А. Йассауи мен Абай мұрасындағы идеялық үндестік. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 10-сабақ.
Абай шығармаларындағы «толық адам» мәселесі
А.Ясауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Осылайша А. Ясауи дүниетанымында «дертті адам», «топырақ адам», «кемел адам», сондай-ақ, «ғарип адам» тұлғалары дәріптеледі. Хикмет жолындағы «дертсіз адам» адамдық сезімнен жұрдай, қара басының қамын күйттейтін жан. Дертті адамның А.Ясауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, қайрат-жігерімен одан шығар жол іздейді. А.Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат). Бұл ибадат – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Өйткені А.Ясауи ілімі – дін, мәзһаб аясына сыймайтын шексіз ашық (махаббат) жол. Ғарип адамды кемелдік мәртебесіне жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды. Сондықтан да А. Ясауи «Қай жерде ғарип көрсең һәм дем болғын» дейді. Яғни оларға дем бер, қолдау көрсет, қасынан табыл, құрметте дегені еді [6]. Міне, Абайдың «толық адам» туралы танымы да Сократтан басталатын Платон, Аристотельдегі «сүюді сүйеніш еткен адам», Қытайлардың дао іліміндегі «әбден жетілген адам» (совершенно мудрый человек), Шығыс ойшылдары мен суфизмдегі «пенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам», атап айтар болсақ, Әл-Фарабидегі «Кемел адам», Ж.Баласағұнның дастанында көрініс тапқан «Жауанмәрттілік» ілімі және А. Ясауи дүниетанымындағы «дертті адам», «топырақ адам», «ғарип адам» секілді тұлғаларымен сабақтасып жатқан секілді.
Абай адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қара сөздерінде «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» деп, кесіп айтқан. Абайдағы толық адам туралы ойдың о бастағы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» (1986ж.) өлеңінен бастау алып, ақынның «Адам болам десеңіз» деген тезисі негізінде ары қарай желілеп таратылып, жыл өткен сайын күрделене түсуде. Толық адамның тұла бойын толтырар ізгі қасиеттер «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде айқын көрсетілген. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз. Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер малшашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз [4, 66-67 б.].
Бәрі осы өсектен басталады. Әңгіме болсын деп өсек айтамыз. Ал өтірік қосылмаса өсектің дәмі келмейді. Өсек пен өтірікті қатар айтқан адам мақтанудан да құр қалмайды. Осы үшеуі негізі еріншек, жалқау адамның әрекеті. Тірлігі бар адамның өсек айтуға да уақыты болмасы сөзсіз! «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын». Тағы да Абай!!! Жұмысссыз, жалқау адам «бекер мал шашпағанда» қайтеді. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой... Таудай талапсыз армандарға жету екіталай. Талап бар, енді мақсатқа жету үшін еңбек, жай еңбек емес, терең оймен ұштасқан еңбек керек. Осы үшеуі болған жерде нәтиже де болуы сөзсіз. Сол нәтижеге қанағат етіп, адамдарға қол созып, рақым ойлап қоюды да ұмытпау керек. Әрине, бұл тек менің өз ойым ғана...! Адам болу туралы ой танымын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің төркінінен хабар беруі себепті М. Әуезов бұл өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытпай айтқан мағыналы да програмдық бір өлеңі», - деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр. Осылайша Абай жас өркеннің бағдар түзер айқындамасы ретінде талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымды атайды. Абай атаған бес қасиет негізінен толықтықты танытатын үш қасиетті құрайды: талап пен еңбек – қайратты танытса, терең ойыңыз – ақыл, ал қанағат пен рахым – жүректен туатын қасиеттер. Адам бойындағы осы үш қасиетті ерекше танып білуге тұратын таным екенін ақын «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек [4, 218б.], - деп нақтылай түседі. «Ыстық қайрат» - бұл үнемі ізденіс үстінде болу, тек қана алға ұмтылу, жасампаз болу. «Нұрлы ақыл» - елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал, «жылы жүрек» - иманды, иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толымды адам деген мәртебеге ие болуға болады. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек [4, 119б.],- дейді. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды адам. Абайдың арманындағы толық адамның іргетасы дінмен ұштасып, дінмен дамиды және дінмен жетіледі. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: дін, иман, ғылым, білім, тәрбие, әдеп, өнер, құқық, іскерлік, тапқырлық, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық, әділеттік, т.б. бойында жетілдіре білген, дамытқан адам – Абай ұсынған «толық адам» концепциясы.
Болатбеккызы А. Абай шығармаларындағы «толық адам» мәселесі // Молодой ученый. — 2015. — №8.1. — С. 53-55.
Абай
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,
Аларында шара жоқ алдамасқа.
Табысына табынып, қалтаң қағып,
Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.
Мал жияды мақтанып білдірмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа өзгені “ит” деп ойлар,
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.
Ақылды деп, арлы деп, ақбейіл деп
Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.
Осы күнде мал қайда, боқ ішінде,
Алтын алсаң, береді боғынан жеп.
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
***
Әуелде бір суық мұз— ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық, —
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі “жақсы” демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол – менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болады. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті. Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» – депті. Онан соң жүрек айтыпты: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті. Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты: – Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, – депті. -Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, – депті. – Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім, – депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. – Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, – деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, — депті.
Абайдың он жетінші қара сөзі
Хикметтер
Даналардың айтқаны келер болды,
Қияметтің қияпаты төнер болды,
Ақымақтар айқаймен жеңер болды,
Бұл не деген замана болды достар.
Халайықтан мейірім мен рақым кетті,
Момынға телі-тентек зақым етті,
Тал түсте талапайда ақыл кетті,
Бұл не деген замана болды достар.
Үлкен-кіші адамнан ибалық әдет кетті,
Қыз-бозбала жастардан әдеп кетті,
Мінез-құлықты бұзатын әлек жетті,
Бұл не деген замана болды достар.
Мұсылманды мұсылман түтіп жейді,
Бірін-бірі ұқпайды, түсінбейді,
Мұриттер пірге көз қырын түсірмейді,
Бұл не деген замана болды, достар.
Жамағаттың жақсыға құрметі жоқ,
Кішілердің үлкенге ізеті жоқ,
Патшаларға әділдік міндеті жоқ,
Бұл не деген замана болды, достар.
Дәруіштер дұғасының шипасы жоқ,
Тым болмаса үстінде лыпасы жоқ,
Құнарсыз қу тақырдай бұтасы жоқ.
Бұл не деген замана болды, достар.
Азған заман ғалымы залым болар,
Қошаметшіл қулықпен мәлім болар,
Анығын айтқан адалдар жазым болар,
Бұл не деген замана болды, достар.
Айтылған сөз, уәденің байламы жоқ,
Жалғандыққа шындықтың қайраны жоқ,
Шындықты айтып осылай шырқыраған
Құл Қожа Ахмет сөзінің жалғаны жоқ.
Қас надан сөз қадірін қайдан білсін,
Қанеки ақ жолға бел байлар кісің?!
Иттесіп, адамдықтан тайған құрсын,
Пенде боп залымдарға, өлдің міне.
***
Арамды, күмәндіні тәрік қылып,
Адалдан дос талғай жүр парық біліп,
Залымға жүз мың пәле бердім міне.
Жаратқан залымның да мен түп-тегін,
ҰмытыпЖаратқанды, сен күтпедің.
Ілестің Ібіліске елтіп керім,
Залымның бердім ашып жолын міне.
Жарлығым саған жаза кесті менің,
"Алла емес, нәпсі көкей тесті" дедің.
Сөйлеп ем хақиқат сөз - естімедің,
Залымның қылдым ұзынқолын міне.
Ей, мақұрым, Хаққа ойынды жуытпадың,
Қу нәпсі, харам дүние қуып қамын,
Безбедің, одан көңіл суытпадың,
Қан жұтып,қайран болып тұрмын міне.
Залымды сылтауратпа, өзің залым,
Өтпейді тамызсаң да сөздің балын.
Көз тоймас түгел берсем дүние малын,
Тоймастың көзіне құм құйдымміне!"
11-хикметтен
Кең Меулім кеңшілік қып кешіргенмен,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
He таптым жолдан тайып, есіргеннен,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Жақсы ғой жамандыққа ұрынбаған,
Алла Хақ құйды,рас, нұрын маған.
Пірім де жол көрсетіп, шырылдаған,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Маңдайға бұйырғанын көрем Хақтың,
Отан деп биік щықпай, төмен бақтым.
Өксіктен, өлмей тұрып, өрем қаптым,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Жалмардай жұтқынынажарты әлемді,
Құмарымішпек-жемек арта берді.
Сазайын сұмқұлқынның тартам енді,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Өмірдің дүние демей мағынасын,
Ашсам деп үмбетінің бағын асыл,
Тірлікте тыншымады Хақрасул,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Көрмей ме танда махшар зарпымды Алла,
Көз тіксе таразыға тартылғанда -
Қылмысым бастан асып-артылғанда,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Күндіз-түн тынбай жыла, Құл Қожа Ахмет,
Құрметқыл, Расулға бол да үмбет.
Есіркер көңіліңдісонда бірлеп,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Сал мені өз жолыңа, о, Жасаған,
Өлгенше арып-ашып, талдым міне,
Қаралап жалмауыздар боқ асаған,
Қатер мен қорқынышта қалдым міне.
Қуалап қыр көтінен дүние боқтың,
Соңынан сүмең қағып, итше жорттым.
Ақ жол мен Хақ өмірін тұтқан жоқпын,
Ей, достар, батсын қайда қарам міне?!
Әзәзіл құртты адамды -"ілімменен"
Түйедей мұрындықтапмінуменен.
13-хикметтен
Ей, достар, жолдас болып қас наданмен,
Өлдім де - өз қадырым жойдым міне.
Түк шықпас тура жолға бастағанмен,
Қан жұтып,қайғы уына тойдым міне.
Кещемен күнөткізсең - кұнаң асар.
Тозаққа біргекірген - бұл адасар.
Наданнан тозағың да тұра қашар,
Қазандай суық ұрып,солдым міне.
Барма сен, бар ынтанды дұғаға сал,
Құтылсаң,бір жақсылық Құда жасар,
Жүре бер, сорласа да сұрама хал,-
Наданнан жүз мың қорлық көрдім міне
Қайғыдан жетті енді аһ ұрғаным,
Қайдасың, қайырымды сақиларым?!
Жақсыдан жүз садаға пақыр жаным,
Жаманнан қашып, жерге кірдім міне
Қайғысыз қапа қылды шырқымды алып
Жыласам, күлкі күйлер жырқыл қағып.
Аш бақа, ала жылан, сыртын бағып,
Наданнан сасып, саған келдім міне.
Жаманға жазатайым басқан кезде
Жалынсаң, жабысады аспан жерге.
Жарамас қол беруге сасқан жерде,
Наданнан жасып, күдер үздім міне
Жалғыздық, жақсы кетіп, маған қалды,
Еститін бір жақсы сөз заман қалды.
15-хикметтен
31-ХИКМЕТ
Ғашыққа баян қьшсам ғашық мұңын,
Қаза боп аза бойы, сезер, достар.
Елсіздің ебелексіз басып құмын,
Ел-жұрттан,үй ішінен безер, достар.
Ғашықтың азап-дертін ғашық білер,
Танымас артынан күл шашып күлер.
"Жынды" деп, таспен ұрып, тасып күлер,
Табанын табынғандар жалар, достар.
Иман жоқ сүймегенде, жаны да жоқ,
Болмайды Расул сөзін танып әлек.
Кереңге мың айтсаң да мағына жоқ,
Көңілі мақұрымныңқалар, достар.
Түбінде дарияның жақұт жатыр,
Кім сүңгіп алса - сол жан бақытты ақыр.
Нәпсішілнәпа таппас, сатып бақыр
Тиынға ар-иманың кетер, достар.
Алұрыпкүйдім-жандым, төзім қашты,
Бұл қайот: тіл байланып, сөзім қашты?!
Азабы махаббатгың көзімді ашты,
Мұратқа көзіашылған жетер, достар.
Жарылқар жанардан жас сырғығанда,
Адассаң, жүрер жолың нұр ғып Алла.
Қызмет қыл, қолынды алсын, Пірмұғанға,
Жемісін бейнеттенген көрер, достар.
Болды да заманақыр, рақым қалды,
Уағдасы Алларасул жақындады.
Жақсы құлқұлақ асып, ақылды алды,
Жаман құлтүра қашып, өлер, достар.
"Өмір шақ,- Мұстафа айтты,- бауырласып,
Үмбеттер, бірге тұрың қауымдасып!"
Жақсылар ертең ұшпақтауын басып,
Жамандар сазайын бір тартар, достар.
Ораза, намаз білмей, тасырлығын
Танытып, таза жүрмес пасық, зұлым.
Пысқырмас сүндет тұтқан Расул құлын,
Күнәсі күннен күнге артар, достар.
Дүниеқор малға тойып секіреді,
Астамсып, аспан тірер көкірегі.
Күпір боп, көрінде ертең өкіреді,
Иманнан жұрдайболып өтер, достар.
Түбіне жетердей көз бойлатқанға -
Дүние жинауға бір тоймақ бар ма?!
Әзәзіл әңгіртаяқ ойнатқанда,
Жалғаннан жылай-жылай кетер, достар.
Құл ҚожаАхмет, асықтық ісіңді аңғар,
Алла деп садақа бер - қысылған бар.
Дұға қыл:мал қумасын мұсылмандар,
Мұратқаақыретте жетер, достар.
35-ХИКМЕТ
Шарабынмахаббаттың аса құнттай,
Аумаған дуана боп алды, достар.
Аш пен тоқ, пайда-зиян - бас ауыртпай,
Қызықпен сауық-сайран салды, достар.
Шадыман осынау бір шаққа бұлар
Пенде емес мал-мүлік пен таққа құмар.
Сиынып таңсәріден
Хаққа жылар,
Содан соң сауық құрып шулар, достар.
Ұмытып өзін өзі, ұшқындайды,
Байлықпен, ессіз жүріп, іс қылмайды.
"Тақсыр" де жүз мың адам - пысқырмайды,
Бір теуіп дүниені, дулар, достар.
Мақсатсыз ойын-тойға бұлай ынтық -
Аллалап ауызға алмас Құдайын түк.
Дүниеқор дәруішпін деп мүләйімсіп,
Думан қып дүние үшін жүрді, достар.
Дырдусыз ессіздерде маза болмас,
Ондайға Жаратқаннан жаза жолдас.
Көңілі, бойсұнсада, таза болмас,
Сауықты сайтандықпен құрды, достар.
Шашыңды жүгіргенде жұлып сонша,
Құлдық қоймұндайларда құлық болса.
Нәпсіқор,дінсіз, бұзық ұлық болса,
Әзәзілноқтасыз-ақ мінген, достар.
Болса егер айқай-шу қып шалықтасар,
Жер мөңкіп, Алла да бас алып қашар.
Жаратқан, жалбарынам: тамұққа сал!
Шалқып кіл, безді бұлар діннен, достар.
45-ХИКМЕТ
Ғарып халін ғарыпбіліп тұрады,
Бірін бірі жарыққылып тұрады.
Алыс демей, барып біліп тұрады,
Қарындасты қадыр тұту мұрады.
Сусағанда бір жұтымсу деп келіп,
Мұқтаждықтанқанша сорлы кетті өліп.
Дүр кісі боп ашып алған маңдайын,
Білгісі жоқ кемтарлардың хал-жайын.
Дүниеде не бар дейсің мәңгілік,
Олар да ертең міскін болар қаңғырып.
Кел, ҚұлҚожа Ахмет, өзіңе бақ, обал тұт,
Кемсің сен де, міскіндерден нең артық?!
Хақ құлдарыдәруіштер хақиқатты білмейді,
Аққа ғашық болса да, адал жолға кірмейді.
46-ХИКМЕТ
Алла деп құржүргендер - алдап өмір сүргендер,
Аузы қанша айтқанмен, істе көзге ілмейді.
Құлқын құлы өмірді рақат кешу үшін дер,
Міскін Мұстафаайтқан-ды: "Пақырлыққа түсіңдер.
Көңіл бөлмей дүниеге, арамдықтан күсіндер!"
Хақты сүйген адал құл халық бабын табады.
Дүние менікі дегендер - малға иманын сатқандар,
Құзғын құстай нәжіске белшесінен батқандар.
Молда, мүпти атанып - арамнан мал тапқан бар,
Ақты қара қылғандар тамұқта ертең жанады.
Бос дұғаменқазы, имам босқа қинап бағады,
Боқ көтерген есектей боқташақ деп шабады.
Арам әкім араны бітеу жұтып параны,
Өз бармағын, өкініп, өзі шайнап қалады.
Жақсы киім киініп, жылы-жұмсақ піскен не -
Адыра қалар алтын тақ жер астына түскенде.
Аллаға адал құлболу - құр сөз емес, іспенде,
Дүние-малын сарп етіп, хор қызын сол өбеді.
Құл ҚожаАхмет, ұққайсың,
Хақтың жолынтұтқайсың,
ТұтқандарғаХақ жолын дидар нұрын төгеді.
56-ХИКМЕТ
Жапа шексе ғашық жаны жанып қап,
Он сегіз мың ғалам бүкіл қамықпақ.
Қанат қақса көңіл құсы шарықтап,
Бұлбұл болар қайта сайрап бұл жалған.
Махаббатқа жанын жалдап жұмсап-ақ,
Мағрипаттан табам десе мұнша бақ,
Ғашық рухы ішіп қанса сыр шарап,
Бақшасында бақилықтың гүл жарған.
He істесең де Аллаға аян, Ол білмек,
Айтады ақыл: "Зорлық қылма зормын деп"
Құдайжолын ұстанғанға қорлық жоқ,
Тоба тілек қабылына толарсың.
Алғаш рет арам судан ішсе кім,
Көкнәршегіп, көкмилыққа түскенің.
Жаның, тәнің жанып - отқа піскенің,
Күйіп іштен, өртеніп күл боларсың.
Көзге мақтап, сырттан даттап күлгеннің,
Бақай есеп бағып ғұмыр сүргеннің,
Көңілкүйін күйттеп қана жүргеннің
Қара пейілі қанша жусаң ағармас.
Тариқат дүр танып-білсе бәрі де,
Мағрипат дүр қанса білім нәріне.
Хақиқаттың жетпек сонда мәніне,
Басқа жолдан дәруіш бақыт таба алмас.
Құл ҚожаАхмет, қатуланып жолға кір,
Құлды көрсең,қызметшісі бол да жүр.
Құдайберсе, қанағат деп толға жыр,
Боласың сен Аллаға адал сонда құл.
Аударған: Есенбай Дүйсенбайұлы
1 - Хикмет
"Бісміллә" деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен "дәптер сәни" сөзін аштым, міне.
Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,
Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.
Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,
Діні қатты халайықтан қаштым, міне.
Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғыл,
Көре қалсаң мүсәпірді дәмдес болғыл.
Махшар[1] күні құзырына жақын болғыл,
Менменсінген халайықтан қаштым, міне.
Ғаріп, пақыр, жетімдерді Расул білді,
Сол кеште миғраж шығып, дидар көрді.
Қайтып түсіп, ғаріп, пақыр, халін білді,
Ғаріптердің жайын ұғып келдім, міне.
Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғыл,
Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл.
Ырзық берсе, тағдырға қанағат қылғыл,
Қанағат қылып сауық шарабын іштім, міне.
Мәдинеге Расул барып, болды ғаріп,
Ғаріптікте бейнет тартып, болды ғашық.
Жапа тартып, жаратқанға келгені анық,
Ғаріп болып, ауыр жолда бастым, міне.
Ақылға ерсең ғаріптерді мейіріммен сүй,
Мұстафадай елді кезіп, жетімді жый.
Дүниеқоңыз, пасықтардан бойыңды тый,
Бойым тыйып дариядай тастым, міне.
Ғашық есігін Мәулім[2] ашты, маған сыйлы,
Топырақ қылып әзір бол деп мойнымды иді.
Қара нөсер қарғыс оғы келіп тиді,
Найза алып, жүрек, бауырым тестім, міне.
Ділім қатты, тілім ащы, өзім залым,
Құран оқып бойұсынбас жалған ғалым.
Жаным құрбан, аямаймын жоқ дүр малым,
Хақтан қорқып отқа түспей күйдім, міне.
Алпыс үшке жасым жетті, өттім ғапыл,
Хақ әмірін бекем тұтпай болдым жаһил.
Ораза, намаз қаза қылып болдым кәпір,
Иман іздеп жақсыларға жеттім, міне.
Уа, дариға, махаббат шарабынан дәмін татпай
Қатын-бала, үй-мүліктен түгел қашпай,
Қылмыс, күнә айыбын мұнда шашпай,
Шайтанға еріп жан берерде састым, міне.
Иманыма қол ұрып, қайғы салды,
Пірмұған әзір бол деп апиын шашты.
Шайтан қарғыс мұндан қашып кете барды,
"Бихамдилла"[3] нұрлы иман аштым, міне.
Пірмұған қызметінде зыр жүгірдім,
Жұмыс қылып көзімді ілмей әзер тұрдым.
Медет қылды: әзәзілді қуалап ұрдым,
Одан кейін қанат қағып ұштым, міне.
Пақыр мен жетім болсын шат-шадыман,
Мойныңда тұзақ, ғазиз жаның болсын құрбан.
Туыс тапсаң, жан тәніңмен қылғын мейман,
Хақтан естіп бұл сөздерді айттым, міне.
Ғаріп, пақыр, жетімдерді әркім сұрар,
Разы болар ол пендеден Пәруардігәр[4].
Ей, бейхабар, сені ол себепсіз-ақ өзі асырар,
Хақ Мұстафа уағызымен айттым, міне.
Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым салам,
Мұстафаның аманатын бер деп маған.
Сол мезетте мың бір зікір еттім тамам,
Нәпсім тыйып Аллаға бет бұрдым, міне.
Құрма беріп, басым сипап, назар салды,
Сол сәтте ол дүниеге сапар салды.
Қоштасып бұл әлеммен кете барды,
Мектеп көріп, қайнап толып тастым, міне.
"Инна фатахнаны"[5] оқып мағына білдім,
Нұрын төкті: естен танып дидар көрдім.
Молдам ұрып, - тыныш, - деді көз жазбадым,
Басым қатып, мең-зең болып тұрдым, міне.
Ей, надан, мағына осы деп айтты, білдім,
Одан кейін шөлдер кезіп қияқ жедім.
Қуат берді, әзәзілді ұстап міндім,
Салмақ салып, белін басып, жаныштым, міне.
Зікір салып мүсәпір-дуана болдым,
Хақтан өзге бір сөз де сөйлемес болдым,
От іздеген көбелектей шәкірт болдым,
Шоқ болып күйіп-жанып ұштым, міне.
Жалған атақтан арылып сәби болдым,
Алла атын айта-айта ашық болдым.
Аллаға бар жаныммен адал болдым,
"Фанафи Алла"[6] мақамына салдым, міне.
Сүндет емес кәпір болса, берме азар,
Көңілі қатты, діл азардан Құдай безер.
Ондай құлға Алланың азабы даяр,
Даналардан бұл сөзді естіп айттым, міне.
Сүндеттерін бекем ұстап үмбет болдым,
Жер астына жалғыз кіріп нұрға толдым.
Сопылардың мақамына жақын болдым,
Нәпсіні көңіл найзасымен шаныштым, міне.
Нәпсім мені жолдан бұрып қор етеді,
Телміртіп халайыққа зар етеді.
Зікір салдырмай шайтанға "жар" етеді,
Әзірмін деп нәпсі басын жаныштым, міне.
Құл Қожа Ахмет, надандықпен өмірін өтті,
Қасіретпен тізе, көзден қуат кетті.
Қайғы менен өкініштің уақты өтті,
Амалым жоқ, керуен болып көштім, міне.
2 - Хикмет
Иә, достар, құлағың сал осы кепке,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Меғражда хақ Мұстафа рухымды көрді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Хақ Мұстафа Жебірейілге қылды сауал,
Бұл неткен рух тәнге кірмей тапқан жамал?
Көзі жас, халыққа бас, жаны адал,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жебірейіл айтты: үмбет ісі сізге бір хақ,
Көкке шығып періштеден алар сабақ.
Жылаушыға сыйға берер жеті табақ,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Перзентім деп хақ Мұстафа қылды кәләм,
Одан соңыра барша аруақ берді сәлем.
Рахметіне дария толып жетті хабар,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Төрт жүз жылдан кейін шығып үмбет болғай,
Неше жылдар жүріп халыққа жол көрсеткей.
Он төрт мың мүжтаһиттер[7] қызмет қылғай,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Рахымменен пида болды, хабар жетті,
"Зікір айт", - деді, жан дүнием балқып кетті.
"Перзентім", - деп, хақ Мұстафа үлес берді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Тоғыз ай, тоғыз күнде жерге түстім,
Тоғыз сағат тұра алмадым, көкке ұштым.
Ғаршы-күрсі[8] баспалдағын барып құштым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Ғарыш үстінде намаз оқып, тізе бүктім,
Разы болып хаққа қарап жасым төктім.
Жалған ғашық, сопы көрдім оны сөктім,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жаннан кешпей "үһ-үһ"[9] деген бәрі жалған,
Жалталақтардан сөз сұрама жолда қалған.
Хақты тапқан: өзі бостан, сөзі шаттан,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Бір жасымда аруақ маған үлес берді,
Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді.
Үш жасымда шілтен келіп, халім білді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Төрт жасымда хақ Мұстафа берді құрма,
Жол көрсеттім, адасқанды салдым жолға.
Қайда барсам, Қызыр бабам бірге, жолда,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Бес жасымда шариғатқа белім будым,
Дін жолында ораза ұстап әдет қылдым.
Күндіз-түні зікір айтып, тәубә қылдым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Алты жаста тұра қаштым халайықтан,
Көкке шығып, дәріс үйрендім мәләйіктан[10].
Киім киіп, ынтық болдым шын көңілден,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жеті жаста Арыстан Бабам іздеп тапты,
Әр сырымды көрген сайы бүркеп жапты.
"Бихамдиллаһи көрдім", - деп, ізімді өпті.
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Әзірейіл кеп, Арыстан Бабам жанын алды,
Хорлар келіп, торғын тоннан кебін қылды.
Жетпіс мың періштелер жиылып келді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жаназасын оқып, жерден алып, көтерді,
Бір мезетте ұжмақ ішіне жеткізді.
Рухын алып, аспанға ұшып жөнелді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Алла-Алла жер астынан мекен қылды,
Мүңкір-Нәңкір "Раббың кім?" – деп сұрақ қылды.
Арыстан Бабам Ислам дінін баян қылды,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Ақылың болса, жарандарға қызмет қылғыл,
Әмір Мағруф[11] тұтқындарға ізет қылғыл.
Нәһи мүнкәр[12] ұстағанға құрмет қылғыл,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Сегізімде сегіз жақтан жол ашылды,
"Хикмет айт", - деп басыма нұр шашылды.
Бихамдиллаһи Пірмұған шарап ішкізді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Пірмұған хақ Мұстафа шәксіз білгін,
Қайда барсаң сипатын айтып тағзым қылғын.
Жалбарынып Мұстафаға үмбет болғын,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Тоғызымда толғанбадым тура жолға,
Тәбәрік деп алып жүрді қолдан қолға.
Қуанбадым бұл сөздерге, шөлге қаштым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Он жасыңда ұлан болдың, Құл Қожа Ахмет,
Қожалыққа негіз қойып, қылмай тағат.
Қожамын деп жолда қалсаң, міне қасірет,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
3 - Хикмет
Әр таңда хабар келді құлағыма,
Зікір айт деді, зікірді айтып жүрдім, міне.
Құдайсыздарды көріп едім жолда қалды,
Сол себептен ғашық дүкенін құрдым, міне.
Он бірімде рахмет дариясы толып тасты,
"Алла!", - дедім: шайтан менен жырақ қашты.
Әуестік кетіп, менмендік жылжып көшті,
Он екімде бұл сырларды көрдім, міне.
Он үшімде құштарлықты қолға алдым,
Басыма жүз мың пәле қармап салдым.
Тәкәббарды жерге ұрып басып алдым,
Он төртімде топырақ сипат болдым, міне.
Он бесімде хор қызы мен жігіттері келді,
Бас ұрып, қол қусырып, тағзым қылды.
Фардус атты жаннаттан хабар келді,
Дидар үшін баршасын қойдым, міне.
Он алтымда барлық аруақ үлем берді,
Айхай, сізге мүбәрак деп Адам келді.
Перзентім деп мойным құшып, көңілім тапты,
Он жетімде Түркістанда тұрдым, міне.
Он сегізде шілтенменен шарап іштім,
Зікір айтып, әзір боп көкейім тесті.
Несібе берді, жаннат кіріп хорлар құштым,
Хақ Мұстафа дидарын көрдім, міне.
Он тоғызда жетпіс мақам айқын болды,
Зікір айтып іш сарайым таза болды.
Қайда барсам Қызыр Бабам әзір болды,
Рахым етіп шарап берді, тойдым, міне.
Жиырмаға жасым жетті, еттім мақам,
Құдайға шүкір, қызметін қылдым тамам.
Ұшқан құс, құрт-құмырсқа етті сәлем,
Сол себептен хаққа жақын болдым, міне.
Мұсылман емес хикмет айтып жыламаса,
Жарандардың айтқан сөзін тыңдамаса.
Аят, хадис мазмұнын аңдамаса,
Кереметті ғарыш үстінде көрдім, міне.
Кереметті көріп Хақпен тілдестім мен,
Жүз мың түрлі періштемен жүздестім мен.
Сол себепті хақты айтып іздедім мен,
Жан-тәнімді оған пида еттім, міне.
Құл Қожа Ахмет, жасың жетті жиырма бірге,
Не қылғайсың күнәларың таудан да ауыр.
Қиямет күн азап берсе Раббым Қадір,
Ей, достарым, не деп жауап айтам, міне.
4 - Хикмет
Хош, ғайыптан хабар келді құлағыма,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Барша әулие жиылып ырзық берді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Мен жиырма екі жаста толысып жігіт болдым,
Шипа болып, шын дертке дауа болдым.
Жалған ғашық, шын ғашыққа куә болдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Ей, достар, жасым жетті жиырма үшке,
Тағатым жоқ, жалған іс пен даукестікке.
Қиямет күн жалаңашпын, көзім соқыр,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Мен жиырма төрике кірдім Хақтан жырақ,
Ақыретке барар болсам, қане жарақ?
Өлгенімде жиылып ұр жүз мың таяқ,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жаназамның артынан тас атыңдар,
Аяғымнан сүйрелеп көрге атыңдар.
Хаққа құлдық қылмадың деп тепкілеңдер,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жазуменен жасым жетті жиырма бес,
Сұбхан ием, зікіріменен көкейім тес.
Көкірегімдегі түйіндерді сен өзің шеш,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жиырма алты жасымда “сауда” қылдым,
Мансұр сипат дидар үшін талас қылдым.
Пірсіз жүріп дерт пен шерді пайда қылдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жиырма жеті жаста пірді таптым,
Әр сыр көрдім, перделеп бүркеп жаттым.
Астанасын жастанып, ізін өптім,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Мен жиырма сегіз жасымда ғашық болдым,
Жаннан кешіп, мехнат тартып, садық болдым.
Одан кейін дидарыңа лайық болдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Жиырма тоғыз жасқа кірдім, халім харап,
Ғашық жолында бола алмадым мысал топырақ.
Халім – харап, бауыр – кәуап, көз бұлдырап,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Отыз жаста отқа қақтап күйдірді,
Күллі әулие жиылып, дүниеқорлықты қойдырды.
Ұрып-сөгіп дүние қызығынан бездірді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Құл Қожа Ахмет, дүние қусаң, ісің бітер,
Көкіректен шыққан даусың көкке жетер.
Жан кетерде Хақ Мұстафа қолын берер,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
5 - Хикмет
Төтеннен тұрарымда барша әулие,
Хақ сүйспендігін көңіліме салды, достар.
Қызыр бабам дайын мейірін төге,
Медет қылып қолымды алды, достар.
Отыз бірде Қызыр бабам шарап ішірді,
Көңілімнен әзәзілді хақ қашырды.
Сауда қылдым, жазығымды Құдай кешірді,
Содан кейін Хақ жолына салды, достар.
Отыз екі жасымда жетті Хақтан пәрман,
Пенделікке қабыл еттім, қылма арман.
Жан кетерде бергем саған нұрлы иман,
Кәріп жаным шадман болып күлді, достар.
Халқымнан хабар жетті, риза болдым,
Әркім сөкті, яки тепті, сабыр болдым.
Бұл әлемде көзімді ілмей, әзір болдым,
Әуестік пен менмендік кетті, достар.
Отыз үште сақи болып, шарап үлестім,
Тостаған толы шарапты тоя іштім.
Әскер түзеп, шайтанмен мен ұрыстым,
Шүкір Алла, екі нәпсім өлді, достар.
Отыз төртте ғалым болып дана болдым,
Хикмет айт деп Сұбхан айтты, күйіп жандым.
Шілтенменен шарап ішіп дос-жар болдым,
Жан дүнием Хақ нұрына толды, достар.
Отыз бесте мешіт кіріп, дәурен сүрдім,
Шәкірттерге ғашық дүкенін шексіз құрдым.
Теріс жолға әркім кірді – сөктім, ұрыстым,
Ғашықтарға Хақтың нұры түсті, достар.
Отыз жеті жасқа кірдім – оянбадым,
Ынсап қылып, Алла мейірін толғалмадым.
Таңсәріде зар илеп, еңіремедім,
Тәуба қылдым, қожам қабыл қылды, достар.
Отыз сегіз жасқа кірдім, ғұмырым өтті,
Жыламай-ақ өлер уақытым жуық жетті.
Ажал келіп, шектеулі уақтын тосты,
Білмей қалдым, ғұмырым ақыр болды, достар.
Отыз тоғыз жасқа кірдім, қылдым қасірет,
Уа, дариға, өтті ғұмырым, қане тағат?
Қанағатшыл Хақ қасында хош-сағадат,
Қызыл жүзім, тағат қылмай солды, достар.
Шаш пен сақал ағарды – көңілім қара,
Махшар күні рахым еткін, халім нашар.
Саған аян: амалсызбын, көп дүр күнәм,
Бар періште жазығымды білді, достар.
Пірмұған шарабынан тамшы таттым,
Жол таба алмай бас айналып, түндер қаттым.
Бихамдилла, ізгілік берді, нұрға баттым,
Көңіл құсым жеті қат көкке жетті, достар.
Қияметтің азабынан ақылым қайран,
Көңілім қорыққан, жаным үріккен, көкірек – ойран.
Ділім шошып сират атты қыл көпірден,
Ақылым кетіп, естен танып қалдым, достар.
Құл Қожа Ахмет, қырыққа кірдің, нәпсіңді тый,
Мұнда жылап, ақыретте есіңді жый.
Иман – шариғат, мәні – тариқат,
Құдай деген Хақтан үлес алды, достар.
6 - Хикмет
“Иә иләһи” сенің даңқыңа хикмет айттым,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Тәуба қылып, күнәмнан қорқып қайттым,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Қырық бірімде ықылас қылдым жол табам деп,
Жарандардан әр сыр көрсем, мен табам деп.
Пірдің ізін тауып мен өбейін деп,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Қырық екімде шәкірт болып жолға кірдім,
Ықылас қылып жалғыз Хаққа көңіл бердім.
Ғаршы-күрсі лаухыдан[13] өтіп ғалам кездім,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Қырық үшімде Хақты іздеп зар еңіредім,
Жағамды ұстап жылап жүрдім гүлзарымда.
Мансұр[14] сипат бас тіктім ғашық дертіне,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Қырық бесімде сене қажет тілеп келдім,
Тәуба қылдым, әр іс қылдым, қате қылдым.
Иә Иләһим, рахметіңді ұлық білдім,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Қырық алтымда зауқым асып, толып тасты,
Рахметіңнің нұры тамып шайтан қашты.
Хақтан шабыт жолдас болып есік ашты,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Қырық жетімде жеті жақтан шабыт жетті,
Сақи болып жам-шарапты Ием тұтты.
Шайтан өліп, нәпсі құйын өзі кетті,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Қырық сегізде ғазиз жаннан безер болдым,
Күнә дерті ауру қылды, кесел болдым.
Сол себептен Хақтан қорқып көз ілмедім,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Қырық тоғызда ғашық болып күйіп жандым,
Мәжнүндей туған-туыстан қашып тындым.
Түрлі-түрлі жапа көрдім – мойынсұндым,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Елуімде ермін дедім, дәрменсіздік,
Қан төкпедім көзімнен бауырымды езіп.
Нәпсім үшін жүрер едім иттей кезіп,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Құл Қожа Ахмет, ер болмасаң, өлген жақсы,
Қызыл жүзің қара жерде солған жақсы.
Топырақ сипат жер астында болған жақсы,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
1-6 хикметтер қазақ тіліне аударған М. Жармұхамедұлы
[1] Махшар (ар.) – Адамдарды о дүниеде жазалайтын күні жиналатын орын.
[2] Мәулім (ар.) – Молда, мәртебелі тақсыр. Алланың бір сипаты.
[3] Бихамдилла (ар.) – Құдайға шүкір.
[4] Пәруардігәр (пар.) – Хақ, Жаратушы.
[5] Инна фатахна (ар.) – Құран Кәрімнің 48-ші “Әл-Фатх” сүресінің бірінші аяты. Мағынасы: Шын мәнінде Біз саған нағыз жеңіс сыйладық.
[6] Фанафи Алла (ар.) – Құдайшылық жолында Аллаға беріліп, сіңіп кету.
[7] Мүжтаһид (ар.) – ыждағат, ынта, ықылас.
[8] Ғаршы-күрсі (ар.) – Ислам фәлсафасындағы Алланың әміріне бой ұсынылатын ғалам.
[9] Үһ-үһ, дұрысы һү-һү (ар.) – "Ол, ол!" деп сопылардың Аллатағаланы меңзеп айтқан зікірі.
[10] Мәләйік (ар.) – Періште.
[11] Әмір Мағруф (ар.) – Ислам дініндегі қырық парыз, немесе орындалуға тиісті Аллатағаланың әмірлері.
[12] Нәһи мүнкәр (ар.) – Тиым салынған қырық парыз.
[13] Лаух, дұрысы Лаухул-махфұз (ар.) – Алланың құдіретімен адамдардың болашақ тағдыры жазылатын тақта. Бұл туралы Құранның 82-ші “Әл-Бұруж” сүресінің 22-ші аятында жазылған.
[14] Мансұр, Әл-Халлаж – һижри санауымен үшінші ғасырда өмір сүрген сопы. Өзінің әйгілі “Әнәл-Хақ” (мен Хақпын) деген сөзімен кең танымал.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?