» » » Өлең: Күләш Ахметова (Сарыөзек сағыныш)

Өлең: Күләш Ахметова (Сарыөзек сағыныш)

Өлең: Күләш Ахметова (Сарыөзек сағыныш) казакша Өлең: Күләш Ахметова (Сарыөзек сағыныш) на казахском языке
1. Ауа неге мөлдір емес?

Сары өзен. Сары тоғай. Сары қайың.
Сары өзек. Сары дала. Сары уайым.
Сартап сезімдерге сабау болып,
Сары ішік шабытымды жамылайын.
Жоңғардың жонында өскен самырсындай
Тәкаппар тауларыма табынайын!
Дәнімді алатұғын адам болса,
Жаңғақтай жанымды ашып жарылайын.
Үлпілдек гүлдерімді тағынайын,
Үлбірек үмітімді тағынайын,
Діңіме
Дірдек қаққан бұлақтардан
Нәр алып, табиғатқа бағынайын.
Солқылдап тарам-тарам тамырларым,
Жұлдыздың жәудір көзін сағынайын,
Ауаның мөлдір кезін сағынайын.
Сағыныш бар тәнімді сыздатқанда
Сырнайды сызылдырмай не қылайын.
От тиген мың жыл тұрған самырсындай
Бөлініп миллион шоққа жағылайын.
Самарқау тартып бара жатқандардың
Жанынан ұшқын болып табылайын!
Сары құм, Сарыөзекте сары қайың...

2. Шойын жолдың бойында шоғыр ауыл
"А поезда шли с востока на запад, и с запада на восток..."
Ш. Айтматов

Шойын жолдың бойында шоғыр ауыл,
Бүгін сары, бір кезде қоңыр ауыл.
Поезд өтіп жатады ортасынан
Солқылдатып даланың омырауын.
Жүлдегер жер — сағыну, сағынтудан,
Жамандықтан адамды арылтудан.
Турксиб бұл — далада бебеу қағып,
Ең алғашқы жұмысшы табын туған.
Теріскейлі, күнгейлі сайын далам,
Тез өзгеріп, дамуға дайын далам
Паровозды алғашқы көргеннен-ақ
Көп өзгеріс боларын пайымдаған.
Темір алып темір жол, кемір алып,
Техниканы тасыды небір алып,
ЬІңыранып келген-ді ұзын состав
Бұл өңірге бөлек бір өмір алып.
Ежелден-ақ ел едік мұңымыз көп,
Мұңымызбен ойландық іріміз деп.
Ірілікке ынтық жас аттанатын,
Бұл жолдармен алысқа білім іздеп.
Кең далаға тағылған алқа сынды
Сылдыр қағып оятты тау-тасымды.
Оқ тасылған вагонмен осы жерге
Отандастар атынан дән тасылды.
Тасылмаған бұл жолмен нәрсе бар ма,
Адамдар да, малдар да, аршалар да...
Баршасы да тасылды тәнін төсеп,
Сарыөзектен есілген сал самалға.
Ән тыңдайтын бұл аймақ жыршы құстан,
Поезд өтсе жыршы құс ыршып ұшқан.
"Күн шығысқа өтеді батыс жақтан,
Батыс жаққа өтеді күншығыстан..."
... Сол поездар составын ағытпай, нық,
Жасауы үшін дүние, жарық — байлық,
Артып келді қанатты ракеталарды,
Жер қойнына беретін табыттай ғып...

3. Сарыөзек — үміт

Сары жаз. Сары бұлақ. Сарқырамам.
Бір кезде не бар еді еркін одан!
Сары құм. Сары қамыс. Сары жылға...
Ғажайып ақын екен халқым — анам!
Аңсаусыз бұл далада шалқымады ән.
Аңсаудың түсінікті нарқы маған.
Әлем де сағыныштан үлкен емес,
Жан надан — шексіз сезім шарпымаған.
Сарыөзек!
Құтты қоныс берекемсің!
Әлемдік бүтіндікке дәнекерсің.
Адамның ағаттығын түзетуге
Алдымен сынға түскен сен екенсің.
Сарыөзек!
Сары дүние. Кең алаңсың.
Тіліме талай-талай ораларсың.
Жазығың болмаса да,
Ғасырға тән
Жараның ащы өзегін сен аларсың.
Сарыөзек!
Жарқыраған маңдайымсың.
Сары сай. Сары тоғай, тал-қайыңсың.
Құлын жер құрық тиіп, шұрқыраса,
Құрбан боп, құтқаруға сен дайынсың!
Қалғанда ғаламға да таяп бір сын,
Сен бүкіл ізгілікке бай ақ гүлсің!
Қазақтың балаларын ойлап тұрып,
Жапонның баласын да аяп тұрсың!
Сарыөзек!
Көзге түскен тоты құссың!
Қосасың жанымдағы отыма ұшқын.
Ертеңгі адамзаттың үмітісің,
Біз үшін, бір жағынан, өкінішсің.
Өзіңе тұр-ау тұтас кезең қарап.
Тамыры терең болса, төзер дарақ.
Көршісін бауырынан артық көрген
Ел едік саясатшыл ежелден-ақ!
Жасалса ғасырда бір мықты қадам,
Қолайлы өзің болып шықтың оған.
Халықтың қасиетін де, қасіретін де
Көтерген көнтерілі де күпті далам!
Кемиді жер құнары құты қашып,
(Дүние бәтуалы бітімге асық)
Жел есіп тұлымыңнан жүру де ерсі
Тұрғанда туған жерді түтін басып.
Жер — үйің!
Тазартыңдар бұл ескі үйді.
Сарыөзек! Саған үлкен үлес тиді.
Жауапсыз қалатұғын сұрақтар бар...
Жанымның айқайларын кім естиді ?!.
Уақыт адамзатқа мәңгі ұсынар
Несіптің зәрлісі бар, нәрлісі бар.
Мезгілдің уын жұтып, уыз беріп,
Жан далам, дүниенің алғысын ал!
Өлең мен өзендерден төгілген зер,
Сарыөзек — Жер жаннаты көрінген жер.
Қарағай, бәйтеректер егілген жер,
Қанатты ракеталар көмілген жер!
Ар жағың — Алтынемел, өнер шыңы.
Күн шықса, шабындықтың кебер шығы.
Жаба гөр қанатыңмен жамандықты,
Сарыөзек! Бейбітшілік көгершіні!

4. Шындыққа бұғау шыдамас

Сарыөзектің иығы ұйыған нұр.
Шапағатпен жауады жылы жаңбыр.
Махаббатпен шығады сап-сары Күн
Уәлиханов Шоқанның шыңынан бір.
Шоқан шоғы лаулады жана жаздап,
Қайта ояна бастады сана да аздап...
Жүріппіз-ау халықтық ұғымдардың
Қасиетінен айырылын қала жаздап.
Емес пе едік текті де, тұлғалы-ақ біз,
Қатайыппыз секілді құлқабақ құз.
Тыңдамаппыз парасат сыбырларын,
Жаратылыс заңдарын бұрмалаппыз.
Бірдей жанбай әр үйде құтты шырақ,
Туғызыпты уақыт мықты сұрақ.
Мықты жауап бермеппіз мың-мыңдарға,
Мал-жан емес, рух та жұтқа ұшырап.
Нұрын бірдей төксе де тұп-тұнық көк,
Менмендіктің кеселін жұқтырып тек,
Пір саналған біреулер қабақ қақса,
Мақұлдауды ұғыппыз мықтылық деп.
Рас, өстік. Көп өстік жетіліп те,
Бір жағымыз тұралап, кетіліп те.
Жоғымызға қол жетіп,
барымыздан
Айрылып қалғанымыз өтірік пе?
Тереңдікке қарайсың қашан бойлап,
Кімді алдайсың тұрғанда тасаңда айғақ.
Жалтақтыққа тойдық қой,
біле тұрып,
Бір қалыптан шыққандай жасанды ойлап.
Төзуімен болса да алып тегі,
Алпауытты болса да дәріптері,
Өз халқының қанына себеп болған
Сол адамды кешкен жоқ халық кегі!
Дала заңын даладан сұра, түсін,
Өшіп, жанып өрлейді қуаты шын.
Халық ұлы ерлікке бара алады
Адамзаттың ең асыл мұраты үшін!
Жер бетінде жасайды зор қалыпта.
Қорған болып келеді, қорғанып та.
Жойылмайтын жасампаз рухы үшін,
Басымды игім келеді сол халыққа!

5. Бұлттан шыққан күн шуағы

Айнал, Жер, айналайын, ала бауыр,
Аспаннан бұлт арылып қабағы ауыр,
Жырлатып бұлбұлдарды атқан таңдай,
Туып келе жатқандай жаңа дәуір!
Басталсын дәулетімен сол дәуірім,
Жақсыны жақсылыққа жалғау — ырым.
Менің де кең далама — енші берсін —
Мезгілдің кешіп өткен сан дауылын!
ЬІнтымақ!
Ыстық еді сол сөз қандай!
Заман ба көршісінен көрші озғандай?
Екі адам түсінісіп кеңескенде,
Екі ел де бір-біріне қол созғандай.
Жасалса өзгерістер ел ісінде,
Өткен жыл ортақ — тағдыр, жеңісің де.
Қанатты ракеталар кеміген жыл,
Кең дала тілек қосып келісімге!
Сарыөзек, бұлттан шыққан Күн шуағым!
Сені ойлап тебірендім, тыншымадым.
Бейбіт күн — адамзаттық арман болса,
Тұтатты Қазақстан бір шырағын!
Сартап сағынышты сен бір кеуде,
Бармайды тілім ауаң мөлдір деуге.
Сарыөзек, сенің бүкіл ұлылығың —
Әлемдік үміт шамын сөндірмеуде!

6. Жігер жыры

Тартылған жоқ көл атаулы көк терең,
Суалған жоқ дариялар көптеген.
Найзағайлар шақпағынан шатынап,
Қара жерге түспек емес Көк төмен.
Көңіліме сібірлеп мұң кірсе де,
Үрейленіп дүрлігуді жек көрем.
Өмір жайлы жазатұғын отты өлең,
Миллион ақын туады әлі ақ берен.
Миллион жылдар ұлы таулар асқақтап,
Бидай өсіп, жайқалады шөп те ерен.
Адамдар да арманына жетеді
Бізден бұрын өткен жандар жетпеген.
Күннің нұры бітіп қалған жоқ тағы.
Аз түспейді ақпанның да ақ қары.
Құйғытады қырдың тұлпар аттары.
Тыныш ұйықтап шыға алады әскер де,
Қағып тұрған жау жоқ бүкіл қақпаны.
Ештеме де құрыған жоқ құрдымға,
Құстар сайрап,
Жер-жұмақтың бақтары
Куә болып тамылжыған шаққа әлі,
Тазарады Жердің мұңлы қатпары,
Құлпырады қырдың қызыл мақпалы.
Адамзаттық аманатты орындап
Сілкінеді Ашутасты шатқалы...

7. Өмір сұлу

Өмір сұлу!
Адалын айталық бір,
Даналығы және де байқалып тұр.
Қоңыраулы күлгін гүл
Әткеншекті
Тепкен қыздай тербеліп шайқалып тұр!
Өмір сұлу!
Шын сұлу, мұны ұғамын,
Сұлулықты көрмесем, құрығаным.
Желді күнгі бәйтерек шуылынан
Тіршіліктің ұғынам ұлы мәнін.
Өмір сұлу!
Айтпаған ақын тегін.
Нұр себелеп көгілдір шатыр керім,
Саусақтары нәп-нәзік сәби отыр
Байлай алмай бауларын бәтеңкенің!
Өмір сұлу!
Сылқылдап бұлақ күліп,
Қылығымен құйттай қыз ұнап тұрып,
Заңғарға әуес заманда туғандықтан
Шар ұшырып ойнайды лақтырып.
Өмір сұлу!
Өзгерер құбылып бақ.
Құба жиде түбінде құлын ықтап...
Көк сылаңнан ерке өзен көйлек киіп,
Аппақ жібек аспанға ілініп қап...
Өмір сұлу!
Сезінсең жетер еді.
Қырға шықсаң, қызғалдақ — от ереді.
Шуда жіптей шұбалған жіңішке жол
Үлкен жүкті үзілмей көтереді!
Өмір сұлу!
Ажарын, арынын көр.
Қызығады, кім білсін, әлі кімдер...
Сарыөзектің үстінде жел тербетіп,
Желкілдейді көк, қызыл, сары гүлдер

Автор: nurgul95 | 98 |


Комментарии для сайта Cackle

Загрузка...

KZ / Өлеңдер жинағы, күлаш ахметова Сарыөзек сағыныш өлең стихи на казахском кулаш ахметова олен казакша, күлаш ахметова өлеңдері, кулаш ахметова олендери, кулаш ахметова стихи на казахском, Сарыөзек сағыныш, күлаш ахметова Сарыөзек сағыныш өлең стихи на казахском кулаш ахметова олен казакша күлаш ахметова өлеңдері кулаш ахметова олендери кулаш ахметова стихи на казахском Сарыөзек сағыныш, Өлең: Күләш Ахметова (Сарыөзек сағыныш) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке