Иса Байзақов (1900 - 1946)

 Иса Байзақов (1900 - 1946)

Байзақов Иса (1900-1946) - қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор.
Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында туған. Семейдегі жұмысшылар факультетін, Орынбордағы қазақ халық ағарту институтын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген

Әкесі Байзақ ескіше хат таныған, жасында ән салып, өлең шығарған, шағын шаруалы, сауыққой кісі болған. Иса 9-ға шыққанда шешесі қайтыс болып, өлеңші, әңгімеші әжесі Жанбаланың бауырында өседі. Нағашы ағасы Рахмет оған домбыра тартып, ән салуды үйретеді. Кішкентайынан ол «Домбырашы бала», «Әнші Иса» атанады. Революцияға дейін байлардың қозысын бағады, қойын жаяды, шахтада жұмысшы болады. Оқып жүрген кезінде суырып салма ақындығы, әншілігі, домбырашылығымен ерекше кезге түседі. Өлеңдері баспасөзде бірінші рет 1924 жылы жарияланған.

1926 жылы Қызылордада Қазақтың тұңғыш ұлттық театры ашылғанда Әміре Қашаубаев, Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, тағы басқа актерлармен бірге жаңа театрдың негізін қалаушылардың бірі болды. Жас театр қойған алғашқы пьесаларда - Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнаған.

Ал өзі инсценировка жасаған «Біржан-Сара» қойылымында Біржан болып ойнап, ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен жұртты ерекше сүйсіндіреді. Театрда спектакль соңынан үнемі қойылатын концерттерге де белсене ат салысқан. Әншілік, артистік, домбырашылық өнерінің үстіне, серіктес артистері Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов, тағы басқалардың айтатын халық әндеріне жаңа мазмұнды мәтіндерін жазып берген. Мысалы: «Заулатшы-ай», «Қалқа», «Ісмет», «Назқоңыр», тағы басқалардың сөзін Иса Байзақов қайтадан жазған. Халыққа кең тарап кеткен мұндай ән мәтіндерінің саны қырықтан асады.

Қазақтың халық әндерін тұңғыш жинап бастырушы Александр Затаевич Иса Байзақовтың аузынан бірнеше халық әндері «Кәкен», «Бике», «Жар-жар», тағы басқаларын жазып алып, нотаға түсірген. Иса Байзақов орындайтын бірсыпыра халық әндері «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларының музыкасына енген.

Ал атақты «Гәкку» әні Иса Байзақовтың орындауымен ешбір өңдеусіз «Қыз Жібек» операсына көшті. Театрға жиналған жұрттың қалаған тақырыбына іркілместен суырып салып, өлең шығаруымен «ақын-артист» атанған Иса Байзақовтың ақындық дарыны да шарықтап өсе берді. Күн сайын театрда суырып салып айтатын жаңа жырлары, газеттерде жарияланып жататын ұсақ өлеңдерінен басқа, оның этникалық шығармалары да жиі-жиі жарық көріп отырды

«Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Алтай аясында», «Кавказ», «Қырмызы-Жанай» (аяқталмаған), «Ақбөпе» поэмаларында Иса Байзақов адамгершілікті, адал махаббатты жыр етеді. Өткен өмірдің өкінішті, қайғылы кезеңдерін көз алдыңа елестетіп, қазақ пен қалмақтың ірі бай-феодалдарының зұлымдығын әшкерелейді, тап қайшылығын көрсетеді.

Иса Байзақов өмір шындығына «Неге Алатау шаттанды?», «Ұлы құрылыс», «Он бір күн, он бір түн» поэмаларын арнаған. Соңғы поэмасында ол Кеңес Одағының Батыры Марина Раскованың бейнесін жасады.

1932-1940 жылдар аралығында Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, филармонияда, Жазушылар одағында қызметтер атқарған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрып, ел аралап, үгітшілік қызмет атқарды. Халықты жауын жеңуге шақырды. Бұл кездерде оның композиторлық дарыны да кең өрістеді. Оның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) халықтың жан-жүрегін тербеді.

Иса Байзақовтың өмірі мен шығармаларын Есмағанбет Ысмайылов, Мәди Хасенов, Рахманқұл Бердібаев, тағы басқалар зерттеген. Жазушы Николай Ановтың «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесі жасалған.

Еңбек Қызыл Ту орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Әнші-ақынның есімі Павлодар облысы Ертіс ауданыдағы ауылдық округке, Үлгілі ауылындағы орта мектепке берілген.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі