👈 қаріп өлшемі 👉

Ораза, Рамазан айы құтты болсын, Айт қабыл болсын

Ораза, Рамазан айы құтты болсын, Айт қабыл болсын

Алла тағала рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Әумин!


Қажетті сілтемелер:



   Бүгін 30 күн ораза ұстаған барша мұсылманның Ораза Айт мерекесі. Ислам күнтізбесі бойынша Шәууәл айының алғашқы күніне тура келетін бұл мереке 30 күн бойы ораза ұстаған мұсылманның игілік пен бақыт, рахымға жеткенінің бейнесі іспетті аталып өтіледі. Сондай-ақ, бұл мұсылмандар үшін ораза ұстауға тыйым салынған күн.

   Мерекеге орай еліміздегі және әлемдегі барша мұсылман жұртшылығын ораза айт күнімен құттықтаймыз! Ұстаған оразаларыңызбен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!


Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпіз. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ-бірлігі берік болғай!

Барлық мақтау мен мадақ Әлемдерді Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Баршамызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.


Қажетті сілтемелер:



Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршамызды шынайы ықыласпен Ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың есігінен кіруімізді нәсіп еткей!

Қасиетті Рамазан құтты болсын!

Ораза, Рамазан айы құтты болсын, Айт қабыл болсын


 Құрметті мұсылман қауым! Мүбәрак ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтап, Алла тағаладан баршаңызға қуаныш, отбасыла­рыңызға береке-бірлік, сүйікті Отанымызға гүлдену мен өркендеу, дінімізге қуат, барша мұсылмандарға тыныштық пен шаттық тілеймін. Әумин! 



Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршамызды шынайы ықыласпен Ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың есігінен кіруімізді нәсіп еткей!

Қасиетті Ораза айт құтты болсын!


Рамазан айына арналған тілектер жинағы 

Автор: Жібек Ысқақова

Хош келдің, Рамазан,
Шатықта атар таң болып!
Хош келдің, Рамазан,
Ортамызға бар болып!

Хош кеддің, Рамазан,
Жаратқаным жар болып.
Хош келдің, Рамазан,
Шырқап айтар ән болып!

Хош келдің, Рамазан,
Абырой мен ар болып!
Хош келдің, Рамазан,
Қалсын шайтан шаң болып!
Жібек Искакова

  Құтты болсын Рамазан жан достарым!

Құтты болсын Рамазан жан достарым,
Ашық болып аспаның әрқашанда.
Қабыл болып дұғалар, ниеттерің,
Бар жақсылық күтсінші тек қана алда.

Жан достарым Рамазан бақ әкелсін,
Қуанышы көбейер сәт әкелсін.
Отбасы мен жақындарың аман болып,
Бар жақсыны шынайы, нақ әкелсін!

Бұл Рамазан әр жылда саулық берсін,
Жан достарым дұғалар қабыл болып.
Рамазаннан жете бер Рамазанға,
Әр ісіңе достарым көңілің толып.
Жібек Искакова



  Құтты болсын Рамазанның әр таңы

Құтты болсын Рамазанның әр таңы,
Бар бақытын сіздерге сыйлап әркез.
Жаратқаным жар болып ағайындар,
Шаттығы мен бақытын жинап әркез.

Қабыл болып ұстаған оразаңыз,
Оу жамағат Рамазан айында бұл.
Дұға тілек, ниетіңіз қабыл болсын,
Салмай ешбір қайғыға, уайымға бұл.

Орындалсын ізгі ниет, армандарың,
Имандылық гүл ашып әркез дәйім.
Рамазаннан жетіңдер Рамазанға,
Оу ағайын саулықта әр жыл сайын.
Жібек Искакова



Рамазанның айында

Рамазанның айында,
Басыңызға бақ қонсын.
Жаратқаным жар болып,
Бар жақсылық тап болсын!

Рамазанның айында,
Қабыл болсын дұғаңыз.
Шын ниетпен сіздерге,
Тілеулестік қыламыз!

Рамазанның айында,
Болмасын қайғы-қасірет.
Саулық беріп Жаратқан,
Несібені нәсіп ет!
Жібек Искакова


  Құтты болсын, Рамазан!

Рамазанның айында,
Оразаңыз қабыл боп.
Бар жақсылық орнасын,
Арайлы атар таңың боп!

Рамазанның айында,
Қабыл болсын құлшылық.
Аман болып халқымыз,
Болмасыншы күншілдік.

Рамазанның айында,
Қызыр болсын жолдасың.
Жаратқаным жар болып,
Қиындықтар болмасын!
Жібек Искакова


  Құтты болсын Рамазан, Әкетайым!

Құтты болсын Рамазан, Әкетайым,
Қабыл болып дұғаңыз жоқ боп уайым.
Қабыл болсын ораза сіз ұстаған,
Амандықта жүріңіз сіз әрдайым!

Ниетіңіз, дұғаңыз қабыл болсын,
Өзіңізге жар болып Жаратқаным.
Имандықтың байлығын сізге берсін :
Шаттығына бөлеп сізді әр ақ таңың!

Бұл ай болсын сіз үшін бақыт айы,
Несібесі жоғары уақыт айы.
Рамазанннан жетіп сіз Рамазанға,
Келе берсін әкетай жақұт айы.
Жібек Искакова


 Құтты болсын Рамазан жан Анашым!

Рамазанның ақ таңы атты міне,
Құтты болсын Рамазан жан Анашым!
Көңіліңіз шаттықты күйге еніп,
Бақытына бөлесін таң Анашым!

Әр күніңіз көтеріңкі күйде болып,
Өміріңіз жайнасын жан Анашым.
Рамазанның күнінде сіз жасаған,
Қабыл болсын дұғаңыз жан Анашым!

Рамазаннан жетіңіз Рамазанға,
Жан Анашым қашанға дара тұлғаң.
Жаратқаным жар болып өзіңізге,
Амандықта өте берсін күнің думан.
Жібек Искакова


 Құтты болсын Рамазан жан бауырым

Құтты болсын Рамазан жан бауырым,
Қабыл болып ниетің, дұғаларың.
Денсаулығың мықты боп, жарқырай бер,
Жалт-жұлт етіп жайнаңдап жылғаларың.

Бұл Рамазан шаттығын сыйлай берсін,
Бар бақытын бір саған жинай берсін.
Әр жыл сайын келетін сағындырып,
Бұл Рамазан отбасыңа бағын берсін!

Арманың мен тлегің орындалсын,
Жаратқаным жар болып жан бауырым.
Рамазаннан жете бер Рамазанға,
Аман болып туған-туыс бар ауылың!
Жібек Искакова


  Құтты болсын Рамазан әпкетайым!

Құтты болсын Рамазан әпкетайым,
Амандықта ортамызда жүрші әрдайым.
Гүлді бағың жайқалып өсе берсін,
Рамазанның бұл айы келген сайын.

Дұғаларың қабыл болсын, ниеттерің,
Жаратқаным жар болып әпкетайым.
Бар жақсылық орналып, ізгі тілек,
Гүлдей жайнап, жадырап жүрші лайым.

Бұл Рамазан қуандырсын, шаттандырсын,
Әр жыл сайын имандылық гүлін арнап.
Қайғы менен қасірет болмасын еш,
Раббым Алла сіздерді әркез қолдап!
Жібек Искакова


  Рамазан айы мүбәрәк болсын жан аға!

Құтты болсын Рамазан асыл ағам,
Асқар таудай биігім, өзің панам.
Көңіліңнің шаттығы ортаймасын,
Өміріңнің шад күні қартаймасын!

Рамазаннан жетші аға Рамазанға,
Денсаулығың мықты боп ортамызда.
Бұл Рамазан сыйласын бар жақсысын,
Әрбір күнді айналдырып тәтті аңызға.

Орындаосын дұға мен ниеттерің,
Рамазанның әр күні бақыт сыйлап.
Аман болшы жан аға, асыл ағам,
Жаратқаным өзіңе бағын жинап.
Жібек Искакова




Рамазанның айында,
Имансыздық болмасын.
Рамазанның айында,
Бар жақсылық орнасын!

Рамазанның айында,
Жүдеп халық тоңбасын.
Рамазанның айында,
Жаратқаным қолдасын!

Рамазанның айында,
Күпірліктер болмасын.
Рамазанның айында,
Жас ағаштар солмасын!


Рамазанның айында,
Айналамыз гүлденсін!
Рамазанның айында,
Дұға жасар үн берсін!

Рамазанның айында,
Жүрегіміз үн қатсын.
Рамазанның айында,
Жанымыздан мұң қашсын!

Рамазанның айында,
Күлімдесін күніміз!
Рамазанның айында,
Таусылмасын жырымыз!
Жібек Искакова



Рамазан бұл — бағымыз,
Шаттық сыйлар таңымыз!
Сағындырып келетін
Рамазан бұл— банымыз!

Рамазан бұл — сәніміз,
Түзелетін жөніміз!
Имандылық орналып,
Жайқалатын төріміз!

Рамазан бұл — айымыз,
Құлпыратын жайымыз!
Таңсәріден ас ішіп,
Орнығатын райымыз!
Жібек Искакова


Рамазан ай туғанда,
Көңілде гүл көктейді.
Жанға азық жиналып,
Бар жақсылық беттейді.

Рамазан ай туғанда,
Шайтан сөзге ермейді.
Періштелер қорғаштап,
Жаманға жол бермейді.

Рамазан ай туғанда,
Дұға етер сәт орнайды.
Имансыздық жоғалып,
Көңіл күйі солмайды.
Жібек Искакова

 

Оразаға арналған құттықтау тілектер жинағы

Автор: Жібек Ысқақова

  Қабыл болсын оразаң ұстаған жан!

Қабыл болсын оразаң ұстаған жан,
Қабыл болып дұғаңыз, аппақ ниет.
Отбасыңыз аман болсын ынтымақта,
Орындалып лайым әрбір тілек.

Иман гүлі жүректен солмасын еш,
Сыйнайық Аллаға болмасын кеш.
Рамазанның айында қабыл болсын,
Барлық дұға, армандар жалғасып көш.

Көңілдердің пәктігі жоғалмасын,
Сыйластықтар жалғасын тауып тағы.
Саулығыңыз мықты боп оу ағайын,
Кіре берсін құлпыра өмір мәні...
Жібек Искакова


 Қабыл болсын оразаң

Қабыл болсын оразаң,
Аузы берік адамдар.
Қабыл болсын ниетің,
Бойға сіңіп тағамдар.

Барлық мақтау, мадақтар,
Жаратқан ием Аллаға.
Оразаның күнінде,
Мадақтар жаусын Аллаға.

Мұсылмандар қол жайған,
Қабыл болсын дұғаңыз.
Қабыл болып оразаң,
Жаратқанға ұнаңыз!
Жібек Искакова


  Қабыл болсын оразаң ( Әкеге)

Қабыл болсын оразаң,
Асқар тауым жан әкем.
Ниетіңіз тура боп,
Шырайлы атсын таң әкем.

Қабыл болып дұғаңыз,
Жаратқаным жар болсын.
Саулығыңыз мықты боп,
Шырқап айтар ән болсын!

Айлардың бұл сұлтаны ай,
Жадыратсын жаныңды.
Оразаның әр күні,
Кіргізе берсін сәніңді...

Жібек Искакова


  Оразаңыз қабыл болсын (Анашым)

Оразаңыз қабыл боп,
Жайнаңыз сіз Анашым.
Саулығыңыз мықты боп,
Аман жүрші Анашым.

Ниетіңіз қабыл боп,
Құлпырыңыз көктемдей.
Жадырасын жаныңыз,
Күн жылуын төккендей.

Қабыл болып дұғаңыз,
Бар жақсылық орнасын.
Тыныш бейбіт заман боп,
Жаратқаным қолдасын!
Жібек Искакова


  Қабыл болсын Ораза (Ағама)

Қабыл болсын оразаң,
Асыл ағам, жан ағам.
Ниетіңіз қабыл боп,
Амандықта бол ағам.

Қиындықтар болмасын,
Қуаныштар орналып.
Қабыл болсын дұғаңыз,
Іштей шыққан толғанып.

Оразаның күнінде,
Бар жақсылық орнасын.
Асыл ағам, жан ағам,
Уайым-қайғы болмасын!
Жібек Искакова


  Оразаңыз қабыл болсын (әпкеме)

Қабыл болсын ораза,
Жаны нәзік жан әпкем.
Сұлтанында айлардың,
Шырайлы атсын таң әпкем.

Қабыл болып дұғаңыз,
Пәк көңліңіз жайнасын.
Гүлді бақта жан әпкем,
Бұлбұл құсың сайрасын!

Саулығыңыз мықты боп,
Көңліңде мұң болмасын.
Оразаның күнінде,
Жаратқаным қолдасын!
Жібек Искакова



Оразаң қабыл болсын сіңіліжан!

Қабыл болсын оразаң,
Жан бауырым, сіңілім.
Денсаулығың мықты боп,
Ұзақ болсын ғұмырың.

Үстем болсын мерейің,
Дұғаларың қабып боп.
Орындалып тілегің,
Болсын сіңілім көңілің тоқ.

Аман болсын отбасың,
Шаңырағың биік боп.
Қабыл болып ниетің,
Берсін Алла үіп бақ.
Жібек Искакова


 Қабыл болсын оразаң (ініме)

Қабыл болсын оразаң,
Айналайын бауырым.
Аман болсын отбасың,
Амвн болсын ауылың.

Қабыл болып ниетің,
Көңліңді жыр тербесін.
Жаратқаным жар болып,
Қиындығын бермесін.

Оразаның күнінде,
Қанаттарың талмасын.
Көңілі кең жан інім,
Қиындықтар болмасын.
Жібек Искакова


  Қабыл болсын оразаң құрбы-достар!

Қабыл-болсын оразаң,
Құрбы-достар баршаңа.
Сыйластықтар орналып,
Жүріңдерші тамсана.

Ниеттерің қабыл боп,
Бар жақсылық орнасын.
Жаратқаным жар болып,
Әрқашанда қолдасын.

Оразаның күнінде,
Қиындықтар болмасын.
Жанды тербеп ән мен жыр
Таба берсін жалғасын.
Жібек Искакова


  Нағашы мен жиендер

Қабыл болсын оразаң,
Жиендер мен нағашы.
Дұғаларың қабып боп,
Жайнасын көк, жер арасы.

Ниеттерің қабыл боп,
Бар жақсылық орнасын.
Саулықтарың мықты боп,
Таба берсін жалғасын.

Өмір атты кеменің,
Оңды болсын сапары.
Нағашы мен жиеннің,
Көбейе берсін қатыры...
Жібек Искакова


Құрметті мұсылман бауырлар, қымбатты отандастар!


Баршаңызға мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл – сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Дәл осы айтулы кезеңде егемен еліміз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тізгінін қолға алып, қазақтың байтақ даласының шежіре-тарихы Исламмен біте қайнасып жатқандығын дүйім жұртқа паш етуде. Осынау мәртебелі қызметте елімізге Алла Тағаладан зор абырой нәсіп етуін тілейік.
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты». Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да – Жаратушының пендесіне тартуы.
Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырылған. Әрине, бұрынғы өткен пайғамбарлардың үмбеттері де өз кезегінде ораза ұстап өткен. Хадис-шарифте: «Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір Құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және Рамазанда ораза тұту» деп ораза ұстау Исламның шартынан екендігін білдірсе, мына хадисте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Алла Тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» дей келе, оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді.

Демек, пенделікпен істеген кемшілік-қателіктерге өкініп, тәубеге келіп, сауабын Алла Тағаладан үміт ете ораза ұстаған жағдайда барша жамандықтарға кешірім болары шүбәсіз. Күнәсіз адам болмайтындығын ескерсек, ораза айы сол өткен күнәлардың кешірілуіне себеп болмақ, бауырлар!
Ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Рамазан айы тек оразаның сауабына кенелетін емес, күнәлардың да кешірілетін кешірім айы. Жаратқан Алла ораза ұстағандарды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат қиялы жетпейтін жақсылығымен марапаттайды.
Адам пенделікпен өзге құлшылықты көрер көзге атақ, абырой үшін жасауы мүмкін. Алайда оразаны көрер көзге, риялықпен тұта алмайды. Оразаны Аллаға шын сенген мұсылман ғана ұстайды.
Алайда ораза тек таңның атысынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру арқылы тәнді рухани тазартады.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады», – деп тектен-тек айтпаған. Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын» деген бірауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабырға келеді. Ал сабырлылықтың сыйы – жаннат. Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылып, ризық-несібесі артады. Кімде-кім ораза ұстағанға ауыз аштырса, оның күнәлары кешіріліп, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, одан ораза ұстаушының сауабы кемімейді. Бірде сахабалар ардақты Елшіге (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейді» – дегенде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауабын береді …» – деген.
Сондықтан кедей-ғаріптерді бір күн болса да тойындырып, қараусыз қалған мүсәпірлердің жанынан табылсақ, Алла Тағаланың шексіз рақымына бөленеріміз хақ.
Осы тұста еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды осындай ұлық Рамазан айында берілетін мол сауап үшін өзгеге қол ұшын созып, қайырымдылық жасауға, игі іс-шараларды мейлінше көбірек атқаруға шақырамын. Жұртымыз қасиетті айда Алла Тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, шариғатымыз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болса деген тілегім бар. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса.
Сөз соңында айтарым, оразаның жылдан-жылға он күнге кейін шегерілуіне байланысты биыл тамыздың алғашқы күндерінен басталып, ыстық аптапқа тұспа-тұс келмек. Бұл өз кезегінде мұсылман жамағатының төзімділігі мен сабырлылығына сынақ іспетті. Шілденің аптап ыстығында ауыз бекітсек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйіншілегендей, жаннаттағы «Райян» қақпасының есігін ашуымызға септігін тигізер, иншаллаһ!
Құрметті әлеумет! Баршаңызға тауфиқты ғұмыр тілеймін. Ниеттеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын! Жүздеріңізге нұр, жүректеріңізге иман шуағы ұялай бергей! Жұртымыз тыныш, Отанымыз аман, тәуелсіз еліміздің мәртебесі асқақтап, ынтымағымыз жарасып, Алла Тағаланың құт-берекесі дари бергей!


Айт күні – аса салтанатты, қуанышты күн. Әр иманды адам осы қасиетті күнге ерекше дайындалып, оны мейрамдап өткізсе нұр үстіне нұр. Мен Сіздерге әлемдегі бар жақсылықты тілеймін.

Айт арабтың - “әлғид” деген сөзі – мейрам, мереке деген мағына береді. Осы айт күндерді ерекше қарсы алып айтшылайық, құрметті ағайындар. Наурыз мейрамы сияқты той-думанмен қызықтап өткізелік. Барлықтарыңызға осы қасиетті мейрамды өз үй-ішіңізбен құрметтеп өткізуге жазсын.

Бұрында әжелеріміз, ана-апаларымыз бар тәуір киімдерін, шашақты орамалдарын, әшекейлі мәсілерін сандықтан, шемоданнан шығарып, түрлене киініп, үстеріне әтір шашып (ер адамдар көп түрленбейтін) қыдырушы еді. Әңгіме-дүкенменен, әзіл-ойынменен ел аралап, бір-біріне барынша сый сыйлап, құттықтап, ағайын-туыстарды жақындататын. Болашақ өмірге Аллах-Тағаладан жақсылық тілейтін. Сол көріністер әлі көз алдымда. Жаныңмен, тәніңмен сағынатын тамаша уақыт. Осының бәрі қайтып оралады, балаларымыз ұлтымыздың мейрамдары мен салт-дәстүрлерін көріп біледі, кезінде біз сияқты естеріне түсіріп сағынады деген сенімдемін.

Әлі есімде, 60-шы жылдары жыл сайын бір-ақ рет Рамазан-шәріп, ораза айында Жарапазан келетін - әр жанұяға ізгі тілек айту, оразаны қолдау, қолпаштау ғой деп ойлаймын. Жарапазаншының қолында сылдырмақ таққан таяғы, таяғының басына таққан үкісі, аяғында былғары етігі, үстінде шапаны, басында ұлттық бөрігі болатын.

Жарапазан айта келдім есігіңе,
Қошқардай бір ұл берсін бесігіңе.
Мол дәулет, қайтпас ырызық бере берсін,
Шалқысын көлдәрия несібіңе.

Тәңірім қажымас қайрат берсін,
Ішсе де сарқылмайтын суат берсін.
Көңілің көпке деген шалқар болсын,
Талабың асқар таудай дарқан болсын.

Тәңірім құт береке бере берсін,
Мыңғырған мал өріске өре берсін.
Басыңнан бақ дәулетің еш кетпесін,
Дос сүйініп, дұшпаның басын исін.

Бақ қонсын, дастарқаның мол болсын,
Жолдасың қабағы ашық сайлы болсын.
Тасың өрге домалап әрқашанда,
Жанұяң бәрі ылайық жайлы болсын

Қадірлі мұсылман бауырлар, құрметті отандастар!
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге де таяп қалдық. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, тамыз айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстауға төзе алған жан, өмірдің басқа да сынақтарына сабырлық таныта алатыны сөзсіз.

Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Қазақстан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз», деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары», деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген.
Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады.
Ислам шариғатында пітір садақасының осы айт қарсаңында берілуі де жайдан-жай емес. Ораза айттың хадистерде «Ғидул-фитр», яғни «Пітір мейрамы» деп аталуы да сондықтан. Пітір садақалар жағдайы нашар, мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қуанышқа бөлеп, айт мейрамында дастарқан жаюға жағдайы келмегендерге демеу болады. Сонымен қатар бұл күні мұсылмандар өлілерін де еске алып, Алладан оларға шапағат тілеп, дұға етеді.
Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады.
Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.
Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын.
Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырсақ, ораза айтты олар да асыға күтетін болады.
Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ораза тұтқан адам екі рет қуанады: бірі – ауызашарда, екіншісі – ақыретте ұстаған оразасының сауабын алғанда», – деген екен.


РАҚЫМ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.
Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.
Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық!
Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады.
Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.
Биыл маусым-шілде айларына тұспа-тұс келген Рамазанда ауыз бекітуге күннің ыстығы кедергі келтірмейді деп сенеміз. Себебі, оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ.
Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!
© Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:


Қарап көріңіз 👇



Жаңалықтар:
» Қазақстанға келген шетелдіктерге ескерту жасалды 06.10.2022
» Бизнесті дамытуға 1,2 млн теңге мемлекеттік грант беріледі – шарттары 30.09.2022
» Қазақстандықтар 2023 жылдан бастап қосымша зейнетақы төлемдерін ала алады 30.09.2022

Пікір жазу

Пікірлер 16

  1. ҚОШ КЕЛДІҢ РАМАЗАН🌙
    1 + 0 -
    Баршамызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.
  2. Рамазан айымен құттықтаймын
    2 + 0 -
    Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын!

    Махаббат пен жанашырлықты, мейірімділік пен жанашырлықты бейнелейтін осынау мүбәрәк ай жүрегіңізді жарасымдылыққа толтырсын!
  3. 🌙Рамазан айы тілек
    0 + 0 -
    🌙 Ассалямуалейкум уа рахмотуЛляһи уа баракатуһ, ҚАДІРМЕНДІ ЖАМАҒАТ!
    Көптен күткен қасиетті Рамазан айының алғашқы күні күндердің сұлтаны жұмамен қатар келді, құтты болсын бауырлар! Аллаға сансыз шүкірлер болсын, баршамызды осы қасиетті айға жеткізген! Өткен жылы, келесі Рамазан айына жеткізе гөр деген тілегіміз қабыл болып отыр! Алла тағала ұстаған оразаларыңыз бен жұма күнгі дұға, тілектеріңзді қабыл етсін! Алла Тағала жеңілдік берсін баршамызға! 🤲🏻 ❤️
  4. Рамазан құтты болсын
    1 + 0 -
    Хош келдің, Рамазан!
    Халқыма сауап арқалап.
    Отыз күн бізбен біргесің,
    Қуана жүрек жар салад(ы).

    Рамазанның айында,
    Күн ғажайып күйге енер.
    Дұғалар мен тілектер,
    Бар ғаламды тербетер.

    Таң сәріден тұрамыз,
    Аппақ көңіл, ниетпен.
    Дұғамызды қыламыз,
    Лүпілдеген жүрекпен!
    Жібек Искакова
  5. Хош келдің, Рамазан
    0 + 0 -
    Хош келдің, Рамазан,
    Иман гүлін сайратып!
    Хош келдің, Рамазан,
    Бар әлемді жайнатып!

    Хош келдің, Рамазан,
    Жүректе ән ойнатып!
    Хош келдің, Рамазан,
    Дұғамызды сайлатып!

    Хош келдің, Рамазан,
    Бір өзіңді ойлатып!
    Хош келдің, Рамазан,
    Ауызашарды тойлатып!
    Жібек Искакова
  6. Рамазанның айында
    0 + 1 -
    Рамазанның айында,
    Жат қылықтар болмасын!
    Рамазанның айында,
    Көңілге күй орнасын!

    Рамазанның айында,
    Тапсын дұға жалғасын!
    Рамазанның айында,
    Қанатымыз талмасын!

    Рамазанның айында,
    Имандық биік самғасын!
    Рамазанның айында,
    Қиындықтар болмасын!
    Жібек Искакова
  7. Кел, Рамазан төрлеткін
    0 + 0 -
    Кел, Рамазан төрлеткін,
    Шаттық сыйлап халқыңа!
    Кел, Рамазан төрлеткін,
    Бақыт жинап жалпыға!

    Кел, Рамазан төрлеткін,
    Бұл еліме дем беріп!
    Кел, Рамазан төрлеткін,
    Самал желдей тербеліп!

    Кел, Рамазан төрлеткін,
    Күндей болып шашып нұр!
    Кел, Рамазан төрлеткін,
    Тамыр жайып ашып гүл!
    Жібек Искакова
  8. Рамазанға тілек
    0 + 0 -
    Рамазан бұл — Рамазан,
    Көңілге күй беретін!
    Рамазан бұл — Рамазан,
    Иман дәнін себетін!

    Рамазан бұл — Рамазан,
    Тазалыққа бастайтын!
    Рамазан бұл — Рамазан,
    Шынылдықты растайтын!

    Рамазан бұл — Рамазан,
    Жанға қуат беретін!
    Рамазан бұл — Рамазан,
    Сөз маржанын теретін!
    Жібек Искакова
  9. Қасиетті Рамазан мүбарак болсын
    0 + 0 -
    Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпіз.Барлық мақтау мен мадақ Әлемдерді Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.
    Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ-бірлігі берік болғай!
    Баршамызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.
  10. Ораза қабыл болсын
    1 + 0 -
    Баршамызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.
  11. Ораза қабыл болсын
    1 + 0 -
    Ораза қабыл болсын ағайын!

    Осы Рамазан айында АЛЛАХ ТАҒАЛАНЫҢ нұры жаусын әрбірімізге, еліміз тыныш, отбасымыз аман болсын. Әмин
  12. Оразаңыз қабыл болсын
    2 + 0 -
    Ораза айы пендеге сансыз иләһи сыйлықтар әкелетін мүбарак ай. Адамзат шексіз игіліктердің қадірін еске түсіре отырып, мына пәни алдамшы ләззаттардан бет бұрып, мәңгілік ләззаттарға жетуге тырысады. Әрине оразаның ең маңызды ерекшелігі және оның негізгі мақсаты құлшылық ете отырып бойындағы нәпсімен күресу, оны бақылау астына алу.
    Ораза – адам өмірінде күрестен тұратын «сабыр­лылық, еріктік, өзімшілдік тағы басқа» секілді жаман пиғылдардан ұзақ тұру. Сондай-ақ ол мінез-құлқымызды кәмілдікке жеткізеді және осы құлшылықтың арқасында ішіп-жеуден және тағы басқа бітпейтін қиял-армандарға шомылудан гөрі адамның абырой-қасиетін қорғайтын қалқан болады.
    Ораза ұстаған қанағат­шыл болған күйде сабыр­лылық танытып, жақсы мінез-құлыққа тәрбиеленіп, аштықты сезіне отырып қолындағы игіліктердің қадірін еске түсіреді. Мал-дүниесі жоқ кісілердің ахуалы туралы ойланып, оларға деген мейірімділігі оянып, көзқарасы өзгеріп жүрек көздерімен сезінетін күйге жетеді. Әрі Раббысына шүкіршілік білдіреді. Сондай-ақ ораза қоғамдағы келеңсіз кек сақтаушылық пен қызғаншақтықты жоюға күшті ықпалын тигізеді.
    Исламда парыз етілген ғибадаттарды, түрлі рухани ауруларға дәрі деп түсіну керек. Нәпсі бұл дүниенің әшекейлік көріністеріне алданып, ойын-сауықтың соңында жүру сияқты ауруларға апарып соқтырады. Ал мұсылмандардың Мекке дәуірінде мұндай ауруларға шалдығу ықтималы жоқ еді. Олар һижреттен кейін кәпірлердің зұлымдығынан құтылды. Ислам діні кең етек алып, экономикалық жағдай да бірте-бірте түзеле бастады. Сонда рухани ауруларға шалдықпау үшін диета сақтау керек еді. Сондықтан ораза ұстаудың уақыты келген-ді немесе келуге таяған еді. Ақыры һижреттің екінші жылында ораза мұсылмандарға парыз етілді.
    Расында ораза дене ағзалары мен рухани ауруға дәрі ретінде «санау­лы күндер» — деп парыз етілген. Өйткені кісі бір дәріні үнемі ішіп жүретін болса, денесі оған үйреніп кетеді де, дәрінің пайдасы шамалы болады. Сол сияқты рухани тұрғыдан дәрі секілді рөл атқаратын оразаның жағдайы да осындай. Егер ораза ұстауда орта жол ұсталмаса оның заттық һәм рухани өмірге деген пайдасы кәміл дәрежеде болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мен бұдан кейінгі өмірімді үнемі ораза ұстап жүрумен өткіземін!» — деген сахабасына ескерту жасаған.
    Сонымен қатар бір айда ұсталуы күллі мұсылмандардың бір уақытта осы діни міндеттерін атқарулары, Исламның бірлік пен ынтымаққа берген маңыздылығын көрсетеді. Сонымен санаулы күндерден тұратын ораза, пәни санаулы күндерден тұратын өмірімізге сыпайылық береді.
    Қасиетті Рамазан айының барлық маусымдарды айналып шығуы да өзгеше хикметті баяндайды. Бір жылдағы маусымдарда болатын ыстық-суық, салқын және жылы күндермен ұзын-қысқа барлық күндерге қатарымен келетін ораза белгілі бір мерзім ішінде жылды бастан аяғына дейін берекеттендіріп тұрады. Бұл ораза ұстағандарды қиыншылықтарға және жеңілдіктерге төзе білуге үйретеді, оларға әр түрлі рухани ләззаттар береді.
    Рамазан айының ерекшелігі мен артықшылығы және ораза туралы адамзаттың табиғатына қарай берілген жеңілдіктер баяндалған:
    «Рамазан айы адамдарға жол көрсетуші және тураны теріс болғаннан айырудың айқын дәлелдері ретінде Құран түсірілген ай. Ондай болса сендерден Рамазан айына жеткендер сол айда ораза тұтсын. Кімде-кім сол кезде ауру немесе жолау­шы болса басқа күндерде (тұта алмаған күндерінің) қазасын орындасын (мойнындағы борышты өтесін). Алла сендер үшін жеңілдік қалайды, қиындық (ауырлық) қаламайды. Бұлардың барлығы санаулы күндерді тамамдауларың және сендерге тура жолды көрсеткен Алланы ұлық қылып Оған шүкір етулерің үшін». (Бақара сүресі 185-аят)
    Осы аяттың соңғы жағында оразадан пайда болатын жағдай баяндалған. Яғни ораза, құлдың Алланы ұлық етіп Оған кәміл түрде шүкіршілік етуін қамтамасыз ететін иләһи дәнекер мәртебесінде тұр. Сондықтан ораза барлық салих амалдарға күшті ықпал ететін ғибадат деп айтуға болады. Шақиқ Бәлһи айтқандай:
    Аштықта болу – жаңа медицина ғылымында диета деп айтылып жүр және ол денсаулықтың ең басты шарты. Бізге жеткен деректер бойынша нәпсі жаратылғанда түрлі қиындықтарға, азапқа душар болғанымен Алла Тағалаға: «Сен сенсің, мен менмін…» деп надандығын көрсеткен. Бірақ нәпсі қашан аш қалса сонда ғана Алла Тағала алдындағы әлсіздігін мойындайды. Сондықтан ерікті тәрбиелеу мәселесінде аштыққа шыдау сияқты әсерлі жағдай жоқ. Ал ерік табиғи және нәпсілік болған бейімделулерге қарсы шығудың негізгі шарты болып табылады.
    Хақ Тағаланың азиз пайғам­барларын тәрбиелеп оларды уахиге дайындау тәсілінде оразаға орын беріп заттай һәм рухани денсаулыққа аштықтың арқасында жетілетіндіктің ишараты болып табылады. Сондықтан пайғамбарлар, пайғамбарлыққа жетуді оразамен бастаған. Осы бағытта:
    Хазіреті Мұса (а.с.) өзіне Таурат түсердің алдында күні-түнімен қырық күн аш және сусыз қалған.
    Хазіреті Иса (а.с.) Інжіл түсердің алдында күні-түнімен қырық күн аш және сусыз қалған.
    Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) өзіне Құран түспей тұрып Мекке қаласының маңындағы Хира үңгірінде толық бір ай жалғыз қалып күндерін түрлі ғибадаттармен өткізген. Ақыры Жәбірейіл періште арқылы көңіліне уахи келе бастаған.
    Осы шындықтар оразаның негізгі мақсаты мен пайдасының рухани болғанын көрсетеді. Сондықтан ораза бір ғибадат болғандықтан тек сол мақсатпен ғана орындалуы тиіс. Ораза тек қана сырттай болған пайдалары үшін ұсталса, ол ғибадат болудан шығады. Яғни оразаларымыз дие­та сақтап арықтау мақсатында болмау керек. Мұндай оймен ұсталған оразаларымызбен Алла ризашылығына қол жеткізе алмаймыз. Сол сияқты намаз да дене-мүшедегі пайда үшін оқылса немесе ғапылдық күйде қатайған жүрекпен оқылса, мұндай намаздар пайдасын тигізбейді.
    Ғибадаттар тек қана Алла Тағаланың ризалығына жету мақсатымен орындалуы тиіс. Бұған жету үшін көңіл деңгейінің көтеріліп шикіліктен құтылып, кәмілдікке жетуі қажет.
    Рамазан айында Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) үгіттерінде орын тепкен бірнеше жағдайға назар аудару қажет:
    а) Кәлима Шәһәдатты көп айту;
    ә) Истиғфар жасап, зікір ету;
    б) Жәннатқа жете алу үшін көбірек салих амал істеу;
    в) Тозақтан құтылу үшін харам мен мәкрүһ істерден сақ болу;
    г) Мүмкіндігі болса көбірек қайырымдылық істер жасап, көңілі құлазып қайғыда жүрген адамдардың қайыр дұғасын алу;
    ғ) Ораза ұстаған кісілерге ауыз аштыру және тағы басқа.
    Рамазан – мүмин пенделерді кәмілдікке жеткізе алатын иләһи рахмет айы. Ораза болған кезде ауызға бір нәрсе кірмеуіне мұқият болғандай ауыздан шығатын сөзге де байқау керек. Өсек айтудан және біреуді ренжітуден сақ болып оразаның сауабын азайтпау керек.
    Алла Расулі (с.а.у.) былай дейді:
    «Ораза ұстаған кісіге жарас­пайтын істермен зиян көрмесе сол кісіге қалқан болады».
    «Ораза ұстаған кісі оған қайтіп зиян келтіреді?» — деп сұралғанда Ол:
    «Өтірік айтумен және ғайбат сөзбен…» — деп жауап берген. Өйткені өтірік пен ғайбат айтқандар ораза ұстағанымен өтірік, ғайбат сөз айтулары себепті адам етін жеп ауыз ашқандай болып саналады. Яғни, ғайбат жасап және өтірік айтып ұстаған оразаларына зиян келтіргендер, оразаның негізгі пайдасы болған керемет ерекшеліктерден толығымен мақрұм қалады. Сондықтан дүниелік мұраттарымен (мақтан үшін) ғапылдықпен кірленген оразалар мен намаздар туралы Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) былай деген:
    «Талай ораза ұстағандар бар, бірақ оларға оразасынан аш қалудан басқа нәрсе қалмайды. Түндерді намазбен өткізген талай адам бар, бірақ оларға намаздарынан ұйқысыз қалудан басқа нәрсе қалмайды».
    Намаз әсіресе, түнде оқылатын тарауих және тәһәжжүд намаздары көңілдің тыныштығын қамтамасыз етуі керек. Осы мүбарак айда намаздарға ерекше назар аудара отырып, Құран Кәрімді хушумен (мағынасын түсінген сезімде) оқып, зікір айтып рухымызды оятып, сонымен қатар зекет, садақаберумен де ұждан, көңіл тыныш-тығына жетуіміз керек. Құран Кәрім Рамазан айында дүние аспанына түсірілгендіктен осы мүбәрак айда Құранның тәрбиесіне кіріп ғибадаттарды да осы бағытта бағалауымыз қажет.
    Оразаның сауабы Алла алдында ғана белгілі. Құдси хадис­те былай делінген:
    «Адам баласының әр амалы өзіне қарасты. Ал ораза ондай емес! Өйткені ол мен үшін. (Өйткені мен жемеймін, ішпеймін және бүкіл адамдық сипаттардан пәкпін.) Сондықтан оразаның сауабын ерекше түрде көп қылып мен беремін».
    Аятта былай айтылған:
    «… Ораза ұстаған еркектер мен ораза ұстаған әйелдер махрам (харам) жерлерін қорғаған (ойнастық жасамаған) еркектер мен махрам жерлерін қорғаған әйелдер, Алланы көп зікір еткен еркектер мен Алланы көп зікір еткен әйелдер бар ғой! Алла Тағала оларға үлкен сыйлық дайындады». (Ахзаб сүресі 35-аят).
    Расулуллаһ (с.а.у.) осы сыйлық бойынша былай деген:
    «Ораза ұстаған кісі үшін қуанатын екі рахат бар:
    1.Ауыз ашқанда (Хақ Таға­ланың нығметтеріне қауыш­қаны үшін) қуанады
    2.Раббысына қауышқанда да оразасының берекетімен жеткен ұлы дәрежесін көргенде қуанады».
    Ораза мен намаздың қабылдануы үшін көңіл деңгейінің биік болуы, яғни «Хушу» шарт. Намаздар жылдам оқылып жеген тамақты сіңіретін гимнастика емес, ораза да жай аш қалу тәліміндей болмауы керек. Сондықтан намаз үлкен құлшылық, ал ораза құлды мұқият болып ықыласты болуға бағыттайтын ғибадат.
    Ауыз ашар қарын аш болғандықтан көбінесе уақы­тында орындалады, ал сәресі тәтті ұйқыны бұзу болғандықтан немқұрайлылық көрсетілуі мүмкін. Сондықтан бір кесе сумен де болса сәресіде ояу болудың маңыздылығына ерекшелікпен назар аударған жөн.
    Алла Тағала оразаларымыз­ды қабыл етсін!
    Зият ИСАЕВ,
    аудандық мешіттің
    бас имамы
  13. Оразаға құттықтау
    0 + 0 -
    Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Баршамызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы - қасиетті Рамазан - сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы - Рамазан. Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Алла тағала: "Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді" ("Бақара" сүресі, 183-аят),- дейді.
  14. Ораза құтты болсын
    0 + 0 -
    Баршаңызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл - сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Дәл осы айтулы кезеңде егемен еліміз Ислам Ынтымақтастық ұйымының тізгінін қолға алып, қазақтың байтақ даласының шежіре - тарихы Исламмен біте қайнасып жатқандығын дүйім жұртқа паш етуде. Осынау мәртебелі қызметте елімізге Алла тағаладан зор абырой нәсіп етуін тілейік.
  15. Айсулу Заманбек
    0 + 0 -
    P
  16. Айсулу Заманбек
    0 + 1 -
    Сəлематсыздарма ораза айында қазатұтқан күнімді ұстау ұшін ауыз бекіту мен ашу уақытын қалай білуге болады


Келесі мақала, жүктелуде...
Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы