Туған жер – алтын ұям, байтақ мекен


Туған жер – алтын ұям,байтақ мекен
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан» деп сыбырлаған.
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!,- Мұқағали Мақатаев ағамыз жырлап кеткендей туған жеріміз алтын ұямыз. Кең байтақ сахарамыз бойында қасық қаны қалғанша жан алып жан беріп арпалысып өткен бабаларымыздың батырлығымен бізге жеткен ұлы даламыз. Миллиондаған жылдардың белесінде сан миллион ерліктің есесінде сақталып келген ардақты қазақ даласының әрбір көк аспанмен таласқан биік таулары , сылдырай аққан өзені, көмкерілген ну орманы, тарихтан сыр шертетін әдемі табиғаты мені өзіне елітіп әкетеді. Менің кең жазира дархан далама көз жүгіртіп қаранызшы! Керемет суретшінің құдіретті қылқаламынан шыққан суретіндей сұлулықты байқайсыз , көктегі құстардың самғағаны көңілге бөлекше әсер силайды ғой шіркін! Пай –пай, қандай сұлулық, құдіреттің шеберін –ай , тауларынай биікпен жармаса таласқан құздарын-ай , жапырақтарымен көмкерілген тарамдалып жайқалып сұлуланып жасыл желек орманын-ай менің туған жерімнің көрінісі қандай көз тартарлық әдемілікке ие десеңізші?! Жер үсті жер асты байлығын санар болсақ қанша том кітап жазып тастар едік?! Көркем табиғаты қандай шетелдік азаматтарды тамсандырып қызығып қызғана біздің елмен қоштаса өз еліне аттанатын шетелдіктердің таңғалысы ерекше! Менің мақтанышпен айтатын байлыққа толы өлкем, сұлулықтың, кереметтің тұнып тұрған ордасы дер едім. Қазба байлығы, кеніші, мұнайы, жер үстінің сан алуан байлығымен көз тұнарлық кереметіне әлемнің ешбір кереметін салыстыра алмайтын өзіндік ерекшелікке толы кең далам. Ия, бұл далада қаншама сайгүліктер дүбірлетіп өткен батыр бабаларымыздың тарихы жатыр. Бұл ата-бабаларымыздың сан ғасырлық қуанышы, жеңісі , рухы, мәдениеті, өркениекті, діні, ділі сақталып келген біздің киелі отанымыз, байлықтың даналықтың, ұлылықтың мекені. Дархан даламыз тарихқа бай . Жерінің әрбір бөлшегі ұлылықты, тұнып тұрған даналықты, ерекше тарихты жырлап тұрған іспетті. Менің кең байтақ далам- әлемнің жүрегі іспетті. Осынау «Жер» деп аталатын ғаламшарымыздың бойтұмары іспетті. Құдіреттің иесі де, барлық байлықты, даналықты біздің елдің кең пейілімен, таза жүрегіне үйіп –төгіп бер салған іспетті. Бұл үлкен мақтаныш сезімді оятатыны даусыз.
Қазақ батырларының есімі әрқашан қазақ елінің есінде. Әр ұрпақ оны ұмытпауға , қадірлеуге міндетті. Қазіргі қазақстан жерінен сан ғасырлар керуенінің көші өткен. Тарих қойнауларына тереңдей енетін болсақ, сонау ертеден-ақ атой сап атқа мінген қазақтарымызды көреміз. Шынында біз ешкімге еш уақытта дес бермеген батыр, қайсар рухты халықтың ұрпағымыз деп мақтанышпен айта аламыз. Біздің сан тараулы тарихымыз, тасқа қашалып жазылған өркениетіміз бен мәдениетіміз осының мызғымас куәсі іспетті. Біз рухты батыр халықтың баласы болғандықтан болашаққа нық қадаммен аяқ басуымыз міндет. Қаншама ғасырлар бабаларымыз біздерге тәуелсіздік алу үшін елін, жерін қорғап өтті . Бойынан жаны кеткенше қазақтың жері, ұрпағым деп сыртқы күшке төтеп берген кешегі өткен батыр бабаларым еді.
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай
Ерлердің ісі бітер ме?-деп Махамбет Өтемісұлы жырлағандай, батырларымыз елдігіміз, бүтіндігіміз, біртұтастығымыз, тәуелсіздігіміз үшін қай ғасыр болса да бастарын бәйгеге тікті. Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырды. Біздің жауларымыз тарих сахнасында аз болмады ғой.
Терістігімізде аюдай ақырған Ресей империясының бақайшығына дейін қаруланған қазақ әскерлері мениит құстай аласұрған Батыс қалмақтар, башқұрттар, түстігімізде жолбарыстай жұлқынған Жоңғар қалмақтары мен айдаһардай жалын атқан қытай империясы , түстік –батысымызда шибөрідей шапшыған түркімен, бұқар,хиуа, қоқан хандықтары мен қырғыз манаптары жан-жағымызға анталап,жерімізді жұлқып жеп, мүмкіндігі болса, жұтып қоюға даяр тұрды. Бірақ біздің бөрі текті батыр ата- бабаларымыз бір жеңнен қол,бір жағадан бас шығарып , ұйымдасқан түрде анталаған жауға жан –жақты соққы беріп аппандай ашылған ауыздарына сүйек басып қадалып, сояудай тырнақтарын қайшы болып қырқа білді.Мыңдаған ғасырлар бойы батыр текті бабаларымыз ақ найзаның ұшымен,айбалтаның күшімен кең байтақ жерімізді қорғап, бүтіндігін сақтап қана қоймай, еліміздің тыныштығы мен береке- бірлігі, азаттығы мен тәуелсіздігін аңсап өтті. Қазақ жастары Желтоқсан болып сай сүйегін сырқыратып аюдай ақырған алып империяны құлатып тастады.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайратым, жас өркені халқымның!
Арманыңның атын,
Жігеріңнің отын
Өшіре алмас асау желі уақыттың.
Егер кім қанша
Уайымсыз болса,
Нақ сол адам құнын білмес бақыттың.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!-деп Мұхтар Шаханов ағамыз айқандай желтоқсанның мұзға жағып кеткен алауымен тәуелсіздікке дара жол ашылды. Желтоқсан желі ызғарлы, тоңдырды қазақ даласын, желтоқсан сазы мұңды еді , күңірентген қазақ баласын. Сол күндер ызғарына қарамай қазақтың мүддесін бірінші орынға қойған ұл қыздарымыз мәңілік санамызда жаңырып тұрады, олардың өшпес ерліктері бізге мәңілікке аласармас рух силайды. Тәуәлсіздіктің арайлап атқан таңы баянды болсын туған елім.
Туған жерім алтын тұғырым. Құт мекенім баурайы гүлге, даласы алтын дәнді егіске толған гүл далам , ару далам кең жазирам- Қазақстаным. Далам менің ән салған, масатыдай құлпырып жайраңдаған кең өлкем алтын бесігім . туған жерім егістікке толы алқабымен, қазба байлық тұнып жатқан қойнауымен, табиғат байлығымен ерекшеленеді. Құт қонған жерім тәуелсіздігің баянды болса екен мәңгілік. Туған далам- бақыттың кенішісің . Менің жыры, сыры бар өлкем қандай тамаша, қарасаң көз тоймайды. Жаса қазағым көк туын әрқашан биіктен көрінсін, қазақ жастары биік шыңдардан көрініп, қазағымның көк туын биікте асқақтатып, біртұтастығымыз мәңілік бола берсін деген тілегімді жеткізгім келеді. Жүрегінде қайтпас рухы бар осынау батыр халық әлемнің тарих сахнасында айыбыны тасып, тасы ілгері домалай берсін. Тарихы бай, қойнауы қазыналы пейілі кең , қонақжай осынау өлкенің ұл қыздарының қанаттары талмасын , әлемнің алпауыттарымен бәселесіп, ғылыми жетістіктер, жаңалықтар, өнертабыстарды көптеп шығаратын технология ғасырының үздік ұрпақтары боламыз деген ойдамын. Ақ найзаның күшімен, батыр бабамыздың ерлігімен келген осынау байтақ даламызды білімі мен икемділігі астасқан, жаңалыққа жаны құмар, технологияның құлағында ойнайтын өнерлі ,алпауыттарды шаң қаптыратын білікті қазақтың ұлдары мен қыздары қорғай алмақ. Жаһандану дәуіріндегі шаң жуытпас жылдамдықпен дамып жатқан осы ғасыр біз үшін даму ғасыры. әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім беретін білім жүйесі одан әрі дамып қазақстанның әлеуметтік рухани жағдайы дами берсін деген тілегім бар.
Мен толғайын ағытып жырды пейілммен,
Кең даламды жырлайымын жүрегіммен,
Батырлар қорғаған найзаменен ,
Біз қорғаймыз өлкені білімменен.
Туған елге, Туған жерге, Туған тілге деген ыстық сезімнің үздік үлгісі мен үшін осындай болмақ. Отан туралы ой толғасаң, жан толғанысын айтып тауыса алмаспын, сірә. Туған жеріне деген шексіз махаббатқа ие жүрегіммен осы елдің болашағының кемелді болуын шын жүректен тілеймін. Ұрпақтарымыз осынау құт қонған бай атырабымыздың қадірін біліп, келешекте білімдерімен егістіктерді дамытып, түрлі роботтарды ойлап тауып технологиямызды одан әрі дамытатынына сенемін. Біздің кереметтеріміздің бірі ол қазақтың киіз үйі. Оны келешекте дамытып, ішінде қымыз шүбат беріліп шетелдіктерге біздің ұлттық құндылықтарымыз таныстырылатын туристік әлеуеті дамыған ел ретінде елестетемін. Қазағының төрінен ырыс кетпей , мәнді де сәнді ғұмыр кешулерін тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік, егемендігіміз баянды болу үшін біз жастар білімді де білікті, жан –жақты болуымыз керек . артымызға шегінетін жол жоқ, себебі артымызда – қалың елім қазағым тұрғанда. Менің сүйікті туған елім жас жапырақтай мәуелеп өсіп келе жатқан болашағыннан айналдым, әлі үлкен боп өсессін, жапырақтарын жайқалып бүкіл әлем бұрынғыдай мынау қазақ даласы гой десіп таңғалыстарын жасыра алмай мақтанышпен атыңды атап атағыңды мәуелететін болады . Оған біз жас ұрпақтар куә боламыз. Ия бұл біздің батыр бабаларымыз салып кеткен дара жол, табандылықтарының ізі, қайсарлықтарының рухы жатыр бұл жерде . Бұл туған өлкеде не жоқ бәрі бар , ата- бабамыз бірде күліп , бірде қайғырған, бірде аласұрып бастарына нәубет орнаған жер. Егемендік біз үшін қымбат. Оған оңайлықпен жетпегенімізге тарих куә желтоқсанның мұз құрсауында намысын таптатпаған, қасқайып қарсы шыққан жас өрендерім куә. Біз бұл жердің ұланымыз, ханымызда ар –намыс дейтін биік қамал орнатқан ұлы халықпыз. Рейістаққа ту тіккен қазағымның батыры , біз жас ұландар ештеңеден тайсалмай болашаққа нық қадаммен бас алатын нағыз от жалындарымыз. Біздің рух кешегі бабалардан ханымызға сіңген тектілік. Тарихтың соқпақтарында елдігімізді ұмыттыруға, ділімізді,тілімізден, дінімізден айыруға талпынғандарға дәлелдедік қайыспас қайсар рухымызды, әліде дәлелдейміз деген ойдамын. Біз Ұлы дала қырандарымыз биік ұшатын, аласаруды білмейміз. Себебі біз қайсар ,табанды халықтың ұрпағымыз.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!...
Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн!
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн! - деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай біз көздерінде оты бар , генінде тектілік дейтін өшпес мөрі бар ұлы халықтың ізбасар өрендеріміз. Туған елдің бірегей кірпіші болып қаланып оты болып жанып, техникасына тіл бітіру үшін керемет ғаламға келгенбіз. Тарихта ойып тұрып орын алған халықтың баласы қалай ғана аласармақ, пәс болмақ өзінің текті халқын көретұра, кешегі желтоқсандықтар мұзға жаққан алауын көре тұра аласару бізге жарамайды. Қазақтың баласын қанша басса да ол өсімдіктің өскіні сияқты тасты, кедергінің бәрінің тас талқанын шығарып көкке қарай өрлеп өсіп, көкке қанатын құлаш ұра самғайтын құстаймыз. Тек қана көкті аңсайтын қырын сұңқар құстаймыз. Біз қазақпыз жүрегінде намыс дейтін оты бар, айтуға тіл, санарға сан жетпейтін осындай сан ғасырлық тарихтың иесіміз. Дүбірлетіп шапқанда шашасына жел ілеспейтін тұлпармыз, себебі біз батыр халық, ақын халық жыр халықпыз. Қонағымызға жайдары, тіке келгенді оңдырмаймыз. Бізге тиіскендерді оңдырмайтын айбатпыз,біз сондай ұлы халық- қазақпыз! біз жеңілуді, бұғуды білмейтін даралармыз. Бізге қатты келіп тиіскендерді тарих сахнасынан өшіріп жіберуге дайын тұрған отпыз. Аузын айға білегендерді орына қоятын барыстаймыз. Барыс елімнің жұлдызы жарқырап, тарих көгінде мәңгі биікке самғай берсін.

Әпсемет Нұрманат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу