Қатты, сұйық және газ тәрізді заттар. Жаратылыстану, 3 сынып, қосымша материал.
Әдістемелік нұсқаулық.
3- сынып. Жаратылыстану. Заттар және олардың қасиеттері. Ауа мен су.
Қатты, сұйық және газ тәрізді заттар.
Ұйымдастыру кезеңі.
Сабаққа қызығушылықты ояту мақсатында төмендегі өлең жолдарын айту. Бір-біріне жақсы сөздер, тілек айту.
Біз бақытты баламыз,Ойнап күліп аламыз,Жетілсін деп санамыз,Оқып білім аламыз!
Сұрақтар:
- Оқу не үшін қажет?
- Білімді болу үшін не істеу керек?
Не ортақ?
Мақсаты: Заттардың әртүрлі күйде болуын еске түсіру. Оқулықта берілген суреттерге мұқият қарап, оларды салыстырады. Айырмашылығын анықтайды.
Тапсырманы орындау барысында суреттердің арасында қандай байланыс барын анықтайды.
Қорытынды шығару: заттардың үш күйде болатынын анықтау, қатты, сұйық, газ тәрізді ұғымдарын еске түсіру.
Кесте толтыру.
ҚБ. Мұғалімнің ауызша қалыптастырушы бағалауы.
Заттың күйлері.
Мақсаты: Заттарды белгілі бір күйлеріне байланысты топтастыру.
Оқушылар оқулықтағы суреттерге мұқият қарап, оларды белгілі бір белгілеріне қарай топтастырады. Өз жауаптарын дәлелдейді, сыныптастарының жауаптарымен салыстырады.
Жетекші сұрақтар арқылы қатты заттарды, сұйық заттарды, газ тәрізді заттарды ажыратады.
Сұрақтар:
Қатты заттар қандай болады? Мысал келтір.
Сұйық заттардың ерекшеліктері қандай? Мысал келтір.
Неліктен газ тәрізді деп атаймыз? Ойыңмен бөліс.
ҚБ. Мұғалімнің ауызша қалыптастырушы бағалауы.
Зерттеу жұмысы.
Мақсаты. Заттардың газ тәрізді болуын, сұйықтық ретінде болуын және қатты болуын анықтайды.
Тапсырма жұптасып орындалады.
Ресурстарды тарату: шарлар, шөлмек тығыны, стақан, шыны аяқ, кесе (немесе кез келген бірдей көлемдегі үш түтік), су, бір реттік қолданылатын инесіз шприц, заттардың үш агрегаттық күйі туралы бейнеүзінді.
Зерттеу барысы.
- Оқушылар шарды үрлейді. Газ шарды толығымен не жартылай толтырғаны туралы қорытынды жасайды. Шприцке шардың газын тартады немесе жай ғана ауамен толтырады. Ине кіргізетін саңылауды саусақпен жауып тұрып, шприцтің поршенін итереді. Газдың тартылғандығы не тартылмағандығы туралы қорытынды шығарады.
- Стақаннан шыны аяққа және кесеге су құяды.Сұйықтың пішінінде өзгеріс болған немесе болмағанына тұжырым жасайды. Шприцті сумен толтырып, ине тұратын саңылауын жауып тұрып, шприцтің поршенін итереді. Сұйықтық тартылғандығын не тартылмағандығын анықтайды. Шөлмектің тығынын алып, алдымен стақанға, одан кейін шыны аяққа, содан соң кесеге салады.
- Қатты дененің пішінінде қандай өзгеріс болатынын тұжырымдайды. Тығынды қысып көреді. Қатты дененің қысылғанын немесе қысылмағанын анықтайды. Нәтижелерін зерттеуші күнделігіне жазып қояды.
Саралау.
Ынтасы жоғары оқушылар жұбына заттардың қатты, сұйық және газ тәрізді болу ерекшелігі туралы ой қорыту ұсынылады.
Зерттеу жұмысын қорытындылау: Заттардың газ тәрізді болуын, сұйықтық ретінде болуын және қатты болуын анықтай келе олардың пішіндерінің өзгеруі туралы ой қорыту.
«Мен зерттеушімін» бөлімін жүзеге асыру.
- Зерттеу жұмысы барысында қандай дереккөздер пайдаландыңдар?
- Қай ақпарат көзі пайдаланған тиімді болды?
ҚБ Мұғалімнің ауызша қалыптастырушы бағалауы
Ойлан.
Мақсаты: Кез келген заттың үш күйде де бола алуын анықтау. Денелердің барлығы бірдей бір күйден басқа күйге ауыса алмайтындығын түсіну.
Жетекші сұрақтар арқылы бір заттың қалай бір күйден екінші күйге ауысқаны туралы ой қозғайды. Қорытынды жасайды.
Егер мұз түйіршіктерін қолға ұстаса, не болады?
Егер ыдысқа су құйып, оны отқа қойса не болады?
Темірді қыздырғанда не болады деп ойлайсыңдар?
Барлық денелер бір күйден екінші күйге ауыса алады ма, қалай ойлайсыңдар?
Ағашты қыздырса, не болады?
ҚБ Мұғалімнің ауызша қалыптастырушы бағалауы
Заттардың өзгеруі.
Мақсаты: Заттардың өзгеруін анықтау, олардың өзгеріске ұшыраған күйлерін сипаттау.
Оқулықта берілген суреттер бойынша бірнеше сұрақтарға жауап беру. Жетекші сұрақтар:
- Шыныда қандай зат бар?
- Қант түйірлерін қандай?
- Қантты шайға салып, толық ерігенше араластырса не болады?
- Шайға қантты салса түсі өзгереді ме?
- Қант неге жоқ болып кетті?
Оқулықтағы екінші сурет бойынша сұйық күйдегі жаңа сауылған сүт және ашыған сүт, қатты күйдегі құрт туралы ой бөлісіп, қорытындылау.
Сергіту сәті. Бейнежазба әуенімен қимылдау.
Сен білесің бе? Оқушыларға Жер бетіндегі су үнемі қозғалыста болатынын және күйін ауыстыратыны туралы әңгімелеп беру.
Жеке жұмысқа дәптермен жұмыс ұсынылады.
47-жұмыс парағы. «Заттың күйлері», 49-б.
Үш күй. Заттардың атауын оқып, кестенің сәйкес бағанына орналастырады.
Бағалау. Дескриптор:
Оқушылар:
- Қатты денелерді ажыратады;
- Сұйық денені ажыратады;
- Газ тәріздіні ажыратады.
48-жұмыс парағы. «Қатты, сұйық және газ тәрізді заттар», 50-б.
Сәйкестігін тап. Оқушылар су күйінің атауын, оның қасиетін және сәйкес суретін сәйкестендіреді.
Бағалау. Дескриптор:
Оқушылар:
- Берілген сөздер мен суреттерді сәйкестендіреді.
ҚБ Мұғалімнің жазбаша қалыптастырушы бағалауы.
Қосымша ақпарат.
Заттың агрегаттық күйі - бір заттың әр түрлі күйі. Заттың бір күйден басқа бір күйге ауысуы оның еркін энергиясының, физикалық қасиеттерінің секірмелі өзгеруімен қоса қабат жүреді. Барлық зат (кейбір заттан басқасы) үш түрлі – қатты, сұйық және газ тәрізді агрегаттық күйде болады. Мысалы, су p=101 325 Па=760 мм сын. бағ. қалыпты қысымда және Т=0°С температурада мұзға, Т=100°С температурада қайнап, буға айналады. Плазма заттың төртінші агрегаттық күйі болып есептеледі.
Сұйықтық — сұйық агрегаттық күйдегі зат, газ бен қатты күйлердің арасындағы аралықты алып жатыр. Сұйықтықтың басқа агрегаттық күйлерден басты айырмашылығы — көлемін түрақты түрде сақтай отырып жанама күштердің әсерінен өзінің формасын шексіз түрде өзгерте алуы. Сұйықтық үлкен қысымда тұтқыр күйде кездеседі.
Газ (фр. gas, гр. chaos – бей-берекет) — заттың атомдары мен молекулалары бір-бірімен әлсіз байланысқандықтан, кез келген бағытта еркін қозғалатын және өзіне берілген көлемге толық жайылып орналасатын агрегаттық күйі. «Газ» атауын ғылыми қолданысқа 17 ғасырдың басында голланд ғалымы Ян Баптист ван Гельмонт енгізген. Газ молекулаларының соқтығысу уақыты олардың еркін жолға кететін уақытынан әлдеқайда аз болады. Химиялық элементтердің өте кіші бөлшекке бөлініп, бейтарап ұшуы. Негізгі тұрмыстағы газдар пропан, бутан, неон және тағыда басқа Газ қатты дене мен сұйықтық тәрізді еркін бет түзбейді және ол берілген көлемді толық толтырып тұрады. Газ тәрізді күй – заттардың (жұлдызаралық заттар, тұмандықтар, жұлдыздар, планеталардың атмосферасы, тағыда басқа) ғаламдағы ең көп таралған күйі. Химиялық қасиеттері бойынша газдар және олардың қоспалары (активтілігі аз инертті газдар мен қопарылғыш газдар қоспасына дейін) сан алуан болып келеді. Газға атомдар мен молекулалардан тұратын жүйе ғана емес, кейде басқа бөлшектерден – фотондардан, электрондардан, броундық бөлшектерден, сондай-ақ плазмадан тұратын жүйелер де жатқызылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?