Қазақша өлең: Шернияз Жарылғасұлы (Ассалаумағалейкум, алдияр хан) » ZHARAR © 2017 | шернияз жарылғасұлы Ассалаумағалейкум алдияр хан өлең стихи на казахском шернияз жарылгасулы казакша олен, шернияз жарылгасулы олендери, шернияз жарылғасұлы өлеңдер жинағы, Ассалаумағалейкум алдияр хан




  • »

Қазақша өлең: Шернияз Жарылғасұлы (Ассалаумағалейкум, алдияр хан)

Қазақша өлең: Шернияз Жарылғасұлы (Ассалаумағалейкум, алдияр хан) казакша Қазақша өлең: Шернияз Жарылғасұлы (Ассалаумағалейкум, алдияр хан) на казахском языке

- Ассалаумағалейкум, алдияр хан,
Молдалар хат жазатын сауыт қалам.
Кешегі ел ұстаған ханзаданың
Сізді де ұрпағы деп бердім сәлем.
Ежелден шынжыр балақ, шұбар төс ең,
Кең көшіп, ен жайлаған қалың қазақ
Кеуірден түршіккен соң толықсыған.
Толқынға алтын қазақ тұтқа болып.
Тұрсын - ау жұрт шайқалтпай
Бәйем сұлтан!
Жалаңаш елден шыққан бір сорлымын,
Жалғыз - ақ үміттімін рахымыңнан.
Басымды алар болсаң, жылдам алшы,
Ызғырақ өтіп барады табанымнан.
Бәйеке, күнім қайда баяғыдай,
Байлардың шетке шықтым саяғындай.
Басыма пәле жауып тұр осы күн,
Құдіреттің көктен түскен таяғындай.
Басымды алар болсаң, шапшаң алшы,
Барады үсіп кетіп аяғым - ай.

Б а й м а ғ а м б е т:
- Сен кімсің?

Ш е р н и я з:
- Аржақта дүмбірлеген Арғынқазы,
Жайлаған Арғын - Найман Өтенсазы.
Ен қоныс, тоқты қоздап, тай құлындап,
Бірі мың боп, ел лықсып қысы - жазы.
Сол жаздың дәлетінде сұңқылдаған
Бейбақ ем, ел еркесі, қоңыр қазы.
Бәйеке, танымасаң танытайын,
Мен едім Исатайдың Шерниязы.

Б а й м а ғ а м б е т:
- Кір үйге, басыңды аламын.

Ш е р н и я з:
- Ру бар жер жүзінде жеті ықылым,
Орыс - орман, қырғыз, сарт, Қытай, Қырым.
Билеген соның бәрін әділ ұстап,
«Жолықтыр, құдай, - деп ем, - Шыңғыс ұлын! ».
Қара бойда дамбалдан басқа түк жоқ.
Оның - дағы балағы жырым - жырым.
Тақсыр - ай, ордаңызға қалай кірем,
Жалаңаш ашылып тұр абұйырым?!

Б а й м а ғ а м б е т:
- Кір!

Ш е р н и я з:
- Бұ Шерің «ә» дегенде аттай салар,
Жүгірсе, жүйрік көзі оттай жанар.
Ордаңа осы күйде кіріп болмас,
Жақтырмас ханымың да қаны қашар.
Ордаңа осы күйде кіріп барсам,
Тепкілеп қуып шығар ханышалар.

Б а й м а ғ а м б е т: (үстіндегі ішігін Шерниязға беріп) :
«Мынаны жамылып үйге кір, өзіме қайтып берерсің», - деді.

Ш е р н и я з:
- Алдияр, бергеніңе төрем құлдық,
Айрылған Исатайдан мен бір мұңдық.
Баласы алты алаштың сізді тілеп,
Ақ патша шақырғанда дұға қылдық.
Күнелткен қызыл тілдің ұшын безеп,
Жан едім өтірік айтпай, қылмай ұрлық.
Кешегі Исатайдың дәулетінде,
Ішіп - жеп ен дәулетті байша тұрдық.
Жанаттан орман түгіл көрпе қылып,
Мырза едік, мұндай тоның бір тиындық.
Терісін он тышқанның бере салып,
Сұраған төрем қайтып неткен сұмдық?!
Бәйеке, құтты болсын кеңесіңіз,
Исатай ішке кеткен егесіңіз.
Ақ сұңқар түлегенде түк қалады,
Бұл да бір қалған түгім демесеңіз.
Жамылып ішігіңді шекем қызбас,
Қайтейін басы бүтін бермесеңіз.

Б а й м а ғ а м б е т:
- Тонды басы бүтін ал, енді үйге кір!

Ш е р н и я з ( үйге кіріп, жаңа тұрып жатқан Баймағамбеттің қыздарын көріп ):
- Шіркіннің сөйлер сөзге желуін - ай,
Артынан ханзаданың еруін - ай.
Ханша алты бірдей тұрып жатыр,
Құдайым аямай - ақ беруін - ай!

Б а й м а ғ а м б е т
- Қызымның жақсысы да, жаманы да бар.Жақсысын жақсылап, жаманын жамандап айт?

Ш е р н и я з:
Бәйеке, сіздің қызда жаман бар ма!
Жамандар біз байғұста заман бар ма?
Шот желке, шолақ айдар күн дер едім,
Бармайды ауыз шіркін жамандарға.
Қызыңның бес тиындық біреуі жоқ,
Қылған соң құдай ханша амал бар ма?

Б а й м а ғ а м б е т:
- Енді ханымды жаманда!

Ш е р н и я з:
- Шіркіннің сөйлер сөзге тасуын - ай,
Аруағы алдиярдың басуын - ай!
Ханымның мұрны кейкі, бойы аласа,
Келбеті мегежіннің қашырындай.
Көк иттей күшіктеген құнжың қағып,
Жататын шығар тыр - тыр қасынып - ай.
Тұрпаты ит, шошқадан былай емес,
Бәйеке, көргенімді жасырдым ба - ай!?

Б а й м а ғ а м б е т:
- Енді өзімді жамандашы!

Ш е р н и я з:
- Арғы атаң ту ұстаған Арыстанбек,
Туған жоқ ол да сендей данышпан боп.
Тақсыр - ау, сізді қалай жамандаймын,
Мен түгіл, құдай жаман жаратқан жоқ.
Жақсы айтам, тақсыр төрем, мақтанарсың,
Жабырқап жаман айтсам, жасқанарсың.
Үйшінің үкісіндей өткір тілім
Өрді - ойды білмей шауып қасқарарсың,
Хан жамандап қанымды төгіп алып,
Шығарма, қызыл тілім, масқарасын.
Жамандап бірдеме деп айта салсам,
Түтуге мен сорлыны бас саларсың.
Шыдамай Шерің қозғап, шынын айтса,
Қылышпен алтын сапты басты аларсың.

Б а й м а ғ а м б е т:
- Басыңды алмаймын!

Ш е р н и я з:
- Аржақта арғынқазы
дүмбірлеген,
Бәйеке , елің барма бүлдірмеген?
Төре кетіп, төбеде төбет қалып,
Туып тұр ел басына «бұл күн» деген.
Кешегі Исатайдай есіл ерді
Орысқа ұстап бердің тіл білмеген.
Қазақтың қара жұртын быт - шыт қылған,
Төре емессің, төбетсің дым білмеген...
Айдаттың жалғыз бауырың Исатайды,
Сенен де қалмақ жақсы шүлдірлеген.
Па, шіркін, Исатайдай сарбаз тумас!
Қас итсің, қасыңа да адам жуымас!
Ел ұстап, жұрт билейтін қылығың жоқ,
Хан емес, қас қатынсың мұндар қу бас!

Баймағамбет қылышын суырып алып, Шернияздың басын шаппақ болып оқталып:
Осы қылышың сенің басыңды шаппай түспейді, өзің өлеңмен түсірмесең! Дәтің болса айт!

Ш е р н и я з:
- Қолында ханзаданың қысқа қылыш,
Түсесің қаһарлансаң тасқа, қылыш.
Сабының хан ұстаған тұтамы алтын,
Жарқылдап хан ойланбай аспа, қылыш.
Қалмақтан хан өтіпті Қалдансерен,
Ол -дағы билеп өткен тамам елін.
Жеті атаң жеті түптен бері қарай
Орнаған қыдыр төніп, есіл бесігім.
Дұшпанын табанында жүн қып түтіп,
Қор қылған егескеннің атаң сенің.
Жарлықты «жаманда» деп қылғаннан соң,
Тұтып ед өзіңді арқа өзім менің.
Сіз - «сұңқар», «қара қарға» - қалың қазақ,
Болып тұр өле - өлгенше сіздің жемің.
Кессең - бас, кешсең қалар, тақсыр төрем,
Құрмандық лағындай ақын Шерің!
Арғы атаң болып өткен Арыстанбек,
Өткен жоқ ол да сендей данышпан боп.
Кешегі Айшуақ пен Нұралы атаң
Дұшпанмен намыс үшін алысқан көп.
Олар да ел биеген, жұртын ұстап,
Патшаға қара қазақ барысқан жоқ.
Қылған ол ақ патшамен алыс - беріс,
Алдың бас иіп тұр бар дұшпан кеп.
Бір атаң жұрт ұстаған Мәді сұлтан,
Қарашы қара қазақ болған ұлтан.
Шұбар төс, шынжыр балақ тұқымыңнан,
Кеткен жоқ бар мұсылман уысыңнан.
Білемін, хан Бәйеке, нарлығынды,
Келсе - кең, қайтса - қайтпас тарлығыңды.
Баласын алты алаштың шырқ иіріп,
Ел билеп жұрт сұраған хандағыңды.
Шеріңе бір тілекті ал деп едің,
Алдың ба өзін қайырып жарлығыңды?
Ханекем, қазым да сен, төрем де сен,
Мен байғұс саған айтам зарлығымды.
Өз атың - жұртқа әйгілі Баймағамбет,
Патшаға сексен қара ат байлаған бек.
Түсіріп жау жағасын жаға ұстаған,
Сібірге Исатайды айдаған бек.
Шеріңнің басын алсаң, жалпы жұртың:
«Қ... - ды , деп жүрмесін, - шайнаған бек».
Ажалым жетіп тұрса, бар ма шара
Өлімді ойлатпайды тіл бейшара.
«Қара қайта сөйлесе, қатын», деген
Хан қайта сөйлесе, егер, болды қара.

Б а й м а ғ а м б е т:
Баяғыдан бері осылай десең болмады ма? Күнәңді кештім. Кеше мен қатты ауырғанда өліп кетсем, жұртым қандай қайғылы болар еді, өлмегеніме жұрт қандай қуанды, соны айтшы?

Ш е р н и я з:
- Бергі атаң жұрт сұраған әділ сұлтан,
Деген соң сіз ауыру жұрт қысылған .
Тақсырдың шыбын жаны қалар ма деп, -
«Күйзелді» қала - дала, бар мұсылман.
Жолына ханзаданың «біз құрбан» деп,
Буынып не боздақтар бас ұсынған.
Мал шалып, молда менен қайыршыға,
Құдайы жұрт сарқылды ел құшырдан.
«Көзден жас көлдей ағып бұлақ болып»,
Бай малын, кедей ұлын қылды құрбан.
Дегенде «хан жазылды» жан мақтанған,
Баласы мұсылманның аруақтанған.
Көңілін ханзаданың сұраймыз деп,
Ғаламнан он сегіз мың жан аттанған.
Қасқайып қабақтары қарашыңның
Той қылып ойда - қырда санатталған.
Сілкініп жабағы тай бесті ат болып,
Балапан ұядағы қанаттанған.
Ат ыраңдап, ер таңдап,
Балалар от басында пышараңдап,
Кемпір - шал бір - біріне құжыраңдап,
Жер үлкейіп, шөп көркейіп,
Тумаған ту мал балалап,
Күзді күні құс жұмыртқалап,
Жанның бәрі қыбырлап талаптанған.
Тақсыр - ай , сіз жазылды дегеннен соң,
Пендең түгіл, періштең бек шаттанған.

Б а й м а ғ а м б е т:
- Сен шешен болсаң, Исатайдың ерлігі, байлығы қандай болып еді , соны айтшы!

Ш е р н и я з:
- Сағынам, ауызға алсам Исатайды!
Ер тумас ел жағынан ондай жайлы .
Қарадан халқы сүйіп «ханым» деген,
Жігіт еді төрт тұрманы түгел сайлы.
Исатай ділмар еді топтан озған,
Нар еді бәйтерекке басын созған.
Кешегі Исатайдың арқасында,
Ие едім ен дәулетке басыбайлы.
Ақ қайың, ақ атылы қой өрісті алып,
Тырнадай біткен жылқы тарлан боздан.
Шеріңнің шертіп тұрған заманы жоқ,
Дамбалдың иесімін жалғыз тозған.
Ер тумас ел бағына Исатайдай,
Мінезі толқушы еді толған айдай.
Тарлан боз, тарғыл ала жылқы біткен
Бай еді, құтым еді , уай, дариға - ай!
Бір жылы біткен жылқы қысырады,
Сонда да құлындады сегіз жүз тай.
Орасан оған біткен ойсылқара,
Келесіне салушы еді тоқсан бура.
Тай құлындап, тайлағы қайып тұрған,
Ортақ ед оның қойы ағайынға.
Үлесіп жеп жатушы ед маңайында...
Жігіт ед құдай берген маңдайына,
Мен емес, жұрт мақтаған Исатайды,
Қайырын қайыр демей қалайын ба?

Б а й м а ғ а м б е т:
- Ой, оның қойының көптігін айтпай, өз басыңа қылған мырзалығын айт?

Ш е р н и я з:
- Айт десең, ауызымнан шығар жалын,
Айрылып Исатайдан мүшкіл халім.
Алаштың баласына түгел жеткен,
Айтпауға бола ма екен түлік - малын?
Мен емес, жұрт мақтаған Исатайдың -
Бауындай тонның ішкі жақыны едім.
Малданып Исатайдан маңғаз болдым,
Әйтпесе адал итсіз пақыр едім.
Қу едім мен сыдырлаған бұта бұтын.
Тәппаған жаздай шалап жалғыз жұртым.
Басқа үй тігіп, бауырыма қазан асып,
Түтеттім Исатайдан бастап түтін.
Мойынында Исатайдың болып тұрды,
Ұстаған қысы - жазы расхотым.
Артынан ауыл - ауыл мен болдым бай,
Ішкен мен жегенді айтпа, тақсырым - ай.
Жөнелт деп мейманыңды, қонақасы
Қонаққа жіберуші ед күн де бір тай.
Қырық ат бас, өрігі, мейізімен
Айына ішуші едік жүз қадақ шай.
Басын да Шерниязың бойдақ еді,
Перінің жүрген жері ойнағы еді.
Бозбастық, бойдақтылық қуғаннан соң,
Исатай тұсаулауға ойлап еді.
Алаштан таңдап жүріп қыз айттыр деп,
Иса - екем жігі жапар боп қоймап еді.
Сонымен қыз қарадым жанат киіп,
Қыздар да қырындайды манат киіп.
Арғынның алты табын алтай кезіп,
Салғаным сауық - сайран тарлан шүйіп.
Сұлудың жұрт мақтаған бәрін көрдім,
Кейі аласа келеді, кейі биік.
Аққұлыншақ дейтұғын аққұбаны
Алыстан таңдап жүріп алғам сүйіп.
Иса - екем оған берген қалың малын,
Аққұлыншақ айрылдым сүйген жарым.
Еркіндеп ен дәулетте қудай шайқап,
Бәйеке - ау, дәуірлеген қайда сәнім?
Жентті жеті атанға жүктеуші едік,
Мейманды шашып - төгіп күт деуші едік.
Орыстың ащы нанын үнем қылып,
Қалтылдап сіздікінше бүйтпеуші едік.
Айтайын Исатайдың қылған ісін:
Ақ орда алты қанат менің үйім.
Масаты төрден - есік қызыл кілем,
Қырық ішік керегеде жанат, тиын.
Бәрі де Исатайдың байлығы еді,
Зерленген қара шақшам тайлық еді.
Исатай ел еркесі, ел серкесі,
Бір мен емес, алашқа жайылым еді.
Елге алғау, маған да алғау ер Исатай,
Айырылып Щерің содан қайғылы еді.

Б а й м а ғ а м б е т:
- Мен сені Исатайдың ұстағанынан артық қылып ұстаймын, Исатайдан мырзалығымды асырамын.

Ш е р н и я з:
- Бәйеке Исатайдай бола алмайсың,
Исатай қонған жерге қона алмайсың.
Исатайдың бір күнгі расхотын
Ұстаймын деп құрисың, оңа алмайсың.

Баймағамбет Шерниязға қыз алып беріп, басына үй тігіп, алдына мал салады.Бұл ісіне өкініп, қайтадан бұзылуға сылтау іздеп, оған жаңа шарт қояды:
Сен ақын болсаң, осы үйдің ішкі - тысқы сайман - жабдығын бөгелмей өлеңмен айтып бер. Айта алмасаң, бергенімнің бәрін қайтып алам.

Ш е р н и я з:
- Әкеңнің бір атасы Қоянжырық,
Босаға,маңдайша мен табалдырық.
Кереге алты қанат, алтын уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
«Төріңде, - сандық айтар, - төремін »,- деп.
Есік айтар: «әр нәрсе көремін», - деп.
Ернін жалақ қылыпты жомарт ожау,
Көрінгенге қол қайыр беремін деп.
Ожау айтар: «қазанға қапталдым», - деп.
Қазан айтар: «қарнымнан қақталдым», - деп.
Жүгіріп от айнала щәйнек жүрер,
Қылығым не құдайға жақпады деп.
Кетпен айтар: «ағашқа басталдым», - деп.
Балта айтар: «барлығына дақ салдым», - деп.
Текемет төрде жатқан сал ауыру ,
Жақсыға, жаманға да тапталдым деп.
Ыстыққа қол батпаған шөміш батқан,
Сықырлап төсек ағаш жылап жатқан.
Қылмысы бұл жалғанға жаққан тұтқыш
Бетіне қазан ұстап күйе жаққан.
Асылып керегеге ішік толып,
Толғайып тұз баспақ тұр іші толып.
Мейманды үйге келген күтіп алып.
Құман тұр от басында келін болып.
Туырлық, үзік, белдеу ши, дөдеге,
Шалқалап түндік жатыр дәл төбеде.
Орнықты бәйбішедей қара саба,
Астында орындықтың мыс теңгене.
Тағыда мен айтпаған күнің қалды,
Қабыңда түтілмеген жүнің қалды.
Шелек, қайрақ, ұстара, алдабақан,
От басы, ошақ қасы, күлің қалды.
Тағы да мен айтпаған мосы қалды,
Ыңыршақ пен ашамай, қосы қалды.
Тосыннан төре жарлық қылғаннан соң,
Бұл шерің сөз таба алмай шошып қалды..
Орамды қызыл тілдің орағымен
Шерің де одан - бұдан қосып алды.
Болғанда топай, құлға2 асық қалды,
Аяқ қапта қырғыш пен қасық қалды.
Тосыннан төре жарлық қылғаннан соң,
Бұл Шерің жауап таппай сасып қалды.
Хан мақтап бәрекелді дегенннен соң
Бұл Шерің тағы да
өсіп, тасып қалды.

Б а й м а ғ а м б е т:
- Бәрекелді, оң тіземнен орын алған ақыным болсаң, Исатай Сібірден келе қалса, алдынан шыққанда не деп амандасар едің?

Ш е р н и я з:
- Ел қорғаны ер Исатайды енді көрем деп ойламаймын. Сөйтсе де, Исатай келетін болса, алдынан:
- Бармысың жауға түскен алтыным-ай!
Самалым, саз қонысым, салқыным-ай!
Кәуірдің қоржынына түсіп едің,
Шықтың ба аман-есен жарқыным-ай
Ақ алмас алтын сапты қылышым-ай,
Қорып ең алты алаштың тынысын ай.
Жатпайды асыл пышақ қап түбінде,
Шықтың ба қабын жарып ырысым-ай ...


Санат: KZ портал » Қазақша Өлеңдер жинағы | | 244
Рейтинг:
(голосов: 0)

.

MixAdvert

MarketGid

Соңғы пікірлер:
. .