Қалижан Бекқожин (Құм жорығы)

 Қалижан Бекқожин (Құм жорығы)

Құрымдай қап-қара бұлт түр көгінде,
Қорғандай құм төбелер түнеруде.
Келеді керуендеп бір қалың топ,
Мамырлап Маңғыстаудың түбегінде.
Керуен атты және түйелі де,
Келгені кеше ғана құм еліне.
Артқаны, асынғаны қару-жарақ,
Өзгеше бұл әскери бір бөлімде.
Теңделген түйелерге зеңбіректер,
Қақиған қапты тиеп теңбіл көктер.
Әскери — орыс, қазақ, татар, башқұрт,
Жау көрсе жалындаған ер жүректер.
Болса да құм түтеген ер мен ылди,
Омбылап ұмтылады ерен ылғи.
Бастаған бұл жорықты қияндағы,
Қыраны даламыздың ер Әліби.
Қашқанға паналайтын орын болған,
Құм таулар құдды биік қалың қорған;
Осынау өлі шөлді көрмес еді,
Комиссар айрылмаса Орынбордан...
Қасқырдай құтырынған қанды Колчак,
Қапыда сол қаланы алды қоршап.
ЬІғысты, құрал-күші шағын еді,
Дариға, өкінішті болды сол шақ.
Ыза бар күшті тағы кеудесінде;
Әлихан құмдай зырғып келді есіне;
Сол енді торын тосқан даласына,
Босатты көлгір қуды ол несіне?
Жоқ, әлі жүрегінде берік арман,
Ол қашып шыққан да жоқ Орынбордан.
Өтті ол оттың талай өрмегінен,
Өрт еді даласының өрі толған.
Ия, солай дұшпан қазір тор жаюда,
Қырына, Қызыл тулы Торғайына.
Комиссар ат үстінде теңселеді,
Толғанып елге батқан сор жайында.
Не күйде Аманкелді, қоршауда ма?
Уа, Торғай, дүниеден оқшау, дала!
Мәдияр шырмады ма? — Жоқ қиялым —
Жетемін сенен бұрын шапшаң ғана!
Ол солай ой қуалап асығуда,
Жетпеді-ау, сонау төбе асуына.
Тас тобыр ойнағанда ширақ атып,
Ұқсайды айдаһардың асырына.
Сол тиіп комиссардың ашуына,
Қарайды сұспен қырдың қашығына.
Келді өзі қуғыншы боп құйындарды,
Келген жоқ сұрапылдан қашып мұнда.
Өткенде, көк айдыннан аласұрған,
Қуғанда жауды теңіз жағасынан, —
Жауынгер отрядтың мынау құмда,
Жүрісі баяу болды-ау қалашыдан.
Арылмай адыр сайын адасудан,
Айрылды көрінгеннің қарасынан,
Қалған ба адайлардан адаланып,
Қу мекен, құлазыған қара шыған?
— Отряд, ұмтыл алға, аялдама!
Айдынын алдымыздан жаяр дала.
— Комиссар су, су керек! — деп тамсанып,
Басады аяқтарын баяу ғана.
Жауынгер көздеріне шаң ұялап,
Көмбеге көмілгендей талып аяқ.
Талай құм таңдағына түртінсе де,
Тамшы су қойды тіпті табылмай-ақ.
Шеруін тас қамалға тартып енер
Қайран ер бұл жүрісің қайтып өнер?
Аттары ахалтеке, тілін шайнап,
Майысып құмды қапқан нар-түйелер.
Су қайда?— деген дауыс қайталаған,
Қақталған жігіттері қаталаған.
Комиссар тоқтай қалды, әлде өзі,
Басты ма осы маңға қата қадам?
Жүргенше шырматылып шөл тұзақта,
Қайтсын ба әлде қайта теңіз жаққа?
Сол бір сәт қиял көзі қалды тоқтап,
Жарқ еткен Кремльден жұлдыз-отқа?
Көзіне құмды жарып елестеді,
Ленинмен кездескені, кеңескені.
Жол сызып жұмсағаны қолбасшының,
Жорыққа осынау құм белестегі.
— Даланы жау басты деп күйінбеңіз,
Қайтадан құдіретпен түйілеміз.
Болады торлы дала жаудан азат,
Сол үшін ойымызды түйіндеңіз.
Күш керек революция майданына,
Тұтанған Түркістанның аймағында,
Сол үшін қажет қазір, құрал тасып,
Теңізді, құм аралды айналуға...
Соны ойлап тоқталғаны түр есінде,
Картадан осы құмның белесіне, —
Қарады Ленин сонда көзбен барлап,
Комиссар қиындықты жеңесің бе?
Айнала жау қаптаған жолы қиын,
Аңдай көп асыр салған қалың құйын,
Аралдай құм түбекке, бұл жорыққа,
Жұмсаған Ленин өзі Әлібиін.
Жоқ, ешбір жорықтан ол шегінбейді,
Өрт шашсын, бұл даланың шөлі мейлі.
Азаткер армияның қанаты бұл,
Сұрапыл соқса мейлі, сөгілмейді.
ІІ
Орғытып астындағы арғымақты,
Комиссар барлап қайтты атырапты.
Жапанда жан көрінбей құмнан басқа,
Бөгеді бір төбеге отрядты.
Тарасып жауынгерлік салтыменен,
Сілікті шинельдерін шаң бүркеген.
Қағады құтыларын тамар ма деп,
Бір тамшы, таңдайына шөліркеген.
Комиссар мақтап жатыр шыныменен,
Ерлерін құм жорықта шегінбеген,
Жайнаңдар жабырқамай билеп, жырлап,
Жігіт пе шырқап әнді керілмеген.
Осы бір жігіттері айғағы да,
Жеңіске Астраханның майданында.
Бұқтырған бүліктерін ақ бандының,
Соғыста Атыраудың аймағында.
Елігіп ағылшынның айбарына.
Эсерлер еніп құмның қойнауында.
Орнатқан өкімдігін,— бұл отряд.
Сөндірген соның оттай ойнағында.
Сол ұрыс Александр портындағы,
Жауынгер көздерінен жарқылдады.
Көрінді үміт, жеңіс шеруіндей
Гармоньның шалқып қазір тартылғаны.
Ән десе әрқашан да әзір Лена
(Үгітші отрядта қазір Лена).
Киінген жауынгерше бұл жорықтың,
Шертеді шеруі мен назын Лена.
Комиссар қақса кейде қас-қабағын,
Асылып иығына бастар әнін.
Солай бір кетті шырқап енді Лена,
Тербетіп құмдай ойлар басқан жарын.
Ерлері алқаланып, қосылысып,
Ән кетті адырлардан асып, ұшып.
Айбын да, қуаныш та үндерінде,
Кеткендей бүкіл қырды жастық құшып.
Жас орыс гармонь тартып, қатар жүріп,
Билейді сан сабалап татар жігіт.
Осылай серпілмесе мынау шөлде,
Құм жұтқан сонау күндей батар үміт.
Беріліп жатыр бәрі жыр-өлеңге,
Қызумен ұмтылғандай дүрбелеңде.
Комиссар көрді әне бөгде қызды,
Келеді Аяп алып бір белеңде.
Жігітше тап-тұйнақтай киініпті,
Сұрша қыз, құс мұрынды, кемиекті,
Тайсалмай келе жатыр еріп қатар,
Торғайлық Аяппенен, кең иықты...
— Шырағым, сұрағымды қалаймысың?
Қай елсің, өзіміздің адаймысың?
Қалайша кезіктің сен біздің қолға,
Бұл жонда қаңғып жалғыз қалай жүрсің?
Шындықты, өтірікті талғаймысың!
Шын ерсең, бізге, қалқам, талайлысың, —
Ауылың, әкең қайда, айт шыныңды!
Бұл құмда жөн табуға жараймысың?
— Адаймын, әкем аты Атанияз,
Елімде жаугершілік — ата мирас.
Адайдың айбындысы әкем менің,
Қасына қайырымсыз қатал-қияс.
Мекені еліміздің осы құмда,
Үстірттің теңіз тепкен асуында.
Атекем құм құйындай ашу бұрқап,
Төтеген талай жаудың тасырына.
Бір кезде алапаттан қашық шыған,
Бұл кезде кеткен маза басқын-шудан
Қорғады ауылдарын әкем бастап,
Бүлікшіл баспашыдан, басқыншыдан.
Әкемнің жан серігі, жан қызығы,
Бар еді батыр туған жалғыз ұлы,
Бастаған жораларын жортуылға,
Өзіндей өрен еді жауға зілді
Бір күні ауылымызды әскер бүріп,
Сол аға шықты жауды сескендіріп.
Атыста жау оғынан тапты қаза,
Әкемді кетті өлімі кектендіріп.
Жанында жағып ыза, өшпенділік,
Жар салды адайына өктем жүріп.
«Бәрі жат, әскер біткен адайға қас,
Бәрі жүр басымызға оқ төндіріп.
Ата бер, әскер болса, құрт бәрін де,
Жау қаптап жөңкілмесін құт жерімде
Әкемнің айбатына сеніп елі,
Серт еткен әскер көрсе тап беруге.
Бораған тас құйындар бұл асуға, —
Әлде сол адайлардың ызасы ма?
Әкемдер жүрген шығар осы маңда,
Ауылы көшкен еді Бозашыға.
Мен өзім алты қыздың кенжесімін,
Солардың еркесімін, өзге сырым.
Әкеме ерген еркін бір жігітке,
Беріп ем, сүйемін деп сөз кесімін.
Ол өзі адайдың бір ер ұлы да,
Жұлқынған еркіндіктің жорығына.
Дауылды аңсап ұшқан ақ сұңқардай,
Жүрмеген жан сауғалап жел ығында.
Ішінде көп жігіттің зерегі де,
Дейтін ол жауығудың керегі не?
Жау емес, әскер біткен Қызыл тудың
Аясы аялайтын кең еліме.
Мені де құшпай ыстық құшағына,
Алаштың түспей, қашты құрсауына,
Кетті ол іздеп Дала Комиссарын.
Адайға азаттыққа күш алуға...
Бір күні аулымызды басты банды,
Әкеміз жүрген еді басқа маңда.
Тоналған түліктей бір мені әкетті,
Ұқсаған қарақшылар қашқан аңға.
Әкетті мені Каспий белесіне,
Тап болдым Алаштың сұм төресіне.
Тұйғындай торға түскен бұлқындым мен,
Берілдім дуылдаған дәмесіне.
Кенеттен теңіз жарып кеме келді,
Тулары жағалауға ене келді.
Болғанда опыр-топыр порттың басы,
Басқанда үрей-қайғы төрелерді,—
Қаштым мен атқа мініп жапаныма,
Осы құм бесігім де, отаным да,
Әкем мен жар қайғысы қырға тартты,
Жортпадым жауынгер қыз атануға.
— Жарыңа асық болсаң қосылуға,
Бұл маңның жетікпісің жосығына?
Қаталап отыр мынау туыстарың,
Судың бір көзі бар ма осы құмда?
— Құдық бар біздің ауыл көшкен жерде,
Ол сонау қара дауыл ескен жерде.
Жарыма жеткізсеңдер жөн сілтер ем,
Тек сонау әкешімнен сескенем де...
Ежелден әскер біткен әкеме жау,
Төндірер сендерге де төтен тұсау.
Мені де атар жауға берілдің деп,
Қақтыққан қаһарынан кете ме cay?
— Сөйлесем сол кісімен, сен үндеме,
Әкеңе тапсырамын сәлемдеме...
Сол сөзін Комиссардың қостап Аяп,
— Су қайда! Баста!— деді,— Сәулем, кәне!
— Су қайда, айқай сұлу, баста бізді,
— Киігім, тарт бұлаққа тастап ізді,—
Осылай жауынгерлер жамырасып,
Көтеріп отырғызды атқа қызды.
Адай қыз жанарынан жағып шырақ,
Жөнелді үзеңгісін қағып бір-ақ.
Суалған сұқ көздерге жайнай қалды,
Құпия қырқалардан ағып бұлақ...

III
Құламен құм төбеден қарғи өтіп,
Комиссар құлдилады шақ билетіп.
Келеді Аяп пенен адай қыз да,
Жүйрікпен жүйткіп жанын әлдилетіп.
Омбылап топан бұлттан қалғи өтіп,
Шаршап күн шатырына қалды кетіп.
Түксиген заңғар оба ар жағынан,
Аттылар шыға келді әңгірлетіп.
Танып қыз шауып келе жатқандарды,
Сескеніп, атын тартып тоқтай қалды.
Айбарлы ақ боз атпен алға шығып,
Арыстан әке даусы аттан салды.
Көзі де Комиссардың оттай жанды,
Анталап алдарынан жау тақалды.
Оқталып өз қызына төне қалған,
Көрді сол алпамсадай ақсақалды.
«Мен едім келген сіздей батырды іздеп,
Атсаңыз, мына мені атыңыз!— деп,
Комиссар аттан түсті — тек қария,
Тыңдаңыз, айтатын бар датымыз»,— деп.
— Айта бер, атам кейін, тұтқынымсың.
Қашқынсың, сенің сірә көп қылмысың.
Адайды адастырған арал құмда,
Құйындай құйқылжыған әккімісің?
Әлдебір сүмеңдеген сатқынбысың?
Еліме, бұралқылар батты тісің.
«Ақпын» деп сендей сұмдар елді шапқан,
Байқаймын, бұзақыдай батыл түсің.
— Олардың бірі емеспін, мен басқамын,
Ақсақал, аян маған адасқаның.
Алыстан іздеп сені алып келем,
Ақ сырын ақиқаттың ең асқарын.'
— Атекең адаспайды!
— Қай мазағың?
— Атекең емес сенің жай қазағың!
Адайдың албырттары Әлібиге,
Төндірді сойылдарын, найзаларын.
Аптығып айтып жатыр ақсақал да:
«Әдет қой айла табу қашқан аңға,
Адасса адай білер өз жосығын,
Жөн тапқан талай қырғын сасқалаңда.
Жоқ шығар біздей қуғын басқа маңда,
Сойылды көрдік ханнан, патшадан да.
Айналдық ақ пен қызыл асырына,
Тәңірім торын мәңгі тастаған ба?»
Мақұлдап қариясын екпіндеді,
Адайдың өрендері, кекшілдері.
Таланған ел жұрт үшін, балаң үшін,
Мынау қу құрбандыққа кетсін!»—деді.
Туыстар,— деді Әліби,— тоқтаңыздар,
Асығып ажалға шаң қақпаңыздар.
Емеспін қашқын-бұзық, халқым үшін,
Дұшпанға қабағымда қатқан мұз бар.
Қарулы әскерім бар құм сыртында,
Сендермен келгенім жоқ қырқысуға,
Келемін Москвадан қуат алып,
Езілген өздеріңдей қыр жұртына.
Бұл әскер қуанышың, оң қанатың,
Ант етем айтып ұлы адам атын!
Сендерге Ленин — мені жұмсап еді,
Айтайын сол кісінің аманатын.
Толқынды кеме жарып өткендей бір —
Ленин!—деп топты серпіп кетті дүбір.
Алпамса ақсақал да бір қозғалды,
Қаққандай құдірет күш көктен күбір.
Адайлар абыржыды, гуілдесті,
— Қарашы бұл қазақтың қуын,— десті,
Ленинге қайдан барсын бұл әмтйейін,
Тіміскі тінтіп жүрген құм-белесті.
— Білеміз сендейлердің ебін,— десті,
Сендейге кетті бізден сенім,— десті.
Ленинді айтып бізді алдап тұрсың,
Сендеймен сөйлесе ме Ленин,— десті.
— Рас мұным, куә бес жүз солдатым бар,
Лениннің өзі берген мандатам бар.
Лениннің өкілімін, Ленин сөзін
Тыңдайық аттан түсіп, кел батырлар!
Көтерді Атанияз ақ семсерін;
— Осыдан алдау сөзді айтсаң,— сенің
Басыңды қырқамын мен қанжарыммен,—
Ақ сөйле, адай жөнін, айтса Ленин.—
Қағылған қабақпенен қатал, сұсты,
Адайлар ақтарылып аттан түсті.
Сөйле деп Әлібиге әмір етті,
Аңсағай Атанияз — аттан түсті.
Қадалды өткір көздер оқтан күшті,
Қамалап Әлібиді қаптай түсті.
Ленин!— деп сөйлегенде Комиссардың
Аузынан айбарлы сөз оттай ұшты.
Шалқып ол айтты — Ленин даналығын,
Ақылмен тебіренткен адам ұлын.
Бастаған күрестерге — жою үшін,
Дүрліккен дүниенің алалығын.
Танытып өз жолының саралығын,
Көтерген езілгеннің талап үнін.
Даусымен Октябрьдің сергіп әлем,
Үн қосты дауылына дала бүгін.
Айбыны ол — ұмтылғанның азаттыққа,
Қамқоры қамалғанның азап, мұңға.
Лениннің өз аузынан келдім естіп,
Бақытқа жеткізеді қазақты да,
Кездестім көсемменен Кремльде,
Күлімдеп жылы шырай тұр өңінде.
Деді ол: «Жарлы-жақпай дала жұртың,
Бөлейміз еркіндікке, кең өмірге.
Советтік сәулетпенен өзгеруге,
Бар халық өзі қожа өз жерінде!»—
Дегенде адай біткен теңселді де,
Жұлдыздай от жайнады көздерінде.
— Сабазда бәрін білген ақыл қандай!
— Тұлғасы алып шығар батырлардай?
— Болса да бойы мендей ақыл-ойы,
Айдыны шалқып жатқан Атыраудай.
Бақыттың теңізі бар пейілінде,
Күні бар кеудесінің биігінде...
Комиссар айтып жатыр Ленин жайлы,
Адайлар тыңдап соны иілуде.
— Атеке, енді маған нанасың ба?
Қазақтың қансыраған даласына,
Жұмсады мені Ленин, қызу майдан
Торғай мен Түркістанның арасына.
Ырғалып жүреміз бе адасуда?
Ақсақал әлде бір жөн табасың ба?
Жау торлап туыстарың жатыр сорлап,
Солардың ем табайық жарасына.
Атекең серпілді де мына мұңға,
Семсерін қайта салды қынабына.
— Ленинді естіп едім, бүгін ғана
Шын даңқы енді жетті құлағыма.
У жұтып еңіреген ел кегінен,
Жаралы жолбарыстай зілденіп ем.
Серт еттім алдау, арбау әлегіне,
Бір әскер жүрмесін деп құм белінен,
Сен келдің кеудемізге жарық бердің,
Лениннің ақ пейілін алып келдің.
Бізге бер Ленин туын, әкетеміз
Кең қырға түнектерін жарып белдің.
Жанымда Ленин сөзі қалды бекіп,
Барасың аманатын артып өтіп.
Мың жылқы, мың түйені берсін адай,
Лениннің әскеріне тарту етіп.
Адайда батырлықпен асқан өзім,
Белгілі әр төбеде басқан ізім.
Жігітін, шақыр қайда әскеріңді,
Шалқарға апарамын бастап өзім,—
Дегенде дуылдасты адай біткен,
Келгендей бақыт құсы талай күткен.
Ел етіп еркіндікті Ленин берсе,
Қосып ал, ерлеріңе болайық тең.
Комиссар, баста бізді, қақ дабылды!—
Деп бәрі шуылдасып атқа мінді.
Алдында айбарлысы Атанияз,
Қаққандай қабағымен аттан үнді.
Шерткендей серпілетіп күйді нәзік,
Сергіте сілкінткендей құмды жазық.
Адайлар лап қойғанда алға шықты,
Комиссар қызыл арай туды жазып,
Жөнелді қиқуласып, қырдан асып.
Алыста, ұрған белге тұман басын,
Адайдың адуынды өр ұлдары,
Артынан комиссардың ұрандасып...
Бастады ол әскеріне қосылуға,
Сап құрған сонау қырдың асуында,
Уа, шапшаң әкетсе ғой ат тұяғы.
Бұл құмның құйынын да, ашуын да,
Тез жетсе Торғайына торға түскен,
Түйілсе жауға тағы өр дауыспен.
Қосылса Аманкелді батырына,
Құрылса даласына қорғаныс кең,—
Жалауы азаттықтың желбіресе,
Жаңаша өз тағдырын ел билесе,
Аясы еркіндіктің — Республика,
Орнаса, елдің жанын әлдилесе,—
Уа, сонда! Солар әне, қаққан елес,
Жарылсын құм топанға батқан белес.
Комиссар бастап алға зымырады,
Тосқауыл төбелерге тоқтар емес

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі