Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам институттарының дамуы. Құқық негіздері, 11 сынып, дидактикалық материал.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР: ҚЫСҚАША ТАРИХЫ, ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ
ЕЛІМІЗДЕ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ? Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ азаматтық қоғамның үкіметтік емес ұйымдар деп аталатын құрылымына ерекше көңіл бөлінуінің өзіндік себептері бар. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, үкіметтік емес ұйымдардың даму деңгейі азаматтық қоғамның қаншалықты пісіп-жетіліп, өсіп-өнгенін және елдегі демократиялық үдерістердің даму дәрежесін айна-қатесіз айқындап береді.
Жоғарыда айтқанымыздай, үкіметтік емес ұйымдарды дамытудың конституциялық негіздері егемендіктің ақ таңы атқан кезде-ақ енгізілген болатын. Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-ші бабында елімізде идеологиялық және саяси әр алуандылық танылатыны, қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей екені, қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың қызметін жүктеуге жол берілмейтіні айқын жазылған.
Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасу тарихына отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар қызметі дамуының алғашқы кезеңі ХХ ғасырдың 80-ші жылдары мен 1994 жыл аралығын қамтиды. Отандық және шетелдік сарапшылардың бағалауынша, бұл кезеңде 500-ге жуық үкіметтік емес ұйымдар құрылып, олардың дені негізінен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істеген. Үкіметтік емес ұйымдарға қатысты мемлекеттік саясат аталған уақытта жалпы ұстанымдар мен бағыттарды анықтап алуға бағдарланды.
1994 жылдан 1997 жылға дейін жалғасқан екінші кезең үкіметтік емес ұйымдардың саны 500-ден 1600-ге дейін өсуімен және әртүрлі халықаралық қорлар мен ұйымдардың тарапынан қаржылай қолдау көрсету әрекеттерінің артуымен ерекшеленді. Бұл жылдары үкіметтік емес ұйымдардың басым көпшілігі ірі қалаларға шоғырланып, қызмет түрлері бойынша жүйеленіп, іріктеле бастады. Дегенмен мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдарға қатысты ұстанымы әлі де нақтылана қоймаған еді, жалпы жұмыс жүргізілгенімен, азаматтық қоғам өкілдерімен өзара қарым-қатынас жасаудың бірыңғай жүйесі бір ізге түспеген болатын.
Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары дамуының үшінші кезеңі 1998 жылдан 2005 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл – аталған саланың түбегейлі сапалы өсіп-өркендеу дәуірі болды. Өйткені осы кезең мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынас жасаудың жүйелі жүйесін жүзеге асыру туралы мәселе күн тәртібіне нақты түрде қойылуымен сипатталады. Дәл осы жылдарда маңызды нормативтік құқықтық актілер қабылданып, алғашқы стратегиялық құжаттар дүниеге келді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен 2003 жылы І Азаматтық Форум өткізіліп, ұлттық деңгейде мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы
тұрақты түрдегі пікір алмасу және өзара ақылдасып отыру дәстүрінің негізі қаланды. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуiрдегi «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы» №36 Заңы қабылданып, еліміздің мемлекеттiк органдарының және үкiметтiк емес ұйымдарының мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруы үдерісінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық негізі жасалды. Бұл Заңда: «Үкiметтiк емес ұйым – ортақ мақсаттарға жету үшiн азаматтар және (немесе) мемлекеттiк емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерiктi негiзде құрған коммерциялық емес ұйым (саяси партияларды, кәсiптiк одақтарды және дiни бiрлестiктердi қоспағанда)», - деген анықтама берілді. Сонымен бірге осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс процесiн құқықтық реттеу принциптерi, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi, уәкiлеттi органның құзыретi, мемлекеттiк органдардың құзыретi, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыру салалары, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыру, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты қаржыландыру және оның бюджеттiк қаражатын пайдалану, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың орындалуын бақылау мәселелері нақтыланды.
2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі төртінші кезеңде мемлекеттік билік органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара бірлескен іс-қимылы мен үкіметтік ұйымдарды мемлекеттік қорғаудың барлық жақтарын сапалы түрде жетілдіру үдерісі жүріп жатыр.
Елбасымыздың 2006 жылғы 25 шiлдедегi №154 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасында қазiргi кезеңдегі Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытудың негiзгi үрдiстерi талданады, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытудың алдағы жылдарға арналған жолдары мен нақты тетiктерi баяндалған. Тұжырымдама азаматтық қоғам институттарын дамытудың негiзгi бағыттары мен азаматтық бастамаларды iске асыру мүмкiндiктерiн айқындайды. Ол азаматтық институттардың жұмыс iстеуi үшiн қолайлы жағдай жасауға бағытталған мақсатты бағдарламалар, заңнамалық және басқа нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеу үшiн негiз болады.
Тұжырымдаманың мақсаты адам құқықтары мен адами өлшем саласындағы халықаралық шарттар мен пактiлер шеңберiндегi халықаралық-құқықтық құралдарға сәйкес азаматтық қоғам институттарын жан-жақты дамыту әрi олардың мемлекетпен және бизнес-секторлармен тең құқылы серiктестiгi үшiн заңнамалық, әлеуметтiк-экономикалық және ұйымдастыру-әдiстемелiк базаны одан әрi жетiлдiру болып табылады.
Алға қойылған мақсатқа қол жеткiзу үшiн күш-жiгердi негiзгi бес мiндетке шоғырландыру қажет деп белгіленген: адам, оның құқықтары мен бостандықтары басты құндылық болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет құру; үкiметтiк емес ұйымдар, бизнес-сектор және мемлекет арасында үйлесiмдi, тең құқылы әрi серiктестiк қатынастар жүйесiн құру; үкіметтік емес ұйымдар жобаларына бизнес-
сектордың қатысуы үшiн экономикалық ынталандырулар әзiрлеу, қайырымдылық пен меценаттықты дамыту; азаматтық қоғамның барлық институттарын дамыту үшiн қолайлы құқықтық база қалыптастыру; өмiр сүру сапасының жоғарғы стандарттарына қол жеткiзу, еңбек қатынастарын үйлестiру, халықтың бай және кедей жiктерi кiрiстерiнiң арасындағы айырмашылықты қысқарту.
Кейінгі он жылға жуық уақыт ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру және оны жүзеге асырудың салалары кеңейе түсті. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі – билік орындарының үкіметтік емес ұйымдардың талдау-сараптамалық қызметтер атқарудағы үлкен мүмкіндіктерін мойындауы және оны белгілі бір аумақтарды басқару барысында пайдалану жүйесінің жасалуында болды.
Сондай-ақ аталған саланың дамуы азаматтардың әртүрлі тұрғыдағы құқықтарын қорғау жөніндегі қозғалыстардың пайда болуымен, анығырағы, қайта жаңғыртылуымен сипатталады. Бұл, бір жағынан, азаматтық сана дейгейінің арта түсуін дәлелдесе, екінші жағынан, билікпен тікелей байланыс орнатып, тұрғындардың белгілі бір тобының мүдделерін қорғай алатын күшті құқық қорғау ұйымдарының тапшы екенін көрсетті. Ал мұның өзі көп жағдайда екі жақтың өзара тіл табыса іс-әрекет жасауына кедергі болып жатты. Бүгінде билік орындары мен азаматтық қоғамның бір-бірімен текетіреске бара бермей, керісінше, өзара ынтымақтаса қимылдап, өзекті мәселелерді бірлесе шешуі арқылы жетістікке жетуге болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
САНЫ КӨП. АЛ САПАСЫ ҚАНДАЙ? Ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда 2012 жылдың 28 желтоқсанына дейін 27 669 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішінде 4 468 мекеме, 1 355 заңды тұлғалардың бірлестігі, 5 307 қор, 8 786 қоғамдық бірлестік, 7 763 басқа да үкіметтік емес ұйымдар бар. Кейінгі бес жыл ішінде үкіметтік емес ұйымдардың саны 16 000-нан 27 669-ға дейін өсті.
Осы жерде ескерте кететін бір мәселе бар. Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде үкіметтік емес ұйымдар туралы арнайы заң жоқ болғандықтан, заңдық-құқықтық тұрғыдан іс жүзінде «үкіметтік емес ұйымдар» деген ұғым бойынша арнайы статистикалық тіркеу жұмысы жүргізілмейді. Негізінен әртүрлі ұйымдастырушылық-құқықтық жүйе бойынша құрылған коммерциялық емес ұйымдардың есебі жасалады.
Сонымен бірге осы саланың қызметі туралы мәселелер қамтылған заңдарымыздың өзінде бірізділік пен ортақ ұғым-түсініктер жоқ екені біраз қолбайлау болып отыр. Атап айтсақ, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы №142 Заңының «Коммерциялық емес ұйымдардың нысандары» туралы 6-шы бабы бойынша коммерциялық емес ұйымдар қоғамдық бiрлестiк нысанында да құрылуы мүмкiн.
Ал «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы №3 Заңының 2-ші бабына сүйенсек: «Қазақстан Республикасында саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және азаматтардың ортақ
мақсаттарға жету үшiн ерiктi негiзде құрылған, заңдарға қайшы келмейтiн басқа да бiрлестiктерi қоғамдық бiрлестiктер деп танылады. Қоғамдық бiрлестiктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады».
Тағы бір маңызды құжат – «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуiрдегi №36 Заңының 1-ші бабында: «Үкiметтiк емес ұйым – ортақ мақсаттарға жету үшiн азаматтар және (немесе) мемлекеттiк емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерiктi негiзде құрған коммерциялық емес ұйым (саяси партияларды, кәсiптiк одақтарды және дiни бiрлестiктердi қоспағанда)», - деп жазылған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің негізгі қағидаларына келсек, онда коммерциялық емес ұйымдарға діни бірлестіктер мен мемлекеттік мекемелер де енгізілген.
Осыдан шығатын қорытынды: жоғарыдағы заңдарда баяндалатын «коммерциялық емес ұйым» деген ұғымға кіретін ұйымдық-құқықтық нысандардың барлығы бірдей үкіметтік емес ұйымдарға жата бермейді. Мысалы, мемлекеттік мекемелер, саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және дiни бiрлестiктер үкіметтік емес ұйымдар болып табылмайды.
Осылайша, заңды тұлғалардың статистикалық санағын жүргізудің қалыптасқан жүйесі Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың өз алдына бөлек дербес нақты есебін жасап, олардың саны қанша екенін дәл анықтауға іс жүзінде мүмкіндік бермейді. Әртүрлі дерек көздерінде еліміздегі ресми түрде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны туралы 5 000-нан 25 000-ға дейінгі әрқилы мәліметтер келтіріледі.
Әділет органдарында ресми түрде тіркеуден өткен үкіметтік емес ұйымдардың нақты саны белгісіз болып отырған кезде олардың ішінде күнделікті жұмыс істеп жүргендері, белгілі бір саладағы әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып жатқандары қанша екенін анықтау мүлдем қиын. Кейбір сарапшылардың берген бағалары мен ой-пікірлерінде еліміздегі ресми түрде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың бар болғаны 20-30%-ы ғана нақты қызметпен айналысып келеді.
Қазіргі таңда Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың статистикалық есебін жүргізуде қалыптасып отырған осындай күрделі жағдайдың салдарынан олардың қызметіне байланысты әртүрлі мәліметтерді, мысалы, үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлерінің дәл саны, олардың алатын жалақыларының мөлшері, үкіметтік емес ұйымдардың қаржылық айналымы, оларды қаржыландыру көздері, белгілі бір өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарға халықаралық және шетелдік қаржы көздерінен гранттар мен демеушілік көмек түрінде тартылған инвестиялық көмектің үлес салмағы және басқа да деректерді жинақтап, жүйелеу және талдау мүмкін болмай отыр.
Ресми есептерде баяндалған, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыру салалары бойынша жүргізілген мониторингтік талдау жұмыстарының нәтижесі көрсеткеніндей, «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуiрдегi №36 Заңында көрсетілген тақырыптық бағыттардың барлығы бойынша әлеуметтік маңызы
бар жобалар жүзеге асырылған. Бұл бағдарламалардың басым көпшілігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қаржыландыру негізінде Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының ішкі саясат басқармалары және жастар саясаты мәселелері бойынша басқармалары тарапынан жүзеге асырылған. Оған қоса 2009 жылдан бастап республикалық бюджетте Еңбек және әлеуметтік қорғау, Денсаулық министрліктері бойынша әлеуметтік бағдарламалар қарастырылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бірте-бірте туризм, спорт, дін, әділет, ішкі істер, тілдерді дамыту, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша ресми құрылымдарға да орналастырылып, мақсатты түрде қаржы бөлу қарастырылып келеді.
Үкіметтің барлық өңірлердегі ауылдық деңгейде үкіметтік емес ұйымдармен өзара ынтымақтастықты дамыту туралы ұсыныстарына сәйкес 2013 жылдан бастап 12 облыстың аудандық және ауылдық округтары дәрежесінде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру қолға алына бастады.
ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР ЖӘНЕ ОЛҚЫ ТҰСТАР. Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың даму үдерісіне талдау жасай отырып, мынадай оң өзгерістер мен алдағы мүмкіндіктерді атап көрсетуге болады:
- үкіметтік емес ұйымдардың қызметін үйлестіріп отыратын негізгі нормативтік құқық құжаттар бар;
- орталық және жергілікті билік орындары тарапынан үкіметтік емес ұйымдардың дамуы үшін саяси жігер-ұмтылыс пен мүдде танытылып, қажетті қаржылай қолдау көрсетіліп отыр;
- кейінгі кезде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттің азаматтық қоғамның нақты осы саласын қолдау жүйелерін жақсарта түсуге бағытталған нормативтік құқықтық қорларды қалыптастыру мәселелері бойынша өзара түсіністік жағдайында бірлесе жұмыс істеу белсенділігі арта түскені байқалады;
- үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын және көрсететін қызметтерінің түрлері кеңейтіліп, белгілі бір салаға кәсіби мамандану шеңбері артып келеді;
- үкіметтік емес ұйымдардың білгілі бір топтарын біріктіріп, олардың мүдделерін қорғайтын республикалық ірі үкіметтік емес ұйымдардың қызметі жанданып келеді;
- үкіметтік емес ұйымдардың республикалық және ұлттық деңгейдегі әртүрлі консультативтік-кеңес беру органдарының жұмысына қатысу дәрежесі арта түсті;
- үкіметтік емес ұйымдармен өзара ынтымақтастық, қоғамдық және сараптамалық кеңестерінің мәртебесі мен маңызы, олардың қызметтік белсенділігі өсе түскен;
- үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара бірлескен қызмет тәжірибелерінің оң үлгілері бірте-бірте жинақталып келеді;
- үкіметтік емес ұйымдар мектебінен өткен мамандардың мемлекеттік қызметке орналасу, ішкі және сыртқы саясатты қалыптастырудың әртүрлі
тұстары бойынша бірлесе жұмыс істеудің пәрменділігін арттыратын оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру тәжірибелері байқалады;
- әкімшілік реформалар барысында үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерін нормативтік құқықтық құжаттарды, мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарын жасау, жоспарлар мен бағдарламаларды жүзеге асырудың тиімділігін, қоғамдық мониторинг және сараптама жасау шеңберіндегі қызмет көрсету сапасын бағалау және т.б. жұмыстарды жүзеге асыруға белсенді түрде қатыстыру жөнінде ұсыныстар жасалып, кейін бұл қағида міндетті талаптар қатарына енгізілуі оң бағаланып отыр;
- мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында, мысалы, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік органдардың кейбір қызметтік міндеттерін үкіметтік емес ұйымдарға сеніп тапсыру жағдайы жақсы бастама ретінде көрініс тапқан.
Соған қарамастан, қазіргі уақытта Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін дамыту барысында мынадай кемшіліктер мен қауіп-қатерлер де орын алып отырғанын жасыра алмаймыз:
- азаматтық қоғамның саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және дiни бiрлестiктер секілді басқа да құрылымдарына қарағанда, үкіметтік емес ұйымдар еліміз тұрғындарының басым көпшілігіне оншалықты жақсы таныс емес; жүргізілген сауалнамалар халықтың үкіметтік емес ұйымдардың қызметі туралы жеткілікті дәрежеде біле бермейтінін көрсетті; үкіметтік емес ұйымдар қызметіне әртүрлі әлеуметтік топтардың санаулы ғана мүшелері тартылған;
- мемлекеттік құрылымдар тарапынан үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне деген қызығушылықтың тұрақсыздығы, оған саяси оқиғалар мен өзгерістердің әсер етуі, мысалы, үкіметтік емес ұйымдарды негізінен белгілі бір деңгейлердегі сайлау кезеңдерінде ғана халықтың белсенділігін арттыру үшін уақытша пайдалану әдеті байқалады;
- көптеген үкіметтік емес ұйымдарда тек қана бір адам – оның басшысы ғана жұмыс істейді, мұндай ұйымдардың тұрақты қызметкерлері жоқ, қоғам мүшелерін өздерінің дербес өзекті мәселелерін шешуге жұмылдыратын, шын мәніндегі қоғамдық сипаттағы үкіметтік емес ұйымдардың саны өте аз, соның салдарынан үкіметтік емес ұйымдар жүйесінің одан әрі дамып, өсіп-өркендеуіне кедергі туып отыр;
- кейінгі жылдарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша бөлінген қаржы көлемінің артуына байланысты уақытша құрылған «бір күндік» үкіметтік емес ұйымдардың қатары көбейе түскен, әлеуметтік маңызды жобаларды шын мәнінде жүзеге асырудың тиімділігін арттырудағы азаматтық қоғамның өз арасындағы қарым-қатынастың дұрыс жолға қойылуына тосқауыл болып отырған теріс сипаттағы көріністің бірі – осы;
- саланың ішкі жүйесінде жоғары сапалы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы салауатты бәсекелес ортаны қалыптастыру және оны қолдау мақсатындағы тиісті бағыттар бойынша кәсіби үкіметтік емес ұйымдардың үлес салмағы да аз, қатары сирек болып тұр;
- үкіметтік емес ұйымдар арасында қоғамның тиісті мүшелеріне қызмет көрсету тұрғысында көзделіп, нысанаға алынған «мақсатты аудитория» ретінде емес, тек қана «мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты» орындау нысаны деп қана қарайтын тоғышарлық көзқарастағы кері құндылықтар күшейіп келеді;
- бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік органдардың, сонымен бірге өздерінің әріптестері мен мақсатты аудиториясының асырауында ғана болғысы келіп, біреудің есебінен күн көргісі келетін ұстанымды ұстанады;
- үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы мемлекеттік ұйымдардың, басқа да әріптестерінің әртүрлі бастамаларын барынша теріске шығарып, жарамсыз етіп көрсету, өздерінің нақты ұсыныстарын айтудың орнына әйтеуір сынап, түкке тұрғысыз сияқты таныту тұрғысынан қарайтындары да аз кездеспейді;
- билік орындары жариялаған және нормативтік құқықтық құжаттар түрінде бекітілген, үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылық мүмкіндігін пайдалану жөніндегі бастамалар әлі де жеткілікті дәрежедегі нақты мүдделілік пен қызығушылық түрінде бекітілмеген, мемлекеттік органдар, әсіресе, жергілікті жерлерде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің пайдалы және маңызды екеніне оншалықты назар аудара қоймайды;
- бұрынғысынша, мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе, салалық құрылымдарда, аудандық және ауылдық деңгейлерде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің мемлекеттің дамуын жеделдету үдерісіндегі мәнін түсінуге тырыспайды, көп жағдайда, азаматтық қоғам мүшелерімен қарым-қатынас қағаз жүзінде ғана қалып, жоғары жаққа есеп беру үшін ғана уақытша іс-шаралар өткізіледі;
- мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде таңдау және іс-қимыл еркіндігінің белгілі бір ауқымда іс жүзінде шектеліп қалуының салдарынан көптеген үкіметтік емес ұйымдарда жұмыстың жаңа әдістері мен тәсілдерін іздеп, инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік жоқ;
- жұмысты ұйымдастыру және оның нәтижесін бағалау қағидалары мемлекеттік құрылымдардан үкіметтік емес ұйымдардың өзіне жүктелуі азаматтық қоғамның сапалық құрамына кері ықпалын тигізуде; көп жағдайда тәжірибелі және тұрақты қызмет істеп келе жатқан үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа арналған конкурстарға қатысудан саналы түрде бас тартуда және бұл бағытта жұмыс жүргізуге оншалықты ынталы емес; саланың тәжірибелі мамандары бизнеске немесе халықаралық ұйымдарға қызметке ауысып кету жағдайлары жиіледі.
Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етіп, реттеп отыру мәселенінің қазіргі жағдайына Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығының (ICNL) сарапшылары оң баға берген. Мысалы, еліміз тәуелсіздік алған жылдары үкіметтік емес ұйымдар жұмысын үйлестіруге арналған көптеген заңдар мен заңнамалық актілер қабылданды. Қолданыстағы заңнама әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандардағы үкіметтік емес ұйымдарды құруға мүмкіндік береді. Үкіметтік емес ұйымдардың коммерциялық қызметпен айналысуға, сондай-ақ,
жергілікті және шетелдік қаржы көздерінен жарналар мен гранттар алуға құқықтары бар. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің қоғамдық және саяси өміріне қатысып, мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік қоғамдық кеңестердің мүшесі бола алады, оларға сайлау кезінде мониторингтік талдау жүргізуге, саяси және заңнамалық құжаттарды жасауға және талқылауға жағдай жасалған. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға қатыса отырып, халыққа өздерінің әртүрлі қызметтерін ұсынып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруда мемлекетке өз көмегін тигізуде.
Елімізде үкіметтік емес ұйымдар қызметін құқықтық тұрғыдан үйлестіріп, реттеп отыруға қажетті жағдайлар жасалып отырғанына қарамастан, заңнамада бұл мәселеге қатысты бірқатар өзекті мәселелер, ашық айтсақ, көптеген кемшіліктер де кездеседі. Ондай олқылықтарды атап көрсететін болсақ:
- кәсіпкерлік субъектілеріне қарағанда үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу жүйесі барынша күрделі және қиын қалпында қалып отыр: егер шағын кәсіпкерлік нысандарын тіркеудің ресми мерзімі бір жұмыс күні, тіпті электрондық үкімет веб-порталында 10-15 минутта ғана жүзеге асырылса, үкіметтік емес ұйымды ресми түрде тіркеу үшін тиісті құжаттарды тапсырған соң кемінде 10 жұмыс күнінің өтуін күту керек; сондай-ақ жеке кәсіпкерлікке қарағанда, үкіметтік емес ұйымды тіркеу үшін төленетін мемлекеттік алым мөлшері де бірнеше есе қымбат;
- үкіметтік емес ұйымдарды таратып, оның қызметін тоқтату жүйесі де барынша күрделі және көп шығынға ұшырататын үдеріс қалпында қалып отыр: салық органдарына тиісті есептерін дер кезінде тапсырмағандықтан, көптеген үкіметтік емес ұйымдар өздеріне айыппұл салынатынынан қорқып, іс жүзінде қызмет істемейтіндіктен, қағаздағы заңды тұлғалардың қатарын толтырып тұр;
- үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қаржыландырудың баламалы жүйесі жасалмаған;
- мемлекеттік құрылымдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдарының, оның ішінде қоғамдық кеңестерін құру және олардың қызметін ұйымдастыру жөнінде үлгілік бірыңғай ережелер жоқ;
- қажетті тиісті мүмкіндік жоқ болғандықтан үкіметтік емес ұйымдар өздеріне қажетті маңызды ақпараттарға жедел түрде қол жеткізе алмайды.
Үкіметтік емес ұйымдардың қызметін үйлестіріп, ұйымдастырудағы жағарыда атап көрсетілген кемшіліктерді азайту мақсатында «Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты құжаттың жобасы жасалды. Бұл құжаттың жобасы үкіметтік емес ұйымдарды, олардың әртүрлі салалар бойынша мемлекеттік органдармен және бизнеспен өзара қарым-қатынасын, қоғамдық бақылау жүйесін, жергілікті өзін-өзі басқару, меценаттық құрылымдарын, қайырымдылық және әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін, шетелдік және халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен байланыс, салалық ынтымақтастық және т.б. одан әрі дамытуға жағдай жасау мақсатын көздейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?