Туған жер: Жетісай


Туған жер... Бұл сөзді естіген әрбір адам ыстық сезімге бөленеді. Кең далалы кейпімен туған жердің өзі сені құшағына алып, жылы лебізіне бөлеп тұрғандай сезім...

Мен Оңтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Қазір аты ауданға айналған Жетісай атты шағын ғана қалашықта дүниеге келдім. Біз қалашықтағы кішкентай ғана қарапайым отбасы болып өмір сүрдік. Ата-анам отбасымызда бес қыз баланы тәрбиелеп өсірді. Әкем – электрик, құрылысшы сынды қызметтерде жұмыс жасайды, анам болса үйде отырып әр түрлі шаруамен айналысады.

Мектепте 5-сынып оқып жүрген кезім. Әдебиет пәнінің мұғалімі «Жетісай» қаласы атауының шығу тарихы туралы аңыздарды жинақтап келу тапсырмасын берді. Ол кезде интернеттен ақпарат іздеуді, облыстық кітапханаға барып кітаптар ақтаруды білмеймін.  Үйге келіп, әкемнен:

–  Біздің қаланың аты не үшін Жетісай? –  деп сұрадым. Сонда әкем:

–  Қаланың шетінде Достық деген канал бар. Сол канал салынып жатқан кезде жеті сай қазылған екен. Канал салынып, мақта егу шаруашылығы  алға жылжи бастағаннан кейін жергілікті тұрғындар да көбейіп, қала пайда болған. Сол жерде жүрген халық қазылған жеті сайға қарап, қаланың атын «Жетісай» деп атайық деп келіскен, содан Жетісай деп аталып кеткен, – деді.

–  Шынымен де солай ма? – деп сұраймын әкемнен.

– Халықтың айтуы бойынша солай. Мен анығын білмеймін. Аңызға айналған әңгіме ғой, –  деді әкем.

  • Сонда ол қай жылы болған оқиға? – деп сұрадым.
  • Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын болған. Нақты есімде емес, 1939-1940 жылдар болуы керек, – деп жауап берді.

Ол кезде әкемнің бұл әңгімесін кітаптағы нақты дерек болмағандықтан, шындық ретінде қабылдай алмадым. Студент атанып, өз туған өлкемнің тарихын білуге талпынғанымда әкемнің айтқаны шындыққа жанасатын сөздер екеніне көз жеткіздім.

Біздің Жетісай Достық каналы құрлысының жүргізілуіне және мақта шаруашылығын дамытуға байланысты 1939 жылы іргесі қаланып, 1951 жылы кент, 1969 жылы қалаға айналады. Жетісай – Достық каналының сол жағалауында, Сырдария алабында, еліміздің Өзбекстан Республикасымен шекарасы арасында орналасқан қала.

Ес біле бастаған уақытымда біз отбасымызбен Өзбекстанның Гагарин қаласында тұратын едік. Сол кездегі еліміздің саяси-экономикалық жағдайы қандай болғанын нақты білмеймін. Дегенмен, біз тұратын Гагарин қаласында Қазақстаннан көшіп келген қазақ отбасылары өте көп болды. Барлығымыз бір туған бауырлардай бір-бірімізге өте жақын болдық . Қазір де Өзбекстан елінде бірге тұрған сол кездегі қазақ көршілерімізбен ағайын-туыстардай араласып, бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Себебі, олармен көрші болған шақтарымызда өте бауырмал, бірі-біріне жанашыр, бір отбасындағы жоқшылықты екінші отбасы түгендеп жүретін қандас қазақтар едік.

Бала кезде анамнан «Біз туылғаннан осы Гагаринде тұрып жатырмыз ғой. Сонда біздің туған жеріміз Өзбекстан болып саналады ма?» деп бірнеше рет сұрағаным есімде. Сол кездерде анам туған ел, туған жер туралы, «қазақ ұлтынан» екендігіміз туралы ерекше сезіммен әңгімелейтін еді. Ол кезде бала болғандықтан, анамның сөздерін терең түсіне алмаған шығармын. Бірақ, қазір ойланып қарасам, анамның «қазақ ұлтына», «өз еліне» деген сүйіспеншілігі ерекше болған екен. Сондықтан да, ол өзінің бес қызын қазақ жерінің топырағында дүниеге әкелді. Мұны мен бой жетіп, есейгеннен кейін түсіндім. Анам мезгілі жақындаған уақыттарда шекарадан өтіп, Жетісай қаласындағы туыстарының үйіне келіп, бес қызын да өз елінде босаныпты.

Мен 3-сыныпты аяқтағаннан кейін Жетісай қаласына көшіп келдік. Жетісайға келген кезімізде өз мекенімізді тапқандай жайлы, жасампаз сезімде болдым. Себебі, бұл мекен анам ерекше толғаныспен баяндайтын «туған жеріміз» еді. Қазір мен «Менің туған жерім – Жетісай қаласы», «Мен Тәуелсіз Қазақстан Республикасының топырағында дүниеге келген азаматшамын» деген сезімімнің барына мақтанамын.  Сондықтан да, осындай патриоттық сезімі мен азаматшалық ерлігі үшін анама іштей  алғысымды айтамын.

Жетісай қаласында 10-сыныпқа дейін тұрдым. Ойдағы үлкен армандарым мені үлкен қалаларға жетеледі. 2014жылы Астанадағы  лицейде оқимын деген шешім қабылдап, шағын ғана қаладан үлкен қалаға қоныс аудардым. Еліміздің астанасында жүріп, оның тарихы мен даму жолына мән бердім. Астанадағы құрбы-құрдастарымның ортасында жүргенде «дамыған елдер» қатарына енетін мемлекет екенімізге ешқандай күмәнім болмады. Себебі, қаладағы қазақ жастарының бәрі талантты, талабы биік жастар еді. Астана қаласындағы құрдастарымды Жетісай қаласындағы құрдастарыммен салыстырдым. Шағын қаладағы жастардың даму мүмкіндігі үлкен қаланың жастарымен салыстырғанда аз болады екен. Ал, менің туған жерімде тіршілік етіп жүрген тұрғындардың үлкен қала тұрғындары сияқты жақсы өмір сүруіне жағдай жасап, олардың тұлғалық дамуына барлық жаңа мүмкіндіктерді сыйлағым келеді. Астанадағы мектепте оқып жүргенімде солай ету менің қолымнан келеді деп сендім. Сондықтан, туған жерімнің жетістіктері мен жетіспеушіліктерін қадағалап жүруді әдетке айналдырдым.

...«Болашақта Жетісайдың дамуына өз үлесімді қосамын» деген мақсатты көкейге түйгенімде мектептегі оқушы қыз едім. Астана қаласында мектепті бітіріп, Қостанай қаласына грантқа оқуға түсіп, студент атандым. Студент кездегі қысқы демалыстардың бірінде, арада 3 жылды өткізіп, Жетісайға келдім. Мен Астанаға оқуға кеткенде Жетісай тым қарапайым  қалашық еді.

Жетісай қаласы 3 жылдың ішінде жақсы дамыған екен. Астанада фитнес залға барып жүргенмін. «Ал Жетісайда фитнес залдар бар ма екен? Жоқ болса, ұят қой. Болашақта ашу керек» деп ойлағаным сол еді, ертеңінде қаламызда ашылған жаңа фитнес зал туралы ақпаратты естідім. Ол ақпаратты әнші Қайрат Нұртас өзінің инстаграм парақшасында «Мұндай фитнес зал Қазақстанның басқа қалаларында жоқ» деп жариялады. Бұл «Нұрай» фитнес залы еді. Шынында да, өте ерекше және сапалы деңгейде салынған орталық екен. Өзімді «керемет қаланың тумасы» сияқты сезініп, қуандым. Жалпы, біздің Жетісай қаласында «Нұрай» атты орталықтар көп. Бұл орталықтардың басқарушысы – Жетісай қаласының тумасы. Оның жұмыстарынан жеке кәсіпкер ретінде қаламызды дамытуға, қала тіршілігін гүлдендіруге тырысып, бар күш-жігерімен еңбек етіп келе жатқанын көруге болады.

Бұрын Жетісайда тек жугули, ауди сияқты автокөліктерді көретінмін. Ал бұл жолы демалысқа келгенімде джип сияқты ірі-ірі көліктер бірі-бірімен жарысып жүргені, қалада мұндай көліктердің көбейгені мені таң қалдырды. Қаламызда сәулетті мейрамханалар, жаңа дәмханалар, сауда орталықтары бой көтерген. Жастары да ізденімпаз, еңбекқор болып өзгерген сияқты көрінді. Біздің қала тұрғындары әкімшілікке қол жайып отырғанын әлі көрген жоқпын. Халық өз ішінде бірі-біріне демеу болып, бірі-бірінің өсуіне көмектесу арқылы дамып келеді деп айта аламын. Біздің қалада «Туған жерімді көркейтемін» деп үлкен армандарының жетегінен ұстап, үлкен қалаларға еңбек етуге кететін азаматтар көп екеніне осы кезде анық көз жеткіздім.

Менің әкем Жетісай қаласына 50 мың халық сияды деп айтатын еді. Соңғы халық санағының есебі бойынша тұрғындар саны 40 мыңнан асқанға ұқсайды. Жетісайда негізінен мақта тазалау, сыра, нан зауытттары, май өндіру цехтары, т.б. кәсіпорындар жұмыс істейді. Қазір ойланып қарасам, қаламызда кәсіпкерлер көбейіп, біздің елдімекеніміздегі кәсіптің түр-түрін дамытып жатыр.

Дегенмен, Жетісай қаласында мәдениет, оқу-ағарту істері алға жылжып жатыр деп айта алмайсың. Жетісай қаласында дүниеге келген қоғам және мәдениет қайраткерлері бар деп те тілге тиек ете алмайсың. Өңірімізде мәдениет саласының дамымағандығы мен сияқты өсіп келе жатқан жастарының бойынан көрініп қалатыны бар. Сондықтан да, қаламыздағы өзбек мәдениетімен араласқан ұлттық тіл мәдениетін, әдебиет пен өнер салаларын ағартушылық бағытта дамыту жолында біраз жұмыстар жасалуға тиіс екенін айта кету артық болмаса керек деп ойлаймын.

«Туған жер» туралы айтылуы тиіс бұл мақалада туған жердің табиғаты, тарихы мен тұрғындары жайында әдеби мақала жазуға болатын еді. Бірақ, менің өз туған жеріме деген махаббатымды «әдеби әдемі сөздермен» өрнектей алмадым. Менің өз туған жеріме деген махаббатым осындай «азаматтық әрекеттерді» баяндаумен ғана сипатталды...

Әрбір қазақ баласының бойында өз туған жеріне деген махаббаты сақталуға тиісті. Біздің еліміздің топырағында дүниеге келген әрбір азамат сол топырақтың қасиетін қадірлей алатынына күмән келтірмеймін. Бұған дәлел ретінде өзге ұлт өкілінен болса да, өз туған елін шексіз сүйетіндігімен мақтанатын Геннадий Головкин, Денис Тен сынды азаматтарымызды атап өткім келеді.

Ағартушы тұлғамыз Шәкәрім Құдайбердіұлы:  «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» дейді. Ал, халқыңа еңбек ету ниеті, ең алдымен, өз туған жеріңе деген махаббаттан туындайды. Әр адамның күретамырындағы қанымен бірге айналып жатқан бұл ыстық сезім – мәңгі. Сондықтан, оның қасиеті де, қадірі де мәңгілік болмақ...

 

                                                                     Жұлдыз Қадірова


Отан дейміз – от жаққан жерімізді,
Отан дейміз – өсірген елімізді.
Отан дейміз – туған жер, атамекен,
Биік тау, орман тоғай көлімізді.
Отаным менің кең байтақ Қазақстан!

Менің Қазақстаным – Еуразия жүрегіне сыйған, кең байтақ даласы мен елі бар қасиетті Отаным. Кіндік қаным тамып,алғаш қаз – қаз қадамым тиген  жер –  осы қазақ жері.
Менің отаным – Қазақстан… Осы бір сөзді кімде кім ерекше толғаныспен, жүрегімен, бар ниетімен айтатын секілді. Сөз мағнасы, терең ойына көз жүгіртсек, осы үш ауыз сөзге бар қасиет, бар құдірет сыйып тұр. Еліміз тәуелсіздікке күні кеше ғана аяқ басқандай, бірақ қазағымыз күннен – күнге өсіп, гүлденіп, жайнап тұр.Қанатын қағайын деген сарыауыз балапандай жаңа қанат көтеріп, аспанға самғаған болашақ қыран – еліміздің даму барысын осылай сипаттауға болады.
Табиғаты әсем, арайлы таңы алтын өлкем – Мақтарал ауданы,Жетісай қаласы, алтынсарин елді мекенінде дүниеге келдім. Мақтарал – мен үшін ең керемет, ең әсем, ең таңғажайып қала. Мақтаралдың тарихы  өте бай. Аңызға белгісіз әңгімелері мен оқиғалары да сан алуан Ұлы Жібек жолы біздің топырағымызды күміс белбеудей орап өтеді. Күні кешегі түркі елінің Тамирис ханы атанған ақылды да парасатты, көркі де елдікті ту ұстаған әйел патша осы өңірдің азаматтарынан өз жасағының құрамына сарбаздар алған дейді және бір көнеден жеткен аңыз.Қазірде ауданның бүкіл жанына нәр таратып жатқан, су жүйелерінің күре тамыры болған Достық (Бұрынғы Киров атындағы) каналын алғашқы қазушылар құрамында белгілі ақын Ілияс Жансүгіровтың інісі канал құрлысын басқарған.
Қасиетті де ардақты азаматтардың Мақтарал жеріне келіп, аяқ басқаны бұл жердің тегін еместігінен дәйек береді. Бертін келе, осы аудан көлемінде алғаш рет Мақтарал мақта шаруашылығы құрылуына орай, Түркістан Жер шаруашылығы халық комиссары қызметін атқарып жүрген айтулы арыстандарымыздың бірі – Сұлтанбек Қожанов канал қазушылардың бір тобымен кездесіп, олардың талап тілектеріне құлақ асып, мақтаның аса бағалы шикізат екендігіне басты назар аудара отырып, сол каналдың тезірек іске қосылуына өзінің тілегін арқау еткендігін кейінгі ұрпақтың өзі естуіне тура келді. Бұл да  – тарих.
Еліміздің ең Оңтүстік қиырына орналасқан бүгінгі Мақтарал ауданының тарихы бай әрі күрделі өткені бұл ауданда талай тағдыр өз – тіршілігін жасап,елге жерге танымал болды. Мұнда кешегі соғыста батырлықпен көзге түсіп, батыр атанған,бейбіт тіршілікте адал еңбегімен ер атанған қаншама абзал, әзіз жандар өсіп жетілді. Бұл баға жетпес байлық.
Аудан өткен ғасырдың 70- жылдарынан бастап, мақта шаруашылығында жоғары технология және талапқа сай агротехникалық іс шаралардың жүзеге асуы өз деңгейінде атқарылып, өнімділіктің артуымен ерекшеленеді. Ауданда мақта, мал шарушылығы,білім,денсаулық сақтау саласына келетін болсақ көп қабатты медициналық емдеу орнының ғимараты салынып, пайдалануға берілді.Бұл ғимараттар кентте әлі күнге дейін сән беріп тұр. Аудан орталығы Жетісай қаласы тоқсан долдың торабына орналасқан. Ташкент пен Жызақты жалғастырып жатқан үлкен трасса қаланың ортасынан тіліп өтеді. Шығыс жағында орта Азия темір жолының бір торабы Қарақалпағыстан, Өзбекістан, Қырғыстанды жалғастырып жатыр.Қала Достық каналының жағасына орналасқан. Жетісай қаласының тарихына көз салатын болсақ, 1959 жылы Жетісай поселкесі аудан орталығына айналды. 1969 жылы Жетісай қаласы статусын алды. Қаланың тоқсан жолдың торбына орналасуы ондағы тұрғындардың сауда ісімен айналысуына үлкен септігін тигізді. Жетісай қаласындағы базар бүгінгі күні Қазақстанның оңтүстік бөлігі ғана емес,көрші орналасқан өзге республикалардың шекаралас аудандары үшін де орталық базарға, еркін экономикалық аймаққа айналып отыр.
Мен өз елімді,жерімді өте – өте мақтан тұтамын. Еліме деген шексіз махаббатымды тек сөзбен жеткізу, әрине оңай емес. Менің отаным – Қазақстан. Мен елімнің патриотымын. Егеменді еліміздің болашағы салауатты да, білімді жастардың қолында деп ойлаймын, яғни біздің қолымызда.Мен өзім болашақта еліме,халқыма қызмет көрсетіп, елімнің одан әрі тек қана биіктен көріне беруіне,елу елдің қатарында болуына өз үлесімді қосқым келеді. Сондықтан мен мектеп қабырғасынан бастап жақсы оқуға тырысып жүрмін. Абай атамыз айтқандай «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан» деп, мен де Отанымның өсіп гүлденуіне өз үлесімді қосамын. Өйткені Қазақстанның болашағы мен сияқты,жастардың қолында. Ол үшін мен сияқты жастар жан – жақты дамыған,қабілеті мол,білімді болуы керек.
Мен болашаққа сеніммен қараймын.Қазақстан бүгінгі күнде әлемнің ең екпінді дамып келе жатқан елдерінің бірі болып саналады. Сондықтан мен, Қазақстанды әлемдегі дамыған елдердің қатарынан көргім келеді. Қазақстан туы биікте желбірей берсін! Жасай бер, Қазақстан!

ОҚО, Мақтарал ауданы,
Жетісай қаласы, Алтынсарин е/м,
№ 96 Ы.Алтынсарин атындағы
жалпы орта мектебінің
7  «Ә»  сынып оқушысы
Қантбек Аяжан,
Жетекшісі: Ақылбекова Назира


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу