Ақтамберді жырау «Күлдір- күлдір кісінетіп» толғауы. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 18-сабақ.
Ақтамберді жырау «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауы
http://bilim-all.kz/olen/1907-Kuldir-kuldir-kisinetip
Бекболат Тілеуханның орындауында «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауы
https://www.youtube.com/watch?v=8lEVCzKb6W0
Қазақ поэзиясындағы жыраулық дәстүр Ордада ханның қасында әр уақытта ақылшы жыраулар болған. Жыраулар - халық поэзиясын жасаған ақылғөй даналар. Олар заманының өздері куә болған елеулі уақиғаларын, тарихи кезеңдерді жырға қосқан...Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет халық жасаған ауыз әдебиеті деп аталды. Жыраулар поэзиясы Қазақ хандығы құрылғаннан бастап (XV ғасыр) өріс алды. XV ғасырда Асан Қайғы, Қазтуған жыраулар өмір сүрді.Жырауларды халык, қадір тұтқан. Ел толқыған кезде, бүліншілік шыққанда немесе ел шетіне жау келген кездерде ақыл, кеңес сұрайтын болған. Мұндай кезде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға күш-қуат беріп (дем беріп), істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған. Жыраулар поэзиясы ХV-ХVII ғасырлар аралығын қамтиды.Жырау деген атау "жыр" сөзінен шыққан. «Жыршы» деп көптеген эпостық жырларды жатқа білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды таныған.Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары - туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау.Жыраулар поэзиясының маңызы мен тақырыбы
Жыраулар поэзиясының құндылығы неде? "Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің, – дейді М.Әуезов, – ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан. Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды: сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып айтып бермейді. Әдейі көмескілеу жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет есебінде айтылады". Ғалымның осы ғұламалық пікірінде жыраулар поэзиясының идеялық-көркемдік мәні терең ашылған.Халқымыздың осы зергерлік сөз тұнығына әрі ақын, әрі ғұлама Шәкәрім де ден қойған. Ол "Ескі ақындық" деген өлеңінде халық мұрасын, ауыз әдебиетін, жыраулар поэзиясын аса жоғары бағалаған:Тақпақ пен мақал тағы артық,
Суырып салма жағы артық,
Айтады олар ойланбай,
Сыпыра жырау, Шортанбай,
Үмбетей мен Марабай
Алды-артына қарамай,
Соққанда жырды суылдап,
Жел жетпейтін құландай.
Шәкәрім ескі ақындар поэзиясында "терең сыр" барын таниды. Олардың жырында "қыран құстың ұшқаны", "ақбөкеннің жүрісі", "жайдақ желдің желісі", "мөлдір қудың аққаны", "жел жетпейтін құландар жүйріктігі", "адам жанының жайма шуақ кезеңі" – бар-баршасы, көшпелі қазақ өмірінің бүкіл әлеуметтік, рухани тіршілігі бейнеленген деп керемет ой түйген. Жыраулар поэзиясын айтулы сөз зергері Мағжан Жұмабаев та "Батыр Баян" поэмасында:Бұқар мен Тәтіқара жырлағанда
Толқынды тұңғиық боп төгілді жыр,
– деп аса қадірлеген. Демек, жыраулар поэзиясы – халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұрамыз. Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген ауыртпалықтарын жырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ой-санасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы. Жыраулар поэзиясы соны философиялық терең ойға толы. Олардың поэзиясы өсиетнама түрінде келеді. Сондықтан да жыраулар поэзиясында нақыл, афористік сөз оралымдары мол.Жыраулардың өз толғауларында көтерген негізгі тақырыбы қандай? Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы — туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген Асан қайғының: "Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшер" – деген ақылгөй сөзі – сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да "қайран менің Еділім" – деп еңіреп өткен. "Еділдің бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап" – деп Доспамбет жырау армандаған, "ауылдан топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май жемесе қонағым... он кісіге жараса, бір кісіге асқан тамағым", – деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт, тыныштық өмірді қалаған. Жыраулар поэзиясы еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол еліне жалынды жырларын арнаған, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаган әйгілі халық батырларының ерліктерін жырлаған. Мысалы, Тәтіқара ақын:
Бөкейді айт, Сағыр менен Дулаттағы,
Деріпсәлі, Мандайды айт Қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт Уақтағы.
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт,
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменәлі Керейде, ер Жабайды айт,
–деп дәріптеген.Жыраулар өмір жайлы, достық жайлы, адамгершілік, ерлік жайлы, тіршілік жайлы жыр шерткен.Олар өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бірқалыпта тұрмайтынын ("мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған" – Шалкиіз), үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған. Жыраулар поэзиясында адамгершілік этика, мораль мәселелері кең орын алған. Оларда бүгінгі жастар ғибрат, тағлым алар дүниелер молшылық.Жыраулар поэзиясы өзінің әлеуметтік, адамгершілік сарынымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды.Жыраулар поэзиясында синтаксистік параллелизмге, дыбыс үндесулеріне, ішкі ұйқасқа құрылған өрнектер де аз емес. Арнау түріндегі сөз қолданыстар да баршылық. Жыраулар өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған. Оған бірнеше мысал келтірейік:Жабағылы жас тайлақ,
Жардай атан болған жер.
Жатып қалған бір тоқты,
Жайылып мың қой болған жер
(Қазтуған)Жырау "ж" дыбысын тамаша сөйлете білген. Дауысты дыбыстарды да шебер қолдана отырып, жыраулар өлеңнің музыкалық сазын күшейткен. Шын көркемдік тәсіл арқылы олар оқушысын шығарманың ішкі иірімдеріне ендірумен қатар, эмоциялық әсерін үстей түскен. Мысалы, Жиембет жырау:Еңсегей бойлы ер Есім,
Есім сені есірткен,
Есіл менің кеңесім,
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
–деп тәж-тағына есірген Есім ханның қылығын ашу үшін "е" дыбысынан өрнек жасап сөйлеткен.
Ақтамберді жырау сұрай арнау сияқты көркемдік тәсілді ұтымды пайдаланған. Оның "Күлдір-күлдір кісінетіп" толғауынан:Күлдір-күлдір кісінетіп ,
Күреңді мінер ме екенбіз...
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке тон киер ме екенбіз?!
Төтелеп жүріп жол салып,
Қолды бір бастар ма екенбіз?!
– деген жолдар арқылы өлеңнің әсерлілік қуатын күшейткен, әрі "к" дыбысын қайталай қолдану нәтижесінде өлеңнің саздылығын үдеткен. Жыраулар психологиялық синтаксистік параллелизмді де шеберлікпен қолданған. Мысалы:Уа, қарт Бөгембай!
Құяр жауын аспаннан
Қара бұлт торласа,
Пәлекет елде көбейер
Жігітті жігіт қорласа.
Ақбөкен келіп жығылар,
Алдын қазып орласа,
Пеңденің бағы ашылмас,
Маңдайы қалың сорласа...–
(Ақтамберді) деп, табиғат пен адам тағдырын жарыстыра, салыстыра бейнелей отырып, өлеңнің мән-мазмұнын тереңдеткен, әсерлі еткен. Мұнан жыраулар поэзиясының көркемдік сапасын айқын аңғаруға болады.Әдебиетімізді жаңа тарихи кезеңде, ел басына қиын қатер төнген шақта, екіталай кезеңде – XVIII ғ. бірінші жартысында жаңа, соны ой-толғанысымен, көркемдік сөз өрнегімен әрі қарай дамытқан Бұқар жырау. Оның жыр-толғаулары – сол тарихи дәуірдің көркемдік көрінісі.XVIII ғ. әдебиетінен соның ірі өкілі Бұқар жырау поэзиясы монографиялық түрде арнайы өтіледі. Асанқайғы(XVғасыр)Енді XV-XVIII ғғ. елдің әлеуметтік тіршілігі, халық тағдыры, арман-мұраты жеке жыраулар поэзиясында қалай көркемдік шешімін тапқан екен, соған тоқталып көрелік. Асан – өз заманының асқан ақылгөйі. Жыраудың өзі айтқандай, онан қалған "таза мінсіз асыл сөз" аз болмаса керек, бірақ олардың бәрі біздің заманымызға жетпеген. Оның қазір қолда бар өлеңдерінен ірі сөз зергері, терең ойшыл ақын екенін танимыз. Асан атына "қайғы" деген сөз қосылуы да көп нәрсені аңғартады. Мұнан біз оның желмаяға мініп, еліне шұрайлы, жайлы қоныс, шүйгін жер іздеумен өмір кешкен халық қамқоры екенін танимыз. Асан ел тыныштығын армандаған.Мал баққан көшпелі елге керегі – бейбіт тіршілік. Бірақ, ол кезде жаугершілік, басқыншылық, соғыс, құнарлы жер үшін ұрыс-қақтығыс жиі болып тұрған.Олар ел берекесін кетіріп, күйзеліске ұшыратқан. Жырау халық басына төнген осы ауыртпалықты көре білген.Асан қайғы "Әй, хан, мен айтпасам білмейсің" деген Жәнібек ханға айтқан толғауында "шабылып жатқан халқың бар, аймағын көздеп көрмейсің" – деп күйзелген халқының қамын ойлау орнына "қымыз ішіп қызарып, масаттанып, қызып, өзінен басқа хан жоқтай елеуреп, бақ-дәрежесіне, мансабына масаттанған" ханға батыл үн қатады. Жырау бұл жерде ханның мақтаншақ, парықсыз, ұшқалақ мінезін тамаша бейнелеген. Елінің қамын, ертеңін ойламаған ханға жырау "Ойыл көздің жасы еді... Ойылдан елді көшірдің, Жемде кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің... Еділ деген қиянға, еңкейіп келдің тар жерге", – деп нали тіл қатады.Асан қайғы ел, халық тағдырына, болашағына терең көз жібереді, қабырғасы қайыса жыр төгеді, болжам жасайды. Жырау ханға:Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір, –
деп ақыл-кеңес береді.
Ақылгөй жырау "ата жұрты – бұқара" күшін жоғары бағалайды. "Еділ бол да, Жайық бол, ешкімменен ұрыспа" – деп, елді бірлік-ынтымаққа шақырады. Жырда ғибрат, өнеге аларлық парасатты ой түйіндері мол. Ол өз тұсындағыларға да, келешек ұрпаққа да биік адамгершілікті уағыздаған.
Сарыұлы Ақтамберді (1675 - 1768) атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар.Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады.Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады.Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтамберді айтарлықтай роль атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.Ақтамберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болп келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халқының мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көзқарастары анық аңғарылады. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер өміріндегі орыны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтамбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны «тіршілік көзі, жігіттің көркі» деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды.Ақтамберді жырларындағы негізгі сарын ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орыны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен айқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп білді.Аласапыран кезеңде туып, шайқас алаңында шыңдалып өскен Ақтамберді жырлары қазақтардың он сегізінші ғасырдағы жаугершілікке толы өмірінің шынайы суреттерін алға тартады. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелеген. Қысқа, нақыл, шешен сөздердің шебері. Ол 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болған. 1738-1752 жылдары қазақ-қалмақ арасында болған қанды қақтығыстардың барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау болған. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» және тағы да басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы.Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады.Ақтамберді толғаулары мен жырлары С.Мұқановтың «Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?