Ұлтымыздың ұлы ұстазы-Ахмет Байтұрсынұлына 150 жыл ашық сабақ


Ұлтымыздың ұлы ұстазы-Ахмет Байтұрсынұлына 150 жыл

Мақсаты: Тарихи өмірінде орны айрықша зор тұлға-Ахмет Байтұрсынұлының халықтық тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде оқушылар бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту; ақын, қоғам қайраткері, педагог-ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу.   

Көрнекілік: Ахмет Байтұрсынұлының портреті, кітап көрмесі, ақынның қанатты сөздері.

Сабақтың барысы:

-Құрметтi ұстаздар, оқушылар және қонақтар! Бүгiн бiз қазақ халқының бiртуар ұлы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына арналған ашық тәрбие сабағымызға жиналып отырмыз. Iрi ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушi, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсыновтың қазақ халқы, елi үшiн еңбегi зор.

Ал, қазiр Ахмет Байтұрсыновтың әруағын 1 минут үнсiздiкпен еске алып өтейiк.

...Күңірене шыққан күй әуені. Сахнада оқушы Ахметтің ролінде, ақынның «Маса-сөз иесінен» өлеңін оқиды. (сахнада музыка үні әуелейді де бәсеңдейді)

1-жүргізуші: Ахмет Байтұрсынұлы...Осы бір есім елге таныс болғалы «Мен-қазақпын» деген азаматтың бір селт етпейтіні жоқ та шығар.

2-жүргізуші:Ахмет Байтұрсынұлы- Қазақ тiл бiлiмiнiң негiзiн қалаушы ғалым Ыбырай Алтынсариннен кейiнгi еңбегi ерекше ағартушы-педагог, сөз құдiретiн танытқан жаңаша ақын, қазақ баспасөз тiлiнiң ұлттық үлгiсiн көрсеткен талантты публицист, туған халқының рухани дүниесiн көрсетуге көп күш жұмсаған мәдениет қайраткерi. Бір басында сан-салалы өнер тоғысқан тілегей-теңіз энцикло-педиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа бастаудан асқан бақыт бар деп білмеген ірі  тұлға, халықтың рухани көсемі.

1-жүргізуші: Ол бала кезiнен сөз танып, оны ұғып, көркем сөздiң елде жоғары бағаланатынын сезiп өстi. Саналы өмiрге аяқ басқан кезiнен бастап, халық поэзиясын, Абай, Ыбырай шығармаларын, орыс әдебиетiн оқыды. Мұның бәрi қоғамдық ой-пiкiрде тынымсыз iзденген, өмiрге құштар Ахмет үшiн текке кетуi мүмкiн емес едi. Сондықтан айналаны тану, бiлу, сезiну қалпын поэзия тiлiмен, өлеңмен жеткiзуге ден қойды. Өлеңдi өзiнiң ағартушылық идеясына пайдалануды көздейдi. Осы  бағытта  жазылған  өлеңдері  Есберді Әсел —  «Қазақ салты» Лесбек Мариям-«Адамдық диқаншысы»

Ақылбек Аружан: Тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты  ілгері жалғастырушы, ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды-ақын аудармашы Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысы, Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде, ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18-қаңтарда дүниеге келген.Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды.

Бекешева Фатима: Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық зорлыққа шыдамай,1885 жылы 12-қазанда ояз начальнигі полковник Яковлевтің басын жарады. Мұның арты дүние- мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге он бес жылға жер аударылумен тынады.Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-1884  жылдары әуелі көзі қарақты адамдардан өз үиінде хат танып,  артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 Торғай қаласындағы екі класты орысша қазақша училищеде,1891-1895  жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып білім алады.1895  жылдың 1- маусымынан бастап мұғалім болады.

«Оқуға шақыру» Оксикбай Сабина.

1-жүргізуші: Ақтөбе, Қостанай,Қарқаралы, атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылық саясатын айыптайды.

«Көк есектерге» Нұрланбек Әділет,Бақтыораз Аида

2-жүргізуші: Ауылдық, болыстық, кейін екі класты мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901  жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жазады, аударма жасап, өлең — жыр шығарады, ауыз әдебиеті (фольклор) нұсқаларын жинайды.Оқыған, еркін мінезділігімен, батыл да ойшылдығымен ел ішінде бедел  атағы өсе бастайды. Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкийдің жарлығы бойынша Қарқаралы екі класты училищесінің меңгерушісі Ахмет 1909   жылы  шілденің 1-  і күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан-нақақ  8  ай бойы азап- қорлық көріп торығады, қинала жүріп ширайды, ақары күреске белді бекем буады. Бостандықты аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады.  Ақыры, Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21-  ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынов өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезендер басталып кетеді.

«Туысыма» Төрехан Аяулым.

1-жүргізуші: 1913-1918 жылдар арасында (қазақ) газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер білімге үндейді . «Жұртыма» Асқарбек Бекасыл.

2-жүргізуші: Алаш қозғалысы түсында  ( 1918-1919 жылдың басы)  Ахмет Байтұрсынов та жаңа өткел, соңы өріс іздейді. Азапты толғаныс, өзгеру эволюциясынан өтіп барып,1919  жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт ителлигенциясының көптеген өкілдерін өзіне ілестіріп, Кеңес өкіметі жағына өтеді. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери Революциялық комитеттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады. Республика халық ағарту комиссары, Бүкілодақтық Ортлық Атқару Комитетінің мүшесі, Қазақстан Академиялық Орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор болады. Әділет нормалары бұзылып, сталинизм қылышынан қан тамған кезеңде Ахмет Байтұрсынов әуелі 1929 жылы бір ұсталып, абақтыға қамалады да, лагерьде ұзақ азап көріп, одан1936 жылы қайтып келгенмен,1937 жылы тағы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылады.

1-жүргізуші:  Репрессия құрбаны болған Ахмет Байтұрсынұлының тағдырынан сахналық көрініске кезек берейік.

                        Сот үрдісінен  көрініс

ОГПУ тергеушісі, сұсты қатал үнмен: -Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы Торғай губерниясында бай-болыстың семьясында туған. Ұлты-қазақ. Ол үкіметке қарсы «Алаш» партиясы-ұлтшылдардың жасырын ұйымы. Бұл партия Совет үкіметіне қарсы қастандықтар ұйымдастырған. Байтұрсынов-жат пиғылды, революцияға қарсы,еңбекшілдер үкіметін жек көретін адам. Барып тұрған халық жауы. Байтұрсыновтың айыбы. Жасырын қазақ ұйымына енген және ұйымдастырушылардың бірі, ол жасырын түрде ұлтшылдық бағыттағы «Алаш» партиясын ұйымдастырған, қазақ әдебиетіне, баспасөзге сол арқылы теріс ықпал жасаған.Қылмыстық істер кодекісінің 58 бабының 7,8,11 тармақтарына сай Ахмет Байтұрсынов атылсын!

(тергеушіАхметтіжұлқыпәкетіп бара жатады)

Ахмет: Қинамайды абақтыға жапқаны,

              Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

              Маған ауыр осылардың бәрінен

              Өз ауылымның иттері үріп қашқаны...

             Хош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған,

             Айдай бер қалса адамның қуылмаған.

(Ахметті жұлқып алып кетеді, сахнаға Ахмет қайта шығады)

Ахмет: Мен өлсем де өлемін жөнімменен,

              Тәннен басқа не алар ем өлімменен?!

              Өлген күні апарып тығары-көр,

              Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.

             Тән көмілер,көмілмес еткен ісім,

             Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

             Жұрт ұқпаса-ұқпасын, жабықпаймын,

            Ел-бір күншіл, менікі-ертеңгі үшін.

1- Жүргiзушi: Қарқаралыда мұғалiм болып жүргенде патша үкiметiнiң әдiлетсiздiгiне қарсы наразылық бiлдiрушiлердiң қатарында болғаны үшiн, 1909 жылы Семей түрмесiне қамауға алынады. Кейiн қазақ жерiнен тысқары жерде тұруға үкiм шығарып, 1910 жылдың наурызынан 1917 жылдың соңына дейiн Орынбор қаласында тұрады. Семей түрмесiнде жатқанда анасына арнап «Анама хат» атты өлең жазды. Нұрланбек Тәңіржан. 

2-жүргізуші: А.Байтұрсыновтың «Тіл құрал» атты еңбегі бүгінгі түркі тұқымдас халықтардың сөйлеу, жазу, тіл ұстарту білімінің бастау бұлағы саналады. Осы заманда қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, шылау, үстеу, ілік, жатыс, бастауыш, баяндауыш, септеу, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, қыстырма сөз деген атауларды ойлап тауып, ғылыми бір ізге салған Байтұрсынов болды. Ахмет тек өзi ғана жазып қоймай, аудармашылықпен де айналысқан. Ол «Қырық мысал» 1909 жылы Петербург қаласында бастырады. Орыстың классик мысалшысы И.А. Крылов мысалдарының бiр тобын аударған. Крыловтан аудармалары өз елiне тән, жақын екенiн сезiп отырып таңдаған.

«Қара бұлт» мысалы Бақтыора Аида.

1-жүргізуші: А. Байтұрсынов — қазақ музыкасы мен ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А.В. Затаевичтің айтуынша ол шебер домбырашы, әрі әнші болған. «Қазақ халқының жүз әні» атты еңбегінде А.В.Затаевич былай деп жазды: «А.Байтұрсынов өз халқының әндерін жақсы біледі және оларды тамаша орындайды, ол — жақсы домбырашы»-деген. Ахмет- қазақ музыка өнерiне де терең көңiл бөлген ғалым. Әрi өзi композитор да болған. Оның «Аққұм», «Iңкәрім-ай» әндерi куә. Домбыра тарта бiлген.

Ал енді, Ахмет Байтұрсыновтың «Іңкәрім-ай» әніне кезек берейік.

2-жүргізуші: Сонымен     кеңес дәуірінде Ахмет Байтұрсынов  есімін атаудың өзі қылмыс саналса, еліміз тәуелсіздік туын тіккеннен кейін халқымыз өзінің ұлы перзентімен қайта табысып отыр.Тау сілеміндей мол мұра оқырман қолына тие бастады.Қазақстан Республикасының арнаулы қаулысы бойынша  республикамыздың әр жерінде шаруашылықтарға, мектептерге, көшелерге және Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының Тіл білімі институтына Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілді. Сөйтіп, тарихи әділет, шындық салтанат құрды; халқының бостандығы, тәуелсіздігі, еркіндігі үшін тар заманда жан аямай күрескен ұлы  азамат Ахмет Байтұрсынов ұлт күрескерлерінің сапына келіп қосылды.

Хор: Мен қазақпын!

Мұғалім: Құрметтi қонақтар,оқушылар! Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 толуына арналған  ашық тәрбие сағатымыз  осымен аяқталды. Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

Ахмет Байтұрсынұлының жұбайы,отбасы жайлы деректер.

Қостанай уезінде қызмет істеп жатқан кезінде Ахмет Аманқарағай орман шаруашылығының бастығының (кей деректерде қатардағы орманшының делінеді) үйінде тұрып соның қызы Александра Ивановнаны сүйген. 4. Александра Ивановна 1878 жылы Челябинск ауданында дүниеге келген. Әулиекөл ауылында орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып істеген кезінде Ахмет Байтұрсынұлымен танысады. 5. Жастар некелерін Троицкте жастар мұсылман дәстүрімен қиған. Атақты дін қызметкері Зейнолла-ишан алдында Ахмет Александраны татар қызы қызы ретінде Бадрисафа Мұхаммедсадыққызы Байтұрсынова деп жазып алған. Сөйтіп, Ахмет әйелін 2-3 айға мешітте мұсылман әдет-ғұрыптарын үйрену үшін қалдырған. Бадрисафа шариғатты дереу игеріп алып, өмірінің соңына дейін мұсылман ерлі-зайыпты болған.

Ахмет Байтұрсынұлының тек қана асырынды балалары болғаны бәрімізге белгілі. Ресми дереккөздерде үш есім ғана сақталып қалған, олар – Аумат, Қазихан және Шолпан. Үшеуіде ағартушының үйінде тәрбиеленген іні-қарындастары. Бірақ оның тағы да бір түп-тегі Ахмет Байтұрсынұлының уақытында және де оның өлімінен кейін көптеген жылдар бойы жасырынған асырымды баласы болған – Самырат Кәкішев. Мұндай құпиялылығы оңай түсіндіруге болады: Самырат Байтұрсын әулетінің шаңырақ иесі болғандықтан оның өмірін сақтау бүкіл әулеттің басты мақсаты болған. Бір жолы, Байтұрсынұлыны тұтқандағаннан кейін Самырат тұрған ауылға әскер келген. Олар ұрпақ жалғастырушы ұл-балаларды іздеген екен. Сол кезде бір әйел Самыратты үлкен қазанмен жабып, баланың өмірін аман сақтап қалды.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу