Тарих| АЛАШТЫҢ ЖОЛЫ

Тарих| АЛАШТЫҢ ЖОЛЫ

«АЛАШТЫҢ» ЖОЛЫ

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы – тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өйткені, ол қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қозғалыс еді. Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы – қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылық пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет идеясын құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұғанға дейін болмағаны тарихтан белгілі. Олар сол тұста кездескен қиындықтардың барлығын жеңе білді, түпкі мақсатқа жету үшін, қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба білді. Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. ХХ ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі – тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» – деп көрсеткен болатын.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ қоғамында ұлттық идея жөнінде әңгіме басталып, ол толастар емес. Бұл заңды да. Заңды болатын себебі, ұзақ уақыт отарлық құрсауында қамалған, егемендігін енді орнықтырған, жаһандану алдында тұрған халықтың есті ұрпағы ұлтын ұйыстырар идея іздемек. Бұл жөнінде қазіргі қоғамда әрқилы көзқарастар өріс алып отырғаны мәлім. Осы орайда бұл мәселеге қатысты көрнекті алаштанушы М.Қойгелдиевтің мына бір пікірін келтіре кеткен жөн. Ғалым былай деп жазады: «Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытындылап, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті». Әлбетте, Алаш қозғалысы кезеңі мен бүгінгі кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін жақсы түсінеміз. Айтпағымыз, Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан туындайтын қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін қазақ ұрпағының бойына сіңіру сияқты іргелі мәселеде Алаш зиялыларының сан-салалы мұрасынан, олардың ерен іс-қимылдарынан алар тағылым мол. Сондықтан да Алаш қозғалысына өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны бүгінгі заманымызбен үндес өміршең көзқарастар жиынтығы ретінде бағалап, яғни бүгінгі тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатқандығына мән беріп, одан өрісті өнеге, ғұмырлы ғибрат алғанымыз ләзім. Бұған мемлекеттік деңгейде де, зиялы қауым тарапынан да ерекше көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймыз. Сондай-ақ, Алаш қозғалысының қарқынды жүруіне ерекше еңбек сіңірген, тіпті оның дүниеге келуіне атсалысқан бірқатар тұлғалардың есімдері арагідік болмаса, өз деңгейінде айтылмай да, бағаланбай да келе жатқанына назар аударуымыз қажет. Өйткені, Алаш қозғалысы дегенде, көбінесе, біздің есімізге бірнеше белгілі қайраткерлер ғана түседі. Алаш қозғалысымен бірге, мәселен, оның көрнекті қайраткерлері Уәлитхан Танашевтың, Жанша Сейдалиннің, Айдархан Тұрлыбаевтың, Ыбырайым Жайнақовтың, Асылбек Сейітовтің, Тел Жаманмұрыновтың, Аспандияр Кенжиннің, Базарбай Мәметовтің, Иман Әлімбековтің, Әлжан Байғориннің, Садық Аманжоловтың, Мұқыш Боштаевтың, Дәулетше Күсепқалиевтің, Ережеп Итбаевтың, Хамит Тоқтамышевтың, Сейілбек Жанайдаровтың, Нұрғали Ипмағамбетовтың, Әзімхан Кенесариннің, Сейдәзім Қадырбаевтардың да ұлт пен тарих алдындағы еңбектеріне лайықты баға беру, құрмет көрсету – біздің тарихи жадымыздың беріктігі мен азаматтық адалдығымыздың айғағы болмақ. Есімдері аталмаған қаншама азаматтар ХХ ғасыр басындағы отаршылдық қамытындағы халқы үшін бастарын бәйгеге тікті. Олар сол ерен істеріне марапат алмақ түгілі, жеке бастарына қауіп төндіріп алды. Советтің зымиян саясаты бастапқыда ыдырату мақсатында Алаш қайраткерлерін бауырына тартқан болып, диктатурасы күшейгенде оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Алаштың атымен ұлы іс бастаған оның қай тұлғасы да құрмет пен марапатқа әбден лайық. Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі – олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына айналдыру. Бұл, түптеп келгенде, өзіміздің ұлттық санамызды қалыптастыру, ел алдындағы перзенттік парызымызды орындау, ұрпағымызға ұлағат дарыту болмақ.
Еліміздің тәуелсіздігі тарихымызды түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге кең мүмкіндік ашып отырған қазіргі кезеңде ұлт ретінде қалыптасу жолында бедерлене байқалған тарихи белестердің сыр-сипатын зерделеу барынша терең ғылыми ізденістерді қажет етуде. Әлбетте, бұл Алаш қозғалысын зерттеуге де тікелей қатысты. Айтулы қозғалысқа тек саяси-қоғамдық тұрғыдан ғана баға беру тарлық етеді. Қозғалыстың өз дәуіріндегі тарихи мәні айқындалып келеді дей отырып, оның рухани жаңғырығының дәйектей түсер тұстары мол. Мәселен, оны аса ірі рухани-мәдени құбылыс ретінде кешенді түрде қарастырып, осы құбылыстың әлеуметке, жеке тұлғаға ықпалын анықтаудың концептуальды жолдарын қарастырғанымыз абзал. Ең алдымен, Алаш қозғалысының қазақ баласына, адамға, тұлғаға, содан шығып, әлеуметке деген көзқарасын дәйектеуіміз керек. Алаш қайраткерлерінің, қаламгерлерінің еңбектерімен танысқанда, олардың ой-пікірлеріндегі гуманистік аңсарды аңғармау мүмкін емес. Әрбірден соң, қозғалыстың өзі – адамға, ұлтқа деген жанашырлықтан туған гуманистік әрекет. Ұлттың еркіндігі мен азаттығы, оны құрайтын жеке адамдардың бақыты мен теңдігі ұранын көтерген қозғалыс – білімі кемел, ой-өрісі кең, мәдениеті жоғары, адам мен қоғамның мәселелерін жетік білетін ұлтшыл ғана емес, гуманист азаматтардың белсенділігінен туғанына күмән келтірмесек, онда бұл тарихи-саяси құбылыстың діңгегі – елжандылық пен адамсүйгіштік екендігіне шүбә келтірмегеніміз жөн. Алаш қаламгерлері шығармашылығында қазақ әдебиетінде толымды түрде ана тақырыбы, әйел теңдігі мәселесі – басты тақырыптардың біріне айналды. Ізгілік пен адамгершілікке құрылған осы туындыларда гуманистік идеал, гуманистік ой алдыңғы қатарға шығып, ұлттың адамсүйгіштік қасиеттері бейнеленді.
Қандай да болмасын халықтың ұзына бойғы тарихында гуманизм идеялары бір кезеңде алдыңғы қатарға шығып, ұлттың жаңғыру дәуірін жасайды. Бұл – батыстық ғылымда әлдеқашан дәйектелген, мойындалған құбылыс. Оны Еуропада «Ренессанс» деп атап, азаматтық тарихта да, әдебиет, өнер, мәдениет тарихында да арнайы тарау ретінде зерттеудің тұрақты нысанына айналған. ХІҮ ғасырда Италияда, ХҮ-ХҮІ ғасырларда Испанияда, Францияда, Голландияда, Португалияда т.б. Еуропа елдерінде кең қанат жайған Ренессанс Батысты жарық пен шуаққа қарай тартты.
Қазақ ғылымында «Ренессанс» мәселесі жүйелі түрде зерттелінген емес. Бұл Жаңғыру немесе Қайта өрлеу құбылысының қазақ топырағындағы болмысы жөніндегі пікірлерде, біздің пайымдауымызша, осы құбылыстың туу негіздері, өрістеу арналары, дәстүрлері мәселелерін жіліктеуден гөрі, ренессанстық сыбағаны жекелеген тұлғаларға сыйлау жағы басым болып отыр. Ренессанс жеке бір адам шығармашылығының жемісі емес, ол – тұтас шоғыр еңбегінің табысты нәтижесі. Қазақ Ренессансының басы Абай екендігі академик С.Қасқабасовтың «Абай поэзиясының ренессанстық сипаты» атты мақаласында ғылыми тереңдікпен дәлелденген. Ең данышпан қазақ бастауында тұрған ұлы гуманистік аңсарды дамытқан, нағыз ренессанстық деңгейге жеткізген – Алаш қайраткерлері. Қазақ баласына Абайды ең алғаш таныстырған да Алаш зиялылары, Алаштың Әлиханы, Ахметі, Міржақыбы. Елі мен жерінің тәуелсіздігі жолында іздене отырып, сол күрес жолында Алаш зиялылары өздерін де, өз замандастарын да, өзінен кейінгілерді де қайраткерлік жағынан да, қаламгерлік жағынан да дайындады, жетілдірді деуге болады. Алаштың ренессанстық сипаты Ұлы ұлтшылдық дәуір ғана туғыза алатын Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Халел, Мұхаметжан, Жанша, Ғалел, Әлімхан т.б. қайраткерлерді, Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар сияқты алып талант иелерін қалыптастырды. Бұл ұлтшылдық адамсүйгіштік, отансүйгіштік сезімдерінен ой мен іске айналған табиғи талпыныс болатын. Яғни, Алаш қайраткерлерінің ұлтшылдығы өз дәуірі туғызған, қазақ ұлтының алдына сол дәуірдің өзі қойған сауалдарға пікір жүзінде де, әрекет барысында да берген жауабы еді. Бұл жөнінде Мәннан Тұрғанбайұлы былай деп осы құбылыстың сырын толық жеткізе алған: «Қазақ қатарға кіріп жұрт болсын деген кісі тәрбиенің жолынан айрылмасқа керек, әуелі қазаққа өзінің кім екенін, адамшылық құқығын білдіруге, онан соң жақын ағайын, туғандарын сүйгізіп, міндетсіз қызмет қылдыруға, онан соң Отанын танытып, жақсы көргізуге, ұлт жұмысы, жұрт намысы деген сөзді тоқып көңіліне кіргізуге, сонан соң дүниедегі барлық адам баласы бауыр екенін білдіріп, көпшіл адамды сүйгіш қылуға тырысу керек. Ұлтшылдық(ты), кісішілдікті айыра білмеген, бас пайдасынан басқаны ойына алмаған, дін хұқымі шариғатқа бас иіп іске асырмаған, әдебиеттен жырақ жатқан қазақ секілді жұртты салғаннан көпшіл қылам демей, әуелі ұлтшыл қылу керек». Осы тұста жазылған көркемдік бағыты жағынан ағартушылық, сыншыл реализм, сентиментализм, романтизм шегінде туған өлеңдер мен поэмалар, әңгімелер, алғашқы қазақ романдары Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген ұлы гуманистік декларациясын жалғастырған, оны жаңа ұлт-азаттық мазмұнмен өрістеткен көркем дүниелер болды. Олардың негізгі арқауында адамның ішкі жан дүниесі бейнеле отырып, оның күйзелісіне рақыммен қараған шынайы адамсүйгіштік пафос жатты. Алаш зиялыларының гуманизмі – олардың қайраткерлік әрекеттерінің де өзегі еді. Мұндай гуманизм болмаса, олар ұлт тағдыры жолындағы жанкештілік әрекеттерге де бармас еді. Алаш қайраткерлерінің осы тұстағы ұлт мүддесі жолындағы әрекеті мен мақсатына беріктігін шынайы әрі терең көрсеткен «Қалам қайраткерлері жайынан» мақаласында А.Байтұрсынұлы дәуір куәгерінің көзімен былай деп жазады: «...қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес: кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес». Ахаңның айтып отырғаны адам баласының өз ұлтының тағдырына деген табиғи жанашырлығы, адамгершілігі. Осыны советтің оспадар саясаты бейнебір адамға тән емес теріс әрекет ретінде бағалады. Ар білімін насихаттаған Шәкәрім қажының, «Адамдық диқаншысы» болған Ахаңдар тобының ұлы гуманизмін көруге советтік саяз саясаттың өресі де жетпеді, бағыты да келіспеді.
Алаш қозғалысының – қазақтың Жаңғыру дәуірі болғандығын, оның елім деген, жұртым деген азаматтардың басын қосқандығымен де дәлелдеуге болады. Абылай заманында сыртқы жаудың қауіп-қатерінен басы қосылған қазақ, Кенесары, Махамбет, Абай дәуірінде «Бас-басына би болған» қазақ Алаш тұсында бас біріктірді, ой біріктірді, қимыл біріктірді. Оның негізінде Отанына, сол Отанының ұрпағына деген ұлы жанашырлық жатты. Бұл нағыз Ренессанстың тамыры боларлық гуманизм еді. Алаш қозғалысының қазақ Ренессансы болғандығына бұл құбылыстың мәнінен бейхабар адам ғана келіспейді. Алаш қозғалысын Ренессанс ету – біздің қалауымыз бен еркіміз емес. Ақиқаты солай. Алаш қозғалысын ренессанстық құбылыс ретінде профессор Д.Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» монографиясында қарастырған болатын. Қазіргі кезеңде Алаш қозғалысының ренессанстық сипаты қазақ ғылымы шұғылданатын іргелі мәселеге айналуы тиіс деп ойлаймыз.
Алаш қозғалысына, одан туындаған Алаш партиясына, Алашорда үкіметіне баға бергенде біз мына мәселеге де көңіл аударуымыз керек сияқты. Патшалық Ресейдің үш генерал-губернаторлығына, қазақтың үш жүзіне бөлініп өмір сүріп жатқан алып даланың оқыған азаматтары ұлт тарихында тұңғыш рет тізе қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, туған жұртының азаттығы үшін саяси жолда бас біріктірді. Батысы Бөкей Ордасынан шығысы Жайсаңға дейінгі, солтүстігі Омбыдан оңтүстігі Ташкенге дейінгі аралықтағы ұлтын ерекше сүйетін, оған шын жаны ашитын қазақтар Алаш ұранының астынан табылды. Мұндай саяси-қоғамдық мәндегі ұлы істе ұйысу – ілгерідегі ғасырларды қоспағанда, тіпті берідегі Шоқан мен Абай заманында да болған емес. Яғни, Алаш қозғалысы дәуірі – қазақтың ұлт ретінде бірігу, тұтасу, етене араласу дәуірі болды. Бұл – ерекше бағаға ие боларлық айрықша жағдай. Оған Қазақстанның төрт түкпірінің барлығын қамтыған облыстық, уездік, болыстық қазақ сиездері, Алаш бағытын қолдаған ірілі-ұсақты басқосулар, жер-жерде құрылған қазақ комитеттері мен бөлімдері куә.
Бұл біріктіру, тұтастыру үдерісі қиындықпен жүрді. Алаш қозғалысы тарих сахнасына шыққанда 1867-1868 жылдардағы жаңа низамнан кейін бүкіл қазақ даласында отаршылдардың бөліп алып билеу саясатының әбден күш алған кезеңі еді. Оған жергілікті аймақтардағы орыс шенеуніктері мен әскерилерінің бір қазақты ру-руға бөліп, болыстыққа таластыруы, ең шұрайлы жерлерге келімсектерді орналастыруы сияқты ұлттың ұйысуына кедергі келтірер отаршылдардың жоспарланған саяси-әлеуметтік шараларын қосыңыз. Міне, осы отарлық саясат, бір жағынан, Алаш қозғалысының өзін соған қарсылық ретінде дүниеге әкелсе, екінші жағынан, оның кеңінен өрістеуіне де үлкен бөгесін болып келді. Бұл Алаш қозғалысының басында тұрған азаматтардан жан-жақты білімді, ерен ерікті, мұқалмас қайратты талап етті. Алаш қайраткерлері осы үлкен сынды абыроймен орындай алды. Өз заманының мүмкіндіктері ауқымында олар ұлттық мұратты ту етіп, қазақ даласын Алаш рухына бөледі. Кешегі Кенесары заманында басылған кеуде мен еңсені көтерді. Отаршылдардың арбауындағы ұйқылы елді оятты. Сөйтіп, елді бірлікке шақырды, халықты еркіндікке сендіре алды. Бұл нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны еді.
Алаш жетекшілерінің ұлт-азаттық ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын қолдап, солармен бірге қимыл жасады. Қозғалысқа қатысты құжаттардан Алаш қайраткерлерінің оларды іске жұмылдырып, қажет жерінде тиісті тапсырмалар беріп отырғандығын байқауға болады. Алаш қозғалысына қатысқан 17-25 жас аралығындағы жастардың ішінен кейін көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар шыққаны белгілі. Айталық, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, М.Әуезов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Қ.Сәтпаев сияқты аса көрнекті есімдердің азаматтық, шығармашылық тұлғасы Алаш қозғалысы тұсында қалыптасқаны белгілі.
Алаш қозғалысы – бір жылдың немесе екі-үш жылдың жемісі емес, өзінің бастау көздерін 1917 жылдан әлдеқайда бұрын алатын ішкі эволюциялық жолы бар дайындалған, пісіп-жетілген ұлы қозғалыс еді. Оны Алаш тарихын зерттеген зиялы қауым өкілдері айтып жүр. Алаш қозғалысының басталу кезеңі жөнінде әңгіме болғанда, көбінесе, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарқаралы құзырхаты айтылады. Біздің ойымызша да, Алаш қозғалысының өріс алуы осы тұстан басталады. Оның саяси-тарихи себептері ретінде, ең алдымен, осы тарихи кезеңде ұлт мәселесін көтере алатын, оны қалың бұқараға жеткізе алатын ұлттық зиялы қауымның қалыптаса бастағандығын айтамыз. Сондай-ақ оған Ресейдегі буржуазиялық төңкерісті, патша манифесін қосып айтуға болады. Ал жалпы қазақтың басын қосу, сол үшін сиез ашу, белгілі бір ұйым құру мәселесіне келсек, онда бұл мәселеде қазақ өкілдері қатысқан 1905-1906 жылдардағы Бүкілресейлік бірінші-үшінші мұсылман сиездерін, 1906-1907 жылдары Ресейдің бірінші-екінші мемлекеттік думаларына Ә.Бөкейханның, А.Бірімжановтың, А.Қалменовтың, Б.Қаратаевтың, М.Тынышбаевтың, Б.Құлмановтың, Ш.Қосшығұлұлының т.б. қазақтардың сайланғандығын айтуға болады. Міне, осы топ және оған қосылған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары қауымдасып, ортақ мүдде төңірегіне шоғырланды. Осы арада 1905 жылдың желтоқсан айында Орал қаласында Ә.Бөкейхан, Ж.Сейдалин, Б.Қаратаев, Б.Сыртанов, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбаевтардың қатысуымен болған бес облыс қазақтарының сиезін айтып өткен жөн. Әрине, бұл сиез, кейінірек өткен сиездер сияқты, іргелі мәселелер көтермесе де, қазақ зиялыларының топтаса алатын мүмкіндігін көрсете алған ең алғашқы басқосу болатын. Ал елдің басын қосып, халықтың мұң-мұқтажын айтуға тиісті және оны шешудің жолдарын айқындамақ сиез ашу мәселесі, әсіресе, 1913 жылдан бастап жүйелі түрде көтеріле бастағандығын байқаймыз. Тарихи деректерге сүйенсек, патша жандармериясының ақпарат хаттарында сиез өткізудің бастамашылары ретінде Жанша Сейдалин, Райымжан Марсеков, Бақытжан Қаратаев, Барлыбек Сыртанов көрсетіледі. Осындай бірнеше құжатта сиезді ұйымдастырушы ретінде Жанша Сейдалиннің есімі жиі кездеседі. 1913 жылы «Айқап» журналында сиез шақыру жөнінде Ж.Сейдалин «Азып-тозып кетпеске не амал бар?» атты үндеу іспетті хатын жариялайды. Бұл хатта сиез шақыру мәселесінде Б.Қаратаевтан, Б.Құлмановтан, Ә.Бөкейханнан, А.Байтұрсынұлынан, Р.Марсековтен, М.Тынышбаевтан, С.Лапиннен, Х.Досмұхамедұлынан, Ә.Алдияровтан, М.Сералиннен, Жанайдаровтан, М.Дулатовтан, Б.Есмахановтан, З.Сейдалиннен, Б.Сыртановтан, Ж.Ақпаевтан хат күтетінін жазады. Ж.Сейдалиннің бұл хатына Ә.Бөкейхан ашық хат түрінде жауап жазады. Ол хатын: ««Айқапқа» Жиһанша мырза хат жазып отыр. Қазақ баласы бас қосса, қазақ жұмысы жақсы орынға барар еді дейді. Қазақ баласы бас қосып, шаруа, жұрт пайдасын сөйлеп, іс қылып тырбанса, бірте-бірте қазақ баласы ілгері басуға басқыш табылар еді деп біз де ойлаймыз» – деп бастап, сиездің қажеттілігін дәлелдей келе: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сертті сөздерімен хатын аяқтайды. Міне, осы жылдан бастап пікір жүзінде көтеріле бастаған жалпықазақ сиезін ашу мәселесі 1917 жылға дейін жалғасты. Өйткені, патшалық Ресейдің отаршылдық қатал саясаты қазақ зиялыларының бұл мақсатын іске асырмай келді. Оны жүзеге асырудың сәті Ақпан төңкерісінен кейін ғана мүмкін болды. Орыс патшасы тағынан түскен төңкерістен кейін Қазақстанның әр түкпірінде қазақ азаматтық комитеттері құрыла бастады. Оның жұмыс істеуіне Уақытша үкімет комиссарларының оң ықпалы тиді. Мәселен, Ә.Бөкейханның Уақытша үкіметтің Торғай облыстық комиссары болуы, М.Тынышбаевтың Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі болуы. Аталған жылдың сәуір-мамыр айларында Торғай, Жетісу, Орал, Омбы, Семей қалаларында облыстық қазақ сиездері өтті. Бұл облыстық сиездер ұлт-азаттық қозғалыстың қарқын алуына ықпал ете отырып, шілде айында өткен бірінші жалпықазақ сиезін дайындады. 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында өткен бұл сиез мемлекеттік құрылыс, саяси партия, Құрылтай жиналысына, Мұсылмандар кеңесіне депутаттар сайлау, партия бағдарламасын дайындау мәселелерін көтерді. Біздің ойымызша, сиездің басты маңыздылығы – хандық дәуірден кейін барша қазақтың бас көтерер көрнекті тұлғаларын біріктіріп, ірі елдік мәселелерді шешуде олардың бірлік жолынан табылатындығын дәлелдеген сенім шарасы болуында да еді. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!