Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Үміт әлде далбаса

Әңгіме:  Балғабек Қыдырбекұлы | Үміт әлде далбаса казакша Әңгіме:  Балғабек Қыдырбекұлы | Үміт әлде далбаса на казахском языке


Адам үмітпен өмір сүреді. «Үмітсіз — шайтан», мен де нақ солай, бар өмірімді үміттенумен өткізіп келемін. Үміттен аулақтап көріне көзге дүниеде жоқ, жұртқа жек көрінішті құбыжық атақ алу жап-жақсы деп ойлап па едіңіз. Шайтан болудан құдайыңыз сақтасын. Бірақ менің сол үмітімнің өзі шайтан болуға айналды ма деп қорқамын. Өйткені ол көзіме бір көрініп, ырым алдырып, той-тойлатпай-ақ барады.

Менің машина мінетін үлкен сықиған бастық болуды ойлағаным қашан. Егер шынына келсем, мен сондай машиналы бастық болуды үйленгеннен кейін-ақ ескере бастағанмын. Оған түрткі салған да сол біздің үйдің шүйке басы — Ызбаркүлдің түрпідей сөзі болатын. «Ойбай-ау, бізге машина міну қайда?», «Біз жаяуға жаралған адамның әйеліміз ғой» деген сөздер батырып арнайы айтпағанымен бүйіріме темірді қыздырып басып, қыздырып басып алғандай әсер ететін.

Менің соқтасы теріні тесе жаздап, талаурап тұрған шиқандай тарынғанымды әйелім де сезді, енді ол басқа әнге басты. Әнге болғанда кәдімгідей шын ән шығарып алды. Үй ішінде екеуміз қалсақ-ақ әйелім қырылдауық тамағын кенеп-кенеп алып, жартастан шыққан жаңғырықтай жаман даусымен соза жөнеледі:.

Дүние, қудым сені жалықпай-ақ,

Судагы ұстатпайсың балықтай-ақ,

Біреуге мал мен басты үйіп беріп

Міреуді мойдың...

Әрине, жартысы ғана айтылған соңғы жолды міңгірлеңкіреп, басқы әріптердің бәрін «м-ға» айналдырып соза береді. Ол жолды айтқызбай-ақ сіздердің білгендеріңіз сияқты мен пақыр да сезіп, құйқа тамырым шымырлап отырады. Жаныңда жамбастап біреу жаныңды жанып қамшылап отырса, бұдан кейін кеудеңді өрге айдамай көрші қане! Бұдан кейін бастық болуды ойламай көрші қане!

Бастық болғанда мен соншалықты бір «ішкен мас, жеген тоқ» немесе «ит басына іркіт төгілген» жерді іздеп жүрген жоқпын. Осы өзім істейтін чермет цехының бастықтығын аңдимын. Одан жоғарырағынан дәметпегенімнің де жөні бар. Үнемі тасы өрге домалап, аспандап жүрген, тәжірибелі өсеген жолдасым Қартабай «байқұс-ау, құлдың сүйген асын кім береді», одан да «кедейдің аздан байығаны жақсы» деп ақыл айтқаны бар емес пе. Көңіліме қона кетті. Оның үстіне бастан жасық жаратылған басым қайдан пысып кетіп, үлкен істі атқарармын. Өйткені әйелім тағы да қыңқылдай бастаған кезде өзімді бір сынап көріп едім, басшылықта болуға ұқсамайтын сияқтымын.

Сондықтан бастықтықтан ат-тонымды ала қашып, біржола қойғандай жайым бар еді; қоя алмадым. «Барғызбасың барғызбас» дегендей, менің де қойғызбасым қойғызбады.

Жарғақ құлағым жауыр болған соң қайтейін, болсам бола салайыншы десем, оның манақасы көп екен. Ол жөніндегі менің ақылшым, білгішім Қартабай ғой. Қартекем менің күнде бір кемшілігімді көрсетіп, тарыдай күнде талай көзіне шұқиды:

— Балбақ, сен бастық болғың келсе, алдымен амандасуыңды өзгерт,— деді.

— Қадай?—деймін мен оның сөзін аңғара алмай.

— Міне, міне, сенің екінші бір ұнамайтын мінезің де шығып қалды. Алдымен сен шапшаңдықты қой. «Қалай» демеуің керек. Екінші амандасқанда өтірік те болса сықылықтап немесе қарқылдап күліп ал.

— Қой, босқа күліп мені жын ұрып па?!

Қартекем жарылып кете жаздады. Жақ жүні үрпиіп, шекесі қызарып кетті. Енді пәле болды. Қартекелеп жатып зорға бастым. Ол қайта сөйледі:

— Сенің оңбайтын жерің осы. Ол болмайды дейсің. Сен болмайтынын білсең де үндемеуің керек. Сенің міндетің бас шұлғу, құптау.

— Ал жарайды,— дедім мен тайқып түсіп.

— Ал жарайсың не, үндемей отыруға саған болмай ма, қой сенен бастық шығарамын деп жүрген мен де оңбаймын.

Сілейіп қатып қалдым. Мұнымды Қартекем тіпті де ұнатпады. Жол үстінде әлденеге кездескен кірпідей дүрдиіп алды.

— Тіл-аузын қойып қалған адамдай бұның қалай,- сілейме, түк білгізбеуің керек.

Ішімнен Қартабайды сорлатып отырмын. Бұлай болса, сол цехтың бастықтығынан да бездім. Мынауыңнан он муфт жону әлдеқайда оңай ғой. Ой, құрсын бүйткен мансабы! Солай дегеніммен де Қартекем мені жанынан жарты елі тастамайтын болды. Енді не де болса сабақты coның өзінен үйренбек ойым бар. Қартекемді зерттей бастадым.

Маған алғашқы ескертпе амандықтан басталды ғой. Байқаймын Қартекеңнің амандасуы үш түрлі болып келеді де, соларды кезектесіп адамына қарай қайталай береді. Ол мысалы «сәламатсыз ба?» деп алып, сойған түлкідей ыржиып жүріп береді. Немесе кеңкілдеп, кейде рабайсыздықпен сықылықтап алады. Мұндай жағдайда оның күлкілі даусы шығады, о ғажап, бет-жүзі өзгермейді. Қателеспесем бұлай амандасатындары көбіне қызметі жағынан да, жасы жағынан да өзі тұрғыластары болса керек. Енді біреулерді көргенде жалпылдақ отындай алпылдап-жалпылдап кетпей (мен өзім сөйтемін ғой) сыздаусып шала піскен картоптай томырайып, не аузынан оқтау жұтқызып, сол мойнын күйездендіріп тұрғандай кекірейіп, иегін болар-болмас изеп өтеді. Байқаймын алдыңғы амандасысы болмаса соңғысы қолымнан келетін түрі бар. Және мұның тағы бір оңай жағы мұндай амандасатындары өзінен темен тұратындары-ау деп шамалаймын.

Осылай жүргенде амандасудың тағы бір бөтендеу, әрі қиындау жолын көрдім.

Демалыс күні болатын. Қартекең екеуміз Көкбазарды жағалап келе жатыр едік, еңгезердей келбетті адам кездесе кетті. Мен танымадым. Қартекем жанымнан доптай домалап барады. Ол әлгі адамның алдында бүгжиіп тұрғаннан бip-ақ байқап қалғаным. Бала күнімде айдаһар лебімен тартқанда қоян өзі жүгіреді екен дегенді ертегідегі талай естігенім бар еді. Қартекем де нақ сол ертегідегі қояндай кездескен кісінің аузына қойып кете жаздады. Сонан соң Қартекем әрбір сөз айтқан сайын әлгі кісінің біресе арғы жағына, біресе бергі жағына лыпын қағып шығып отырды. Айрылысарда әлгі кісінің қолын қысып, өзі күлкірне басқан адамдай бүкшиіп кетті. Нақ мынаны істеу үшін Қартекемді былай қойғанда, Асқар Тоқпановтан ең аз болса төрт жыл сабақ алуым керек деп ойладым.

— Жаңағың кім, Қартеке?

— Көрші заводтың директоры, Кәкен.

— Амандықтың бұл түрінін кімге екенін енді айтпасам да білген боларсыздар. Осынша өнердің барлығы менің қолымнан келер ме? Енді бар әурешілікті қоймақ болдым.

Нақ осы мансап іздеуімді қоймақ болған күні мені завод директоры шақырмасы барма. Білген ілтипатымды жасап оның алдына келіп отырдым. Ол орағытып цехтың жайын, жұмысшылардың халін сұрады. Кейбіреулерінің атын атап айтып отырды. Менің жағдайымды сұрай келіп:

— Сізді өзіңіз істейтін чермет цехына орынбасар қойсақ деген ойымыз бар,— деді.

Қартекем әбден үйретіп тастаған емес пе, үндемедім. Шынында үндемеуім керек пе екен, әлде «құп, рахмет» демекпін бе, анығын білмей сасып қалдым. Үндемей отырғанымды келіспеді деп біліп қалар ма екен деп те қыпылдап, қылпылдап барамын. Көріне көзге басқа келген бақытты теуіп, құдайекең өзі айдап келген, жете алмай жүрген мансаптан айрылып қалар ма екенмін деп отырмын. Дегенмен жұрттың ішіндегісін білмесе басшы бола ма, көзің жамандық көрмегір, әлгі өзі арт жағын жөндеп жібергені:

— Ендеше оқасы жоқ, үндемеу келіскендіктің белгісі.

— Міне, қызық! Мен бастық болатын болдым. Қазір-ақ Төлеуге, Ораққа жеткізіп, кешке тіпті жуып жіберсем бе екен, ә! Бәрінен де құлақтың тыныштығын айтсаңшы. Бір рахаттанып ұйықтайтын болдым. Қаңқу сөздер, шаншу сөздер бәрі де бүгіннен бастап пышақ кескендей тыйылады ғой. Бір .уақыт кейде жиналыстарда қатты сөйлеп кеткенде «сен өсе алмайсың» «сен әлі бұл мінезіңмен он жыл мастер қалпында жүресін» деген жақындарымды сыртынан сөгіп-сөгіп алдым.

Нақ осы күні кешке қарай цехта кәсіподақ жиналысы болды. Менің жақсы жұмысымды да атап өтті. Бірақ дүниені өзім бүлдірдім. Цехтың бастығы Елеместің кейбір мінезін көзіне айтып, кішкене сынаңқырап алдым. Қайтейін сен де сөйле дегендей жұмысшылар маған да қарап. қояды. Шыдамадым. Бірақ бұрынғыдай тереңнен салу қайда! Қалқыңқырап кеттім. Нақ сол бір сәтте Елемес мені бір кекетіп қалды:

— Сен осы жалақыны сынағаның үшін алмайсың ғой!

Қызып, қан дуылдап басқа шапшып тұрғанда оны тыңдайын ба, тағы Елеместі біраз жерге апарып тастадым. Жұмысшыларға менің сөзім ұнады білем, отыра бергенімде жан-жағымдағылар қолын ұсынып жатты.

Құдай тас төбеден қос қолдап тұрып ұрды. Таңертеңмен үйге Қартекем келіп жанымды алды. Түнімен ұйықтамай шыққан ба, қалай түсі әлем тапырақ.

— Енді менің жаныма жолаушы болма. Саған айтқан сөзімді басқалардан естимін. Аузыңа сөз тұрмайды.— Қартекем есікті тарс жапты...

Апырай, ә! Менен басқада құлақ, құлағы болғанмен Қартабайы жоқ қой шамасы. Қартекем білгенді неге басқалар білмейді екен, дүниедегі бар құпияны шамасы өзі ғана білетінін сезеді-ау! Керемет адамдар көп қой, шіркін, дүниеде!

Бәрінен де менің үмітімді айтсаңызшы. Директор сөйлескеннен кейін үрлеген местей қампайған көңіл сол қалпымен солмай тұрды. Бірақ күн ұзап, менің мансабым сағымдай бұлдырап бара жатқанға ұқсайды. Бәрін де шиқан шыққыр тілімнен көрдім. Егер ол қышымай тыныш тұрғанда, кім біледі, ендігі цех бастығы болмағанмен соның майлы-күйелі столының шетіне жетіп қалатын едім. Өзіме де обал жоқ. Қартекем тілін алмаған жарты басқа не амал бар.

Жоқты сылтау етіп бір күні директорға кірдім. Ол менің мансап іздей келгенімді білгендей:

— Сізге коллектив қарсы көрінеді,— демесі бар ма. Міне, керек болса! Шығып алып, жат та ойла. Коллектив! Қай коллектив? Жергілікті комитеттің құрамына сайланғаным бар. Онда бірауыздан-ақ өткенмін. Одан басқа, басшылықтан әзір аманмын. Ең болмаса құдайсыздар ұйымының, қызыл крест қоғамының бастығы болып көрген жоқпын. Қызыл крест қоғамын Мақаң-ақ билетпейді. Сонда маған коллектив қалай қарсы болған. Мүмкін менің қарауымдағы шәкірт жұмысшы бірдеме деген болар. Онда сөз басқа. Әлде мен коллективті шатастырып алғанмын ба? Мүмкін коллектив деген цехтың бастығы шығар! Әй, әйтеуір шатасып біттім.

Кейде үміттене отырып, осы мансабым өспеуіне аты-жөнім, туған ортам кінәлі ме деп қаламын. Қоқыған бай, Жандай Теке, Абылдай хан атанған болсам әлде есіп жүріп берер ме едім. Өйткені ондайлар сүрініп жығылып, аударылып түсіп-ақ, ертеңіне атқа қарғып мініп кете барады. Шамасы олар мансапқа лайықты өнерді әбден меңгеріп алған-ау. Ал мен болсам үміт үзген жоқпын, үмітсіз шайтан, сондай пысықтардың өткен жолдарын зерттеумен жүрмін. Кейде үмітім жоғалып шайтан болып бара жатқандай да көрініп кетеді. Дегенмен әлі де үміттімін. Сонда мұным үміт пе, әлде далбаса ма, ол жағын өзім айыра алмаймын.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Үміт әлде далбаса туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Үміт әлде далбаса на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Үміт әлде далбаса туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Үміт әлде далбаса на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга, Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Үміт әлде далбаса ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер