Қыс туралы өлеңдер авторымен


Құрметті оқырман осы мақалада қыс туралы өлеңдер жарияланған және авторларымен қоса жазылды.

қыс, қыс туралы өлеңдер, автор, қыс туралы өлең авторымен

Қыс келген күні
Мұқағали Мақатаев
Тысқа шықсам,
Күн шыңылтыр, ңар жауған.
Ызғар, аяз атырылып бар маңнан,
Асып анау асқар-асқар таулардай,
Қыс жетіпті тонын теріс аударған.
Қыс жетіпті,
Сол баяғы кезіндей,
Қуырып жүр дүниені көз ілмей,
Күн нұрынан еш жылылық сезілмей,
Әйнектенген маскүнемнің көзіндей.
Шуылдаған шау қарғадай жар салып,
Сәбилер жүр кәрі атасын қарсы алып.
Махаббаттан ұмыт қалған ұстаз қыз,
Терезеге қарап отыр тамсанып.
Терезеге қарайды да, тамсанып,
Мұңая ма, қуана ма ән салып?!
Жібір емес терезеге қатқан мұз,
Жылуымен жылытса да қаншалық.
Аттанасың аяқтамай арманды,
(Рас екен жалған десе, жалғанды!)
...Қыз жанарын оқулыңқа аударды,
Шешпек болып көп белгісіз сандарды... 



Қырдағы қыс
Фариза Оңғарсынова
Түнімен долы дауыл құрыстаған
секілді арыстандай жыны ұстаған.
Жамылып ақ көрпесін енді ғана
маужырап байтақ дала тыныстаған.
Қалыпты қарауылда жыңғыл, құрақ,
іліп ап ақ мамықтан бір-бір тұмақ.
Мәз болып жас баладай, айналаға
қарайды әр бұтадан күн жылтырап.
1956
Қырық күн болды қыс кіргелі
Есенғали Раушанов
Қырық күн болды қыс кіргелі,
Ауыр нәубет жетті елге.
Кетіп қалды құстың көбі
Басқа мемлекеттерге.
Ода оқиды қарға таңнан
Мәртебелі кысты ән ғып:
«Мен хан едім арғы атамнан,
Құл еді, - деп, - құс барлық».
Айтсын қарға, десін құзғын,
Сайран етіп кең ішін.
Ерте кеткен есіл күздің
Қырқы бүгін мен үшін.
Қыс пен жаз
Әбділда Тәжібаев
Балқытып гүлді деміне
Сүйді жаз әбден беріле;
Әкетпек еді ұзатып
Өзінің жылы жеріне...
Қызғаншақ қыс келді де
Сілтеді суық қанжарын.
Жас жігіт қыршын өлді де
Қалдырып кетті жан жарын.
Құтырган шал құмартты,
Қызыға сүйді жас гүлді.
Бойына нәзік мұз қатты,
Үгілді гүл, төгілді.
1955



Қыс
Абай Құнанбайұлы
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай теріс айналды.
Қар тепкенге қажымыс қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.


Қыс
Ғабиден Құлахмет
Қыс қандай әсем еді, қара, далам,
Бір арман-ақ боз жеккен шана маған.
Ағызып жұлдыздайын
Дүниенің
Не жетсін күніне бір аралаған.
Қар қандай!
Қарып көзді шағылады,
Жамылған тау,
даласы,
бағы-бәрі.

Тоқтау жоқ,
Кедергі жоқ
Аппақ дүние!
Жер үсті аппақ нұрға малынады.
Күн ұзын жапалақтап тынбады қар,
Астында ақ мамықтың тұрғаным бар.
Ақ төсін жайып салып жатыр дала,
Кеудемде сол даланың ырғағы бар.


қыс, қыс туралы өлеңдер, автор, қыс туралы өлең авторымен
Қыс
Оңайгүл Тұржан
Ішімде де ақ боран,
Сыртымда да ақ боран.
Көңіл-бұлақ ақ табан,
Ол да қатып тоқтаған.
Үсіп өлді үмітім,
бір жаз бойы сақтаған.
Қарға батып дәрменім,
Мұзға қатып дәуренім,
Кәрі қысты тұр-тұрлап,
Оята алмай әуремін,
Шаңқай жаздан адасып,
Жүрген жалғыз сәуле едім.
Қыс пен жазды жалға тіл,
Көктеміңе бар батыл.
Жасыл-желек қай жақта?
Мұнда тау да, тал да тұл,
Өлеңдерде ақ қырау,
Ой ұшында қар жатыр.



Қыс
Ілияс Жансүгіров
Қыс, қар, мұз, қырау, қылау - жерді көміп,
Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп,
Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап,
Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп.
Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ,
Кейде еркек, кейде күрпік, кейде сырғақ,
Жер тарпып, аспанды аршып алтын күрек,
Сапырар сұрапылды кейде бір уақ.
Ойда омбы, дөңде қағыл қырдың қары,
Жылмық, мұздақ болса - қырғындағы.
Қатындар қалтырасып судан қайтқан,
Қарғанып қыдырғанға қырдың шалы.
Көл өлік, қаз қуы жоқ дауыстаған,
Қалған құс - қарға, шөже, сауысқаннан,
Көтеріп көтеремін, көз түрткі боп,
Арсыз жоқ азық-шөбін тауысқаннан.
Шөкитіп шөбін тиеп шанасына,
Қазақ бар қатынасқан қаласына.
Ас-тойдың, бата оқырдың бірі де жоқ,
Мал қамы, ауыл алаш шаруасына.
Күн күңгірт, аспан шаңғыт. Қылаулаған.
Қылаудан бұта бұғып қырауланған.
Ол бір жұт, арамза қой қоздаған,
Ол бір құт, сиыр ерте бұзаулаған.
Қой, жылқы, қайрат қылып жерді қазған,
Ауыл да жүдеу-жадау қыстан азған.
Үсініп аяз, боран үскірікте,
Өткізген қырда өмірін малшы жазған.
Қорада жабуланған арық-тұрақ,
Шөмшеңдеп шөп айнала шыбыш, лақ.
Шанасын шиқылдатып, ит үргізіп,
Ауылға тартқан қонақ, ымырт уақ.
Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан,
Бір қазақ таба алмайсың қысты ұнатқан,
Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар,
Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан.
Істеген жаздай еңбек Иван мұжық
Базарды асырап тұр мая бұзып.
Етпеген жаздай еңбек Иса қазақ,
Сасулы, көрінеді қыс құбыжық.
Жалғыз-ақ мектеп іші қыста қызық,
Балалар ду-ду оқып, жазып-сызып,
Үйде тар, далада қар, суық қысан,
Мектептен басқа жерде көңілсіздік.
1922



Қыс ата
Әбділда Тәжібаев
Ойының, балам, омбы қар
Демейсің қолым домбығар.
Ақ мамықты ақтара
Қалайсың тынбай ақ қала.
Отырып таудың құзында,
Құлағын тосып ызыңға.
Қыс сақалын тарайды,
Қызыға саған қарайды.
Қарайды да күледі,
Үлпілдек қарды үреді.
Қояды бір дем ысқырып,
Қаласың сонда түшкіріп.


Көрдің бе қарттың мінезін,
Ермегі қазір бір өзің,
Ойынға қандай көңілді,
Серігің болды сенімді.
Үйіріп аппақ құйынын,
Секіртіп ұшқыр тиынын.
Кейде еменді сілкеді,
Төбеңнен қырау бүркеді.
Тебемін десең сырғанақ,
Үскіріп қалып бір қабат,
Жаяды жалтыр көк мұзын,
Сырғанайсың күн ұзын.
Қолыңнан ұстап қыс ата,
Күн бата үйге ұзата
Бетіңнен сүйіп қалады,
Күрсініп дем алады.
Қыс ата неткен пейілді,
Күнімен соқты-ау ойынды.
Алғасын біраз тынысын,
Бастайды түнгі жұмысын.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу