Қазақша ертегі: Боз атты Боран батыр » ZHARAR © 2017 | ертегі Боз атты Боран батыр ертеги сказка на казахском, сказки на казахском языке для детей скачать, Боз атты Боран батыр, Боз атты Боран батыр ертегісі




  • »

Қазақша ертегі: Боз атты Боран батыр

Қазақша ертегі: Боз атты Боран батыр казакша Қазақша ертегі: Боз атты Боран батыр на казахском языке

Ерте заманда жезтырнақ деген жыртқыш шығып, адам баласына ауыр зиян салып, елді көктетпей қойыпты. Ешкім оған батып бара алмайды екен. Барған адамды жезтырнақ жамсатып отырыпты. Бір күні Боран батыр боз атына мініп, жезтырнақтың мекеніне қарай жалғыз тартыпты. Оған жолдас болуға ешкім шықпапты. Батыр «ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп азық алмай, жолаушылап жүріп кетеді екен. Боран батыр жезтырнақ мекендейтін қалың жыныс орманға келіп, бір дәу арқарды атып алады да оның еті, бауырын қоламтаға көміп қойып, боз атты байлап тастап от басында қамсыз отырады. Бір кезде жезтырнақтың дыбыры шығады. Боз ат кұлағын қайшылап, тықыршып осқырып тұрады. Боран батыр оны елемегенсіп отыра береді. Сәлден соң жезтырнақ Боран батырдың қарсы алдына келіп, бір тізерлеп отыра кетеді. Бұл кезде Боран батыр қоламтаға піскен бауырды алып, кесіп жеп отырады. Боран батыр қолындағы болат семсердің ұшына шаншып, томардай бауырды жезтырнаққа ұсынса, жезтырнақ семсердің ұшын «тырс» еткізіп кесіп, бауырмен бірге алып қалады. Бұдан Боран батыр титтей де сескенбейді. Саптама етігінің қонышынан және бір семсерді суырып алып, қоламтада жатқан арқардың асықты жілігін ортасынан қурайша жона кесіп, екіге бөліп тастайды да екі басының майын аузына кезек-кезек құйып, лақтырып жібереді. Боран батырдың бұл айбынынан, өткір семсерінен, жебелі садағынан, қалтасының астында жатқан айбалтасынан қорыққан жезтырнақ ақырын шегініп барып, жым-жылас болады.

Тұңғиық түнде Боран батыр өз бойындай және өз жуандығындай бір теректі кесіп әкеледі де ер-тоқымын оған жастық қылып, үстіне шапанын жауып, кәдімгі ұйықтап жатқан адамға ұқсатып қояды. Содан соң өзі жеңілтектеніп, садағын қолына алып, жанындағы үлкен теректің басына шығып, жезтырнақтың келуін аңдып отырады.
Аздан соң жезтырнақ бір басып, екі басып, ептеп келеді де қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан адамды көріп: «Қап, бәлем, сені ме!» – дегендей-ақ бас салады. Қатыгез жезтырнақтың темір тегеуріні дүңкиген ағашты күтірлетіп жібереді. Мұның адам емес, ағаш екенін біле қойған жезтырнақ адыраңдап, айналасына қарай бергенде, Боран мерген садағымен жезтырнақтың жүрегіне періп қалады. Жезтырнақ ышқынып барып серең ете түседі. Боран батыр ағаштың басынан түсіп, өлген жезтырнақтың теңге-моншақтарын сыпырып, болат тырнақтарын кесіп алып кете барады. Бұл кезде Боран батырдың ауылы аласапыран күйге түсіп, «Боран батыр жезтырнақтың мекенінен аман келе алмайды, оның темір тегеурінінен құтыла алмайды, жезтырнақ біздің тұқымымызды құртады», – деп дүрлігісіп, күңіреніп жатады. Боран батыр жезтырнақты жеңіп қайтқанда, қалың жұрт ғаламат қуанып, ақсарбас айтып, ұлы жиын-той жасайды. Осыдан кейін де боз атты Боран батыр жезтырнақты жою жорығына әлденеше рет аттанып, үлкен олжамен оралып жүреді.

Күндердің күнінде Боран батырдың қызы ұзатылатын болады. Қыз ұзатыларда әкесінен алғашқы жезтырнақтың теңге-моншақтары мен жез тырнақтарын қалайды. Әкесі оны алса, өміріне қатердің ауыр екенін қаншалық айтса да қызы көнбейді. Ақыры, әкесі қызына беруге амалсыз мақұл болады. Бірақ берерінде қызына:
— Қарағым, үйіңе қайтқанда, сан сақта, түнгі ұйқыңа сақ бол, таңға жуық тауық бол, – дейді. Сонымен қыз әкесінің берген бөзі мен сөзіне разы болып, ұзатылып кетеді.
Боран батырдың қызы бір қора қоймен қалың жыныс орманның ішінде отырады. Күндіз күйеуі қой жаяды, түнде Боран батырдың қызы қой күзетеді. Әкесінің айтқанын есінде сақтап, сойған қойдың санын шаңыраққа асып, қатырып қояды. Түнгі ұйқыға сақ болып, таңға жуық орнынан тұрып алады да үнемі жіп иіріп, әндетіп отырады. Бір күні таңға жуық болғанда, ит абалап қатты үреді. Жайшылықта қасқырдың сырттаны болса да сытылтпайтын бұл иттердің екпіні бірден басылып, қаңқылдап барып, үні өшіп қалады. Бір тықырдың таянғанын білген Боран батырдың қызы жанып тұрған отты өшіреді де қатқан санды қолына алып, босағада бұғына қалады. Бұл келген жезтырнақтың кемпірі еді. Ол есікті ашып жіберіп, керегенің басында ілулі тұрған өз қызының теңге-моншақтарын тани кетеді де:
«Ым, менің қызымның түбіне жеткен сен екенсің ғой, оның теңге-моншақтарын иемденіп алуын қарашы өзінің, жүзің күйгірдің өзі қайда екен?» – деп үйге кіріп, дереу сөнген отты үрлеп жақпақ болады. Осы кезде босағада сақадай сайланып тұрған Боран батырдың қызы от үрлеп жатқан жезтырнақ кемпірдің басына қатқан санмен періп-періп жібереді. Сом білек, соны қайрат жезтырнақ кемпірдің басын отқа тығып, омыртқасын опырады.

Содан былай Боран батырдың, қызы да батыр атанады. Ел аузында «Боз атты Боран батыр және оның ұрпағы жезтырнақтың тұқымын құртқан екен» деген аңыз таралады.



Жүктеу батырмасы 77 секундта ашылады!!!
Қалай жүктеймін?

Санат: KZ портал » Қазақша Ертегілер жинағы | | 650
Рейтинг:
(голосов: 0)

.

MixAdvert

MarketGid

Соңғы пікірлер:
. .