Британ ертегісі: Дик Уиттиңгтон және оның мысығы

Британ ертегісі: Дик Уиттиңгтон және оның мысығы

Ертеде, Эдвард Үшінші деген король тақта отырған кезде Дик Виттиңгтон ныспылы бала өмір сүріпті. Әке-шешесі дүниеден ерте озып, Дик жастайынан жетімдік көреді. Тым жас болғандықтан оны еш жерде жұмысқа алмайды. Ішер асқа, киер киімге жарымайды, кейде күніне бір-ақ рет тамақ ішеді. Дик тұратын ауылдың адамдары да өте кедей болғандықтан оған картоп қабығынан өзге еш азықпен қарайласа алмайды.
Бала Лондон деп аталатын үлкен шаһардың ғажайыптары туралы көп әңгіме естіп өседі; ауыл адамдарының айтуы бойынша, онда тек маңғаз мырзалар мен кербез бикештер тұрады, олардың бар жұмысы ‒ күні бойы ән салып, би билеу. Және қаланың көшелеріне тас орнына алтын төселген-міс.
Бірде Дик әдеттегідей маңдайша жазу қағылған бағанға сүйеніп, көшеден өткен-кеткендерді тамашалап тұрғанда жанынан қоңыраулы сегіз ат жегілген күйме өтіп бара жатады. Арбакеш сыра ішіп, әлденіп алғысы келіп асхана жанынан түскенде, Дик батылданып, одан өзін Лондонға ала кетуін өтінеді. Диктің тұлдыр жетім екенін естіп, қырық жамау киімін көріп, баланы өзімен бірге ала кетсе, жағдайының қазіргіден бетер нашарлай қоймасын сезген арбакеш «ергің келсе, жүре ғой» деп келісім береді.
Дик Лондонға аман-есен жеткен соң алтын төсеп тастаған көшелерді тезірек көргісі келгені сонша, арбакешке рақмет айтуды да ұмытып, ұзын-қиыр көшелермен аяғы аяғына жұқпай жүгіре жөнеледі. Ол «гинея» деген ақшаны ауылда тұрған кезде үш рет көрген, бір гинеяны ұсатқанда қаншама көп ақша боп кеткені де есінде; көшеден үш‐төрт ұсақ алтын теріп алсам болды, ақшаға қарық боп қаламын ғой деп ойлайды.
Арбакеш досы мүлдем есінен шығып, бала аяғынан әл кеткенше жүгіреді. Қай көшеге барса да, алтынның орнына күл-қоқыстан өге ештеңе көрмейді. Қараңғылық түскенде бір қалтарысқа барып, жылап отырып қалғып кетеді.
Сонда түнеп, ертеңгісін аштан өлмеу үшін көше кезіп, жұрттан жарты пенни қайыр сұрайды. Бірақ оны ешкім көзіне де ілмейді, тек екі-үш адам ғана жарты пеннилік тастайды. Ол не жұғын болсын, бала көп ұзамай қайтадан кендірі кесіліп, діңкесі құрып қалады.
Дик тағы бірнеше адамнан қайыр сұрайды. Солардың біреуі:
‒ Одан да жұмыс істемейсің бе, алаяқ! ‒ деп өзіне дүрсе қоя береді.
‒ Істер едім, егер сіз мені жұмысқа алсаңыз, ‒ дейді Дик ағынан жарылып. Алайда мырза бұл сөзді құлағына да аспай, намысқа тиетін сөздерді жаңбырша жаудырып, кете барады.
Келесі кездескен жылы жүзді джентльмен:
‒ Неге жұмыс істемейсің, інішек? ‒ деп сұрайды.
‒ Жұмыс тапсам, істер едім, ‒ дейді Дик.
‒ Қарсы болмасаң, менімен бірге жүр, ‒ деп джентльмен оны шабындыққа ертіп апарады. Дик ол жерде шөп шауып, пішен шөмелеп, рақаттана жұмыс істейді, азын-аулақ ақша табады.
Бірақ пішен дайындау науқаны біткен соң жағдайы тағы нашарлайды. Бір күні аштықтан аяғы тәлтіректеп мистер Фитцуоррен деген саудагердің қақпасының алдына барып құлайды. Оны түскі тамақ дайындап жүрген аспаз әйел көріп:
‒ Әй, сен мұнда неғып жатсың!? Осы қайыршылар-ақ бәле болды үйір боп! Дәл қазір тайып тұрмасаң, жуындыға шомыласың! Секіртіп-секіртіп алатын ыстық суым дайын! ‒ деп салғаннан зіркілдеп қоя береді.
Бұл сөзді түскі тамақ ішуге келген мистер Фитцуоррен естіп тұрады.
‒ Бұл не жатыс, бала!? Өзіңді-өзің асырайтын жаста көрінесің. Сірә, жалқаулыққа салынып жүрсің-ау осы!
‒ Жо-жоқ, жұмыс істегім-ақ келеді. Алайда көптен бері жөнді тамақ ішпей, әбден әлсіреп қалғандықтан еш жұмысқа шамам келмей қала ма деп қорқам, ‒ дейді Дик.
‒ Солай ма? Жарйды онда саған қалай көмектесуге болады, ойланып көрейін.
Дик орнынан тұрайын деп еді, үш күн бойы нәр сызбағандықтан аяғы тәлтіректеп қайтадан құлап түседі. Мейірімді саудагер қызметкерлеріне Дикті үйге кіргізіп жақсылап тамақтандыруды, сосын аспазға көмекші ретінде жұмысқа қалдыруды бұйырады.
Манағы салғаннан зіркілдеген жасамыс аспаз әйел болмағанда Дик бұл үйде жап-жақсы тұрар еді.
‒ Сен маған бағыныштысың. Айтқанымды бұлжытпайсың. От жағып, күл шығару, қақырық-түкірікті тазалау, қазанның күйесін қыру, жуынды-шайындыны төгу, ас үйдің барлық «барып кел, алып келі» сенің мойныңда. Жұмысты жылдам орындамасаң ‒ көресің, ‒ деп жұдырығын иіскетеді. Бұл аспаз ет ұрғылағанды өте ұнататын, ұрғылап тегістейтін ет қалмағанда Дикті басы-көзі демей төмпештеп-төмпештеп алатын. Бұл оспадарлық бір күні мистер Фитцуорреннің қызы ‒ Элистің құлағына шалынады.
‒ Дикті жәбірлеуді доғармасаң, жұмыстан кетесің, ‒ деп ескертеді ол аспазға.
Содан былай аспаз Дикті ұрмайтын болады. Алайда Дик тағы бір келеңсіз жағдайда жүрген болатын. Ол ұйықтайтын шатырдың шұрқ тесік қабырғалары мен едендерінен түнде тышқандар мен атжалмандар өріп шығып, балаға ұйқы бермейтін.
Дик бір джентльменнің аяқкиімін тазалап, тапқан бір пенни ақшасына мысық сатып алуды ұйғарады.
‒ Мысығыңды маған бір пенниге сатшы, ‒ дейді ол көшеде мысық құшақтап келе жатқан кішкентай қызға.
‒ Алсаңыз ‒ сатайын, өкінбейсіз, тышқанды жақсы аулайды, ‒ дейді қыз.
Дик мысықты шатырға қамап, өзіне тиесілі тамақтың жартысын әкеп беріп тұрады, көп ұзамай-ақ тышқандар мен атжалмандардан құтылып, ұйқысы тынышталады.
Бір күні Диктің қожайыны кемесін алыс шет елге сауда сапарына дайындайды. Дәстүр бойынша, барлық қызметшілері мен малайларын қонақасыға шақырып, «тауарларың болса, беріңдер, сатып пұл ғып әкеп береді» дейді. Дик бұл жиынға бармай қалады. Мисс Элис Диктің келмеу себебін түсініп, адам жіберіп арнайы шақыртады да:
‒ Сенің атыңнан өз есебімнен қаражат қосайын, саудагерлер айналымға жіберіп үстемелеп әкеп береді, ‒ дейді.
‒ Не қосса да, өз затын қоссын,‒ деп мұны әкесі қоштамайды.
‒ Бір пенниге сатып алған мысығымнан өзге түгім жоқ, мен не берейін, ‒ дейді Дик.
‒ Онда сол мысығыңды әкел, ‒ дейді мистер Фитцуоррен.
Дик шатырдан мысығын әкеп, капитанға беріп жатып: ‒ Тышқандар мен атжалмандар тағы түнімен ұйқы бермейтін болды, ‒ дейді көзіне жас тығылып. Жұрт бұған ду күледі. Мисс Элис оны аяп, «мысық сатып ал» деп біраз ақша береді. Мисс Элистің Дикке көрсеткен осы және басқа да қамқорлықтарын қызғанған аспаз, баланы бұрынғыдан бетер кемсітіп, күн көрсетпей қояды. Әсіресе шетел асып кеткен мысығын бетіне басып:
‒ Ол мысықты сатқанда сені тоқпақтайтын таяқтан өзге не келеді дейсің?! ‒ деп кекететінді шығарады.
Дик ақыры бұл қорлық өмірге шыдамай, бірінші қараша ‒ Бүкіл әулиелер күні таңертең ерте тұрып, жолға шығады. Ол Хелоуэй деген жерге дейін жүріп, демалып алмақ боп үлкен тастың үстіне отырады. Бұл тас «Виттиңгтон тасы» деген атпен сол жерде әлі күнге дейін тұр. Бірнеше айрық жолдың қайсысына түссем екен деп ойланып отырғанда «Боу черч» шіркеуінің қоңыраулары ұра бастайды. Дик олардың үнінен:
Кері қайт, Виттиңгтон,
Лондонға үш мәрте лорд-мэр бол, ‒ деген сөз естігендей болады. «Кері қайт, Лондонды басқар» дейді. Кері қайтқанда, мені кәрі аспаздың қақ-соғынан өзге не күтіп тұр дейсің! Жарайды, қайтсам ‒ қайтайын», ‒ деп аспаз оянбай тұрғанда қалаға оралып, күнделікті тіршілігіне кірісіп кетеді.
Енді мысық бикештің Африка жағалауына қалай жеткеніне көз жіберейік. Теңізді ұзақ шарлаған сауда кемесі Африка құрлығының Берберия деген жеріне кеп, табан тірейді. Бұл елде ағылшындарға бейтаныс мауыр деген халық мекендейді екен. Мауырлар жағада тұрған ағылшын кемесін жылы қарсы алып, топ-топ боп кеп тамашалайды. Танысып-біліскеннен кейін тауар алмасып, мәре-сәре болады. Көңілі жайланған капитан әкелген тауарларының түр-түрінен салып, Берберияның патшасына тарту жөнелтеді. Патша оған риза болып, капитанды Сарайына қонаққа шақырады. Сол елдің дәстүрі бойынша, қонақтар еденге төселген алтын мен күміс жіптерден тоқылған кілемнің үстіне отырғызылады. Дастарқан жайылып, алдарына алуан түрлі тағам қойылады. Сол-сол-ақ екен, жан-жақтан тышқандар мен атжалмандар дастарқанға лап беріп, ет тағамдарының бәрін лезде жалмап кетеді. Ағылшындардың көздері атыздай боп, «мынадай арамтамақтарға қалай шыдап жүрсіздер» деп сұрайды.
‒ Әбден ығыр болдық. Бірақ құтылудың амалын таппай-ақ қойдық. Егер кімде-кім бұлардың көзін жойса, қазынадағы байлықтың жартысын бөліп беруге әзірміз, ‒ дейді мауыр жағы. ‒ Себебі бұл антұрғандар тамаққа тиіскенімен қоймай, түнде ұйқыда жатқан патшамызға шабуылдап бәле болды. Арнайы күзет қойып, түнімен төсегін күзетуге мәжбүрміз.
Капитанның есіне Виттиңгтонның мысығы түседі де, орнынан ұшып тұрып, кемесінде тышқан мен атжалманды қуып шығатын мақұлық бар екенін айтады. Қуанышты хабардан селк ете қалған бербер патшасының сәлдесі жерге топ етеді.
‒ Тезірек алып келіңдерші ол жануарды осында! Егер ол сіз айтқандай, бізді шынымен мына жауыздардан құтқарса, кемеңізді алтын мен асыл тастарға толтыра тиеп беремін.
Өз есебіне мықты капитан осы оңтайлы сәтті пайдаланып, мысықты одан бетер мақтайды.
‒ Мисс Пуссиден айрылу бізге де оңай соқпас. Ол болмаса, кемедегі тауарларды тышқан мен атжалман бүлдіріп тастайды. Алайда сіздей жоғары мәртебелі мырзаның өтінішін орындамаса болмас.
‒ Тезірек! Тезірек! Мен ол ғажайып жануарды көргенше асықпын! ‒ деп тықыршиды бербер патшайымы.
Капитан мысықты әкелуге кеткенде тағы да тамақ дайындалады. Ол Пуссиді қолтығының астына кысып оралғанда, дастарқанда тышқандар ман атжалмандар өріп жүр еді. Мұны көрген Пусси еш бұйрық та күтпестен дастарқанға секіріп түседі де, тышқан мен атжалманның жеті-сегізін бірден жайратып салады. Қалғандары бас сауғалап тым-тырақай қашады. Өзін мұндай қатерлі зұлматтан оп-оңай құтқарған мақұлыққа патша дән риза болады. Патшайым ғажайып мақұлықты тез арада қамқорлығына алғысы келетінін айтады. Капитан мысықты «Пусси! Пусси, бері кел» деп шақырып алып, патшайымға тарту етеді. Патшайым алғашқыда тышқандар мен атжалмандарды лезде қан-жоса ғып тастаған жыртқыштан тартыншақтап жолай алмай қояды. Алайда капитан мысықтың жотасынан «Пусси! Пусси!» деп сипалап еді, патшайым да батылданып «Пуши! Пуши!» деп жақындай түседі. Ағылшыншаға тілі жөнді келмегені ғой.
Мисс Пуссидің ерен еңбегіне өз көзімен куә болған патша, бір-екі жылда оның балалап көбейіп, бүкіл Берберияны тышқан мен атжалмандардан түгел азат ететінін естігенде еш ойланбастан ағылшындардың кемесіне асыл бұйымдарды сықита тиеп береді. Ағылшындар да бұған қатты риза боп, оңынан тұрған желдің ырқына бағынып сүйікті Аңглиясына қайтады.
Бірде мистер Фитцуоррен есеп-санақ жүргізетін мекемесінде кіріс-шығысты тексеріп отырғанда біреу есік қағады.
‒ Кім болды екен?
‒ Достарыңызбыз. «Ирикон» атты кемеңізден жақсы хабар әкелдік.
Саудагер өзінің шорбуын ауруын да ұмытып, сүріне-қабына жүгіріп есікті ашады. Ашса ‒ кеме капитаны мен атқарушы басшысы тұр. Бір жәшік алтын мен асыл тасты әшекей, кеменің кіріс-шығыс құжаттарын ала келіпті. Мистер Фитцуоррен құжаттарды қарап шыққан соң екі қолын жайып, сапарды мұндай табысты еткен Құдіреті Күшті Жаратқан Иеге алғысын жаудырумен болады. Сосын капитан мен атқарушы басшы мисс Пуссидің хикаясын айтып береді, патша мен патшайымның мысық үшін тартқан тартуын көрсетеді. Саудагер қызметшісіне:
Шақыр Дикті «мистер Уиттиңгтон» деп атап,
Жеткіз алғанын мысығының көп атақ, ‒ дейді.
Саудагер мистер Фитцуоррен бұл жолы да өзін адамгершілік қырынан көрсетеді. «Мұншалықты байлық малайлықта жүрген адамға қол емес. Жартысын өзіңіз алып қалыңыз» дегендерге:
‒ Құдай сақтасын! Бір пенниін де алмаймын! Бәрі мистер Уиттиңгтонның өзіне тиесілі! ‒ деп жауап береді.
Қызметші қазанның күйесін қырып отырған жерінен Дикті алып келеді. Үсті күйе-күйе болғандықтан Дик тап-таза боп тұрған есеп-санақ мекемесіне кіруден бас тартады. Бірақ мистер Фитцуоррен Дикті қоярда қоймай кіргізіп, орындық нұсқап, отыруға ишарат жасайды.
‒ Мен бейбақты келеке еткеннен не ұтасыз, жіберіңіз, жұмысыма барайын, ‒ дейді Дик.
‒ Сізді ешкім де келеке етіп тұрған жоқ, мистер Уиттиңгтон. Шынайы сөзім, өз басым мына джентльмен алып келген хабарға қатты қуанып отырмын. Капитан сіздің мысығыңызды Берберияның патшасына сатып, ақысына менің меншігімдегі байлықтан да көп дүние әкеліпті. Соны сізге табыстайын деп шақырдым. Игілігіңізге жаратыңыз! ‒ дейді де асыл бұйымдарға толы қаптардың аузын ашуды бұйырады.
Дик байқұстың қуаныштан есі шығып, не дерін де білмей қалады.
‒ Мұның бәрі сіздің қамқорлығыңыздың арқасында, мистер Фитцуоррен, жартысын сіз алыңыз, ‒ деп қиылады.
‒ Жо-жо-жоқ, бәрі өзіңіздікі. Мен сіздің бұл байлықты орын-орнымен пайдаланатыныңызға сенемін, ‒ дейді қожайыны.
Дик сосын қожайынның әйелі мен қызына «олжадан қалағандарыңызды алыңыздар» деп өтінеді. Олар да сыпайы бас тартып, Диктің қуанышына ортақ екендерін айтады. Кең пейілді, жылы жүректі Дик капитанға, атқарушы басшыға, мистер Фитцуореннің барлық қызметкерлері мен малайларына, тіпті қатігез аспазға дейін ешкімді қалдырмай тарту тартады.
Сосын мистер Фитцуоррен Дикті тігіншіге апарып джентльмендерге лайықты сәнді киім тіккізеді, жақсы үй сатып алғанша осында тұра тұр деп, өз үйінен бөлме бөледі.
Виттиңтон жуынып-таранып, шашын бұйралатып, сәнді киім кигеннен кейін мистер Фитцуорреннің үйіне кеп тұратын бекзат мырзалардан еш айырмашылығы болмай қалады. Бір кездері аяп, үнемі қол ұшын беріп жүретін мисс Элис енді оған дос жігіті ретінде қарайтын болады. Дик Уиттиңгтон да Элиске ұнау үшін өзін-өзі тәрбиелеп, жақсарған үстіне жақсара түседі. Ричард пен Элистің сүйіспеншілік сезімін байқаған әке оларға үйленіңдер деп кеңес береді, екі жас оған қуана келіседі. Үйлену тойы болатын күн де белгіленіп, шіркеуге барып неке қидыру құрметіне Лондонның лорд-мэрі, шерифі, олдермені және де басқа да игі-жақсылары шақырылып, ұлан-асыр той жасалады.
Кәрі тарих Дик пен Элистің бірнеше бала сүйіп, тату-тәтті өмір сүргендерін айтады. Мистер Ричард Уиттиңгтон Лондонның шерифі боп тағайындалады, сосын үш мәрте лорд-мэрі боп сайланады. Генри V деген корольден рыцарь атағын алады.

Материалдың толық нұсқасын жүктеуге 45 секунд қалды!!!
Іздеп көріңіз:
0 0

Добавить комментарий