Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.


 1-үзінді

 Мылтық дүмі, қылыштың қырымен айдап шығарылған ауылдың еркек біткені басын қорғалап, борсаңдап, желкені жей-мей, Мамырбайдың еттігіне отағасыны бас қыла қамалды да, сыртынан қара құлып салынды. Ауызында күбір-күбір «Сүбіқан», аяғы жыбыр-жыбыр еңкең қағып, қораны орағытып бәйбіше келе жатыр еді, орыс алдынан тап болды.

 – Қайдан келесің?

 – Мына... Мына...— дей беріп еді, — мә, саған мына, мына!— деп білеуіт пен ащы айғай басына қабат тигенде, көзінің оты жарқ етті. Жаулық кетті жапырайылып, ауыз кетті опырайылып.

 – Тап деген соң, тап қызды!

 – Кімнің қызын, жасаған!

 – Сенікі қыз, сенікі.

 – Қызым жоқ, ойбай!..

 – Қыз бар. Табасың! Орыс қадалып, білеуітін зулатты.

 Бәйбіше бадалып, «Қыз жоқ» — деп бажылдап, өтірікті саулатты.

 – Өзім табам, – деп орыс жүгіріп ала жөнелді.

 Үш орыс қолдарына шырағдан алып, қораны, үйді, тезекті, шұңқырды, жүкті, пішенді – бірін қоймай найзаларымен піскілеп тінтіп жүр. Зым-зия Ақбілек жоқ.

 «Орыстар келіп қалды» дегенде, бәйбіше теріскейдегі кішкене есіктен ептеп шығып, жер бауырлап, бүкеңдеп, Ақбілегін жетелеп, бір апанға апарып «тырп етпей жат!»— деп кеткен.

 Қыз таба алмай, сандалып, долданып қайтқан үш орыс бәйбішені Терезе алдына етбетінен басып отырып, жиырма бес қамшы соқты. Үні шықса, Ақбілегінің жаны қабат шығады ғой, құшырлана тістеніп, ышқына ыңқылдағаннан басқа дыбыс бермеді.. Желге, күнге тигізбей, аялап өсірген сәулесін «кәпірге» қорлыққа қиғаннан өлгені артық емес пе?

 Түнерген түнде абайсыз ауыл абалаған ит даусына айналды. Ауылдан бажылдаған, балдырлаған жат үн шықты. Бір тайпы ауыл үш мылтықтың албастысы басып тұншықты.

 Үрейлі ауылды торып, екі ат жетелеп, ойқастап, құлағын түріп, түсі жаман, ойы қараңғы бір адам жүр. Ауылдан бажыл шыққанда әлгі адам бір тұрып, бір жүріп, ауылға таман ұмтылды. Ұмтылып еді, астындағы жануар қорыс етіп, лоқып қалды. Аяғын үзеңгіден ептеп шығарып, сыбдырын ұрлап, жұмсақ шөпті жапыра басып, жерге түсті. Атын артқы қасына қайқита қаңтарып, қыл шылбырмен тұқырта тас қылып тұсап, үш атты матастырды да, қотанға кіретін епті қасқырша, бүкеңдеп адымдады, Қарауытқан, қара жамылған ауылдың иті ұлып тұр.

 2-үзінді

 Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым – Бекболат. Басымда барқытпен тыстаған қара елтірі жекей тымақ, үстімде орысшалау бенжек-шалбар. Березе сұр шапан, cap сапиянға қара ала жапқан күміс белбеу, аяғымда көнелеу қисық табаным бар. Белбеуімдегі жарғақ далбағайым, шашақты сары қында мүйіз сапты өткір кездігім, алдыңғы қапталдағы дабыл байлайтын ұзын қайыс шеттігім менің өнерсіз жігіт еместігіме айғақ болар.

 Бұрын бір байдың, осы күні орта шарқы үйдің ортаншы баласымын, бұрын қой бес жүзге, жылқы екі жүзге, сиыр алпысқа, түйе жиырмаға шарпыған еді, осы күні сол малдың төрттен бірі де жоқ.

 Әкеміз неше жылдай елубасы, ауылнай, би болған. Бір ауылнай елдің басты адамының бірі. Ағам отау болып, енші алып кетті. Інім Семейде оқуда. Шешеміз жылқы жылы құрт аурудан қайтыс болған соң, әкеміз бір кедейлеу адамның ақ құбаша, бауырсақ мұрын жаңа өспірім қызын беріп қойған жерінен он бес қараға бата бұзып алып еді, тоқал бұ күнде әкейдің мойнына мініп алды.

 Жылдағы зекет, пітір, садақасын беріп, бізді оқытуға әкеміз таңқы мұрын, жылтыр қара Қожаны ұстап, сегіз жылдай, жаз үй артындағы қоста, қыс қонақ үйде теңселіп, қалғып-шұлғып, сабақ оқыдық. Тіл алмай, асқа, атқа өкпелеп, кісі боқтап, шалдуар боп, Қожадан таяқты талай жесем де, аяғында хат таныдым. Көршінің қатынымен Қожаның өсегі білінген соң, әкеміз шығарып жіберіп, содан кейін көзіміз ашылды.

 Оннан асқан соң-ақ, қыдырған қолы бос жігіттердің боқ ауыздарын, былапыт әңгімесін тыңдап, он беске келген соң, қыз-келіншегі бар үйдің іргесін тырнап, жібін қиып, есігін қиратып, түн баласында дамыл көрмедік. Жолдастарға еріп, ойын-сауық қуып жүріп, қылжақты, өлеңді, домбыраны үйрендім. Еті тірі, жақсы жігіттерді еліктеп, насыбай, мылтық атуды, ит жүгіртіп, құс салуды үйрендім. Тұзды ет беріп, суға жығып, қашырып алып, талай құстан айырылсам да, аяғында құстың тілін білдім, па шіркін! Астында жарау бедеу, қолында қыран тұйғын, үстінде сымдай киім, өзек, өлкені сыпылдата кезіп, жарқ-жұрқ еткізіп, қаз, үйректі сыпыртып, кешке таман сұлу қызды ауылдың сыртына қонам деп, шіреніп келіп тұрар ма ең! Жалғанның қызығы сонда!

 3-үзінді

 Баяғыда, қазақ орысқа қарағанда, қатын патша, қазақтан солдат алмаймын деп, қолхат беріпті-міс деп, талшық қылады. Тегінде, қазақтың солдат болудан қорыққаны бізге теріс те емес. Кім біледі, қолына қару берсе, орыс жұртына жау болып кетпесіне кімнің көзі жетеді? Онда ұлы Ресейдің жұрты кемиді, жері, елі азайып қалады. Қазақтың малы, елі, бұйымы басқа елдің пайдасына кетіп қалуы мүмкін. Әйтеуір қазақ өз алдына ел болып жатқан жоқ. Ендеше, орысқа бағынуы керек. Орысқа жақын арқа көзеу қыларлық қазаққа күшті жұрт жоқ. Қазақ орысқа жерімді алдың деп өкпелейтін шығар. Жер қазынанікі ғой, орыс өсіп жерге сыймай жатса, бос тұрған жерді алмай қайтеді? Қазақ жер кеп, баяғыдай көшіп-қонып, кең даланы шарлап жүре беремін деп ойлайды. Жер жүзінде жалғыз қазақ емес, өзге жұрт та бар ғой, оларға да тіршілік керек. Ендеше, артық жеріңді алғанға өкпелеме. Сен де егін сал, қала бол, сонда бәрімізге де жер жетеді. Мұны қазақ ұқпайды-ау.

 Қазақ зәбірің тиеді деп бізді айыптайды. Зәуде қазақ әскер болып, қазақ әскері орыс елінің ішінде жатса, маңайына зәбірі тимес пе еді? Малын алмас, дүниесін таламас, қызын қатын, қатынды жетім қылмас па еді? Кешегі Жетісу майданында мұжық қалаларын алғанда, қазақ әскері қандай қылды. Бейуаз мұжықты қылышының жүзінен өткізбеді ме? Мүлкін талап, әйелін расуа қылмады ма? Баяғыда орысты үш жүз жылдай татар билеп тұрғанда, қазақ та соның ішінде, қандай қорлық көрсетпеп еді? Ордаға барған елшілерімізді тақтайға жаншып, үстінен билетіп, езгілеп өлтіріп еді. Қазекем сенің де жайың белгілі. Қолдарыңа түссе, шамаларың келсе, сендер де бізді аямайсыңдар. Бірақ шамаларың келмейді.

 Әйтсе де біз қазақтан кек алғалы жүргеніміз жоқ. Қазақ жеріне келейік деп келгеніміз жоқ. Ресейде төңкеріс болып, патшаны түсірген соң, өз ара екі жарылып, ел билеуге таласқан соң, өкіметті қара жұмысшы мен қара солдатты жақтаған балшебектер алып кеткен соң, біздер орыстың шын ұлдары құл-құтанға бағынбаймыз деп, соғысып, жеңіліп, қашып келіп отырмыз. Алдымыз қашып Қытай жеріне өтіп кетті. Біз одан қашқан, бұдан қашқан, жетпіс шақты әпесер, білеуіттер Алтайдың бір тығырына бекініп, қызылдардан жан сауғалап жатырмыз. Олардың ойы, оқ дәрімізді, азығымызды түгесіп, қыстың суығына қатырып, ашықтырып алмақ. Әйтпесе, бір ауыздан жалғыздап келіп, бізді ала алмайды. Тауда жатып біз қарап өлейік пе? Қара таласқан соң маңайдағы қазаққа шабуылдап, азыққа мал, баспанаға киіз, төсеніш, ыдыс, сайман алып тіршілік қылып жатырмыз.

 

 4-үзінді

 Елге келген соң, атқа мініп, партияның сөзіне араласып, жаңа бір қызметке ниет қып жүргенімде, соғыс болды да, оның артынан төңкеріс килікті. Ақтар қашып, қызылдар келіп, қала-қалаға орнады. Балшабай деген бар, кедейдің пайдасын сөйлейді, балшабайға жазылған кісіні ауылнай қылады, болыс қояды, қолына мылтық береді, «панимаш» мылтық береді, байдың малын, артық қатынын, жерін кедейге тартып әпереді... деген лақаптар шыққан соң, жатсам ұйқым, тұрсам күлкім келмеді. Мен де балшабайға жазылып, мылтық алсам деп, ойладым да жүрдім. Ойға алғанын істемеген жігіт, жігіт пе? «Біреу қазақ жақсы деді, біреу орыс жақсы деді: шорт — пібри деп шоқындым да кеттім»,— деп бір шоқыншақ айтқан екен. Сол айтқандайын, неде болса, тәуекел, мұны да бір байқайын, кім біледі, мен де бірдемеге жарап кетермін деп, бардым да яшейкеге жазылып, бесатарды мойынға салып шыға келдім.

 Елге келе лау мініп, қой сойғызып, жүрегін шайып алуға, кейде басынан асыра мылтық атып, қызметке кірісе бастадым. Қазынаның мүлкін, ақтардан қалған қару-жарақ іздеп, қырындаған кісілерімнің үйін тінтіп, қорқытып, көр-жерлерін алып, пайда-пақыршылық істей бастадым. Ел мені «Шоқынып кетті» деп кірпідей жиырылды. Әуелі, өз ағайындарым да маған осқырып, үрейленіп қарайтын болды. Менен жұрт сескенейін деді. Мен келе жатқанда, қызыл көзді пәле келе жатқандай атын, дүниесін тыққыштап, өп-өтірік жалпақтауды шығарды. Елі құрғырлардың аузын бассаң, арғы сөйлеп тұрады ғой. Әсіресе, осы мұғалімі бар болғырлар, пәле болды. Мені елден пара алды, дүние тартып әкетті... пәлен-түген қылды деп, қаладағы оқыған азаматтарға даттап қойыпты. Сайлау кезінде болыс болайын деп тұрған кезімде, менің үстімнен жазылған қағаздарды жинап, Мамырбайдың баласы кеңсеге тапсырыпты. Мені бұзақы адам деп, сөйтіп болыстыққа сайламай қойғаны. Әй, атаңның аузын... Мамырбайдың, ұлы-ай! Тірі болсам, бір қылармын! – деп кете бердім. Мылтықтан айырылдым.

 Елге келген соң, ауыл-ауылдан мал, киіз, төсек-орын, ыдыс-сайман алып жүрген ақтардың адамына жолығып, іш пікірім ішімде, соларға кісі болдым. Олар маған жақсы қыз тауып бер деді. Ойыма Мамырбайдың Ақбілегі сап ете түсті. Атасының қылғанын алдына келтіретін маған да күн туды. Өмірі байдан, күштіден қорлық-зорлық көріп келдім. Әлі солардан көріп отырмын. Енді оларды мен несіне аяйын. Арманыма жетсем — жеттім, жетпесем, жаман адам атанып кеткенім дағы...

 

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу