Антон Чехов | Зар

Кешкі қара көлеңке. Жапалақтаған жабысқақ қар жаңа ғана жанған фонарьларды шыр көбелек айнала баяу ұшып, үй төбелеріне, аттардың сауырына, адамдардың иығына, бөркіне қонып, жұп-жұмсақ ақ кебенекке орап жатыр. Арбакеш Иона Потаповтың үсті-басы аппақ, аруақ сияқты. Тірі адамның денесін қанша зорласаң дәл ондай бүгілмес, шананың алдыңғы тұғырында екі бүктетіліп бүгжиіп кеткен, тырп етер емес. Төбесінен тұтас бір күртік қар құлап кетсе де ол тегі елең етіп, үстінің қарын қағуды қажет етпейтін сияқты... Жегулі атының үсті де аппақ, ол да қыбыр етпейді. Сол қимылсыздығына, денесінің арса-арса болған арықтығына, аяқтарының таяқ сияқты сидаңдығына көз тоқтатып, жақынырақ үңілсең, ол кәдімгі тиын сияқты пірәндік атқа ұқсап кеткендей. Шамасы, өзі бір терең ойға шомып тұрған болуы керек.

Соқадан, күнделікті көңілсіз көріністен ада болып, мына сияқты жарқ-жұрқ еткен неше түрлі оттары, тынымсыз айғай-шуы мен сапырылысқан адамдары бар осынау қарбаласқа келіп тап болған аттың ойланбасына болмаса Иона мен оның атының бір орында тапжылмай тұрғанына көп болды. Олар ауладан түс болмай шыққан, содан бері бірде-бір кәсіп табылған жоқ, міне, енді қалаға түн қараңғылығы түсіп келеді. Фонарьлардың ілкідегі көмескі сәулесі барған сайын жарқырай ашылып, көшедегі қарбаластың да у-шуы күшейе түсті. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Москвадағы труба алаңында

Рождество монастырының қасындағы шағын алаң Труба алаңы немесе жай ғана Труба деп аталады; жексенбі күндері осы алаңда базар болады. Тон, бекеш киген, бастарында тері картуз, цилиндрлері бар жүздеген адамдар осы жерде, сүзекіге салған шаяндай қыбырлап қаптап жүреді. Алуан түрлі құстардың шуылдап сайрағанын естігенде, көктем есіңе түседі. Егер аспан ашық, күншуақ болса, құстардың сайрағаны анығырақ естіліп, тіпті көк шөп иісі айқын сезіле бастайды, сол кезде көктемді аңсаған көңіліңіз шарықтап кетеді. Алаңның бір шетін ала арбалар қатар түзеп тұрады. Әкелген жүктері көп емес, қырыққабат емес, ноқат та емес, шымшықтар, сарышымшықтар, бозторғайлар, сиыр құйрық сары шымшықтар, бөрік торғайлар. Бұл құстардың бәрі де қолдан олақ құрастыра салынған қапастарда секеңдеп, далада бос жүрген бауырларына қызыға қарап шырылдасып қояды.

Шымшықтар бес тиыннан, сарышымшықтар қымбатырақ, ал басқа құстардың бағасын білудің өзі қиын.

— Мына бозторғайыңа не сұрайсың?

Бозторғайына не сұрайтынын сатушының өзі де білмейді. Ол желкесін қасып, құдай аузына не салса, соны айта салады, не бір сом дейді, немесе үш тиын сұрайды, оны саудалаушының түріне қарай айтады. Қымбат құстар да бар. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Унтер Пришибеев


— Унтер офицер Пришибеев! Сіз осы қыркүйектің үші күні урядник Жигин, болыс старшыны Аляпов, сотский Ефримов, куәлар Иванов пен Гаврилов және тағы да алты шаруаға тіл тигізіп, қол жұмсағандығыңыз үшін айыпталып отырсыз, сонымен бірге әуелгі үшеуін қызмет бабымен жүрген кездерінде жәбірлепсіз. Айыбыңызды мойындайсыз ба?

Тікірейген бет бітімі тыжырына қалған унтер Пришибеев, екі қолын санына сыптай ғып алды да, тап бір команда беріп тұрғандай, әрбір сөзін тәптіштей сөйлеп, қарлығып, қырылдаған дауыспен жауап қайырды:

— Асыл текті, бітімші судья мырзам! Олай болса, күллі заң тармағы бойынша әр жағдайды ортақтастыра отырып сыннан өткізу себебі кеп туады. Айыпты мен емес, өзгелер өңкей. Осы істің бәрі әлгі, иманды болғыр, өлі мәйіттің қырсығынан белең алып отыр. Қыркүйектің үші күні әйелім Анфисамен бірге жақсы ниетпен, жай ғана аяңдап келе жатып, қарасам - жағада қырық ру жұрт топырласып тұр екен. Бұл араға жұрттың топырлап жиналуға қандай қақысы бар деп сұрадым. Себеп? Жұрт сонша бір үйір-үйірімен жүрсін деп қай заңда айтылған екен? Тарқаңдар деп ақырдым. Үйді-үйіне тарқасын дедім де, жұртты итермелеп, желкелеп тұрып қуала деп сотскийге бұйрық бердім...

— Мұрсат етіңіз, сіз өзіңіз урядник те, староста да емессіз ғой, — олай болса, жұртты қуалау сіздің жұмысыңыз ба еді? .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Жуан мен жіңішке


Николаевск темір жол вокзалында екі дос кездесе кетті: бірі жуан, бірі жіңішке. Жуан жаңа ғана вокзалдан тамақтанып шыққан еді, сондықтан оның май тиген еріндері піскен шиедей жылтырап тұрған. Одан херес пен флердоранж иісі шығады. Жіңішке жаңа ғана вагоннан шыққандықтан үстіне шамадандар, түйіншектер, қатырма қағаздар арқалап алған еді. Одан ветчина мен кофе тұнбасының иісі шығады. Жіңішкенің сыртынан ашаң жүзді әйелі мен ұзын бойлы, көзі сығырайған гимназист баласы қарап тұр. Жуан жіңішкені көріп:

— Порфирий! Сенбісің? Жарқыным-ау! Көріспегелі қанша заман! — деп дауыстап жіберді.

— Құдай-ау! — деп таңырқады жіңішке. — Миша! Бала жастан бірге өскен досым! Өзің қайдан жүрсің?

Достар үш қайтара сүйісіп алды да, жасқа толы көздерін бірінен-бірі алмай қарап қалды. Екеуі де естері кетіп елжіресті.

Сүйісіп болғаннан кейін жіңішке сөз бастады: .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Анюта

Жалға берілетін "Лиссабон" бөлмелерінің ең бір арзанқол кішкентай нөмірінде үшінші курстың студенті, медик Степан Клочков бұрыштан - бұрышқа әрлі-берлі жүріп, өзінің медицинасын жаттап жүр. Жақ жаппай, тынымсыз жаттаудан әбден тамағы тобарсып кеткен, маңдайынан шып-шып тер шықты.

Шет-шетіне қырау тұрып, неше түрлі өрнек түскен терезе алдында, жайдақ орындықта оның пәтершісі Анюта отыр, жасы жиырма бестер шамасында, сүйегі ұсақ, өзі ап-арық, кескіні қара торы, өңі құп-қу, жәудіреген қоңыр көздері, тіпті, монтаны. Жауырынын бүгжитіп, еркек көйлегінің жағасына қызыл жіппен кесте тігіп отыр. Жұмысы тығыз. Дәліздегі сағат құмыға күңгірлеп түскі екіні соқты, ал бөлме іші әлі жиналған жоқ. Умаждалған көрпе, әр жерде жайрап жатқан жастықтар, кітаптар, әйелдің көйлегі, үлкен легеннің ішінде мөймілдеп көпіршіген жуынды, оның бетінде қалқыған шылым тұқылдары, еденде ыбырсыған қиқым-сиқым - осының бәрі бір жерге үйіліп, әдейі қойыртпақталып, былығып жатқан сияқты...

— Оң жақ өкпе үш сайдан тұрады... — деп жаттайды Клочков. — Шекаралары! Үстіңгі сайы көкіректің алдыңғы бетінде 4-5 қабырғаларға дейін барады, бүйір жақта 4- қабырғаға дейін... артқы жақта Spina Scapulae1-re дейін... .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Хирургия


Земство ауруханасы. Дәрігер үйленбекші болып жолаушылап кеткен. Сондықтан ауруларды жасы қырықтардағы фельдшер Курятин қабылдап жатты. Үстінде көнетоз ақсары, жібек жеңді қамзолы, бұтында сілікпесі шыққан трико шалбары бар-ды. Жүзінде жауапкершілік сезімі мен сүйкімділіктің сипаты бар жуан денелі адам. Аңқыған иісі адамның қолқасын қабатын сигарды сол қолының сұқ саусағы мен қолының арасына қыстырып алыпты.

Қабылдау бөлмесіне кең жеңді, шұбалаң қызыл қоңыр желең киіп, беліне жап-жалпақ былғары белдік буынған, ұзын бойлы, еңгезердей шал Дьякон Бонмигласов кіріп келді. Ақ түскен оң көзі қысыңқы, танауына шыққан сүйелі шыбыннан аумай қалыпты. Дьякон бірер секундтай көз жүгіртіп иконаны іздестіріп еді, бірақ ондай ештеңені көре алмағасын, карбол ерітіндісі құюлы тұрған жуан бөтелкеге қарап шоқынып қойып, қызыл орамалынан тарту - таралғысын алды да, фельдшердің алдына әкеп қойды.

— А-а-а... сәлем бердік! — деді фельдшер есінеп. — Не шаруамен кеп қалдыңыз? .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Өлік


Тамыз айының тынық түні. Жер бетінен баяу ғана көтерілген тұман көз көрер жердегінің бәріне буалдыр пердесін жапқан. Көлкіген тұман ай жарығында, біресе тыныш жатқан шалқар теңіз сияқтанып, біресе зәулім ақ дуал сияқтанып көрінеді. Ауа дымқыл, салқын. Таң әлі алыс. Орман жиегіндегі ауыл арасы жолынан бір қадамдай шетте өлімсіреген от жылтылдайды. Сол жерде, жас емен ағашының түбінде, басынан аяғына дейін жаңа ақ кенеп жабылған өлік жатыр. Төсіне үлкен ағаш икон қойылыпты. Өліктің жанында, жолдың тап жиегіне таяу, шаруалардың мойнына артыла беретін міндеттердің ішіндегі ең бір ауырын атқарып, екі "нәубетші" мұжық отыр. Олардың біреуі - үстіне жыртық шолақ тон, аяғына шабата киген, тебіндеген мұрты бар ұзын бойлы, қою қара қасты жасөспірім жігіт, дымқыл шөптің үстінде екі аяғын көсілтіп салып, уақытты жұмыспен қысқартуға кірісіпті. Мойыны сорая солпиып, мұрыны шуылдап, дардай бір буылтық ағаштан қасық жонып отыр. Екіншісі - бет-аузы мыжырайған, селдіреген мұрты, шошайған теке сақалы бар, арық, бұжыр кішкене ғана мұжық, қолын екі тізесіне қойып, селт етпестен, алдындағы отқа мөлие қарап қалған. Өшуге айналған оттан екеуінің де бетіне қызғылт сәуле түсіп тұр. Төңірек тып-тыныш. Тек пышақ жонған ағаштың сықыры мен су отынның жанып пышылдағаны ғана естіледі.

— Сен, Сема, қалғымасайшы, — дейді жасы.

— Мен... қалғып отырғаным жоқ... — дейді оған теке сақал. :

— Сөйт... Жалғыз қорқамын, тіпті құтым қашады. Тым болмаса әңгіме айтсаңшы, Сема!

— Жоқ... білмеймін... .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Хористка

Бір жолы, бұдан гөрі жастау, көркемірек және даусы да күштірек кезде, оның саяжайында, антресольде, сыйлы танысы Николай Петрович Колпаков отырды. Ауа райы адам төзгісіз ыстық және қапырық болатын. Колпаков жаңа ғана тамақтанып, бүтіндей бір бөтелке нашар портвейнді ішіп, өзін әрі көңілсіз, әрі сырқаттанғандай сезініп отыр еді. Екеуінің де іші пысып, серуендеуге шығуға күннің қайтуын күтісті.

Кенет күтпеген жерден, кіреберіс бөлмеде қоңырау соғылды. Үстінде сүртігі жоқ, аяғына туфли киіп отырған Колпаков атып тұрып "бұ не?" дегендей Пашаға қарады.

— Тегі, пошташы немесе менің дос әйелім болуы керек, — деді әнші әйел

Колпаков Пашаның дос әйелінен де, пошташыдан да именбейтін, бірақ сақтықта қорлық жоқ дегендей, киімдерін құшақтап алып, көрші бөлмеге кетті, ал Паша жүгіріп барып, есік ашты. Оның шексіз қайран қалуына босағада пошташы да, дос әйелі де емес, жас, сұлу, таза киінген, сырт пішініне қарағанда инабаттылардың қатарынан болу керек, бейтаныс бір әйел тұрды.

Бейтаныс әйелдің өңі қашқан, биік басқыш бойымен жүргендей ентігіп, ауыр дем алады.

— Сізге не керек еді? — деп сұрады Паша.

.....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Балақайлар


Балалардың папасы мен мамасы, Надя апайлары үйде жоқ. Олар ана бір жатаған қоңыр ат жегіп жүретін қарт офицердің үйіне бала шоқындыру тойына кеткен. Солардың келуін күтіп, Гриша, Аня, Алеша, Соня және аспазшы әйелдің ұлы Андрей бәрі асханадағы тамақ ішетін үстелде лото ойнап отыр. Дұрысын айтқанда, олардың ұйықтайтын кезі болған, бірақ мамаларынан шоқындырған баланың қандай екенін, қонақасыға не бергенін білмей жатса, ұйқылары келер ме, сірә? Аспалы шамның жарығы түскен үстелдің үсті жыпырлаған көп таңбалы сандар, айнала жаңғақтың қабығы, неше түрлі қағаз қиқымдары, шыны сынықтары жайрап жатыр. Әрбір ойыншының алдында екі-екіден карта және таңбалы сандарды жабатын уыс-уыс шыны жарықшақтары. Үстелдің орта тұсында бір тиындық бес бақыр салынған табақша ағараңдайды. Оның қасында шала желінген алманың қалдығы, қайшы және жаңғақтың қабығын салуға қойған тағы бір табақша тұр. Балалар ақшаға ойнап отыр. Тігіс - бір тиыннан. Ойынның шарты: егер кімде-кім қарау ойнаса, дереу ойыннан шығарылады. Асханада ойыншылардан бөтен адам жоқ. Күтуші әйел Агафья Ивановна төменде - ас үйде, аспазшыға киім пішуді үйретіп отыр да, балалардың ағасы, бесінші кластың оқушысы Вася қонақ үйде диван үстінде зерігіп жатыр. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Святкиде

— Не деп жазайын? - деді де Егор қаламын сияға малды.

Василиса қызын көрмегеніне төрт жыл болған. Ефимья дейтін қызы ерте тұрмыс құрған соң күйеуімен бірге Петербургке кеткен еді, барғаннан кейін екі-ақ рет хат жазды да, сонан соң тап бір су түбіне батқандай із-түзсіз, зым-зия боп жоғалды да кетті. Кемпір сорлы таңертең ерте тұрып сиыр сауып жүрсе де, пешке от жақса да, түнде ұйқылы-ояу жатса да. Ефимьям не болды екен, аман-есен жүр ме екен деп қызын ғана ойлайтын. Хат жазып хабарын білу керек еді, бірақ шалым хат танымайды, басқа жазып бере қоятын адамы да жоқ.

Сөйтіп жүргенде святки келіп қалды да, Василиса шыдай алмай трактир2 иесінің інісі Егорға барды. Ол өзі бір әскери қызметтен қайтып оралғаннан кейін түк бітірмей үйде, трактирде қарап отырған адам еді. Ақысын жақсылап төлесе хатты сол оңды жазады деседі жұрт Василиса ең әуелі трактирдегі аспазшы әйелмен сөйлесті де, сонан соң иесімен, сонан соң Егордың өзімен сөйлесті Сөйтіп он бес тиынға келісті. Міне, енді бұл оқиға мейрамның келесі күні, трактирдегі асхананың ішінде болып отырған оқиға еді. Егор қолына қаламын ұстап, үстел басында отыр. Василиса терең бір ойға шомып, шаруашылықтың қамы деп жабыққан адамдай боп Егордың алдында тұр. Өзімен бірге шалы Петр де ере келіпті. Шалы маңдайының қасқасы күреңітіп тұратын өте жүдеу, ұзын бойлы бір ашаң адам екен; Ол тап бір соқыр адамша қыбыр етпестен мелшиіп алдына тура қарап тұр. Плита үстіндегі кәстрөлде шошқа еті қуырылып жатыр. Ет быж-быж етіп, тіпті, "флю-флю-флю" дегендей боп та қояды. Кухня іші қапас.

— Не жазайын? — деді тағы да Егор.

— Немене бастырмалатып кеткенің! — деді Василиса Егорға ашулы пішінмен күдіктене қарап. Бастырмалатпа! Текке жазып отырған жоқсың ғой .....
Әңгімелер
Толық