Мәміле ұғымы және оның түрлерін түсіндіру. Құқық негіздері, 10 сынып, дидактикалық материал.


4-тарау. Мәмілелер

147-бап. Мәмiле ұғымы

      Азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады.

148-бап. Бiржақты мәмiлелер мен шарттар

      1. Мәмiлелер бiржақты және екi немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкiн.

      2. Заңдарға немесе тараптардың келiсiмiне сәйкес жасалуы үшiн бiр тараптың ерiк бiлдiруi қажет және жеткiлiктi болатын мәмiле бiржақты мәмiле деп есептеледi.

      3. Шарт жасасу үшiн екi тараптың (екiжақты мәмiле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәмiле) келiсiлген ерiк бiлдiруi қажет.

149-бап. Бiржақты мәмiлелердi құқықтық реттеу

      1. Бiржақты мәмiле мәмiле жасаған адамға мiндеттер жүктейдi. Ол басқа адамдарға заң құжаттарында белгiленген не сол адамдармен келiсiм болған реттерде ғана мiндеттер жүктей алады.

      2. Бiржақты мәмiлелерге тиiсiнше мiндеттемелер туралы және шарттар туралы жалпы ережелер қолданылады, өйткенi бұл заңдарға, мәмiленiң табиғаты мен мәнiне қайшы келмейдi.

150-бап. Шартпен жасалған мәмiлелер

      1. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттердiң туындауын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiнге қалдырылатын шартпен жасалды деп есептеледi.

      2. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттемелердiң тоқтатылуын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiн күшi жойылатын шартпен жасалды деп есептеледi.

      3. Егер шарттың басталуы тиiмсiз болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен кедергi жасаса, шарт басталды деп танылады.

      Егер шарттың басталуы тиiмдi болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен ықпал етсе, шарт басталмаған деп танылады.

151-бап. Мәмiленiң нысаны

      1. Мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).

      2. Заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгiлi бiр нысан белгiленбеген мәмiле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмiлелердiң бәрi ауызша жасалуы мүмкiн. Мұндай мәмiле адамның мiнез-құлқынан оның мәмiле жасау еркi айқын көрiнiп тұрған ретте де жасалған деп саналады.

      3. Жетон, билет немесе әдеттегiдей қабылданған өзге де растайтын белгi арқылы расталған мәмiле, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.

      4. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген реттерде мәмiле жасауға ерiк бiлдiру деп танылады.

      5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшiн жасалған мәмiлелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келiсiмi бойынша ауызша жасалуы мүмкiн.

152-бап. Мәмiленiң жазбаша түрi

      1. Мынадай мәмiлелер:

      1) егер мәмiлелердiң жекелеген түрлерi үшiн заңдарда өзгеше арнайы көзделмесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан туындамаса, мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, кәсiпкерлiк қызмет үрдiсiнде жүзеге асырылатын;

      2) мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, бір жүз айлық есептiк көрсеткiш жоғары сомаға;

      3) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиiс.

      1-1. Мәміленің жазбаша нысаны қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалады.

      2. Егер iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қоюға тиiс.

      Егер заңдарға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi.

      3. Екiжақты мәмiлелер әрқайсысына өзiн жасаған тараптар қол қойған құжаттарды алмасу арқылы жасалуы мүмкiн.

      Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар, электрондық хабарлар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi.

      Қазақстан Республикасының заңдарымен және (немесе) тараптардың бірінің талап етуі бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн, оларға мәмiле нысаны, атап айтқанда, белгiлі бір нысандағы бланкiде жасау, мөрмен бекемдеу сәйкес келуге және осы талаптарды сақтамау салдары көзделуге тиiс.

      4. Егер азамат дене кемтарлығы, науқастығы немесе сауатсыздығы салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша мәмiлеге басқа азамат қол қоя алады. Соңғысының қойған қолын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, нотариат немесе сондай нотариалдық әрекет жасау құқығы бар басқа лауазымды адам, мәмiле жасаушының өзi қол қоя алмаған себептердi көрсете отырып, куәландыруға тиiс.

      5. Жазбаша түрде жасалған мәмiленi орындаған тарап екiншi тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап етуге құқылы.

      Мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, ауызша кәсiпкерлiк мәмiленi орындаған тараптың да осындай құқығы бар.

153-бап. Мәмiленiң жазбаша нысанын сақтамау салдары

      1. Мәмiленiң жай жазбаша нысанын сақтамау дау болған жағдайда тараптарды мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда, тараптар мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге де, куәгерлiк айғақтардан басқа, дәлелдермен растауға құқылы.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келiсiмiнде тiкелей көрсетiлген жағдайларда мәмiленiң жай жазбаша нысаны сақталмаған кезде мәміле маңызсыз болып саналады.

      3. Жай жазбаша нысан сақталмаған кезде сыртқы экономикалық мәмiле маңызсыз болып саналады.

154-бап. Мәмiленi нотариаттың куәландыруы

      1. Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген жағдайларда жазбаша мәмiлелер оларды нотариат куәландырғаннан кейiн ғана жасалды деп есептеледі.

      Осы баптың 2-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, нотариаттық куәландыру туралы талаптарды сақтамау осы Кодекстiң 157-1-бабының 3-тармағында көзделген салдарлармен мәмiленiң маңызсыздығына алып келеді.

      2. Егер нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе тараптардың бiрi iс жүзiнде орындаған болса, ол өзiнiң мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшiншi жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделi тараптың арызы бойынша мәмiленi жарамды деп тануға құқылы. Бұл ретте мәмiленi кейiннен нотариаттың куәландыруы талап етiлмейдi.

155-бап. Мәмілелерді тіркеу

      1. Егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, заңнамалық актілерге сәйкес міндетті мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге тиіс мәмілелер тіркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі.

      Тіркеуден бас тарту жазбаша түрде ресімделуге тиіс және заңнама талаптарының бұзылуына сілтеме жасалғанда ғана мүмкін болады.

      2. Егер тараптардың бірі мәмілені мемлекеттік тіркеуден жалтарса, сот екінші тараптың талап етуімен мәміле бойынша құқықтарды тіркеу туралы шешім шығаруға құқылы. Мұндай жағдайда мәміле сот шешіміне сәйкес тіркеледі.

156-бап. Биржалық мәмiлелер

      1. Биржалық мәмiлелер - нысаны биржадағы айналысқа жiберiлген мүлiк болып табылатын және тиiстi биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелерiне сәйкес онымен сауда-саттық жүргiзуге қатысатындармен жасалатын мәмiлелер.

      2. Биржалық мәмiлелер осы мәмiлелердiң жасалғандығын растау үшiн биржа беретiн құжаттармен ресiмделедi.

      3. Егер заңдардан, тараптардың келiсiмiнен немесе мәмiленiң мәнiнен өзге жағдайлар туындамаса, биржалық мәмiлелерге олардың мазмұнына қарай тиiстi шарт (сатып алу-сату, комиссиялар және басқалар) туралы ережелер қолданылады.

      4. Заңнамада немесе биржалық сауда ережелерiнде, "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын мәліметтерден басқа, тараптардың коммерциялық құпиясы болып табылатын және олардың келiсiмiнсiз жария етуге жатпайтын биржалық мәмiлелердiң талаптары көзделуi мүмкiн.

      5. Биржалық мәмiлелер жасасуға байланысты даулар тиiстi биржа жанындағы биржа төрелiгiнде қаралады, Қазақстан Республикасының заңында көзделген жағдайларда сот оның шешiмiнің күшін жоюы мүмкiн.

157-бап. Дауланатын және маңызсыз мәмілелер

      1. Мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.

      Егер мәміленің маңызсыздығы заңнамалық актілерде көзделмесе, ол даулы мәмілеге жатады.

      Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді.

      2. Мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.

      3. Мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.

      Көрсетілген мәмілені жасау нәтижесінде құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған немесе бұзылуы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып табылады.

      Мәмілені жарамсыз деп тануға талап қою құқығы бар тұлғалардың тізбесі осы Кодексте және (немесе) өзге де заңнамалық актілерде белгіленеді.

157-1-бап. Мәміленің жарамсыздығының салдарлары туралы жалпы ережелер

      1. Маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарларын қолдану туралы талапты мәміле тарапы не осы Кодекстің 157-бабының 3-тармағында белгіленген тұлғалар қоюға құқылы.

      2. Жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді.

      3. Егер мәміле жарамсыздығының өзге де салдарлары осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделмесе, мәміле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы – екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмағанда (оның ішінде, алынғандар мүлікті пайдалану, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет түрінде болғанда) қайтарылуға жататын мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшалай өтеуге міндетті.

      4. Сот мәмiленiң жарамсыздығын тудырған әрекеттердi жасауға кiнәлi тараптан екiншi тараптың пайдасына мәмiленi жарамсыз деп тануға байланысты оған келтірілген залалды өндiрiп алуы мүмкiн.

      5. Егер мәмiле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталса, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленсе, онда екi тараптың да теріс пиғылы болған кезде олардың мәмiле бойынша алғандарының немесе алуға арналғандардың барлығы соттың шешiмi немесе үкiмi бойынша тәркiленуге жатады. Мұндай мәмiленi бiр тарап орындаған жағдайда оның екiншi тараптан алғандарының барлығы және одан мәмiле бойынша бiрiншi тарапқа тиесiлiнiң барлығы тәркiленуге жатады. Егер тараптардың бір де біреуі орындауға кiрiспеген болса, мәмiледе орындалуы көзделгеннiң барлығы тәркiленуге жатады.

      6. Қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған теріс пиғыл тараптардың бiрiнде ғана болған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген жағдайда, оның мәмiле бойынша алғандарының барлығы екiншi тарапқа қайтарылуға жатады, ал соңғысының алғаны не оған мәмiле бойынша тиесiлiсi тәркiленуге жатады.

      7. Нақты мән-жайларды ескере отырып, сот осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген салдарларды, жарамсыз мәмiле бойынша алынған не алынуға тиiс мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде iшiнара не толық қолданбауға құқылы. Бұл бөлiкте осы баптың 3-тармағында көзделген салдарлар басталады.

      8. Сот мәмiленi жарамсыз деп тани отырып, нақты мән-жайларды ескеріп, оны одан әрi орындауға тыйым салумен шектелуге құқылы.

158-бап. Мазмұны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтiн мәмiленiң жарамсыздығы

      1. Мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

      2. Қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген мәміле маңызсыз болады.

      3. Қазақстан Республикасы заңнамасының, заңды тұлға жарғысының талаптарын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мәмiленi әдейі жасасқан адам, егер мұндай талап пайдакүнемдiк уәждерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетiнен туындаса, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес.

      4. Егер мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемені орындаудан немесе үшiншi тұлға не мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқан жағдайда, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi тұлға (мемлекет) мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

159-бап. Мәмiлелер жарамсыздығының негiздерi

      1. Қажеттi рұқсатты алмай не рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн жасалған мәмiле маңызсыз болады.

      2. Жосықсыз бәсеке мақсатын көздейтiн немесе iскерлiк әдеп талаптарын бұзатын мәмiлені сот жарамсыз деп тануы мүмкін.

      3. Осы Кодекстің 23-бабында көзделген мәмілелерден басқа, он төрт жасқа толмаған адам (жас бала) жасасқан мәміле маңызсыз болады.

      4. Он төрт жасқа толған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің келісімінсіз жасаған мәмілесін, заң бойынша оның өзі дербес жасауға құқығы бар мәмілелерді қоспағанда, сот заңды өкілдерінің талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Осы баптың қағидалары осы Кодекске сәйкес әрекетке толық қабілетті деп танылатын (осы Кодекстің 17-бабының 2-тармағы, 22-1-бабы) кәмелетке толмағандардың мәмілелеріне қолданылмайды.

      5. Есуастық немесе ақыл-есi кем болуы салдарынан әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған адам жасасқан мәмiле маңызсыз болады. Кейiннен әрекет қабiлеттiлігi жоқ деп танылған азамат жасасқан мәмiле (осы Кодекстiң 26-бабы), егер мәмiленi жасау кезiнiң өзiнде-ақ бұл азаматтың психикасының бұзылуы жағдайында болғаны дәлелденсе, дауланатын мәміле болып табылады және оның қорғаншысының талап қоюы бойынша сот мәмiленi маңызсыз деп тануы мүмкiн.

      6. Сот әрекет қабiлеттiлiгiн шектеген адам жасасқан мәмiленi сот оның қамқоршысының талап етуi бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

      7. Әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, мәмiле жасаған кезде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болған азамат жасасқан мәмiленi сот сол азаматтың талабы бойынша, ал егер тiрi кезiнде талап етуге азаматтың мүмкiндiгi болмаса, азамат қайтыс болғаннан кейiн басқа мүдделi адамдардың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

      8. Елеулi мәнi бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмiленi сот жаңылысу әсерiмен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мәмiленiң табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкiндiгiн айтарлықтай төмендететiн мәнiнiң сапасына қатысты жаңылысудың елеулi мәнi болады. Дәлелдердегi жаңылысу кейiнге қалдыру немесе күшiн жою шарты ретiнде, мәмiленiң мазмұнына осындай дәлелдi енгiзген кезде ғана мәмiле жарамсыздығының негiзi бола алады (осы Кодекстiң 150-бабы).

      Егер жаңылысу мәмiлеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсiпкерлiк тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмiлеге қатысушы екiншi жақтың мүдделерiн ескере отырып, мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.

      9. Алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

      10. Бiр тарап өкiлiнiң екiншi тараппен зұлымдық ниетте келiсуi нәтижесiнде жасалған мәмiленi сот жәбiрленушi тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Жәбiрленушi тарап шеккен залалды жәрдем беру тәртiбiмен өтеу (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы) терiс пиғылды өкiлге жүктелуi мүмкiн.

      11. Заңды тұлғаның осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында нақты шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетiн етiп, не оның органының жарғылық құзыретiн бұза отырып жасасқан мәмiлесi, егер мәмiледегi басқа тараптың мұндай бұзушылықтар туралы бiлгенi немесе бiлуге тиiс болғаны дәлелденсе, заңды тұлғаның немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) мүлiк иесiнiң талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.

      12. Осы баптың 3, 5-тармақтарында көзделген мәмiлелер жас балалардың немесе әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адамдардың заңды өкілдерінің талабы бойынша, егер олар аталған адамдардың пайдасына жасалған болса, сот шешiмiмен жарамды деп танылуы мүмкiн.

160-бап. Жалған немесе қулықпен жасалған мәмiлелер

      1. Оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды.

      2. Егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.

161-бап. Мәмiленiң бiр бөлiгi жарамсыздығының салдары

      Егер мәмiленi оның жарамсыз бөлiгiн енгiзбей-ақ жасауға болар едi деп ойлау мүмкiн болса, мәмiленiң бiр бөлiгiнiң жарамсыздығы оның басқа бөлiктерiнiң жарамсыз болуына әкелiп соқтырмайды.

162-бап. Жарамсыз мәмiлелер бойынша талап қою мерзiмдерi

      2. Осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтарында көзделген негiздер бойынша мәмiленiң жарамсыздығына байланысты даулар бойынша талап қою мерзiмi қорлық немесе қорқыту ықпалымен мәмiле жасалып, сол зорлық немесе қорқыту тоқтатылған күннен бастап не талап қоюшы мәмiленi жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын өзге де мән-жайларды бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап бiр жыл болады.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?