М.Дулатов «Бақытсыз Жамал» романы. Идеялар тоғысы. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 29-сабақ.
Оқушыларға арналған дидактикалық материалдар
М.Дулатов «БАҚЫТСЫЗ ЖАМАЛ» романы
Романға эпиграф ретiнде алынған бiр шумақ өлең.«Сөз басы» — өлеңімен жазылған кiрiспе ретiндегi бұл алғы сөзде автор әуелi халқының өркениет көшiнен кейiн қалып, тығырыққа қамалған мүшкiл халi жөнiндегi өзiнiң көкейтестi тақырыбын тағы да қайталап, қам көңiлiн бiлдiредi. Одан оқу-ағарту тақырыбына ойыса келе, әдебиеттегі тәрбиелiк рөлiне ауысады. Өзi жазғалы отырған романның мақсаты — «халықты түзетпек» екенiн атап айтады. Қалыңмал, әмеңгерлiктiң құрбаны болған қазақ әйелдерiнiң аянышты халiне аяушылық бiлдiре келiп, осы шығарманың соларға бiр пайдасы тиер деген үмiтiн де жасырмайды. Мiржақыптың табиғатына бiткен қарапайымдық пен кiшiпейiлдiктiң нышаны осы тұста айқын байқалады. Өлеңнiң алғашқы жолында өзiн «төмендердiң аласасы» деп сипаттаса, аяғында өзiнiң «қадари хал бiлгенiнше» роман жазып отырғанын айта келiп, одан асыра жазатындардың көп болуына тiлектес екенiн бiлдiредi.
«Бақытсыз Жамал» — қазақ әдебиетiнiң тарихында тұңғыш рет «роман» аталған шығарма. Өмiрде болған нақты оқиға негiзiнде жазылғаны алғашқы жолдардан-ақ белгiлi болады.Мiржақып «Оян, қазақ!» жинағынан кейiн тергеу орындарының қармағына iлiгiп, Қызылжарға қарай бас сауғалап кеткен жолында бiраз уақыт Көкшетау өңiрiнде ауыл мұғалiмi болып iстеген. Сол кезде екi ауылнай елдiң жайлауы болған Саумалкөл — қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының орталығы. Шығармада суреттелген қасiреттi оқиға сол өңiрде болған.
М. Дулатұлының әдеби мұрасында ерекше орын алатын бұл шығарма ұлттық жазба әдебиетiмiзде проза саласының арғы бастауларының бiрi және оның iшiндегi роман жанрының ең тұңғышы. Бұл — бiр.
Екiншiден, Мiржақып шығармашылығындағы азаткерлiк,ағартушылық тақырыптарынан кейiнгi бiр арналы сала — әйел мәселесi; әйелдердiң бас бостандығы мен азаматтық құқығы.Сүйгенiне қосыла алмай, зарлап өткен немесе қатаң заңның құрбаны болып кеткен қазақ қызының тағдыры — бiздiң әдебиетiмiздегi дәстүрлi тақырып. Жазушы бұл тақырыпты кәдiмгi қарапайым ауыл адамдарының өмiрiнен алып, мейлiнше реалистiк жағдайдағы, баршаға таныс оқиғалар аясында суреттейдi. Кейiпкерлерi де әр ауылдан-ақ табылатын, күнде көрiп жүрген таныс бейтаныстар. Бiрақ әрқайсысының өзiне ғана тән ерекше белгiлерi, өзiне ғана жарасымды мiнез-қылықтары бар бейнелер.
Романның негiзгi кейiпкерi Жамал — өз құрбыларының алды болған саналы қыз. Молданың алдын көрiп, зеректiгiмен аз уақытта жаңаша хат танып кеткен сауатты жан. Сүйген жiгiтi Ғали да - медреседе оқыған, оның үстiне, аздап орыстың тiлiн үйренген, көзi ашық, сыпайы. Екеуi де ақын,өз ойларын өлең жолдарымен еркiн жеткiзiп отырады.Бұл ерекшелiк шығарманың көркемдiк құрылымы үшiн маңызды. Тұңғыш прозалық туындыда ескi хисса, дастандар үлгiсiмен өлең мен қарасөз араласып отырады да, автордың ақындығы кейiпкерлердiң өлең арқылы айтар ойын еркiнiрек көрсету үшiн қолайлы болғаны байқалады.Қыз әкесi Сәрсенбайдың пасықтық бақай есеппен Жамалды ерiксiз бермек болып жүрген жiгiтi Жұман — бұл екеуiне мүлде кереғар, мейлiнше топас, надан, томырық мiнездi оспадар, ұсқынсыз. Сондықтан ақыл-санасы жетiлiп, өз намысын өзi қорғай алатын дәрежеге көтерiлiп қалған Жамал қыз ондай зорлыққа көнiп, өз ырқынан тыс ыңғайға көнбекшi емес. Бiрақ ескiлiктiң қатал заңы ақыры өз үстемдiгiн жүргiзiп, оқиға қайғылы қасiретпен аяқталады. Жамалдың тоңмойын топас күштен көрген қорлық-зорлығы мен тартқан ащы зары оның өлер алдындағы жазып кеткен өлең хатынан айқын көрiнедi.Роман өз кезiнде жұртшылық пiкiрiнде үлкен жаңғырық туғызып, тек жоғары бағаға ие болды. Сол жылдардың озық ойлы зиялы қауымы бұл шығарма төңiрегiнде бiрыңғай құптаған ықылас танытты. Қ. Кемеңгеров, С. Садуақасов сияқты көрнектi сыншылардың баспасөз бетiнде жазған сөздерi осының айғағы болатын.
Бұлардан едәуiр кейiнiрек пiкiр бiлдiрген, өзi сол кезде сол шындық бағыттың белсендi кiлтi болды деп есептелген Сәбит Мұқановтың өзi де «XX ғасырдың бас кезiндегi қазақ әдебиетi» (1932) деген оқулық еңбегiнде романның тәрбиелiк маңызын жоғары бағалады. «Бұл роман, бiрiншi жақтан, әйел бостандығын жырласа, екiншi жағынан, ескi салт, ескi әдетке қарсы шыққан роман. Бұл... қазақ арасында көп тарап, елдiң жаңашылдарының арасында аяттай жатталып жүрдi. Жамал болғысы келген, Жамалға ұқсағысы келген талай ауылдың қызын көзiмiз көрдi...Жамал ауыл қызына үлкен үлгi болды. «Бақытсыз Жамалға» елiктеп «Мұңлы Мариям» (Сәлiм Көшiмұлының) сияқты романдар шықты. «Бақытсыз Жамал» соңғы уақытқа дейiн көптеген жазушылардың темасына үлгi болды». Шынында да бұл Мiржақыптың қазақ әдебиетiне әкелген соны жаңалығы болды. Ол өзiнен кейiн дәл осы тақырыпты әр қырынан көтерiп, сүбелi шығармалар келтiрген тың дәстүрдiң бастаушысы болды. Соның iзiмен iле-шала дүниеге келген «Қалыңмал», «Шұғаның белгiсi», «Қамар сұлу» сияқты шығармалар бұл бағыттағы әдебиеттiѓң болашағын айқындап кеткен, әрқайсысы жеке-жеке құбылыстар едi.
Өкiнiшке қарай, «Бақытсыз Жамалдың» көркем шығарма ретiндегi өмiрi де мезгiлсiз үзiлiп кеттi. Ол авторымен бiрге жазаланып, әдеби айналымнан шығып қалды да, тарихтан аты ұзақ уақыт бойы өшiрiп тасталды. Елiмiз тәуелсiздiк алып, идеологиялық үстемдiк жойылғаннан кейiн М. Дулатұлының бүкiл шығармашылық мұрасы сияқты, «Бақытсыз Жамал» да туған әдебиет тарихына қайтадан «Бақытты Жамал» болып жарқырап келiп қосылды.
С.Торайғыров «Қамар сұлу» романы
Автор: С.Торайғыров
Түсінік: Рымғали Нұрғали
http://adebiportal.kz/kz/retailing/view/326
С.Торайғыров (1893-1920) ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғаларының бірі. “Қамар сұлу” романы – С.Торайғыров шығармашылығының жаңа сапаға өткелі тұрғанын, көркемдік-идеялық ізденістерін анық көрсететін шығарма. Онда қаламгердің қазақ қоғамы алдындағы кеселдерді әшкерелеумен қатар, оны жан-жақты бейнелеуге күш салғаны аңғарылады. Осы үшін ол жаңа формаға, күрделі жанрға барады. 1913-1914 жылдар роман жанрының қоғамдық санадағы орны, қызметі туралы әңгімелердің қозғалған шағы. “Қамар сұлу” романына келгенде, көркем прозада С.Торайғыровтың біраз тәжірибесі бар. “Зарландым” (1912), “Ауырмай есімнен жаңылдым” (1913), “Қазақ ішінде оқыту жайы” (1913), “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан” (1913), “Өлең мен айтушылары” (1913) т.б. шығармалар жазушы қаламының көркем прозада да қарымды екенін аңғартты. Қаламгер орыс прозасының небір үлгілерін, М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” романын жақсы білген. “Қамар сұлу” С.Торайғыров шығармашылығындағы алғашқы көлемді шығармалардың бірі. Оның поэмалары кейін жазылған. Сондықтан да күрделі жаңа жанрдағы бұл романның қаламгер шығармашылығындағы алатын орны да ерекше. Романнан С.Торайғыровтың таланты, дүниетанымы, саяси-әлеуметтік идеялары айқын көрінеді. Кейінгі күрделі шығармаларында “Адасқан өмір”, “Кедей” т.б.
қаламгер үлкен идеяларды образға, жинақты бейнелерге көшіруге еркін барады. Ал 1915 жылы ел аузынан жазып алған “Сақып пен Жантұрсын”, “Жазықсыз тамған қан” аталатын шығармаларының үзінділерінде жазушының проза жанрындағы болашағы көрінеді. Бұл роман да өмірде болған уақиғалар негізінде жазылған. Шығарма фабуласын Алтай елінде болған кездерінде ел аузынан алған. С.Торайғыров қазақ қоғамы ілгері дамуына кесел болып отырған кемшіліктердің ірісі ретінде тамақ үшін бәріне көніп, сұмдыққа көз жұмып отырған надан, көнбіс көпшілікті көрсетеді. “Бай деп, кісі деп Нұрымды айт. Кәріліктің алды, жігіттіктің соңы” деп, шіркін ерледі ғой. Қамар секілді қосағаның тұс келуі сонысына қарай ғой. Ой, өркенің өссін! Алғаныңмен қоса ағар!” дегендегі Нұрым олардың сөзіндегідей қатарынан артық артық туған жан емес, ел ортасында “халқыңды қан жылаттың Жорға Нұрым” атанған ақсақ Нұрым. Сұлтанмахмұт осы психологияны астарлай да, тура да баяндайды. Романда сатиралық өрнектер мен ирония, публицистикалық әуендер қабат келеді. Жазушы өзінің ашу-ызасын туғызған қазақы тірлік келеңсіздіктерін ашына жазады, жымысқы психологиясын сынға алады. Әшкерелейді, ашынады. Романда полилогтардың алатын орны өте зор. Әрі полилогтар пайдалану С.Торайғыров шығармаларында көркемдік-идеялық мәні бар үлкен тәсіл. Полилог арқылы қаламгер барша жолсыздықтарға жол беріп, көнбеске көніп, тамақ аңдыған надан топтың жиынтық бейнесін береді, әшкерелей жазады. Адамдық құқытарын, ар-намыстарын аяқ-асты етіп отырған әлеуметтік топтар жолсыздығына селт етпеген жандарға, бәрін біліп, қорлық пен мазаққа төзген, көнбіс халыққа бұл әдет пен халінің сұмдық сиқын көрсетеді. Сондықтан да ол дүние қызығын малға сатып аламын, мақсатқа да мал арқылы жетемін дегендерді де, оларға жол беріп отырған тамақ аңдушыларды да сынға алады. Осы топ портретін, психологиясын шеберлікпен жазады. Романда Жорға Нұрым бейнесі талантты жазылған. “Бір олай, бір былай аунақшып, жарыла жаздап, булығып, анда-санда үйелеген өгіз секілді ыңырана түсуден басқаға шамасы келмей, ардақты күйеуіміз – Нұрым отырды”. “Ойбай!... не сұрайсың. Қайырлы болсын айта Нұрымға қарай ағылған лек-лек кісі! Бара салысымен “Ой, сабазың! Жарайсың! Сол керек еді... Қоса ағар” деп, қайырлы болсынды тұс-тұс жақтан жаудырысып-ақ жатыр, Нұрым да “омин-омин” деп, аузын толтырып, жалаң бас, есі жоқ, түсі жоқ, терлеп-тепшіп, екі езуі құлағында, алақандай шегір көзі ақайып, жирен сақалы қаудиып кеткен, әншейін-ақ күр-күр етеді”. Романның бас қаһарманы – қалыптасқан характерлер. Алайда уақиға өрбуіне, тағдыр тартысына қатысты олардың ой-сезімдері, әрекеттері өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, Қамарға жазған соңғы хаты (қоштасу хаты) қолға түсіп, басы дауға қалған Ахмет ат-шапан айыбын төлеп, енді Қамарға жоламасқа уәде беріп, алысқа қашса да роман соңында қорлық пен зорлықтан азап шеккен Қамарды көріп, оны қорлаушыларға қару жұмсайды. Ахмет екеуінің арасы елге белгілі болғанда Қамар қатты күйінеді. Біржола күйрейтіндей күйге түседі. Мақтаулы қыздың ел аузындағы жеңіл әңгімеге қалуы – қазақ қызының психологиясы үшін сұмдық. Алайда, уақиғаға Жорға Нұрым араласқаннан бастап Қамар адамдық хұқы үшін ашық күреске шығады. Жорға Нұрымды мазақтап өлең шығарады, некесін қиюға келген молдамен айтысқа шығып оны жеңеді, бақсы-балгерлермен тартысқа түсіп, айтқанына қайтпай осы жолда қаза болады. Осы айтыстарында қазақ қоғамы мен қазақ қызы, надандық, дін туралы пікірлер жан-жақты қозғалады. Бұл эпизодтардың жасандылығы, ағартушы-дидактикалық мақсат, идеялар бірден байқалады. Оны көркем мазмұн мен форма, бейнелеу құралдары арқылы жететін әуенге көшірейін деген автор талпынысы аңғарылмайды. Соған қарағанда, қаламгер оқушысына кейбір ойларын тура жеткізуді мақсат қылған. “Қамар сұлу” романының идеясы махаббат тарихы трагедиясынан ғана туындамайды. Жазушы әйелдер тағдырын адамдық правосын ескермеген қоғамдығы түрлі әлеуметтік күштердің осы проблемаға қарым-қатынасын да бейнелеп көрсетеді. Түйінді мәселелерді болашақ өркениет проблемаларымен көтереді. Романдағы салт-сана дегенді де шартты түрде ұққан жөн. Роман қаһарманы – қалыңы төленген біреудің жесірі, болмаса жоқ-жітік кедейдің қызы емес, оқыған, текті атаның тұқымы. Әкесі Омар, Хасен – көзі ашық, оқыған, ойлы, дәулетті жандар. Роман басындағы Қамар портреті ретінде берілген өлең соңындағы қыстырма шумақта Омардың Қамарды бетін қақпай тәрбиелегені айтылса, теңіме бармаймын деген ой Қамардың басында мүлде жоқ. Ендеше, осы жарасты тірлікті астан-кестен қылатын қандай әрекет, оның өзегінде қандай мотив бар. Мотив – қадімгі қазақы күндестік. Балаларын оқытып жатқан Омар тірлігіне ағалары Оспан би мен Қалтан қажы, надан көпшілік қарсы. Қамарды бұлаңдатып өсіргеніне, ел мақтауына ілінгеніне қарсы. Оқыған баласы Ахмет арқасында “жаман Жәукенің” халық қатарына қосылғанына қарсы, Ахметтің өнерлігіне, сауаттылығына қарсы. Өздерін көзге ілмеген Қамардың Ахметті таңдағанына қарсы. Қолдарына әлдеқалай хат түскенде “өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанып, шуылдасып қалатыны” сондықтан. Романда осы уақиғаға қатысы бар әр әлеуметтік топ өкілінің мүддесі көрінеді. Қолы жетпеген замандастары Қамардың сорлағанына қуанса, себебі-күндестік. Оспан биге Нұрымның атақ, абырой, билігі керек, Қалтан қажыға орысшыл інісін тоқтау қажет, басқа атқамінерлерге Оспан мен Қалтан қажының, Жорға Нұрымның ықыласы, құрметі, дастарқаны, көпшілікке-тамақ, той кәделері, әңгіме т.б. қызық. С.Торайғыров шығармашылығында астарлап сөйлеудің, символдық сипаты, семиотекикалық мазмұны бар образдың, типтердің орны өте мол. Мысалы, “Адасқан өмір”, “Кедей” т.б. шығармаларда қаламгер өмірдегі нақты уақиғаларды бейнелеуден, солар арқылы ой-дидактикаға барудан алыс. Ол шығармалардың көркем жүйесі астарында үлкен әлеуметтік проблемалар ғана емес, философиялық та мәні бар мәселелер көрінеді. Қаламгер нақты өмір уақиғаларына сүйенетін тәрізді образдар арқылы үлкен жинақтауларға, реалистік шарттылықтарға барады. “Қамар сұлу” романында да, кейінгі шығармаларында да нақты әдіске айналатын осы бағыттағы бейнелеу байқалады. Замана бағытын ұққан Омар мен оқыған ұлы Қасенде, Ахмсетте бұл әлеуметтік күштерге қарсы тұрарлық қайрат аз. Қазақ аулындағы дәстүрлі қарым-қатынастар мықты, жаңа күштер әлсіз. Роман соңындағы бақсыны өлтіріп, Жорға Нұрымды жаралаған Ахмет әрекеті шарасы қалмаған, не істерін білмеген адам тірлігі. “Қамар сұлу” романының көркем мазмұнында бадырайып көрініп тұрған дидактика, тәрбиелік мән жоқ. Сюжетті пайдалану тәсілдерінде де ерекшелік мол. Суреттеуге, әңгімеге, суретті диалогтерге барып отырғанмен мақсат фабуланы жеткізуде. Уақиға мен уақытты да мейлінше тығыздай баяндайды. Суреттеуден гөрі уақиға желісін, оның себеп салдарын көрсету басым. С.Торайғыров өз романдарының арқауы ретінде ақылды, сезімтал жандардың трагедиялық тағдырын алады. Оның бас қаһармандары тұлғалық деңгейге дейін даралана көрсетіледі. Ертеңін ойлаудан гөрі өткенді сақтауды тәуір көрген әлеуметтік топтардың бүр жара бастаған жаңалықтарымен қарым-қатынасы, қақтығысы, күрес жан-жақты суреттеледі. Мақсат мүдделері, ой, сезімдері көрсетіледі. Бірде жаңалықтарды жеңіп, жастарды трагедияға душар қылса, екіншісінде, өздерінің қаусаған сипаттарын сезеді, рухани жеңіліс табады. Әлеуметтік тұрмыс пен қоғамдық өмірге, салт-санаға ене бастаған жаңалық, күрес идеяларын талдау – С.Торайғыров үшін басты мақсат. Оның ұлттық ерекшеліктері де осы күрес үстінде ашылады. Мысалы, сүймеген адамына ұзатылып, зар жылаған қыздың тойындағы сый-сияпат пен ет аңдыған адамдар бейнесі – қаламгер шығармашылығында өзіндік бояуға ие. Олар үшін нақты жағдайда адам қайғысынан гөрі той сияпаты, қызығы қажеттірек. Жылау мен адам трагедиясы – олар үшін күнделікті уақиға. Оны көп көрген, тойған, көнеген. Солай болған, бола бермек деп ойлайды. Оны өзгерту керек-ау деп ойланып жатқан да олар жоқ, жолсыздық, заңсыздық-өмір заңы. С.Торайғыров осы пәлсапаға қарсы қадала жазады. Трагедияның содан екенін айтады, енжарлық пен көнбістіктің, надандықтың сұрықсыз сипатын бейнелейді. Қыз бала малды, дәулетті шалға тиюге, байға баруға тиісті. Ол жылайды да көнеді. Ата-бабамыз сөйткен. Одан өзге жол жоқ. Көпшілік психологиясы, пікірі осы. “Қамар сұлу” романында ата баба жолына көнбей күреске көтерілген қыз характері, тағдыры бейнелейді. Қамар көптің бірі, надан, кедей қызы емес. Текті атаның бетінен қақпай өсірген ерке қызы, есті, әдепті қыз. Ата-ана алдына шығып, елдің салтын бұзсам деген ойында да жоқ. Осы жолда сүйгені Ахметке де тоқтау айтады. Қосылуға мүмкіндік болмаса - әуре болу, сөзге қалу, түсу мүлде қажет емес дейді. Алайда, тағдырына Жорға Нұрымның араласуы есті қыз жан дүниесіне, санасына төңкеріс әкеледі. Қамар өзінің хұқының жоқтығын көреді. Салт-сана, әдеп туралы сенімі шайқалады. Ашынады, қарсылық білдіреді, күреске шығады. Бұл күрес бірте-бірте ұлғайып, өз басынан асып қазақ қыздары проблемасын қозғайды. Қаламгер осы көркем мазмұнға әкелетін сюжет, фабула таңдайды. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы қайшылықтарын дөп басу, танып білу, тереңдей талдау, жан-жақты көркем бейнелеу оңай шаруа емес. Бұл тез өсіп, қанаттанып келе жатқан талантты тұлға С.Торайғыров үшін ғана емес, қазақ әдебиеті үшін де жаңа әдеби үлгі, икемді форманың қажеттігін көрсетеді. Қаламгер романдарына, әсіресе “Кім жазықтыда”, оның қаншалықты романдық ойлау деңгейінде көтеріле алғаны айқын көрінеді. Оның таланттылығы прозамен жазылған романнан кейін, өлеңмен жазылған романға тәуекел етуінде, күрделі жанрдың түрлі үлгілерін де байқап көруінде. С.Торайғыров прозалық роман тәжірибесін белгілі деңгейде игере тұра, екінші романында өлеңге баруының нақты бір себептерінің барлығы анық. Ол қаламгердің ақындық талантында ғана емес күрделі мазмұнды көлемді дастанға, поэмаға айналдыруда көркем мазмұнда өрнектеуде қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүрдің барлығын да ескеруде. Тез жазуды талап еткен төтенше шақта (бәйгеге арнап) дәстүрлі үлгіні пайдалануға ұмтылу таңданатын іс емес. Прозалық роман поэтикасының әбден кемелденбей тұрғанында өлеңмен жазылған романның әдемі көрінуі ғажап емес. Қоғамдық сана үшін де өлеңмен жазылған романның әдемі көрінуі мүмкін.
- Міржақып Дулатов "Бақытсыз Жамал" романының қысқаша мазмұны
Саумалкөл маңында отырған Сәрсенбай ауылына ұлықтар келіп, ауыл абыр-сабыр күйге түседі. Осы бір кезде байдың шаңырағында шыр етіп сәби дүниеге келіп, Сәрсенбай қызды болады. Нәрестенің есімін Жамал қояды. Жамал бала күнінен ақыл-ойға жүйрік болып, молдадан сауат ашып, хат танып, өзгелерен бір төбі тұрады. Сымбаты да бөлек қыздың алғырлығымен қатар ақындығы да бар еді. Ол бой жеткенде ауыл жігіттерінің көзі түсіп, сөз жарастыруға дәмелене бастайды. Ондай пысықай жігіттерге Жамал бет бұрмай, сөйлетпей тастайтын еді. Дара өскен Жамал қыздың атағы басқа ауылдарға тарап, ел арасында "Сәрсенбайдың бек көркем қызы бар" екен деген жүреді. Бұл сөз Байжан байға да жетіп, ол өзінің топас та нашар баласы Жұманға Жамалды алып бермек болады. Оның байлығына қызыққан Сәрсенбай ниетіне қарсы болмай, қызын беруге келісім береді. Сөйтіп екі жақ уағдаласып қояды. Болашақ күйеуінің қандай жан екенінен хабардар болған Жамал оны жақтырмай жүреді. Қыз анасы да қызын Жұманға беруге қарсылық танытса да, әкесі олардың қарсылығына да, көңіліне де қарамайды. Сондай бір күндерде ауылда жиын-той болып, жастар бір отауға жиналады. Жиында бітімі де, сымбаты мен сәне де, сөзі де бөлек жігіт Ғали да болады. Жастар айтысып, көңіл көтеріп отырғанда Ғали мен Жамалдың бір-біріне көңілі түсіп, сөзі жарасады. Бірін-бірі ұнатқан екі жас ән арқылы шерін тарқатады. Уағдаласқан мерзім жетіп, Жамал ұзатылатын күнге жеткенде Ғали мен Жамал қол ұстасып, қашып кетеді. Екеуінің артынан қуғыншылар түседі. Елден қашқан қос ғашық Ғалидың шалғайдағы туыстарының үйін паналайды. Екеуі бас қосып, бақытты тірлік кешіп жатқанда,аяқ асты Ғали ауырып, дүние салады. Ғали бақилық болғаннан кейін, Жамалды Жұманға қосады. Ол үйдегілерден теперіш көріп, ауыр тіршілік кешкен Жамал қыс ішінде үйінен қашып шығып, мақсатына жете алмай, жапан далада, декабрьдің рақымсыз боранды түнінде жан тәсілім қылады.
- С.Торайғыров «Қамар сұлу» романының қысқаша мазмұны
- http://bilim-all.kz/olen/3124-Qamar-sulu «Қамар сұлу» романы
Қамар Омар деген жаңашыл, ашық пікірлі адамның қызы. Қамардың Қасен деген орысша оқып жүрген ағасы бар. Осы Қасенмен бірге оқып жүрген Ахмет Жəуке баласы дейтін, шаруасы кедей, бірақ жігітшілігі оңды жігіт бар. Осы Ахмет Қамарға ғашық болады. Қамар Ахметті жақсы көреді, бірақ ол кездегі əдет-ғұрыптың күштілігін ойлап, Ахмет сықылды кедейге үйінің бермейтінін болжап, жақындаспайды. Ахмет хат жаза бастағасын Қамар жауап қайтарып күдерін үздіреді. Сүйетіндігін, бірақ ол сүюден іс шықпайтындығын көрсетеді. Ахмет бұған əуелгі кезде қарсы болса да, артынан Қамардың қиналғанын, шынын айтқанын көріп, оған разы болады да, құмартуын ішіне сақтап, сөз салуын тоқтатады. Хат жазысу дəуірінде жүргенде, елдің Қамарға қолы жете алмаған бозбалалары Ахметтің бір хатын қолға түсіріп ап, неше түрлі өсектер қосып, Омардың ағасы Оспанға береді. Оспан елдің жуан ақсақалы мынадай кемшілікті (ерте кезде кедейдің бай қызын алам деуге де байға кемшілік көрінді ғой) көргесін, Ахметке пəле жауып, 18 айға абақтыға жаба жаздатып аллалатып əзер тастайды. Сол елде жорға Нұрым дейтін өзі бай, өзі болыс, өзі беделді, жасы қартаң тартқан бір адам болады. Осы адам Қамарға көңілі кетеді. Омар оған көнбейді. Бірақ Оспан еріксіз Омарды талдырып көндіреді. Өзіне несіп болмаған Қамарды Ахмет жорға Нұрымға қимай, теңіне бармағанына назаланып «жар- жар» орнына «зар-зар» деген өлең шығарады.
Жорға Нұрым малын беріп болғасын Қамарды алмақ боп келеді. Қамар бармаймын дейді. Əкесі берейін дейді. Той жасалып неке қияр оқылатын кезде Қамар көнбей отырып алады. Неке қиюға шақырған молда Жорға Нұрымның сойылын соғып, Қамарды көндірмекші болады. Бірақ Қамар көнбейді. Молда айтып көндіре алмай, ақырында зорлай алмаймын деп кетіп отырады. Оспан мен жорға Нұрым молданы кеткеніне кінəлап, айыпқа астындағы атын алып қалады. Сол күні кешке Қамарды қатындар зорлап күйеуге апарады. Еріксіз барған Қамар, мен саған араммын деп, Нұрымның қасына жатпай қашып кетеді. Қызының мынандай еріксіздігін көрген Омар «бермеймінді» енді табан тіреп айтады. Оспан мен ел адамдары айтқанға көнбейді. Ақыры, Оспан мен Жорға Нұрым жасырын алып қашу шартын жасасып, Нұрым қайтып кетеді. Артынан қапысын тауып Нұрым көп адаммен келіп Қамарды тартып əкетеді.
Қамар көнбейді. Құсамен ауруға шалдығады. Елі оны Ахметтің дуасы деп түсінеді. Доктор «чахотка» деп таниды. Нұрым оған сенбей бір ишанды алдырып, ишан емдейді. Жазылады дейді. Қамар оған да жазылмайды. Ишаннан кейін бақсы емдеп, өлуге жақын отырған Қамарды «ауруын көшіруге» өлген адамдардың моласына апарады. Сол арада Қамарды іздеп Ахмет пен Омар кеп қалады. Қамар Ахметті тани кетеді. Жылайды, Ахмет те жылайды. Қамарды үйіне апарғанда Нұрымның ренжігеніне қарамай Ахмет те барады. Жанжал, төбелес болады. Романның бұдан былайғы жері жоғалған. Ақыры немен тынғаны жоқ. Жалғыз аяғында емес, ортасында да жоғалғандары бар, бірақ, олар романның жалпы мазмұнын ұғынуға кемшілік келтірерліктей емес.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?