Шәкәрім Құдайбердіұлы «Еңлік-Кебек» дастаны. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 16-сабақ.


Бейнежазылым :Youtube 14.05.13 Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы пікірлер. Өмірі мен шығармашылығы, «Еңлік- Кебек» дастаны

https://www.youtube.com/watch?v=5HAtCako26s

Білгенге маржан! ( қосымша мәліметтер)

Шәкәрім Құдайбердіұлы. Мәнді сөздер

 Мен жетпіс екі жасқа келгенше өмірде болатын неше алуан қилы оқиғаларға, түрлі жамандық, жақсылыққа кездесіп, солардың көпшілігін, керекті-керексіздерін өзім де істеп, басымнан өткізгендерім көп. «Алдыңда өнегелі көрерің болсын» дегендей, алдымда Абай марқұм болған соң, содан ғибрат алып, «мен де адамдықтың, адалдықтың жолын қуғаным жөн» деп, басымды шытырман шатақтан ерте босатып алып, білім жолына түстім. Негізгі алған білімім болмаса да, өз бетіммен ізденіп, өткен жазушы-ғалымдардың жазғандарын оқып, ойларымен танысып, білгендерден сұрап, өз ойымнан құрап, түрлі әңгімелер жазып, барлық өмірімді жазумен өткіздім. Елу жасқа тақаған соң, оңашада жатып, басқа келген ойлардың барлығын қағазға түсіріп кеттім. Мен солардың бәрін өз мақтаным үшін жазғамын жоқ, мақтан үшін жазылған, айтылған сөздің құны болмайтынын жақсы білемін. Кейінгілер жарағаннан үлгі алып, өнеге үйренсін дедім. Міне, жетпістен астым, ойым тозбағанмен, денем тозды. Тозған денем ойыма орын болудан қалып барады. Мен оған қарамай әлі де келген ойды жаза бермекпін.

 Бұл айтқалы отырған ойымды жекелеп, сұрыптап жазбағаныммен, бұрынғы жазғандарымда кездесіп отырады. Бұл тараудағы ойды басынан аяғына дейін түгел жазып, бәрін талдап, қорытып шығуға бір адамның өмірі керек. Ендігі менің қалған өмірімнің жетпейтіні анық. Дегенмен, сол ойымды қысқаша алдарыңа тартпақпын.

 Бұл ойым — басқа келген қиял. Бірақ болмаған іс, құрғақ қысыр кеңес, жай қиял дейтін бір ауру бар. Бұл аурудан құтылу керек. Неге десеңіз, барлық ғылымның өзі қиялдан, ойлаудан туған. Адам осы жаралыстың бір бөлігі, бұл жаралыстан, табиғаттан бөлек емес. Сондықтан адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлауының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады — бір. Екінші, сол қиял болмайтын нәрсе деп отырғанымыз — ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін. Неге десеңіз, бұрын фантазия, қиял деп жүрген ойлар бүгін мүмкін дағдылы іс екенін танып, құтыла аламыз ба? Әрине, қиялдың да шегі бар. Менше, айтқалы отырған ойым болмайтын қиял емес, болуға мүмкін.

 Адам өмірін қалай түзеуге болады? Адам қайткенде тату тұра алады? Ойлы, саналы адамдардың ғасырлар бойы миын тыншытпай, өмірін сарп еткен, әлі де сан адамдардың арын қозғап, ойларын тыншытпайтын осы сұрақтар. «Адам өмірін түзейміз» деп сан ғалымдар түрлі ойлар айтып, ол ойларын халыққа таратып, том-том кітаптар жазды. Солардың ойларының мен білетін бастылары: біреулер «адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі» десе, кейбіреулері «үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе — түзеледі» деді. Ал, біреулер «оқу біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі» деді. Біреулері «бай, кедейді теңеумен түзеледі» десе, біреулері «тәрбиемен түзеуге болады» деді. «Өмірдің өзі — тіршілік таласы. Сондықтан адам өмірін жаратылыстың өзі солай жаратқан, бірін-бірі жеп, талап, таласып өмір сүрмек» дегендер де болған.

 Біздіңше, бұларды жекедей алғанда ешқайсысы да адам өмірін түзей алмайды.

 «Оқу, білім үйренген адам түрлі өнерді білетіні рас. Бірақ ол өнер-білімді қандай іске жұмсайды. Мен көрген адамдар үйренген ғылыммен түрлі қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарды аң есебінде атып, әлсізді құлданып, жердің бетін адам қанымен бояғаннан басқа бітіргені шамалы. Бұған ең өнерлі, білімдіге саналатын Англия, Америка елдерін қараңыз. Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру — кедейді еріншектік, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол. «Тәрбие мен түзеуге болады» десе: менің ержеткен төрт ұлым болды. Бұлардың бәрі бір шешеден, бір әкеден туған, өскен жері, ішкен тамағы, өскен ортасы, алған тәрбиесі — бір. Бірақ біреуі шыдамды, біреуі шыдамсыз, біреуі еңбекке құмар, біреуі жалқау, біреуі мейірімді, біреуі қатал, біреуі ашуланшақ.

 Ақырында, «өмір — тіршіліктің таласы, сондықтан адам таласып, бірін-бірі қыруға жаралған» деген ой негізсіз, өйткені барлық зат, оның ішінде адам жаратылыстағыдан өзгеретіні сөзсіз. Ары бар, ақылы бар, мейірімі бар, махаббаты бар адамның бірін-бірі жеп, талап, қырып өсуі мүмкін емес.

 Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі — адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ.

 Әрине, адам оқып, біліп үйренуі қажет. Білімсіз, ғылымсыз өнер табылмайды. Сол алған білім-өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығын пайдалануға салса, табылмайтын нәрсе жоқ. Сол тапқан байлықты барша адам баласының керегіне, пайдасына жарату керек.

 Ақ жүректің керектігі — мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады.

 Ал, арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді және істемейді.

 Осы үшеуінің басы қосылса, адам жақсы өмір сүріп, бірімен бірі тату тұруында сөз жоқ. Бірақ осы айтылғандарға қарсы, жолдан қосылған, адамның бойында біржола сіңісіп, біте қайнасып қалған күшті, зиянды жау нәрселер, әдеттер де бар. Міне, осы жаман әдеттердің барлығынан адамдар тату тұрып, жайлы өмір сүре алмайды. Олар — нәпсі, өзімшілдік, мақтан. Бұлардан ұшы-қиыры жоқ жаман әдеттер туа бермек. Мысалы, зорлық, алдау, мансапқорлық, малқұмарлық, рахымсыздық, мейірімсіздіқ, қанішерлік, тағы тағылар. Бұлай болғанда осы жаман әдеттерден құтылудың айласын іздеу керек. Ең алдымен барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. Ол үшін көптің қалауымен әкімшілік басына арлы, ақылды адамдарды қойып, сол адамдардың бұйрығы, ақылы бойынша туған, туашақ адамдарды, жастарды қазына қарауына алуға заң шығаруға керек те, ол заңды бұзғандарды жазалау керек. Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қабат оқу-білімге жетілдіру қажет. Жоғарғы айтылған жаман әдеттерді жоюға бұлар жеткіліксіз болғандықтан, сол адал еңбек, білім үйренумен қабат «Ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгерісі оңай.

 http://abai.kz

ШӘКӘРІМ Пушкиннің “Дубровский” шығармасын қалай аударған еді?

Абай-Ақпарат

Задан ЖҰМАҒАЛИ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Абайдың тікелей қатысумен бірсыпыра деңгейге көтеріліп қалған қазақ-орыс әдеби байланысының одан әрмен дамуына зор үлес қосқан алаш арыстарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы болатын. Ол Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой сынды алыптардың өмір жолын, басты-басты шығармаларын үлкен білімдарлықпен, ерен талант қуатымен зерделей келіп, аттары аталған ойшылдардың ту етіп көтерген эстетикалық-философиялық концепциялары жекелеген ұлттың дара жетістігі емес, бүкіл адамзаттың мүддесіне ортақ қызмет ететін бірегей рухани байлық деп таныды. Туған халқының осындай озық кәусардан барынша мол сусындауын игілікті іс деп білген Шәкәрім дүние жүзі, орыс классиктерінің таңдаулы деген шығармаларын ана тілінде сөйлете бастады. Соның ең елеулілерінің бірі - А.С.Пушкиннің "Дубровский" романы.

Задан ЖҰМАҒАЛИ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Абайдың тікелей қатысумен бірсыпыра деңгейге көтеріліп қалған қазақ-орыс әдеби байланысының одан әрмен дамуына зор үлес қосқан алаш арыстарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы болатын. Ол Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой сынды алыптардың өмір жолын, басты-басты шығармаларын үлкен білімдарлықпен, ерен талант қуатымен зерделей келіп, аттары аталған ойшылдардың ту етіп көтерген эстетикалық-философиялық концепциялары жекелеген ұлттың дара жетістігі емес, бүкіл адамзаттың мүддесіне ортақ қызмет ететін бірегей рухани байлық деп таныды. Туған халқының осындай озық кәусардан барынша мол сусындауын игілікті іс деп білген Шәкәрім дүние жүзі, орыс классиктерінің таңдаулы деген шығармаларын ана тілінде сөйлете бастады. Соның ең елеулілерінің бірі - А.С.Пушкиннің "Дубровский" романы.

Шәкәрімнің аталмыш шығарманы аударғанда қандай принциптер ұстанғанын әңгімелемес бұрын мына жайларға қысқаша тоқталайық. "Руслан мен Людмила", "Евгений Онегин" сынды қайталанбас рухани қазыналарды дүниеге әкелген ұлы классиктің кей сәт прозаға барғаны, бұл саладағы творчестволық ізденістердің де ойдағыдай болғаны баршамызға мәлім. Зерттеушілердің сөзіне бақсақ, ол өзінің кейбір замандастарына орыс прозасына көңілі онша толмайтынын, оның поэзияға қарағанда қарабайырлау, шабан дамып келе жатқанын талай рет айтса керек. Бұл Пушкиннің 1975 жылғы 10 томдық шығармалар жинағының 5-томындағы С.Петров жазған соңғы сөзде байқалады. "Дубровский", "Капитан қызы" шығармалары мен тағы басқа әңгіме, повестері әйгілі суреткердің сол олқылықтың орнын толтыру мақсатындағы талпынысы екен. Ақынның ара-тұра прозаға баруының себебі осылай делік. Ал Шәкәрімнің өзінің де қара сөзге келгенде құр аттай желетінін іс жүзінде дәлелдей тұра, "Дубровский" мен "Боранды" қазақы қара өлең - поэзия тілімен сөйлеткені қалай? Бұл орайда әртүрлі болжам болуы мүмкін. Біздің де аздаған өз топшылауымыз бар.

Тәржімемен және оның саналуан проблемасымен айналысқандар поэзияны аударушының түпнұсқаның авторымен қайткенмен де бәсекелесіп отыратынын, ал прозаны аударушының түпнұсқаның авторының айтқанына көніп, айдағанына жүріп дегендей, оның ықпалына түсетінін, құлақкесті қызметшісіне айналатыны, құдды дирижердің қолындағы таяқшаның әрбір қимылынан көз жазбауға тырысатын музыкант сияқты ерекше күй кешетінін айтады. Бұл арада әңгіме аударманың өнерлік деңгейде жеткен түрі жөнінде болып отыр. Пушкиннің жоғарыда аталған шығармаларын қазақшалағанда Шәкәрімнің қандай жан азабын бастан кешкенін көзге дәл елестету қиын. Қара сөзбен берілген ойды, сан қилы суретті поэзия тілімен жеткізу орасан зор еңбекті қажет еткені талассыз. Бір ашық нәрсе - қашанда, қайсымыз да Пушкинді ең алдымен ақын деп қабылдайтынымыз. Шәкәрім үшін де оның көркем поэзияның дүлдүлі болғаны даусыз. Сондықтан қазақ әдебиетінің классигі оның прозасын, қазіргіше айтқанда, автордың маркасын сақтай отырып сөйлетуді жөн көрген. Оған қоса тағы бір жорамал, аударма саласында да молынан танылып үлгерген ол орыс әдебиетінің мынадай кесек үлгілерін сахара тұрғындарына ана тілінде таныстыру арқылы өз мүмкіндігінің қаншалықты екенін сын сарабынан тағы бір өткізгісі келген ойы да болған шығар. Тіпті мұны оның ұлы ақынмен бір сәт өнер сайысына түскені десек те шындықтан шығандап кетпейміз. Осы болжамдарға қоса тағы бір айтпағымыз, Шәкәрім қажы мына жағдаятты - өз кезіндегі жазу-сызу өнерінің жарытымсыз болуына байланысты поэзиядан гөрі проза беделінің төмендеу, сұранымының аздау екенін ескерген бе дейміз. Жан дүниесін қозғайтын өлеңді жұрт іздеп жүріп тауып, жаттап алады. Ал қара сөзде қаншама ой, сырлы сурет тұнып тұрғанымен төкпей-шашпай жадыңа ұстай алмайсың. Қысқасы, "Дубровский " мен "Боранның" Шәкәрім қажы жасаған нұсқасы хақында айтылар салиқалы әңгіменің өз кезегін күтіп тұрғанында еш күмән жоқ.

Түпнұсқа мен Шәкәрімнің "Дубровскийін" әліміз жеткенше өзара салыстырып қарағанымызда, қазақ ақынының аталмыш полотноның бүкіл бітім-болмысын мейлінше толық шығаруға күш салғанын байқаймыз. Пушкин қағазға түсірген хикаяның сыртқы нобайы ғана емес, ішкі иірімдері де, айсбергтің су астындағы бөлігінің сұлбасы да нақышын жоғалтпаған. Кейіпкерлердің мінез-құлқын, олардың әрқайсысының даралық сипаттарын өрнектеудегі түпнұсқа авторының қолтаңбасы білімдарлықпен қоса бесаспап суреткерлікпен жүзеге асқан. Дегенмен Шәкәрімнің Пушкин соқпағынан табан аудармауды жалаң мақсатқа айналдырмағанын азды-көпті кейбір еркіндіктерге бару арқылы шығарманың жұртшылыққа түсініктірек болуы жағын негізгі нысана еткенін атап айтуымыз керек. Мұны алдымен ескерткен Шәкәрімнің өзі. Аударманың кіріспесіндегі:

Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін,

Қазақтың шағылдырар надан көзін.

Ғылымнан көзілдірік кимеген ел,

Туралап көре алмас күннің көзін.

 

Сөйтсе де кете қойман шетке басып,

Айтармын алыстамай шын жанасып.

Әншейін ертек айтып отыр демей,

Жүрекке тыңдағайсың ақылдасып, - деген жолдар соның дәлелі.

Бәрімізге мәлім, замана сырын жан-жақты әрі тереңнен қамтуда прозаның мүмкіндігі әдебиеттің басқа салаларына қарағанда әлдеқайда мол. Ал поэзияның жолы өз алдына бөлек. Ол прозадай емес, өткен-кеткеннің тек елеулілерін теріп алады да кездейсоқтарды, ұсақ-түйектерді жіпке тізе бермейді. Егер М.Әуезов Абайдың өмір жолын, ол өмір сүрген дәуірдің кескін-келбетін өлеңмен жырласа, бізге эпопеядан таныс талай-талай эпизодтар, штрихтар сахнаның сыртында қалып қойған болар еді. Кейіпкерлердің де бірсыпырасымен ұшырасу, тілдесу мүмкіндігінен айрылған болар едік. Бұл айтылғанның "Дубровскийдің" Шәкәрім қажы жасаған нұсқасына да тікелей қатысы бар.

Пушкинде романның сюжеті бірден: "Несколько лет тому назад в одном из своих поместий жил старинный русский барин, Кирила Петрович Троекуров" (с.128) деп басталса, Шәкәрімнің "Дубровскийі" 124 жолдан тұратын прологтан кейін барып желі тартады. Пушкиннің ой-өрісін, қалам ұстау өзгешелігін, азаматтық позициясын толық та терең зерделей білген дала ақыны әр дәуірдегі адамның, қоғамның болмысын шола келіп, жеке мен жекенің, жеке мен көптің арасындағы үйлестіктің не қайшылықтың әрқилы себептерге байланысты бір қалыпта тұрмайтынын тілге тиек етеді. Бүгінгі бардың ертең жоқ болуының, бүгінгі достың ертең жауласып шыға келуінің әлеуметтік, психологиялық астарына үңілуге талпынады. Түптеп келгенде бұл - романда айтылатын ойдың негізгі қазығын, идеялық нысанасын меңзейді:

Жазған жоқ Пушкин мұны ермек үшін,

Мақсұты: бізге ғибрат бермек үшін.

Қиянатшыл, зорлықшыл, парақордың,

Мінезінің суретін көрмек үшін.

Осындай толғаныстан кейін барып біз жоғарыдағы Пушкиннің өзінен алынған жолдардың қазақшасын оқимыз:

Жер айналмай тұрмайды дүние жай,

Келер, кетер адамзат із қалдырмай.

Сол өткен көп заманның бір кезінде,

Болыпты Троекуров деген бір бай.

Келтірілген шумақтың бастапқы екі тармағы жоғарыда Пушкиннен алынған үзіндіде жоқ, аудармашының өз тарапынан берілген прологтағы айтылатын ойдың қайталамасы. Ал оның есесіне түпнұсқадағы "старинный русский барин" деген айқындама қалдырылып кеткен. Бірақ оқырман романмен әрмен қарай танысу барысында Троекуровтың ата-бабасынан бері атақты алпауыттар тұқымынан екеніне көз жеткізеді. Демек бұл - қалдырылып кеткен ол тіркестің орны жоқталмайды деген сөз.

Пушкиндегі Тимошканың жарамсақ сөзіне қатал тойтарыс берудің орнына, дарақылана мәз болған Троекуровқа Дубровскийдің қатты ренжігені, сөйтіп, аңға шығудан осы жолы көпе-көрнеу бас тартқаны, оның бұл "тәртіпсіздігіне" өлердей долырған әпербақан алпауыттың думанды сайранға өзге үзеңгілестерін ертіп кете барғаны, бірақ қырсық шалғандай ұзақты күн тек бір қоянды ғана олжалап, кешке имениесіне көңілсіз оралғаны баяндалатын елеулі эпизодты Шәкәрімнің сол бастапқы өңін жоғалтпай жеткізуге ерекше күш салғанын айқын көреміз. Бірақ келтірілген эпизодтың соңғы тұсы қазақшасында аздап өзгертілген. Яғни, Кирила Петрович "на возвратном пути, со всею своею охотою нарочно поехал полями Дубровского" (с.132) деген жолдар:

Андрейдің егінін таптап-таптап,

Кешке келді үйіне қайта салып, - деп тәржімаланған. Бұл ауытқуда үлкен мән бар. Айталық, ол кездегі өлшеніп, пішілген және онысы мұқият хатталған мекен-жайда тіршілік еткен орыс жұртындай емес, кең сахараға бытырай қоныстанған көшпелілер үшін ауылдың не жайлаудың үстінен салт аттылардың өтіп кететіні жан сыздататын әрекеттің қатарына қосыла қоймайды. Ал егінді таптау деген қашанда үлкен қастандықпен, бүліншілікпен пара-пар қимыл. Шығармада өрнектелетін тартыстың қандай себептерден бастау алып, бара-бара қалай асқынғанын молырақ аңғарту орайында аудармашы әлгіндей еркіндікке әдейі барған.

Пушкиндегі Троекуров пен Дубровскийдің ара қатынасы бара-бара қатты шиеленісіп, ақыры соңғысының ауыр сырқатқа ұшырағаны, төсек тартып жатып қалған оның маңына қызметшілерінің батып жақындай алмағаны, қожайынды тек Егоровнаның күтіп-баққаны, соның қолынан ғана аздап дәм татқаны баяндалатын жолдарды Шәкәрім мейлінше тартымды, әрі жатық сөйлете білген. Тек түпнұсқадағы: "Она (Егоровна - З.Ж.) смотрела за ним (Дубровским - З.Ж.), как за ребенком, напоминала ему о времени пищи и сна, кормила его, укладывала спать" (с.139) - деген жолдар қазақшасында:

Уақытымен жатқызар төсек салып,

Стақанмен шәй берер қолына алып.

"Тамақ ішер мезгілің болды ғой", деп

Нан салады аузына майға малып, - болып өзгеріп шыққан. Бұл - аудармашының жағдаятты дала оқырмандарына толығырақ, толымдырақ жеткізу ниетінен туған еркіндік. Түпнұсқаға тигізер қиянаты, залалы жоқ толықтырма.

Пушкиннің қолынан шыққан нұсқадан Троекуров пен Дубровскийдің тартысқа түскен тұсында соңғысының жалғыз ұлы Владимирдің Кадет корпусын бітіргеннен кейін Петербургтегі жаяу әскер полкінде қызмет атқарып жүргенін оқысақ, аудармада аттары аталған орыс Капулеттиі мен Мантеккиінің өзара сойылдасу кезінде Владимирдің астанадағы "университет деген медреседе" дәріс алушылардың бірі екені айтылады. Бұл ауытқудың себебі не? Біздің ойымызша, романдағы негізгі орталық тұлғаның бірі - бала Дубровский. Оның озық түр-тұрпатын толығырақ жеткізу мақсатында Шәкәрім қажы осы тұста да аздап еркіндік қажет деп білген. Демек, қатардағы көп ұланның қайсысынан да үлкен білім ордасында тәрбиеленіп жүрген талапкер жастың еңсесі биік, аруақты, айбынды деп топшылаған. Университет деп дара атасам, мүмкін кейбіреулер түсінбей қала ма деп, оған үлкен-кішінің бәріне мәлім медресе атауын тіркеуді орынды көрген.

Пушкиннің "Дубровскийінде" Егоровнаның хатынан бірсыпыра жайдан хабардар болып, асығыс үйіне оралып келе жатқан Владимирді Антон жәмшіктің "Песочное" стансасында (аудармада "Құмдыбекет") күтіп алғаны, жолда бала Дубровскийдің әкесінің жай-күйін сұрағаны, қызметшінің нендей жауаптар қайтарғаны жөнінде бір алуан мәлімет бар. Бұл эпизод Шәкәрімде жоқ. Мұның мәнісі, біздіңше, мынау. Оқырмандар Троекуровтың қолдан жасаған қиянат-қысымынан кәрі Дубровскийдің дертке ұшырап, қатты науқастанып қалғаны туралы бұрыннан толық таныс болатын. Екі байдың не себептен араздасқаны шығарманың бұдан кейінгі беттерінде там-тұмдап әртүрлі жағдаяттарға орай қайталанып отырылады. Сондықтан Шәкәрім алдында айтылып өткен оқиғаны жұрттың есіне тағы да бір сала кетуді артық деп санаған. Прозада әуел бастағы белгілі эпизодтарды белгілі бір мақсатпен қайыра жаңғыртулар жасауға бола береді. Ал поэзияның табиғатына мұндай жомарттық жараса қоймайды. Аудармашы мұнда міне, осы ұстанымда қалған сияқты.

Пушкинде жас Дубровскийдің жәмшік Антоннан біраз жәйттің сырын аңғарғаннан кейін көңіл-күйі құлазып, көпке дейін өзімен-өзі болғаны қысқаша баяндалса, қазақ ақыны оның сол сәтіндегі мұң мен шерге толы ішкі әлемін молырақ қамтуды дұрыс деп санаған. Мұны дастанның бойындағы ең бір тартымды жолдар деп білеміз.

Шал Антон бишік бұлғап божы қақты,

Сар желді күрмедегі ат, шеткі ат шапты.

Өткенін қанша уақыт пайым етпей,

Владимир тым терең ой ойлапты.

Ат пыр-пыр, арба күр-күр,

қоңырау шылдыр,

Тау, ағаш кейін қалып, қақты бұлдыр.

Бұлардан Владимир түк сезбейді,

Әкетпес әлдеқайда көңіл құрғыр.

Түпсіз ой, түпсіз қиял неше мыңдап,

Бірі бүйт, бірі сүйт деп

тұрады ымдап.

Тұңғиық тұманданған

алдыңғы өмір,

Тұрғанын біліп болмас не

дайындап.

Қайрайды, кейде ыза боп,

жауға тісін,

Ойлайды кейде реттеп, қылмақ ісін.

Ашық көзі жұмулы есепті боп,

Көрсе де көрмегендей түктің түсін.

Осындай ұйқылы-ояу бір ой басты,

Қайғы, үміт, қайрат, ыза араласты.

"Әнекей, "Покровский" қышылақ" деген,

Антонның дауысымен көзін ашты.

Осы келтірілген үзінді аудармашының сөзбен келісті өрнек сала білетін үздік талант иесі, майталман психолог екенін, демек Пушкиннің суреткерлік қолтаңбасын жетік түсінгенін айнытпай айғақтайды. Нағыз өнер сайысы осындай болмақ. Арбаға жегілген аттардың қайсысының қалай жортқаны да тәржімешінің өзінің болжамасымен дүниеге келген жолдар. Төл еңбегі.

Пушкинде кәрі Дубровскийдің ауыр сырқаттан дүние салған сәті: "Он лежал в креслах, на которые перенес его Владимир, первая рука его висела на полу, половина опущена была на грудь - не было уже и признака жизни всем теле, еще не охладело, но уже обезображенном кончиною" (с.145) деген жолдармен берілсе, Шәкәрімде сол көрініс:

Өлмей, өшпей тұра ма адам фәні,

Мұзға айналып қалыпты ыстық тәні.

Басы иіліп кетіпті кеудесіне,

Ашулы оң қолының алақаны.

Басын имек - тағдырға көндім демек,

"Фәрмәнына мойнымды бердім", - демек.

Алақаны ашылған ишараты -

"Несін алдым, мен ақтан өлдім" - демек, - деген өлең тармақтарымен бейнеленген. Шәкәрім қажы түпнұсқадан арнайы ауытқи отырып жер басып жүргендердің бәріне қатысты ой түйеді. Кім болсаң ол бол, тіршіліктегі көрген жақсылық пен жамандықтың бәрі көз жұмылған соң түгел тәмам. Жиған-тергеннің қадыр қасиетін, береке-бұйыруын бас аман, ден сауда бағалай біл. О дүниеге қора-қора мал айдап, бума-бума ақша алып кеткен ешкім жоқ. Ең ақырғы алар еншің - қол созым қараңғы қуыс пен 3-4 аршын шүберек қана. Осының жайынан кәрі-жастың бәрі хабардар. Бірақ жұрттың бәрі жер үстінде жүргенінде тәңірге бағып, бұйырғанға шүкіршілік ете қоя ма. Бастың құнына татитындай нәрсе болса бір сәрі, кейде қотыр ешкінің терісіне тұрмайтын бірдеңе үшін жанжалдасып, сойылдасып жатқаны.

Өмірде талай-талай қақтығыс-тартыстың куәсі болған ғұлама ақынның орыстың сонау кезден өзара сырласып, сыйласып келген екі алпауытының аяқ астынан нілдей бұзылып, бір-біріне көр қазуға дейін барғанын зерделеу үстінде ой тұңғиығына тағы бір терең бойлағаны күмәнсіз. Адам табиғатының оңы мен солын шындықта болған немесе болуы мүмкін оқиғаны қисынын келтіре әңгімелеу арқылы таразыға тартып, замандастарын өзара сыйластыққа, мейірімділікке, бірлікке үндеген, шынайы сезімнің қарапайым пендешілікпен қоңсы қона алмайтын шуақты нұрын шырқата әуелеткен Пушкиннің жай аударушысы ғана емес, ол оның бірегей пікірлесі, әріптесі екенін дәлелдейді.

Шәкәрім жасаған нұсқада Владимирдің Дефорж деген жалған есіммен Троекуровтың имениесіне алғаш мұғалімдік қызметке келген бетінде кейінгісінің келіссөз соңында оған мынадай қатаң шарт қойғаны айтылады:

Білмейді французша байдың өзі,

Наданның тіпті топас келер сөзі.

Марияны тілмаш қылып жігітке айтты:

"Жүрмесін қызымда боп екі көзі".

Аталмыш деталь Пушкинде бұдан біраз өзге. Онда Троекуровтың "французға" басты міндеті Сашаны жақсылап оқытып, тәрбиелеу екенін, қызметші қыз-келіншектерге көз салмауын, егер осы орайда кінәсі сезіле қалса, иттің күшігі құсатып қуып жіберетінін ескертеді. Бұл арадағы әңгімеге Мария Кириловнаның қатысы жоқ. Ал Шәкәрім осының бәрін біле, ұға тұра жаңағыдай ауытқуға неге барған? Оның мәні, біздіңше, оқырмандардың бүкіл назарын Мария Кириловнадан өзгеге бұрмау мақсатынан туған. Түпнұсқаның бастапқы беттерінің бір жерінде "Покровское" қыстағының қызметші қыз-келіншекке толы екені, оның кейбіреулері Троекуровтың рұқсатымен тұрмысқа шыға қалса, орны жас бикештермен толықтырылып отырылатыны, аталмыш мекен-жайда қожайынның өзінен айнымайтын, бірақ ресми әкесі белгісіз сәбилердің көрген күні, хал-жағдайы туралы қысқаша мәліметтер бар-тын. Мұны аудармашы қажетсіз деп есептеп, қалдырып кеткен. Өйткені күнделікті өмірдегі ұсақ-түйекті прозаның қамтуға мүмкіндігі көтергенімен, поэзияның табиғатына жинақылық, аз сөзділік қана жарасады. Алдында керегі жоқ деп танылған детальды біраздан соң шегініс жасау арқылы сюжетке енгізген жағдайда, басқа түк те емес, бір бүйір қысыр кеңеске орын берілген болар еді. Сондықтан қазақ ақыны жұртшылықтың ықыласын әуел бастан жақсы таныс Мария Кириловнадан басқа жаққа аудармауды дұрыс санаған да, азды-көпті әлгіндей иіп-бүгуге барған. Біздің ойымызша, бұдан ұтпаса ұтылмаған. Бұл - бір. Екіншіден, мол байлықтың арқасында кердеңдей басып, кесірлене сөйлеуді әдетке айналдырған дарақы байды өзінің туған жалғыз қызының көзінше солай бейпіл сөйлету арқылы жұртшылықты жақсылық пен жамандықтың не екені туралы тағы бір рет шындап пікір түюге шақырады. Троекуров тәрізді жандармен қандай қарым-қатынас ұстаған дұрыс? Осы сауалдың лайықты да тиімді жауабын ойластыруға жетелейді.

Владимир Дубровский бастаған кекшілдердің үлкен жолмен әрлі-берлі өткен жүргіншілерді тонап, зәбірлеуі күшейген тұстың бірінде Антон Пафнутьич есімді чиновниктің Троекуровтың үйіне келгені, оның қауіпсіз деген жобамен түнде Дефорждың бөлмесінде тыныстағаны, бірақ бишара жанның көйлегінің ішіне жасырып жүрген мол қазынасынан қалай айырылып қалғаны Пушкинде: "Он (Пафнутьич. - З.Ж.) чувствовал сквозь сон, что кто-то тихонько дергал его за ворот рубашки. Антон Пафнутьич открыл глаза и при лунном свете у осеннего утра увидел перед собою Дефоржа; француз в одной руке держал карманный пистолет, другою отстегивал заветную сумму" (с.167) деген жолдармен берілсе, Шәкәрімде ол көрініс:

Көзін ашса шошынып бір мезгілде -

Француз кеудесіне мінген мүлде.

Бір қолында алтыатар ақшаны алған,

Қорыққаннан бай айтты: "Тақсыр бұл не?" - деген өлең тармақтарымен кестеленген. Осы келтірілген үзінділерді өзара салыстырып қарасақ, олардың ара-қатынасында бірсыпыра алшақтықтың бар екені байқалары сөзсіз. Түпнұсқада күзгі таңның тәтті ұйқысына қаннен қаперсіз балбырай берілген Павнутьичтің ақшаға толы дорбасынан қалай айырылғаны қарапайым баяндалса, қазақ классигі оның мұқият жасырған қазынасын айқыш-ұйқыш қызу айқастың нәтижесінде амалсыздан алдырғанын айтады. Аудармашының пайымдауынша, дала оқырмандары үшін соңғы көріністің бояу нақышы әсерлілеу. Біз де осы тұжырымға қол қоямыз. Айта кету керек, бұл да жоғарыда келтірілген мысалдар сияқты ұлы данышпанға жасалған орынсыз базыналық, немесе баса-көктеу емес, өмірі, салт-дәстүрі өзгелеу халықтың психологиясын мұқият ескеруден, шығарманың мейлінше жылы, шынайы қабылдануын ойластырғандықтан туған творчестволық еркіндік.

Тағы бір салыстырма. Зер сала қарасақ, Мария Кириловна мен Дубровскийдің ең соңғы жолығуы суреттелген эпизод екі авторда түп-түгел бірдей шықпаған. Жат адамның тұтқынынан құтқарғалы келіп тұрғанын білдірген Владимирге қыз ол күтпеген, мүлде тосын жағдайды хабарлайды. Яғни, кейінгі күндердің оқиғаларына орай бұрынғы берген уәдеден тайғанын, шариғат заңын бұза алмайтынын, некелескен адамымен тұрмыс құруға бел буғанын, қояр ақырғы өтініші - қасындағы жол серіктерін қиянат-залалсыз жөндеріне босатып жіберуі екенін айтады. Пушкинде Владимирдің мұны естігендегі көңіл-күйі былайша суреттелген: "Он (Дубровский. - З.Ж.) упал у колеса, разбойники окружили его. Он успел сказать им несколько слов, они посадили его верхом, двое из них его поддерживали, третий взял лошадь под уздцы, и все поехали в сторону, оставил карету посреди дороги, людей связанных, лошадей отпряженных, но не разграбя ничего и не пролив ни единной капли крови в отомщение за кровь своего атамана" (с.192). Ал орталық тұлғалардың мәңгілікке қоштасар сәті Шәкәрімде:

Тұрды да Владимир аң-таң қалып,

Естімей сөз аяғын кетті талып.

Қансырап жарасынан талды ғой деп

Әкетті жолдастары сүйреп алып.

 

"Қош" - деді біраз ғана есін жиып,

Ауыздан айырыларда бір-ақ сүйіп.

Қарасы үзілгенше қарап тұрып,

Аһ, деді Мария талды жанып, күйіп, - деген шумақтармен берген. Бұл келтірілген үзінділер арасындағы айырмашылықтың мәні неде? Аудармашы екі жастың бір-бірін қатесіз танып, құлай ұнатқанын, олардың қашан да, қайда жүрсе де сол ардақты, аруақты сезімге қылау жолатпайтынын, негізінен табиғаты қатал, кесек әрекеттің иесі Владимирдің мүмкіндіктері бола тұра ата жауы Троекуровқа, сондай-ақ дүниедегі қимасын жүрегінен суырып алып бара жатқан Верейскийге ешбір қиянат жасамауына махаббаттың құдіреті себепкер деген ұғымды оқырмандардың зердесіне тереңірек сіңіру мақсатында тағы бір ептеген еркіндікке барған ба дейміз. Романның қазақша нұсқасының:

Залым кім, парақор кім, жазықсыз кім,

Қайсысы ақ жүректі, қайсысы сұм?

Кекті кім, кекті жеңіп кешірген кім?

Білдің бе күшті екенін махаббаттың? - деген риторикалық сұрақтармен аяқталуы сол айтылған ойға жетелейді.

Біз бұл мақалада Шәкәрімнің "Дубровскийді" ана тілімізде сөйлету ісін қолға алғанда нендей мақсат-міндет қойғаны және оның жүзеге қалай асқаны туралы өз ойымызды білдірген болдық. Түйген-түйсінгендерімізді нақты мысалдармен дәлелдеуге тырыстық.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1924 жылы Лев Толстойдан «Алты әңгіме» аударған. Әрқайсысы өз айтары бар жазбалар болғандықтан, сіздердің назарларыңызға екінші әңгіме «Үш сауалды» ұсынып отырмыз. Әңгіме «Шәкәрім» журналының 2014 жылғы № 3 санынан алынды.

Бір патша: «Үш түрлі нәрсені күні бұрын білген адам бақытты болар еді, - деп, - соны тауып берген кісіге көп сый беремін», - деп жариялапты. Ол үшеуі: бірінші - «Қай істі қандай уақытта істеген жақсы?» Екінші - «Ең керекті кісі кім?» Үшіншісі «Ең керекті іс не?».

Бұл хабармен неше түрлі халық, көп жандар жиылып, әрқайсысы бір сөз айтты. Мысалы, кейбірі: «Күн сайын, жұма, ай сайын қылатын істі күні бұрын реттеп жазып қою керек», - деді. Кейбірі: «Онан түк пайда жоқ. Немене кез боларын қайдан білуге болады? Өйтіп орынсызға әуре болмай, ең керекті іс кез болғанда алды-артын байқап, әбден ойланып іс қылу керек», - деді. Кейбіреулері: «Жалғыз патша қанша ойлағанмен, қате қылуы мүмкін. Ондай іс кез болғанда білімділерді жиып кеңесу керек», - деді.

Патшаның «Ең керекті кісі кім?! дегеніне де әркім әр түрлі сөз айтты. Мысалы, біреулер «уәзір» деді. Біреулер «молдалар», біреулер «доктор», кейбіреуі «солдаттар» деп, әр қайсысы әр түрлі сөйледі. «Ең керекті іс қай іс?» дегеніне де әртүрлі айтылып, кейбірі «оқу» деді, кейбірі «соғыс үйрету», кейбірі «Құдайға құлшылық қылу» деді. Сөз әртүрлі болып, патша ешкімге сый да бере алмады, ойын да шештіре алмады.

Сол қалаға жақын маңайда бір асқан ақылды тақуа адам бар еді, тастың үңгірін үй қылып, уақытымен ғибадатын етіп, ағаш егіп жатушы еді. Біреу ақыл сұраса, дұрыс айтып беруші еді. Бірақ аса сәнді киімділерді жолатпаушы еді. Патша сонан ақыл сұрамақ болып, құба-төбел киініп, жаяу барса, ағаш егетін шұқыр қазып жатыр екен. Ақыл сұрай келген үш сөзін айтып еді, тақуа ханның ол сөзіне жауап қайырмай, алақанына бір түкіріп күрекпен топырағын лақтыра берді. Аздан соң тақуаның шаршағанын біліп:

Күректі маған беріңіз, мен біраз болысайын, - деген соң:

- Рахмет, шырағым! - деп күректі берді де, демін алып отырды. Патша екі шұқыр қазып шаршаған соң, сұрай келген сөзіне жауап сұрап еді, тақуа:

- Сен шаршаған шығарсың, енді мен болысайын, - деп күректі сұраса да бермей, патша тағы екі сағатқа шейін жер қазады. Күн батуға таянып, әбден шаршағанда қолындағы күректі тастады да:

- Ақсақал! Менің сөзіме жауап берілмейтін болса, мен қайтайын, күн кешкіріп қалды, - дегенде, тақуа:

- Ана бір кісі жүгіріп келеді. Соның кім екенін білейік, - деді. Патша қараса  бір қолымен бүйірін басқан бір жаяу. Патшаның алдына келді де, жығылып, өлерше болып жатты. Қараса, бүйірінен қан саулап тұр. Патша жарасын сумен жуып, белбеуімен таңып, азар дегенде қан тыйылды. Аздан соң патша мен тақуа көтеріп үңгірге кіргізіп, төсекке жатқызды. Жаралы тынымдап ұйықтай бастаған соң, патша әрі төтел қазып, әрі қан жуып шаршағандықтан, босағаға сүйеніп тіпті қатты ұйқыға кетті, жаздың қысқа түнінің өткенін де білмей қалды. Күн шыққанда оянып, жаралыға қарап еді, ол да патшаға қарап тұрды да, нашар ғана дауыспен:

- Ей, патша, кешіңіз, - деді.

- Мен сені танымаймын, нені кешейін?

- Сіз менің әкемді өлтіртіп, бар малымды алғансыз. Сол кегімді алуға сіздің қайтқаныңызды тосып жүргенімде, солдаттарыңыз жолығып жаралап кетті. Егер сіз жарамды таңбасаңыз, мен өлі кісі едім. Осыдан жаным қалса, осы жақсылығыңыз үшін сізге өмірімше құл боламын, әм балаларыма да солай бол деп тапсырамын. Бірақ менің өлтірмек болғанымды кешіңіз! - деп жалынды.

Патша өзін өлтірмек болған дұспанымен арыздасқанына қатты қуанып:

- Сен де кеш! Не нәрсеңді алған болсам, бәрін қайырам. Және саған қазір доктор-күтуші жіберіп, қалаға алғызамын, - деді де, тақуаға:

- Менің үш сөзіме не айтасыз? - деп еді, тақуа:

- Үш сөзіңізге де жауап берілді, - деді.

- Ол қалайша? - дегенде, тақуа айтты:

- Егер сен менің шаршағанымды біліп, маған болыспасаң, ерте қайтар едің де, мынау сені өлтіретін еді. Сондықтан ең жақсы мезгілін тауып істеген ісің - маған болысқан кезің. Онда саған ең керек кісі мен болдым. Онан соңғы ең керекті уақыт, ең керекті іс - мына жаралының жарасын байлап, қанын тыйған уақытың болды. Неге десең, сен үйтіп жәрдем қылмасаң, тірі қалса сенен кек алмай қоймайтын еді. Сондықтан ол кездегі ең жақсы іс - жарасын байлаған болып, ең керекті кісі - осы жаралы болды. Және ең керекті уақыт - осы уақыт. Неге десең, бәріміздің де қолымыз бос, ерік өзімізде. Қазір ең керек кісі - осы дұспаның болды. Неге десең, мұның жазылар, жазылмасы әзір неғайбіл. Егер жазылса, бұл-дағы біреуге жақсылық қылғанды жанындай жақсы көрер еді. Ең керек іс - қазір осыған қылған жақсылығың, неге десең, адамның мойнындағы шын міндеті - біреуге жәрдем ету еді...

Адамшылық іздесең, бұл жолға түс.

Алдау қылма біреуге, қиянат-күш!

Жетілсең де жемтік жеп ел зарлатпа,

Ар-ынсаптың сүйгені - таза жұмыс!

Дайындаған Рүстем Шахымұранұлы



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу