Өлең: Қадыр Мырза Али (Айна алдындағы ару)

Өлең: Қадыр Мырза Али (Айна алдындағы ару)



Айнадағы ажарына арайлы
Айдай ару ұзақ-ұзақ қарайды.
Асқар таудан ақтарылған өзендей
Ағын шашын алдына алып тарайды.
Жәрдем сұрап жырдың сырлы досынан,
Жасырмаймын,
Сөз таба алмай тосылам,
Сұлу десең сұлу енді,
Табиғат
Бар өнерін салса керек осыған!
Оған тіпті сөз тозаңы жұқпайды,
Оның туын ешбір көңіл жықпайды.
Құмар көздер
Қарашыл ат сияқты
Көрген жерде айналшықтап шықпайды.
Анық! Анық!
Ердің естен танары!
Арманыңның асқарындай анары.
Қарау үшін —
Көңілі емес жігіттің —
Керек саған суретшінің жанары!
Басынан ол өткерсе де бал айды,
Ақылынан адастырар талайды.
Балалық па,
Қысылса да,
Басқаның
Қызғанышпен қарағанын қалайды.
Оңашада
Айдай сұлу арайлы
Ағын шашын алдына алып тарайды.
Өзге түгіл,
Өзіне-өзі
Жұрт толы
Театрдың көзіменен қарайды


Комментарии для сайта Cackle