Күләш Ахметова (Күй)

 Күләш Ахметова (Күй)

Жалғаннан мынау безінген,
ботасы өлген боз інген,
сүт ағызбай емшектен,
қан ағыздың көзіңнен.
Ии гөр, інген, иі енді,
әуреге салма иеңді.
Қиналған иең бүгіліп,
иір ағашқа сүйенді.
Сен үшін Күн де тұтылды,
сен үшін Ай да тұтылды.
Ботасы өлген бір сен бе,
бермейсің неге сүтіңді?!
Өрмелеп түсті өрмекші,
жолаушы біреу келмекші.
Иіткен сені адамға
ақсақал қызын бермекші.
Аңқаулау мына қауымға
уайым болды сауын да.
Тағдырдың салған ісі ме,
қарт күйші келді ауылға.
Көктемгі дала гүлденді,
күйші бір сырды білді енді.
"Иесі қызын берсе егер,
иітем, — деді, — інгенді".
Тапты екен күйді кім ойлап,
жиналды ауыл-үй, аймақ.
Байлатып қойып маяны,
отырды күйші күй ойнап.
Күңіреніп тарап күй кетті,
көңілдің бәрін күйретті.
Шындықты шертіп шым-шымдап,
маяның бойын үйретті.
Жас қыздан күйші үмітті,
құланға тастап құрықты,
Тамырға күйді таратып,
тұла бойды жібітті.
Жас қыздың жаны күйікті,
қиындау үлес тиіпті.
Аруақты күй аңырап,
аруананы иітті!
Күйші отыр күймен алысып,
тер саулап, тегіс тән ысып.
Боз маяны саууға
қаршадай қыз тұр жабысып.
Күйшіде кие, арқа бар,
алапат күйлер тарта алар.
Сүт берсең иіп, боз інген,
қаршадай қызды қарт алар.
Жұмсалып жатыр барша өнер,
біткені — тамшы тамса егер.
"Иіме!" — дейді қыз іштей,
"Иітсем", — дейді шал шебер.
Құдірет бар-ау, тегінде,
домбыраның екі шегінде.
Үрпіне жетіп уыз сүт,
сыймай барады желінге.
Күйші де ұзақ жол шеккен....
сөйлейді жүрек сонша еппен.
Айырса болды қыз қолын сүт
толып тұрған емшектен....
Күйші отыр күймен алысып,
Тер саулап тегіс тән ысып.
Қаршадай қыздың саусағы
желінмен қатып қарысып.
Жұрт отыр қызды, жүдә аяй,
жарығын төгер үдей Ай,
Боталардың тағдырың
талқыға салған, Құдай-ай!
Қан ағызып көзіңнен,
сұмдықты сен ең сезінген,
сиқырлы сазға сеніп қап,
иігенің бе, боз інген?!
Күңіреніп кетті қырат, қыр,
Аппақ сүт, ақ түн — бір-ақ тұр.
Саусағынан сүт тамып,
солқылдап сұлу жылап тұр:
— Қалайша аққан сүтті тоқтатармын?
Қыз басын қорғамаған топқа таңмын.
Мал құрлы маған жаның ашымай ма,
Әкетай, мен де сенің ақ ботаңмын.
Қол талды. Жылауменен көз де талды
Тоқташы. Бермеші, әке, тез батаңды.
Ботасын боз інгеннің қимай тұрып,
Әкетай, қалай қидың өз ботаңды?!
Әкетер қыз сорлыны алған елі,
Өзгеріп жүре берер жалған өңі.
Он төртке биыл күзде толатын ем,
Жан әке, бере көрме шалға мені!
Көрейін қорғамаса елім егер,
Жан әке, уәдеңнен шегіне гөр.
Аймақта күйші аз ба еді,
берер болсаң,
Басы жас, балапандай теңіме бер!
Адамның құны ма енді мына шалап?
Қимасым — алтын бесік тамаша алап!
Белгісіз қаңғығанның қанжығасынан
Алатын қайсың барсың арашалап?!
Жел соқпай, сумаңдамай қамыс тілі,
Бейуақ байғыздың да қарысты үні.
Мелшиіп қара тастай қарайсыңдар,
Қазақтың жоқ па еді бір намысты ұлы?!
* * *
Естілмейді домбырадан саз үні.
Күйші тынған.
Бар ма еді оның жазығы.
Бір жазығы — иіткені інгенді.
Бір жазығы — жүрегінің нәзігі.
Бір жазығы —
Кәрілігі, қап әттең!
Жараспауы — жалтылдаған жанатпен.
Талпынса да, тіреледі тұйыққа,
Қатып қалған, жайылмаған қанат кең.
Оған да сын —
Тәуекелде тұру нық!
Қақпан — тағдыр пенделерге құрулы.
Қарсы алдында балқығандай алтын Күн
Ақыл-ойға әл бермей тұр сұлулық.
Көңіліне үміт кептер қонақтап,
Басталғандай басылмайтын шөл аптап.
Ару отыр қыпша белі бұралып
Қара шашы — қара мақпал,
өңі аппақ!
Шымқай қызыл кешкі бұлттар түнерді,
Шыңырау күй тұнжыратты бұл елді.
Шын талант пен шын сұлулық күшінің
Жігеріне жігер қосып жіберді.
"Емес едім мұндай сыйдан дәме еткен.
Күй — киелі,
Кез болдым мен себеппен,
Сексенімде серттен тайман қыз көнсе
Әкетемін", — деді күйші кенеттен
* * *
Осы өңірдің жанаты еді бағалы,
Оралында ойнап-күлген жоқ әлі.
Оқ тигендей құс біткені қиқулап,
Шулап кетті көлдің беті қоғалы....
Күй-домбыра құбылысын білдірсін,
Сұлу көрік — бүлдіршінге бұл бір сын.
Көне заман аңызының үзігі...
Сол тағдырлар немен бітті кім білсін?!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?