Ә.Кекілбаев «Аңыздың ақыры» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.


«Аңыздың ақыры» бөлімінен үзінділер

1-үзінді

 Бір уақыттарда шалғы түскен құрақтай жағалай жапырылып жатқан ала тақиялар, сеңсең бөріктер, тығырық бөріктер, жалбағайлар, ақ сәлделер де таусылды. Оның осынау орылған шалғындай тып-типыл боп жылмиып жатқан жағада оқшау шошайған әлденеге көзі сүрінді. Жан-жағының бәрі намазға жығылғандай, жаппай етпетінен түсіп жатқанда, әлдекім есек арбаның үстінде басын иместен қалшиып қатып қалыпты. Әмірші мынау елден ерекше қиқар немеге амалсыз назарын тіктеуге мәжбүр болды. Жермен-жексен аласа арбаның үстінде өңшең құмыралар ортасында қайыс қара біреу отыр. Терісі сүйегіне жабысып қалғандай. Басы кекшиіп кетіпті. Арбиған екі қолын алдына қусырыпты. Қаққан қазықтай тік отыр. Шекелігі шығыңқы жазық маңдайдың астында екі жерден әлдене қарауытады. Ол көздің орны... Мынау өне бойын арқанмен шандып тастағандай сіресе қалған қатпа қараның соқыр екенін Әмірші енді байқады. Иә, дәл сол. Торсық шекесінен таныды. Әбден арыған. Өндіршегі сорайып шығып кетіпті.

 Анада алдына келгенде өндірдей жігіт еді. Анау қазылып-қазылып кеткен екі білегінде бұлт-бұлт етіп бұлшық ет ойнап тұрған-ды. Жасөспірім жігіттің дөңгелене біткен жазық маңдайына сонда да, ең алдымен, көзі түсіп еді...

 Қылыштың жүзіндей алмағайып қиын тағдыр кешіп келе жатқан Әмірші басымен бұрын-соңды дәл мынандайға кез боп көрмеген-ді. Көңілі ашудың да, ақылдың да ырқына көне алмай әрі-сәрі. Қанша бас қатырғанмен, еш тоқтамға келе алмады. Адасқан ойы қай тарапқа бұлтарса да аш тазыдай сүмеңдеген ұры сауалға тап болды. Ол дәл осындай жаудырай қарайтын қос жанарды және біреуден көрген сияқты еді. Бірақ қашан кімнен көргенін қанша ойласа да, есіне түсіре алмады. Ол да осылай мүләйімсіп мөлдірей қарайтын. Кімнен көріп еді соны... О да осындай өкпелеген жас баланың көзіндей ет бауырыңды елжіретіп жүре беретін жазықсыз жанарды...

 

 2-үзінді

 

 «Жазықсыз жанар...» Әміршінің қырағы көңілі енді-енді арна түзеп, саралана бастаған ойынан осы бір сөзге сүрініп қайтадан мүдіріп қалды. Қайдағы жазықсыз жанар?.. Ақ некелі төсегіңе көз алартса, одан артық атаңның басын шапқаны керек пе? Қосағыңның етегіне көзін сұқтағаны іргеңнен найза шошаңдатқаннан кем оспадарлық па? Алтын тәжді басын былай қойғанда, кез келген жұмыр басты еркекке одан асқан қорлық, одан асқан масқара бар ма? Басынып болғасын, бас ұрғаны не керек? Кез келген жалба тонды, жұлма тымақты қара таяқтың кешірмейтінін бұл қайтіп кешіре алады?! Еркек үшін ата-мекеннің тыныштығы, ата-бабаның аруағы, ақ некенің беріктігінен артық намыс жыртатындай не бар? Алтын басты азаматтың асқар таудай абыройын көбелек көңіл ұрғашының делең-делең етегіне тәуелді қылып қойған құдай шебер-ай! Жаратқан иенің еркек кіндікке жасаған жалғыз қысастығы болса – осы шығар. Әмірші өз-өзінен күйініп, орнынан тұрып кетті. Әлгі бір жаутаңдаған монтаны жанар көзіне енді түссе, өз қолымен ойып алар еді. Ол аяғын ауырлап басып, терезенің алдына беттеді. Жете беріп, аң-таң тоқтап қалды. Жаңа ғана «енді көзіме түссе, бәлем» деп тістеніп тұрғаны жаутаңдап тағы алдынан шықты. Бақтың төбесінен бой асырып тұрған көк мұнара бұған дым көрмегендей мөлдірей қарайды. Жаңағы бір есіне түсіре алмай отырған монтаны қарасты ол баяғыда осы мұнараның бойынан көрген екен ғой. Ол үн-түнсіз жалбарынып тұрған мұнараның бұл сиқырына алғаш көргенде-ақ назар аударып еді. Бірақ оның мынандай сырына түсінген жоқ-ты. Бақса, бар гәп осында екен ғой. Мына мұнара ханымның терезесінен де күні бойы осылай жаудырап қарап тұрмайды дейсің бе? Ол да мұны алғаш көргенде қайран қалған шығар. О да мұнараның мынандай сиқырына кейін түсінген болар. Шебер өзі салған мұнараға көңілінде жүрген іңкәрін бейнелепті. Аузы жетіп айта алмайтынын мұнарамен білдіріпті. Күні-түні терезесінен телміре қарап тұратын мылқау мұнарадан ханым ойымды өзі-ақ түсінер десе керек. Монтаны жігіт, бақса, жер түбіндегіні ойлайтын жұлын құрттың өзі болып шықты. Тәйірі, еркектің соры сөзінде, әйелдің соры көзінде емес пе? Еркек неме айтқаныма жетіп тынам деп тыраштанса, әйел неме көзіме көрінгенді иемденіп тынам деп әуре болмай ма? Сондықтан да, көңілі сөзден азатын еркек кіндікті көлденең сөзден сақтандырған ата-баба әйелді көлденең көзден қорғаштап баққан ғой. Ақ некелі қосағының құшағынан табылатын төсектен басқа жердің бәрінде де ұрғашының көзін қара түндей қара пердемен қымтап ұстаған ата-баба соның бәрін білмей істеді дейсің бе? Ол неменің көзін ашып қойғаннан гөрі етегін біржолата шашып қойғанның өзі дұрыс. Көзі көргенде құмартпай тұрар ұрғашы ма? Құмартса болды, ол пақырлар құмарына жетпей сірә, тынар ма? Бұған енді бәрі де түсінікті болды. Ханым әуелі мынау күлімдеген көркем мұнараға қайран қалды. Сосын адамның ақылы жетпейтіндей сиқыр мұнара тұрғызған шеберді бір көруге құмартты. Көріп еді, жас жігіттің іші бауырына кіріп жата жатқан әдемі жанарына арбалды да қалды... Сонда оны әзәзіл жолдан ақ некелі қосақ еткен бұның абыройы, тәжі мен тағы, ата-ананың батасы, көлденең жұрттың көзі мен сөзі – ештеңе кідірте алмағаны ма? Ең болмағанда, ай астындағыларды түгел дерлік тітіркендіретін айбарының да бөгет бола алмағаны ма? Соның бәрі ашқарақ нәпсі мен адасқақ көңілді айқара бүркеп тұратын жылқының құйрығынан өрілген алақандай қыл перденің орнына жүре алмағаны ғой! Жарайды, сайтан иектегіш ұрғашының қомағай көрсе қызар нәпсісіне сенбей-ақ қоялық, бірақ сонда хан сарайына сырттан көлденең жігіт түгілі тірі шыбын кіргізуге тиісті емес сақшылар не бітірген? Ханымның соңынан бір қадам қалмауға тиіс нөкері мен оны көзінен бір елі таса қылмайтын күтуші кемпір қайда жүрген?

 

 3-үзінді

 

 Алтын шайған абажа есік апталар бойы қылп етпей тұрып алды. Ақырында Әміршінің пәлен күннен бергі сарыла күткен шағы да келді. Абажа есік жайлап ашылып, ар жағынан жансыз көрінді. Бүгежектеп ішке озды. Бұның қарсы алдына жетіп тоқтады. Иіліп-бүгіліп тағзым етіп, бұның аузына қарап тұрып қалды.

 - Иә, не естіп, не білдің?

 Жансыз бұның жүзіне жалтақтай қарағыштап, әңгімесіне кірісті. Базардағы жұрт Әмірші енді мынандай мұнара өз астанасынан басқа ешқайда салынбасын деп, шебердің екі көзін ойып алып, қаңғыртып жіберіпті десіп жүрген көрінеді. Әмірші жансыздың жүзіне ұзақ тесіліп отырды да, бара бер деп есікті нұсқады. Жансыз жылысып шығып кетті.

 Әмірші арқасынан ауыр жүк түскендей, орнынан атып тұрды. Шуылдақ тобырдың айтып жүргені, шынында да, миға қонады. Біресе күлімдеп жайнап шығатын, артынша-ақ өкпелеген жас баладай жәудірей қалып, қырық құбылып тұратын мынау сиқыр мұнараны тек аспан астындағы ең ауыр тәж бен ең биік тақты иемденген бұның ғана астанасында тұруға лайық екені де рас. Ондай әсем мұнараны басқа қалаларға да салып, бағасын түсірмеу керек дегендерінің де әбден жаны бар. Ендеше мынау жарық жалғанда енді мұндай мұнара салынбауға тиісті. Ондай аса сирек өнер қонған бір туар шеберлердің қашанғы киетін кебін әлгі жас жігіт те кисін. Қай-қай Әмірші де ондай шеберді өзінен басқа ешкімнің қолына түсіргісі келмейді. Ендеше сол көп шуылдақтың дегендері-ақ болсын! Дәл мынадай көрікті мұнара бәрібір аңыз таратпай тұра алмайды. Ендеше оған лайық аңыз табылды. Естіген құлақтың қай-қайсысына да бірден қона кететін әбден қисыны бар лақап.

4-үзінді

 Ол сол түні жайлы ұйықтап шықты. Ертеңіне таңертең зындан бастығын шақыртқалы отыр еді, кіріп келе жатқан Кіші ханымды көрді. Ханым есіктен аттай бере, иіліп тағзым етті де, мамырлап басып төрге озды. Бұның қасына жете беріп мүдіріп тұрып қалды. Қақ маңдайындағы күрең лағылға шағылысып жарқ-жұрқ ете қалған қос жанары бұрынғыдай емес, қазылыңқырап кетіпті. Өні де құп-қу. Ханым сынық жүзін бұған тіктемей, бір қырын отырды. Әмірші оны мынандай ойда жоқта кіріп келер деп күтпеп еді. Қапелімде не дерін білмей, қысылып қалды. Сосын біраз уақыттан кейін барып, алдындағы өз-өзінен азып-тозған Кіші ханымды аяп кетті ме, қолын созып қасына шақырды. Мұның қолы тиюі-ақ мұң екен, бір қырын отырған ханымның ұзын кірпіктерінің ұшынан әлденеше мөлдір тамшы мөлт-мөлт тамып кетті. Кіші ханым Әміршінің қолына ернін басып, аяғының астына гүрс құлап түсті. Екі иығы селк-селк етіп, ағыл-тегіл жылап жатыр. Күні кеше ғана өзіне дүниедегі ең жексұрын адам боп көрінген, осы бір жас балаша өксігін баса алмай солқ-солқ жылап, аяғының астында жатқан әйелді қайтерін білмей, Әмірші абдырап тұрып қалды. Осыдан аз ғана күн бұрын дәл осылай аяғына кеп жығылса, не істейтінін кім біліпті, бұл жолы ол қараптан-қарап жүдеп, иіні түсіп, азып-тозып кеткен ханымды мүсіркеп тұр. Төмен еңкейіп, қарынан тартып тұрғызып алды; сосын ығысып қасынан орын берді. Кіші ханымға ештеңе айтқызғысы келмегендей, оның өрттей лапылдаған жұп-жұпсақ екі алақанын қолымен басып, үнсіз қалды. Ханым әлі жылап отыр. Көптен бері көкірегінде тұрып қалған ащы жас, шамалыда таусылар емес. Әлден соң Әміршінің мына үнсіз аялағанын көңіліне медет қылды ма, жұбанайын деді. Омырауын өртеп бара жатқан ызаның ащы жасы сарқылған соң, ханым енді не істерін білмей, абыржып сала берді. Әмірші де ештеңе сұрамады. Екеуі үн-түнсіз әрі отырды, бері отырды. Біраздан соң ханым өзінің мына отырысына ыңғайсызданып, кетуге оқталды. Әміршіге тағзым етіп есікке қарай беттей бере, қайтадан кідірді. Сосын біраз уақыт әлденеге батылы бармай, мүдіріп тұрды да, төменшіктеп тіл қатты.

 - Хан ием, сіз мұнараны салған шеберді қаматып қойып па едіңіз?

 Әмірші ханымның мынау төбеден түскендей тосын сұрағына ішінен қайран қалып тұрса да, байсалды қалпы жауап берді.

 - Иә.

 Ханымның екі беті ду қызарып кетті. Әлгі сұрағын өзі орынсыз көріп қысылды ма, әлде бойын басқа бір сезім биледі ме, бұның аяғына қайтадан жығыла беріп еді, Әмірші шынтағынан сүйеп қалды.

 - Оның ешқандай жазығы жоқ. Ештеңе де болған жоқ.

 - Білем.

Ханым рас айтып тұр ма дегендей, көзін көтеріп, Әміршіге қарады. Оның жүзінен ашу көрмегеніне таңырқап, үн-түнсіз тұрды-тұрды да, есікке беттеді. Әмірші қашан шығып кеткенше, одан көзін айырған жоқ. Ханым есікке жете беріп, артына бұрылды. Әміршінің не ойлап тұрғанын аңғара алмаған кісіше, жаутаңдай бір қарады да, айран-асыр қалпы шығып кетті.

5-үзінді

 Зындандағы тағы бір орын босады. Асылық ойлап, аспандағыға қол созған астам тілек шебердің нұр жайнаған қос жанары жендеттің қолындағы шоқ шашырап тұрған істік темірден ағып түсті. Бейшара жігіт көзінен айрылып, бебеу қағып жатқанда, тілі қырқылды. Қан-қан құр сүлдерді қыл арқанмен буып-буып, түн қараңғысында екі жендет дарияның ар жағындағы бір қыстаққа апарып тастады.

 Талай жанның басын жұтқан Байтақ шаһардың көріп отырғаны бір бұл емес. Елден асқан өнер көрсеткен талай шебер осындай халге ұшыраған-ды. Бірен-саран жүрек жұтқандарының әлгіндей қатерлі жазадан қашып құтылғандары да болды. Жендеттің көмейін алтынға көміп, бастарына зауал төнген, Байтақ шаһардан ебін тауып, қашып кеткендер де бар. Олардың бір қатары өз өнерімен біржолата қоштасып, басқа кәсіпке көшсе, енді бір парасы ел асып, жер асып барып, басқа падишаларды паналайды. Ал азын-аулақ жүрек жұтқандары тақта отырған падишаның өлгенін күтіп, жаңа падишаның рақымына ұшырап, Байтақ шаһарға қайта оралады. Сондайдың біразынан хабардар Әмірші жас шеберді көз бен тілден айрылған соң да өз көзімен бір көріп тексеріп шықты. Қапқа салынып шандулы жатқан құр сүлденің, өзі жазаға кескен шебер екеніне көзі әбден жеткен соң барып, айдаладағы қыстаққа апарып тастауға әмір етті. Бірақ осынау жұлма-жұлмасы шыққан құр сүлдерді көргенде, бұрынғы ата дұшпандарын жазалағандағыдай айызы қанып, рақаттанбады. Ішінде шебер жатқан ала қапты көтеріп әкеліп көрсеткен екі жендет те бұған жай әншейін тауық ұрлап, тайынша ұрлап қашып жүрген сұғанақ, біреулердей көрінді. Олар осы бір ұрлық қапты сарайдан тезірек алып кетсе екен деп асықты.

Ертеңіне оған абажадай хан сарай бұрынғысынан бетер құлазып кеткен тәрізденді. Базар жаққа жіберген жансыздары да жарытулы ештеңе айтып келмеді. Қалт-құлт безбеннің екі басына кезек алақтап тұратын саудагер немелер көк тіреген көгілдір мұнараға қарап қоюға да мұршалары жоқтай. Шаңқ-шаңқ саудаласып, сарт-сұрт қол алысып, артық тиын-тебен жырғандарына мәз. Ол немелер тіпті дүниеде бұның, Ұлы Әміршінің бар екендігін де ұмытып кеткендей.

Мағауия АбайұлыМедғат – Қасым

 Бір əңгіме қозғалды ойымдағы,Мақсат болды əшкере болынбағы.Бай мейірсіз, ер құлдан саза тартқан,Африка, Ніл дария бойындағы.  Ол дүние болмаған шақ құлға бостан,Жаңа ашылған Африка – бір гүлстан,Кені қалың, егіні мол болған соң,Ізденіп барған жан көп əрбір тұстан.  Қызығын Африканың жаңа тапқан,Қақ жарып бір ықылымды Ніл дария аққан.Бұрынырақ ізденіп талаппенен,Мұрат деген бай кепті Мысыр жақтан…  Үй салған Ніл дарияның жағасына,Су жайған тоғам алып даласынаБақша қып жатып алды бір сахараны,Жүз шақырымдай Занзибар қаласына.  Құлы көп, егіні көп бұл үлкен бай,«Еңбек қып» малды жиған жанды аямай.Құлды малша таяқпен жұмсаушы еді,Адам деп обалына бір қарамай.  Бар еді Медғат деген жалғыз ұлы.Мот қылып бұзып еді малдың молы.Қаталы əкесінен бетер еді,Тітіреп тұрушы еді барша құлы.  Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты,Қара сұрлау пішіні, зəңгі затты.Отты қара көзі бар, ұзын бойлы,Тəкаппар, тəуекелшіл бек қайратты.  Он сегізге келіпті биыл жасы,Байға бек қадірлі еді мұның басы.Бай бала ғып өсірген сатып алып,Мария деген қызда ед бар ынтасы.  Медғатпен жақын еді ол қыз бірақ,Қасымнан ұстаушы еді бойын жырақ.Қызға бір күн бар сырын айтып еді,Оңаша алып барып аулағырақ.  Қыз неғылсын бұл құлды көңілі тоқ,Кенелтіп жылы жауап берген де жоқ.Жарынан жаман пішін көргеннен соң,Дал болып əлгі арада қалды аң-таң боп.  Қасым да елемеді бойын тартып,– Аузыңа алма бұл сөзді енді қайтып.Ендігəрі мазамды ала берсең,Жазаңды тарттырармын Медғатқа айтып.  Ашуы келді жастың қаны құрып,Жүрегі тулап кетті ашу керіп.– Құдай емес, сенгенің Медғат шығар,Жерге енсең құтқарман, – деді ақырып.  Қыз білдірді Медғатқа Қасым сөзін,Қасымның əкелдірді қазір өзін.Тік тілін Медғаттан да тартынған жоқ,Сұп-сұр болып, қан басып екі көзін.  Ақырып Медғат жиды ол бар құлын,– Əлін білмей асыпты – деді, – зұлым.Насосқа Қасым итті отыртыңдар,Бергенмін, – деп сөйлейді, – құнын-пұлын.  Оқша өтеді насостың миға зəрі,Жаза емес мұнан басқа істің бəрі.– Екі хисса беріңдер, аямаңдар,Иттікті қылмасын деп, – енді əрі!  Бұл жазаны ұмытпас тартқан кісі,Ешкімге паш болмайды қылған ісі.Ұрған, соққан дүреден артық жаза,Екеу түгіл, əуелі бір хиссасы.  Кранттың астына əкеп қойды байлап,Ағынға басын дəлдеп жатыр жайлап.Күлімсіреп балконда қарап тұрған,Қасым ер Мария қызды көрді абайлап.  Қуанғанын жүзінен сезгеннен соң,Долданып күйіп кетті қаны қайнап.Ыңқ еткенін естісе, сүйінер деп,Тістеніп жатып алды ернін шайнап.  Су құйылды кранттан басына атып,Қыңқ етпей, дыбыс бермей қалды қатып.Ойбайынан өлгенін оңай көріп,Шыдап берді жатса да қанша батып.  Ешкімге қарамады көзін ашып,Өлгендей сұп-сұр болып қаны қашып.Жорға құлдар қошемет жөні осы деп,Бəрі-дағы күлісер шуылдасып.  Нарядчик ақыл айтты қасына кеп:– Өлтірмесең жарайды қойғаның, – деп.Рұқсатсыз əкеңнен істеп едің,Жазым болар, шырағым, қойғаның еп.  Ақырын сонда Медғат: «Босат! – деді, –Алдымнан шығатұғын осы ит пе еді.Мұнан былай бір ауыз қарсы тұрса,Қатты жаза қылармын мұнан да енді».  Қасымды босатады қалған талып,Талғанша шыдамына қайран қалып.Астына бір аз ғана салом төсеп,Тастады бір амбарға оны апарып.  Екі сөтке қозғалмай қалды жатып,Титтей дыбыс бермеді, тастай қатып.Қасына қойған асты қарамады,Тиген тым болмаса бір дəм татып.  Сыр бермеді босанып, титтей жасып,Өлгендей сұп-сұр болып қаны қашып.Екі күн сол қалыппен жатты-дағы,Үшінші күн жоқ болып кетті қашып.  Зор көкірек өсірді бай, бек сыйлап,Бала бəрін қайырды бір күн қинап.Көрмегенді көрген соң, не шыдасын,Іздесе де таппады жұртын жинап.  Көршілерін жинады бай хабар қып,Ізге түсер ит те көп, зəңгі де көп.Үш күн іздеп бір белгі таба алмастан,Бəрі де үйге қайтты бек қайран боп.  Із қалдырмай кетудің мəнін тапқан,Қыз сөзімен қинады Медғат атқан.Кекшіл зəңгі кек алмай неге кетсін,Байдың үйін торыды бақша жақтан.  Гулайттап Мария сонда бақта жүрген,Ұстап алып балтамен басын шапқан.Ызасын бір қанменен жуғаннан соң,Жөніне жүре берді шығып бақтан.  Ертең жұрт Мария қызды іздеп жүріп,Сүйегін тауып алды өліп жатқан.Бар адамын жиыпты бай кешіне,Ойшыларды алыпты кеңесіне.  Бір ақсақал зəңгіден бай сұрады:– Білгіш едің, бұл кімнен, білесің бе?Сөйледі тағызымменен əлгі ақсақал:– Ұры емес мұны қылған іздеген мал.  Кекті қанмен жуатын Қасым ісі,Неге қашты, не көрді, ойыңа сал.Ол болмаса бұл қызды неге шапты,Келер жердің мəнісін қайдан тапты, –Осымен кетсе игі еді қайталамай,Көзі жаман ит еді, діні қатты.  Нағашысы қанішер Зұлыс еді,Тəкаббар қылған ісі соған тартты.Сезгенін, ойлағанын жасырмастан,Сол халыққа зəңгі шал ойын айтты.  Қасымнан еш хабар жоқ аз жыл өтті,Бай еркіне жіберді Медғат мотты.Ауыр дəулет шыдамай судай ағып,Банклер мағлұм қылды банкротты.  Бай ағашын, сатыпты егіндікті,Үйін сатты, ойланды бір ниетті.Борышын төлеп аз қалған құл, малымен,Қамын жеді Мысырға жөнелмекті.  Атын да, арбасын да алды сайлап,Жүруге біржолата жүгін байлап.Жиырмадай қолында құл, күңі бар,Өңгелерін сатыпты базарға айдап.  Жол қауіпті мықтады қару жарақ,Бір арбаға салыпты Медғат арақ.Сахараменен жүреді қаласы жоқ,Қырық кісіге алыпты айлық тамақ.  Медғатта қарындас бар Ғазиза атты,Ұнатпайды бай менен Медғатты.Сыры да, жүрісі де бəрі бөлек,Ешкіммен сөйлеспейді, діні қатты.  Жүреді істерінен жиіркеніп,Бір ауыз сөз қатпайды сырына еніп.Байдың тапқан күйеуін менсінбейді,Құтылғысы келсе де байға беріп.  Сəлім деген жігітке болған ғашық,Жолығып жүруші еді көңілін басып.Ғазизаны ол байдан сұрап еді,Қызымен махаббаттың сырын ашып.  Бай біле ме ғашықтық жақсы ниетті,Кедейсің деп қайтарып көңілін тепті.Жас жігіт қаны қайнап шыдай алмай,Ешкімге мағлұм емес жоқ боп кетті.  Артынан екі ғашық бір жолығысқан,Ай жарық, бақта отырып көп жыласқан.Не дүние, не ахиретке қосылмаққаЕкеуі сол арада уағдаласқан.  Керуен қыштағынан шығып қонды,Білмейді көп жыл өтті, жолды да оңды.Тура бастап барамын ақы берсең,Деп бұларға бір зəңгі əзір болды.  Арабша киімі бар, жүйрік тілге,«Таныспын, – деп айтады, – жолдағы елге.Харекетім – басшылық керуенге,Талайды бастап келдім сонау жерге».  Сұрады сынамаққа жерді барлап,Суылдатып зəңгі тұр бəрін сарнап.Өз ісіне жүйрігін көргеннен соң,Сөйлесіп əлгі арада алды жалдап.  Жол үстінде бірқатар уақыт өтті,Занзибарға жақындап бұлар кепті.Біз қонарлық жақсы жер көремін деп,Алдынан басшы зəңгі шауып кетті.  Қондырды тосып алып бір аралға,«Залалды хайуаны көп, – дейді, – малға.– Жалғыз келер ауызда мен тұрамын,Ұйықтамай күзетем, – деп, – бүгін таңға».  Бұл сөзін əммə қауым қабыл алды,Жайласып сол тығырыққа жатып қалды.Мақсатсыз зəңгі бүгін іс қылған жоқ,Байқарсыз айтқаннан соң несі барды.  Қас қарайып, сол уақыт күн де батты,Хабарсыз еш нəрседен керуен жатты.Қасында заңғар таудың бөктеріменЖүгіртіп келе жатыр жиырма атты.  Бұлар – зəңгі жол тосып кісі өлтіргіш,Бір қылатын ісі бар бүгінгі кеш.Сары бастық-бұлардың атаманы,Өзі батыр, өзі қу, өзі білгіш.  Біреуі сөз айтпайды онан басқа,Келгенше жеңілген жоқ осы жасқа.Атманша киінген түрі бұзық,Ұйқы мен қарамайды ішер асқа.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу