректе осы қызметте математика пәнінің мұғалімі Нұркамал Төкенқызы Рахметованың болғанын білесіз. Әріптесіңіз туралы қандай да бір ойыңызда қалған ерекше сәттер, қызықты оқиғалар болса, бөлісе отырыңыз.

 Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі Ұстаз. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Осындай ұстаздың бірі Нұркамал Төкенқызы туралы айтарым бар. Нұркамал Төкенқызы білімді, шебер ұстаз. Үнемі ізденіс үстінде жүретін. Математика пәніне арналған журналдарды қарап, көзілдірігін киіп алып есеп шығарып отыратындығын жиі көретінмін. Қалалық математика пәні мұғалімдерінің бірлестік жетекшісі болған. Қандай да бір семинар өткізу керек болса білегін түріп, белсене кірісіп кететін. Қалалық білім бөлімінің әдіскері Райгүл Жаксыбековнамен бірге қала көлемінде математика пәні мұғалімдеріне арналған семинарларды жиі ұйымдастыратын. Сол семинарда кейбір күрделі есептердің шығару әдістерін түсіндіріп кететін. Семинардан пән мұғалімдері теориялық білімдерін толықтырып, іс-тәжірибе жинақтап қайтатын. Есімде мұғалімдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шарада Медғат аға екеуі жұптасып, әдемі әуенмен айналып вальс биледі. Қарап отырып, қандай жарасымды жұп деп тамсандық. Мектеп қабырғасында тәжірибелі мұғалім, ал үйде аяулы жар, асыл ана. Жолдасы Медғат ағаға аса құрметпен, ерекше ілтипатпен дәмін дайындап, дастарханын жайып отыратын. Нұркамал Төкенқызының қолынан талай дәм таттық. Аңқылдаған, ақжарқын, мейірімді жан ортамыздан ерте кетті. Ол кісінің күлімдеген бейнесі менің әлі көз алдымда.

 Математика пәнінің мұғалімі Нұркамал Төкенқызын жайлы ерекше жылы естеліктер айтып бергеніңізге рақмет.

 Ұстаз туралы әріптестері жан-жақты айтып, естерінде қалған жылы бейнесін сипаттаудан шаршаған емес. Үнемі Нұркамал Төкенқызының берген бағытымен жұмыс жасап, әдістемесін сабақта қолданғандар өте көп.

 -Перизат Каримхановна, өзіңіз талай жылдар бойы осы мектепте жұмыс жасап, ыстығы мен суығын бірге көріп келе жатқан ұстаздардың бірісіз. Әріптесіңіз болған математика пәнінің мұғалімі Нұркамал Төкенқызы жайында айтатын ойларыңыз болса, мархабат...

 Мен ұстаздық жолымды осы мектепте 1997 жылы тарих пәні мұғалімі ретінде жалғастырған болатынмын. 1998 жылы 5-сыныпқа сынып жетекшілік етіп, 2004 жылы сыныбым 11- сыныпты аяқтады. «Дұрыс тәрбие - балаға өмір бойы азық» демекші, сыныпты алғаннан сол тәрбиені дұрыс ұйымдастыра алып жатырмын ба, бағытым дұрыс па, әлде жоқ па деген ойлар көкейімде әрқашан күмән тудыратын. Бірақ осы күмәнді ойлардың түбегейлі жойылуына сол кездегі әріптесім, ата-ана болған, оқушым Эльмира Митхатқызының анасы, математика пәнінің мұғалімі Рахметова Нұркамал Төкеновна себеп болды. Өзінің бойындағы қарапайымдылық, еңбекқорлық, ізденімпаздық, жауапкершілік қасиеттерімен, тәрбиелі ақыл-кеңестерімен оқушы тәрбиесіне қатысты көкейімде жүрген ойлардың түбегейлі өзгеруіне үлкен себебін тигізген жан.

 Өзге әріптестерімнің арасынан Нұркамал Төкеновна маған ерекше көрінетін. Үйінде асыл ана, аяулы жар, оқушыларға қадірлі де ұлағатты ұстаз, сонымен қатар әріптестерінің ортасында сыйлы болды. Үнемі бірқалыпты, біркелкі көңіл күймен жүретін еді. Өз жұмысына аса үлкен жауапкершілікпен қарап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін. Өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, көптеген мақтау қағаздарын алып, білім саласында абырой-атаққа қол жеткізген ұстаздардың бірі, өз ісінің қас шебері болып кеткен ұстаз деп білемін. Әр өткізер іс-шараларыма ақыл-кеңесін бере білді.  Нағыз шебер ұстаз болу үшін уақытты тиімді пайдалану, үнемі ыждағатты еңбек ету, балаға деген сүйіспеншілік керек екенін осы кісіден үйрендім. Мұғалім мамандығы ең қиын және ең жақсы мамандық екендігі бәріне белгілі. Осы қызығы мен қиындығы бірге жүретін мамандық жолында мен осы кісімен әріптес болғанымды мақтан тұтамын.

 Жалпы, Нұркамал Төкенқызы барлық тепе-теңдікті ұстай білген жан. Өзінің ерекше болмысымен, жылдар бойына қалыптасқан жауапкершілік пен еңбекқорлығының нәтижесінде талай шыңдарды бағындыра білгені мәлім. Осы мақаланы жазарда оқушысы болған Балым Мирхатқызы да ұстазды ерекше құрмет тұтқанын айтады. Алгебра және геометрия пәнінен сабақ берген ұстазын үздік деп таниды. Өзінің пәніне берілгені соншалық, тақтаға бормен есеп шығарып, түсіндіруден жалықпайтынын да тілге тиек етті. Сабаққа талап қоя білетін ұстаз, сабақтан тыс уақытта үйіне де апарып, тәтті шайын ұсынған кездері болғанын алға тартады оқушы. Әдемі естеліктер өте көп екенін айтып, ешқашан ұмытпайтынын да жылы жүзбен білдірді.

 Оқушыларының, әріптестерінің, қызметтестерінің ішінде барлығы да Нұркамал Төкенқызын биікке шығарып, ерекше құрметтейтіні байқалады. Өз ісінің маманы болып, талай шәкіртті қанаттандырған ұстаз есімі өшпейтіні анық. Себебі, жақсының аты өлмейді...

Бектенова Кенжегуль Шашымовна

Бастауыш сынып мұғалімі.

№16 Төлеубай Аманов атындағы

жалпы орта білім беретін мектеп.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу