Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Дауасыз дерт)

 Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Дауасыз дерт)

Ағайын барды күндеп көре алмайды,
Жоқ болса, жомарттық қып бере алмайды.
Кәнеки, бермегенің сол емес пе,
Білмеген-білген тілін неге алмайды?
Екі көз бір-біріне дұшпан болып,
Болса да қандай жақын сене алмайды.
Ұрысса қатын-бала әлдеқандай,
Үйіне бір-бірінің ене алмайды.
Өмірі итжығыспен бара жатыр,
Белгілеп бірін-бірі жеңе алмайды.
Көлденең ағайындар дәлелат қып:
"Бұзылма сендер бүйтіп!" — дей алмайды.
Бастаса пайдалы іске біреу шығып,
Соңына көмек беріп ере алмайды.
Мал беріп жамандықты сатып алып,
Берсе де жақсылықты тек алмайды.
Арада бұзықшылық өрті жанса,
Құйса да топан суын, сөне алмайды.
Әуре боп, бірін-бірі жоғалтам деп,
Татулық, ынтымаққа келе алмайды.
Дау десе, жаны құмар бейшараның,
Онымен ешбір нәрсе өне алмайды.
Аударып ақпейілін бұзықтыққа (бұзықлықка),
Жүре алмай түзулікпен, оңалмайды.
Береке кәсібінде болмаған соң,
Түзеліп еш шаруасы оралмайды.
Біреуі біреуінен артық болса,
Бір-бірін ілтипатпен тең алмайды.
Дұшпаны сырттан болған жесе-дағы,
Онда да тізе қосып келе алмайды,
Жамандап бірін-бірі мұқатса да,
Ешкімнен: "Мұның жөн!" — деп, шен алмайды.
Майда бол, жігіт болсаң, тал жібектей,
Жақсы емес қатты болу тікенектей.
Ғылымың болса-дағы ұшан-теңіз,
Пайда жоқ: ез халқыңа қызмет етпей!
Көрген мен көрмегенде көп парық бар,
Ашылмас(з) жігіт адам сыннан өтпей!
Лайықсыз ерсілікке арандама,
Әр істің мазмұнына көзің жетпей!
Ғибрат ал: жақсыларға жақын жүріп,
Қаша гөр жамандардан аулақ шеттей!
Не нәрсе талаптансаң табынады,
Опа жоқ: ер жігітке жапа шекпей!
Самалы (мысалы) әрекетегің (харекеттің) сол сықылды,
Алмассың егінді орып, тұқым сеппей!
Пайдаңды жақсы болсаң көпке тигіз,
Жатырқап еш адамды сыртқа теппей!
Кезінде кезең жерден қосылып қал,
Бәйгеге ұлы дүбір қалма ілікпей!
Мақсаты асыл (хасыл) болып ойыңдағы,
Алла һәм ер тілегін мақұл еткей!
Түгелі кемесіне мініп шыққан,
Ғылымның тәлиптерге (тәлиблерге) нұрын төккей!
Аз біліп, көпке ғашық болғандардың
Ләззаты таңдайынан жүрер кетпей!
"Канағат, көп білдім!"- деп, айтпа өнерге,
Көре бер басқалардың азын көптей.
Жасында қалсаң мақрұм, сан соғарсың,
Қуарып қурай болып, қалма көктей!
Шалқайып үйде жатсаң, дәнеме жоқ,
Сарп етіп жытһа дейін(дыбын) малды төкпей!
Таппасаң дертке дауа, ғазизларым,
Надандық дауасы жоқ ауыр дерттей!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады