Шығарманың жоспарын құру. Бармақтай Барақ батыр. Әңгіме. Әдебиеттік оқу, 4 сынып, дидактикалық материал.
Қосымша №1
«Кoмплимeнттepдiң бұpқacыны» әдici
Мысалы:
- Сен сүйкімдісің,
- Бүгін өте көңілдісің,
- Сен мықтысың,
- Сенің күшін көп,
- Саған бұл киім жарасады және т.б.
Қосымша №2
«Кір жайылған жіп»
Сұрақтар үлгісі:
-Қандай қазақ батырларын білеіңдер?
-Қазақ батырлары туралы қандай өлең, жырлар, шығармалар білесіңдер?
-«Жекпе-жек - батырлар мұрасы» сөзді қалай түсінесіңдер?
Қосымша №3
«Кім жылдам?» ойыны
- Қарулардың түстері қандай?
- Көлемі қандай?
- Қандай ерекшеліктері бар?
Қосымша №4
«Айрықша тапсырма»
«Бармақтай Барақ батыр»
Бұл оқиға баяғы қалмақтың қанды қырғын соғысынан көп кейін, «Алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыдан» көп жылдар өткен соң болса керек. (Жау шапқанда халықтың босып, көлге әзер жетіп сұлық түсіп құлағанын, жалаң аяқ жапа шеккенін айтқаны).
Бір күні жасы жетпіс беске келген қарт батыр Түгел түс көреді. Бір алып айдаһар зәрін шашып, уын бүркіп, қазақтың жерінің апшысын қуырып келеді екен. Күннің көзін ақ бұлт жауыпты. Жер беті жаңағы айдаһардың бауырында шұбырған жыланнан көрінбей қалыпты. Бір мезеттер болғанда жаңағы ақ бұлттың арасынан жарқ етіп бір бүркіт шыға келіпті; бір саңқ етіп алып айдаһарды жұтып қойыпты. Бүркіттен үріккен жыландар бытырап өзінен өзі жоқ болыпты. Түгел батыр түсін жақсылыққа жорыпты.
Бұл кез қазақтың ер Жәнібегі, Есет батыры мен қанжығалы қарт Бөгенбайы бастаған батырлары жаудан есе қайырып бір тыным алған шақ екен. Ол батырларға уақыт жетіп қайтпас алыс сапарға кеткен екен (өлді).
Сол кездерде қалмақтың Алакөбек деген батыры есейіп, ес жиып, өз ханына келіпті. «Хан ием, баяғыда қазақта кеткен есемізді қайтарайық. Қазір қазақта Бөгенбай, Есет, Жәнібектер жоқ. Солардан кеткен кегімді қайтарайын. Қол жинап беріңіз», - депті. Хан да мұны теріс көрмепті. Бірақ халқы бұл соғысқа онша құлқы болмай, амалсыздан әскер жинапты. Алты ту көтеріп шаһарынан шығыпты. Бір ту жасақта мың кісінің бар екендігін білдіреді. Жер қайысқан қолменен Алакөбек батыры әндетіп келеді дейді. Олардың бұл жорығынан хабардар болған қазақ жағы да алдын ала қам жасап, бір жерді белгілеп, үш атаның баласы бір тудың астына жиылыпты. Әр елден жиылған батырлар соғыс болатын жерде қоршалай тұрыпты. Қолдарында үш ту бар екен. Яғни қазақ батырлары үш мыңға жетіпті. Ту ұстайтын хан баласы арасында жоқ екен. Талай соғысты көрген, талай жасқа келген, кезінде елге билік айтқан Түгел атаға туды өзің ұста депті.
Қалмақта Алакөбек батырдың нағыз толысқан шағы болса керек. Алдына келген жауын жеңбей тынбапты. Басын кеспей жібермепті. Атын ойнатып, майдан даласында:
-Әй, қазақ! Жекпе-жекке шық. Шыға алмасаң туыңды жық! Түгіңді қоймай қырамын! – деп, арқырап жүріпті. Ана тудың алдына бір барыпты. Мына тудың алдына бір барыпты. Алпамсадай денесі, жауар бұлттай қабағы бар батырдың мысы елді түгел басыпты. Ұлы жүздің батырларының алдына келіп термелегенде Жыға батыр шыдамай ту ұстаған Түгел атаның алдына барып, жүгініп бата сұрапты. Жыға да айтулы ер еді. Алакөбек: «Мен келіп тұрған қонақ, сондықтан кезегімді бер» деді. Ер Жыға кезекті беріп, қасқайып қарсы қарап тұрды. Алакөбек қорамсаққа қол салды. Сауыт бұзар деген жебесі қолына ілінді. Оған қуанған қалмақ шірене тартты. Жебе тиген Жыға батыр аттан ауды. Алакөбек шаттанып, одан әрмен құтырды.
-Әй, қазақ! Тағы кімің бар? Бір тартқаннан жанын жаһанамға жіберемін, - деп даурықты. Енді қазақ састы. Көрінеу ажалға беттей алмай ұйлықты. «Туыңды жық! Жеңілгеніңді мойында!» - деп, арқырап Алакөбек жүр майдан даласында жортып. Ту ұстаған Түгел қарт қиналды. Туды қасындағы жолдасына беріп, өзі сайысқа шықпаққа сайланды. Сол кезде көрген түсіндей болып ұран салып кіші жүзден бір батыр шыға келді. Екі жақта тізіліп тұрған көп сарбаз сілтідей тынды. Бала бара жауға айқасты. Алакөбектің қырықтан асып, бар қайраты тасып, әбден толысқан кезі. Бала он сегізге енді жеткен. Қалмақ тағы да:
-Тоқтат, бала. Жап-жас екенсің. Сауыт-сайманыңды таста да кете ғой! Саған қылышымды қандамай-ақ қояйын, - деп кекеді. – Келіп тұрған мен. Сондықтан бірінші кезек менікі. Соңғы кезек сенікі! – деді.
Алакөбектің атқан оғы балаға дарымады. Енді найзасын ала шапты. Оны да бала қағып түсірді. Жанына келгенде ат үстінде жаудың жағасынан ала түсті. Байшұбар атқа мінген Алакөбек таудай болса, бала оның қасында бармақтай-ақ. «Көрген түсімді оң қыла гөр», - деп Түгел батыр Алласына сыйынып тұр.
Бала ұстаған жерінен айырылмай қатып қалған. Алакөбек бір сілкіп құтылармын-ақ деген еді. Онысы болмады. Темірдей қол жіберер емес. Бармақтай баланы жағасынан түсіре алмай қалмақ сасып жүр. Қол күшіне шыдамай, тұлпарлары тізерлеп шөгіп кетті. Бала жерге түсіп, жағасы сөгілген темір сауытты одан әрмен жерге қарай жанышты. Күрескен жері шаң болды. Қайратына елі таң болды. Дүрлігісіп, қалмақ даң болды. Тымақтай жұлам деген қалмақ бармақтай ғана баланың жермен бірге біткендей аяғын топырақтан көтеріп ала алмады. Баланың көзі бір кездерде жанына байланған қылышына түсті. Кезінде Сәрке батыр нағашы атасы сыйлаған алмас қылышқа көзі түсуі мұң екен, бала алдаспанын суырып алып, қалмақты жамбастан шауып түсірді. Мұны көрген көп қалмақ келген жағына қарай жапырыла ығысты. Қазақ қуанып шуласты. Жау жағынан ту ұстаған батыры бармақтай балаға жақындап:
-Батырымызды өлтірдің. Жеңіс сенікі. Біздің соғысуға құлқымыз жоқ. Бейбіт тарасайық. Кек аламын деп аламан жинаған Алакөбек өлді. Біз елімізге қайтамыз, - деді.
Жаудың қашқанын көріп қазақ желпінді. Қуып жетіп «өзі жау тілеп келіп еді. Осы жерді «қалмақ өзі келіп қырылған төбе» атандырайық. Ендігәрі қазаққа беттеместей қылайық» деп, шуласып Түгелге келді. Түгел сонда толғады. Жығаны жау жыққанда неге үндемедіңдер? Ал біреуің жекпе-жекке шық дегенде неге үндемедіңдер? Ал біреуің жекпе-жекке шық дегенде неге бұғып қалдыңдар? Енді «қашқан жауға қатын ер» деп, артынан қуамын дейсіңдер. Одан да Отанды жаудан қорғап, ерлік көрсеткен бармақтай баланы тауып келіңдер. Сонымен ақылдасыңдар» депті.
Жау түсірген баланың аты Барақ екен.
-Ата, кешіріңіз. Сіздің туды біреуге беріп жатқаныңызды көріп асығып шығып кеттім. Жауға сізден бұрын жетейін. Әскер басшысыз қалмасын деп асықтым, батаңызды алмадым, - деді.
Түгел батыр аса риза болды. Барақтың «олар да өзіміздей адамдар. Ханы зорлаған соң келген екен. Бала-шағасына асығып барады» деген сөзінен кейін желпінген батырлардың бәрі тоқтады.
Содан былай бармақтай Барақ батырдың айдыны асып, батыстан келген жаудан елін бір өзі қорғап тұрды. Тарихта «Асау – Барақ» деген аты қалды. Бейіті әлі бар. Асау барақтан туған ұл. Екеуінің арасы жиырма жас. Әкелі-балалы ол батырлардың тірі кезінде еліне батып жау шаба алмапты.
Барақ батырдың суреті
Мәтін бөліктері. Үлгі:
1.Басы
2.Ортасы
3.Соңы.
Қосымша №5
«Кім байқағыш?»
«Бармақтай Барақ батыр» әңгімесін қажетті ақпаратты тауып оқи отырып, маңызды деген тұстарды анықтап кестеге белгілеп жазыңдар.
Түгел батырдың көрген түсі | |
Қалмақ батыры Алакөбектің жорыққа жиналуы | |
Қалмақ батыры Алакөбектің қуанышы | |
Кіші жүзден шыққан Барақ пен Алакөбектің шайқасы | |
Барақ батыр жеңісі |
Бағалау.
«Жетістік баспалдағы»
Қосымша №6
Қалыптастырушы бағалау
«Бірлескен оқылым» әдісі
Мәтінге талдау жасап, бастапқы ортаңғы, соңғы бөлімдерін тауып қоршап сызыңдар.
Жоспардың үлгісі:
1.Түгел батырдың көрген түсі
2.Қалмақ батыры Алакөбектің жорыққа жиналуы
3.Қалмақ батыры Алакөбектің қуанышы
4.Кіші жүзден шыққан Батыр мен Алакөбектің шайқасы
5. Барақ батыр жеңісі
Дескрипторлар: .
-мәтіннің құрылымдық бөліктерін ажыратады;
-мәтінді бөліктерге бөліп, ат қояды;
-жоспар құрастырады;
-жоспар бойынша шығарманың мазмұнын айтады.
Қосымша №7
Рефлексия
«Аяқталмаған сөйлем» әдісі
Өздеріңе жақын сөйлемді таңдап, айтылған ойды жалғастырыңдар:
-бүгінгі сабақта мен....түсіндім, ...білдім, ....көзімді жеткіздім.
-бүгін сабақта қуантқаны.....
-мен өзімді.....үшін мақтар едім.
-маған ерекше ұнағаны.....
-қызықты болғаны.....
-......қиындық тудырды.
-менің түсінгенім.....
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?