Кедергілермен қалай күресу керек? » ZHARAR © 2016 | бірақ, керек, болады, сенімді, Бірақ, немесе, болып, деген, сияқты, жағымсыз, болған, уақыт, сәтсіздіктер, шешім, мүмкіндік, ешқашан, жақсы, әрдайым, жасап, мүмкін




  • »

Кедергілермен қалай күресу керек?

Кедергілермен қалай күресу керек? казакша Кедергілермен қалай күресу керек? на казахском языке

Кейде өмір кедергілер арқылы жүгіруге ұқсап кетеді – бірақ трамплиндер мен бағаналардың орнына бас тарту, сәтсіздіктер мен түңілулерден өту талап етіледі. Соңына дейін жете алмай, артқа шегініп, дистанциядан шығып қалмас үшін кішкентай ерке қыз сияқты емес, ересек адам сияқты өмірдегі барлық қиындықтарды жеңіп үйрену керек.

Әрекеттеніп көрдің де – жеңілдің

Тәуекел ету үшін сен ұзақ уақыт ойландың, күш-жігеріңді жинадың. Және әрең дегенде әрекеттеніп көрдің. Бірақ сәтсіздік орын алғанда ешқандай ақыл мен жігерлендіретін сөздер әсер етпейтінін байқадың. Осылайша өз күшіңе, әлемнің әділеттілігіне, армандардың орындалатынына деген сенім сейіле бастап, болашаққа үміт жоғалады. Бұл бір ғана жайт емес, сәтсіздік сенің ізіңді аңдып жүрген болса... "Мұның бәрі бекер, ешкім және ешқашан өзің де күмәндана бастаған дарының мен біліміңе оң баға бермейді" деген басыңа небір ойлар келеді. Кішкентай бір адам өзіне өшігіп алған тұтас әлемге қалай қарсы тұрмақ?

Ешқашан сәттілікке тым сенімді болма

Көптеген кітаптар бізге өзімізге сенімді болуға, әрдайым тек позитивті ой ойлап, бәрінің сәтті аяқталатынына сенімді болуға шақырса да, ешқашан бірдеңенің 100% сәтті аяқталатынына сенімді болмау керек. Егер сен өз жеңісің мен басқалардан биік екеніңе тым сенімді болсаң босаңсып, зейініңді жоғалтасың. Айналаңдағыларды жете бағаламау қауіпті болады, өзіңді асыра бағалап, тумаған сиырдың уызын ішу де – қауіпті. Сондықтан жеңілісті де, жеңісті де бірдей күте біл – осылайша сәтсіздікті оңай қабылдайсың, әрі қатты жабықпайсың.

Қайғыру – бұл қалыпты құбылыс

Иә, бас тарту мен сәтсіздіктер үшін қайғыру – бұл кез келген адамның жағымсыз оқиғаға қалыпты реакциясы. Бірақ тағы бір орындалмаған арман үшін ренжіп, әлмеге қаһарын жаудырған біреуге айналмастан бұрын уақытында тоқтай білу керек. Химиядан олимпиаданы жеңе алмағаның үшін медицина ғалымы болу арманыңнан бас тартудың қажеті жоқ. Бетіңді қайтарған жігітті қатты сүйіп тұрсаң да, оның кемшіліктерін айтып, ақылсыз етіп көрсетуді доғар. Университет құрамына өте алмағандықтан баскетбол ойнауды мәңгілікке тастама. Бас тартса, соны қабылдап үйрен және орындалмай қалған армандарыңа ренжіме.

Бәрін жаныңа жақын қабылдама!

Жеңіліс немесе сәтсіздікті жеке басыңды қорлау немесе зәбір деп түсінбе. Сен – өз ҰБТ нәтижеңнің, алған марапат қағаздарыңның, шығармаларыңның бағалары немесе жүзуден төртінші орыныңның жиынтығы емессің. Егер өзің мінсіз деп санаған қолжазбаңды газет басып шығарудан бас тартса – бұл жеке сені елемеу емес, нақты жұмысыңа деген баға. Оған қоса мәселе сенің жұмысыңда ғана болмауы мүмкін: бәлкім тексеретін адамның сол күні сәтсіз күні болған шығар. Әрі қарай жұмысыңды жалғастыр, жаттық және өзіңе деген сенімді жоғалтпа.

Мифологияға кіріспе

Сол әнді орындаған соң немесе сол фильмге түскен соң «бір түнде» жұлдыз болып оянды деген әңгімелерді осыған дейін естіген боларсың. Бүгінде мұндай танымалдылыққа жету қиын емес: ол үшін таң қаларлық әрекеттер жасап, YouTube каналына бейнеңді жіберсең жеткілікті. «Атың шықпаса жер өрте» сарынындағы әрекеттер ел арасында тез тарайды, бірақ сонымен қатар тез өшеді. Нағыз табыс – бұл нағыз еңбектің жемісі. Бірақ, әрине, адамдар танымал болып оянатын сол «түн» шынымен бар – бірақ сол түнге жету үшін олар айлап, жылдап жаттығулар жасап, ондаған және жүздеген сәтсіздіктер, түңілу мен сенімсіздіктерді жеңулері қажет болған. Бірақ әрекет етіп көрмеген адам пайдаланбай жатып өз мүмкіндіктерінен бас тартады. Қабілетін іске асыруға, армандарының орындалуына, жаңа деңгейге көтерілуіне өзі кедергі болады. Біреулер керек кезде керек жерде табыла қалып, әрдайым сәттілікпен жолдас болып жүреді деу оңай. Бірақ сәттілік – бұл уақытында берілетін мүмкіндік емес, бұл – мүмкіндік беріліп тұрғанда соны қабыл алуға дайын болу.

Сен шешім қабылдадың да – қателестің

Бір кездері саған маңызды шешім қабылдап, таңдау жасау керек болған – және сен оны жасадың да. Сол кезде сен үшін бұл дұрыс шешім сияқты көрінген, бірақ қазір қателескеніңді байқайсың...

Мінсіз адам болмайды

Тағдырға сену немесе сенбеу – әркімнің жеке шаруасы. Өз күшіне сенетіндер де, жауапкершілікті тағдырға итере салатындар да өкініш пен қателіктен сақтандырылмаған. Егер былай болғанда, қалай болар еді деп бас қатыратындар көп. Тіпті басқаша болғанда сәттілікке жететініне шүбәсіз сенетіндер бар. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, әр нәрсенің өз қайыры болады. Қателік адамды шыңдап, басқа биіктіктерді бағындыруға итермелейді, ал кейде күткеннен де зор табысқа әкеліп жатады. Дұрыс және дұрыс емес, жақсы немесе жаман шешімдер болады – қандай шешім қабылдасаң да сен белгісіздікке қадам жасайсың. Және сенің әрекетіңнің жағымды да, жағымсыз салдары болады. Сондықтан, жол торабында тұрып, кез келгенін таңдаудан қорықпа. Ең бастысы – ойланып, бір орында тұрып қалмау.

Үміттену VS Шындық

Армандар мен үміт арту шындықтан біршама алыс болып келеді, әсіресе орындалғанда. Біз көбіне кітаптан оқыған, фильмнен көрген, біреудің әңгімесінен естіген заттарды қиялдап, әзірге қол жетімсіз затты армандаймыз. Оған қоса романтикалық сарынды қосып қоятынымыз бар. Мысалы, егер сен журналист болуды армандасаң, әдемі киініп алып көк экраннан түспейтін, журналистік тергеу жасап, экология, адамдар мен жануарлардың өмірі үшін күресіп жүрген адам елестетуің мүмкін. Алайда шынайы өмірде бәрі басқаша өрбуі мүмкін – және жас қыздар жұмыстың ауырлығынан тәжірибе жинақтап жүргенде-ақ редакциядан қашып кетіп жатады. Мұндай жағдайлардың бәрі бір-біріне ұқсас – армандаған оқуың тым зеріктіретін, аңсаған жігітің сөз салып жүре бастағанда тым көп сөйлейтін болып шығуы әбден мүмкін. Мұндай оқиғалардың кейіпкері болғанда, саған не маңызды екенін біліп алу керек. Яғни, нақты нені армандадың: кинодағы қарым-қатынасты ма, әлде сенімді адамды ма? Белгілі бір университеттің дипломын ба, әлде қандай маман болатыныңды ма? Егер екінші нұсқасын таңдасаң, онда бәрін дұрыс істеп жатырсың. Шынайы өмір қиялдағы өмірге қарағанда әрдайым әдемі әрі қызыққа толы бола бермейді.

Ештен кеш жақсы

Бірдеңені өзгерту ешқашан кеш емес. Мысалы, егер сен кішкентайыңнан ит жаттықтырушы болғың келіп, бірақ заңгердің оқуына түссең, ит асырап алып, өз қалауыңша оны жаттықтыр. Егер мамандық таңдауда қателеспей, бірақ университетті ұнатпасаң, оқуды тастамай мамандығың бойынша тәжірибе жинақтауға ертеден кіріс. Жалпы өмір мүмкіндіктерге толы екенін ешқашан ұмытпа – және жолыңда кездескен сәтте айналып өтуді доғар.

Біраз уақыттан соң маңыздылығы жоғалады

Бұл тұжырым «бәрі тек жақсылыққа» тұжырымы сияқты нанымсыз естілсе де – шындық. Өміріңде әлі көптеген өзгерістер мен жақсылықтар орын алады – уақыт өткен сайын барлық қиындықтар мен жамандықтар ұмытыла бастайды. Әрине, бәрі жақсы болады деп ешкім нақты айта алмайды. Өйткені болашақты ешкім болжай алмайды. Жақсы болсын, жаман болсын – өмір жалғасын табатыны анық.

Бәрі бекер емес

Өмірде жағымсыз бірдеңе орын алғанда жақсы бірдеңеге шоғырлану қиын. Бастапқы кезде сол жағымсыз оқиғадан өзге ештеңе ойлауға мүмкіндік болмайды. Саған болған оқиғаны қабылдау үшін біраз уақыт керек, бірақ бұл күйде ұзақ жүрмеуге тырыс. Тұңғиықтан өз-өзіңді құтқаруың қажет. Бұл тұрғыда достарың мен туыстарың, көңіліңді көтеретін қызығушылықтарың көмекке келе алады. Сенің қиындықтарың мен мәселелеріңе қарамастан күн шығып, гүлдер бүршік жарады, яғни өмір жалғаса береді. Өткен өмірдің бәрі қирап, қалдықтарында құлдырап тұрсаң да айқындықты байқауға болады. Бәрі қарапайым әрі түсінікті бола бастайды – не маңызды, кім шынайы дос, кім жай ғана таныс. Және бұл жағдай құндылықтарыңды қайта саралауға, бірдеңені өзгертуге, өзіңді алдауды доғаруға тамаша мүмкіндік. Барлық нәрсенің себебі бар. Егер жағымсыз бірдеңе орын алса оның астарында жақсылыққа деген ұмтылыс болғанына шүбә келтірмейміз. Оның астарын және себебін қазір көре алмасаң – уақыт өте келе бәрі өзі айқындала бастайды. Әзірге қорытынды жасап, қателіктермен жұмысты жалғастыр. Мысалы, қиын жағдайдан кейін достарың сенен бас тартса, енді қандай адамдардан алыс жүріп, дос болмау керектігін білетін боласың. Өмірлік тәжірибе жинақтау, өкінішке орай, әрдайым көңілді әрі оңай бола бермейді. Ал бірнеше жылдан кейін, бәлкім бірнеше айдан кейін, сен жаңа адам болып, мұның бәрі не үшін болғанын анық түсінетін боласың. Бәлкім, мұның бәрі сені мықты ету үшін болған шығар. Немесе өміріңнен артық адамдарды тазартып, нағыз достарды келтіру үшін болғар шығар? Не болса да, жаңа адамның бұрынғыдан ақылдырақ, парасаттырақ болатыны рас.

Дайындаған: Анар Мұстафина, дереккөзі


Санат: KZ портал | | 2 551
Рейтинг:
(голосов: 0)

.

. .