Махамбет Өтемісұлы (Нарын)

 Махамбет Өтемісұлы (Нарын)

Абайламай айрылдым,
Ар жақтағы елімнен -
Анау Нарын деген жерімнен.
Тірі кеттім демеймін,
Кем болмады өлімнен.
Теңім үлгі алмады,
Аузымдағы желімнен.
Істеген ісім кетті далаға,
Қашан өтіп шығам деп
Қайғырамын мен - дағы
Жайықтан арғы далаға.
Басқа қысым түскен соң,
Қайырылмастай күн болды
Қатын менен балаға.
Барсаң, сәлем айта бар
Ата менен анаға.
Жаудан аман жан қалса,
Қара орман - малым садаға.

Өлең айтып толғадым,
Көкірегімді басарға.
Қарадай отын жармадым
Тас қазанды асарға.
Махамбеттей мұңдыға
Енді келер күн қайда,
Ханға құрған шатырды
Сүңгіменен түртіп ашарға?
Алтын жақса жарасар
Жылтыраған күміске.
Он екі ата Байұлы
Жиылып келсе бұл іске,
Алты сан алаш ат бөліп
Тізгінін берсе қолыма,
Заулар едім бір көшке..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?