«Дариға-жүрек» поэмасы - Мұқағали Мақатаев


1. Аққудай еді

Болған- ды менде бір жеңге,  
Жылайтын еді бір демде,  
Күлетін еді бір демде; 
Күлетін еді күллі әлем,  
Дариға жеңгем күлгенде; 
Жас тамып жасыл бүрлерден: 
Қарағай, терек, бүргеннен; 
Жылайтын еді гүлдер де,  
Дариға жылап жүргенде; 
Ауыра қалып бір демде,  
Айығушы еді бір демде. 
«Аққудай еді көлдегі,  
Сұңқардай еді жердегі». 
Айта да жүріп осы әнді,  
Дариға- жүрек шөлдеді. 
Санаттан жары келмеді. 
Саятқа көңілін бөлмеді,  
Сабырға сайтан ермеді;
Сайтанға ерік бермеді; 
Дариға- жүрек шөлдеді,  
Шөлдеді, бірақ өлмеді; 
«Сұңқардай еді жердегі,  
Аққудай еді көлдегі». 
Аққудай еді көлдегі 
Жолбарыс бақай — білегі,  
Құлан жоқ жанның бірі еді; 
Құлпыра соқса реңі,  
Құтыра соқса жүрегі,  
Қыранды құрдай іледі; 
Қос уыс бұрым арқада,  
Қос жылан болып жүреді; 
Егіз шың тұрған кеудеде,  
Еңістің жатыр сілемі; 
Қос жанар бірден жалт етсе,  
Жарқ етіп шыққан күн еді; 
Дариға- жүрек кім еді? 
Даланың жалғыз гүлі еді,  
Екеуі болса, бірі еді,  
Біреуі болса, өзі еді; 
Оны өзі де сезеді. 
Дариға- жүрек кім еді? 
Тасылмай қалған өзені,  
Ашылмай қалған өзегі,  
Келмей бір кеткен кезегі,  
Керемет жанның өзі еді; 
Айтылмай қалған сөз еді; 
Ашылмай жүрген сыр еді,  
Басылмай жүрген жыр еді; 
Дариға- жүрек кім еді? 
Дариға- жүрек мендегі! 
«Сұңқардай еді жердегі,  
Аққудай еді көлдегі»; 
Дариға- жүрек шөлдеді,  
Дариға- жүрек шөлдеді.
Сап- салқын қоңыр кештерде,  
Сайлардан самал ескенде,  
Алыстан Ай кеп, шындардың,  
Ақ сәлдесін шешкенде,  
Керуен- бұлттар көшкенде,  
Көңілден оттар өшкенде,  
Аршалар күбірлескенде,  
Жан салар соның бәріне,  
Ән салар сонда бір үн бар; 
Тұрыңдар бәрің, тұрыңдар! 
Әнменен туып, бірге өлген,  
Атаңнан қалған ырым бар; 
Тұрыңдар, түгел тұрыңдар! 
Әуезге құлақ бұрыңдар,  
Әуелі сыртқа шығыңдар; 
Шығындар да, тыныңдар,  
Талықсып жеткен сол үнге 
Талықсып біраз тұныңдар; 
Аясында анау аршаның,  
Дариға отыр ән салып; 
Білдірмей өксігі, бір шалың,  
Бір шалың отыр тамсанып 
Дариға отыр ән салып; 
Жер түбі кеткен жарларын,  
Жесірлер тұрсын қарсы алып 
Жетімдер ұшсын жар салып Дариға отыр ән салып. 
Өлі бір кешке жан салып; 
«Сұңқардай едім жердегі,  
Аққудай едім көлдегі» 
Дариға- жүрек шөлдеді,  
Дариға- жүрек шөлдеді,  
Сапардан жары келмеді 
Дариға отыр ән салып,  
Дариға солай отырсын,  
Жалғаннан жарын шақырсын. 
Керенау, дел- сал, ей, таулар,  
Күрсінбей неге жатырсың?! 
Кейімей тұрсың, кең жайлау,  
Кең жайлау емес, татырсың! 
Кеуіп бір қалған тақырсың! 
Кейімей тұрсың Ай да, сен,  
Ай емес, кара бақырсың! 
Қараңды суға батырсын! 
Күңірен, таулар, күңірен,  
Күңірен, жайлау, .күңірен,  
Кеудеңнен жалын атылсын! 
Кірпігінді қақшы, Айым,  
Көзіңнен жасың шашылсын. 
Дариға- жүрек басылсын,  
Көңілдің кірі ашылсын,  
Жасырсын, бәрін жасырсын. 
Шақырды жарын, келмеді,  
Белгісіз тірі, өлгені; 
Дариға- жүрек шөлдеді. 
Тау- дағы көңіл бөлмеді,  
Ай- дағы көңіл бөлмеді,  
Жайлау да көңіл бөлмеді; 
Қос басы — өлік көмгендей,  
Дариға оны көрмеді; 
«Сұңқардай едім жердегі,  
Аққудай едім көлдегі»,  
Дариға- жүрек шөлдеді,  
Дариға- жүрек шөлдеді. 

2. Жалған

-Жеңгелер- ау, жеңешем қайда менің? 
-Шомылып жатыр анау сайда, — деді. 
Бір сұмпайы күлкіні қымтап қалды,  
Қылымсыған қатынның қаймақ ерні. 
-Әкел бермен, қымызың қайда?! — деді. 
-Қымыз емес, бүгінгі айран еді 
-Ыстық мынау, соншама кешігесің 
Әкел бермен! 
Несіне тесілесің?! 
Шалғы шыңдап отырған кексе қатын: 
-Ей, Бәтіш, неңе сонша есіресің?! 
Несібеңді ұрлаған Дариға ғой, —  
Балаға несін сонша жекіресің? 
-Жүресің де қоясың, өсек бағып,  
Қашан бізге беріп ең төсек салып?! 
Жәйіңе отыр оттамай, ісіңді біл,  
Тұлпарға әкеп теліме есекті алып! 
-Пішту деген бетім- ай!Қарай қалғын?! 
Білмейсің бе сынғанын шар айнаңның 
Өз көзіммен көргемін, әлі көрем! 
Шомылуға сен- дағы талай бардың 
Мен кетіп қалдым 
Жаман түстен шошынып оянғандай,  
Шошып кеттім, шошыдым, ой, аллам- ай! 
Мен алапат екі бір жыртқыш көрдім,  
Қызыл қанға бөксесі боялғандай. 
Сұмдық көрдім ешқашан сыр ашпаған 
Несіне айтамын деп тыраштанам 
Сұмдық көрдім, бүкіл бір сұлулықты,  
Сұрқия құмарпаздық ластаған. 
Дүние- aу, сұлу ең ғой жаңа ғана,  
Оп- оңай- ақ, осылай, жоғала ма? 
Айтсаңшы, ей, табиғат, сұлулығың 
Осындай сұрқайлықтан жарала ма?! 
Дариға 
Тфу!!! 
Жаман еді аты қандай! 
Сорлы аға, сойқан атты қатын алмай. 
Аузымды аңдаусыз ашып қалсам,  
Жүрегім снаряд боп атылардай. 
Тфу, ит! 
Қандай жаман ән салады,  
Ән емес, осы екен ғой аңсағаны. 
Мына бір бояуы жоқ бозала тау,  
Өзіне сұлумын деп тамсанады. 
Мына бір бұрқыраған бұзық- өзен,  
Даурығып озіне- өзі жар салады. 
Мына бір татымы жоқ тау самалы,  
Ана бір албастыдай аршалары. 
Мен сұлу, мен сұлу деп қарсы алады; 
Мына бір қызыл гүлдер қызынақсып,  
Ана бір жаужапырақ қол соғады; 
Қай жерден көрінер деп қансонары,  
Сонау бір кәрі қыран тау шолады; 
Қыран емес, жауыз ол, қан сорады! 
Жақпар- жақпар жартастар, құдайсыңдар! 
Себебі, сендер, міне, былайсыңдар: 
Тәкаппар сұлулықты сақтайсыңдар. 
Беттеріңнен жосқанда лай сулар; 
Тәкаппар сұлулықты сақтау үшін,  
Тәкаппар қорлықтарға шыдайсыңдар; 
Күннен жылу, желден тіл сұрайсыңдар! 
О, жартастар! 
Жартастар, құдайсыңдар! 
Жабыла кеп жалғандық күндегенде,  
Әр «сұлудың» басына құлайсыңдар; 
Сұлулықты қайтадан сұрайсыңдар; 
Сендер ғана — мәңгілік ескерткіштер,  
Сендер ғана — мәңгілік құдайсыңдар; 
Сендерге мен шыңғырып шынымды айтам,  
Шыңғырып сендер бірге жылайсыңдар. 
Жалған! — дедім, жалған деп айтам әлі. 
Жалған- н- н! — деді, жартастар қайталады. 
Таулар! — деп ем, тауларым байқамады. 
Жартастарым таулар деп қайталады. 
Дариға- жүрек!тағы да қайталады. 
Құндыз бөркі құздардың шайқалады. 
  
3. Намыс пен муза

Самалдап барып, саялап тынған шалғайда,  
Дариға- жүрек, аққуға қосқан ән қайда? 
Сұлулық шіркін, шынымен мені алдай ма? 
Дариға- жүрек, жөне бір әнге салмай ма?! 
Қою түн мынау, қоқырсып жатыр қос басы. 
Бозкүйез тау тұр, бозбала бұлтпен достасып. 
Бір бел мен бір бел — қосыла алмайтын қос ғашық. 
Гүлдерін ұстап, қолдарын былғап, қоштасып. 
Естерін жиып, есіней- есіней, маужырап,  
Адамдар түгел ұйқыға кетті қалжырап. 
Бұлақтың басы, бұйығы өскен бал- құрақ,  
Бағады сыбыс, естілер емес ән бірақ. 
Жартастар жатыр, жалаңаш тастап кеудені,  
Сайлар да, міне, сарыла- сарыла, шөлдеді. 
Мазасыз бұлақ маңайға тыным бермеді,  
Аңсатып бәрін,  
Дариға- жүрек келмеді. 
Несіне келсін, ән салу оған мақтан ба,  
He жетсін, шіркін, несібе құшып жатқанға. 
Несі бар оның:жетім мен жесір, қарттарда,  
He жетсін, шіркін, темекіні орап тартқанға. 
Жат көздер, мейлі, жазғырып оған қарасын,  
Түсінсін бе олар, өлі мен тірі арасын. 
Жарайды сол да, жанының басты жарасын,  
Жадырап енді, жалыны бойға тарасын. 
Дариға- жүрек, несіне енді салсын ән,  
Несіне алды оның, жүрекке ине шаншыған,  
He тауып еді, көзінен тамған тамшыдан. 
He тапты әннен, көңілін ыңғи жаншыған? 
Күтпеңдер, таулар,  
Дариға әнге салмайды,  
Жартастар күтпе,  
Дариға даусы бармайды. 
Күтпеңдер сайлар, күлкімен енді алдайды,  
Халқының үнін сауыққа енді арнайды. 
Осы бір ойлар, түн сайын мені езеді,  
Бойымда қаным — тулаған таудың өзені. 
Жанымды менің, жеңгемнің даусы кезеді,  
Жүрегім ұлып, қалғандай жетім сезеді. 
Шөпшабыс еді. 
Қосымыз тұрған шатқалда 
Ұйқыдан қауым, жаңадан тұрып жатқанда,  
Дариға- жүрек, ботадай келіп боздады,  
Бозарып тұрып, бозарып атқан ақ таңда. 
Тыңдаған жан жоқ, өзінше жұрттар дүрбелең,  
Кімдері сөйлепкімдері ұрсып кімменен. 
Қауымның мұндай, қатыгездігін білмеп ем. 
Айғай мен хайбар, айналам тегіс гулеген. 
-Таң атпай жатып, ойыңа түсті әлдене? 
Сайқалданба енді, үніңді өшір, қар неме! 
Сұмдықты бастап, таң атпай жатып зарлама,  
Үніңді өшір! 
Өтірік зарлап, алдама! 
-Пәруәрдігер, албасты ма өзі, пері ме?! 
Әруақты мына ит, оятар болды- ау көрінен. 
Дариға- жүрек, мына жұрт сенен жеріген,  
Көмгелі жатыр, әніңді бірге сенімен. 
Күрсініп алып, күңіреніп кетті тау маңы,  
Бағытын бұзып, бұлттағы Ай теріс заулады. 
Тигендей бүйі, кең жайлау кейіп, аунады,  
Дариға- жүрек, дамылын таппай, лаулады. 
Жайлауды тастап, жапырлап ауыл көшкендей,  
Шатырлап барып, ошақта оттар өшкендей. 
Азалы бір үн, аяулы біреу өлгендей,  
Азамат мерт боп, ауылын жауы жеңгендей. 
Азалы бір үн, арызын кімге шаққандай,  
Мезгілсіз күз кеп, мерейді тұман жапқандай. 
Мекенін тастап, мезгілсіз құстар қайтқандай,  
Қоңыр қаз ән caп, қоштасып бара жатқандай. 
Қыршындай солған, қызғалдақ гүлге бүр жарған,  
Қурайлар сыңсып, жоқтау caп құла қырлардан. 
Азалы бір үн, бірде мұң- қайғы, бірде арман,  
Азалы үннің астында жатыр бұл жалған. 
Дариға- жүрек, лапылдап барып басылды,  
Күрең күн келіп, мойнына таудың асылды. 
Бір белден сонда, бригадир келді ашулы,  
— Тездет! — деп, жұрттың дегбірін әбден қашырды. 
Тірліктің күні, тірліктің сәнін сырғытты,  
Тірліктің күні, тірліктің әнін қылғытты. 
Жалына аттың, біреулер жасын ырғытты,  
Біреулер жасын, бетінен төмен жылжытты 
— Қымызың бүгін тәтті екен, құйшы. тентегім,  
Айызым қанып, ішейін бүгін иен тегін. 
Жеңгемде көзім, күдіктің бұлтын серпемін,  
Белгісіз маған, көңілім бір күйі шертеді. 
Ернінде оның, қиығы менің көзімнің,  
Елестеп кетті, қылығы бағлан- қозымның. 
Қозыма сусын бергендей болып сезіндім,  
Лас ойларды лақтырдым мүлде, безіндім. 
Сырлы тостақтан, сызылта сорып болды да,  
Сызыла беріп сырғанай тұрды орнынан. 
Аяныш көзбен, абайлап қарап сорлыға,  
Жігерім жасып, көңілім сонда болды нан. 
-Тентек, сен отыр, атыңды тұса, аттанба,  
Тас жуа теріп келейін ана шатқалдан! 
-Дем алсаң етті, несіне сонша желіктің,  
-Тентегім меніңтүсінесің бежерікпін 
Түсіне алмағам, жерікті қашан көріппін. 
Оңаша, жалғыз отырмын жұмсақ мақпалда,  
Қоямын қарап, жеңешем кеткен шатқалға. 
Оңбаған ойлар, оралып жатыр қайтадан,  
Сонау бір өткен, сонау бір сұрқай шақтарға. 
Безінем одап, көрмедім оны, бармадым,  
Бәрі де сұлу, сұлулық толық жан- жағым. 
Қарағай- шырша, қапталдан құлай қаулауын. 
Тұңғиық көкте, қыранның, қара, самғауын. 
Сайлардан соққансамалдың, қара, салқынын,  
Тандайға ұйып, гүлдердің мына аңқуын. 
Бу шашып, әнеу, кәрі жартастың балқуын,  
Жасыл белдердіңжасырын бәрі шалқуын! 
Жарық дүние- ай, жаным- ай менің!Ғажапсың! 
Ғажапсың, шіркін! 
Амал не, тезсің, аз- ақсың 
Құзар жартастанорамал көрдім бұлғаған. 
-Қош бол, тентек! 
Әзілдеп, сірә, тұр маған. 
Көк көйлек көрдім, қалықтап құздан зулаған,  
-Қош бол! — деп, 
— Тентекшуылдап үні тынбаған. 
— Қош бол! — деп тастархабарлап жатты жан- жаққа,  
Неғылған сұмдық! 
Дариға ма, әлде аруақ па?! 
Өте алмай қалдым, жете алмай қалдым ар жаққа,  
Дариға- жүрек 
Ұшты да кетті аулаққа 
Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын,  
Сол екен — менің періште жырым, мұратым 
Дүниенің мынау, қабағын бағып тұратын,  
Дариға- жүрек, өмірге берді бір ақын 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады
Пікір жазу