Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Тумақ өлмек – тағдырдың шын қазасы)

Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Тумақ өлмек – тағдырдың шын қазасы)



Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,
Ортасы – өмiр, жоқтық қой екi басы.
Сағымдай екi жоқтық арасында
Тiршiлiк деп аталар бiраз жасы.

Жоқтық, барлық, жоғалмақ – араласы,
Үш ерiксiз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етiп өшпек болса,
Өмiрдiң он тиындық жоқ бағасы.

Патса, батыр, бай, бағлан, ел ағасы,
Өнерпаз, ойшыл, бiлгiш, ғұламасы.
Мақтанып жердiң жүзiн жалмаса да,
Кәрiлiк пен өлiмге жоқ дауасы.

Ендi өмiрдiң қызықты қай арасы,
Өлiмдi ойлап сiңе ме iшкен асы?
Оны ұмытып, өлместей өзеленер,
Әлi тiрi жүргендей түп атасы.

Адамзат – айуанның арам, насы‚
Жанның да, ақылдың да дұспандасы.
Жанды сурет сияқты қуыршақ боп,
Жаралыстың ойнаған тамашасы.

Менменсiнген кердеңнiң керген қасы,
Iшiмдi күйдiредi сол ызасы.
Жер тәңiрсiп, кiсiмсiп желiксе де,
Төбесiнен бiр түсер жайдың тасы.

Өмiрдiң өкiнбейтiн бар айласы,
Ол айла – қиянатсыз ой тазасы.
Мейiрiм, ынсап, әдiлет, адал еңбек,
Таза жүрек‚ тату дос – сол шарасы


Комментарии для сайта Cackle