Әңгіме: Антон Чехов | Балақайлар

Әңгіме:  Антон Чехов | Балақайлар казакша Әңгіме:  Антон Чехов | Балақайлар на казахском языке


Балалардың папасы мен мамасы, Надя апайлары үйде жоқ. Олар ана бір жатаған қоңыр ат жегіп жүретін қарт офицердің үйіне бала шоқындыру тойына кеткен. Солардың келуін күтіп, Гриша, Аня, Алеша, Соня және аспазшы әйелдің ұлы Андрей бәрі асханадағы тамақ ішетін үстелде лото ойнап отыр. Дұрысын айтқанда, олардың ұйықтайтын кезі болған, бірақ мамаларынан шоқындырған баланың қандай екенін, қонақасыға не бергенін білмей жатса, ұйқылары келер ме, сірә? Аспалы шамның жарығы түскен үстелдің үсті жыпырлаған көп таңбалы сандар, айнала жаңғақтың қабығы, неше түрлі қағаз қиқымдары, шыны сынықтары жайрап жатыр. Әрбір ойыншының алдында екі-екіден карта және таңбалы сандарды жабатын уыс-уыс шыны жарықшақтары. Үстелдің орта тұсында бір тиындық бес бақыр салынған табақша ағараңдайды. Оның қасында шала желінген алманың қалдығы, қайшы және жаңғақтың қабығын салуға қойған тағы бір табақша тұр. Балалар ақшаға ойнап отыр. Тігіс - бір тиыннан. Ойынның шарты: егер кімде-кім қарау ойнаса, дереу ойыннан шығарылады. Асханада ойыншылардан бөтен адам жоқ. Күтуші әйел Агафья Ивановна төменде - ас үйде, аспазшыға киім пішуді үйретіп отыр да, балалардың ағасы, бесінші кластың оқушысы Вася қонақ үйде диван үстінде зерігіп жатыр.

Балалар ойынға қызып алған. Ең үлкен құмарлық Гришаның өңінен көрінеді. Бұл шашын тап-тақыр қылып алған, екі беті топ-томпақ, еріндері зәңгінің ерніндей қап - қалың, тығыршықтай тоғыз жасар бала. Өзі қазір дайындық класында оқиды, сондықтан балалардың ішіндегі үлкені және ақылдысы саналады. Ол тек ақша үшін ғана ойнап отыр. Егер мына табақшаның ішінде бір тиындық бақырлар жатпаса, ол баяғыда-ақ ұйықтап қалар еді. Қоңыр көздері тынымсыз ойнақшып, ойыншылардың картасын тінтеді. Ұта алмай қалам ба деген қорқыныш пен қызғаныш және тақыр басының іші толған пайдакүнемдік есептер оған тыным да таптыратын, ойынға да зер салып ойландыратын емес. Жанталасып, өз-өзінен қопаң-қопаң етеді. Ұтса - ақ болды, жалма-жан ақшаға тарпа бас салады да, дереу қалтасына тығады. Оның үлкен қарындасы иегі сүп-сүйір, жалт-жұлт еткен көзінен ақылдың ұшқыны шашыраған сегіз жасар Аня да біреу - міреу ұтып кете ме деп қорқады. Біресе қызарып, біресе сұрланып, ойыншыларды қалт жібермей қадағалап отыр. Оған тиынның керегі де жоқ. Ойынның сәтті - сәтсіз болуы оның намысына тиетін мәселе. Екінші қарындасы - алты жасар қыз, кішкентай бұйра бас, бетінің ажары - ең дені сау балаларда, ең қымбат қуыршақтарда және әсем сауыттардың сыртындағы суретте ғана болатын ажарлы Соня лотоны тек ойынның қызығы үшін ғана ойнап отыр. Сәби жүзі албырап бал-бұл жанады. Кім ұтса да оған бәрібір, бәріне бірдей сақылдап күліп, алақанын шапалақтайды. Домаланған Алеша пысылдап, мұрнын қайта-кайта тартып, картаға көзін тесірейте қарайды. Оның ойында табыс та жоқ, намыс та жоқ. Ешкім үстел басынан қуып жібермесе, ешкім төсекке апарып жатқызбаса болды - соған да рақмет. Сыртынан қарасаң моп - момақан, ал ішінде үйдей пәле жатыр. Ол отырғанда лотоға бола отырған жоқ, ойын үстінде болмай қоймайтын шатаққа бола отыр. Біреуді - біреу салып қалса, не болмаса біреуді - біреу балағаттаса - оған содан артық рақат жоқ. Бағана - ақ бір жерлерге жүгіріп барып келуі керек еді, бірақ өзі жоқта шынылары мен бақырларын біреу алып қоя ма деп қорыққаннан үстел басынан тырп етпей отыр. Өзі тек бірдің таяқтары мен нөлге бітетін сандарды ғана танитын болғандықтан, ол үшін сандарды Аня жабады. Бесінші ойыншы, аспазшы әйелдің баласы, үстінде шыт көйлегі, кеудесінде кішкентай жез кресі бар, бет-аузы қара - қожалақ, дімкәс бала Андрей бір орнынан қыбыр етпей түрегеп тұрып, сандарға қиялдана қарайды. Өзінің ұтысына да, басқалардың табысына да ол тіпті селқос, себебі оның бар зейіні ойынның арифметикасына, оның онша қиын емес философиясына ауып кеткен: бұл дүниеде қаншама түрлі сандар бар және өздері бір-бірімен қалай шатасып кетпейді екен десеңші!

Соня мен Алешадан басқаларының бәрі санды кезекпен дауыстап айтады. Сандарды әлсін-әлсін қайталай бергендіктен, ойынның тәжірибесі көптеген атаулар мен күлкілі аттарды туғызған. Мысалы, ойыншылар жетіні көсеу деп, он бірді — қос таяқ, жетпіс жетіні — Жетпістің Жетібайы, тоқсанды — бабай деп атайды, т. т. Ойын қызып жатыр.

— Отыз екі! — деп дауыстайды Гриша, әкесінің бөркінен кішкентай сары домалақтарды бір-бірлеп шығарып жатып. — Он жеті! Көсеу! Жиырма сегіз - ешкің семіз!

Аня Андрейдің жиырма сегізді аңғармай қалғанын көріп отыр. Жайшылықта болса ол дереу айтып жіберер еді, ал қазір табақша түбінде жалғыз тиын бақырмен бірге оның өз бағы байланысты болып отырғанда, ол айтпақ түгіл, қайта ішінен шоқ-шоқ деп масаттанып отыр.

— Жиырма үш! — дейді Гриша әлі де шіңгірлеп. — Жетпістің Жетібайы! Тоғыз!

— Тарақан, тарақан! — деп айқайлап жіберді Соня, үстелдің үстінде жорғалап бара жатқан тарақанды көрді.

— Тиме оған, — дейді Алеша гүрілдеп. — Мүмкін, жұмыртқалары бар шығар...

Соня жорғалап бара жатқан тарақанға көзімен ілесе қарап отырып, ойға қалды: япыр-ай, мұның жұмыртқалары қандай титімдей болады екен!

— Қырық үш! Біреу! — деп Гриша әлі айғайлап отыр, Аняның катернасы екеу болып қалды-ау деп ішінен қыпылдай бастады. — Алтау!

— Партия! Менде партия! — деп айғайлады Соня, көзін ойнақшыта қылымсып, өзі сақылдай күліп.

Ойыншылардың беттері сопайып, көздері бажырайып кетті.

— Тексеру керек! — дейді Гриша, Соняға ызалы көзбен бажырая қарап.

Балалардың ішіндегі ең үлкені және ең ақылдысы өзіммін деп есептейтін Гриша билігін жүргізіп отыр. Ол не айтса, өзгелер соны істейді. Сондықтан бәрі жабылып, Соняны егжей-тегжейлеп тексерісті, бірақ ойыншыларға қас қылғандай, ол қараулық жасамаған екен. Келесі партия басталды.

— Ой, кеше мен бір қызық көрдім! — дейді Аня, өзінен-өзі отырып.

— Филипп Филиппин көзін айналдырып еді, екі көзі бір түрлі қып-қызыл боп, шайтанның көзіндей адамның зәресін алады екен.

— Мен де көрдім, — дейді Гриша, — Сегіз! Ал біздің бір оқушы құлағын қимылдата алады. Жиырма жеті!

Андрей Гришаға қарап, ойланып қалды:

— Мен де қимылдата аламын құлағымды.

— Ал, кәне, қимылдатшы!

Андрей көзін жыпылықтатады, ернін жыбырлатады, саусақтарын ербеңдетеді, сонда оған өзінің құлақтары да қозғалып тұрғандай көрінеді. Бәрі ду күледі.

— Сол Филипп Филиппыч өзі бір нашар адам, — деп күрсінді Соня. — Кеше ол біз жататын балалар бөлмесіне кіріп келді, мен желең көйлекпен отырғам... Тіпті, ыңғайсызданып қалдым!

— Партия! — деп Гриша кенет айғайлап жіберді де, табақшадағы ақшаға жармасты — Менде партия! Тексеріңдер, керек десеңдер!

Аспазшы әйелдің баласы көзін мөлитіп сұп-сұр болып кетіпті.

— Ендеше, мен ойыннан шықтым, — деп күбірлейді ол

— Неге?

— Себебі... себебі менде енді ақша жоқ.

— Ақшасыз ойнауға болмайды! — дейді Гриша.

Андрей бірдеңе табылар ма екен дегендей қалтасын тағы бір рет ақтарып шықты. Нанның қоқымы мен кемірілген кішкентай қарындаштың тұқылынан бөтен ештеңе таба алмай, аузын қисайта, қатты қиналып, көзін жыпылықтата бастады. Қара да тұр, қазір жылап жібереді...

— Мен сен үшін тігейін, — дейді Соня, оның қиналған кескініне шыдай алмай, — Бірақ байқа, артынан қайтарып берерсің.

Ақша тігіліп, ойын әрі қарай созыла береді.

— Біреу қоңырау қағады білем, - деді Аня көзін бажырайтып.

Балалар ойынды тоқтатып, ауыздарын аңырайтып, қап - қараңғы терезеге қарайды. Қараңғы түнектің ар жағында қалт-қалт еткен шамның сәулесі көрінеді.

— Құлағың елегізген ғой.

— Түнде тек молада ғана қоңырау қағылады... - дейді Андрей.

— Ал онда неге өйтеді?

— Шіркеуге қарақшылар түспесін деп, қоңырау даусынан олар қорқады ғой.

— Қарақшылар шіркеуге неге түседі екен? — деп сұрайды Соня.

— Неге екені белгілі емес пе: күзетшілерді өлтіреді де! Балалар бір сәт тым-тырыс отырды. Бір-біріне қарасып, дір-дір етіп отырды да, қайтадан ойынға кірісті. Бұл жолы Андрей ұтты.

─ Ол қараулық жасады, — деп Алеша бас қоқ - аяқ жоқ гүж ете қалды.

─ Өтірік айтасың, мен қараулық жасағам жоқ! Андрей өңі сұп-сұр болып, аузын қисайтып отырды да,

Алешаны бастан салып кеп қалды! Алеша көзін ақшита ызаланып, орнынан атып түрегелді де, үстелдің үстіне бір тізерлеп тұрып алып, Андрейді жақтан тартып жіберді! Екеуі бірін-бірі тағы бір-бірден төмпештеп алды да, сонсоң екеуі де еңіреп қоя берді. Мұндай сұмдыққа төзе алмайтын Соня қоса жылады, сөйтіп асхананың іші азан-қазан болды. Бірақ сонымен ойын бітті деп ойлап қалмаңыздар. Арада бес минут өтпей жатып-ақ, балалар қайтадан сықылықтап күлісіп, шүйіркелесіп кетті. Беттері салтақ-салтақ болып жылағандары білініп тұр, бірақ одан күлкіге келетін кедергі жоқ сияқты. Алеша тіпті риза: шатақ шықты ғой!

Асханаға бесінші сыныптың оқушысы Вася кіреді. Ұйқыдан бет-аузы ісініп кеткен, өзі меңзең.

"Мынау масқара ғой! - деп ойлады ол, Гришаның қалтасын сипап, ішіндегі бақырларын сылдыратып отырғанын көріп, — балаларға ақша тігуге бола ма екен. Тіпті, бұларға құмар ойын ойнатуға бола ма екен? Тамаша - ақ педагогика, тіпті айтары жоқ. Масқара!".

Бірақ балалардың рақаттанып ойынға берілгендері сондай, тіпті мұның өзінің де соларға қосыла кетіп, өз бағын сынап көргісі келді.

— Тоқтаңдар, мен де ойнаймын, — дейді ол

— Бір тиын тік!

— Қазір, — деп ол қалтасын ақтара бастады. — Менде бір тиындық жоқ екен, мінеки бір сомым бар. Мен бір сом тігемін.

— Жоқ, жоқ, жоқ.... бір тиын тік!

— Ақымақсыңдар сендер. Бір сомдық бір тиыннан қымбат емес пе, — деп түсіндіріп жатыр гимназист. — Кім ұтса сол маған артығын қайырып береді.

— Жоқ, ол болмайды! Сен кет!

Бесінші кластың оқушысы иығын қиқаң еткізді де, қызметші әйелден ұсақ ақша алмақ боп, ас үйге кетті. Ас үйде бір тиындық бақыр жоқ болып шықты.

— Олай болса сен маған майдалап бер, — деп ол ас үйден қайтып келгеннен кейін Гришаға жабысты. — Майдалағаның үшін, мен саған ақысын төлейін. Немене, майдалағың келмей ме? Ендеше, бір сомға он тиын сат.

Гриша Васяға көзінің астымен күдіктене қарайды, бір қулық жасап тұрған жоқ па, алдап кетпей ме деп сене алмай отыр.

— Керегі жоқ, — дейді ол, қалтасын басып тұрып.

Вася ызалана бастады, ойыншыларды меңіреусіңдер, мәлтекбассыңдар деп жерден алып, жерге салды.

— Вася, сен үшін мен-ақ тігейін, — дейді Соня. — Отыр!

Гимназист ойынға отырып, алдына екі карта қойды. Аня дауыстап айта бастады.

— Бір тиынымды түсіріп алдым! — деді бір кезде Гриша дегбірсізденіп — Тоқтаңдар!

Шамды төмен түсіріп, жапырласып бір тиын бақырды іздеп, бәрі үстелдің астына кірді. Қолдарымен еденді сипалап, қарайып жатқан түкірікті, жаңғақтың қабықтарын ұстап қалып, бастарымен түйісіп қалып, бір тиындық бақырды таба алмай, айнала шарлап шықты. Сәлден кейін қайтадан іздей бастады, бір кезде Вася Гришаның қолындағы шамды жұлып алып, орнына қайтадан іліп қойды, сонсоң өзге балалар да іздеуді тоқтатты. Гриша ғана қараңғыда әлі іздеп жатыр.

Міне, ақырында, бір тиындық бақыр табылды. Ойыншылар үстелге отырып, ойынды қайтадан жалғастырмақ болды.

— Соня ұйықтап қалады! — дейді Алеша. Соня бұйра басын қолының үстіне салып, тып-тыныш, алаңсыз, тәтті ұйқыға шомыпты, қазір ғана емес, бұдан кемінде бір сағат бұрын ұйықтаған тәрізді. Басқа балалар бір тиынды іздеп жүргенде, ол абайсыз ұйықтап кетсе керек.

— Жүр, мамамның төсегіне жат! — дейді Аня, оны асханадан жетелеп әкетіп бара жатып, — Жүре ғой!

Соняны бәрі жапырлап, түгел ертіп кетті, сөйтіп айналасы бес минут өткенде, мамаларының төсегі қызық бір көрініске айналып еді. Алдымен ұйықтаған Соня, қасында қорылдап Алеша жатыр. Олардың аяқтарына басын салып Гриша мен Аня жайғасқан. Солармен бірге араларына аспазшы әйелдің ұлы Андрей де қыстырылыпты. Қастарында шашылып қара бақырлар жатыр, келесі ойынға дейін енді олардың ешкімге де керегі жоқ. Жайлы жатып, жақсы тұрыңдар!

Аударған Ж. Ысмағұлов




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Әңгімелер жинағы, әңгіме Антон Чехов Балақайлар туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Антон Чехов Балақайлар на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Антон Чехов Балақайлар туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Антон Чехов Балақайлар на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересные рассказы на, Әңгіме: Антон Чехов | Балақайлар ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер