Қадыр Мырза Әли (Шарап)

 Қадыр Мырза Әли (Шарап)

Шарап, сенде бар жүзімнің ашу, кегі, ызасы.
Саған басын тұрады иіп дастарханның жүз асы.
Жасайсың сен ырду-дырду той-тамаша, сауық кеш,
Сол сауықты өзің және бірінші боп бұзасың.

Мұнша шақар болады деп кім ойлаған жүзімді.
Шарап, сені жеңемін деп талай мықты кіжінді.
Бірақ сен пілдің өзін бірте-бірте өгіз қып,
Үндеместің нағыз өзін жібересің мылжың қып!

Сен көңілді көтересің шынардай ғып, дырдай ғып,
Сен дауысты шығарасың сыбызғы ғып, сырнай ғып.
Сен адамға бермейтіннің бәрін, бәрін бересің,
Содан кейін жібересің бәрінен де жұрдай ғып!

Сені бір түн ішсе бір күн жия алмайды ел есін.
Бір бокалдан жазыласың, бір бокалдан өлесің.
Бейтаныс пен бейтанысты таныстырып болған соң,
Таныстарға тиісесің, бір туғандарды бөлесің!

Сол-ай, сенің тегеурініңе кім шыдады?!
Сеніменен шайқасуға қай қара дәу шығады?!
Сеніменен белдескеннің жоқ әлі бір жыққаны,
Сені жықса, жалғыз ғана белдеспеген жығады!

Әйткенменен, күнде-күнде бола бермес сауық той.
Сауық тойда әзіл-қалжың, ойнап-күлу салық қой.
Ішпейсің бе, сыйлы қонақ? Рахмет!.. Дегенмен,
Екіншісін ішпес үшін біріншісін алып қой!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады