Көкшетау - Сәкен Сейфуллин

Көкшетау - Сәкен Сейфуллин

Көкшетау

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы.
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
Сексен көл Көкшетаудын саясында,
Әрқайсы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа, жұпар иісті
Көкірек канша жұтса, тоясың ба?
Ырғалған көкке бойлап қарағайы,
Қасында көк желекті әппақ қайың,
Жібектей желмен шарпып төңіректі,
Балқытып мас қылады иіс майы.
Қарағай биік шыңды қиялаған.
Еш адам оны барып қия алмаған, -
Шаңқылдап тау жаңғыртып, шыңға қонып,
Жалғыз-ақ көк қаршыға ұялаған.
Көкпеңбек шың басынан мұнар кетпес,
Басына атсаң-дағы оғың жетпес.
Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан,
Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес.
Сары алтын Көкшетаудың ерте-кеші,
Тау мен күн сүйіскендей еркелесіп,
Суретті шежіресі өткен күннің,
Сілекей ағызады ертегісі.
Талай сыр ертегіні ел айтады,
Ызындап таудан соққан жел айтады.
Сырласып сыбырласқан жапырақтар,
Күндіз-түн күңіренген көл айтады.
Толғанып төмен қарап шал айтады,
Тамсанып-таңырқанып бала айтады.
Тау-тасты тұнжыраған куә қылып,
От басы қатын-қалаш - бәрі айтады.
Ертегі болмаса да хатта қалған,
Аузында шежіренің қартта қалған.
Қарттардың баян қылған
әңгімесін
Есіткен кейінгілер жаттап алған.

ЖЕКЕ БАТЫР

Болыпты баяғыда Жеке батыр...
Тау бағып жатады екен тігіп шатыр.
Бір күні қарауылда қалғып кетіп,
Сол батыр бүгінгеше ұйықтап жатыр.
Сол батыр осы күні бір үлкен тау,
Көз жұмған көкке қарап сыры үлкен тау.
"Ұйықтаған батыр" дейді таудың атын,
Адамша көлбеп жатқан қыры үлкен тау.
Батырдың қырыққа таяу келген жасы,
Денесі биік жота, таудай басы,
Сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды,
Киюлі баста жатыр дулығасы.

БУРАБАЙ

Тағы бір ақбас бура, - емес атан,
Жүріпті Көкшетауды қылып Отан.
Мұныда "көзі көрген" қартайтады,
Тыңдаған әлеуметке алқа-қотан.
Тағы екен жанға ұстатпай жүрген қашып.
Күркіреп тұрады екен көбік шашып,
Бір көлді мекен қылып күнде келіп,
Су ішіп кетеді екен алшаң басып.
Дүниеде әрбір бөлек жердің аты,
Себеппен қойған бәрі елдің аты;
Бурабай атаныпты содан бері
Ақ бура мекен қылған көлдің аты.
Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс.
Ақ көбік көпіреді күміс судан,
Сан сұлу сол көбікпен бетін жуған;
Көл басы бірде күңкіл бірде у-шу,
Әңгіме сансыз сырлы ертек туған.
Ақ бура көп жыл тауды қылған мекен,
"Бір үлкен іс боларда сезеді екен".
Ол істі елге айтқандай маңайдағы.
Бақсыдай тауды азынап кезеді екен...
Шабысып бірін-бірі ел қуар болса,
Не өлмек, не бір батыр туар болса,
Немесе бір апатқа ел ұшырап,
Кәрі-жас бетін жаспен жуар болса.
Бақсыдай бура азынап жүреді екен,
Мал шулап, иттер ұлып үреді екен.
Қалың ел маңайдағы құрбан шалып,
Құлақты алдағы іске түреді екен.
Қара бұлт тауды төніп басады екен,
Күркіреп жерге зәрін шашады екен.
Аспаннан қып-қызыл от жерге шашып,
Таудағы аң пана таппай сасады екен.
Білген соң бураның бұл қасиетін,
Үлкеннің кіші тыңдап өсиетін.
Түнеріп долы бұлттай күрілдіген
Бураға болмапты енді жұрт тиетін.
Баласы Абылайдың Қасым төре,
Жасынан сотқарлығы басым төре.
Бір күні тау ішінде келе жатты
Өзіндей бір топ жігіт қасында ере.
Бәрінің асынғаны қару-жарақ,
Соқтыққан өңкей сотқар жалақ-жалақ.
Найзамен неше түрлі ат үстінде
Ойын ғып келе жаткан көлді жанап.
Тастарды, ағаштарды қылып қарақ,
Ысқыртып келе жатқан өткір садақ.
Бураны Қасым төре сөз қылыпты,
Кез келсе атпақ болып төстен қадап.
Қасым хан туғаннан-ақ қанға құмар,
Дірілдеп өлім күткен жанға құмар.
Анадан қан уыстап туған мұндар,
Қан ұрттап жүрсе ғана көңілі тынар.
Сол кезде шыға кепті ақбас бура,
Жап-жалбыр төсін басқан әппақ шуда.
Қасым хан тұра қалып ақ бураны,
Шіреніп атып сапты нақтап тура.
Өкіріп ақбас бура көбік шашып,
Шиқылдап тісін қайрап, аузын ашып.
Қасымды бір айналып бура-қотан,
Қан ағып кеткен тулап таудан асып.
Бақсыдай сарнап бура тауды кезген,
Күңіреніп мекенінен енді безген.
Ел естіп хан ұлының бұл жұмысын
Зор іске ұшырарын бәрі сезген.
Жоқ болып ақбас бура көп күн өткен,
(Қасымның қан қолынан қаза жеткен.)
Бір күні таудай болып шегіп жатқан
Бураны жұрт көреді өткен, кеткен.
Құбылаға басын беріп шөгіп жаткан,
Көк мұнар қалың ойға шомып батқан,
Ақ бура қабақтарын қарс жауып,
Қозгалмай мәңгі жатып тас боп қатқан.
Ақ бура таудың тағы түйесі деп.
О-дағы қасиетті бір иесі деп,
Тұқымы сотқар ханның оңбағаны.
Жұрт айтад "сол түйенің киесі" деп.
"Бұл іске Бурабайдың көлі куә,
Қасымның қалған жұрты, көңі куә,
Бураша шөгіп жатқан мұнар тау мен
ЬІзыңдап таудың соққан желі куә..."


ОҚЖЕТПЕС

Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан,
Бастары көкке бойлап бұлттан асқан.
Бір шың бар етегінде тіп-тік найза
Адамзат жасағандай құйған тастан.
Сүп-сүйір бейне найза шың, құз, биік,
Төбесі кейде тұрад бұлтқа тиіп.
Қарасаң етегінен шың басына,
Тақияң жерге түсед тұрған киіп.
Тіп-тік шың көкке қарай кеткен бойлап,
Тұрғандай таусылмайтын бір ой ойлап.
Жалғыз-ақ шың басында ноқаттай боп,
Құйқылжып қалықтайды бүркіт ойнап.
Басына атсаң-дағы оғың жетпес,
Иіліп ешбір тауға тәжім етпес,
Сол шыңға жан шықпаған ұя салып,
Шаңқылдап қаршыға мен бүркіт кетпес.
Осы шың Бурабайдың жағасында,
Күнбатыс тауға кірген сағасында,
Орта жүз хан Абылай заманында,
Айтарлық бір іс бопты тағы осында...
Ертегі толып жатыр өткен-кеткен;
Өтірік-шынды әңгіме бізге жеткен.
Әйтеуір расы сол: Көкшетауды,
Ел шапқыш хан Абылай мекен еткен.
Біреулер батыр мен би, ханды мақтап,
Бұрынғы надан, шірік заңды мақтап,
Сарнайды, жыр қылады сөзін сырлап,
Бақсыдай жын шақырған сандырақтап.
Тартынбай қан төккенді батыр деген,
"Бір өзі жүз кісіге татыр" деген.
Зиянсыз момындарды шаруа баққан,
"Қолынан түк келмейтін қатын" деген.
"Хан" деген жерге тамған қанға құмар,
Дірілдеп өлім күткен жанға құмар;
Жазықсыз бейпіл жатқан елді шауып,
Типыл ғып жер күңіренткен даңға құмар.
"Би" деген сөз қуғындар арам тамақ,
Бәсеке бір-бірінен алған сабақ;
Ел жайын терең ойлап піше алмаған,
Сөз біткен қимылымен қас пен қабақ.
Көп тыңдап, көп тексердім осындайды,
Мақтарлық қылық, мінез табылмайды.
Оқушы оқып өзі баға берер
Өлеңге қостым мен де Абылайды.
Абылай орда қылған Көкшетауын,
"Аударған қонысынан талай жауын".
Бір жылы, жаздыгүні, қалмақ елін
Шаппақ боп қол жиыпты айтып сауын.
Қазақ пен қалмақ көрші заман болған,
Жылы жоқ шабысудан аман болған;
Қара күш сотқарлықпен ел бастаған.
Екі ел де аң тәрізді надан болған.
Жөнелді ханның қолы жынша шұбай;
Егей төс, мінгендері ығай-сығай.
Тыныш елге батырсынып шеру тартты,
Лек-лек боп қосындасып ыңғай сыбай.
Сайланып шыққан ірік өңкей кегей;
Сайласып мінгендері ылғи егей.
Асынып жарақтарын құнтиысып,
Аттарын тұқыртады шіреп шегей.
Шұбырып ханның қолы жүріп кетті;
Жылыдай қан ұрттауға бұрып бетті.
Жол жүріп бірнеше күн шеру тартып,
Қалмаққа бейбіт жатқан келіп жетті.
Атының құйрығы мен жалын түйіп,
Бәрі де көйлектерін сырттан киіп.
Қалмақтың ордасына үрпек шашты
Көк найза, дабыл қағып, қалды тиіп.
Ат қойды қалың әскер андағайлап,
Дүрсілі жер қозғалтып "Абылайлап".
Тыныш жатқан қалмақ елі қас қаққанша
У-шу боп шаң астыңда қалды ойбайлап.
Біреулер ысқыртады садақты атып,
Біреулер қанды қанжар жалақтатып,
Біреулер найза менен жас баланы,
Іліп ап көтереді салақтатып...
Таптады атпен басып қалмақ елін;
Қан көбік сорғалатып аттың терін.
Олжалап қыз, қатынын атқа өңгеріп.
Бауыздап алдарында еркектерін.
Қасқырдай ырылдайды күшін біліп,
Жарады жүкті әйелді ішін тіліп.
Баласын қанжарменен тілерсектен
Бір соғып керегеге кетеді іліп.
Тағы да қанды қанжар жалақтатып,
Көздерін жын соққандай алақтатып,
Кез келсе кек сақтар ер басын кесіп.
Байлайды қанжығаға салақтатып...
Әйелдің сұлуы мен жасын сайлап,
Қосақтап бір-біріне шашын байлап,
"Олжалап" қойша қағып, қан-қан болып
"Батырлар" шықты қайта топтап айдап...
Жас бала, кемпір-шалды бордай басып;
Аттарын ентелете борбайласып.
Айдалған мал-мүлік пен жас әйелдер,
"Бауырым"-дап... шуласады ойбайласып.
Хан қайтты қанға батып, елді шауып,
Шұбыртып ел күңірентіп, "олжа тауып".
"Осындай шаба берсем" - дейді Абылай,
Кетерсің бәлем қалмақ өзің де ауып".
Абылай бір жерге кеп аттан қонды,
Сол тұсқа жиып алды қалың қолды.
Желпініп аттан түсіп қалың әскер
Гуілдеп мошады бір үлкен жонды.
Абылай батырларын алды жиып,
Үлеске олжаларын салды жиып.
Сол жерде бір сұлуға талас болды:
Бере алмай біреуіне бірі қиып.
Қамалап сол сұлуға қарасыпты,
Бәрі де "мен алам" деп таласыпты.
Жолына тұтас байлап мал мен мүлкін.
Сұлуды бірі-бірінен қаласыпты.
Сұлуды өз көзімен көрмеген соң,
Көркіне көріп баға бермеген соң,
Сұлу деп жұрт айтады мен білмеймін,
Қасына Абылайдың ермеген соң.
Қалмақты шауып-шаншып қайтушылар,
Болмасын бұл сұлуға қайтып құмар?
Сол қыздың көркемдігін айта алмайды.
Бұл істі дәмдендіріп айтушылар.
Сол қыздың он жетіге келген жасы,
Оралған аш беліне қолаң шашы.
Қап-қара қарлығаштың қанатыңдай
Иілген ақ маңдайда екі қасы.
Аш белі көк шыбықтай солқылдайды,
Қолаң шаш бейне жібек толқындайды.
Батырлар сол сұлуға салыстырған -
Жалғыз-ақ аспандағы Күн мен Айды.
Қиысқан бұрын талай сый-сияқты
Сұлуды бір-біріне қиыспапты.
Жолдасын бір қыз үшін қалың әскер,
Дуласып, кең далаға сиыспапты.
Сұңқардың баласындай торға түскен,
Құланның құлынындай орға түскен;
Тұткын қыз жауларына жаутаңдайды,
Киіктің лағындай қолға түскен.
Сөзбененен бірін-бірі жеңісе алмай,
Жолдасып ынтымаққа келісе алмай;
Аттанды қалың әскер гүжілдесіп,
Сұлуды бір-біріне берісе алмай.
Жеткенше соныменен Көкшетауға,
Алаламай бір-бірінен сұрап сауға.
Қалың қол Бурабайдың сағасына
Кеп қонды, бітім кылмақ талас дауға.
Түбектей айнала тау - берік қорған.
Қаптаған тау мен тасты қап-қара орман.
Бурабай жағасында Оқ жетпес шың,
Жағалай сол жерге кеп әскер қонған.
Тілдесіп таумен аспан сүйіседі.
Сәлем қып бұлттар басын иіседі.
Қиырдан келген қалқып түрлі бұлттар,
Бас қосып тау төсінде түйіседі.
Қалың қол шомылысып күміс суға,
Өздерін, аттарын да шомып жуған.
Тігісіп шатырларын тыныққан соң.
Таласты айналдырды үлкен шуға.
Жаутандап тұтқын қыздар жауларына,
Елеңдеп құлақ салып дауларына;
Бәнде боп қасіретпен қарасады
Матаған қол-аяқта бауларына.
Желбіреп алқа-қотан шатырлары;
Айтысып сұлу үшін жатыр бәрі.
Абылай көк шалғынға кілем төсеп,
Әмірмен жинап алды батырларын.
- Батырлар, бәріңізде олжа толық.
Әмісе оң болғай да біздің жорық.
Жүрмендер жамандасып өкпе сақтап,
Себебі олжадағы бір қыз болып.
Бұл талас түсті менің қаруыма,
Қайтсеңде көнесіндер балауыма.
Бәрінді көріп өзі тандау қылсын,
Бұйырдым "тұтқын қыздың қалауына".
Батырлар түрегелді "алдиярлап",
Тізіліп тұтқын қызға болды бармақ.
Тұтқын қыз кімді тандау қалау қылса,
Сұлуды қатын қылып сол болды алмақ.
Жіберді қызға Абылай "барып кел" деп,
"Немесе өз алдыма алып кел" деп.
"Біреуін батырлардың тандау қылар,
Ұқтырып құлағына салып кел" деп.
Батырлар талас сөзді қойып енді,
Тұрысты тәуекелге буып белді.
Жіберген Абылайдың жігіттері,
Ортаға тұтқын қызды алып келді.
Аш белі көк шыбықша майысқандай.
Ашаң жүз ақ шапақтап атқан тандай,
Үзілген қызғалдақтай өңі солғын,
Қабырғаң көрсең аяп қайысқандай.
Секілді қолға түскен бала киік,
Мергеннің әлсіреткен оғы тиіп.
Күйік пен қасіретін жасыра алмай,
Кеп тұрды хан алдына басын иіп.
Томсарып сұлу тұрды басын иіп,
Жеңіл ме жас басына келген күйік.
Қалмақтың алақандап қанын ішкен,
Қалайша қатын болсын жауын сүйіп?
Абылай тұткын қызға салды көзін,
Сөйледі, әмір билік айтқан сөзін.
"Жарқыным, өңкей батыр мына тұрған,
Қара да біріне ти, тандап өзің".
Батырлар тұрған боймен қалды қатып,
Қадалып тұткын қызға көзбен атып.
Тулайды жүректері дәйек қылмай,
Тандар деп сұлу, шіркін, кімді ұнатып!
Бәрінің жүректері аттай тулап,
Жүздері құбылады өңі қурап,
Қалың қол тым-тырыс боп тұрды қарап.
Күледі көл мен ғана орман шулап.
Қыз айтты: "құлдық, тақсыр, төреңізге,
Тағдырдың салған ісін көреміз де,
Адамды жете байқап сынамасақ,
Бір көріп тура баға береміз бе?
Я, тақсыр, менен тандау сұратсаңыз,
Бұл істі осылайша ұнатсаңыз,
Тандайын төреңізге құлдық айтып,
Өнерін батырлардың сынатсаңыз.
Тиейін садағы ұшқыр мергеніне,
Көзіммен асқындаған көргеніме.
Байланған мына шыңның кақ басына,
Жаулығымды атып жығып бергеніне..."
Абылай берді қыздың тілегіне,
Серт болды батырлардың білегіне.
Етектен шың басына көз жіберіп.
Зор күдік кірді әркімнің жүрегіне.
Қыз шешті орамалын беліндегі,
Бір адам серт қып берген еліндегі...
Сағымдай көз алдынан ағып өтті,
Жас өмір туып өскен жеріндегі.
Жібекпен шайы орамал кестелеген,
Айнала жазуы бар: "есте" деген.
"Егер де айтқан серттен таяр болсаң
Мейлің жырт, мейлің өрте, шеш те" деген.
Жұмбақты жазуларға қарап алып,
Тастады хан алдына орамалын.
Батырлар қозғалысып шапырласты,
Ентелеп хан мен қызды орап алып.
Абылай түрегелді даусын кернеп,
Сөйледі құлжадай боп қолын сермеп.
"Батырлар, бір қызық сын келді міне,
Мініндер аттарыңа жылдам ерлеп!
"Ыңғайлы бір он жігіт сайлансын тез!
Орамал шың басына байлансын тез!
Садақ пен құлаш сынап кезі келді.
Серіппе садақ оғы қайралсын тез!.."
Он жігіт белге байлап арқан жіпті,
Мысықша өрмелесіп шыңға шықты.
Байланған серт орамал найза ағашты
Ырғалтып шың басына әрең тікті.
Батырлар даярланып баптан ысты,
Белсеніп оңтайланып аттанысты.
Шіреніп үзеңгісін сықырлатып.
Айтулы жерге шығып саптанысты.
Қалың қол гуілдейді анталасқан,
Бәсеке бір қыз үшін тайталасқан.
Бір тасқа топ жанында қыз да шықты.
Тартыстың себепкері жан таласқан.
Кей батыр ойқастайды оғын сайлап,
Кей батыр безейді оғын өткір қайрап.
Шыңдағы орамалды оқпен ілу,
Әркімнің тілегені "я, құдайлап".
Орамал желбірейді қойған байлап...
Абылай: "атыңдар!" - деп шықты айғайлап.
Батырлар шіренісіп тізбектеліп,
Тартысты садақтарын "Абылайлап".
Дүмпілдеп садақ оғы ысқырады,
Ойқастап жолбарыстай пысқырады.
Ышқынып жолбарыстай күшін өлшеп,
Батырлар садаққа оғын қыстырады.
Әуені ыскқыртады атқан садақ.
Қыз да тұр тас басында көзін қадап;
Етектен шынға қарай кекті жарып,
Әндетіп тасқа тиген оқты санап.
Қарасып қалың әскер тұрды анталап,
Әркімнің шыңға ысқыртқан оғын санап.
Қызыққан жас сұлуға дәмеліден
Қалмады оқ атпаған бір нән талап.
Атқан оқ тасқа тиіп жарқылдайды,
Шында ойнап бала бүркіт шаңқылдайды.
Оқтарын орамалға жеткізе алмай.
Батырлар біраздан соң "қарқындайды".
Шіреніп садақтарын шыңға кезеп,
Сығалап орамалға оғын безеп,
Дағдарды оғын ешкім жеткізе алмай,
Ысқыртып садақтарын кезек-кезек.
Ешқайсы сыннан сөйтіп өтпеген соң,
Қыз қайтсін "өзің тандау ет" деген соң.
"Оқ жетпес" деген атақ алыпты шың,
Атқан оқ нақ басына жетпеген соң.

БОЙ ЖАЗУ

Күй шіркін кейде
серпіп қылаңдайды,
Кейде пәс, кейде сейдін, сыландайды.
Кейде жай кібіртіктеп, ақсай жылжып,
Кейде ырғып, ақ түлкіше бұландайды.
Сұлуша кейде әсемдеп бұрандайды,
Мәстекше кейде мешел тырандайды.
Кермеге байласаң да жерді тарпып.
Тұлпарша кейде шапшып тұралмайды.
Күй шіркін әуел құлаш салған еді,
Шалықтап өрттей жүйткіп жанған еді.
Дестелеп Көкшетаудың ертегісін.
Тізбектеп біраз жыр ғып алған еді.
Әйткенмен шіркін жүйрік талған еді,
Қарқыннан біраздан соң танған еді.
"Оқ жетпес" ертегісін бітіргенде.
Үзіліп жыр тізбегі қалған еді.
Бас жағы бұл ертектің жазылғалы,
Әңгіме белуардан қазылғалы,
Екі-үш жыл болса-дағы, - кейінгісін
Жазуға қалам алдым қазір ғана...

ҚАЛМАҚ ҚЫЗЫ Жұмбақтас

Батырлар апырақтап, зорланысып,
Қамалды қалың әскер қорланысып.
Ерлігін кербез шыңның енді байқап,
Үндемей хан да тұрды зор намыс қып.
Тұрды да тас басында қалмақ қызы,
Таласып қалың әскер алмақ қызы:
"Я, тақсыр, үшке шейін бәйге қылам,
Өзіңіз ерік берген соң тандатқызып.
Бірінші сыннан адам етпей тұр ғой.
Ешкімнің оғы шыңға жетпей тұр ғой,
Мінеки, көріп тұрсыз оқ атуға.
Еш батыр енді талап етпей тұр ғой.
Енді екі бәйге тігіп қарайын да,
Көрейін не жазу бар талайымда.
Үш сынның екеуінен озған ерді,
Сыныма толған ер деп қалайын да..."
Ойқастап қызға Абылай жақын келді,
Ұнатып қыздың сөзін мақұл көрді.
Жарқыным, енді бәйгең қолдан келмес
Іс болып жүрмесін деп ақыл берді.
Қалың қол тұрды қоршап анталасып,
Лепірген қарқындарын біраз басып.
Қамалға шауып қайтып кеп тұрғандай,
Жауменен жағаласып, жанталасып.
Күлімдеп алтын күн мен биік аспан.
Қарасып айна көлге жымындасқан.
Күледі айнала тау, қалың орман, -
Тек қана үн шықпайды тұйықтастан.
Қаз бенен ақку көлде қаңқылдайды...
Шарықтап, бала бүркіт шаңқылдайды.
Құбылған құстардың ән, күйлерімен,
Жаңғырып тау мен орман саңқылдайды.
Қалықтап қара бүркіт көкті шарлап,
Шарықтап айналады тауды барлап,
Шаңқылдап құздан құлап көк қаршыға,
Түйілер атқан оқтай төмен зарлап.
Батырлар айнала тұр тас қасында,
Алғандай бір-бір сұлу бас-басына.
Бәйгеге бірі қалмай түспек тағы -
Абылай бәсекенің бас-қасында.
Жауының елін шапқан ортасында,
Тапжылмай сұлу да тұр тас басында.
¥шсын ба... қайтсын енді тұтқын пенде
Кез болған бәлесі аз ба жас басында.
Анталап, қамалаған көп жыртқышқа,
Жемтікше оңай өзін тастасын ба!
Зарлаған сөз өтпейтін нойыстарға,
Жалынып жылап ылғи қақсасын ба?..
Қыз айтты Абылайдың сөзін тыңдап.
"Я, тақсыр, біздікі тек мойын сұнбақ:
Екінші бәйге оп-оңай, күш сынасу,
Онан соң үшіншісі: жеңіл жұмбақ.
Өлшенсін осы тасқа мың қадам жер,
Жарыссын сол арадан дәмелілер.
Төрт адам жүгі болсын жарысқанда, -
Болмасын бекер еркек босқа арам тер.
Таппадым жеңіл бәйге бұдан басқа,
Сол ғана озған болад бұл таласта:
Көтеріп төрт кісіні жүгіріп кеп,
Кім бұрын алып шықса мына таска".
Абылай батырларға: "серпіл!.. - деді. -
Жаяу түс, бар дәмелің желпін" - деді.
"Бәйгелік жер мөлшерле..." дегеннен сөң,
Жүгіріп, даяршылар елпілдеді.
Батырлар дабырласып аттан түсті.
Қалың қол тамаша етті "қызық істі".
Армансыз тоқайласқан жаумен емес,
Сынаспақ болды өзара қара күшті.
Абылай ат үстінде күпілдейді,
Ойқастап, қоразданып дікілдейді.
Лепірген апырақтап батырлардың.
Күпті боп жүректері лүпілдейді.
Абылай асықтырып дігерледі...
Батырлар аттарын тез шідерледі.
Күшіне бекем сенген дәмелілер,
Алшандап білектерін жігерледі.
Бой тартып кейбіреулер енді бұқты,
Алшандап кейбіреулер алға шықты.
Балтыр мен білектерін жалаңаштап,
Шайқалып іріктелді, қырық-ақ мықты.
Көк құрыш бұлшық балтыр, білектері...
Тулайды дүрсіл қағып жүректері.
Майданда сыннан озып сұлуды алу -
Қазіргі әрқайсысының тілектері.
Көркем қыз даурықтырды қалың қолды,
Бәйгеден келер екен қандай жолды?
Жамырап, реттеніп самбырласып,
Жарыспақ дәмелілер дайын болды.
Айнала қоршаған тау, орта даң-дұң.
Өлшеді "қыз тасынан" мың қадамды.
Жөнелді балуандар алшаң басып,
Әрқайсысы ертіп алып төрт адамды.
Қырык батыр аяндады тайталаса
Желіккен әскер ду-ду, анталаса
Қасында шатырлардың матаудағы,
Банадан "тұтқын күндер" таң тамаша...
Тұрған жұрт көруге асық істің артын,
Бәрі де тамашалап қыздың шартын.
Тізіліп балуандар лап жүгірді,
Әрқайсы төрт кісіні үстіне артып...
Жүгіріп кейбіреулер майысады,
Солқылдақ көк
темірдей қайысады.
Тайқандап кейбіреулер бос тайлақша,
Құшағын қызға
қарап жайысады.
* * * * * * * * * * * * * * * * * *

Қарақшы, - қыз тұрған тас бұл бәйгеге,
Серт қылып,
жүгіріскен сын бәйгеге.
Белгілі болмақ жері серт асықтың,
Түскені кімге бүге, кімше шіге.
Шуласып, әскер күліп, сақылдасты,
Батырлар жанталасып тақымдасты.
Өзгеден сегіз батыр озып шығып,
Ілезде қарақшыға жақындасты.
Бәрі де ырсылдайды жүгірісіп,
Майданда күштеріне жүгінісіп.
Сегізі озып келіп қыз тасына
Таласып, бірдей шықты бүгілісіп.
Бәйгеге сегізі де таласады,
Қыз бенен Абылайға қарасады,
"Шықтым" деп қыз тасына "бұрынырақ"
Әрқайсы өзін-өзі санасады.
Абылай ат үстінде қарқылдады,
Даусы тау жаңғыртып саңқылдады.
"Сегізің тең түстіндер, - деді Абылай, -
Күштерің бір-біріңнен артылмады..."
Әрине әміршіге мойын сұнбақ,
Сөзіне оның айтқан әркім тынбақ.
Шын түгіл теріс билік қылса да ұлық,
Иіліп "алдияр" деп аузын жұмбақ...
Сонда қыз толғанады даусын кернеп,
Бір сөзді айтпақ болып, қозғап, тербеп:
"Бар еді, бір әңгімем тақсыр төре,
Соны айт деп еңірейді жүрек шерлеп.
Бәйгені көріп тұрсыз көзіңізбен,
Күтемін әділ төре сөзіңізден.
Сізге сол әңгімемді баяндаймын,
Сұрауға төрелігін өзіңізден..."
Берген соң рұхсат "айта бер!.." деп,
Еліктей қыз майысып түсті жерге.
"Барайық көлдін, тақсыр, жағасына,
Шөлдедік, ыстықтадық, күйіп, терлеп...".
Бәрі де көлдің келді жағасына,
Су ішті көлеңкелеп ағашына.
Тағы да бір жар тасты қасына алып,
Көлдің сол мінбелеген сағасына.
"Қыз тасы" жүз-ақ таяқ көлге шейін, -
Оны да сізге тағы мәлімдейін.
Бәйге тас: "қыз тасы" деп атаныпты,
Ертекте атқа ие боп содан кейін...
Ішкен соң күміс шарап көлдің суын,
Қыз шықты шарап пенен бетін жуып,
Қалың қол қызға тағы телмірісті,
Тым-тырыс қоя қойып даурық шуын.
Жартаска шықты сұлу лақтай ырғып,
Батырлар тас жанына келді сырғып.
Жартасқа көлге төнген шығып тұрып,
Қыз айтпақ әңгімесін енді жыр ғып.
Шың құз, тау, - бұлты қапқан биік ерен,
Тіп-тік шың, аңғар жартас мылқау-керең,
Сүңкиіп, мінбелесіп, қатып-қалған,
Төнісіп, көл түбіне түпсіз терең.
Жартасқа шыққан сұлу ойнамайды...
Биіктен құлармын деп ойламайды.
Құрғаққа құласа егер тасқа ұрылмақ,
Құласа тұңғиыққа, - бойламайды.
Жартастың бір жағы шың, бір жағы су...
Тау іші қалың орман, жап-жасыл ну.
Орман да, тау да, көл де, ертелі кеш,
Сыбырлап, сынқылдаған күңкіл ду-ду
Алтын күн, күміс суға нұрын бүркіп.
Сағыммен көкке ұшады торғындай бу,
Сызылтып әдемі әнін сыңқылдатып,
Ертеді балапанын көлде екі ақку.
Екі ақку көлендейді қатар жүзіп,
Күмістен айна көлге шимай сызып.
Толғанып шашады екі бөбегіне,
Көлдегі ақ шашақтың басын үзіп.
Кептер кебі Аққудай ақ қанатын алған қомдап,
Тал бойын күміс сымдай безеп, ондап,
Жартастың суға төнген қақ басында
Қалтырап бір күрсініп алды толғап.
Тағы да қыз толғанды даусын кернеп,
Бастады әңгімесін қозғап, тербеп,
Жүйріктей бүктетіліп, баурын жазып,
Көлбендеп, ширатылып, құлаш сермеп.
Сарнады сұлу тұрып, даусын қырнап,
Толғады әңгімені әнмен ырғап.
Сыңқылдап аққу кұстай әдемі үнмен,
Нәп-нәзік қалтыратып шертті жырлап:
"Арқаның бір тауының саласында,
Көк орай қиырсыз кең даласында,
Сыңсыған қалың тоғай, томарлы көл,
Сол нудың құстары көп арасында.
Сол нуда бір құс көрдім кептер деген,
Жыртқыш жоқ оның етін жеп көрмеген.
Бәрінен жыртқыштардың қорғалайды,
Қорқады ең ақыры бөктергіден.
Кептер құс бір терекке ұялапты.
Еңбекке кептер байғұс тиянақты.
Ақ үрпек кездерінде төрт баласы,
Көріпті қара құстан қиянатты..
Жыр кылмақ біреу бастан өткергенін,
Жыр кылмақ біреу азды-көпті көргенін:
Я, тақсыр, таза тыңдап, төрелік бер,
Жырлайын, бастан аяқ кептер кебін..."
Қарақұс пен кептер Тыныштықтан, рақаттан да бірдей жеріп,
Бала үшін жердің ыңғай құртын теріп.
Тынымсыз кептер сорлы жүреді екен,
Жем тапса, төрт шақаға әкеп беріп.
Қаңғырған бір қарақұс жемтік іздеп,
Баспалап ұрын кепті оны көріп.
Кептер құс ұясына келген кезде,
Әлгі сұм ұстай апты, андып тұрып...
Кептерді өнері асып, алғансиды,
Құнжындап, арам шіркін арлансиды.
Қорғансыз аңғал құсты бұғып ұстап,
Мақтанып, қоқиланып, мардамсиды.
Мұршасыз кептер сорлы барылдайды,
Тыпырлап қаны шапшып, қырылдайды.
Пәленің шеңгелінде сорлы анасын,
Көре сап төрт балапан шырылдайды.
Шырылдап төрт балапан жыласады,
Ес кетіп ұясынан құласады.
"Бізді же, анамызды қоя бер" деп,
Жалынып, қарақұстан сұрасады.
Қарақұс: "талайды азап қылдым" дейді.
"Осындай қолға түскен құлдың" дейді.
"Құлашы сұңқардың да жетпей жүрген
Талайды тыпырлатып жұлдым..." дейді.
"Талайға азаттықты бердім" дейді.
"Ақ жүрек көкті кезген ермін" дейді.
"Дөп келдің, шабытыма" деп күледі -
"Тоймасам өздерінді жермін" дейді.
Мықтымсып мүгедекті жеңгеніне,
Мәз болар, кептерге әлі келгеніне.
Сорлыны босатар ма, топас мұндар, -
Қапыда ілінген соң шеңгеліне...
Қарақұс, кептер, лашын
Еңіреп, төрт балапан шуылдайды,
Қарақұс қоқиланып, қимылдайды.
Сол кезде аждаһадай көкте ысқырған,
Бірдеме жоғарыдан суылдайды.
Ысқырып, көкті жарып, садақтай боп,
Лақтырған жасыл темір қалақтай боп,
Көктен кеп, көз ашқанша жарқ-жұрқ етті.
Қарақұс тоңқаласты далақтай кеп.
Далиып қалды лезде шіркін пасық,
Ағызып арам қанын аузын ашып.
Кептерді қоя беріп мыжырайды, -
Әлгіде қодиланған арам сасық.
Көк қанат лашын екен келген шүйіп,
Суылдап жарқ-жұрқ етіп өткен түйіп.
Шулатып балаларын кептерді ұстап,
Отырған қарақұстың мойнын қиып.
Шарықтап тоғай ішін бағады екен,
Жылаған дауысты естіп ағады екен.
Еңіретіп төрт шақаны отырғанда
Желкеден қарақұсты қағады екен.
Кептер мен төрт баласы қалды бұғып,
Қорғалап, қалың шөпке басын тығып.
Терекке қонып лашын, сөз қатқан соң,
Қарасты бас бағысып шөптен шығып.
"Жаулассам, - деді лашын, қасқырдаймын,
Бет алды көрінгенге қас қылмаймын,
Қалтырап тығылмандар, - сендерді мен,
Еңіретіп көздерінді жас қылмаймын.
Естілді шырылдаған жылауларың
Еңіресіп көздің жасын бұлауларың.
"Бізді же, анамызға тиме" деген,
Пасықтан зарлап рақым сұрауларың.
Мінеки жауларыңыз жатыр өліп,
Өлгенін отырсындар, көзбен көріп.
Сендерге қас қылам ба жауларыңның,
Желкесін алдарында екі бөліп?"
Отырды бір бұтақта батыр лашын...
Кептер құс шүкірлік қып төкті жасын.
Құткарған бір ажалдан лашын ердің,
Жылап кеп аяғына ұрды басын.
"Я, батыр, жасыл құрыш тұяғыңыз,
Жебелі алмас болат қияғыңыз.
Топадай түсіресіз белдескенді,
Мүгедек біздей емес сияғыңыз.
Ал тілім емес сізді тұрған мақтап.
Пәледен айырдыңыз бізді сақтап.
Ажалдан құтқардыныз ғайыптан кеп,
Өтеймін мұныңызды қалайша ақтап?..
Жәрдем қып, бүйтіп бізге келгеніңе,
Арман жоқ жауымызды жеңгеніңе.
Боламын төрт баламмен сенің құлың
Тақ тұрып батыр сенің дегеніңе..."
Төрт бала "ризамыз" деп бас ұрады.
Сөзіне анасының қосылады.
Лашынға құлдық ұрып шуылдасып,
Ықыласын анасынан асырады.
Бес кептер құлдық ұрып қоймаған соң,
Лашынның жауабына тоймаған соң,
Шарт қойды төрт балаға лашын тұрып,
Бұтақта біраз ғана ойлаған соң:
"Төртеуің бір анадан туған егіз, -
Ер екен, екі айтпайтын мынау дегіз.
Ұшқан соң төртеуіңнің ең үлкенің
Бал уыз нақ тесіңнен тоят жегіз.
Мінеки, менің қояр жалғыз шартым,
Алсаңыз ең үлкенің мойныңа артып,
Өздерің тілендіндер құрбандыққа,
Алмаймын уәдені күшпен тартып..."
Тұрғандай лашын шартын ойынсынып,
Бәрі де ризаланды бойын сұнып.
Үлкені балапанның "ризамын" деп,
Ант қылды иіліп кеп мойын сұнып.
Лашын құс: "күтем, - деді, ұшқанынды,
Андимын, ұшқанынша дұшпанынды. -
Деді де, қош айтысып жөнелді ұшып,
"Алыстан күтемін, - деп, - құштарымды.
Бала кептер Мерзімді соныменен күндер өтті...
Сөз байлап балапанмен лашын кетті.
Құс болды қанат өсіп төрт балапан,
Лашынмен сертті орындар мезгіл жетті.
Судырап жібек жүні гүл-гүл жайнап,
Үшеуі балапанның кеткенде ойнап,
Үлкені отырады жеке қалып,
Тезірек келсе екен деп лашынды ойлап.
Ал қызыл жұпар исі гүл майымен
Судырақ жібек жүнін сылап, майлап
Сыланып, әсемденіп бала кептер,
Отырды лашын ерге өзін сайлап.
Сақтанып бөтен бастақ арам көзден,
Уәде-сертін күтті басын байлап.
Жарқырап көкті кезіп келер-ау деп,
Жыраққа қарап қояр бойлап-бойлап.
Жан-жаққа бала кептер қаранады,
Қомданып жал-құйрығын таранады.
Пәледен кептер сұлу аманында
Лашынды іздеуге енді жаранады.
Бала кептер мен сұңкар
Іздеуге жол-жобасын құрғанынша,
Безеніп көкке құлаш ұрғанынша,
Аспаннан бір ақ сұңқар ағып келіп,
Сап етті кептер мойнын бұрғанынша.
Шарықтап кезген сұңқар көкті шарлап,
Орманды жүреді екен о да барлап,
Кептерді жібек жүнді көргеннен соң,
Құмартып ағады екен оқтай зарлап.
Сұңқарға кептер байғұс: "арыз" деді.
"Бар еді, мойнымда зор қарыз..." деді.
"Уәде берген едім бір лашынға,
Санаушы ем уәдемді парыз" деді.
Сөйлейді жастан жәбір көргендігін,
Кан ішкіш қарақұстың келгендігін.
Қорғауға жыртқыштардан өзін-өзі,
Қарусыз жаратылған зор кемдігін.
Анасын жемек болған қара сұмның,
Лашынның соққысынан өлгендігін.
Жылаған шақаларға жаны ашып кеп,
Лашын ер, сұмның мойнын бөлгендігін.
Сұңқарға бастан-аяқ баяндайды,
Лашынға қалай уәде бергендігін.
Сөйледі ер көңілді лашын құстың
Қалытқысыз уәдеге сенгендігін.
Я, батыр, ғибрат алып ойласын жұрт,
Сенудің нышанасын жоймасын жұрт.
Мұрсат бер, уәдемді орындайын,
Нануды бір-біріне қоймасын жұрт...
Үлкен сын болып еді жас басыма,
Серт қып ем өтірікке баспасыма.
Қолыңа берілейін қайтып келіп,
Ант етем сізден енді қашпасыма...
Кептердің сұңқар зарына исінеді.
Лашынның ерлігіне сүйсінеді.
Кептерге тілегенше ерік беріп,
Ең әділ дүниеде бисінеді...
Түнде ұшқан кептер
Мүгедек кептер сорлы, әлсіз зағып,
Болған соң ақ сұңқарға мұңын шағып.
Талақ қып өтірікпен жан сақтауды,
Жөнелді лашынды іздеп қанат қағып.
Қарамай жолдың алыс, жырағына,
Жыныстың қиын соқпай бұрағына,
Жас кептер түн жамылып зырқырады
Лашынның қиырдағы тұрағына.
Түнде ұшып, өзін-өзін ұрламаса,
Көрінбей сұм көздерге зырламаса.
Кептерді күндіз жалғыз жүргізе ме,
Сұңқар да босатпас ед, жырламаса.
Тоғайды кезді заулап, қанат сермеп,
Лашынға ару төстен тоят бермек.
Сонан соң қайтып келіп ақсұңқарға,
Болашақ салған ісін тағы көрмек.
Айдын көл, судыр қамыс, орман жыныс,
Түнеріп маужырайды түн тым-тырыс.
Ала бұлт аспанда тек ай зырлайды,
Зырлайды кептер, түнмен алмай тыныс.
Кептер мен жапалақтар
Ұйқының мұнарына шомып батып,
Қара жер түн жамылып, қалған қатып...
Жалғыз-ақ қара түнде жем аулайды
Кейбірі мақұлықтардың, күндіз жатып.
Біреуі сондайлардың жапалақтар,
Жем андып, түнделетіп қапалақтар.
Бір жерде тұяғына жем ілінсе,
Қуанып қанаттарын шапалақтар.
Бір екі-үш боз жапалақ жол андыған,
Жем үшін тілеу тілеп қаранғыдан.
Кептерді бір тоғайда ұстап алды,
Баспа ғып бұтақты бір тораңғыдан.
Қуанып жапалақтар алақайлап,
Кептерді жұлмақ болды талапайлап.
Шұбырып сілекейі үшеуінің,
Кептерді аймалады "балақайлап".
Секіріп, жынша күліп сықылдасты,
Сандарын шапалақтап лақылдасты.
Таласып жас кептерге түн ішінде,
Кан толып көздеріне бақылдасты.
Әрқайсы өлтіп, санын шапақтайды,
Икемдеп жас кептерді жахаттайды.
Кептер құс өлердегі сөзін айтып,
Жалынып әрқайсына жапақтайды.
Сөйлейді кептер зарлап кемшілігін,
Мүгедек боз торғаймен теңшілігін.
Лашын мен ақ сұңкардың ерлік қылып,
Істеген қандай бұған кеңшілігін.
Кептер құс зар, мұңының бәрін айтты,
Жалынып сауға сұрап зарын айтты.
Сұңқар мен лашын ерге серт қылғанын,
Қалдырмай бастан-аяқ бәрін айтты.
Сұңқардан мұрсат алып түнделетіп,
Лашынға келе жатқан халін айтты.
"Сертімді орындайын тимендер" деп,
Үш "досқа" кептер жылап жалына айтты.
Шыдаймай аш бөріше алақтаған,
Тілдері сілекей боп салақтаған,
Мәз болып сақылдаған үш жапалақ,
Түстерін өзгертті енді жалақтаған.
Лашын мен ақ сұңқардың істеріне,
Түр кірді сүйсінгендей түстеріне.
Егілген кептердің көз жасын көріп,
Аяныш кірді елжіреп іштеріне.
Өзара жапалақтар қылды кеңес,
Сөйлесіп, тез келісті қылмады егес.
"Мұны егер жәбірлесек" деді үшеуі,
Ешбір жан бізде намыс, ар бар демес.
Зор қылмыс жәбірлесек кешілмейтін,
Өмірі қорлық таңба өшілмейтін.
Лағанат қамытыңдай болар еді,
Мойыннан өле-елгенше шешілмейтін.
Нәпсіге берілмелік сабыр қылмай,
Бұл ерді босаталық жәбір қылмай.
Лашынның мекеніне жеткізелік,
Қараңғы тоғай ішін дабыр қылмай.
Кептердің бұл жолында былай таман,
Қорқыныш талай жер бар бұдан жаман.
Серттерін орындасын жомарт ерлер,
Шығарып сап қайталық есен-аман..."
Солайша үш жапалақ ақылдасты,
Әлгідей әділдікті мақұлдасты.
Өзгертіп құлақтарын ғапу етдеп,
Кептерге жылы жүзбен жақындасты.
"Қауіпті түнде жүру қара орманда,
Жиналған сан жорықшы бар орманда,
Тіл алсаң осы арадан соныра жүр,
Түн ауып жол тосқандар таралғанда.
Егерде енді жалғыз қоркам десең,
Боламыз біз жолбасшы саған көсем.
Орманда түн ішінде жол білмесең,
Мерт болмай өту қиын, аман-есен.
Жиналған ойдан-қырдан қалың жауға,
Сені біз тырысайық алдырмауға.
Белгілі бір жерлермен алып жүріп
Жол тосқан жау көзіне шалдырмауға.
Орманнан аман-есен өткізелік,
Жөніңнен адаспастай дөп түзелік.
Немесе ерінбелік, сертіңе жет,
Лашынның мекеніне жеткізелік..."
Жүруге үш жапалақ жоба құрды,
Істеуге сүйтіп ерлік бетті бұрды.
Дағдылы қараңғы түн қырандары,
Кептерді түнделетіп алып жүрді.
Қанды көз түн ерлері - үш жапалақ,
Дағды алған түн қатуды қанды балақ.
Тырс еткен сыбырлары білінбейді,
Өте сақ: қаранады жан-жаққа алақ.
Аландап әр дыбысқа тоқтап, тыңдап,
Мылқауша ишаратпен шапшаң ымдап.
Орманның қара дүлей арасымен,
Кептерді алып жүрді ептеп, жымдап.
Біреуі ылғи жымдап кептерді алып,
Екеуі кежеуілдеп, жолды шалып.
Кептермен аман-есен қош айтысты,
Лашынның мекеніне әкеп салып.
"Күте алмай ренжітсек біз, ғапу ет" деп,
Кептермен қош айтысты, "сертке жет" деп
Көрсетіп лашын құстың ұя ағашын,
Жөнелді үш жапалақ қайта беттеп.
Кептер мен лашын
Сөйткенше талауранып таң көрінді.
Рауандап атқан аппақ сам көрінді.
Серпіліп түннің көлеңкесі,
Бозарып ала тәбе маң көрінді.
Лашынның кептер келді мекеніне,
Қуанды лашын орнында екеніне.
Кептердің қорықпай бұлай келуінің,
Лашын ер түсінбеді, не екеніне.
Лашынмен аман-есен кездескен соң,
Жолығып оңашада көздескен соң,
Лашынның сонда ғана түсті есіне,
Кептер құс бастан-аяқ сөзді ескен соң.
Сөз көбін шертті кептер бастан-аяқ,
Жатырқап, лашын құстан жасқанбай-ақ.
Сұңқар мен үш жапалақ уақиғасын,
Баян ғып, бір мүлтігін тастамай-ақ.
Сөйледі кептер барлықсыр зарлығын,
Сұңқардың жомарттығын, мырзалығын.
Кез болып, қара орманда достық қылған,
Үш ерге жан-тәнімен ырзалығын.
Лашынға уәде-серт бергендігін,
Түн қатып сол серт үшін келгендігін.
"Сертімді бұзғанымша - деді, кептер, -
Одан да артық менің өлгендігім..."
"Сол сертті енді, міне, орындаңыз,
Жаныма батса-дағы қорынбаңыз.
Сол үшін іздеп сізді келдім, - деді,
Әйтеуір, сертіңізді толымданыз..."
Кептердің келгеніне азаптанып,
Сұңқардан, жапалақтан азаттанып,
Бәрінің жомарттығын.....жалғасы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу
Пікірлер 9
  1. Ладно
    Ладно 17.04.2023 15:02
    2 + 7 -
    Ладно
  2. Лили Браун
    Лили Браун 18.11.2022 11:19
    3 + 2 -
    қандай керемет, Балалар, бұл кітапты онлайн қай жерден оқуға болатынын білесіз бе? Маған бүгін оқу керек, әйтпесе ұйықтайалмайм
  3. Оқырман Арман
    Оқырман Арман 26.04.2022 16:11
    2 + 9 -
    и чё
  4. Nazym Xizat
    Nazym Xizat 12.01.2017 17:18
    4 + 1 -
    оте адеми
  5. Gulnur Galimzhan
    Gulnur Galimzhan 21.12.2016 11:14
    3 + 3 -
    Не деген керемет
    1. Аршат
      Аршат 26.04.2022 16:10
      4 + 8 -
      И че
  6. Ильмира Наурызбаева
    3 + 2 -
    Оте адемi олен
  7. Мадина Рахимова
    5 + 2 -
    Менің жерім сондай керемет келсеңіздер аянбайсыздар!
  8. шугула бауыржан
    5 + 1 -
    олендери керемет

Ілмектер: ҚАЛМАҚ ҚЫЗЫ Жұмбақтас өлең сәкен сейфуллин, БОЙ ЖАЗУ өлең сәкен сейфуллин, ОҚЖЕТПЕС өлең сәкен сейфуллин, ЖЕКЕ БАТЫР өлең сәкен сейфуллин, сәкен saken сакен сейфуллин Көкшетау өлең олен казакша, стихи сакена сейфуллина на казахском языке, олен казакша Қазақша өлең сәкен сейфуллин, казакша олен сакен сейфуллин, скачать стихи сакена сейфуллина на казахском языке, сакен сейфуллин стихи на казахском языке скачать, сәкен сейфуллин өлеңдері скачать, сәкен сейфуллин өлеңдері