Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық
«Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық» деп тегін айтылмаса керек. Әрбір Отан ұғымының қадірін білетін, туған жер сөзінің терең мағынасын түсінетін азамат үшін кіндік қаны тамған топырақ киелі де қастерлі.Туған жерге деген махаббат ана сүтімен дарыса керек. Бала шақтан бастап топырағына аунап, шаңын жұтқан жер, туған ауыл, асыр салып ойнаған көше адамның есінде мәңгі қалады, жүрегінде жатталады.Туған өлке қадірін білу осы сәттен-ақ бастау алады. Себебі, жазғы демалыста өз ауылыңнан басқа қалаға қыдырып кетсең, туған ауылдың көшелері көз алдыңа келіп, қол бұлғап шақырады, сағыныштан жүрек тұсың шымырлайды. Өйткені туған ауылым, мен өскен көше – менің кішкентай, жанымдай жақсы көретін Отаным – Ащыбұлақ ауылы.
Туған ауылым мен үшін аса қымбат, қасиетті жер. Мен бұл ауылды ең тәтті, алаңсыз шағым – балалығыммен, қызыққа толы күндерім - мектеп қабырғасындағы сәттеріммен және көп үміт күтетін – болашағыммен байланыстырамын. Егер мен болашақта ақын болсам, байтақ жерім, туған елім Қазақстанды жырлаймын, жазушы болсам, ең әсем, ең әдемі сөздермен сипаттап жазамын, суретші болсам ең әдемі табиғатын ақ қағаз бетіне түсіремін, осылай елімнің сұлулығын күллі әлемге паш етемін. Ал, егер сәулетші болсам, әсем елімді одан әрі көркейтуге атсалысамын. Ұстаз болсам, ұлағатты ұрпақ тәрбиесіне, дәрігер болсам, дені сау ұлт болашағы үшін өз үлесімді қосамын. Анық білерім, туған еліме, өскен жеріме қызмет етемін. Отан алдындағы перзенттік борышымды өтеуге барымды саламын. Жалпы, өмірге жаңа талпынған оқушы ретінде менде арман көп. Мен сол армандарымның барлығын туған жермен тығыз байланыстырамын. Өйткені, мен елімнің бір бөлшегімін, бүгіні мен болашағымын.
Мен қыран құстың қанаты талатын кең байтақ жер – Қазақстанда туып-өскенім үшін шексіз бақыттымын.Сондай-ақ бір шаңырақ астында қаншама ұлт өкілдері бірлікте, достықта өмір сүріп жатқанына қайран қаламын әрі мақтан етемін. Бұл –қазақ жерінің жомарттығынан, қазақ елінің кеңпейілділігінен, қонақжайлылығынан әрі достық, татулық сүйгіш мейірбан мінезінен. Осындай елдің ұландары, үміт күткен болашағы жаман болмауы керек, адал азамат болып, болашақ үшін еңбек етуге міндетті. Кешегі қазақ жерін қанымен, білектің күшімен қорғаған батыр елдің ұрпағы екенімізді дәлелдеуіміз керек.
Туған жердің қадірін әркім әртүрлі түсінеді. Кейбірі жанындай жақсы көріп, киелі санайды.Ал, кейбірі туған елдің түтіні де ыстық екенін ұғынбайды.Туған жер, ел ұғымдарының астарында терең мағына жатқанын түсіне бермейді. Туған жер – ең аяулы адамдарым, бауырларым, ағайын-туысым, менің байлығым, ұстаздарым, мақтанышым.Ең маңыздысы – туған елім, тілім. Ана сүтімен берілген ана тілін ардақтамау, сыйламау – туған жердің қадірін жете түсінбеу. Елін ұмыту –жерін ұмытумен пара пар. Сондықтан жүрегі елім деп соққан әрбір адамның санасында «Менің елім Қазақстан, мен қазақпын, елімді, тілімді сүйемін деген сөз сайрап тұруы шарт. Сондай-ақ патриоттыққа ежелден ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан дәстүрді сыйлау, сақтау да кіреді.
Кішкене кезім болса керек, бірде мал бағып жүрген әкемнен: «Мынау жер кімдікі?» - деп сұраппын.Тосын сұраққа абдырап қалған әкем: «Бұл жер ата-бабамыздан қалған киелі мекен, қасиетті жер, сенің жерің,» - депті.Осыған мәз болған мен кешке дейін тынбай мал соңында жүріп, үйге келген соң ұйықтап қалыппын. Сол жатқаннан таңертеңгісін бір-ақ ояныппын.Қазір ойласам, туған жердің бір пұшпағы өзіме тиесілі екенін естіген соң, бойымды ерекше бір сезім билесе керек.
Қазір менің жасым он төртте.Жазғы каникулда өмірден озғанына жыл толған Шерхан Мұртаза атамыздың «Ай мен Айша» романын оқыдым.Оқып отырып Шерхан ата мен өзімнің арамдағы ұқсастықты байқап, таң-тамаша қалдым.Әкемнің ауылда кішкене үйі бар болатын. Қазір, Аллаға шүкір, алты бөлмелі, қазақтың «алты қанат ақ орда» деп сипаттайтындай, кең үйде тұрамыз.Бірақ, менің түсіме менің бал балалық шағымның ең қызық сәттері өткен сол баяғы аласа үй кіреді де тұрады.Шерхан ата талай елдерде болыпты, тіпті, аузын айға білеген Америка сияқты алпауыт мемлекетте де болыпты, бірақ түсіне туған ауылы Мыңбұлақ жиі енеді екен.Осыдан соң мен туған жер, туған мекен, туған үй адам баласының жадында мәңгілікке қалып қояды екен-ау деген ойға қалдым.
Туған жерді жырламаған жан жоқтың қасы.Белгілі ақындарымыз
елі мен жерін жырға қосып, патриоттықтың тамаша үлгісін көрсеткен. Соның бірі, «Мұзтаудың мұзбалағы» атанған, дарабоз ақын Мұқағали Мақатаевтың Отан тақырыбындағы мына бір өлеңі:
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем!
...Отан! Отан! Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем...
Меніңше, елді ерекше қастерлеп, мәңгілік сүю үшін үлкен жүректің керегі жоқ. Туған жерге деген шексіз құрмет пен махаббат болса жеткілікті. Себебі «Мен қазақпын» деп айту үшін «қазақ» деп соғатын жүрек керек. Қазақтың ертеңі үшін аянбай еңбек етем деген тілек керек. Бірде теледидардан елінен неше уақыт бойы жырақ жүрген, туған жерге қаншама уақытта қиындықпен оралған қазақ туралы бағдарлама көрдім.Көзінен жасын көл қылып, көліктен түсе сала жерді сүйіп, ақ қарды жылап тұрып аузына салып, шайнап жұтқанын көрдім. Көрдім де елімізде жүріп, еліміздің қадіріне жете бермейтінімізді түсіндім.Оның қаншалықты ыстық екенін түсіндім. Суық қарды көзі жасқа толып, асап жеп жатқаны ішіндегі ыстық сағыныш сезімінің басылмай жатқанынан-ау деп терең ойға қалдым. Дана қазақ «Әркімнің өз жері –жұмақ»деп бекер айтпаған. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген сөздің жаны бар. Отансыз адам болмайды. Ел, жер, Отан сөздерін айтқанда, Отан алдындағы міндет, құрмет ойға оралуы тиіс.Байтақ жерімізде бейбітшілікті сақтау, кеудемізбен қорғау, көркейту, ел үшін қызмет ету – біздің міндетіміз. Елім үшін ерінбей еңбек етуге уәде етемін, білім алып, келешегін жарқын етемін. Мен – Тәуелсіз елдің ұланымын және оны мақтан етемін! Мен елімді, туған өлке – Қазақстанымды, тілімді жанымдай сүйемін.
Айханым Әбдімәлікқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?