Тәуелсіз Қазақстан

 Тәуелсіз Қазақстан

Жұмабек Ұлпан
11-сынып, №2 Қазанбасы орта мектебі
Әулиекөл ауданы

«…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді.
Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді.
Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін»
Назарбаев Н.А
Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік! Атамекен! Тарих! Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды...
Қазақстан - қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Бұл жерді мекен еткен көшпелілер мен отырықшылардың бір-бірімен шендескен әлемі ғасырлар қойнауында талай-талай ұлыстар мен ұлағаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, әйгілі күре жолдардың үстінде саудасы қызып, Шығыс пен Батыс арасы тұтастанып жататын болған. Біздің еліміздің жерінен Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолының» керуендері тоғысқан кіндік Азияны басып өтетін Қазақстандық телімі болған.
Қазақстанның табиғаты таңғажайып: мұнда аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарды, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдерді, ақ жал толқындары асау арғымақтардай көкке шапшыған шалқар теңізді, күні от шашқан шөлейтті, арналы өзен, ну орманды көруге болады. Қазақстан картасы – қазына картасы қазір. Даласы дархан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы. Қазынаның барлығы да қазақ жерінің топырағында тұнып жатқанын екінің бірі айтпай - ақ біледі. Дегенмен, жер бедерінде, негізінен, жазық далалы, шөлді және шөлейт аймақтар басым. Олардың арасында Сарыарқа мен Үстірт, Тұран ойпаты мен Батыс Сібір ойпаты, Мойынқұм мен Бетпақдала ұлы өңірлері бар. Таулы аймақтар республиканың оннан бір бөлігін алып жатыр. Оларға Алтай, Жоңғар Алатауы және Тянь-Шань тау жоталары кіреді. Ірі өзендер: Ертіс, Есіл, Жайық, Іле, Сырдария, Тобыл.
Қазақстан Республикасы Еуразия құрлығының түкпірінде орналасқан. Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте Ресеймен, оңтүстікте, оңтүстік-батыста Орта Азия республикалары Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен, оңтүстік-шығыста және шығыста Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы –13034км. Қазақстан аумағының көлемі – 2 млн. 714,9 мың шаршы км. Оған Батыс Еуропаның Франция, Португалия, Испания, Италия, Греция, Норвегия және Финляндия мемлекеттері түгел сыйып кетер еді. Міне, қазақ даласы – кең байтақ! Сондығынан ғой, күмбір – күмбір көне күй мен толғауы тоқсан жырларымызда – «Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы – айшылық, Қаратауы – күншілік,» - деп толғаған. Дала төсінде жаңа өмір шуағын төгеді. Оның бауырындағы буырқанған жасампоз өмір тіршіліктің тоқтаусыз соғып жатқан жүрегіндей. Еңбеккері маңдай терін тамшылата төгіп жатса, сыршыл ақыны
Боз жорға, боз інгенді, боз торғайлы,
Боз дала, ием саған, боз басымды!
-деп жүрек лүпілімен суырылған ақ қанатты жырына қосады. Ғылым адамзатқа қанат бітірді, ғаламат істерге қадам басты, айға қонды, жұмыр жерді аялай айналып ұшты. Ал ғарышқа жол-Байқоңырдан от алғанын мақтан етпейтін кім бар? Ғарышта елдің намысын мәртебелеп мерейін асырған Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев егеменді елдің ғарышкерлері. Сондықтан ғой қай елдің адамы болсын, өз Отаның дүниедегі ең қымбатты, ең қасиеттісі, ең аяулысы-Анасына балайды. Ғаламындағы ғажап тіршілігінің қасиетті мекенін сүймейтін адам болмайды. «Отан-оттан ыстық», «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі»-деп түйген халықтың қаһарманы Бауыржан батыр: «Отаның үшін отқа түс күймейсің»,-дейді. Қазақ елінің есімі аңызға айналып, дастандарға арқау болған батыр ұл-қыздары толып жатыр. Олар-атамекенін, туған елін жан аямай қорғап, ата-бабаларының ерлік дәстүрін сақтау арқылы өздерінің өшпес даңқын шығарғандар. Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қасиет тұту-қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен тараған, ана сүтімен дарыған. Қазақ батыр халық, ержүрек халық, намысшыл халық. Ел басына қиын – қыстау күн туғанда ерлері намыс отын жағып, туған топырағын қасық қаны қалғанша қорғағанына өткен тарих куә, кешегі сұрапыл заман куә.
- ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, құлдығы мен зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту үшін, еңбек пен мәдениетті жарастыру үшін, сұлулық пен парасаттың салтанат құруы үшін, жаппай келісімі жарасқан прогрессивті адамзатпен бір сапта болу үшін жаңаша өмірге қадам басты.
Жиырма үш жыл ішінде қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып , өзін - өзі тану, өзінің бай ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды.
Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.
Бүгінде Қазақстанның негізгі ұлтын қазақ халқы құрайды. Одан кейін славян халықтарының өкілдері орыс және украин халықтары. Сонымен қатар ең елеулі этносты құрайтындар өзбек , немістер және татар халықтары. Осы біздің елдегі халықтар басын біріктіріп, олардың ұлттық тегіне қарамастан, теңдігін бекітетін құжат бар. Ол еліміздің Ата Заңы, Конституциямыз. Отан мәңгі гүлденеді-демекші, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміздің символы –мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрметтеу бәріміздің міндетті парызымыз болып саналады.
2007 жылы 4 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық жастар форумында Президент Н.Ә.Назарбаев сөйлеген сөзінде: «Мемлекттік рәміздер –еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.
Мемлекеттік рәміздер- халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып , қыран бүркіттей еліміздің аспан әлемінде қалықтап тұр» деп атап көрсетті. Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы – Әнұран. Әнұран мемлекеттің салтанатты әні. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған. Әнұранды түрегеліп, жүректің тұсына қолдарын қойып айтады . Бұл өз мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын, мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған. 1986 жылы «Менің Қазақстаным» бостандық аңсаған қазақ жастарының бейресми әнұраны болған еді.
2006 жылғы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес ҚР-ның Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды. Мемлекеттік Әнұранның авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар Жұмекен Нәжмеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Алғашқы рет Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде «Менің Қазақстаным» әні 10 қаңтарда 2006 жылы, Елбасын ұлықтау рәсімінде орындалды. Бұл Әнұранның сөзі республикамыздың барлық халықтарының жүрегіне жақын, жұрттың бәрінің көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән.
Тудың авторы – Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков белгілі монументші-суретші. Біздің туымыз – көгілдір түсті, тік төртбұрышты мата. Егер де Туға тұтас зер салсаң, автордың оны жасағанда үлкен мазмұнды ойластырғаны байқалады. Ол жер жүзінде әлемге нұрын шашқан Күн сәулесі астында қияға қанат қаққан қыран- тыныштық пен баянды өмірдің белгісі, ал ою-өрнек тудың қай елдікі екенін аңғартады. Ол бірлік пен аман- есендікті көрсетеді. Оның қақ ортасындағы сәулесін шашқан алтын Күн – тыныштық пен байлықтың белгісі.
Қазақ халқы сонау ерте заманнан бері қыранды киелі, қасиетті құс деп есептеген. Туда қыранның орын алуы тәуелсіздік алған Қазақстан қыран сияқты биікте болсын, қыран сияқты ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған. Тудың сабын бойлай ұлттық ою-өрнек салынған тік жолақ қазақ елінің өзіндік сипатын, танымдық бейнесін көрсетеді.
2014 жылдың 17 қаңтарында Елбасы Қазақстан халқына «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын арнады. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың нақты бағыт-бағдарларын белгілеп, жүйелеп берді. Бұл стратегия тек мемлекеттің, үкіметтің ғана жұмысы емес, қоғамымыздың әрбір мүшесі бұл іске қатынасуы қажет екенін атап өтті. Ел-жұрттың, әрбір азаматтың әлеуеті мен қабілеті қазақ елін бәсекеге қабілетті, дамыған отыз елдің қатарына енгізу үшін жұмсалуы керек. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жолдауда ата-бабаларымыздың арманы-«Мәңгілік ел» ұлттық идеясын көтерді.
Мәңгілік ел болу, баянды мемлекет болу, Тәуелсіздігімізді мәңгілік ете білу-ежелгі бабаларымыздың асыл арманы еді . Енді сол бабалар армандаған асыл мұрат бүгінгі ұрпақтың басты мақсатына айналмақшы. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі-Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ-Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы-Мәңгілік Ел! Елбасының бұл Жолдауы Қазақстанда тұратын барлық халықтардың алдындағы басты мақсаты мен міндеттері деп білемін. Қорыта келгендегі айтарым, мен елімнің келешегін табиғаты танғажайып, экономикалық аймағы нығайған , төл ұлт өкілдерінің саны молайған, ортақ шаруашылық нарқы құрылған, медицина, білім беру жүйесі асқақтаған мемлекет, АҚШ сияқты күркіреген елдер сапынан көретініме сенімдімін. Еліміз Орта Азия барысына айналу үшін ел жастарын, құрбы-құрдастарымды саналы білім алып, сол білігімізді мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне жұмсауға шақырамын.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді