Аспан денелері жайлы жұмбақ
Бір үйде қос сұлу қыз ағайынды,
Екеуі қызықтырған талайыңды.
Жүдемес төрт маусымда мұңаймаса,
Тұрады нұрға малып маңдайыңды.
/Ай, күн/.
Су ішінде екі жайын,
Бірі кетсе, бірі дайын.
/Ай, күн/.
Айтайын мен жұмбақ сексен сегіз,
Шешуі қиын емес ескерсеңіз.
Болады бірі өткір, бірі өтпес,
Ақылы мұны тапқан ұшан-теңіз.
/Ай,күн/.
Тең,тең, тең киіз,
Екі ортасы кең киіз.
Арасында киіздің
Сайрандаған қос мүйіз.
/ Ай, күн/.
Біреудің бір ұлы бар және қызы,
Біледі ол екеуін дүние жүзі.
Ұйықтайды ұлы түнде, қызы күндіз,
Жүргенде білінбейді басқан ізі.
/Күн мен ай/.
Алтын кетті,
Күміс келді.
/Күн мен ай/.
Дарияда жайын жүзер дөп-дөңгелек,
Қанаты асты қара бір көбелек.
Жанады бір шаһардан сансыз шырақ,
Адамға қиын екен санап білмек.
/Ай,күн,күндіз,түн,жұлдыздар/.
Бір анасы, бір атасы,
Бірнеше мың баласы.
/Ай,күн, жұлдыздар/.
Көрінді ту алыстан көкше теңіз,
Тырнадан он бірі арық, бірі семіз,
Бөлініп бір топ үйрек кетті-ау ұшып,
Ол үйрек әлде жеті, әлде сегіз.
/Аспан,он екі ай, бір ай ораза,үркердің бірде жеті,бірде сегіз болып көрінуі/.
Ай далада ақ шатыр,
Ақ шатырдың ішінде
Қызыл көзді шал жатыр.
/Аспан, күн/.
Жалғанда бір нәрсе бар аяқ қапты,
Ұшады кешке дейін дамыл таппай.
/Күн/.
Табан, табан, табан ақ,
Табаны жалпақ қоян ақ.
Күлген көзі күмістен,
Келе жатыр қоян ақ.
/Күн/.
Ар жағында орманның,
Ар жағында таулардың,
Алтын кеспек домалар.
/Күн/.
Дүниеде бір алыпты көрдім күшті,
Бар салмақ дүниедегі соған түсті,
Құнарлы қуатынан тояттанып,
Әр түрлі жер бетінде жеміс пісті.
/Күн/.
Қызыл күлше тау асады,
Ыстық нұрын шашады.
/Күн/.
Аспанда бір айна бар,
Әлемді көріп айналар.
/Күн/.
Ұзын-ұзын сырғанақ ,
Ұшығына кім жетер?
Асыл бесік күйкентай,
Жұмыртқасын кім табар?
/Күннің батуы, шығуы/.
Ақ сандығым ашылды,
Ішінен дүрлер шашылды.
/Күннің көзі/.
Ақ сандығым ашылды,
Қызарып жалын шашылды.
/Күн/.
Жалғанда бір нәрсе бар аяқ қапты,
Ұшады кешке дейін дамыл таппай.
/Күннің көзі/.
Керегенің басында кепкен жаулық,
Кет десем де кетпейді, неткен жаулық?
/Күннің кереге басына түскен сәулесі/.
Бір анасы,
Бір атасы,
Бірнеше мың баласы.
/Ай,күн,жұлдыздар/.
Көк жүзіне қарасаң, төбеңде тұрады,
Көл бетіне қарасаң, төменде тұрады.
/Күн, ай, жұлдыздар/.
Ғажайып сылақтаған бір арғымақ,
Бірі алтын, бірі күміс екі құлақ,
Болғанда жеті әйелмен аямай-ақ.
/Күн, ай,отыз күн, апта/.
Қарындасы қонаға
Ағасын іздеп келгенде,
Ағасы қашып кетеді,
Үйден шығып бір жерге.
/Ай мен күн/.
Ақырған айдаһардай арыстаным,
Айтысып тағы жұмбақ қалыспағын.
Екі өркеш, жеті башпай жұмбағым бар,
Осыны ойламай тап, данышпаным.
/Ай,күн, апта/.
Қонақтап күнде қонар су бетіне,
Сүйсінер барлық адам келбетіне.
Тұлғасы су ішінде көрінеді,
Таңырқап қарап тұрсам суретіне.
/Ай/.
Төсек астында жарты нан.
/Ай/.
Жабық астында жарты күлше.
/Ай/.
Үй астында ақ тоқым.
/Ай/.
Көлде жүрген ақ үйрек,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
/Ай/.
Көп моншақ ішінде бір түйір қалам.
/Ай/.
Керегенің басында кепкен бауыр,
Кесіп алса таусылмас неткен бауыр?!
/Ай/.
Айдаһар күндіз жатып, түнде шығар,
Қаһарлы қалыбына әркім құмар,
Болыпты туғаннан-ақ күнмен талас,
Күнді көрсе айдаһардың жүзі солар.
/Ай/.
Күндіз әйнегі сынады,
Түнде орнында тұрады.
/Ай/.
Кішкентай нан барша ғаламға жетеді.
/Ай/.
Жабықта жарты нан.
/Ай/.
Қонақтап күнде келер су бетіне,
Пар келмес гауһар заты келбетіне.
Сәулесі су жүзінде дірілдейді,
Тамаша қарап тұрсаң суретіне.
/Ай/.
Күндіз күннен таярмын,
Түнде әлемге аянмын.
/Ай/.
Кейде орта, кейде толы бір тегене,
Көрінер кейде күндіз, кейде түнде,
Бетіне ақ шағыдан перде тартқан,
Балалар, ойлап қара, бұл немене?
/Ай/.
Он төрт - он бес жасында
Адамның басындай.
Бір және отыз жасында
Адамның қасындай.
/Ай/.
Тап-тап, табан ақ,
Табаны жалпақ қоян-ақ,
Тайшыағардан су ішіп,
Туып тұрған дуадақ.
/Ай/.
Көп бауырсақ ішінде бір қалаш.
/Ай/.
Тақырда тайдың ізі,
Айналасы қойдың ізі.
/Ай мен жұлдыз/.
Әуелі айтатыным асыл шөлмек,
Бір толып, бір азайып қайта келмек.
Сарайда жанып тұрған сансыз шырақ,
Адамға оңай емес санап білмек.
/Ай мен жұлдыз/.
Тақырда Аймағамбет өліп жатыр,
Қасында есек жемі толып жатыр.
/Ай мен жұлдыз/.
Үй үстінде ұсақ тас.
/Жұлдыз/.
Көп моншақ үй үстіне қойдым шашып,
Қарасам толып жатыр көзін ашып.
Үйіме сәулеленіп түссе жарық,
Кетеді әлгі моншақ бәрі қашып.
/Жұлдыз/.
Біреуде отряд көп сан жетпейді,
Күндіз олар ешкімге көрінбейді.
Мізбақпай ұзақ түнде күзетте боп,
Тұруға бір орында ерінбейді.
/Жұлдыз/.
Етегім толы сөк,
Ерте тұрсам жоқ.
/Жұлдыз/.
Тақиям толған сөк,
Ерте тұрсам дым да жоқ.
/Жұлдыз/.
Шым-шытыр,
Шиедей қотыр.
/Жұлдыз/.
Біз, біз, біз едік,
Отыз арба қыз едік,
Бір тақтайға жиналдық,
Таң атқанда жоқ болдық.
/Жұлдыз/.
Таң атқанша тары шаштым.
/Жұлдыз/.
Бірталай тары шаштым там басына,
Әуре болып толтыра алмай қамбасына,
Қиыстырып өлеңмен жұмбақ қылдым,
Ойлағандар мәнісін аңдасында.
/Жұлдыз/.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?