Ертегі: Боран батыр

Ертегі: Боран батыр казакша Ертегі: Боран батыр на казахском языке

Баяғыда Ұлы жүзде Боран деген бір батыр мен Қасқарау деген бай болған екен. Ноғайлы елінен қоныс ала алмай аз румен бір қоныстас болып жүретін заманы екен. Сол мезгілде Боран батыр байға қатты өкпелеп шауып алмақ болып атқа үш мініп, үш түскен екен. Ондағы себебі – шауып тастауға қорқып жүрген жоқ, бұл наданның наданшылығынан көрмей, «Боран өз елін өзі жаулап құтын шайқады» деп, жаман аты менде қалады-ау, – деп тоқтаған екен. Сол Боранның баймен өкпелесіп жүрген мезгілінде ноғайлы ауып кететін кезі болып Қасқарау айттырып қойған бір қызды бермей көшіп кетеді. Боранмен араз Қаскарау бай қуып жесірін алып қала алмайды. Ноғайлы сол көшкен бетімен теңізден өтіп кетеді, теңізді айналып өтуі үш айлық жол еді. Көлденеңінен қора камыстың арасымен жүріп өтуі он бес күндік еді, бірақ ол жермен адам баласы жүрген емес. Жүре алмайтын себебі – ол аю, жолбарыс және жезтырнақдардың мекен қылған жері еді. Солардан қорқып ешкім де жүре алмайтын. Ол онымен тұра берсін. Қасқарау бай елінің басын қосып, мына Ноғайлыдағы кеткен жесірге не қыламыз, бұған не айтасыңдар деген соң, жиналған жұрт: «Бұл не айтып отырғанын, бұрынғылар айтқан жоқ па еді, «Қарға мың шақырса жыл келмейді, қаз бір-ақ күн шақырса жыл келеді», – деп. Жиналғанмен бұл елдің қолынан не келеді? Боранмен араз болып, бой теңесетін нең бар, сені шауып жіберсе Бораннан айырып алатын кім бар? Қарсы тұра алармысың, сен бұл адасқандыкты қой, біздің табарымыз ел болар, түгел айтқанымыз сені Боранға алып барып аяғына жығамыз», – дейді де, қалы кілем, қара нармен байды апарып Боранның аяғына жығады. Көпшілік жол-жобасымен апарып аяғына жыққан соң, Боран батыр мырзалық қылып, «Ал, Ұлы жүздің баласы, жиылып келген екенсіздер, келуден басқа айтарлық сөздеріңіз болса сөйлеңіздер», – депті. Келген ақсақалдар:

«Өкпелеп жүрген мына ағанды жасыңды санама, басыңды сана деп әкеп отырмыз, «Ел намысы – ер намысы» деп сен сықылды ері бар елдің намысы кетуші ме еді басқа елге, мына Ноғайлы жесірімізді бермей көшіп кетіп отырғанын білмей отырмысың, айтарымыз осы» деседі. «Жарайды, сіздер жиылып келгеннен-ақ осыны айтарларынызды біліп отырмын, бірақ мұның маған бір ауырлығы бар: Ноғайлыдан қауіп қылып отырғаным жоқ, Боран басыммен аттанып шыққан соң, тоғыз айлық теңізді жағалап отыруым лайық емес қой. Көлденең өтетін он бес күншілік қылы (жолы) болады екен, оның ішінде адамға қауіп қылатын зиянды хайуандар болушы еді, айқасып көрмеген нәрсем еді, сол жері ауыр келе ме деп ойлап едім», – дейді. Көпшілік: «Онда біз білмейтін қандай хайуандар бар?», – депті.

Сонда Боран:

— Оның несін сұрайсыңдар: «Ұсақ аңның бәрі бар, қасқыр, қабан, аю, жолбарыс, жезтырнақтар болуы керек» дегенде отырған ел атын естігеннің өзінен-ақ шошиды. «Алыссынбаңыз ендеше, барамыз десеңіз алдымызға басшы болып жүріңіз, көп болып атқа мініп теңізді жағалап өтейік» деседі.

— Олай болмас қылыдан өтуге Боран да қорқып, теңізді жағалап кетіпті дегізгеннен өлгенім жақсы емес пе? Қой, енді тәуекел, мен барайын, аса көп кісінің керегі жоқ, маған ыстық тамақ жасап беруге жарарлық он жігіт аламын, кезекпен ас пісіріп отырсын, онына жылқыдағы бар жақсы аттарыңнан жиырма ат жаратып, он жігітке қару-сайман мен азық-түлік даярлап беріңдер. Менің өзіме өз атым, өз сайманым болады. Енді күнді ұзатпай алдымыздағы дүйсенбі күні құрбандық жасап, елдің басын қосарсың, сол күні біз де аттанармыз, – деп уағдасын беріп, айтқандай он жолдасын алып, сол күні жүріп кете барады.

Былай шығып алған соң, батыр сол он жолдасына он күн тамақ істетіп отырады. Түсе қалған жерде қолын ішіне алып Боран жеке қисайып жатады. Оның алдынан біріне-бірі сүйеніп өзгелері жатады, оның алдынан ыдысқа бақыр іліп кезегімен ыстығын береді. Сол қалыппен жүріп келеді.

Бір күні аралықтан шыға келіп, бір аю ақырып кеп калды, бұрын көрмеген нәрседен шошынып жолдасының бәрі де атынан жығылып қалады. Боран батыр ақырып ұмтылған екен, аю кейін қарай қашып қалың қопаға еніп кетеді. Боран жолдастарын тұрғызып, атына мінгізіп алып: «Не болды сендерге, мынаның беті жаман, тағы көрініп ақыратын болса, тағы аттан жығыласыңдар ма?» деп ұрсып келе жатыр еді, аю тағы ақырып келіп қалады. Боран батыр қарсы ұмтылған екен, ол тағы қопаға ене береді. Бұл жолы жолдастары атының жалын құшып жығылмай қалады.

Сонда Боран:

— Көрдіңдер ме, бірнеше күннен бері аман келе жатыр едік, мынау айқасқалы жүр-ау, үшінші келсе бұ да шабар, мен де ұмтылып көрермін. Не қылар дейсің, ажал айдаған шығар. Ақырынан шошынып, аттан құлап, мертігіп қалып жүрмеңдер», – деп ақыл айтып келе жатқанда тағы бір алаңнан аю шыға келіп, бар күшін жиып ақырып кеп қалғанда, астындағы мінген аттары дір-дір етіп қалшиып тұра қалады. Боран да ақырып еді, аю оған болмады, қарсы тұра шапқанда, аттан түсе салып Боран да ұмтылып, екеуі айқаса кетті. Аю екі аяғын иығына сала бергенде, бір қолымен кеңірдегінен ұстап алып, бір қолымен басқа қойып жібергенде, аюдың басы быт-шыт болып кетеді.

Сонымен мұнан аман құтылып кетіп он төрт күн өтіп, он бес күн дегенде, шығар ауызда нар қамыс өскен бір қалың қопаға келеді. Сол арада Боран жолдастарына айтады: «Мынау көрінген қопа ауыздағы қойдың қорасы деп аталады деуші еді, осындағы шайтанның ең мықтысы осында болар деп естуші едім. Ал осы араға ертерек түсе қалып, астарыңды істеп, атты ерін алмастан арқандап қойып, от шалдырыңдар. Ерте атқа мінейік, түнге қалмай қару-сайманды қолға алып ат үстінде отырсақ тәуекел бір жөні болар» деп. Олар сол араға түсе қалып, ыстық тамақ пісіре бастады. Бұрынғы әдетінше Боран жантайды. Алдына жолдастары жатып, біреуі отты жағып, бақырын асып жатыр еді, оттың түтіні өзіне қарай шалқи береді. Басын жұлып алып, арт жағына қараса, ту сыртында өзімен қабаттасып тұла бойы түк біреу отыр. Шошып кетіп «ойбай» деп артында жатқан жігіттердің үстіне келіп шалқасынан түсті. Мыналар үрпиісіп түре келіп «ойбай Бореке-леп» Боранға тығылды. Борекең басын көтерсе көрмеген бір хайуан тұр. Жезтырнақ екен, оның қаруы екі қолында, саусақтары бүркіттің тұяғындай, істік темір сықылды. Тұла бойы жалбыраған түк екен. Оның арғы жағында да серіктері бар. Боран жолдастарын «не болды сонша, отырыңдар» деп нұқып отырғызып еді, анау да өз жолдастарын отырғызып жатыр. Сол арада Боран батыр жезтырнақтардың өзіне еліктеп отырғанын байқап, енді бұған бір айла қылып көрейін, деп терісінен тіккен, шалбар жарғағы болушы еді. Сонымен түрегеліп оттың басына келіп, отты үлкен қылып жаға бастап еді, жезтырнақтардың да басшысы ар жағынан келіп отыра қалып о да от жаға бастады. Мынау да мен не істесем соны істейді екен ғой деп, азық салған қоржыннан қойдың құйрығын пышақпен бір білем тіліп алып, пышағын майға шаншып, оны қоржынның үстіне қойып, оттың басына келіп, майды отқа ертіп, үсті-басын майлай бастап еді, анау да барып сондай майдан бір тіліп алып, бұл кісі не қылса, соны қылып, о да бойын майлады. Май әбден ағып болған соң сіріңкесін жерге тастап: «Кел, батыр, күш сынасайық!» деп отты құшақтап кеп қалады. Анау да лаулап тұрған отты жалма-жан құшақтай алғанда, түгі лау ете түсті, шошып кетіп, секіріп ар жағындағыларына тығылды. Мынаның оты тиіп, олар да жанып, бәрі қашып, суға түсеміз деп жүргенде, от қамысқа тиіп жалын аспанға бір-ақ шығады. Бірақ жөнелгенде: «Қап, Бореке, асықпа» деп шақ ете түседі. Ол онымен тұра тұрсын. Боран батыр ұшып түрегеліп үстіне тиген отты қағып тастап, аттың ауыздығын жіберіп, саймандарын бөктеріп алып аттанады. Аналар шалп-шалп еткізіп су шашып қамыспен әуре болып жатқанда, бұлар тұра жөнеледі. От аспанға шапшып жанып жатыр, күні бойы жүріп отырып таң біліне құрғаққа келіп шығады. Жолдастары «О құдай-ай, аман құтылдық па?» деп, шуласып еді, тоқтаңдар, асықпа, от сөніп қалған жоқ па? Олар қамысты сөндіре алмай әуре болып жатыр ғой. Қамысты сөндіріп алса, олардың жүрісі бізден гөрі жылдамырақ болатын шығар дейді

Күн шығуға таянғанда, арттарына қараса, от сөнгендей болып, түтін басыла береді. «Ал шырақтарым, енді болды. Ол келеді. Егер ол келіп қалатын болса, мені ұстап беріп жүрмеңдер» дейді. «Біз сізді неге ұстап береміз» деп еді, «сендердің ұстап беретінің мынау: кеше оларды көргенде ойбай салып, мені қамап алып, қозғалтпай қойған жоқсыңдар ма? Сендердің маған берген көмектерің сол болсын, оның қарасы көрініп келіп қалатын болса, маған бөгет болмай өз бастарыңды алып жөнеліп көріңдер» дейді. «Жоқ, біз неге кетейік, кеше ұйқылы көзбен не екенін білмей шошыдық қой. Тым болмаса онымыз онына бөгет болмаймыз ба» деседі. «Жоқ, сендер кетіңдер, мен тастап кетті деп ренжімеспін, жау беті суық болатын. Ендігісін өздерің біл» деп келе жатқанда, күн түске таяған мезгілде, біреуі артына қарап: «Ойпырым-ай, шұбатылған шаң келе жатыр» десті. Бұрылып қараса сағымданып көрінеді, аз жау емес сықылды. Бағанағы ерлік жайына қалды. Борекең айтып еді ғой, «біз былайырақ барып тоссақ» деп, жүріп кете берісті.

Боран атының басын қыбылаға қарсы бұрып, көлденеңдеп тосып қала берді. Сонымен кеткен жолдастар бесін төмен түсе берген мезгілде, бір биіктің басына шығып арттарына қарап, шуласып, жылап тұрады. Борекең жазым болып кетсе, енді бізге ел жоқ қой десіп тұрғанда арттан бір қара көрінгендей болады, «Қорыққанға қос көрінер, жалғыз қурай» дегендей, біреуі: «Ойбай көп көрінеді, жезтырнақ білем» деп, біреуі: «Борекең шығар» десіп тұрғанда жалғыз келе жатқан Борекең екендігін біліп, алдынан қарсы келсе, батырдың түсі бұзылып, көзі ішіне қарай тартылып, түгі сыртына шығып кеткен екен. Атының да тұла бойы, өзінің де тұла бойы қып-қызыл қан. Құдайлап, шулап келісіп еді, «Сабыр қылыңдар, дұшпандарыңнан құдай құтқарды» деді де «жақын арада, су бар ма түнейтін», – деді. Жолдастары мына таудың бауырында бұлақ бар көрінеді деп алып келді.

Сол жерге келген соң, Борекең аттың ерін алғызып, ер-тоқымын астына төсетіп мен өзім де таң асамын, атты да күн шыға отқа қойыңдар. Қауіп қылмай тамақтарыңды ішіп, жата беріңдер. «Таң атқан соң – маған деген тамақты ертерек істерсіңдер», – деп жатып қалды. Жолдастарында ұйқы да, күлкі де жоқ, қорқып отырып таң атқызып, Борекеңе тамақ пісіріп оятып, алып жүріп кетті. Ноғайлыдағы құдаға келіп түскен соң, қарсы тұра ала ма, алдына түсіп, айтқанын қылып жасаулы үймен қызды беріп қайтарады. Борекең бастап отырып, қауіп-қатері жоқ әнеугі жүрген ізімен тартып келе жатқанда, жолдастары жезтырнақты тосып қалған жер, осы ара болса керек еді ғой деп, бұрылып қараса, бықсып жатыр екен, жанына келуге бата алмай, анадай жерде тұрып алпыс бір мүрдені санап өтеді.

Сонымен елге келіп, арада бірнеше жылдар өткен мезгілде, бір бөлек шеткері жатқан елдің жылқысын Құба қалмақ келіп айдап кетіп, Боранға хабар келді. Жылқыны жау әкетті деген соң, тыныш отырған елден төрт жүз адам ертіп алып, Боран қуады. Жаудың ізіне түсіп бетін түзеп алған соң, қалмақ екенін біліп, көріп қойса тынықпай қаша береді деп, күндіз жатып, күн бата атқа мініп, түні бойы жүріп отыратын болып келе жатыр. Бұл қалмақ қазақ жерінен өз жеріне қарай шыққан соң тынығады. Сонда айқасармыз, күндіктен алысқа ұзап кете қойған жоқ шығар деп жауырын ашқызып еді, «апырмай, оның да жауырыншысы бар екен! Тоқтамай барады», деген соң, енді бұлар аттарының ерін артына қаратып мініп жүрді. Оның да жауырыншысы жауырынға қарап «жете алмайтын болған соң қуғыншының беті қайтты» деді. Сол ара қалың шалғын, үлкен көл, ойпаң жер екен. Сондықтан қалмақтар осы жерге бір-екі күн тоқтап, тынығып алайық деп жатқан. Боран да ат айдап келіп, жас кезінде бір жүргенімде, осы алдымызда жау тоқтап тынығарлық бір шалғынды ойпаң көл болса керек еді, соған тоқтамады ма екен. Көптің дабырымен сезік алып қалар, мен жалғыз өзім соны барып байқап келейін. Көбің осы жерде дамылдай тұр деп тоқтатып тастап, жетіп келсе бір адамның дыбысы жоқ. Пырт-пырт етіп жайылып жатқан жылқыға кез келеді. Байқап тұрып, мына жерде жатыр деді, елші бала жоқ, кімге хабар беремін? Айқайды естісе өздері де келе берер, деп найзаны қағып, зырылдауығын тартып бар күшін жиып ақырғанда, желігіп келе жатқан жылқы ойнап шыға берді.

Қалмақтарда қуғыншы келеді деген ой жоқ, аттарын да қоя беріп жатқан екен, қирай жаяу қала береді, жау есінен адасқандай болды, бірдің дауысы екенін, көптің дауысы екенін айыра алмай қала берді. Боранның дауысын естіп кейінгілер де келе жатыр еді, дүрілдетіп жылқыны айдап Борекең де келіп «осы алдымыздағы көлдің басына жылқының алдын тоқтатыңдар, таң атып келеді ғой, мал да тынықсын, өзіміз де бой жияйық, қалмақ не қылар дейсің, көбі жаяу қалды ғой» деді. Сол арада таң атқан соң жылқыны шамаласа бес жүздей жылқы алған екен. Олай болса бүгін осы жерге дамылдайық, қалмақтың қолы қанша екен? Мен соған жолығып келейін, – деді. Көпшілік: «Қайтесіз күйінді болып, жаяу отырған қалмақ жазым қылып жүрер», – дейді.

Бұлар соны айтып отыра берсін, қалмақтар оянса отырысында бекітулі тоғыз-ақ ат қалыпты. Қалмақ бес жүз екен, оның да ішінде өзі батыр Жайсаң деген біреу бар еді. Бізді құдай қара бастырғанда қазақта айқайы зор бір Боран деген батыр бар деп естіп едім, соның еліне ұшырап қалғанымыз ғой. Түндегі дауыс сонан басқаға лайық дауыс емес. Егер сол ер болатын болса, түрін көріп, ерлігін өз аузынан естіп қалсам, бұл сапардан бос қайтқаныма өкінбес едім, деп бір епті жігітіне: сен бар, егер ол Боран болатын болса кеткен жоқ шығар, қорқатын ер емес қой. «Мені жіберді де, дауысын естіп құлағым сүйінді, көңілім сүйінгендей бір ерлігін айтып жолығып кетсе, қалған тоғыз атты да жолына беріп кетемін деп айтты», – деп, бір жігітін жібереді. Ат үстінде жүрген қазақтың біреуі қалмақ жақтан бір атты адам келе жатыр дейді. «Жарайды, келсе келсін» дел Борекең отыра берді, әлгі адам Борекеңе келіп, әлгі сөзді айтқан соң: «Жарар, өзім де барғалы отыр едім», – дейді. Жолдастары оған: «Бармай-ақ қойсаңыз қайтеді, тым көп екен, әрі ішінде Жайсаң да бар дейді. Сізді аттан түсіріп алғаннан кейін жабылып кетіп ұстап алса өңгеміз не бітіреміз», – дегенде: «Ой, тәңір-ай, не қылар дейсің? Қорыққан адамша көп жүрмей-ақ, төрт-бес адам ғана қасыма еріңдер, ол жаяу қалмақ жабылып жүргенде мен де қарап отырар деймісің, найзаға іліп алып біріне-бірін соғып, өлтірген баяғы жезтырнақша лақтырмаймын ба?» – деп жүріп кетеді. Қалмаққа келе жатқанда, оның Жайсаңы көріп: «Ау, шіркін Боран десе, Боран екен, тұлғаңа болайын?» депті. Аттан түсіріп амандасып отырғаннан кейін, қалмақ: «Жаяу қайттым деп бұл сапарыма арманда емеспін, дауысыңа құлағым сүйінді, көркіңе көзім сүйінді, көңілім сүйінгендей бір ерлігіңді айт дегенде, «мына сықылды хайуандармен де кездесіп, тарап едік» деп, кісесінде баяғы жезтырнақтарды қырғанда біреуінің бес саусағын кесіп алып кеткен екен, алдына тастай бергенде селк ете түсіп: «Апырмай, Қоқидың қопасындағы көп жезтырнақты біреу қырып, тұқымын құртыпты, сонан кейін әрлі-берлі өтуге аралдың жолы босады деуші еді, сондағы сен бе едің» дегенде, «Әлей, біз едік» депті. «Япырау, аяғы тисе жезтырнақ алып тастайды дейтіні қайда, қалай алдыңыз? Саны қанша екен?» дегенде: «Сол шіркінді кім санапты, қайтып келе жатқанда жолдастарымның бірі барып анадайда тұрып шамалағанымда алпыс бір деп еді. Қаруын да байқағаным жоқ, бірақ қаны ыстық болады екен, алыстан шашырап сонысы ыстық тиді. Найзаға іліп алып, бірін-біріне соғып қырып тастап кетіп едім. Ол онымен тұрсын, сол сапарда, бір аюға екі жерден кездесіп, ақырғанына мен қаймықпаған сон, үшінші келіп ақырып ұмтылғанда ашу қысып кетіп, қару алу да ойыма келмей аттан түсе ұмтылып, бір қолмен алқымнан алып, жұдырығыммен қойып жібергенімде, басы быт-шыт болып кетіп еді, хайуанмен айқасқаным осы депті.

— Мұныңа қанағаттандым, енді бір ерлігіңді айт дегенде: «Он жеті, он сегіздегі кезім, мұнан гөрі жас кезім, он шақты жолдасым бар. Бір жорыққа аттанып кетіп бара жатқанда таң атып қалып, бекініске жеткенше күн көтеріле берді. Сар желіп тартып кетіп бара жатыр едік, сол жағымнан күн артынан сағымданып бір көп қара ереуілдеп шыға берді. Қаша тартып тауға таман шығайық деп жөнеліп көріп едік, бізді көріп ана көптен бірсыпыра адам бізге қарай бет ала бастады. Біз қаша жөнелдік. Көптен әсіресе бір жалғыз дара шығып ерікке қоятын емес, онан сайын қуып ағызып келе жатыр. Жолдастарыма сендер де байқай отырыңдар, мен көлденеңдеп тосып көрейін деп, қыбылаға бет қойып тұрып қала бердім, анау да келіп-ақ қалды. «Сен кімсің?!» деді де келіп тұра қалды. Астында қара жорға аты бар, басында кәмшат бөркі бар, шар айна, белдік, сауыт-сайманы түгел бір ер. «Уа, мен қазақпын» дедім. Қазақ болсаң қарсы қарап тұрып көр, кезек менікі деп сар садағын алып толғап тартып қалды! – Амал бар ма, атамның жолынан құтылғаным ба? Шыдап тұрдым, аяп атқан жоқ, құдай қағып оң иығымның үстінен сылт етіп өте берді. Мен де садағымды қолыма ала бердім. Кезегі біткен соң о да ер екен, қарсы қарап тұрып алды. Япырау, қашып едім қоймады, аяп атқан жоқ, құдайдың сақтағаны болмаса, өзі қалмақ. Іздегендегі малым осы, осыны атып түсірсем, өңгесі дәнеме емес шығар деген оймен дәл жүректен қойып тартып кеп жібердім, қалаған жерден оқ тиіп өкіре құлады. Ойнап аты шыға берді, мынаның жығылғанын көрген соң ана кейінгілері кейін қашып көріп еді жиырма шамалы адам екен, кейінгі кешуіне жеткізбей-ақ аттан түсіріп тастап артындағы шұбалғанға келсем, қатар түсіп жүк артқан түйе, ұзатып әкеле жатқан келін екен. Сол арада тоқтатып көлігін, мүлкін түгел алып келе жатқанымда, көштің артында жайдақ қара тайға мінген бір баланы көрдім. Тайының қабағына көзім түсіп кетіп, шіркін-ай, мынау ат болса ердің екі атының бірі болғалы тұр екен-ау деп, түсіріп алайын деп тұра ұмтылғанымда қостепкіні қойып, бала көштің бір жағымен алдына қарай шыға берді. Ұстап аламын, деп ұмтылғанша болмады, жеткізер емес, жұлдыздай ағып бара жатыр, садағымды алып өзін атып түсіремін дегенімше атқа да, оққа да жеткізбей құтыла берді. Малдан құтылғанда сол қара тай кетті: адамды алдау өмір әдетімде жоқ еді, аштан өліп қалмастай азықтарын беріп, адамын қоя беріп, көлік пен мүлкін алып қала бердік, Қалмақ затымен айқасқаным сол еді. Сонан кейін жолығып отырғаным сен, – дегенде, «Апырмау, соны алған да сен бе едің?» деп жылап қоя берген екен. «Сол менін әкемнің кенже інісі екен, қалмақтан туған ердің ері еді, қалыңдығын әкеле жатқанда қапыда өліп кете барды деуші еді. Ал жарайды, Бораным! Сол өзіңнен қара таймен қашып құтылып кеткен баланы осы күнде көрсең танымас едің» дейді. «Япырым-ау, сенің бағанағы елшілікке жіберген жігітіңнің көзі көзіме жылы ұшырай берді, сол болмаса» деді. Бала мінген сол қара тайды таныр ма едің? дегенде «кәпірдің қабағы қатып, кәрілігі білініп қалғандай екен, мына тұрған қара арғымақ сол болмасын» деді. «Осы еді, – деп – «жаяу» қайттым деп бұл сапарыма наразы емеспін, мақсатым болды, тай күнінде құтылып кетті деп, арманда қалған қара тайың мынау, ер-тоқымын алып батырға жетектет», – деп жолдастарына даярлата бастаған соң, батыр да ерлігіне разы болып, жарайды ер екенсің, енді қазақ пен қалмақ арасына мұнан кейінгі заманда жаулық жүргізбейік деп, дос болып, уағда байласып, кейінгі өз аттарын өзіне қайтарып беріп, қара арғымағын алып қайта берді.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Ертегілер жинағы, ертегі Боран батыр туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Боран батыр для детей на казахском языке, балаларга арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Боран батыр, ертегилер Боран батыр казакша оку, Боран батыр, ертегі Боран батыр туралы ертеги казакша сказка на казахском сказки Боран батыр для детей на казахском языке балаларга арналган кызыкты ертегилер 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Боран батыр ертегилер Боран батыр казакша, Ертегі: Боран батыр ертегі оқу Қазақша Ертегілер жинағы Қазақша Ертегі казакша ертегилер казакша ертеги сказки на казахском языке сказки на казахском языке онлайн