Туған жер-ұлы ұғым


Туған жер-ұлы ұғым. Туған жер, отан, туған ел -барлығы адамға ыстық, қасиетті де қастерлі ұғымдар болып табылады. Бұл киелі ұғымдардың астарында қаншама мағына жатыр десеңізші?! Туған жер сенің қызыққа толы балалық шағыңды, ауылыңды есіңе түсіретіні анық. Мен өз отанымды «менің туған жерім» деп асқақтап, ерекше сезіммен айта аламын. Туған жер әлемдегі ең ұлы нәрсеге пара-пар. Себебі, оның құдіреттілігі ештеңеге тең келмейді.
Менің туған жерім, Отаным- тәуелсіз Қазақстан. «Отан-оттан да ыстық» деп атам қазақ айтқандай, туған жерім мен үшін ыстық. Қазақстан-қазынаға бай, көркем ел. Оның сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес секілді. «Туған жердің ауасы-шипа, жусаны- жұпар» дегендей, әр адамның туған жері өзі үшін өте қымбат. Қазақстанның тап-таза, мөлдір бұлақтары мен өзендері, биік-биік көздің жауын алатын асқар таулары мен керемет табиғаты адам сене алмайтындай, көз тартарлықтай сұлу. Егеменді Қазақстан өзінің өсімдіктерімен, алуан түрлі жануарларымен, қазынасымен, жасыл шөбімен, көгілдір аспанымен бай. Қазіргі таңда, мен өз елімде азаттықта, еркін өмір сүріп жатырмын. Осының барлығы өз туған жерлері үшін қан төгісіп шайқасқан ата-бабаларымыздың арқасы. Ата-бабамыздың азаттық жолындағы ерен ерлігінің арқасында осынау арман еткен заманға тер төге, көп күш жұмсай жеткен елімді мақтаныш етемін! Талай жыл болған соғыстар мен шайқастардан кейін болашақтың жарқыраған таңы атып, еркіндік пен азаттық өзінің есігін ерекше қуанышпен айқара ашты. Қазақ батырлары еліміздің ар-намысы мен қазақ елінің абыройын асқақтатып, тудай желбіреткені барлығымызға белгілі. Әрине, қазіргі күн оңайлықпен келе салған жоқ. Осы үшін ата-бабамыз басын тау-тасқа ұрып, батпақ жол кешіп қанша қиыншылықтардан өтсе де, шыдамдылық пен табандылық таныта білді. Өйткені, олар келер ұрпақтың болашақта бақытты өмір сүргенін қалады.
Қазақ халқында туған жерді ардақтап, қадірлей білудің де маңызы өте зор болып табылады. Ата-бабаларымыз қиын кезең болса да, жауынан қорғана білді. Тіпті, келешек ұрпақ үшін өздерінің жандары аямай шайқасқан. Қазақ халқының осы бір ерекше қасиеті бізді осы күнге жеткізіп отыр деп ойлаймын.
Туған жер-әрбір адамның киелі мекені. «Туған жер» деген киелі сөзді естісем, керемет табиғат пен ананың балаға деген махаббаты көз алдыма елестей бастайды. Әр адамда балалық шағынан бастап өз туған жеріне деген махаббат пен ерекше сүйіспеншілік пайда болады. Қандай адам болса да, туған жерінің топырағын басып, таза ауасын жұтып, мөлдірдей таза суын ішу арқылы туған елінің қадірін, Отанының қасиетін сезінеді.
Қазіргі таңда, Қазақстан мемлекетінде көптеген ұлт өкілдері бейбіт өмір сүреді. Бұл-қазақ елінің кең пейіл болғандығының айқын дәлелі. Дәл осы туған жерімде уайымсыз, қайғысыз, балғын балалық шағымның қуанышты сәттері өтуде.
Туған жерді қадірлеу, оны келер ұрпаққа жеткізу-біздің міндетіміз. Туған жерім-мақтанышым! Мен Қазақстандай дархан далада, кең байтақ жерде туып өскенімді мақтан етемін!

 Сабина Ерғалиқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу

Ілмектер: туған жер, ұлы, ұғым