Ахмет Йассауи «Даналық кітабы». Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 11-сабақ.
http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/qoja-ahmet-yassaui-jane-onyn-ilimi-467/#gsc.tab=0
Қожа Ахмет Яссауи және оның ілімі
Бақ БЕР
Түркі даласының төл перзенті, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауи (? – 1166 ж.) қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ерекше тұлға, Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті өкілі. Туған жері – қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибрахим мұсылманша сауаты мол, көкірегі ояу, көзі ашық жан болған.
Ұстазы Юсуф Хамадани – Имам Ағзам жолын берік ұстанған ғұлама болатын. Діндар ғұлама Құранға жүйрік болумен қатар жан шуағын ешкімнен аямайтын, жетім-жесірлерге қарайласатын, шәкірт тәрбиелейтін өте білімді әрі мейірімді жан еді. Өле-өлгенше тақуалықты пір тұтқандықтан, тұратын үйінде киіз төсеніш, екі жастық, құман, ыдыс-аяқ қана көзге түсетін деседі. Юсуф Хамадани сияқты ары таза, жаны пәк адамнан тәлім-тәрбие алған Қожа Ахмет ұстазының бүкіл жақсы қасиетін бойына сіңіре білген. Иран, Қорасан, Мауараннахр өлкелерін аралап, халықты мұсылмандыққа уағыздаған сапарында Қожа Ахмет ұстазымен бірге жүріп, одан көп өнеге алған. Бұған қоса, Арыстан баба атты түркі шейхінің де сүйікті шәкірті болғаны мәлім.
Көзін ашқаннан діндар отбасында өскені бар, тақуа ұстаздан білім үйренгені бар әрі өзіөмір сүрген заманның ықпалы бар Ахмет те жастайынан өз өмірін ізгілік пен мейірімділікке, адамгершілік пен тақуалыққа арнағанды жөн көреді. Сол себепті ол халыққа рухани-ағарту жұмысын жүргізу керектігін ерте түсінген.
Тарихқа қарасақ, орта ғасыр Ислам өркениеті мен мәдениетінің ықпалы күшейген кезең екенін көреміз. Сопылық ағым да осы кезде (хижра жыл санауы бойынша VII−VIII ғғ.) кең қанат жая бастады. Сол себепті осындай аса жауапты кезеңде өмір сүргендіктен, Ахмет Яссауи өз шығармаларында адамгершілік пен имандылықты ту етті. Бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына арнап, Ахмет Иүгүнеки, Сүлеймен Бақырғани, Сығанақи, Дулати, Кердерілер секілді тек қана ақиқатты жырлады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Ислам дінінің өлмейтін-өшпейтін құндылықтарын дәріптеді. Қолына қалам алып, даналық сөздерін жаза бастады.
XII ғасырдағы көне түркі тіліңде жазылған «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») − оғыз-қыпшақ тілінде жазылған әдеби төл туынды. Замана шындығы, өз өмірінің бет-бейнесі, ғұмырлық тәжірибесі, Алланың ақ жолын табу мен тану үшін не істеу керек деген ой – кітапта көтерілген негізгі тақырып болып табылады.
«Хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені XV − XVI ғасырлардағы көшірмелері ғана. Көшірмелері өте көп. Олар негізінен Стамбулда, Қоқанда, Ташкентте, Мәскеуде, Алматыда сақтаулы.
Ахмет Яссауи аталмыш жинағында әр мұсылманның бойында Аллаға деген зор сүйіспеншілік, Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) деген ыстық махаббат болу керектігін сүйсіне жырлады. Мұсылмандарды көркем мінезді болуға шақырды. Өмірдің жалғандығы, ақыреттің негізгі өмір екендігін түсіндіретін, бұл дүниеде жасалған әрбір іске ақыреттік сауал болатыны секілді Құранмен үндесетін ақиқаттарды тілге тиек етті. Сол арқылы түркі халықтарының ақиқатқа көзін ашып, Аллаға деген құрметі нарттыра түсті, Исламға деген танымын кеңейтті. Сондай-ақ, сопылық жолдың да негіздерін дұрыс түсіндірді. Шариғат, тариқат, ақиқат, мағрифат ұғымдарының маңыздылығына тоқталды. Сопылықты – адамның өз-өзін кемелдендіруі, нәпсіқұмарлығынан тазартып тәрбиелеуі, бойдағы ізгі қасиеттерін ұштауы, Исламды толық ұстанатын, таза тақуалық жолға бет бұру деп түсіндіруге болады.
Яссауи өз хикметтерінде тасаууыф ілімі туралы кең мәлімет беріп, оны шын мәніндегі ілім ретінде жоғары бағалады. «Менің асыл хикметімді жаны ауырмасқа айтпағым, баға жетпес інжуімді құнын білмеске сатпағын» деген сөзі осыған дәлел. Түркі тілдес халықтар арасына Ислам діні осы сопылық жолмен кең тарады.
Алайда ойшыл бұл жолға дайындықсыз, білімсіз келетіндерді ащы сынады.
«Диуани хикметтегі»:
«Бес жасымда шариғатқа белім будым,
Дін жолында ораза ұстап, әдет қылдым» деген сөздері оның өз ұстанымына қаншалықты адалдықпен қарағанын айқындайды. Яғни, өзі шариғат ілімін, атап айтқанда, Құран аяттары мен хадистерге қанық болуға, Ислам дінінің заңдарын білуге бес жасынан бастап ден қойғандығын білдірген. Ал, тариқат – ақиқатқа жетелейтін жолдардың біріне түсуді білдіреді. Ол әркімнің өз еркіндегі дүние деп қаралған. Ақиқат – сол жолда жанкештілікпен жатпай-тұрмай ізденген адамның дүние сырын там-тұмдап тани бастауы, ал мағрифат абсолютті шындықты толықтай түсінуді, Хақпен дидарласуды білдіреді.
Ахмет Яссауи адам бойында кездесетін даңққұмарлық, мақтансүйгіштік, күншілдік, екіжүзділік, сатқындық, надандық, кекшілдік, алдау сияқты жаман әдеттердің болатынына қынжылыс білдіреді. Ұят, ынсап, әділдік, кішіпейілдік, қарапайымдылық, адалдық, тақуалық секілді ізгі қасиеттердің төмендеп кеткеніне күйінеді. Саналы болуға, терең ойлануға, өмірдің ақиқатын түсінуге шақырады. Сол үшін әдептілік пен тектілікті дәріптеуді, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікті өз шығармашылығының мұраты етеді.
Яссауи мұраларының мәні ешқашан жойылмақ емес. Ол бүгінгі өмір үшін де аса маңызды. Әсіресе, жастарды имандылық пен ізгілікке, отансүйгіштікке, адалдық пен тазалыққа, төзімділікке шақыруда оның берері мол.
Қазіргі уақытта қоғамның әрбір мүшесінің елге жанашыр азамат болып қалыптасуы, адами құндылықтарды құрметтеуі, өзге дін өкілдеріне төзімділікпен қарауы қаншалықты маңызды болса, біз сол идеялардың кешегі Яссауи бабаларымыздың мұраларынан бастау алатынына қазір анық көз жеткізіп отырмыз. Сол үшін исламның тарихын, жүріп өткен жолын, ата-бабаларымыздың ислам мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесін тану – парыз. Осы орайда, елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқан «Біз тегіміз – түрік, дініміз – Ислам екенін ұмытпауымыз керек» деген ұстанымды жетекшілікке ала отырып, Яссауи жолын, оның діни-ағартушылық көзқарастарын концептуалды түрде дамыту қажет. Сонда ғана биік дамуға бет алған әлемдік өркениетке өз үлесімізді қоса алмақпыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?