Қайырымды бала №6. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.


МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ

3-сынып "Қазақ тілі"

(Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, Л.Нұрмұханова, "Көкжиек-Горизонт" - 2018) оқулығы негізінде әзірленген.

2-тарау

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Сабақтың тақырыбы: Қайырымды бала

Сабақтың мақсаты:

2.4 Оқыған/тыңдаған материлды мазмұндау

3.2.4.1 жоспар (сурет, сызба түрінде) және тірек сөздер негізінде оқиға желісін сақтай отырып мазмұндау

3.2 Мәтіннің мазмұнын түсіну

3.3.2.1 жиі қолданылатын сөздер мен фразалардан құрастырылған шағын мәтіндегі негізгі ойды түсіну

Сабаққа қажетті құралдар:

Сабақты жоспарлау кезінде әр сыныптың ерекшеліктерін басшылыққа алуды ұмытпаңыз. Аймақтың ерекшелігіне, тілдік ортаға, сыныптың деңгейіне қарай тапсырмаларды күрделендіруге немесе жеңілдетуге болады. Сыныптағы оқушылардың қажеттіліктерін (аудиал, визуал, кинестетик) ескере отырып, саралау тапсырмаларын беру керек. Әр оқушының қай баспалдақта тұрғанын нақты анықтап алған соң, оның ілгерілеуі үшін не істеу керектігін білген өте маңызды. Қолдауды қажет ететін оқушыларды үнемі қадағалауда ұстап, қолдау көрсетіп отырыңыз. Ал қабылдау деңгейлері жоғары оқушылардың бір орында қалып қоймай, дамуына жағдай жасаңыз. Сабаққа қажет ресурстарды алдын-ала дайындап, қажетіне қарай бейімдеңіз. Оқушылардың қызығушылықтарын, жас ерекшеліктерін ескеріңіз. Ең басты міндет- мақсатқа жету.

Ертеңгілік шеңбер. «Жүректен жүрекке»

Сабақ көтеріңкі, жақсы көңіл күймен ұйымдастырылады. Оқушылар шеңбер болып тұрады. Бастапқы қатысушы жанындағы көршісіне жүректің моделін беріп, жақсы тілек айтады, солай жалғаса береді: мейірімді бол, ақылды бол, ұқыпты бол, батыл бол, т.б. Мақсаты: жылылық, сенімділік деңгейін, сыйластықты дамыту. Бұл тәсіл сабақтың ең басында жылы тілектер айту арқылы жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға және сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.

Суреттер қиығынан пазл жинау, шыққан суреттері туралы айту арқылы сабақтың тақырыбы мен мазмұнына болжау жасатыңыз. Өйткені болжату арқылы баланың сыни ойлау дағдысын да дамыта аласыз. Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.

Жаңа сөздерді меңгерту.

Жаңа сөздерді меңгерту- сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-шараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.

Тыңдалым.

Мәтінді алдын-ала аудиожазбаға жазып алыңыз, ондай жағдай болмаса, өзіңіз оқып беріңіз. Дегенмен де аудиожазбадан тыңдап үйренгендері дұрыс. Тыңдалымның алдында мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер болған жағдайда (1-2 сөз), міндетті түрде түсінік беру керек. Одан кейін тыңдалымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып, ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. Мәтінді 2 рет тыңдатыңыз. Содан кейін мәтін мазмұны бойынша ақпараттың дұрыс не бұрыстығын тексеретін тапсырма ұсыныңыз. Осы тапсырма арқылы оқушылардың мәтінді қаншалықты түсінгендіктерін байқай аласыз. Содан кейін оқушыларың өздеріне мәтін бойынша 1 дұрыс, 1 бұрыс сөйлем құрастыруды ұсыныңыз. Сөйлемдерін жұбына жасырады. Бір-бірінің сөйлемдерін тыңдап, дұрыс/бұрыстығын анықтайды. Соңында 2-3 жұптан сұрасаңыз жеткілікті. Жұпқа бөлгенде, қабілеттері әртүрлі оқушыларды бірге отырғызыңыз. Қабылдау деңгейі жоғары оқушы жұбына қолдау көрсеткенін қадағалаңыз. Бір-біріне айтып жатқан уақытта, осы сабақта өзіңіз көздеген бір-екі жұптың қастарына барып тыңдаңыз. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз. Соңында «Не қиын болды?», «Не жеңіл болды?» деген сұрақтар қою арқылы кері байланыс жүргізіледі.

Айтылым.

Топтарға таратпа тапсырмалар беріледі, әр қатардағы артық сөздерді тауып, неге артық екенін айтады. Оқушының өз пікірін дәлелдеп, көзқарасын білдіріп, шешімге келуіне жетелеп, соңында міндетті түрде мадақтау ретінде кері байланыс беріңіз.

Грамматиканы меңгерту үшін, кестені тақтадан көрсетіңіз. Жекеше және көпше түрде жіктелген сөздердің жалғауларына назар аудартып, мысал ретінде бірнеше сөздерді жіктеп көрсетіңіз. Бұдан кейін үлгі бойынша айтып жаттығуларына мүмкіндік беру үшін, ҚМЖ-да ұсынылған тапсырманы орындатқызыңыз.

Оқылым.

Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, оқулықтағы мәтіннің мазмұнымен әркім өзі оқып танысады, осы ретте мәтінде кездесетін таныс емес сөздердің мағынасын түсіндіріп кеткен дұрыс (қанаты, аралады, тоныпты, жем). Сөздердің мағынасын ашуға көмектесу үшін мәтінде тіркескен сөздермен бірге қайталайды. Содан кейін берілген сұрақтарға алдымен әркім өзі ойланып, содан кейін топта жауап береді, талқылайды, ортаға салады. Дескриптор бойынша әр топ бір-бірін бағалайды. Оқылымнан кейін тапсырманы бекіту үшін «Екі шындық, бір өтірік» әдісін ұсынуға болады. Әр топқа 3 сөйлем беріледі, балалар анықтап, өз жауаптарын негіздейді. Жұмысты «Бағдаршам» әдісі арқылы оқушылар бағалайды.

Айтылым.

Суретке қарап, сөйлемдерді толықтырады. Жұптар бір-біріне комментарий айту арқылы бағалайды.

Рефлексия, үй жұмысы.

Сабақты бекіту кезеңінде «Білім қоржыны» әдісін ұсынуыңызға болады. Онда оқушылар қоржындарға стикерлер жабыстырады.

Қызыл қоржын – өте жақсы түсіндім, мен үшін қызықты болды

Көк қоржын – Мен сабақты жақсы түсіндім

Қоңыр қоржынға – Тақырып бойынша әлі де ізденуім керек

Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу